Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Авторлар
К
Кәрім Жұмағалиев

Кәрім Жұмағалиев

 

 

Кәрім  Жұмағалиев 1930 жылы мамыр айының 15-жұлдызында бұрынғы Семей облысы, қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданына қарасты «Белтерек» колхозында дүниеге келді. Аталған колхоздың бастауыш мектебіне 1938 жылы оқуға барды. 1949-жылы Жарма ауданының орталығы  Георгиевка селосында орналасқан Абай атындағы 10 жылдық мектеп интернатын бітірді. Сол жылы Алматы мемлекеттік заң институтына оқуға түсіп, оны 1953 жылы тәмамдады. 1953-1963 жылдар аралығында Семей облыстық прокуратурасында тергеуші болып қызмет істеді. Семей қаласының судьясы болып сайланып, қызымет жолын жалғастырды.


Қазақ ССР Ішкі Істер Министрінің жолдамасымен Қызылорда облысында 1963-1990-жылдар аралығында Қызылорда қалалық тергеу бөлімінің бастығы, облыстық қылмысты іздестіру бөлім бастығы, облыстық ОБХСС бөлім бастығының орынбасары, Шиелі аудандық милиция бөлімінің бастығы, Қызылорда облыстық мемлекеттік автоинспекциясының бастығы, облыстық 5-бөлім бастығы, 5-ші арнайы комендатураның бастығы қызметтерінде жұмыс істеп полковник шенінде 1990-жылы зейнетке шықты.


Зейнетте жүрген кезінде 1991-1994-жылдары жеке кәсіпкер болып омарта  шаруашылығымен айналысып Қызылорда облыстық Ерікті Омарташылар қоғамына бастық болып сайланды. Облыс басшыларының тапсырмасымен Қызылорда-Арал қалаларында қысқа мерзімді омарташылар оқу орнын ашып, колхоз-совхоздардан келісім шарт бойынша келген 39 қазақ жігіттеріне қазақ тілінде дәріс беріп, омарта туралы сауаттарын ашып, омарта ұстауға үйретті.


Зейнетте жүрсе де адвокаттық жұмыс істеуге сынақ тапсырып, адвокаттық лицензия алып 1994-2012-жылдар аралығында Қызылорда облыстық және Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты болып жеке кәсіпкерлік жұмыспен айналысып 83-ке қараған жасында демалысқа шықты. Қазір үй іргесіндегі жерге жеміс жидек, көкөніс дақылдарын өсіріп бағбандық жұмыспен айналысуда.


Сұрапыл Отан соғысы басталысымен балалық шақты жинап қойып, 11 жасынан бастап колхоздың жұмысына жегілді. 1948 жылы колхозда жасаған жұмысын бағалап, «Отан соғысы (1941-1945) кезінде еткен ерен еңбегі үшін» деген медалмен марапаттады. Сол медаль арқылы Отан соғысына қатынасушылардың қатарына еніп,  арнайы Үкіметтің қаулысында көрсетілген жеңілдіктер тағайындалды. Одан басқа Кеңес Үкіметінің 12 медалімен, министрліктің, облыс әкімшіліктерінің бірнеше Құрмет грамотасымен наградталды.


Жастайынан әдебиетке, мәдениетке, өнерге құштар болды, Қызмет істей жүріп әңгіме, өлең жазу, ән шығарумен айналысуды жалғастырды. Олардың біразы орталық газет журнал беттерінде жарық көріп жүрді. 2005 жылы «Өнерім-өмірім» деген естелік кітабы, 2008 жылы адвокаттың қойын дәптерінен алынған, шытырман оқиғалы (детектив жанырында жазылған) «Жолаушы» атты көркем повесі де кітап болып баспадан шығып, оқырмандарының қолына тиді. Өткен 2015 жылы (85 жасында) «Омарта Әліппесі» деген кітап жазып, баспадан 150 данасын шыққан.


Отбасында төрт бала бар. Екі қыз, екі ұл. Барлығы да жоғарғы білімді, үйлі-баранды. Жұбайы 2011 жылы дүниеден озған.

 

Кәрім Жұмағалиев

Алматы облысы, Қарасай ауданы, «Еңбекші» аулы. Байланыс индексі 040913.

 

Көп оқылғандар