Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Арнайы жобалар
Аударма
Қалбай Әбдірамановтың Төлемырза Темірбекұлына жазған хаты

01.08.2016 5271

Қалбай Әбдірамановтың Төлемырза Темірбекұлына жазған хаты

Автор: Қалбай Әбдіраманов


Қазақтың классик ақыны, «Қазақнама: Қазағыма хат» атты көптомдық кітаптардың авторы Қалбай Әбдірамановтың барлық өлеңдерін, мақалаларын да – эпистолярлық әдебиетке, эпистолярлық жанрға жатқызуға болады. Өйткені ол шығармашылық өмірінің қырық жылын туған жері – Қарақалпақ елінде өткізіп, бүкіл шығарламаларын «Қазағыма хат» деп туған халқына арнады.

«Әдебиет порталы» үш жыл бұрын қолға алған «Хат» арнайы жобасын жалғастыра отырып, Қалбай ақынның «Бір бақыраш су берші...» атты көлемді өлең-хатын ұсынады.

Бұл – ақын, республикалық «Төртінші билік» газетінің бас редакторы Төлемырза Темірбекұлына арналып жазылғанымен, бүкіл оқырманға ортақ туынды. Бәлкім, бір адамның ғана адресіне бағытталу себебі – хатта автордың өзі айтқандай, елеусіз, ескерусіз, іздеусіз қалған кейінгі оншақты жыл ішінде өлеңдерін жариялаған, ақынды оқырманмен табыстырған жалғыз баспагерге айтқысы келген алғысы болар.



Калбай.JPG


БIР БАҚЫРАШ СУ БЕРШI...

Хандығыма-Қағанатыма Аманат Хат

Құрметті інім Төлемырза!


Сенің ырғидай қылтиған мойыныңа Мономах патшаның 13 килолық бөркін кигізіп дастан арнасам ерсі емес...

Неге?


Өйткені елу бір жылдық шығармашылық дәуірімде тұңғыйық шыңырау-зындан түбінен қолыма қол жалғар ма екен деп есімдерін атап шыңғырғанда... пайғамбарға теңестірген ағаларымнан көрмеген қайырымды, соңымда аманатыма қиянат етпейді деп сенген серке інілерімнің талайынан көрмеген қайырымды Сенен – Сенің Төртінші правительствоңнан көріп жатырмын...


Әрине, мұның соңы қайырлы болғай!


Сен осымен менің шығармаларымды Төртінші жалпықазақтық өкіметіңнің он тоғыз санында жарияладың (соңғысы кешегі – 02.12.2013, дүйсенбі, «Төртінші билік», №41-42 (162).

162 сан дегеніңіз – әр санда сегіз беттен есептегенде 1 296 бет материал. Жалпы таралым – әр санға он мың данадан деп есептегенде – 1 621 000 дана (өкінішке орай, калькуляторым да қазір істен шығып қалды).

Бұл дегеніңіз жалпы қазақ атаулыны 17 миллион деп есептегенде – әр қазақтың бас-басына – жетеуіне бір данадан (әр бетте 5-6 бет материал кетіп отырғанда) ақпарат тараттым деп білерсің.

Қимылдаған қыр асады. «Көз – қорқақ, қол – батыр».

51 жыл өлең жазған менің қазақ арасына ақын деп танылуымда сенің Қағанатыңның (Четвертое правительство) ұлық ролі болғандығы үшін жалпы қазақ елі алдында айғайлап отырып («Жақсының жақсылығын айт, нұры тассын») өзіңе азамат інім деп бас иіп, мына бір ұзақ шатпағымды бас жіп байлап қазақ өнері мен өркениетіне қосып жатқан еңбегіңе ескерткіш еткім келіп отыр.


Жақсы бағадан, жәрдемнен құралақан емеспін мен. Өйткені, менің ақын деп елге танылуымда өте көптеген ұлық-ұлық азаматтардың үлесі бар. Дегенмен солардың ең елеулісінен де елеулірек болып, Сен мені 2011-2012-2013 жылдар аралығында «Төртінші билік» газетіңдегі броньдалған ең биік орынтақтардың біріне ақ киіз төсеп аға сайлап, ақын деп отырғызғаныңды жалпы әлеумет көріп отыр.


Ұстаздарым – (қазір қаскелеңдік) Тәжіғали Темірқұлов, Өзбекстан және Қарақалпақстан халық ақыны Тілеуберген Жұмамұратов, Қазақстан халық жазушысы Мұзафар Әлімбаев, ақиық ақын Төлеген Айбергенов, филология ғылымдарының докторы Сражатдин аға Ахметов, академик Қалдыбек аға Сейданов... Бұлардан басқа да айта бастасам анау-мынау бірнеше бет тізімге есімдері сыймайтын ағаларым, қатар-құрбы қаламдас замандастарым, мен деп өздерін көбелектей от пен жалынға салуға дайын інілерім мен қарындастарым да бар менің...


Солардың арасында ағам, оқытқан әдебиет мұғалімім Тәжіғали Темірқұлов пен оның жан жолдасы Әзихан апамның орыны тіпті бәрінен де бөлек... Мен осы ағам мен апам Әзиханды тұлға ретінде көкке көтергім келген үш өлеңім бар. Бұл өлеңдерім «Жоқ өмірде ұстаздан ұлық адам (ұстазым Тәжіғали Темірқұловқа)», оның әйелі Әзихан апама арнаған «Қаскелең» және «Әзихан апама (мұңдасу)» атты үш өлеңім тұтасымен түгел басылып, есігін қақпастан «Төртінші билік» газетімен Қаскелеңге өз аяғымен кіріп барса екен деген де көңілімде арман бар...


Аман-есен болсам бұған жетуім де мүмкін...

«Мен сендерді жанымнан артық жақсы көремін, Тәжіғали аға, Әзихан апа!


Мен сендерге Тамараға арнаған «Мен сені жақсы көрем!» атты махаббат кітабымның 159-160-161-162-163-164-165, 168-169-170-171-172, 173-174 беттерін арнадым. Риза болғайсыңдар маған!»


Құрметті інім Төлемырза! Мен саған «Бір бақыраш су берші, сараң құдай?!» атты ұзақ толғауымды бас жіп тағып арнадым. Олай-бұлай бола кетсем, риза бол, жан бауырым Төлемырза!»


Менің өлеңнен қымбат ештеңем жоқ... Мен сендерге (аман болсам) Алла Тағала мұрсатана бере тұрса көп-көп өлеңдер жазып беремін...»


Газетіңе амандық, шығармашылығыңа шабыт, баспагерлік жұмысыңа бауыры кеңдік тілеймін... Сен Төлемырза деп босағаңа келген авторларыңның көңілін жықпа, біздің бурыл басымыз сенің аяғыңда... Біздер өте көппіз. Біздер түрікпеннің алабайы, қазақтың төбет иті сияқты әрқилы тұлғалармыз ғой...


Сен бізді еркімізге жібере бер... Біз қаттырақ үргенімізбен азын-аулақ құмарымыз тарқағасын өз қазағымызды танып, шынжырымызды сүйретіп қазығымызға қайта оралып, отауымызды айналып қорып жүреміз... Өйткені біз орыстың Есенині, қазақтың Мұқағалиы сияқты... болғысы келетін өз халқымыздың опалы иттеріміз ғой...


Сен баспагер ретінде жалпы мен жалқы арасындағы алтын көпірсің...


Сондықтан халқыңа – қазағыңа деген жаның таудың суындай мөлдір, таза болуы керек... Әйтпесе... әрқандай мықты деген көпірің де... тас-талқан болып қирайды... Соғыста ... Егер де көпір арқылы жау келетін болса... онда мұндай көпірдің астына мина қойылып, үстіне самолеттен бомба тасталады...


Өйткені халықтан құдіретті күш жоқ... «Халық – Құдайдың бір аты» немесе Расұл Ғамзатұлы айтқандай, «Халық – Құдайдан тек бір жас кіші».


Бір сөзбен айтқанда, сен менің қандай ит екенімді... танығандардансың...


Мұқағали неге 1966 жылы менің өлеңімді «Жұлдыз» журналында шығармақшы болды?!


Мұзафар Әлімбай 1965 жылы не үшін маған өзі бірінші болып хат жазды?!


Төлеген Айбергенов өзі зорға сыйып жүрген жеріне неге мені ертіп апарып өлең оқып, 1965 жылы Алматыда қолымнан жетелеп, ағалық қамқорлық жасап жүрді?!


Тілеуберген Жұмамұратов...


Еркін Вахидов...


Абдулла Арипов...


Сенің қолыңа бара жатқан тек Төлемырза Темірбекұлына, «Төртінші билік» газетіне ғана хат емес, ол сонымен бірге жалпы «Қазақнама: Қазақтарға хат»... Бұл болашаққа, халқымның мәңгілігіне хат... Менің баспагерім болуға елу бір жылдық шығармашылығымда... жүректі деген мыңдаған редакторлар... тәуекел ете алған жоқ... олар өңдегісі, өзгерткісі, кішірейткісі, бүкшитіп, мүсірейткісі келді... бұған мыңдаған тамаша да сөлекет мысалдар бар... Бірақ мен оларға үйренісу орнына ... олардың бәрін жүре келе өзіме үйреттім...


Енді мен міне... Өзіммін... Түсініктімін.. Қалбай ӘБДІРАМАНОВПЫН! Мен өзге барлық ақындарға ұқсас... ортаңқол... жалпыға бірдей... қисаңқұйрық... компромис... емеспін ғой...


«Қазақнама» – бұл бағамдай келгенде күрделі компоненттері мол қорытынды шығарма. «Қазақнама» – бұл менің ұлтым, оның өнері, өркениеті туралы, солардың тамырынан өркендеген шығарма. Сайып келгенде ... Өзге туралы да, сонымен бір уақытта «ӨЗІМДАСТАН» да екендігін де көріп, танып алады мына біздің цивилизациялы қауым.


«ҚАЗАҚНАМА»ның достоинствосы өте биік!


Ол – Махамбет Өтемісұлы, Қасым Аманжолов, Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергенов, Бауыржан Момышұлы... Ең кемінде ол – Нұрсұлтан Назарбаев... Ел Иесі... Қазақстан Республикасының Президенті – менің жан бауырым, жансүйер ағам болмағанда кім болсын?! Әбіш Кекілбаев, Олжас Сүлейменов, Мұхтар Мағауин, Мұхтар Шаханов... Мен не, қазақтың ақыны болғанда ... адамның қоры болуым керек пе... Елу бір жыл өзіңді адам санап, ініңді жатқа қор етсең, ақын болғандықтарыңның, аға болғандықтарыңның да енесін ұрайын... Мен Қазақ дегенде, қиналғанымда, тас астында ыңыранып иретілген шақтарымда осы Сендерді бар деп үміттендім... Дауысым (дұрысы – жан дауысым) сендердің құлақтарыңа жетеді деп ойладым...


Менің елу бір жылдық шығармашылық дәуірім ішінде партия мен үкіметтің осы мендей ақындарға қамқорлық жасау керектігі жөнінде мың қаулысы шыққан болар... Бірақ бұл қамқорлықтардың барлығы да маған жоламай, сылдыр су сияқты қапталымнан өтіп жатты... Мен ағып жатқан айнабұлақтың суын тек көріп, су бойында отырып шөлден қаталап өлдім... Қырық жыл күттім... Қырық бірінші жылға қарағанда... менің соңымда келе жатқан жас ақындардың біреуі... «Аға, сенің ешкімге де керегің жоқ...» дегенін есіткенде барып менің жанайқайым: «Жеңдер, онда... бауыздап менің бауыр етімді... Әкеліңдер маған сартабаққа салып «Қазақстан Республикасының Нөмірі Бірінші Азаматы», «Қазақстанның Халық Қаһарманы», «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері», «Қазақстанның Халық Жазушысы» деген атақтарды...


Дауысым: Маған жақсы атақ, үлкен папка, қомақты ақша, үлкен спорттық чемпиондық бедел... керек болып тұр... Мен қазағым, қазағыма кітап шығарамын деп жүріп... елуге, елуден өткенде... өлуге шамаластым... Қанша жау таптым... Санаса сан жеткісіз... Енді сендерден өлейін бе? Садағаң кетейін, әулиелерім!» деген гөй-гөйге ұласа бастағанын енді міне көзбен көріп отырсыңдар...


Құрметті Төлемырза!


Аттары әлемге әйгілі құрбақалар мына сенің қолыңа су құя алмайды дегенім рас менің... Оллаһи рас... Қанеки, этикет немесе жасанды кішіпейілдік үшін болса да, «Қазақнама» кітабым үшін Сенің өзіңнен көбірек жанпидалық көрсетіп, еңбек сіңірген кімді көрсете аласың?!


«Төртінші билік» газеті – менің жандауысымды жариялап, сол есектей құлағы есітпейтін ағаларымның жыртығын бүтіндеп, олқысын толықтырып, екі қолын таскөмірдің шоғына басып, жанкештілік жасап жатқанын әлеуетті ағаларым білмесе... бүгін-ертең қазақтың қалың орман жұртшылығы біледі ғой...


Бұл кітап үшін мен сені отқа басып жандырамын, оттан шығарып алып пышылдатып тұрып суға басамын...

Жаныңның аманында бассауғалап... қашып кетіп құтылмасаң... оттай ыстық денеңнен оттай жанып тұрған жүрегің мен бауырыңды шырқыратып тұрып суырып аламын... Өлтіремін мен сені!


Ел құлағына жету үшін ешбір рахмет те сұрамай... бір адамның қолынан не келетін болса, сол мүмкіншіліктердің барлығынан максимум пайдаландым... Үнтаспаларға жаздым, суреттерге түсірдім, ксерокөшірмеледім, қапталымнан жанай өткен жандардың әрбірінің назарына салып отырдым. Мен де періште емес, қарапайым пендемін ғой. Мен өмірімді қарапайым адамдардың аяғының астында сүйреліп, тапталып жүріп өткіздім... Мені бұл ұсақ жәндіктердің, құрттар мен құмырсқалардың, бақалар мен шаяндардың, жәлептер мен сатқындардың топас үкімінен құтқару үшін және бір адамның өмірі, кереметтей үгіт-насихат, қыруар бедел-авторитет керек. Жиырма жасымнан бергі дәуірлерімнің барлығында тауда, сахарада Құдайға құлшылық етіп жалаңаяқ жалаңбас өмір сүрген сопы сияқты елден бойымды жасырып тек еркін шығармашылық өмір кештім мен...


Сонау тоқсаныншы жылдары Қарақалпақстан Республикасында тұрып жазылған «Жеткіз» деген өлеңім бар менің. Ол былай дейді:


«Мен қараға жыламаймын,

Бұл сөзімді Ханға жеткіз!

Сенен бір нан сұрамаймын,

Таусылмайтын нанға жеткіз...»

Өйткені менің сенген Қазақ деген Құдайым бар.


Мен сол Қазақ деген Тәңірім үшін, Осы Құдай жиырма миллион көздерімен жан-жағымнан көріп тұр деп ойлап... осындай өмірге, тамшы сүт пен кепкен қара нанға риза болдым.


Түсіндің бе енді ненің не екенін?

Енді алпыс жеті жыл бойына үстіме үйілген қиянаттың қара тастарынан мені арашалап, құтқарып алу үшін ... Қазақ деген халқыма... мені жеткізу керек

Міне осындай елге есімі белгілі кіндікті ағаларымның бейтараптығынан жарты ғасыр жалғыз өзім қиюын шеше алмаған өте қиын мәселелер бар менің алдымда...


Бұл Қаратау мен Алатаудың... қара тастарын алпыс жеті жылдан бері арқалай беріп менің нәзік белім бүкшиді... бар қаражатым түгесілді... ақындығыма зорға алдап-сұлдап сендірген бірлі-жарым жарамсақтарым жәлеп болып, қидалы болып... кіндігі менікінен үлкендеу немесе басына менен гөрі пайдалылау біреулерге сатып кетіп жатыр...


Тарыққан жалғыз Құдайын қарғайды...


... Және бұл сөздерімнің барлығы... түптеп келгенде... жетімдіктен емес... елге, елдегі мықты-мықты ағаларға өзімдікі деп... арқа сүйегендіктен, олардың маған да сүйенер таяныш болуы мүмкіндігінен, іргетасымның мықтылығынан айтылып отыр... деп ойлау керек... Бұның атын ұлтына, еліне, аға-інілеріне, қара ормандай қазағына еркелегендіктен деп білу керек... («Түйенің үлкені көпірде таяқ жейді...» Сүйгендіктен айтылады мұндай әңгіме. «Өкпелегеннен дәме ет» деген сияқты... Ел алдында есімі ұлықталып, Мономахтың бөркін кию қазақтың нардай тұлғаларына анау-мынау нар түйені шөгеретін жауапкершілік те жүктейді...


«Базарда мың кісі бар, әркім сүйгеніне сәлем береді». Біле білсең, елу бір жыл тас астында үгіліп көрген қиындығым, тоңқылдауыма мүмкіндік береді менің... деп ойлаймын...


Мен сенің тырнақтай бойыңа нар түйенің көтере алмайтын жүгін, Қаратау мен Алатаудың қара тастарын артып отырмын...

Есіңнің аманында қаш, інім...


(«Еркеліктің ең үлкені – еліңе еркелеу». Мұзафар Әлімбай). Әрине, менің бұл формулировкама дау айтып, мені жек көріп, оңай жағына шығып кету үшін таласатын даукестер қазақтың өз балшығында өскен қызғаншақ көлбақалардан да шығады. Мен мұндай көлбақалардың аты мен фамилияларын олардың көздерін бақырайтып қойып айтып бере аламын...


Және бір алдын ала айта кететін бір жәйт... прогнозым бойынша... менде бұл тақырып 2005 жылдан бері 7 сыныптың әдебиет оқулығы – хрестоматиясына еніп жүрген «Ұлдарыма насихат» атты өлеңімдегі:


«Табарсың қайдан оңай дау,

Өлтіру бұдан қолайлау.

Мен ойлап өттім елімді,

Елге де керек мені ойлау...» деген өлең жолдарыммен түйінделеді.


Және бұл... міндетті түрде... «Евгений Онегинді» жазып бітірген Александр Пушкин, өз қазағына өлгеннен соң қайта айналып келе алатын өлеңдер жаза білгеніне сенімді болған Мұқағали Мақатаев сияқты өнер тарландары ғана айта алатын сөз...


Сондықтан менің ең бір осал жерім, сөзден ұрыла беретін жерім... бұл өзімнің өлеңдерімді өзімнің мықты өлеңдер деп этикалық жақтан айта алмайтындығымда... айтуым мүмкін еместігінде... олай айту ұят болатындығында... оны өзгелер айтуы керектігінде болып тұр ғой... Әйтпесе... өзім де білем қандай екендігімді... қандай деңгейде екендігімді...


Мен де өзіме оңбағандай ауыр міндет арқалап жүргендерденмін...

Өзіме өзім сенбесем, өлеңдеріме өзгені қалай сендіремін?


«Бұлай деп Сіз туралы өзгелер айтуы керек емес пе?» деген жерде еріксіз тоқталасың да ыңғайсыз жағдайда қаласың... Осындайда Қалекеңнің қысқа жібі күрмеуге келмей қалады...


Мұндайда маған Александр Пушкиннің («Пайғамбар», «Бір ескерткіш тіктедім қолдан келмес»), Михаил Лермонтовтың («Мен жатырмын дағыстанның құла дүзінде, қан сорғалап ағып жатыр менің жарамнан...»), оларды өзіне рухи ұстаз санаған Расұл Ғамзатұлының қыруар тәсілдері рухи жәрдемге келеді...

«Менің Дағыстанымды» қайта оқып шық та... сонау алпыс үшінші жылдары менің кімдердің шинелінен шыққаныма бір ой жүгіртіп қара... Ал соңғы 1966 жылдардан кейінгі дәуірлерде бұл мәселе менде күрделене түседі... Өйткені, Гейне, Шиллер, Исаковский, Беранже, Есенин, Гоголь, Сервантес, Евтушенко, Азиз Несин деген сияқты бір-біріне ұқсамайтын өте күрделі тұлғалармен толыға бастайды менің ұстаздық мектебім...


Әрине, бұлар дегеніңіз тек ғана біздің әдебиеттегі Ізтай, Сағи, Төлеген, Тұманбай емес...

Мен бітірген ақындық мектепте бұл тізім үстіне Мақтымқұлы Пырағы, Эркин Вахидов, Абдулла Арипов, Ибрайым Юсупов деген сияқты мен өз ана тілімдей білетін өзге тіл өкілдері қосылады... Мен бірталай тілдерді өз ана тілімдей білемін... Сол тілдерде түпнұсқадан оқимын... Кейде бұл тілдерде оқи беріп, тіпті бұл кітапты қай тілде оқып жатқанымды да аңғармай қаламын... Өйткені, орыс тілі, өзбек тілі, қарақалпақ тілі, түркпен, қырғыз тілдері – менің өз ана тілім сияқты... Бұл тілдерді еркін меңгеруім түрік, әзірбайжан, татар, башқұрт, ноғай сияқты көптеген түркі тілдерін оңай түсінуіме ықпал етті...

Өзбекті көргенде... кейбір қазақтар сияқты («Көрмегенге көсеу таң») «О не дегені?», «илхом» десе «ихлам» деп тұрмаймын ғой...

Өз тілінде өзгелерді оқып түсіне алмасаң, оларды оқи алмағаның үшін бұл әдебиеттерді өзің өлең жазып жүрген ана әдебиетіңнен осал әдебиет деуге болмайды ғой... Өзге тілді оңдап білмесең өз әдебиетіңмен өзге әдебиеттерді қалай салыстырасың? Бұл мәселеде мені Есенғали Раушанов түсінеді де толық қуаттайды екен... Марқұм Дүйсенбек Қанатбаевты айтпай-ақ қояйын...

Баяғыда Мақтымқұлының бір өлеңін Жұмекеннің аудармасында көріп... Мақтымқұлы мен түркмен әдебиетіне өте жанымның ашығаны бар еді... Түркмен арасында болып көрмеген Жұмекен түркмен поэзиясының қыр-сырын қалай білсін?!

Төлеген Айбергеновтың өлеңдерін өзге тілге, мәселен орысшаға аударып көріңізші, қалай шығар екен? Қадыр Мырзалиевтің аудармасындағы Есенин – Есенин емес... Ол Қадыр Мырзалиев... Ал Сағи Жиенбаевтың аудармасындағы Расул Ғамзатұлы өте ұлы тұлға... Дүйсенбек Қанатбаевтың аудармасындағы Мақтымқұлы – бұл, әрине, Мақтымқұлының өз түпнұсқасына жақын аударма... Эркин Вахидовтың аудармасындағы Есенин – бұл нағыз Есенин...

Науайыны туған өзбек әдебиеті – бұл өте үлкен әдебиет...

Менің құрметті бауырым Төлемырза!

Бұл айтқандарымды менің дәл өзім болмасаң да (менің дәл өзім болуың өте қиын шаруа, өйткені мен өзбек сыныптарының мұғалімімін, қарақалпақтың өз ақынымын), міндетті түрде таласпастан түсінеді деп ойлаймын сені. Ал өзгелер өздері бұл тілдердің поэтикалық вкусын меңгермегендіктен... түсіне алмайды мені... Тек шамалайды... Шамалайды да бұл тілдердің әдебиеттері қазақ әдебиетінен осал әдебиеттер болуы керек... деп ойлайды... Үміттенеді...

Мысалы біреу, есімін айтпай-ақ қояйын, Абдулла Ариповтың менімен бірге түскен суретін көріп... мына біреу өзбек емес пе... деп нұсқағанын көргенде... қазақ ақындарының ішінде де қанша топастардың бар екенін көріп... аяп кетемін...

Ақын деген садағаң кетейін!

«... Бола бошдан деган гап туғри.

Мабодо мен шоир булмасам,

Булар эдим безори...

Уғри...»

Міне бұл нағыз Есенин. Эркин Вахидовтың аудармасы.

Қой, осымен тоқтатайын.

Жаңа 2014 жылға да жуықтап келе жатырмыз. Бүгін желтоқсанның тоғызы. 2013 жыл.

Келе жатқан жаңа жылың құт, береке, шығармашылығыңа табыс әкелсін. Осы сәтте сен өзіңді Қазақстан Республикасындағы бақытты қаламгерлердің бірі дейтіндей көңіл күйде бола алсаң... онда ... мен, Сенің көрсетіп жатқан күш-көмегің арқылы... соңғы бірнеше жылда қыруар табысқа, бақытқа кенеліп отырмын деп айту үшін осы хатты қағазға түсірдім.

«Қазақнама» кітабын ел болып, халық болып Қаратаудан Алатауға сүйрелеп бара жатырмыз.

Бұл үшін көңілі дархан інім Төлемырза, ең алдымен Саған – Сенің «Төртінші билігіңе» рахмет. Ендігі жағында бұл кітабымның ақыры абат болатынына көзім жетіп келе жатыр...

Өз қуатыңа көзің жетпесе, ешқашан топтың ортасына түсегөрме... Топтың тәлкегінен аман шығуың екіталай... Өйткені ақымақтың саны ақылдыдан мың есе көп... Сондықтан дауысқа салғанда да сен жеңілесің... Бұның үстіне ақылдылар да саған оңайлықпен мәрені бере қоймайды...

Қара домалақ қазақтың балалары, мен сендердің бір әке, бір шешеден туған бауырларыңмын ғой!

Олай-бұлай бола кетсем... менен ешқашан баспасөз бетін көрмеген қыруар қолжазба, отыз-қырыққа жуық үнтаспа, осындай шамадағы бейнетаспа, бірталай хаттар мен құжаттар, суреттер қалады. Бұл құжаттардың бірталайына мен өзім кеткесін... менің отбасымда жүрген ұлдарым мен қыздарым да түсініктеме бере алмайды. Олар жүйеленбеген. Бұл үнтаспаларды көріп, тыңдап, папкаларды ашып назар аударуға жарты ғасыр шығармашылық дәуірім ішінде өзімнен басқа ешкімнің де ауысық уақыты болған емес. Ондай мүмкіндік өзгелерде мен кеткен соң да бола қояды деп ойламаймын.

Аманатқа қиянат деген қызыл көзді бәле және бар... Ол менің қыр соңымнан жауырынымнан сорғалап келе жатқан қанды көріп ... қашан қансырап құлар екен осы... деп гиена сияқты, құзғын сияқты қара көрім аралық тастап қалмай еріп келеді... Олардың әрбірін мен арам көздерінен түстеп танимын... Менің хат жазуға талаптанып талпына беретінім сондықтан.

Сау бол, саламат бол.

Мен Сені өлеңімде (қолымнан келсе, сорыңа сорпа құйып... май құйрығыңнан алақаныма салып көтеріп, өзің елу неше жыл қайыра-қайыра басып жүрген Қара Жерді сағынып жылағандай етіп ... аспанның алтыншысынан көргім келеді... Ол – Сенің мойыныңа жүктелетін өте ауыр міндет те... Оның арғы жағында Алла Тағаладан басқа тірі жан жоқ... Баспагер болу дегеніңіз, міне, осындай қиын шаруа...

Солай етіп... Мына Саған... Төлемырза Темірбекұлына арналып 22 беттен тұратын «Бір бақыраш су берші, сараң құдай?!» атты сарыала, торыала, көгала мылжыңымды қорашсынбай қабыл етіп алғайсың.

... Міне, кетті... Енді сен мұны алсаң да, алмасаң да аласың, інім Төлемырза!

Аласың да... қолыңа қайқы таяғыңды ұстап (әкім болудың орынына) жалаң аяқ, жалаңбас, атаң қазақтың бір қора қойын бағуға аттанасың...

Өйткені, «Бұл тамақ – бәле тамақ... Мұны жеген қойға барады...»

«...Жауынгері қазақтың

Ат үстінде өледі.

Қаламгері қазақтың,

Хат үстінде өледі...»

Тайбурылдың жүгенінің ерге шыйырып байланған тоғыз орамы бар... Біз «Төртінші билік» арқылы оның бірнеше орамын жаздырған сияқтымыз... Жібердім еркіне тұлпарыңның жүгенін... Енді абайлы бол!

Күшті дарын иелерінің өте дарынды дұшпандары болады... Есігіңді түнделетіп әдебиеттің арашашысы, қазақ халқының жақсы жанашыр досы сияқтанып ешкім қақпады ма?

Өзімізді әділет иесі санап Қазақ әдебиетін оның іргетасын қалаушы патшаларының бірі Бұқар жыраудан қорғаған, қазақтың поэзиясын оның Хантәңір тектес ақыны Мұқағали Мақатаевтан қорғаған, соның ішінде ... «егер Төлеген Айбергенов өлең оқитын болса, ол жиында мен өлең оқымаймын...», – деп Айбергеновтен қорғаған халық емеспіз бе?!

Таспен жапалақты ұрсаң да – жапалақ өледі, жапалақпен тасты ұрсаң да – жапалақ өледі...

Дегенмен... Ағамыз – тақта, қолымыз – хатта. «Жаза алмасам – маған да серт»...

деп...

Қалбай ағаң.

09.12.2013

БIР БАҚЫРАШ СУ БЕРШI...

(Төлемырзаға)

1

Бiр бақыраш су бершi, сараң құдай?!

Жүгiнбеген еш адам саған бұлай!

Ұйықтатпады түнiмен талып келiп,

Қарындастың дауысы қараңғыда-ай!

Жұлдыздарым, сөндің-ау жана тұрмай,

Өлеңдерім қор болды – таратылмай.

Бауырым, деп шырлаған жандауысым,

Неге іркілдің...

Әрірек бара тұрмай?!

Қай жұлдызға білмеймін тізбектелем,

Өзімді-өзім күңіреніп іздеп келем!

Бізден соңғы бұталар қылтияды,

Сол баяғы орманда біз көктеген!

Ерте қалған жетімдей анасынан,

Айырылған Мәжнүндей санасынан,

Қазақ іздеп айғайлап келе жатам!

Қарағайлы орманның арасынан!

Сен білмейсің, оқушым, қандайымды,

Тауға-тасқа соққылап маңдайымды.

Алпыс бесінші жылдағы Түркістаннан,

Іздеп келем өзімнің...

Қалбайымды!

Айналайын, Астанам,

елді аймағым,

Қамшыменен атымды борбайладым!

Алпыс бесінші жылғы бой сұқтым Алматыға,

Төлеген жүр ...

Сондағы мен қайдамын?!

Мен бағынсам өзіме бағынайын,

Мен шағынсам ұлтыма шағынайын.

Мен өзімді өзімнен іздеп келем,

Өзімнен пәс...

Сені іздеп неғылайын?!

Мен жарылсам еліме жарылайын,

Сол кездегі қайдасың, Қалыбайым?!

Жиырма миллион қазаққа сырымды айтып,

Басымдағы қайғымнан арылайын!

Ел-жұртыма сөз жаздым ұнағандай,

(Көрсең қайтті бір өмір сынақ алмай?!)

Аманатын халқына жеткізе алмай,

Өліп кетіп барады...

Мына Қалбай!

2

Қазақтарым, хат жазшы

қолдап маған,

Ар-намысын халқымның толғап бағам.

Мың ақынға толғатқан мына қазақ,

Әбдірамановқа не үшін толғатпаған?!

Бұл Қалбайды жасырып

басқа Қалбай,

Не айып бар өлеңін баспағандай?!

Не айып бар ұлыңда соншалықты,

Айтпай көміп алпыс жыл тастағандай?

Ағып тұрған ақ бұлақ тоқтасын ба,

Қайнап тұрған от жүрек соқпасын ба?

Бір анадан туылған екі Қалбай,

Отырайықшы сырласып от басында!

Ұқпағаным көп болды ұғарымнан,

Шықпағаным көп болды...

шығарымнан!

Ұл емес пе ек екеуіміз егіз туған,

Айрылайын ба мен енді...

сыңарымнан!

3

Көрсет маған өзімнің Қалбайымды,

Күнге тосып көрейін маңдайымды.

Ақ мамамның отырып тізесінде,

Мен өзімнің білейін қандайымды...

Сені iшiнен іздеймін топ баланың,

Таба алмасам мен жалғыз боп қаламын!

Қайда жүрсiң аңырап, қайда жүрсiң,

Егiл-тегiл елiңе боп, қарағым!

Туған жердiң келiп ем шөлi қыстап,

Көрiнiс тап алдымнан, көрiнiс тап.

Алау жағып алдыңнан, «мұндамын» деп,

Cексеуiлдiң жүгiрем шоғын ұстап!

Өлейiн қараңғыда жарық берiп,

Отырмын дауысыңнан танып, көрiп!

Аңдамасаң аңсаған бауырыңды,

Қай жұлдызды қояйын алып келiп!

Мен – жалғыз... деп

Өтірік ырғаңдайды,

Мен қуансам ол неге нұрланбайды.

Бірін-бірі қалайша таниды әлем,

Танымаса бір Қалбай – бір Қалбайды.

Жүрегіңнің не жатыр қатпарында,

Алдану да түк емес...

Пәк дарынға.

Адастырып кетпесең болды, әйтеуір,

Бір табақтың отырып қапталында...

Ұстаймын деп сен мені шығырықта,

Тақадың-ау, тақадың тығырыққа,

Жалаң аяқ соңыма

Түскен ажал,

Құтылмаспын мен сенен...

Тығылып та!

Ілдіретін қармағың, ілмегің көп,

Тасқа, қына, қуанба гүлдедім деп.

Бауырым, деп көміп боп бір оқпанға,

Шығатының белгілі...

білмедім деп!

Жігіт болсаң сертіңнен сырғанама,

Тас үстінде мәңгі тұр...

Тұрған аға!

Ажал сүйреп, білмеймін, қалай келдім,

Екі қазақ сыймайтын бір қалаға...

Мына Қалбай ұқсайды сұр жыланға,

Сыйырылған қабығы жылжығанда...

Бұл Қалбайға қазақта ештеңе жоқ,

Бұл қазақта өлең бар бір Жұбанға!

Қызғаншақтар

Өл дейді қабаттаспай,

Күресіп жүр екі ақын

Табақтаспай.

Бұл қазақта жалғыз нан мың ақынға,

Аяғыңа болмайды

Қарап баспай!

Соны көріп қол созам нанға сирек,

«Н...» деп айтсам қинар деп

дарға сүйреп.

Елу бір жыл отырдым өшіретте,

Аштан өліп бір қазақ қалмасын деп...

Ұмтылып ем, қазағым, шуағың деп,

Көкірегімді кірлеген

Жуамын деп.

Жаудан қашсам, жау іздеп

Інім отыр,

Тамағыңнан мен сенің буамын деп!

Қайдасың сен сондағы, сенген ешкім?

Мен де сендей!

Мен сенен өңге емеспін!

Менің дағы Құдайдан үмітім бар,

Сөздерімді сондықтан жөндемеспін.

Мына Қалбай оянған – басқа Қалбай,

Бұл да – қазақ...

Көздері тостағандай!

Өлтіріп жібермесең бұ Қалбайдың,

Сөзі бар бір-екі адам...

Қоштағандай!

Ажал иісі аңқыған шырайынан,

Әзірейілді сеземін...

ылайынан,

Ол Қалбайды көргенде, оллаһи шын,

Бұл Қалбайдың түңілем... сыңайынан.

Төлемырза, шық бері, онлайнға,

Күйдіресің таптырмай сондайыңда!

Қазағыма сырымды айтамын деп,

Босағаңның алдында тоңдайын ба?...

«Көне ұшаққа» мін тақпай...

(Ұшқан әрең)...

Біле отырсын дос түгіл...

дұшпан әлем!

«Қазақнама: Қазаққа хат» тарымды,

Басып берші көп көрсең...

Үш данамен!

Алты аспанның көтеріп шымылдығын,

Өркендеген бұл күнде ғылым, білім...

Көздеріңе қораштау көрінгенмен,

Зымыраны бұл «түйе»...

Бұрынғының!

Сол бойымнан мен бәлкім...

Аласардым,

Солай боп-ақ...

талайдан әрі асармын!

Бауырларым, ертерек қуанбаңдар,

Көреміз деп «өлгенін»...

Қара шалдың!

Мың қазақтан бір қазақ табылады,

Кім мұхиттан ине іздеп... сабылады?!

Мың қазақтан бір қазақ табылмаса,

Мына «билік»...

Менімен жабылады!

4

Екі мың жылдық, қайдасың, сағыз қайғы,

Құдай енді басқа сөл тамызбайды.

Тәңір енді басқа су ағызбайды!

Екі қазақ өлеңде болмауы үшін,

Мені бүгін «бір қазақ»

Бауыздайды!

Түннен жаман не зат бар

Түнергенде,

Мен түнердім... ізіме іні ергенде.

Әйтеуір біреу өлу керек бүгін,

(Бұл қазаққа бәрібір...

Кім өлгенде!)

Тақта отырған

білдіңдер

Ағам атын,

Арқа сүйер аман бол, Қағанатым!

Жиырма миллион жақсының ортасында,

Біз құсаған

Жүрмесін жаман ақын!

Келмесе егер шаттанғың

Бетімді іркіп,

Газетіңнің шықпаспын шетін жыртып.

Қазағына хат жазып ұзыншұбай,

Құз басында қомпияр жетім бүркіт!

Бапта болсаң сен, Қазақ,

Балаң бапта,

Айтып жатқан ойымнан алаңдатпа,

Айналайын, қазағым, алпыс бесте,

Бір жақсыңды күн көрем жамандап та!

Баса киіп басыма қалпағыңды,

Айналдырдым шұбатқа жантағыңды.

Бал ара боп мен сені бақпаймын ба,

Қырық тоғыз жылға әперсең Хантәңірді!

Бапта болсаң сен өзің ...

Балаң бапта,

Айтып жатқан ойымнан алаңдатпа!

«Қазақнамамды» өзіммен қоса көмсең,

Көлеңкеңді соңымнан ...

Қараңдатпа!

Жасасаңшы бірдеңе білінгендей,

Қайдан өндім мен сенің тіліңде өнбей?

Көмесің бе көзімді мөлдіретіп,

Қырық сегіз мың көліңнің бірін бермей!

Құтқа қол соқ, бауырым,

Жұтқа қызбай,

Сүтіңді еміз ботаңа...

Сыртқа ағызбай!

Көмесің бе көзімді мөлдіретіп,

Сексен бес мың өзеннен шық тамызбай!

Табытыңның қысылдым тарлығынан,

Мұқағалидың күш алып хандығынан.

Орманыңның барлығын көлеңкелеп,

Мен көліңнің су ішем барлығынан!

Қайта туып мына өмір

Гүл ашқанда,

Көзге ілмеген сөз айтам бір астамға!

Екі жүз миллиард Жұлдыздың жарқылдаған,

Және бірі жанбай ма бұл аспанда?

5

Шаңырағын табады жағалаған,

Қара қазақ туылған пәк анадан.

Мынау Жердi жаңғыртып, мынау Көктi,

Бауырларым, қайдасың, ағалаған?!

Айтарыңды айтқың кеп оқталасың,

Ай мен Күнді, ұмтылсаң Көкті аласың.

Бар боласың, әйтпесе...

Төлемырза,

Қалағаңмен қосылып жоқ боласың!

Бір мұнара тіктедім

Тастан құрап,

Ағады таудан басын ашқан бұлақ.

Ертең мұнда Төлеген хат жазады,

Бесқалаға кетпесе аспан құлап!

Жапырағыңды болады көрікті етсе,

Топырағыңды болады өнікті етсе.

Екі Қалбай орнына туылады,

Қапияда бір Қалбай өліп кетсе!

Бас, қазағым!

Нең қалды баспағанда!

Сөздерімді тонатып жас қаламға.

Елу бір жылдан бері тонап келдің,

Мінгізем деп тағымды...

басқа ханға!

«Шпионыңды» жіберіп тайрақтарсың,

Айран құйып, езуін қаймақтарсың.

Дара іздемей, даладан «шаланы» іздеп,

Берген дәмін Қазақтың,

Қайда ақтарсың?!

Босағаны қызғанған... маймақтарсың,

Төрде жүріп ит болған ... бейбақтарсың!

Мініңді айтып сыртыңнан жіберейін,

Шәкірттерің алдыңа «сайрап» барсын!

Мұқағалидың өлеңін жаза алмадың,

Қожамұратовқа төр бермей ...

Азарладың.

Өтежанның соңынан арыз жазып,

Өлгеннен соң «тойында» базарладың!

Өз мініңді өзге деп тайғақтарсың,

Кімдігіңді өзіңнің айғақтарсың.

«Шала» іздесең қайтесің сырттан сұрап,

Мә, «мысығың» артына

байлап барсын!

Төле бидің ойнадың мазарымен,

Төлегеннің ойнадың ажалымен.

Отыз алтыншы жылы өзбекке жерді бердің,

Бір жарым миллион ішінде қазағымен.

Біреу білді...

біреулер түсінбеді,

Қызыл түлкі – қызғаныш күшінде еді!

Алабаған артынан алып келген,

Айналайын қазақтың мүсіндері!

Бауырым деген кісімен

Дәл табыстым...

Керегі не соғыста жалтарыстың?!

Бір күн бейбіт өмірде жасай алмай,

Қалтарыстың бәрімен арпалыстым!

Қазақ елі әуелден жағымды ашқан,

Құмдарыңды сүйемін сағым басқан.

Мен өзің деп білінбей отқа түсіп,

Мен өзіңе қайтемін...

Жағынбастан!

Мың ел болса әлемде

Жүзі есімде,

(Жер шарынан қолыңды үзесің бе?)

Еңірегім келеді алпыс бесте,

Өз анамның отырып тізесінде!

Қазақ десем шығамын өніп тасқа,

Қалбай басқа...

Басқа бір өлік басқа!

Топырағыңнан мен ертең қайта өнемін,

Елжірет те бір рет...

Көміп таста!

Дәндеріңе су құйып...

Солдырмастан.

Сүйегіңе ие бол қор қылмастан,

Қызараңдап жүр қанша қызыл түлкі,

Болатұғын нәрсені болдырмастан!

Итті көрсем мастықтан айығамын,

Дауысымды Алтайдан қайырамын...

Айналайын бір туған

Бауырларым,

Дауыстарыңнан сендерді... айырамын!

Он бесте ат үстіне ырғып едім,

Елу жыл «Қазағымды» сүргіледім.

Айтылмай қалған үлкен махаббаттың,

Мен бәлкім бәрін айтып үлгіремін!

Көзім – қорқақ болғанмен,

Дене – батыл!

Көзсізден де шығады кенен ақыл!

Айналайын, жақсы іні, құлағың тос,

Бір азамат аңырап келе жатыр!

Сарқылған жоқ сағыныш сапары әлі,

Күңірентейік қосылып...

сахараны!

Басын беріп Махамбет алып қалған,

Бұл махаббат көп жерге апарады!

Азаматын табылса таныр адам,

Аспан шексіз жұлдызы жамыраған.

Қазақ іздеп боздаған менің дауысым,

Періштенің дауысы ...

аңыраған!

Қорқыт Баба, қолдай көр,

Тұр, тұр, Асан!

Біреу құлақ салады,

шырқырасаң!

Күңірен, бауырым, күңірен күшің барда,

Құм астында қаласың

Сылтымасаң!

6

Біз болмасақ бұл дала гүлдемейді,

Құдай берген біздерге бұл көмейді.

Қарағайдай орманың болғанменен,

Дітке қолы жеткендер

Үндемейді...

Бәрі де өлді жақсының...

Бәрі де өлді,

Жақсы кетіп, жаманның сәні келді.

Күнкөрісін көргенде өтірікшінің,

Өлексенің ауызыма дәмі келді...

Мен күңіренем сондықтан қараңғыда,

Арамды да қаратып,

сараңды да!

Түрегел, қазақ, жиырма миллион жарық ұстап,

Тай қалмайды әйтпесе, жарамдыда!

Шырқа менiң биiкте, Әнұраным,

Әдiлеттен қалайша жаңыламын!

Бiр қазақтың намысы тапталса егер,

Ортасына түседi шаңырағың!

Жар кешiп жүр ұлдарың жалаң аяқ,

Шықпаймысың алдынан баланы аяп,

Шықпаймысың алдынан жұлдыз алып,

Атуына ақ таңның қарамай-ақ!

Тiктелiңдер, Қазақтар, бармысыңдар,

Адал шығар биiктi алды сұмдар!

Тiктелiңдер қабiрден, Әулиелер,

Тiктелмеген қазаққа...

қарғысым бар!

7

Мен елiме керектi құсты атамын,

Атып болып...

Қолына ұстатамын!

Айтар сөзiн бiледi, Әлiмбаев,

Онда да жүр нақыл боп үш қатарым.

Иесімін мен дағы...

Қара күштiң,

Мұқағали ағаммен арақ iштiм.

Айбергенов ертпейдi дарынсызды,

Мен ісінсем... төменге...

Қарап істім!

Жолдас болғам өлеңнiң Пiрi менен,

Атын жаттап, апатта ...

Тiрi келем!

Таны, Қазақ,

Тани гөр перзентiңдi,

Танымасаң... архивке кiрiп өлем!

Үлкен көздер, қайдасың, аңдағандай,

Мен арлыға жүгiрдiм...

Ханға бармай!

Әбдiрамановтың ешкiмнен қарызы жоқ,

Жиырма миллион қазақты алдағандай!

Ойла, Қазақ,

Ойлап көр,

Бас қатырып!

Ақын барда сөйлемес басқа тұрып.

Аштан өлсем намыстан өлер қазақ,

Бар тапқанын жатырған тасқа тығып!

Досың анық, ел-жұртым, қасың анық,

Баймағамбеттi соттаймын ашып алып:

Елiм деген, езiлсе, ердiң үнi,

Бiр әкiмнiң беремiн басын алып!

Жақсыларды мың дұшпан бар аңдыған,

Аңдыған жау айырар жарамдыдан!

Ұйықтатпайды шындықтың құлын дауысы,

Талып келiп құлаққа қараңғыдан!

Бiр туылдым!

Түбiнде... бiр өлемiн!

Ашулансам сөгiнiп жiберемiн!

Иманына мықтыңның күманым бар,

Басылмаса қырық жылда...

Бiр өлеңiм!

Таңда тұрып қол жайдым Һаққа қарап:

(Жарысқанда озбайды бақпаған ат!)

Махамбеттiң тоқ болсын жiлiншiгi,

Әу дегеннiң өзi де – атқа қанат!

Барыс мiнез, қайдасың, қалтақтаған,

Жамауынан ұялып, жалтақтаған!

Ұнатпаймын мастанған мансаптыны,

Ақындардың алдында...

нан таппаған!

Ел болдық деп жатамыз жетiлiп кеп,

Шындығы бар бұл сөзде... өтiрiк көп!

Маңғыстаудың үнемдеп топырағын,

Менi қазақ көмедi...

Екi бүктеп!

Мен аспаннан келгенге жерден келем,

Көргенсiзге жақпайды... көргендi өлең!

Дарындарды төменге отырғызып,

Қиын болар есiкке... телмеңдеген!

Ертеңдi ойла,

Елдi ойла,

Қағып кеткен!

Бұл ақиқат!

Мың жылдық... жанып кеткен!

Бұл қазақтың сұлтаны бiз емей, кiм?

Тек пысықтар үстелiн алып кеткен!

Бiзден соңға бақыт бер, Һақ Тағала,

Аттағыға қарамай, Хатқа қара!

Ерлігіңнен, қазағым, қандай қайыр,

Арғымағыңды байласаң...

жат қораға?!

Қолдау күтiп жүр қазақ қаңқа бастан,

Қаңқа баста ақша көп қалтаға асқан.

Азған елдiң шырақшы ақындары,

Әулиенiң басында нан таласқан!

Мұсылманның бәрi тең!

Бөлекше жоқ!

Болғанынша болыңдар, елеспе жоқ!

Тiрiлерiн бүгiнгi қолдамаса,

Сыйынатын мен барып... өлексе жоқ!

Мойындайды тiрiлер... мойындаса,

Екi көзi көрiп тұр... ойылмаса!

Бiр жарым миллион қазақтың тағдыры үшiн,

Әбдiраманов болмайды сойылмаса!

Айбергенов жатқан жоқ

Жалған өлiп,

Шұқып жатыр қаңқасын

Қарға келiп.

Әулиесiн қызғанған Маңғыстаудың,

Ашкөздердi тастаңдар... нанға көмiп!

Айырамын адалды, арамыңмен,

Мен табытқа сыймаймын

Бала мiнген,

Ел болған соң ашкөзi,

Сараңы бар,

Оған сенсең

Көмiлмей қаламын мен!

Сендер барған тойларға барамын мен,

Сендер түскен оттарға жанамын мен.

Аман болса қазақтың шаңырағы,

Қайғы-мұңын ...

Қарызға аламын мен!

Өттi бастан тәуiр шақ,

Қараңғы шақ,

Хан басыма теңгерме балаңды ұсақ,

Тақ сұраймын сендерге,

Бақ сұраймын,

Өлу үшiн өлсем де

адам құсап!

Қазақтiкi, ел-жұртым, бүгiнгi өлiм!

Елу батпан үстiмде

Жүгiм менiң!

Бұратана сыртымнан қарап отыр,

Балапаныңның көрсем деп...

Бүгiлгенiн!

(Ұқпағанға қалай сөз ұқтырасың?!)

Қалай менi жауыма бұқтырасың?!

Тағың менен, тажыңмен, жиырма миллион,

Қазiр менiң алдымда...

Тiк тұрасың!

Көздерiңдi, ел болсаң, ашып қара,

Өлең емес – бұл өлең, машық қана!

Қазақ, деп қаңғалатқан дұшпаныңның,

Кеудесiнен беремiн ... басып қана!

Айта берсем жүрермiн

«жазып» қалып,

Қазақ деген бүгiнде

«нәзiк» халық.

Ағайыным – алауыз, нағылайын,

Жiберер ем бiр к...-ке

Қазық қағып!

(Айналайын, қазағым,

Құлдығым-ай,

Былай бұрсаң артыңды

Кiрдi былай!

Күрмектiң қамырындай бiрiкпейсiң,

Алаңдатып бiрдi – нан,

Бiрдi – мұнай!)

Осы сөзбен, қанекей,

Өнiп кетсем,

Одан да әрi айтамын

Ерiктi етсең!

Дұшпаныңа қозыңды сойып берiп,

Құтырғанша... қайтедi... өлiп кетсең!

Жармасамын өлгенше жалауыма,

Өлiп кетсем осыдан... анауыма.

Әкел менiң алдыма сенгенiңдi,

Бiр түсейiн қазақтың... талауына!

Барыс мiнез емессiң!

Масқарасың!

Өлiм елге!

Ақыны ақсағасын!

Қайда менiң Кiндiктi Ағаларым,

Табанымның астына тас қаласын!

Қазағым-ай!

Сен үшiн өлемiн мен,

Өле алмасам не пайда өлеңiмнен!

Қалбайым-ай, боздаған қараңғыда,

Мына басты сен үшiн ... беремiн мен!

Жылайықшы аулаққа,

Тасқа барып,

Еңiрейiк етектi жасқа малып,

Айта алмаймыз Шындықты,

Айтар болсақ,

Үлгiрмеймiз бiреуге қас та қағып!

Елiм десең елжiреп... есiктесiң,

Ел қайғысы, қайда бар, көшiп кесiн!

Жылайықшы аулаққа-құмға барып,

Дауысымызды Нұр-Ағам есiтпесiн!

Айта алмайсың таусылып... басың кетер,

Мұқағали, Махамбет, Қасым кетер!

Сөзiмнен ұқ қайғымды,

Көзiмнен ұқ,

Лайықты қазақтың тасын көтер!

Қақ шаңыңды!

Үстiңнен!

Құлап алып,

Біз жыласақ, жылайды мына халық!

Қара нанды қызғанған үш-төрт бала,

Мен қайғыңды кетейiн,

Сұрап алып!

Тас-таразы қай жақта, бағалайтын,

Барар жерi баламның маған айқын!

Iнiм менiң,

Күншуақ,

Күнiм менiң,

Тауларым бар менiң де...

жағалайтын!

Һақ та менi қолдайды,

Һақ дегесiн,

Алам бiр күн қазақтың ақ төбесiн!

Итпен, құспен қойғанша айқастырып,

Ұлдарыма лайық тақ бересiң!

Елдiң сөзiн берiңдер Ел дегенге,

Алмас қылыш кеседi сермегенде!

Қазақтығың, қазағым, кiмге керек,

Тамызбасаң бiр жұтым...

Шөлдегенде!

Хабарым бар кiмдердiң кiмдiгiнен,

Жаға алмайсың аспанға күндi кiлең!

Жарты ғасыр қабырғам сетiнедi,

Арқамдағы жүгiмнiң... зiлдiгiнен!

Дос болмайды ешқашан бұратана,

Тас атады бiлдiрмей бiр атаңа!

Ар-иманы болғанда алабаған,

Шетте жүрген қазақты жылата ма?!

Жақының бар араңда, жаттарың бар,

Атың мәлiм болған соң – батпаның бар!

Апар менi алдына Құқайыңның,

Жазып жүрген ...

«Қазаққа хаттарым» бар!

Ештеңе жоқ сендерге бөлiсетiн,

Бөлiсем деп қырқысып өлiсетiн.

Ботасымын мен дағы бұ қазақтың,

Айдалада аңырап көрiсетiн!

Ойланбайды мынау ел

Сойылмасаң,

Бiр төбенiң басына қойылмасаң.

Қапталымда Қасымның жоқтығынан,

Басым ғой деп бiреудi мойындасам!

Дән дегенiң қауқиған қоқ болмасын,

Тапқаныңа көңiлiң тоқ болмасын!

Ақынмын деп мен дағы келiп жүрмiн,

Айбергенов қасымда жоқ болғасын!

Кеше тағдыр әкеттi Жарасқанды,

Жұлып жатыр... өлеңге жанасқанды!

Естi болса елуден өтпейдi ақын,

Шалып жығар қу тағдыр...

Шаңы асқанды!

Ақындардың бiрталай барын бiлем,

Сөйлеседi дарындар...

Дарындымен!

Елу деген – ақынның кетер кезi,

Жүзге шықсын дегенмен

Бәрiңдi мен!

Ағамдай боп мен ендi жана алмаймын,

Ептеп-септеп барымды амалдаймын.

Жүрегiмдi жарғандай ешкiмiң жоқ,

Ешкiмiңе мен сенiң...

Жаранбаймын!

Үйренуге сендерден келгенiм жоқ,

Төлегеннен басқаға ергенiм жоқ.

Жалпақ жерде бiр қазақ Жұбан едi,

Жұбан өлдi!

Мен әлi өлгенiм жоқ!

Ризамын су менен қара нанға,

Тапқанымды мен де алып барам «анда»!

Иманы жоқ қазақтың несi қазақ,

Қол бермейтiн мұрының қанағанда!

Айрыласың бiр күнi Қалбайыңнан,

Ессiз тағдыр тартып жүр шалғайымнан.

Таспаға түс менiмен,

Суретке түс,

Көргенiңде сүйiп қой маңдайымнан!

Сүйе ғой деп сүймесең өтiнбеспiн,

Өмiр бойы боранның өтiнде өстiм.

Жыр жазғанның барлығы Абай емес,

Мен дағы сол өздерің секiлдеспiн!

Танылғанмын жырымда өктемдiкпен,

Өктем сөйлеу жасымда

Көктен бiткен!

Жиырма миллион бауырдың ортасында,

Дiкiлдеймiн рухым жеткендiктен!

Бар екенсiң, бауырлар,

Сүйенемiн,

Арқа сүйеп, үмiтке тиелемiн!

Дарындары қазақтың өлмесiн деп,

Жақсылардың орнына

Жиi өлемiн!

Ана Ақынды... әйтпесе,

Кiм көрмеген?

Керiспеген ол кiсi кiмдерменен?!

Ақиқатты айтам деп Мақатаев,

Тiрiсiнде көзiнiң

Гүл көрмеген!

Қуаты жоқ ақынға айла-көпiр,

Өткiзем деп өтпесiн

Майлап отыр!

Ақиқатты аяқтан шалып жығып,

Топырағының үстiнде тойлап отыр!

О, iбiлiс, әзәзiл, мыңға шыққан,

Морт шындықты өлтiрiп, шыңға шыққан!

Жерiк болсаң қаныма бiр қанасың,

Бөлiп iшiп бiр қасық, бiр қасықтан!

Өзiм келдiм жүгiнiп алдарыңа,

Иелiк ет жанымның қалғанына.

Шұқытамын көзiмдi шалдарыңа,

Ойын болам кішкене

Балдарыңа!

Қашан көзiң тояды осы қанға!

Жығылғанға үйiрсiң,

Босығанға!

Тақтан құлап Қалбаймен кетермiн деп,

Досым тастай қашады...

Шошығанда!

Әзәзiлдiң айласын iшiм бiлер,

Менi көр де –

Сөз айтқан кiсiмдi көр:

Бұ заманның құзғыны көмiп болып,

Елжiреп кеп елiңе

Түсiндiрер!

Өтiрiктi айтқанда қиып кетер,

Өзгенi айтып өз бойын

Биiктетер.

Ел алдында иманды айтқандай боп,

Ел кеткен соң молаңа

Сиiп кетер!

Саясатты елмiз ғой ұйып тыңдар,

Өтiрiктi айтқанда бұйықтыңдар.

Әбдiрамановты қайтедi басып берсең,

Бесқалада отырған «сүйiктiң» бар!

Келгенiм жоқ бұл жерге өлең iздеп,

Келдiм бiрге қосылып өлемiз деп.

Жетi жұрттың меңгердiм ана тiлiн,

Сүттi қызын берген жоқ, беремiз, деп.

Мен, адамдар, жетi елдiң тiлiн бiлем,

Өз тiлiнде өздерiн сүрiндiрем.

Өлеңiне Потьенiң күмәнiм бар,

Жетпiсiнен қымбатты бiрiн бiлем.

8

Ар-намысым, туымсың, Ана Тiлiм,

Мәңгiлiкке жолымсың баратұғын.

Жүз отыз тілде пайда жоқ сөйлегеннен,

Өз баласы астында қанатының!

Жұлдызым-ай, Күнiм-ай,

Қауыштым ба?

Жалын бершi бойымда бар ұшқынға!

Аракiдiк сөзiмдi шұбарласам,

Өзге жақтан келдi деп намыс қылма!

Мен Анамды бiрер сәт ұмытпадым,

«Ана тiл» де мөлдiрiм, тұнықтарым!

Айлы әлемге шашылған ана кезде,

Жинап жүрмiн маржанның...

Сынықтарын!

Арал бойын жайлаған әз арыстан,

Қоңырауымсың құйылған таза мыстан.

Мына жағы Маңғыстау,

Қызылорда,

Бесқаланың жартысы – Қазақстан!

О, арамдық,

Барады қырың батып,

Қырық жамадым қадiрлi туымды атып!

Ауызымнан нанымды алып жедiң,

«Интернационалды» қазаққа шырылдатып!

Қоңыраулы, бармысың, қайран бесiк,

Шыңғырлап тұр!

Келсем де қайдан көшiп!

Айналайын, тiлiмнiң жұқанасы,

Аман шыққан апаттан...

Майдан кешiп!

Өтiрiктiң бiлемiн түк те емесiн,

Ел-жұртымды жығылған

Тiктемесiн!

Iркiт шықты iшiнен, сiмтiк шықты,

Саясаттың жазғанда бүктемесiн!

Елу бір жыл қазақ деп шырқыраппын,

Қазақ десем өлеңді бұрқыраттым.

Қазағыма кигізіп құндыз телпек,

Бәрін соған қададым жылтырақтың.

Өтiрiктен бұл әлем астан-кестен,

Өзге жұртты алдарсың аспанда өскен!

Жетпiс жылда бiр ақын шығармаған,

Мола шығар қазағым

Тастан кескен!

Жарты ғасыр алыстым өлiмменен,

Көрейiн деп не көрсем елiмменен.

Сырмағының iшiнде тырнағы бар,

Жалған шындық...

Жасалған...

Желімменен!

Қулық сөзге ерiп жүр бит-аламан,

Уыз күтiп, сүт күтiп Ит-анадан!

Қолы қисық шөмiшке, өгей қатын,

Әрлi-берлi қаспақты қиқалаған!

Жамау түстi әр кетiп,

Ақ шалбарға,

Қазақпын деп шама жоқ... қақшаңдарға!

Сәлемiңдi қоя тұр, туыс болсаң,,

Алдыменен шығаршы,

Шақшаң бар ма!

Қор-зар болды қулықтан, қайран елiм,

Бағың үшiн басымды байлап едiм!

Қара жолда таланып қолда барың,

Қуғын көрiп шығады...

Қайдан елiң!

Өлдi деген қазақтың

Қаңқасы бар,

Жардым деген түбiрдiң

Жаңқасы бар!

Тiрi пенде түбiнде текке өлмейдi,

Қалтасының түбiнде балтасы бар!

Ойланбасаң қалың ел

Ойлатады,

Көк теңiздiң түбiне бойлатады!

Төле бидi туған ел,

Төлегендi,

Найзағайды төбеңде ойнатады!

Миллиондарым барында мен өлмеймiн,

Айтып болмай сөзiмдi

Жөнелмеймiн!

Ағам – тақта, ізiмде iнiм – атта,

Мен қазақтың барында...

Көнермеймiн!

Еркiн әлем елу жыл сағынғаным,

Қазақ барда әкемнiң бағындамын!

Қолда – қалам, аяғым – үзеңгiде,

Қартайсам да атымның жалындамын!

Қазiр барып бар сыммен байланысам,

Жиырма миллион қазақтың

Майданы – шаң!

Зымыран болсам дағы жалғызбын мен,

Әуежайым болмаса қайдан ұшам?!

Әлiмбаев, бармысың, аманбысың?

Елден жырақ қор болды қаран күшiм!

Тас iргеге кiрпiш боп қаланамын,

Тартып барып тастардың

Табандысын!

Мен ба-а-а-яғы өзiңнiң жасыңдамын,

Күндiз-түнi өлеңмен қасыңдамын.

Орнықтырып iргемдi қалап едiң,

Жинар ма екем дәнiмнiң шашылғанын?!

Табынбаймын тақтыны Құдай ма деп,

Үмiттенем қазағын құрай ма деп.

Мен елiме жыр жазам авансқа,

Өлгенiмде бiр қазақ жылай ма деп!

Мен өлеңдi елуде үйренбеймiн,

Өз отыма өзiмнiң күйгендеймiн.

Алабаған артында анам қалды,

Ортасында екi оттың иреңдеймiн!

Келгенiм жоқ бұл жерге өлең iздеп,

Келдiм бiрге қосылып өлемiз деп.

Әу басында бiреулер шәй берген жоқ,

Төбедегі шәй берсе, беремiз деп.

Ертең маған әкiмдер шәй бередi,

Ақын сөзi ақынмен сай келедi.

Қазағыма әкелдiм Құран жазып,

Неге керек мәңгүрттiң майда өлеңi?!

Тәңiр болған үмбетiн лайық көрсiн,

Осал дерсiң кемдi күн

Майып дерсiң,

Әлiмбаев Мұзафар – әкем менiң,

Әке орнында болған соң –

Айыпкерсiң!

Қайдан бiлсiн iнiлер, танытпасаң,

Көрер едi көзiмен шарықтасам.

Кiшi – кәпiр о баста,

Үлкен – көпiр,

Айт, оғымды жауыңа дарытпасам!

Дарындарға Әбiштей сауат берсiн,

Ақындарға Олжастай қанат берсiн.

Кекiлбаев дегенiң – Үлкен Аға,

Үлкен Аға болған соң –

Жауапкерсiң!

Ендi менi қанша жыл қинамақсың?

Менi өлтiрiп...

Кiмiңдi сыйламақсың?!

Сүлейменов дегенiң – Үлкен Аға,

Үлкен Аға болған соң –

Виноватсың!

Нағылса да Кiшiнiң айыбы жоқ,

Сәт түскенде озбаса...

Қайымы жоқ.

Ағалары аузынан нанын алған,

Кiшiсiнiң сондықтан...

Қайыры жоқ!

Ақ емессiң, Ағалар,

Қап-қарасың,

Қап-қара боп... несiне ақталасың!

Ағалардың қайыры жоқтығынан,

Аяғына таптаған бақталасым!

Ақ емессiң, Ағалар, қап-қарасың,

Мен сөйлесем ... өлуге шақ қаласың!

Ақ ботасын қазақтың жауға берiп,

Әзер болса... астымнан тақты аласың!

Мен қазақтың итiмiн,

Күшiгiмiн,

Сосын оған сөзiм бар...

Кiшiгiрiм:

Қазақ маған Мамайдың тағын бердi,

Қиын ендi бұл тақтан... түсiруiң!

Кiшкенелер наным жоқ үйге келсе,

Мен өлемiн қорлықтан күйген өлсе.

Жырымды картон тауып баспадың ба,

Алпыс бес жасқа дейiн... сүйрегенше!

Iзiмде аман болсын iнiлерiм,

Оларсыз қара жерге кiрiп едiм.

Мұқағалидың жатыр ем қабiрiнде,

Тағым қайда!

Мен қазiр...

Тiрiлемiн!

Айбергенов – алыста молам қалды,

Сүйреледi туған жер сол аңғалды.

Қолды болды-ау, сол ағам,

Қолды болды-ау,

Қолды болған жерiңде... қораң қалды!

Қырық жыл жүрдiм молаңды қорығыштап,

Көк Жалауын қазақтың қолыма ұстап.

Қазағым деп шырлаған жалғыз мола,

Жалғыз мола жанында толы қыстақ.

«Ағажаным-айбатым, айға ұсаған,

Мен мұңайсам жаныңа қайғы салам! »

Бiр жарым миллион қазақты көзiң қимай,

Жат iшiнде қалдың-ау, байғұс Ағам!

Жылап қайтам алдыңа, жылап барып,

Неге тудық осынша жырақ барып!

Көз жасымды өзiммен әкетейiн,

Қуантармын бiр иттi... құлап қалып!

Бұл ауылдың барлығы қақпан екен,

Қай әзәзiл бұл жердi тапқан екен?!

Кешiре гөр, Ағажан!

Кешiре гөр!

Мен қазiр Мұқағали жаққа кетем!

Сол жақта қандасым бар, бауырым бар,

Бауырға менiң қанша ауырым бар?!

Жерге ұрғысы келгенмен тегi төмен,

Алдында қазағымның қадiрiм бар!

(Өлеңдерiм құлаққа кiрдi менiң,

Айқындасты өлеңiм!

Бұлдыр едiм.

Абайлы бол ұлыңа, Қазақстан,

Бiрдеңенi мен қазiр...

Бүлдiремiн!)

Сыйын алсаң дұшпанның мерт етедi,

Қарсы қойып ...

Iшiңдi дерт етедi.

Түбi бiрге болғанмен дiлi басқа,

Iшiн ашсаң жүрегiң

Селк етедi.

Бiреу сөйлер бiреуге терiс барып,

Алападан жатқандай кемiс қалып.

Өйте берсең, мен сенi оңдаймын, деп,

Өгей қатын келедi шөмiштi алып!

Мен бекерден бекерге сылтымаймын,

Маңғыстаудан елiм деп шырқыраймын.

Сылтып жүрген Ақтауда – сынық айна,

Сәуле түссе мен әлi... жылтыраймын!

Елiм осы!

Мен деген елге сiңем!

Отан ыстық шөгiрi, шөңгесiмен!

Менiң сөзiм тiке сөз – ұлдың сөзi,

Домбыраның ең соңғы пернесiнен!

Ұлан байтақ елiме тамсанамын,

Ұқ ұлыңды, Қазағым,

Таң самалым!

Бiр төренiң тағынан төмен түссем,

Онда менiң тозғаным,

Шаршағаным!

Онда менiң өлгенiм,

Шiрiгенiм,

Алып таста басымды, Ұлық Елiм!

Ағам жатыр Кеңсайда, Ақын жатыр,

Табытынан мен соның... тiрiлемiн!

Қайран, Қазақ!

Атыңнан айналайын!

Ерiк бершi,

Аспаннан Айды алайын!

Өңменiне дұшпанның қазық қағып,

Тайғанасам ... биiктен тайғанайын!

Бүтiн болшы, Сау болшы,

Қазақстан!

Өздi-өзiңмен болмайды сазарысқан.

Бөтен Отан жоқ мына Қалбай үшiн,

Қалбай үшiн өзге жер –

МАЗАРСТАН!

Өзге жерде қаламға асылады,

Оқпан тауып... Сiбiрге асырады!

Өзге жерде Құдайдың көзi қисық,

Ол жерде Төлепберген басылады!

Өзге жерде жүресiң екi бетпен,

Тiзесiмен басады... көкiректен.

Өзге жерде Қазақтың құдайы жоқ,

Өзге жердiң құдайын соқыр еткен!

Самалаға шықтым ба, Қайран Елiм?

Қолыңдағы кiршiксiз айнаң едiм!

Киейiншi басыма бергенiңдi,

Ойпырмай, басым өзi, қайда менiң?!

Қырық жыл жазған ақынның аты нұсқа,

Аты нұсқа ақынның хаты қысқа!

Тымағыма қарашы, елiм-жұртым,

Терiс қарап кимейiн қапылыста!

Бiр қанайын көктемнiң жасылынан,

Бiр көктейiн маржанның асылынан!

Жырым қалсын – көздегi нұрым қалсын,

Мұқағалидың хан болған

Ғасырынан!

Бiр қанайын таңдардың аппағынан,

Жарқылдаған найзағай шақпағынан!

Жеңiлдетшi тасыңды... үстiмдегi,

Бiр қарайын... табыттың... Қақпағынан!

Бар екем ғой қазақтың арасында,

Қайран елiм қайырылып қарасын да!

Менiң атым қойылған қай көшеге,

Ақын болсаң...

Сол жерге барасың да!

Мен ендi...

Мынау елде оқыламын!

Торқа екен ғой гүл түгiл, топырағым!

Қазағыма елжiреп... Елжiреп боп,

Мен сосын... қайсы Таста отырамын?!

Бар екем ғой, Құдай-ау,

Бар екем ғой!

Бар болған соң... бiрдеңе...

Дәметем ғой!

Шығыпты ғой шықпаған жазбаларым,

Жаяу жүрген қазақтың... ханы екем ғой!

Соны ұқпаған анау ел... бала екен ғой,

Телпегiмен ойнаған... шала екен ғой!

Есiгiнен жәннаттың сығаладым,

Түйе мiнiп мен ендi әрi өтем ғой!

Досым анық, ел-жұртым, қасым анық,

Әруағыңды сүйейiн ашып алып!

Бар бола гөр, қу құдай, жар бола гөр,

Бiр бәленi жүрмейiн басып алып!

Өлдім, Анам, аузымнан суым құрып,

Кір-қоңымнан артып ал,

Жуындырып.

Қайда көрдім мен сені қайыршы деп,

Босағада өлтірмей...

Буындырып!

Өз ботаңмын аулақтан өрiс тиген,

Несiбесi құдайдан кемiс тиген.

«Бауыры-ы-ы-м...» – деп аңырап жүгiргенде,

Қапылыста көйлегiн... терiс киген!

2000-2001 жылдары жазылды,

2013 жылы жаз айларында қосымшаланып, өңделіп, нүкте қойылды.

09. 12. 2013 күні электрондық пошта арқылы «Төртінші билік» газетіне, осы газеттің директоры – Бас редакторы Төлемырза Темірбекұлына, арналған адресіне табысталды.


Қалбай ӘБДІРАМАНОВ, ақын.

«Қазақнама: Қазағыма хат» жыр кітаптарының авторы

Көп оқылғандар