Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Кітаптар
АЛТАЙ БАЛЛАДАСЫ
Рейтинг: 5.000
ISBN:
Беттер саны:
88 бет
Жанр:
Миф  Роман 
АЛТАЙ БАЛЛАДАСЫ
Ұсыну

Асқар Алтайдың «Алтай балладасы» (Алтайдың алқызыл модағайы) романы сыншылар тарапынан жақсы бағаға ие болды. Роман туралы ақын Сәкен Иманасов кезінде былай деген еді: «Бұл бір шынында табиғаты бөлектеу біткен, танымдық тереңдігі көркемдігінен кем түспейтін кесек шығарма екен. «Алтайдың алқызыл модағайының» авторы алдымен не жазатынын жақсы зерттеп біліп алған. Аңызбен астасқан шығармадағы аңшы мен аю, тіршілік пен тұрмыс шынайылығы, жазушы шеберлігі кім-кімді де селт еткізеді. Асқардың аюы аюша ойлайды, аюша әрекет етеді», түйесі – түйе, жылқысы – жылқы, сөйте тұра солардың әрекетіне имандай ұйып сенесің, иланасың. Нанымсыз, жалаң сөйлеу деген атымен жоқ. Романның өзі баяндау бағытында жазылғанымен, оқырманды жалықтырмай тартады да отырады.
Бүгінгі қолданыстан шығып қалған «модағай, қаптағай, дең, шеріп» сияқ­ты тағы басқа көне ұғым атауларын осы кітап арқылы білгенімді намыс көрмеймін».
Ал Жанғара Дәдебаев романның танымдық тереңдігінен көркемдік кеңістігін жоғары қояды.
Асқар Алтай романының көр­кемдігі мен танымдығы қандай екенін шығарманы идеялық-көркемдік жа­ғынан талдау барысында көз жеткізетін боламыз. Романда аңшы Ұлар, Бұлабике, Айқоңыр аю бейнелері бас­тан-аяқ бір-бірімен өріліп отырады. Шығарма басында Ұлар Бұлабикені Айқоңырдан тірідей құтқарса, шығарма соңында қыздың өлі денесін аюдың қорлауынан арашалайды. Ұларды ұнатып, ұзатылайын деп отырған жерінен оң жақта бала тапқаны үшін Бұлабике у беріліп өлтіріледі. Қыздың денесін аюдан құтқарам деп Ұлар мерт болады. Ұлардың қолынан Айқоңыр да тірі қалмайды. Шығарма соңы осылай үшеуінің өлімімен аяқталады. Бұдан басқа шығармадағы Алтай тауының құнарлы өлкесі, ағашы, суы, басқа да тіршілік заңына қанық боламыз.
Ұлар өр Алтайда өзі би, өзі қожа болып еркін жүрген адам. Үстіндегі киі­мінің бәрі сол Алтайдың аңдарының терісінен.
Мысалы: «Аю терілі жамылғысы ту сыртында түңіліктей жалпылдап, бөрі майымен майланған бұғы тері табанды шаңғысы шарықтай зырлап, Ұлар еңіске қарай құмайша құлдилады», «Қасқыр байпақтан су өтпесе де, қар ызғары білінді», «Аюжақы көкірегіндегі қайыс ілгекті ағытты».
Ұлар – саяқ тіршілік иесі. Өйткені ес білгелі көргені Алтай табиғаты. Табиғат бесігінде тербеліп өскендей. Сондықтан да «Жалғыздыққа жасынан үйренбеген адам болса, баяғыда-ақ мынау мұздай қатып-семіп жатқан иен дүниеден айран-асыр болып, ақылынан адасып өлер еді. Шыр етіп жерге түсіп, кіндігі кесілгенде дүниеге жалғыз келгенін сезінгендей, бұл жалғыздықтан қорыққан емес. Жалғыздық жанына жаққан. Жалғыз-жарым тірліктің құлы бұл. Ұлар жолы – жалғыз ғұмыр кешу. Бар мұраты – мұңлы болса да ерікті өмір».

 

«Ана тілі» газетінде жарық көрген «Алтай балладасы» атты мақаладан үзінді


 

 

Раушан МУТАЛИЕВА, 
филология ғылымдарының
кандидаты, доцент,
С.Торайғыров атындағы Павлодар 
мемлекеттік университеті

Дәйексөз қосу үшін тіркеліңіз немесе кіріңіз.

Рецензия қосу үшін тіркеліңіз немесе кіріңіз.