26 мамыр 2018
Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Нұржан Байтөс: Ар жылайды екі бетін тұмшалап

30.05.2016 227

Нұржан Байтөс: Ар жылайды екі бетін тұмшалап


1560562_592099027602386_8655323067122110192_n.jpg

Азаттықтың анықтамасы


 

(Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына тарту)

 

16 мен 86 арасын,

Жалғап жатқан сәйкестікті қарашы.

70 жылда бір бұлқынып қойыпты,

Бодандықтан бұл қазақтың баласы.

 

91-де бұлтын түріп көк аспан,

Тұғырыма бүкіл әлем қарасқан.

Егеменді ел қадірін ұқпасақ,

Енді бізге қай еркелік жарасқан?!

 

Содан бері ширек ғасыр өткен-ді,

Жырлаймыз біз 25 көктемді.

Егемендік бізге көктен түскен жоқ,

Оны бізге есіл ерлер ап берді.

 

Сондықтанда «көтеріліс»- бұл шындық,

Құлдық емес, құлалыққа күрсіндік.

Тәуелсіздік жайлы айтпай тұрып-ақ,

Тарихтардың толқынында іркілдік.

 

Үйімізге келіп жатыр бар қонақ,

Берекемді ақ ырысым жалғамақ.

Соны көріп шырайланып қарайды,

Төрде отырған қарт әжеміз «тәубалап».

 

 

Механизм

 

«Сырт» деді сағатым,

Тірі емес, механизм болатын.

Көздерімнің ернеуінде күн тасып,

Түкпірімнің кеңістігі қара түн.

 

Өмір...

Ол мен сынды,

Жат көздерге барым, жоғым тең сынды.

Жүрекпенен жағаласқан үшін де,

Бір-ақ ұрып сындырсам ба сен сұмды...

 

Минутшыл, әй, сатқын!

Шаршаттың, мен саған ой саттым.

Хақымды алмай бұл ғасырдың басынан,

Саған қарыз болғанымды байқаппын.

 

Сағат, сен саудагер,

Сарсаң етіп ұялмастан сауға дер.

Құрып қалғыр, тірлігіңді бұл сенің,

Енді тіріле алмайтын, құдай-ау, жанға бер.

 

Мінекей, осы әділ.

Сен емессің, адамзат қой жасағыр.

Асығу да саған ғана тән бе еді

Тоса біл!

Ендеше тоса біл!

 

Тыңқ-тыңқ жұтынған,

Құтырған, бейуақытта ұтылған.

Ақиқатын айтайын ба, түбінде,

Мен емес-ау, сен боларсың жұтылған.

 

Күндесім бұл сағат,

Жүр ғой мені ол өзінше құл санап.

Зар жылайды қара басқыр, өткен күн,

Ар жылайды екі бетін тұмшалап.

 

Білесің, ұғасың,

Сабырға шақырып, сабырсыз ұрасың.

Көріме кірмейтін қорқақ-ау,

Төріме неге шығасың?!

 

Қоя ғой, аяқта,

Тыныштық ет, тұра тұрғын, тоятта.

Өтінішім болсын менің ендеше,

Ертеңгісін оятпа...

Оятпа...

 

Көктемге хат

 

Жазғанымды білмеймін, жазбағанды,

Күнтізбесі күздің де тұр үстелде.

Кеткен қыздай сазарып жаз да қалды,

Құмарлыққа қанбады-ау,

Тыныш кеуде...

 

Өліара ма, немене айсыз кез бұл,

Жер кіндігін тастаған түйіп сызың.

Сетінеген жағасы жайсыз мезгіл,

Көп жыл киген күртемдей сыйықсызым.

 

Жұлдыздардың көзінен жарқыл кетіп,

Бұқа бұлттың қарыны тігілмейді.

Қалтыраған жапырақ қалт-құлт етіп,

Қайыршының қолындай дірілдейді.

 

Асфальт жолмен келемін түсіп алып,

Қанбаса да нәпсілік ұйқы мейлі.

Көшелер де көздерін қысып алып,

Көкке қарап бейсауат ухілейді.

 

Көрші иті арыстан секілді еді,

Құйрықтарын қысып ап жүгіреді.

Қайда кеткен бір қыздың кекілдері,

Жазда керім көркенде сұлу еді...

 

Түнереді тіріні бақылап-ақ,

Бастан дәурен кеткен соң бақ қарайып.

Келші, құрдас, екеуміз отыра қап,

Кербез көктем күніне хат жазайық...!

 

«Аға» деді...


Бұрыңғыдай көрініп дала демі,

Бір-ақ тартып көңілдің қарагері.

Жайраң қағып көшеде келе жатсам,

Аяң басқан бір сұлу «аға» деді.

 

«Аға» деді, апырай, мына бала,

Түр сипатым ілінді-ау сынамаға.

Бір-ақ сәтте жанарда жалын сөніп,

Боз қыраттай айналдым қу «ағаға».

 

Расында, кезбе-кез алыс бүгін,

Жылдар сірә, жусатты жан ыстығын.

Көптен бері ашпаппын фотоальбомды,

Көптен бері тақпаған галстугім.

 

Көптен бері бармаппын жағалауға,

Келмейсің деп бақтар да табалауда.

Көптен бері себеп те болмай жүрген,

Гүл базарын, шіркін-ай, аралауға.

 

Шынында да, бойжеткен «аға» деді,

Бірақ, үнсіз кеткені жарар еді.

Жол бойында сірескен сұр бақандай,

Қадап, қалқам, кеттің ғой, қара мені.

 

Қалай жүйрік уақытты тұрақ қылдым,

Жастық кетті міңгесіп, жырақ бұл күн.

Үйге оралған шағымда әкемнің де,

Жүзін әжім басқанын бірақ білдім...

 

Түн монологы

 

Керемет түн, не деген керемет түн!

Тұңғиыққа тұра алмай ере кеттім.

Тауып алып ләззатын наз ұйқының,

Ақылыма әдейі ерегестім!

 

Бір өзінен тапқан соң нұр, арайды,

Қап-қараңғы көрпеме тығам айды.

Көмкеріп ап, аспанның астына енсем,

Жыртығынан жұлдыздар сығалайды.

 

Құмарлыққа ұйып тұр кірісуі,

Әлсіз тәнде кірпіктер сүйісуі.

Сөндіріңдер, жарықты, сөндіріңдер!

Маған маза - көктемнің жылы түні.

 

Үзілгелі рахаттан тұрған әні,

Қол, аяғым буынсыз құр қалады.

Ұйқымызды тосып жүр ұйқас қана,

Түнде туған тербетіп бұл баланы...

 

                     *********

 

Еркелік жоқ, ертеректеу ержеткем,

Сергелдеңге салып кеуде селдеткем.

Міне, қызық енді барам жақындап,

Перизаттай пәк әлемге

Сезбестен...

 

Міне, қызық, тұншығады жан үні,

Міне, қызық, тербеп көңіл сабыры...

Міне, қызық, күтпегенде жарқ етті,

Жерді құшқан каметаның жарығы.

 

Қызық! Қызық!

Қуаныш па, мұң ба бұл?

Сана - қаңбақ, адасып-ақ қырда жүр.

Қызық деймін, келісер ме, оң қолда

Махаббатым,

Сол қолымда бұл қадір.

 

Қос қолымды қысып қатты ұстаған,

Үміт туын күдік ұрмай жықпаған.

Міне, қызық, қаперсізде осы сәт,

Қақ алдымнан қарауытып шықты адам.

 

Тосынсый ма?

Бұл немене?

Жынды ма?

Тірі дене тұнжырайып тұр мына.

Нені іздейді?

пәк әлемнің алдында,

Жасағалы жүрген жоқ па бір күнә?!

 

Нұрға шомған шұғылалы сәнді әлем,

Басқа қолда достығым тұр, жан кәдем.

Енді менің еркім аздық етеді,

Екі әлемді мәңгі матап байлар ем.

 

Ал, сен айтшы, қайбіреуін таңдар ең?...


                    *********


Бұл түндер маза кетіп күлгін мұңда,

Салумен жиі қолқа жүрдім жырға.

Ешқашан аласармас өрлігімді,

Бүгін мен құрбандығы қылдым қызға...

 

Мен түгіл оған ғалам ынтығады,

Ол басқан топырақ та құлпырады.

Ол өтсе тік көтеріп түн еңсесін,

Тіріліп мылқау бақтан тіл шығады.

 

Тамшылап тұңғиықтан алмас ағып,

Өмірді өмір онсыз далбаса қып!

Қызғанып оны тіпті, бейуақытта,

Көкжиек күнді жұтты қан-жоса ғып.

 

Құдай-ай, қандай жансың?!

Қалың қабақ

ғалам да жіберді ғой бәрін талақ.

Бітіспес жау боп кетті ай мен жұлдыз,

Бірінің бірі көзін барымталап.

 

Қулық ап кәрі жанар қиығынан,

Ғұмырын қыздың білген бұрынынан.

Шақшасын өкшесіне соғып-соғып,

Тағдыр-шал мырс күліп тұр миығынан...

                    *********

Сезім бе еді, мен бе едім оятканың?!

Үміт серпіп қағады қанаттарын.

Сағат тілі секілді шарқ ұрады,

Санам бұл сәт секундтың санап бәрін.

 

Қала шуы, ішінде жат жұрттардың,

Гуілдерге көміліп, дақпырттардың

арасында мен тұрмын, жалғыз өзім

Адасқандай түбінде ақ бұлттардың.

 

Рас, ғалам тұманға оранғандай,

Көздерімнің әйнегі боянғандай.

Жылдамдығы уақыттың жын үріккен,

Жеткіздірмей қашады қояндардай.

 

Түн мен тірлік тынады қосылар сәт,

Жастанбаққа әлемнің төсін аңсап.

Талықсытып барады, қауқарсыз қып,

Толқын келіп соғардай осынау шақ.

 

Құптан нұрын жұлдыздар тілегендей,

Тірілуде тірлікті біле бермей.

Сен де келіп қаларсың, күтем онда,

Бейуақытта оралған бұл өлеңдей.

 

                    **********

 

Қара түн. Қоюланған ойым да оғаш,

Ойландым,

Лақтырдым мен уайымды алас.

Пендені көрдім, жаным, мен көшеден,

Теңіздің тереңдігін мойындамас.

 

Мен күлдім,

Ал, ол сөзін қайтармайды,

Ар емес, күнәлары айқайлайды.

Бұрыштан тағы біреу шықты сөйлеп:

«Шыңдары биіктердің байқалмайды...»

 

Немене, бұл елестер кімдер еді?

Торып жүр тірі еместер түнде мені.

Жо-жо-жоқ, олар емес қазір көңіл

Сен едің аппақ арай. Іздегені...

 

Сен едің құтқаратын ол жандардан,

Жарқырап корінсейші жалғандардан.

Сөз берем, мен мәңгіге бас тартар ем,

Осы таң атса болды, ойланғаннан.

 

Адамзат бекінгенде алдамауға,

Жанына жасандылық жалғамауға.

Ол пенде бақытты ғой, бірақ, бірақ,

Жалғанның жалғандығы жалған арда!

 

Сен болсаң пенде емес, періштесің!

Күдігім сыр санатын кемітпесін.

Дәл қазір берілейін антұрғанға,

Егерде рас болса ерітпесің...

 

Шындық па, шақырдың ба, барайын ба?

Шынымен?

Елестерсіз сарайыңа?

Құтқардың.

Жалғыз кеттің тағы, бірақ,

Сиқырлы шұғыланың самайында...

 

Қайырлы таң

 

 

 


Темірқазық

 

 

(Саттар Ерубаевқа)


 

 

Бағдар болған әуелден, бағыт болған,

Түңгі аспанда мәңгілік жанып қалған.

Темірқазық жалғыз-ақ! Маңайында

Басқа жұлдыз тұра алмай ағып, солған.

 

Шындық үшін ғұмырын қиған ақын

«Темірқазық» дегенге иланасың.

Түңгі аспанның төріне шыққан екен,

Мына жарық фәниге сыймағасын.

 

Ақиқаттың арты – жөн, алды – күнә,

Ащы шындық жағар ма барлығына?!

Бұл Құдайсыз қоғамның қара бұлты,

Түн қиянат жасаған тағдырына.

 

Жаңалықтың жағып ап жалындарын,

Сағыныштың таппаймыз сағымдарын.

Шындықтарын біз осы білеміз бе?

Ширек ғасыр жасаған дарындардың...

 

Таным, шіркін, жетпейді, білер едім,

Осыны ойлап тағы да түнеремін.

Жұртшылыққа еріксіз жатқа оқимыз,

Мың жұмбақтың ішінен бір өлеңін...

 

Елің азып жатқанда, жерің де азып,

Қазақ отыр қазақтың көрін қазып.

Ақындар да бүгінгі өзгерген жоқ,

Тірі жүрген, тірліктің жөнін жазып.

 

Көзге мерей боп қалған, көңілге азық,

Өлең емес, қалдырған өмір жазып!

Тат шалмайтын ғасырдың көзіменен,

Тас төбемнен қарап тұр Темірқазық!

 

 

 

Дұға

 

 

Кілтіндей сан ғасырлық құлыптардың,

Түркістан қасиетін ұмытқан кім?!

Басымды иемін деп келген едім,

Еріксіз қос тіземді бүгіп қалдым.

 

Айналған «екі дүние есігіне»,

Ер Мағжан егіліпті-ау есіміңе!

Өлеңмен ақ дұғамды бағыштайын,

Кетсе егер ел күнәсі кешіріле...

 

«Кеңес» деп бодандықтың бір кездерін,

Кешегі күнді барлап бұл көздерім.

Жарқырап тұрды сонда, асқақ рухтан,

Құдайсыз қоғамда да күмбездерің!

 

Төр емес мына жердің беті неге?

Көр қылып қонған қазақ төсіңе де.

Қызықпақ түгіл, сені бере алмаймын,

«Әлемнің жеті кереметіне де!»

 

Жолдардан «Жібек жолы» көп ірісің,

Ұлықтап әулиені өту үшін.

Фәниді жалғап жатқан бақилыққа,

Аруақтар көшіп жүрген көпірісің.

 

Жалтыр бет кәпірленіп жабайылық,

Байлар жүр молаларын сарайы қып.

Бұрынғы мәдениет – қандай сұлу!

Бүгінгі мәдениет – анайылық!

 

Ақылсыз құмырсқадай жортатұғын,

Саудаға сатып жүрген жарты ақылын.

Дәл қазір арсыз күнмен шайқасармын,

Ертеңгі ессіз ұрпақ қорқатыным...

 

Түмен Баб, тірілтіп шық тау етегін!

Түркістан, тік көтеріл, кәне, төрім!

Өзіңді сақтап келдік, ендігі кез,

Қазақты сен сақтап қал, тәу етемін!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс.

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)


Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар