Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Мерей Қартов: Бұлт ішінде буаз Ай толғатады

26.05.2016 426

Мерей Қартов: Бұлт ішінде буаз Ай толғатады

4kwWA21k0xM.jpg

Түнгі жол

Жар болшы, жалғыз Жасаған,
Мінгенім тарпаң-қашаған.
Қайрақ тастарға қамығып,
Қасаң тағасы босаған.

Ұлар ұшатын ұлы Шың,
Естілді демің, тынысың.
Санама үрей сілтейді,
Суырып бұлттар қылышын.

Қалқан жасадым қажырдан,
Əлсіреп кетпес əзір жан.
Жалғанның көзі жанып тұр,
Жапалақ ұшқан қожырдан.

Кемпіртас отыр жүреден,
Тау-тасты кезіп жүр өлең.
Меңіреу құздар мелшиіп,
Мүйізін Айға тіреген...

Адастырмашы, о Далам,
Жебеші Тəңір- тағалам!
Темірқазықтан түңіліп,
Жол сұрап келем Обадан.

Тізгінін тастап күреңнің,
Еркіне енді жібердім.
Тұманнан сүрлеу суырып,
Шатқалға тағы тірелдім.

Шыдамның шолақ шылбыры
ұстатпай, тағы сырғыды!..
Осындай азап -
Аспанға
ұшырар мені бір күні...

Көктем

Дала елжіреп Аспанның жанарынан,
Қар еріген қара Тау қабағынан.
Мұртты қияқ жатыр-ау құшырланып,
Қыз-бұлақтың қытықтап тамағынан.

Қуланады жасырып сырын бұлақ.
Қылтияды гүлдер де құлынқұлақ.
Көктем тілін үйреніп бүршіктерден,
Күбірлейді жүрегім, жырын құрап.

Саз сарнатып тырналар таңдайынан,
Сүт аңқиды қырдағы тал- қайыңнан.
Жер-Анамыз жұмақтай мейірленіп,
Күн-Əкеміз сүйеді маңдайыңнан.

Қарайлаймын құс ұшқан жолға тағы,
Ақыл-Ойым қиялды самғатады.
Мекіренер мезгілі келіп жеткен,
Бұлт ішінде буаз Ай толғатады.

Қандай ғажап толғану əр-Көктемде,
Көңілімнен мұз еріп, қар кеткенде.
Тереземнің түбінде мұңайысқан
Өлең оқып берейін əр кептерге...

Каспий



Жағада шөккен құмы нар,
Каспийдің мұңын кім ұғар?!
Бақсылар ғана түсінген,
балықтарының тілі бар.

Толқыны асау бурадай,
қайтейін мен де туламай.
Балақтан шалған балдыры,
шұбатылады шудадай.

Аққу мен қазы қалқыған,
шағаласы бар шалқыған.
Су майын -сүттей сіміріп,
қамысы-сəби аңқыған.

Қырынан есіп Қыдыр дем,
қызғалдақтары тірілген.
Шұбатын Айдың іңірде,
су перілері сімірген.

Əулие бұлттар аунаған,
толқыны, құмы тау маған.
Тылсымы терең-Каспийім,
жүрегімсің ғой аумаған!

***

Шу асау – Өмір,
мойныңда кетті құрық күн,
Арқан айлардың,
ұшынан ұстап сыр ұқтым,
Қарғып мінгенде,
тарпаңнан тақым тайдырмай,
Жүген жылдардың,
тізгінін тартып тұрыппын.

Бас бермей маған,
әкеттің тау мен жыраға,
Тулаған өмір,
тізгінге көніп тұра ма?!
"Талса да тақым,
қалса да қолың қарысып,
Жабысып жалға,
жалғанда сірә құлама".
-деп Атам маған
жігер мен жалын құятын.

Құладым талай,
дуылдап бетте ұятым,
Тарланбозымның
тұяғы басқан кең өлке,
Жұдырықтай-ақ,
жүрекке шіркін сыйатын.

Қала

Бұл қалаға кім шыдайды?
Бұралқылар қыңсылайды.
Көздерінен қулық көрем,
Аянышты, мұң сыңайлы.

Сайқалдылық бұл шынымен,
Қысылмайды қымсынып өң.
Уақытша күн көріп жүр,
Тіміскілер тұмсығымен.

Көше толы кіл ездерден,
Түн құбылған, күн өзгерген.
Оңашада өгейсимін,
Өлекшіндік мінездерден.

Қол салады ырысыңа,
Ашкөз қоғам ұрысың ə?
Шаруа көбін шынжырлаған,
Әр мекеме бұрышына.

Тұман қылған түйсік ішін,
-Заман сенің қисық ісің.
Қала деген көп қабатты,
Ит тірліктің үйшігісің.

Қарашада қайтқан құс

Қарашада суып күннің ошағы,
Қаражалдан қара бұлттар жосады.
Ақберліден аса алмаған құс көшін,
Қос көл ана, бауырына басады.


