Бүгінгі туған күн иесі
Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал!
Абай Құнанбаев
Аңыз

Е-Кітапхана

Аңыз - фольклор жанры. Қазақ халық ауыз әдебиетінің тарихи негізі бар мол саласы. Онда айтылатын оқиғалардың, кейіпкер аттарының, елді мекен, жер атауларының, мезгіл мөлшерінің деректілігі басым келеді. Әуезов аңыз жанры жайында Л. Соболевпен бірге жазған «Қазақ халқының эпосы мен фольклоры» атты монографиясында, 1957 ж. шыққан «Қазақ ССР тарихының» 1-томында жарияланған «Қазақтың ауыз әдебиеті» атты көлемді еңбегінде жан-жақты айтқан. Алғашқы еңбектің «Аңыз ертегілері» деген тарауында: «Қазақ аңыздарының ертегілерден ерекшелігі сол - барлығы да тарихта болған адамдар жайында айтылған, халық шығарған көркем әңгіме болып келеді. Кейін оларға қоспалар қосылады да, халық творчествосының ерекше бір саласын құрайды» деп бірден екі жанрдың жігін ашып алады. Монографияда эпос пен аңыздың негізгі ерекшелігі - соңғысының қара сөзбен баяндалатындығы эпостағыдай кейіпкерді тарихи прототипінен көп алшақтатпайтындығы, циклды боп келуі дейді. Қазақ аңыздарын Қорқыт, Асан Қайғы, Аддар Көсе сияқты тарихи адамдар туралы аңыздар мен кұй аңыздары деп екі түрге бөлген. Бұл еңбекте Қорқыт, Асан Қайғы, Алдар Көсе, Жиренше, Күй аңызы деп жеке тарауларға бөліп те талданған. «Қазақтың ауыз әдебиеті» мақаласында аңыз жанрын ертегілермен бірге алып қарастырған. Алғашқы еңбекке қарағанда, көлемі шағын болғандықтан, ауыз әдебиеті жанрларын айқын ажыратып жіктемеген. Ертегі мен аңыздардың түп-төркіні халықтың арман-қиялы екенін негізге ала отырып, екі жанрға қатар талдау жүргізген. Әйтсе де «Бергі кезде Жамбыл жазған «Өтеген батыр» поэмасының сюжеті Асан Қайғы жайындағы аңызға тығыз байланысты» деп, ертегі мен аңыздың айырмашылығын айырып айтқан.