Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Көгедай Шамерхан: Көкжиекке сіңген құстың көз жасы

27.05.2016 219

Көгедай Шамерхан: Көкжиекке сіңген құстың көз жасы


FB_IMG_1462531590088.jpg

Жағатсу

 

Риымдіктер қол сүйеді,

таң куә,

Өзі ғана өзегіне өрт жандыра.

Жермен көкке сыйғызбайды  папасын,

Жағымпаздар жығылады болдыра.

Олардікі күне кипара аспабы,

Ал біздікі домбыра.

 

Қоңыр қалта кедей тісі қышыған,

Ұстап жылан құйрығының ұшынан.

Шіркеу бұтын олар құдай санайды,

Қорқад тағы папасының мысынан.

 

Құрлысқа үлгі ұрлау көне Гректен,

Мың жағымпаз

соны арқау жыр еткен.

Көне шіркеу бұршында католик,

ауырады жүрекпен.

 

Не ішседе,

не көрседе оларға.

Бұдан асқан артық бақыт боларма?

Біреу жалғыз жетелейді шоқ арба,

Біреу лашық аңсап әлек қонарға.

 

 

Жапон жайып тұратындай саусағын,

Исін аңсап, қытайлық пар моншаның.

Вагзалдарға ұқсайды ауыл кеспірі,

Елемейді кезек күтіп, тоңса кім.

 

Көне сүрлеу, көкжөтелдің Отаны,

Қамыстының қабаныда қапалы.

Мешеулердің мешел ұлы сарнауық,

Атағынан бағалырақ шапаны.

 

ЖАЗА

 

Мақсым зарлымен сырласу

 

Аспанға жүзі қараған  қанжарға,

Түседі алмалар  топырлап ағаштан.

Сүттей ұйыған айдың нұрына,

Ындыны кеткен мысық таласқан.

 

Көкжиекке сіңген құстың көз жасы,

Ұрлайды түнде жауқазын жырын.

Көп күлген бұлақ, жылауға әуес,

Жоғалтқан құнын, ұмытқан жылын.

 

Аспан толғатқан Алты қаз жыры,

Беймалім қазір қайда өрілді.

Жусан мен жалбыз жүрегін ұстап,

Қашқын қаңбақтың соңынан жүгірді.

 

Түздің Елігі елітті неге,

Сезікшіл болды, ол қашан?

Изен  бастарын изектей жөнелер,

Жұлынып жетсе, жорға шаң.

 

Жаңбырдың исі, топырақ дәмі,

Гүлдердің аңқып бойынан.

Бөрілер орманға қойып барады,

Айыныған қашан ойынан.

 

Ақ көбіктеніп өзен ағуда,

Сұлу тал шашын жуған жоқ.

Таудың басына күн қонып отыр,

Уақыт бірақ, қуған жоқ.

 

Түзді тұман қапатды неге,

Қарақат түнде қансырап.

Мама ағашқа қонған жұлдыздар,

Төгіп тұр қалай бал шуақ?

 

Айға қараған жүздерде жылу,

Көлеңке сонша беймәлім.

Қансырап жатқан қара құмырсқа,

Сайға қамады, қайғы әнін.

 

Шегіртке түннің сағаты тағы,

Оятты нені шырылдап.

Мүлгіген дүние шошып оянды,

Басталды тауда мың ырғақ.

 

Ымыра

 

Мезгілінен ертелеу,

Ымырт жапқан шақ мына.

Қоңыр қостың киесі,

Қыстың жүзі аққұба.

 

Жыртығынан жабықтың,

Асқынған жел ентелеп.

Құтан қорый алмайды,

Тамаққа озбыр маң төбет.

 

Заман түлкі бұлаңдап,

Бізде бәрі ертерек.

Аяз келді ақ мылтық,

Аяр шалға еркелеп.

 

Мың құбылған, түс қандай?

Құны қандай сатыстың.

Біздің бедел құлады,

Әлегімен батыстың.

 

Күндегі күй басқаша,

Шәу тартыпты, қара шал.

Ғимаратын өнердің,

Керегіңе жараса ал.

 

Бос қоймайсың орнын,

Мал бақ, мейлі қора сал.

Рухы өлсе халықтың,

Соқпағынан адасар.

 

Жарнаманың көкесі,

Шақырады ымыртқа.

Байқамасаң шығыстан,

Қаптап келед, құмырсқа.

 

Айдын-көлден құс кетер,

Айна көлден түс кетер.

Хан Абылай бабамыз,

Жорытпапты түс бекер.

 

Баба сату бәйгесі,

Ала сату додасы.

Біздің жайсаң жандардың,

Неге келед, шамасы?

 

Орманда орыс ойқастап,

Ұмысынады аюдай.

Біздікі сол мезгілсіз,

Шырқалған ән "Әй угай".

 

Тәуекел

 

Алты айлық жолға ат ерттеп,

Белін бекем буған бабалар.

Алты күн жүріп бел шешкен сәтте,

Алпыс минут болған дұғада.

 

Біздерді ойлап жанары талмай,

Болашақ,-деп кеткен аманат.

Мәстек мінген, маңгүртке айналдық,

Бөтен бір бітім добалап.

 

Жасауылдай жарақ асынып алған,

Ат  мінген дүр ек тағалап.

Сағы сынып кеткен, сарысу жүрек,

Тар кеудеге үнсіз қамалад.

 

Бабамызды салдық, балбалға қарап,

Түрімен-түсін жобалап.

Ақ жолға шөккен желмая бұлттар,

Күйісін қашан доғарад.

 

Алып шың басын мекендеген мұздар,

Етекке жетті сырғанап.

Алып анадан туған ақпейіл қыздар,

Қырымға кетті домалап.

 

Тәуекел еттім, жаратқан Хаққа,

Түсімізді біздің  өзгертпе.

Абадан болар, Алаштың ұлы,

Талпынып жатыр, жөргекте.

 

Қасиетсіз түн

 

Жасыл шырша жылайды,

Көздің жасын бұлайды.

Менің діңім кесіліді,

Өзі дінін өшірді,

Ұмытты олар Құдайды.

 

Мың миллион торсылдақ,

Түні бойы тарсылдап.

Ақымақтар шошқадай,

Шыға келер қорсылдап.

 

Шайтан зәрін кеседен,

Жұтар бәспен нешеден.

Көзі, басы көлкілдеп,

Табылады көшеден.

 

Тілегені жындардан,

Сұрағаны сұмдардан.

Ине жұтқан түлкідей,

Селтеңдейді шулардан.

 

Көрінгенге көз сүзіп,

Дауасызда ой бұзық.

Жарлы жатыр жарысып,

Жалғыз атын сойғызып.

 

Әйел мен қыз ербеңдеп,

"Бұлда қызық көрген",- деп

Құрбан айтпен Ораза айт,

Арабтардан келген,-деп.

 

Атамыздан тал қалар,

Әз Наурыз  Салтымда.

Үлкен күнә азғындық,

Шариғаттың шартында.

 

Мұсылманның баласы,

Еліктеу сын демей ме?

Мақшар күні болғанда,

Тас тығылар көмейге.

 

Жын-шайтанның жолдасы,

Ақиқатты елей ме?

Уға бөксе аңқасы,

Жаратушы жебей ме?


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар