Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Авторлар
Ә
Әбділда Тәжібаев

Әбділда Тәжібаев

Әбділда Тәжібаев - (04.02.1909, Қызылорда қаласы – 23.09.1998, Алматы) Ақмешітте (қазіргі Қызылорда қаласында) дүниеге келген.

 

Қызылорда қаласындағы жетім балалар интернатында тәрбиеленген. Одан кейін Шымкенттегі жеті жылдық мектепте оқыған.

 

С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институты жанындағы жоғары әдеби курсты бітірген.

 

Еңбек жолын 1926-1928 жылдар аралығында «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде пошта тасушы, содан кейін корректор болып бастаған. 1927 жылы «Жұмысшының гудогі» атты тұңғыш өлеңі «Жұмысшы» газетінде басылады. Әрі қарай өлеңдері «Жұмысшы» және «Еңбекші қазақ» газеттерінде шығып тұрған. 1932-1934 жылдары Қарсақбайдағы «Қызыл кенші», «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газеттерінде редактордың орынбасары қызметтерін атқарған. Жиырма бес жастағы Ә.Тәжібаев 1934 жылы Қазақстан Жазушылар Одағының хатшылығына, ал 1939 жылы оның төрағалығына сайланған.

 

30-жылдары ақынның «Жаңа ырғақ», «Лирикалар» деп аталған тұңғыш жинақтары жарық көреді. Белгілі «Оркестр», «Абыл», «Толағай» сынды романтикалық поэмалары мен М.Әуезовпен бірігіп жазған «Ақ қайың» деп аталатын тұңғыш пьесасы да сол жылдардың жемісі. Қазақ әдебиетінің сол кездегі маңдай алды таланттарының біріне айналған Әбділданы дарын сырын танығыш көреген М.Әуезов: «Қазақ поэзиясына әсерлі, сапалы көркем бір ағым кіргізіп келе жатқан ақын» деп бағалаған.

 

Ә.Тәжібаев халықтық аңыздар мен сюжеттер негізінде жазылған «Мерген», «Кілемшілер туралы ертегі», «Аққу» «Күй атасы»,  тағы басқа біршама поэмаларды дүниеге әкелген. 1945-1948 жылдары Қазақ ҚСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының Жамбылтану бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. 1948-1958 жылдары шығармашылықпен айналысып, 1958-1960 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, 1960-1962 жылдары Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының екінші хатшысы, 1962-1984 жылдары М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты театртану бөлімінің аға ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1963 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты және Қазақ ҚСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының мүшесі болып сайланған.

 

1964 жылы ақынның «Жүректілер» атты пьесалар жинағы жарыққа шыққан. Бұл еңбекте «Майра», «Жалғыз ағаш орман емес», «Көңілдестер», «Қыз бен солдат», «Монологтар» сияқты драмалық туындылары, «Той боларда», «Дубай Шубаевич» тәрізді комедиялары жинақталған.

 

Оның «Өмір мен поэзия» «қазақ драматургиясының дамуы мен қалыптасуы» атты монографиялық зерттеулері, көптеген сын мақалалары жарияланған. Ол «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты зерттеу еңбекті құрастыруға қатысып, соңғы басылымының редакциясын басқарған.

 

«Жылдар, ойлар» атты еңбегінде Жамбыл, Нұрпейіс, Иса ақындар мен М.Әуезов, С.Мұқанов, А.Жұбанов, тағы басқа әдебиет және өнер қайраткерлері жайлы естеліктерін жариялады. «Жаданның хаттары», «Хаттар сөйлегенде», «Өмір мен ерлік» атты сын, эссе, прозалық кітаптарында әдебиет пен өнерге қатысты толымды пікірлер айтқан.

 

Ә.Тәжібаев жазушылығына қоса біраз жылдар М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми-зерттеу жұмыстарымен шұғылданып, өмірінің соңғы жылдарын бірыңғай шығармашылыққа арнаған.

 

Ә.Тәжібаевтің сценарийі бойынша (Н.Погодинмен бірге) «Жамбыл» кинофильмі түсірілген.

 

А.Пушкин, Т.Шевченко, А.Островский, Г.Гейне, тағы басқа қаламгерлердің бірқатар шығармаларын қазақ тіліне тәржімалаған. Ә.Тәжібаевтің көптеген шығармалары шетел тілдеріне аударылған.

 

«Октябрь Революциясы», 2 мәрте Еңбек Қызыл Ту, Ленин, «Құрмет Белгісі» ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған.

 

Қызылорда қаласында көрнекті жазушылар Ә.Тәжібаев, З.Шүкіров, Қ.Мұхамеджановтарға ескерткіш орнатылған. Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы халық жазушысы, көрнекті ақын Әбділдә Тәжібаев есімімен аталады.

Көп оқылғандар