Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Қостанай ақынын ардақтады

02.06.2016 422

Қостанай ақынын ардақтады


Әдебиет әлемін ағып бара жатқан өзен деп қарайтын болсақ, Ақылбек Шаяхмет сол ағынға қосылып өзен арнасын кеңейтіп келе жатқан қазақ ақындарының бірі.

«Тұңғыш кітаптан» (1977) бастап «Нар қазақ – намысы бар қазаққа» (2016) дейінгі жарық көрген кітаптары қаншама. Оның бәрін тізіп жазбау үшін «Өшпей жалғыз сөз қалар» деген тақырыппен «Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газеті сайтында жарияланған ақын, көсемсөзші-журналист Ақылбек Қожаұлымен болған сұқбаттан үзінді келтіре кетейін.


Ақылбек Шаяхмет1.jpg


– Шығармаларыңыз сан қырлы. Өзіңізге қай жанр жақын? – деген тілшінің сұрағына қаламгер: 

– Жанр дегенде жас кезімнен серік қыл¬ған өлең бәрінен де жақын. Алайда өлеңге сыймайтын драмалық күрделі си-туациялар туралы қалам тербегенде пьеса¬ларыма, өзекті тақырыпты сөз етерде көсемсөз жанрына жүгінемін, - деп жауап береді. Түсініп отрғандарыңыздай кейіпкерімнің кітаптары бір ғана тақырыппен немесе бір ғана жанрмен шектеліп қалмайды. Балалар әдебиетіне де көңіл аударғанды ұнатады. Көптің тісі бата бермеген «Шешендік өнері» тақырыбында ізденіп алғаш диссертация жазғандардың да бірі осы – Ақылбек Шаяхмет. Тіпті, Тобыл – Торғай өңірінің ескерусіз естен шығып бара жатқан шешендерін түгендеп, атадан қалған асыл сөзді оқырман қауымға тарту еткен де осы – қаламгер болатын. Заманында жазған-сызғанын жинап кітап ете алмаған алаш азаматтарының шығармаларын жинақтап жарыққа шығаруда белсене еңбек етіп келе жатқаны бір бөлек әңгіме. Мұны «іздеушісі жоқ демесін» деген оймен жасалған қазақ әдебиеті үшін жанашырлығы деп түсінген жөн. Айта берсе еңбегі көп жан. 2014 жылы «Алтын қалам» жүлдесіне ие болған «Ыбырайдың өсиеті» атты пьесанның авторы. «Өкініш» атты драмасы І.Омаров атындағы қазақ драма театрында қойылып қала тұрғындары мен қонақтарының көңілінен шыққан болатын. Жыр додасында талай бағаланған өлеңдері бар. Республикалық деңгейде өткізілген жыр мүшәйралардың жеңімпазы. «Дарабоз» бәйгесінің жүлдегері. Бүкілодақтық әуесқой шығармашылық фестивалінің лауреаты. «Ана тілі» газетінің лауреаты. А.Байтұрсынов атындағы медальмен, «Қазақстан Тәуелсіздігіне 10 жыл» және «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. 2007-2008 жылдары өткен «Астана-Бәйтерек» республикалық ұлттық конкурсының жеңімпазы. Басқа да түрлі байқаулардың жүлдегері. Айта берсе бір басынан асып жығылатын марапат иесі. ҚР-ның мәдениет қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисі, ақын, жазушы, драматург Ақылбек Шаяхметтің осынау шығармашылық жолда жүргеніне биыл жарты ғасыр. Ал бүгін Е.Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясының Концерт залында 50 жылдық еңбек пен ізденістің есебі ретінде ақынның кеші өтті. Сондай-ақ бұл кеш жуырда ғана жарық көрген төрт бірдей кітаптың («Сөз», «Голос степи», «Каскалар мен маскалар», «Нар қазақ – намысы бар қазақ») тұсаукесеріне негізделген. Сәйкесінше жиынға келушілер алдымен фойеде кітап көрмесін тамашалады. Келушілер қатарында ақынның тұрақты оқырмандарымен қатар жергілікті қаламгер дос-жараңдары, билік өкілдері болды. Сонымен қатар ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қойшығара Салғарин мен жазушы, драматург, қоғам қайраткері Төлен Әбдік қатысты. Қостанай облысы әкімі Архимед Мұхамбетұлының кеш иесіне құттықтау хатын облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев жеткізіп, арнайы сыйлық табыстады. Әнші Арыстан Құрманов пен А.Шаяхметтің немересі Бекзат Ақылбек ақын сөзіне жазылған әндерді нақышына келтіріп орындады. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген қонақтар жылы лебіздерін айтты. Алғаш сөз алған құрметті қонақтардың бірі танымал жазушы Төлен Әбдік болды.


Ақылбек Шаяхмет.jpg


- Қазақ «алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» дейді. Қазақта не көп - ақын көп. Қазақтың поэзиясы өте биік, сонау жыраулардан бастаңыз, қандай философия тұнып тұр. Одан кейінгі Махамбет дәуірі, ұлы данышпан Абай, советтік дәуір тұсындағы заманның өзінде де тамаша ақындар болды: Мұқағали, Жұмакен, Қадыр дегендердің қадірін қазір біреу білсе, біреу білмей жүрген шығар. Бұлар шынымен әдебиет төңірегіндегі үлкен ақындар. Ал енді осы ақындардың өкшесін қуып, осы бағытта дамыған жастар болды. Сол жастардың ішінде ерекше болып көзге түсетін осы Ақылбек десем артық айтқандық деп есептемеймін. Ал енді, әркімнің өзіндік стилі болады, әркімнің өзінің тақырыбы болады, сондықтан да біреуді-біреуге телудің өзі қиын. Ақылбектің творчествосын түгел оқып біттім деп айта алмаймын. Бірақ та бірнеше өлеңдерін оқығанмын. Бір топ өлеңдерін «Өркениет» деп аталатын журналыма басқанмын. Сондағы көрген, түйгенім: Ақылбектің өлеңдері біріншіден өте поэтикалық тұрғыда көркем, сөз саптастары сыйқырлы келеді. Одан кейін ой, тазалық, елге, адамзатқа деген сүйіспеншілік осының бәрі сол кезде өлеңдерінен көрініп тұрды. Ақын деген әр түрлі. Бір ақындар болады улатып-шулатып, өлеңді жасау мен көркемдік тұрғысынан қарайды. Енді бір ақындар болады көркемдіктің сыртында елге бір пайдалы сөз айтсам, елге бір азғантай пайдам тисе деген. Мұны енді азаматтық ұстаным дейді. Осы тұрғыдан келгенде Ақылбектің өзінің ерекшелігі азаматтық парызы мен ақындық қуатының бір жерге ұштасуы деп есептер едім. Ақылбек туралы айту дегеніміз – бұл үлкен көркемдік сөз өнері туралы айту деген сөз, әділдік, шындық туралы, елдің мүддесі туралы айту деген сөз. Қысқасы оның тақырыптық ауқымы кең. Бірақ, меніңше, Ақылбек поэзиясының биік деңгейін танытатын баға әлі берілмей жүр, - деп түйіндеген жазушы жақсы мен жаман шығарманы ажыратып, түсіне білу керектігін жеткізді. Сондай-ақ ақынның туған жері Қостанай облысы Жітіқара ауданы әкімі Ыбыраев Абай арнай келіп «Жітіқара ауданының құрметті азаматы» атағын табыстады. Атырау жұртының сәлемін алып келдім деген Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері ақын Қойшығыл Жылқышиев өлең-жырмен құттықтап, ҚР-ның парламенті Сенатының депутаты, Қазақстан жазушылар одағы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрлан Оразалинның құттықтау хатын табыстады. Ғалым, жазушы Қойшығара Салғарин, халық ақыны Әсия Беркенова, алматылық жазушы-журналист Өтеген Әбдіраман жүрекжарды лебіздерін арнады. Ақмола облысы әкімі Сергей Кулагиннің алғыс хатын Бұланды ауданының тілдерді дамыту орталығының директоры Марғұлан Оспанов табыстады. ҚМДБ-ның атынан өкіл имам Бақытбек аға Тәжімбет «Өкініш» спектаклі жайлы ойымен бөлісіп, «Мінажат» кітабынан түйгендерімен бөлсіті. Облыстың ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебек Үкіұлы барша жерлестері атынан құттықтап, табыс пен шығармашылық тіледі. Реті келгенде айта кету керек жақында ақынның бір топ жырлары Әзербайжанның «Ұлы Шынар» журналында жарық көрген болатын. Халық Ақылбек Шаяхмет ұлының түркітілдес әдебиетшілерге берілетін Махмұд Қашқари атындағы халықаралық сыйлыққа ие болғанын естіп қуанысты.Келген көрермендердің назарына «Ыбырайдың өсиеті» мен «Өкініш» қойылымдарынан үзінділер ұсынылды. Қостанай қаласы С.Мәуленов атындағы гимназия оқушылары Ақылбек Шаяхмет өлеңдерін жатқа айтты. Қызылордадан арнайы келген Әлмірза Ноғайбаев Ақылбек Қожаұлының сөзіне жазылған «Бәрі қалады» атты термесін орындап көрермен ықыласына бөленді. 

Тамаша жиынның соңында Ақылбек Шаяхмет жиналған жұртқа өлеңдерін оқып, алғысын айтты.


adebiportal.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар