Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Ер Тарғын

Ер Тарғын - батырлық жыр. Ноғайлы дәуірінің тарихи оқиғаларын бейнелейтін жырдың негізгі идеясы - ел бірлігін сақтау, батырлықты дәріптеу. Ер Тарғын жырының бірнеше нұсқалары болған. Бірақ ғалымдардың негізгі вариант деп танитын нұсқасы - 1862 ж. Қазанда басылып шыққан Ер Тарғын жыры. Жырды Марабай ақыннан жазып алып бастырған - Н.Ильминский (1859). Одан кейін бұл жыр В.Радлов (1870), Д.Саркин (1904), Ә.Диваев (1922) жинақгарында жарияланған. Орталық ғылыми кітапхана мен әдебиет және өнер институтының мәтінтану және қолжазба бөлімінде жырдың 8 нұсқасы сақтаулы. Мазмұны, сюжет желісі және композициялық құрылысы жағынан Н.Ильминский бастырған нұсқасы - оқиғасы мол, ең көркемі. В.Радлов нұсқасы - түгелімен дерлік қара сөз. Ал Д.Саркин бастырған нұсқа Н.Ильминский жариялаған Марабай нұсқасынан көркемдік деңгейі төмен. Сондықтан қазақ фольклортану ғылымы Ер Тарғын жырының осы екі нұсқасын негізгі деп біледі. Ол - И.Ильминскии жарыққа шығарған Марабай нұсқасы және В.Радлов Қырым елінен жинап, өзінің 9 томдығының 7-томына енгізген Ер Тарғын атты аңыз әңгімесі. Ер Тарғын жырының негізгі кейіпкері - Тарғын мен Ақжүніс, Тарғын - асқан батыр, ел қорғаушы. Ал, Ақжүніс жырда батыр мінезді, көркіне ақылы сай әйел ретінде беріледі. Ер Тарғын жырының композициясы өте тартымды. шебер құрылған. Кейбір эпизодтар көркем монологтермен беріледі. Ер Тарғын жырында классикалық эпоста кездесетін көркемдік тәсілдердің бәрі бар. Ер Тарғын жырының көркемдік ерекшеліктері, сюжеттік желісі, образдары хақында М.Әуезов, М.Ғабдуллин, К.Жұмалиев, Ә.Қоңыратбаев, Ә.Марғұлан. С.Мұқанов. т.б. ғалымдар зерттеулер жазды. Ер Тарғын жыры мен қазақтың халық әндері негізінде композитор Е.Г. Брусиловский Ер Тарғын операсын жазды. Ер Тарғын атты жыр башқұрт халқында да бар. Негізгі сюжетте айтарлықтай алшақтық жоқ. Алайда, негізгі кейіпкерлерді бағалауда айырмашылық бар. 

Көп оқылғандар