Қаймақтанған су бетінде билеген,
Қанатымен қайғы-мұңды сүйреген.
Құс арқылы жер мен көктің ілімін,
Түйсігімнің түкпіріне түйрегем.


Суық саған, бізге жылы ордамыз,
Тағдырың ғой, тоғытпадық торға біз.
Сан-сақтарға санамен жол саламын,
Құс жолына қосылар деп қардағы із.


Қайғы мен қар бауырыңды сыздатқан,
Қауырсынды қанатыңа мұз қатқан.
Жылы жаққа жеткізетін ешкім жоқ,
Қарашада адастың-ау біз жақтан.


Жол көрсетіп, жөн сілтейді енді кім?!
Кімге кере, көштен қалған кемдігің,
Қара жердің қайырымсыз жандары,
Сеннен ұқсын, көк аспанның кеңдігін.


Биылғы көш, былтырғыдан құсалы,
Көңілсіздеу естіледі құс әні,
Бірі қалып, бірі налып осылай,
Төбемізден бес күн дәурен ұшады.


Дала төлі

Қияққұлақ құлын-жондарға
Бәйіт оқиды паң қарға.
Желіні жер сызған көп бұлттар
Жата кетпекші жарларға...

Маңырақ Сауыр-Маңырақ,
Балғын шилердің бəрі-лақ.
Қыдыр Атаның демінен,
Қозыжусандар жамырап...

Желдінің ширап жыңғылы,
Кесілген бүрген кіндігі.
Уыз емізіп бүрлерге,
Уылжый түсер Күн нұры.

Төлдеген Дала төсінен,
Өркендеп мен де өсіп ем.
Жұпар аңқыған Жұмақтан
Туған Жерімнің несі кем!



Мен жылап ем, көңілшек Тау жылаған.
Қайыңның да көз жасы тамшылаған.
Ай тұмсығын тығады қолтығыма,
Ал, қойнымда бұлттар бар маужыраған.

Қадірін жусан ұғар ала таңның,
қырға қарай өргізіп балапанын...
Мөлдіреп себелеген ақ жауынға,
Тал-шыбықтар жаяды алақанын.

Көтерілсе жиектен Күн қылаңдап,
Құс əніне билейді гүл бұраңдап.
Адасып Ертіс деген енесінен,
Құлынбұлақ жөнелді құлдыраңдап.

Тұман басып тобылғы Тау-шатқалын,
Жоғалуда жондағы жолсоқпағым.
Бүр атқан бүлдіргенге бұрылып ем,
Күнге созды əлжуаз саусақтарын.

Ғажаптарың көңілді алаңдатқан,
Саған тиер қайғылар, маған батқан.
Түрім менің аумайды адамдардан,
Ал, мінезім Табиғат саған тартқан!



Менің жаным қоштасуға осал-ақ,
Туған жердің тауын жүрмін тасалап.
Қаражалға қағанағын жаруға,
Қара бұлттар көп келеді бошалап.

Ақ бас шыңға бауырларын емізіп,
Бұйра бұлттар жантаяды бел үзіп.
Жұпар жұтып, ер-тоқымды жастанам,
Ақ жусанды айғырыма жегізіп.

Бұртияды маған қарап бала бұлт,
Шылбыр ойға шідерлендім оралып.
Жүрегім кәусар өлең тамады,
Тамшысынан өлең мен гүл жаралып.

Жүрегімде әр нотасы жаңбырдың,
Әр жартаста мұңдарымды қалдырдым
Аспан шешем бұлтты күні толғатып,
Айлы түнде тауда туған-ТАҒДЫРМЫН.



Шабандоздан шыға қоймас серт жұтаң,
Атқа шапсам жалын құшып, өрт жұтам.
Сәйгүліктің көз сорасын сүртетін,
БӘЙГЕ ҚАМШЫМ -тобылғы сап, төрт тұтам.

Жылқы мінсем көңіл аумас күйбеңге.
Ыстық қаным тамырымда билеуде.
Талыс тері қақ айырылып кетеді,
ДОЙЫР ҚАМШЫМ- иіріліп тигенде.

Торыменен топқа кірсең ду аңсап,
Абырой ғой салым салып қуансақ!
Айбат берген, қайрат қосқан бойыма,
КӨКПАР ҚАМШЫМ-жылан тері, жуан сап.

Арба шегіп желісіне шалқымау,
Пай-пай деусіз өткен өмір олқылау.
Дәрте басын үш айналып орайды,
СОПЫ ҚАМШЫМ-ұзын құлаш, жалқы бау.

Жылқы сырын бір адамдай түсінем,
Таңдап мінем тарланбозды ішінен.
Иіремін асауы көп үйірді,
Үш шығыршық ҮЙІР ҚАМШЫ мысымен.

Жанға қуат сәйгүлікке бай далам
Тектілері тұғырынан таймаған.
Асау мінсем бас бермейтін, бағынбай
БАПТАУ ҚАМШЫМ борбайында ойнаған!

Өмір мынау қысқа қамшы сабындай,
Арғымақ күн өтіп жатыр сағымдай,
Қара өлеңім бәйге бермес -Қара кер,
Келеді әне, ауыздыққа бағынбай!



Ұсақ тірлік байлайды амал қанша,
Шаруа бітпес жалғаннан жоғалғанша.
Жүр досым, тауға шығып серуендейік.
Қалада қапас ойға қамалғанша.

Қайырымсыз бұл қала жарқыраған,
Даламыздан садаға парқы маған.
Жүр досым, серігім бол, ерші маған.
Қасқа айғырды міңгізем арқыраған.

Жүрек кірін жаңбырмен жусаң тұнық.
Иіскейміз қырлардан жусан жұлып.
Қымыз пісіп, сүрі ет қайнағанша,
Қос айғырды келеміз бусандырып.

Тасташы бір мезетке тас қалаңды.
Не бар дейсің ауылдан басқа мәнді?!
Құмайды да қасыңа қосып берем,
Қара жерде құтылтпас қашқан аңды.

Оғлансың ғой жасыңнан орта көрген.
Кісі емессің соңынан қорқау ерген.
Желмен тарап айғырдың тоқпақ жалын,
Шың басына шығамыз арқар өрген.

Таудың ұлын тас қала қамасын ба?!
Жүр досым, ауыл жаққа барасың ба?
Ұлып- ұлып қайтайық айға қарап.
Бөрі жортқан таулардың арасына!



Іштей сенің сырларыңды ұғынып,
Күн көзіңнен көкірегім жылынып.
Қала қызы бір иіскеп көрсін деп,
Теріскейден теріп келдім Шұғынық!

Сені көрсем көзімнен нұр шұбырып,
Келбетіңе көп қараймын сұғынып.
Қала мұңын қаққа бөліп қайтеміз,
Дала гүлін иіскеші құнығып.

Ескі күйден, есің, санаң тынығып

Шықшы қане шырайланып шынығып,
Құшарланып иіскеші сұлуым,
Құшағыңа толтырайын Шұғынық!

Қырсық қала тұра берсін құбылып,
Таудың ұлы тастан кетпес жығылып,
Пәк сезімнің парқын біліп ұсынам,
Ақ сөзімнің анты болсын-Шұғынық!

Жаратқан соң ТӘҢІР таудың ұлы ғып,
Қала қызы адалдықтың құнын ұқ.
Тағдыр дегенжауынға да, дауылға.
Үзілмесін жүректегі-Шұғынық!



Атамның арқанындай ой шұбалаң,
Таудың төсін аңсайды қойшы балаң,
Түсімде ту сыртымнан кісінейді,
Құла қасқа құлағын қайшылаған.
Аунап-қунап қайтайын қиялыммен,
Туған жер құшағыңды жайшы маған.

Жанса да жанбасада жырдан бағым,
Ардан таймас бойдағы тұрған жаным,
Туған жер туған мекен өзің барда,
Еш қандай несібеден құр қалмадым.
Кәрі атам;"қолы тисе, мен келер деп",
Түгендеп жүрген шығар тұрмандарын.

Қалада бұрынғыдан ірең басқа,
Көлігін сипалаған күлем досқа.
Күлігін кісінеткен ерлерді аңсап,
Ертіс жақта ергіп жүрем босқа.
"Тоқымына тер қатып, жүген құрғап,
Асаусып кеткен шығар күрең қасқа."

Бұл қала мұң-наланы елесін бе?!
Жүзіп барам күндердің кемесінде
Маңдайға тағдырыңды Тәңір жазған,
Өмірді сүресің де, көресіңде!
Анда-санда қыңсылап жатқан шығар,
Құмай тазым қораның төбесінде.

Р.S.
Бәрі де солай шығар кім біледі?!
Қалада түн жылайды, күн күледі!

Ақпан айыSXPfTxaZkP0.jpg


Ақпан айы қасқырлардың бал айы,
Тауға кетіп ұйығады талайы,
Түзге кеткен тағылардан босаңсып,
Тынышталар қойлы ауылдың маңайы.

Арыса да қасқырларда жан сірі,
Азуында тағдыры мен таң сыры
Айға ұлып, ант береді түн ауа,
Қосыларда арланы мен қаншыры.

Қасқырларға ақпан қымбат кезінен,
Ажыратар Абаданды езінен,
Нұр таматын азуынан қан тоқтап,
Құртқасына қосылғанның көзінен.

Тістескеннің кететұғын тісінде,
Аямайтын ар алдында күшін де,
Қасқырларды құрмет тұтам тағы да,
Сыңарына адалдығы үшін де.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар