Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Ақсұңқар Ақынбаба: Мен бақытты болуға тиісті емеспін!

23.05.2016 348

Ақсұңқар Ақынбаба: Мен бақытты болуға тиісті емеспін!

 

Көзін жауып біреулер,

Аксункар Акынбаба.jpg

Айғайлады Күн жоқ деп,

Мені жеңіп күлгендер...

 

Ғасырымның жанарын,

Басқан бұлттар өлең боп,

Жауған жерге қарадым...

 

Шоқтай қызып бұлт қаны,

Темірлерді майырды.

Қанатымнан қайырды.

 

Таба алмадым жұбаныш,

Қарап тұрмын белдерден,

Қасіретіме  өрлеген.

 

Қарап тұрмын аспанға,

Ноқаттай боп қарайып.

Жалыққан соң жерден кең.

 

Мен кешпеген кейінге,

Қалдырдың ба, Құдайым,

Жазмыштың сынағын?

 

Шоқ ұстатып қолыма,

Соқтықпаған  жаныма,

Қалды ма өмір ылаңың?

 

Сен  сынбашы,шыдамым,

Жанып тұрған  шырағым?

Құтқар мені шуағым?

 

Қолын созып орынымнан,

Тұрғызар жан қалды ма,

Не күтіп тұр тағы да?!.


2016 ж.


***

 

 

Қолымнан енді келмейді:

Ұлтымды сүю ... от болу...

Ұлтыңды сүю- жоқ болу;

Жарқырап тұрып –тот болу;

 

Ұлт үшін күйгім келмейді:

Ұлт үшін күю  дал болу;

Есімің –бітпес дау болу;

Өз Отаныңа жау болу;

 

Ұлт үшін күю--мұң кешу,

Рухсыздану, түн кешу;

Қолайсыздар мен қорғансыз,   

Сүйкімсіз жасалатынын–

Ұқтыру үшін күн кешу!!!


2016 ж.


***

 

Кімге керек Қарабайдың байлығы,

Күнге керек емес екен Ай мұңы,

Күннің көзі жаңбырдан соң ашылар,

Менің көзім ашылады қай күні?

 

Қайтсем кері қашпайды екен қадамым,

Қашан мына жанға тыным табамын?

Жаушы жаңбыр,

Көзімізді  ашқызбай,

Қайда  мені апарасың таланым?


2003 ж.


***

 

Сен-жартассың,

Жібімейтін өлгенше,

Мен-нар жаспын,

Ар көретін көнгенді,

Тас боратқан тірлігіме көнгенше,

Қаратас боп жаралғаным жөн еді.

 

Дауыл мен сел

Сені мұнша қажытып,

Ағал-жағал қажаған,

Жауым мен жел,

Мені мұнша азытып,

Ызғар атқан пейілімен қарсы алған.

 

Қасқаюдан жалықпадың сен-дағы,

Илігуге икемім жоқ менің де,

Күңіреніп келерсің деп көл қалды,

Сен де мендей жалғызсың ба еліңде?

 

Жаурағанда ық болмаған тасаңды,

Тастап барам, аз-маз шерім тарқатып,

Мен де осылай жүрем дейсің қашанғы,

Запыран  құсып, залал ішіп, жол қатып.

 

Ал, аман бол!

Қара жартас, жарқыным,

Тақпа маған,тақсыреттен басқа айып.

Куәсіндей менің қайтпас қалпымның,

Сен тұра бер!

Мәңгі осылай қасқайып!


2003 ж.


***


Ертең жұма!

Бет алар күн мешітке,

Алла нұрын төгеді деп бізге де,

Дәл осы күн енем жұмақ –бесікке,

Пәнилік дос енді, мені іздеме.

 

Сәждеге иіп,

Жамағатпен жұптасып,

Тәу етемін

Тәңір саған зар илеп,

«Жүрген жан ем,

Тағдыр атты жүк тасып,

Арқам әбден талды» -деп.

 

Жалына алман,

Нәпсім саған бақ сұрап,

Тілеп едім мұсылманның  жеңісін,

Жер үстінен

Асты оның жақсырақ,

Екендігін ұқтым деймін мен үшін.

 

Мешіт іші...

Таза сынды  көз үшін,

Молда мүлгіп санап отыр тәсбиық,

Жұбататын қоңыр самал сөзі шын,

Өзі ісін  сәлдесіне жасырып.

 

Ертең жұма!

Жуынамын бұлаққа,

Тағы кірлеп,

Былғанарым білсем де,

Жылап тұрам,

Барғым келіп жұмаққа,

Өлместей боп өмір сүріп жүрсем де...

 

...Ертең жұма!


2003 ж.


***


Кешір, Алла?

Жарылқап кешкің келсе,

Жазмышымды жатырқап көшкім келсе,

Сойыл артқан тағдырды қасақана,

Қарсы алмаған болар ед ешкім менше.

 

Менің жолым тым жеңіл емес білем,

Үздіксіз зар,

кілең өрт,

егес кілең,

«Тағдырыңды тартып ап әлде біреу,

Өзге өмірді сүрдің сен» -демессіңдер...

 

Қарсыласқым келгенмен тістелескім,

Құтқармайтын жазмыштан күшті емеспін,

Қоғамым мен Тағдырым осы болса,

Мен бақытты болуға тиісті емеспін!


2003 ж.


***

 

Кеш жаралы...

Кеш налалы...

Ой басқан,

Ішкен сайын итішкірге тоймас жан,

Ана жақтан естіледі масаң үн,

Менің ауыр тақсіретімді тойласқан.

 

Өзімді-өзім енді алдауға шамам жоқ,

Қайда екенсің құрбандыққа шалған топ,

Көлеңкесін күңгірт шашқан сұр кеште,

Жарық жаққым келіп еді, шам да жоқ.

 

Менсіз қараң қалатындай түнегің,

Неге менен неге нала тіледің?

Күңіреніп тұрып алған бұл кештен,

Жарық көргім келгеніне күлемін...


2003 ж.


***


«Аяғыма,

Табаныма жығыл мұң,

Қастандыққа 

көгенделген  бұлбұлмын»,--

Дедім дағы кештен қалып көңілім,

Сезімімнің іңіріне тығылдым.

 

Іңір...

Іңір...

Зілің басты,

Кесірің,

Мезгілсіз кеп неге сонша есірдің?

Оңар ма екен ойлағаны ойымның,

Болар ма екен өмір саған кешірім?

 

Түнек басып келе жатыр жабыла,

Түнеремін,түрленемін,тағы да,

Тағы ...тағы... тағы да,

Жармас тұман,

Балағыма,

Жалыма...

 

Іңір еніп,

Күңіреніп  өмірім,

Тұрып алды жұтқыншақта өлі ірің,

Қайда сенің,

Қайда менің уәдем?

Қайда менің өмірім?


2003 ж.


***


Айлам жоқ саған әккі мұң,

Басыла ма  аптығым?

Алыста ма  тәтті ұғым,

Қасымда ма?

 

Қаракүңгірт түнек кеш,

Сен ғанасың тілектес,

Сен ғанасың жүдетпес,

Сен панасың...

 

Сұп-суық зар аязды,

Менсінтпедің таязды,

Теңсінтпедің ойы азды,

Меншіктедің...


2003 ж.


***

 

Мәрттігінен жаңылған,

Мына қоғам, қай қоғам,

Құлан жеріп қағынан,

Тұман толы айналам.

 

Тектілікке сусатқан,

Мына заман қай заман?

Арындысын жусатқан,

Дарындысын байлаған.

 

Бүршік жарған бал жүрек,

Үсік ұрса солады,

Жазған  құлға жан керек,

Жазбауға да болады.

 

Сахарамды ән бөлеп,

Шырқырайды құлын үн,

Қолы таза бар ма Бек?

Жолы таза Ұлығың?

 

Атан мінез,тұлпар із,

Алты Алашқа ғашық ем,

Торға түссе Сұңқар қыз,

Құтқармайды  асыл ел.

 

Жас жүрегім қатайды,

Өскін едім өрелі.

Кетсем қашқын атайды,

Келсем босқын көреді.

 

Баптай алсаң бағың ем,

Бағаласаң барың ем,

Жастық шағым өттің бе?

Осы ма?

Өмір ...сонымен?


2010 ж.


***

Басына бер, асқын нала жарасы,

Кімге керек тірі өлінің арасы?

Суығына тоңбай кіріп ұрынып,

Алауына жанбай күйдім,қарашы.

 

Жоқ қой енді,сор мен тордың дамылы,

Басын алып қашты емес пе барлығы,

Соқты емес пе алақұйын дауылы,

Жетті емес пе қуғын алып дабылы!

 

Қарға  ма едің?

Білмеппін ғой,

жарайсың,

У  ма едің?

Қалай,

Қайдан тарайсың?

Енді нең бар?

Біз қоштастық емес пе?

Неме?

Несін?

Қимағансып қарайсың?


2003  ж.


***

 

«Жарыл!»-дейсің

«Арыл!»-дейсің күнәңнан,

Күдігімнен,

Күйігімнен,

Күмәннан,

Мен не дейін,

Сен не десең

Жылағым,

Кеп тұрса да,

Сен қылғанды қыламын.

 

Қалғып кетпей қатері көп жолда мен,

Жанып кетпей неге қалдым сонда мен,

Өкінішін тартып өту үшін бе?

Көріп өту үшін бе,әлде,түсімде.

 

Неғыл дейсің?

«Бағын!»-дейсің баяғы,

Қайырымсыз тағдырға жоқ аяуы,

Дегеніңе жеттің,

Кеттің,

Масқара,

Қалған сезім қалдығын тек ластама!


2003 ж.


***

 

Тұман басты:

Оңымды да, солымды,

Сейілмейтін сағынышым секілді,

Білгендіктен таппасымды жоғымды,

Тұманменен баспақ едім өртімді.

 

Тұман басқан саған барар жолымды,

Осы жолда қанша адастым, мұң шектім,

Қақ маңдайдан сұр жартасқа соғылдым,

Сорлы сезім соқыр екен сүйсе шын.

 

Тұман іші адаспаған ешкім жоқ,

Сай, салада сенделіп жүр қанша арман,

Кіжінген ел,

Айғайшыл жұрт,

Есту жоқ,

Тұман ғасыр енді неңе тамсанам?


2003 ж.


***

Құтыла алмай сор қалар,

Жете алмай бақ қалар,

Жағдайым жоқ қорғанар,

Жағдайым жоқ мақтанар.

 

Шекер емес жемісім,

Өтер емес жұтқан мұң,

Қай күнәма?

Не үшін?

Қуғындалдым ұқпадым.

 

Тұрғанымда бүлдірмей,

Көну бітті ол анық.

Өлу қалды білдірмей,

Ұшты-күйлі жоғалып.


2003 ж.


***


Жер бетінен қанша арманды өшірдің?

Қанша адамды көрместей ғып өш қылдың?

Біз солайша  өмір сүрдік арбасып,

Ешкім бірақ айта алмады шешімін...

 

Бейуақтай жұмбақтанып, сұрланып,

Қарау өмір қымтана түс,бұлданып,

Мен ешкімнен сұрамадым кешірім,

Кешірімсіз дүниеден үлгі алып.

 

Үлгі алдым мінезінен тағдырдың,

Тағдыр болмай тандыр болып қалғырдың,

Ойран заман ойбайынан үйрендім,

Кейіпіне ұқсас қыңыр-қисық түрге ендім.

 

Тастан қатты,жастан ащы қастарды,

Көре-көре тасқа айналдым сұмдық-ай,

Кеше –кеше батпақ-сатпақ лас жолды,

Ласқа айналдым кешір, өзің бір Құдай?


2003 ж.


***


Бұра тартқыш жақынға,

Тек сенікі мақұл ма?

Қарамай ру,жеріме,

Менікін де мақұлда.

 

Ұлтсыз қоғам қоғам ба?

Қасиетімді  тонама,

Сойылыңды жат жұртқа,

Бірге арнайық онан да.

 

Тәңірсінер далаға,

Жер  сенікі ғана ма?

Салқындатпас араны,

Сезім керек санаға.

 

Салып ескі салтыңа,

Алыстама жақында.

Қайтсем перзент бола алам,

Есеймейтін халқыма?!


2002-2003 ж.


***

Аспан құсын тау көрер,

Жер торғайы жау көрер.

Сансыз мөлдір өзектер,

Жоталарға әр берер.

 

Құрғамайтын көлдерім,

Шүпілдеген кенерің.

Түнде жауған ақша қар,

Ерімейтін шөлдемін.

 

Тау алқабын кешіп кеп,

Тымық желмен есіп кеп,

Көкораймен көрістім,

Жылға жаққа көшіп кеп.

 

Тартып асау айылын,

Мәпелейді бай ұлын.

Табиғатпен жарасып,

Жаным тапты жайылым.

 

Айықтырар наладан,

Жұпар иісті ауа бар.

Туысқаным тау менен

Орын таптым  даладан.


2011 ж.


***

Жарығым, жаным, бал күнім,

Ішінде өстің дауылдың,

Есімде бәрі ап-анық:

Ішкізген саған балды уын...

 

От кешкен бала шағым-ай,

Арманнан жүрер арылмай,

Шыңына ғана талпынтқан,

Өр Алтай,

Боғда Тауым-ай!

 

Көз жаздым мәңгі сендерден,

Бөлек қой,бірақ, ел деген.

Кіршіксіз  балғын өмір-ай,

Құдіретті  едің недеген?

 

Есіме алсам егіліп,

Кеудемді ащы дертіп мұң,

Туған жерге белгі  ғып,

Алтайға тастап кетіппін.


2002 ж.


***

Қанға тартқан ұлтшыл ердің өзегі ем,

Рухтылардың көзі ем мен,

Қас дұспанмен бал жаласқан сатқындар,

Билік еткен ғасырымнан  біржола,

Көз көрмеске безер ме ем?

 

Ар мен Рухтың алдаспаны тілімде,

Тілім-тілім  тілімделді  бүгінде.

Жетім ұлттың көріп  жасып, сасқанын,

Жүз тіріліп, жүз өлемін күнінде.

 

Биік болшы?

«Елім!»- деп бас иейін,

Күйік болсаң  күл болғанша күйейін.

«Өзім»- деші,

«Өренім!»- деп басыңа,

Көтер мені?

Маңдайыңан сүйейін!


***


Шын Жалғыздық,

Мына менің мойнымда,

Соның бәрін кешкеніме

Шын алғыс!

Тойған кезде,

Сансыз,мәнсіз сойылға,

Сойқандар мен соққандарға,

Кенеттен,

Қарғыс болып аттанардай бұл алғыс.

 

Көрдім сүйіп,

Көрдім  өшіп,

Күйіп те,

Қызыл майдан тапқаным мен енгенім,

Панасынан жаласы көп биікке,

Таланымды құрбан еткен пендемін.

 

Біз солаймыз,

кейде олай-бұлаймыз,

Шетімізден бір-бір Патша,

Құдаймыз,

Адам түгіл,

Алланы да мазалап,

Өле-өлгенше

Тыным бермес  жыр-әнміз.


2005 ж.


***

 

 

Сен Ұшақсың,

Мен Құспын,

Екеуміз де ұшамыз.

Күннен жұтып  өрт ұшқын,

Бұлттан мамық құшамыз. 

Қонарыңды қай жаққа,

Сен білесің қалайда,

Қонарымды қай отқа,

Мен білмеймін алайда. 

Сен сіңбедің орманға,

Мен сіңбедім  қоғамға,

Сен темірсің, мен адам,

...Айырмамыз сол ғана.


2015 ж.


***


«Сүйесің бе?» - дейсің Сен,

Құрбан болғанымды  көргің кеп,

Сүйе алмағанымды  кешірсең,

Сүйе алар ма едім? Елжіреп...

 

Сүйгізіп, тәтті ішілсем,

Еріндерімді сергітіп.

Сүйе алмайтынымды түсінсең,

Сүйінтер ме едің, ерітіп...


2015 ж.


***

Әлдеқайда жеңіл мына қоғамды,

Мас адамның көзіменен қараған.

Бәрі ішкен, мен де ішем,

Жалаңды,

Уақытша ұмытуым үшін мен,

Адамдарға риза болып,

Сау емес,

Мас кезіңде түсінген.

 

Саудан емес, сол мастардан сұраңдар,

Замананың шындықтарын жылаған.

Жаман болса ішкендер мен құйғандар,

Ішкізгендер онан да өткен сорақы,

Сендер сонша кірлеп, таптап, былғаған,

Толы еткен парасатсыз үкімге,

Мына өмірді сау адамның көзімен,

Көру айтшы мүмкін бе?


2011 ж.


***   

 

Жасыл жапырақ,

Сырласпаппыз біз көптен,

Қоғам мынау  қалды адасып ізеттен,

Адам қалмай, сене алатын бір сәт те,

Сені іздедім,

Ұқшы  мені құшақта...

 

Сары гүлдер өңімізді ашады,

Екеуіміз жап-жасыл боп  тұрған соң,

Толқындардың даусы моншақ шашады,

Қызыл-жасыл кемпірқосақ туған соң.

 

Жасыл сырға оранған гүл жастығың,

Әділет пе,сарғайғаны күні ертең,

Келе сала, бастайтұғын қастығын,

Күзді қалай кешіре алам жүрекпен.

 

Жазға ғана жарасатын келбетің,

Әлде, күздің қаламадың сүйгенін,

Әлде, өзіңнің қадіріңді өрнектім,

Білдіргің кеп, сары түске жиі ендің.

 

Соншалықты қысқа шыққан жастығың,

Көктем сайын ораларын тіріліп,

Айтшы маған,  күз бен қыстың қастығын,

Екеуіміз жеңетіндей бірігіп...


2015 ж.


***

Намазына да үлгеріп,

Күйеуіне де үлгеріп,

Жасырын барып жолығар,

Ғашығына да үлгеріп...

 

Күйеумен одақ құрмадым,

Көңілдестен де жұрдаймын,

Намазды да жарытып,

Атқара алмаған күнәмін.

 

Ешбіріне де үлгермей,

Құр қалған бейбақ шығармын.


2015 ж.


***

Гүлдің  түсі қып-қызыл,

Күннің түсі қып-қызыл,

Ерініңнің іш-сырты,

Тілдің түсі қып-қызыл.

 

Гүлдің тісі сап-сары,

Күннің тісі сап-сары,

Жүрегімнің іш-сырты,

Жырдың түсі сап-сары.

 

Жердің түсі қап-қара,

Шердің түсі қап-қара,

Екі дүние ортасы,

Көрдің түсі қап-қара.

 

Қанның түсі қып-қызыл,

Зардың түсі сап-сары,

Жаудың тісі ұп-ұзын,

Сартап күнге қақталған,

Менің түсім ақ сары.


2016 ж.


***

 

           «Жұлдызда» тұрам...

 

«Жұлдыз» деген ауылда тұрамын...

Шаң басқан  жолдар жолдасым.

Қаладан қиян жырақта тұрамын,

Даламен туыс болғасын.

 

«Ауылдан» берген күркем бар қызық,

Бұраң да бұраң қабырға,

Бұйырған болар  сірә да,

қисық,

Бұраң да бұраң

жолыма.

 

Ит өлген жерде тұрғаным үшін,

Иттей ғып талап, жықты ма?

Жұлдыздай жарық жырларым үшін,

«Жұлдызға» қуып тықты ма?

 

Жұлдызда тұрам, табар ма екем,

Адасып қалдым жер сенен,

Төменге қарай алар ма екем,

Жұлдыздай биік еңсеммен?

 

Ал, Айды болса, жақыннан сүйем,

Алыстан аңсап жүруші ем,

Жырақтап қалдым сондықтан Күннен,

Күншығыс жақта тұрушы ем.

 

Бұйыртса енді қырыққа толам,

Қырыққа дейін  сарқа мұң,

Қаладан бір үй бұйыртпай қойған,

Алматы саған не айтайын?


2015 ж.


***

Алдымнан шықты  кіл бөтен,

Осы бір жолмен күнде өтем...

Құйғыта қашып барады,

Қу жаны үшін бір бөкен.

 

Дүние бөтен, кекті еткен,

Өзім де бөтен боп кеткем.

Мен жүруге тиіс жолдардың,

Тікенектері көп неткен.


2015 ж.


***

Ұсталып қалған қаша алмай,

Киіктің көзі сындымын.

Запыраннан да, балдан да,

Босаған шөлмек сындымын.

 

Лақтырылған талауға,

Бөкеннің өзі сындымын,

Жазықсыз түскен қамауға,

Тұтқынның көзі сындымын.

 

Тұрайын деп ем ұмсынып:

Сағаттың тілін санап құр,

Қуарған жүзі күрсініп,

Терезеден гүл қарап тұр.


2016 ж.


***

Күн өлмейді   біз екеуміз өлсек те,

Бақыт құсы  адасып кеп қонса-шы?

Күнсіз  мұңның болатынын көрсек те,

Бұлтсыз күннің  туар шағы болса-шы?

 

Саған ғана жарығымды төгемін,

Қайта оятып жаздың жасыл желегін,

Сен келердей ар жағынан Алтайдың,

Дайындалып,

Күннен бұрым өремін.

 

Біз өшсек те, күн шуағы жоғалмас,

Күн шуақтан шарап ішіп, болам мас,

Бәрі қайта оралса да  сен берген:

Балдай тәтті қайғым қайта оралмас...


2016 ж.


***

У ішуден қорықпайтын түгесіп,

Жүрегіме үңілуден қорқамын:

Мұзды таудай қатып-семген сіресіп,

Мұздай мұңның  құшқым келмей қаһарын.

 

Үңгіп-қазып,

Бұзып-жарып сол мұңды,

Көру қандай қорқынышты бетпе-бет.

Қаншама рет бетім тасқа соғылды,

Тайталасқа түстім  қанша кек кернеп.

 

Кернеп алған жеңе алмай кегімді,

Қатал түндей түнерсем де  түршігіп,

Қайта сүйсем бұрынғыдай өмірді,

Аспан қайта ашылар  ма, күн шығып.

 

Жүректерді сөйлете алған, айта алған, 

Жүрегіммен ұғар ем ғой барлығын,

Өрт көңілді оятар ем қайтадан, 

Жана-жана күл боп қалды тағдырым.

 

Ашу толы көздерімде сөйлеп нұр,

Мені оята алса, бірақ,

Оянам,

От жүректі  қайтпас  сезім кернеп тұр,

Мен де  тірі  Адаммын ғой,

Ей, Аллам!


2016 ж.



 

 

 

 

 

 

Біздің Telegram-парақшамызға. жазылыңыздар!

Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар