Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Гүлбақыт Қасенова: Менің жаным – күндей жарық

25.05.2016 543

Гүлбақыт Қасенова: Менің жаным – күндей жарық

 


11124455_981128725265111_562850404_n.jpg

Бірінші жыр

 

Біздің ауыл.

 

«Біздің ауыл Текшенің етегінде,

Ерте шықсам ауылыңа жетемін бе»...

Халық әні жүректі кернеп кетсе,

Қанат қағам сазды әуен жетегінде.

 

...Біздің ауыл – Бұрқан тау, Түрген тоғай,

Еш алаңсыз жырақты жүрген оңай.

Тарих куә – Орбұлақ шайқасында,

Күн қуанып, нұр төгіп, күлмеген Ай.

 

Тамсанбаған жан бар ма Белжайлауға?

Айбоз үйлер сән берген Ойжайлауға.

Үйгентаста табиғат тамылжыса,

Жылқы жусап, өреді қой жайлауға.

 

Біздің мекен – Қарақол, Дарбазақұм,

Құтқойнауы сыйдырған бар қазағын.

Қызылқия, Қашама жері әсем –

Артық емес өлең-жыр арналса мың.

 

Қазанкөл де, Үйтас та жанға жайлы,

Шақпақтыны малшылар жағалайды.

Көрінеді Баркөрнеу менмұндалап –

Жұмақ жерін ұрпағы бағалайды.

 

Біздің ауыл – Іленің етегінде,

Ерте шықсам ауылыма жетемін бе...

Бұрақожыр өзінім, Даңғырлағым –  

Өмір берген, нәр берген ертеңіме.

 

Тоқсанбай мен Тышқантау жоталары,

Бұлақ ағып, өзіңнен жол табады.

Терісаққан, Өсек пен Қорғас маңы – 

Бауырында сексеуіл, мол тораңғы.

 

Туған мекен – тарихтың тармағында,

Обалар көп сыр бүккен қарға адымда.

Өтеген мен Шынының қос күмбезі –

Есенғұл сай, бармадым  Қарғалыма...

  

Жаркентім мен Керімағаш арасаны,

Кермаралдай керілсе жарасады.

Сағындырған әсем ән – елге деген,

Қоңырөлең, жырыммен ары асады...

 

Биіктетер ақпейіл аласаны –

Қасиетті жерге кім таласады?

Киелі ағаш – Әулиеағаш кереметім,

Сені көрген жандардың бағы асады...

 

Біздің ауыл – Айдарлы, Дарбазақұм,

Құм астына жинаған бар ғажабын. 

Жоңғар Алатауымның жоталары –  

Тербетеді бесік боп әр қазағын.

 

 ...Өлең оқып, күй төгіп, ән жазамын –

Менің туған жеріме бар,

Қазағым!

  

Екінші жыр

 

Біздің ерлер.

 

Тайтұяқ – тарих көші, аты аңыз,

Жететін кейінгіге асыл мұра.

Бастауы өлең-жырдың алты ауыз –

Тағылған енші болып ғасырыма.

 

Балапан ұясында нені көрсе –  

Ұшқанда қанаттанып соны алады.

Жаркентім, еміреніп елім десем,

Ойыма ұлы есімдер оралады...

 

Тарихта өшпес ерлік, із қалдырған,

Елтінді, Ұзақ, Бағай сол далада,

Әтікей, Нұржекедей ізгі бабам,

Ұрпағы ұлылардай бола ала ма?

 

Айналдым, алтын аймақ, атырабым, 

Өзіңде кімдер туып, кім кетпеген?

Аралбай, Сатай, Бөлек батырларым –

Жанқияр шайқастарды бірге өткерген.

 

Данышпан Қожбанбет би, Шаншар ақын,

Айтыскер Қален жүйрік алға шыққан.

Бұлбұл үн, Дәнеш әуен – ән қанатым,

Әбілхан – бояу сырын алғаш ұққан.

 

Ел ұлы Асылақын, Тоқбай ақын –

Өлеңді еншілеген тең баласы. 

Әбеннің, Дәулет, Қайрат жоқтайды атын –

Қазақтың ұшы-қиыр кең даласы.

 

Жеріне тартып  туған азаматтар –

Қымбатты, бағасы зор, байлығым-ай.

Әуелхан, Сламхандар – қазанаттар,

Жандарбек – бекзат болмыс, айдыным-ай.

 

Хасенхан, Рахметолла сөзге шешен,

Қаламгер Тұрсынғазы, Жамал, Тұрған.

Мүлт кетер өнер шыңын көздемесең ,

Тоқтасын, Ұлықбектер дара туған.

 

Үлгісі  ұлылықтың Асыл ерлер –  

Қос қыран Қасымхандар, Махмұт, Мұқай. 

Қожахмет, Хамит батыр тасы өрлеген,

Жұртымның маңдайдағы бақытындай.

 

Армиял, Тұрсынғазы жыры өрнек, 

Терең ой кемел ойды тасытқандай.

Асылдар өтті осындай сыры бөлек – 

Жүрегі ақ, жаны жомарт, ашық маңдай.

 

Бүгінгі бір дүйім жұрт еске алар – 

Есімі Көдек батыр, Әзіз ердің.

Қаһарман Ербол, Ләззат есте қалар,

Тәу етер тәуелсіздік – маңызды едің!...

 

Мәңгілік ұмтылмайды!

Есте Олар...

   

Тауда туып, өспесем де...

 

Арқалатып таудай биік талапты,

Тауда бүгін ерекше бір таң атты...

Қандай ғажап тауда шығып, бататын –

Күн боп сүйсем атырапты, алапты.

 

Құзарт шыңда  қыран қанат қағатын,

Соны көріп жаным рахат табатын.

Армандаймын.

Айналуға шақ қалам –

Бұлақтарға таудан құлап ағатын.

 

Таудың асқар шыңдарындай арманым –

Арманымды Алатауға жалғадым.

Шабыт алып, шағыл құмда бойжеткен –

Жырларымды жусаныма арнадым.

 

Тауда туып өспесем де, биіктен –

көрінсем деп, көз тастадым биікке.

Үн қатады зеңгір көктің сұңқары:

-Тауды қалқам, жүрегіңмен сүйіп кел...

 

Таудың жұпар, қоңыржай бір самалын

жұтсам дедім, таусылғанда амалым.

Түн баласын тебірентіп жүрекпен,

«Тау ішінде» әуеніне саламын...

 

Тауды көрем...

ақын көрген түсіндей,

Жору қиын, не қуанбай, күрсінбей.

Айдарлының құмдарына жазылған,

кейде жүрем өз жырымды түсінбей...

 

Таудың кені –

таусылмайтын күш-жігер,

Көкті тіліп намыс-найза құшты жер. 

Таудан бәлкім,

жаратылған  – мықтылар...

Таудан бәлкім,

жаратылған – күштілер!

 

 Наурыз жыр


Ұлы дүбір, Ұлы күні Ұлыстың –

Жетісуға нұрын төккен күміс Күн.

Шайқалмасын, бақ-береке бесігі –

Шығыс елі, түркі бауыр, туыстың.

 

Ұлыс күнгі әсем ән мен жыр ғажап,

Бұлақ біткен таудан ағар жылға сап.

Жібігенде Самарқанның көк тасы –

Ұлытауға ұлар қонған бір ғажап.

 

Жетісуға жеткен Наурыз асыға,

Жеті өзенім мейірленіп тасыған.

Аралап жүр Қызыр ата құт болып,

Бақ дарытсын үлкенім мен жасыма!

 

Күн менен түн теңелетін Жыл басы –

Әз Наурызда ай толымды, жыл асыл.

Салтанаттың сәні, тойдың ажары –

Тұлпарлы ер, қыздың шолпы, сырғасы.

 

Ақбоз үйлер, алтыбақан, көрікті ел –

Ұлттық болмыс, ұрпағыма көрік бер!

Сәкелелі қыз алдында перизат –

Намыс туын жыққан емес бөрікті ер.

 

Ағаш егіп, көзін ашқан бұлақтың,

Мың аттыға сәлем берген бір атты.

Құстар сайрап, Наурыз әні қалықтап,

Қыраттарда қызғалдақтар бүр атты.

 

Әз Наурызда аппақ көңіл, ақ жүрек –

Наурыз көже – ақ дастархан, ақ тілек.

Уысыма ақ ірімшік толтырып  

Ұлысыма жыр төгейін бақ тілеп!

 

  

 

Айналамның бәрі өлең...

«Айналаңның бәрі өлең»

Мұқағали

«Айналаңның бәрі өлең» –   

таңба қалған ғасырдан...

Жетелейді бір әуен –  

тамырға сыр жасырған.

 

«Айналаңның бәрі өлең» –  

жер мен көктің арасы.

Жазып жүрмін дәрі-өлең –

емдер жанның жарасын...

 

Бұл бір өлең өзінше –

бедері әсем білінген.

Қалғып кетіп көз ілсем,

кірпігіме ілінген.

 

Сезім-өлең ұмтылса,  

сырға батар тұңғиық.

Жанарыма жыр тұнса,  

үзіп алам мұң құйып...

 

Бұлақ-өлең көктемім,     

тасқа тұнған мөлдіреп.

Жұлдыз сөнсе көктегі –

бас қатырам өлді деп...

 

Тағдыр-өлең тәуекел,  

намысымды қамшылар.

Қасиетке тәу етер –  

шыр-шыр етіп жан шығар...

 

Өмір-өлең жазылар

көктем болып көзіме...

Көңілдегі жазулар –

мәлім жалғыз өзіме...

 

...айналамның бәрі өлең!

 

  

Өлеңге сыр


Жанымды ұғар дәл өзіңдей кімім бар?

Сен болмасаң өліп кетер түрім бар.

Мұңайғанда қарс айрылар жүрегім,

Ей, Өлеңім,

мені қуант,

тілімді ал!

 

Қуануға қақы бар-ау иеңнің,

Киелі Өлең,

саған басты иемін!

Менің бүкіл тағдырымды, қайғымды –

Сен түсіндің,

сол себепті сүйемін!

 

Қу жанымды шүберекке түйгенде,

Бір басыма қайғы бұлтын үйгенде.

Қол созасың тек сен ғана,

Өлеңім,

Сағыныштың жыр қамытын кигенде.

 

Пана болмай салқар дала, көк аспан,

Жарық күнде жол таба алмай адасқам.

Ей, Өлеңім,

сен төзіммен жеңесің,

Тек өзіңмен армандарым алға асқан.

 

Қиын сәтте мені ұлықтап, демедің,

«Сені ұқпадым, түсінбедім» демедің.

Барым да сен,

Арым да сен,

Өлең-жыр,

Сен болмасаң менің қанша керегім?

 

...ең болмаса, сезім қалса деп едім,

Сен аман бол!

Сен аман бол, Өлеңім!

  

Менің жаным

 

Менің жаным – гүлдей нәзік,

гүлдей нәзік үлбірер.

Нәзіктікпен өмір сырын,

әлемді ұғып үлгірер.

                      

Менің жаным – күндей жарық,

күндей жарық арайлы.

Арай тұнған жанарыма,

Ай ұрланып қарайды.

 

Менің жаным – айдай нұрлы,

айдай нұрлы әдемі.

Әдемі, әсем тербеледі

сағыныштың әндері.

 

Менің жаным – сарша тамыз,

сарша тамыз күйдірер,

Күйіп-жанған сезім оттай –

ғашық жанды сүйдірер.

 

Менің жаным – ақша қардай, 

ақша қардай, ақ тұман.

Жыр әлемге еніп барам,

бесігіне бақ тұнған.

 

Менің жаным – алуа жыр,

алуа жыр балдайын.

Бал-шырынмен уызданған,

уызына қанбаймын.

 

Менің жаным – сенің жаның,

Сөнбес менің жалыным.

Бар әлемге нұр төгейін –  

Шуақ сыйла, Жарығым!

 

 

Есімде


Қабағымнан кілкіп мұң мен қайғыны,

Жұбатып тұр...

тербетіп жыр айдыны.

Жанарында жылдың сезім ұшқыны –

Түйісті екен қай сағатта, қай күні?

 

Қай сәт ойды –

тоғыстырған, бесін бе?

Нәркес көзден маржан төккен кешім бе?

Сезімімді соқыр еткен ақшам ба?

Түн талықсып, Шолпан туған.   

Есімде.

 

Ән есімде.

Бәрі есімде.

Тілдескем. 

Ақ періштем,  

арманыммен үндес пе ең?

Көктем-өлең.

Төгілгенде ақ жауын  – 

Мен ерекше өмір кешкем, сыр кешкем.

 

Бәрі есімде –

ерке назым, күлгенім...

Шешу қиын тағдырымның күрмеуін.

Қай тасадан таптың екен, қымбаттым,

Ұмыт болған бақытымның сүрлеуін?..

 

  

Құсқанаты


Аспан сілкіп түсірген құсқанатын,

Құсқанаты соңынан қыс қалатын.

Айналса ғой ұлпа қар ғайып болмай  –

Әшекейге әдемі қыз тағатын.

 

Құсқанаты –

секілді үкілі арман,

Үкілі арман жолында бүкіл арман.

Бір ғаріп жан сүйіп тұр алақанын,

Періштесін аспаннан күтіп алған.

 

Қылаулаған ұшқыны үміттердің,

Құсқанаты, сен соны біліп келдің...

Тамсандырдың.

Сағыныш сарайына –

Гүл боп көктем, жаз жайнап күліп келгін.

 

Жазғытұрым жауатын құсқанаты –

Бағзы бір сәт құс тілін құс табатын.

Жастық пенен қарттықтың белгісіндей,

Күн ұзарып, түн мерзім қысқаратын.

 

Құсқанаты –

төгілген жыр қауырсын,

Біреулерге тым жеңіл, тым ауырсың...

Саусағына...

ақынның жүрегіне –

Қонақтайсың әлемді жырлау үшін...

 

 

*****

 

Ең аяулы досым едің, жаны ізгі...

Өзіңе айтпай кімге айтам –

Арызды.

Таулар асқақ.

Сен тәкаппар болмашы –

Бұл өмірде кездеспейтін тәрізді...

 

Жанымызда жүрсе дағы кіл мықты..

Жанымызды кім түсінді?

Кім ұқты?

Дұшпан адам –

беттен сүйіп, мақтайды,

Дос жылатып айта алады шындықты.

 

Өзгерді ме – өмір арнаң, күй, таным...

Уың болса, аямашы!

Құй тағы!

Таңдайымда

бал тұрса да, мен үшін –

Дәмі тәтті аштықтағы құйқаның.

 

Дүниенің жалғандығын ескеріп...

Күнелтерміз.

Біз аз ғұмыр кешпедік...

Қылаң берер көңілімнің төрінен –

Аяз бидің шапанындай естелік!

 

 


Гүлбақыт Қасенова


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар