Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Ыдырыс ӘДІЛХАН: Алтынның ыстық буындай

21.05.2016 262

Ыдырыс ӘДІЛХАН: Алтынның ыстық буындай



(ақын Дүкен Мәсімханұлының шығармашылығы туралы)


Бұл күнде Дүкен Мәсімханұлының есімі қазақ және қытай оқырмандарына жай қаламгер ретінде емес, талантты ақын, білікті ғалым ретінде кеңінен танымал. Оны жұртқа көбірек айпаралап тұрғанда сол қытайтанушы-ғалым, сыншы, аудармашы, ақын, жазушы деген сан қырлы өнері мен таудай-таудай атақтары.


Қаршадайынан ғылым мен өнерге құштар болып өскен ол, құдай берген таланты мен қажырлы еңбегінің арқасында бұл күнде ғылымның асқарына да, поэзияның биігіне де еркін көтерілді. Ол ғалым-ұстаз ретінде, ұзақ жылдардан бері Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарында ұстаздық етіп, неше жүздеген шәкірт тәрбиелеп, Қазақстандық қытайтану ғылымының қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосып келеді. Бүгінде Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде кафедра меңгерушісі болып, абыройлы еңбек етуде. Оған берілген ҚХР жастар сыйлығының иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Шаңхай ынтымақтастық ұйымы «жібек жолы» сыйлығының иегері, Филология ғылымдарының докторы, профессор т.б. толып жатқан атақ-дәрежелер мен сыйлықтардың бәрі күндізгі күлкінің, түндегі ұйқының есебінен атқарылған еселі еңбектің бодауы болатын. Ақын ретінде Дүкен Мәсімханұлының бүгінге дейін “Жүрекке саяхат” (1991ж. ҚХР, Үрімжі), “Семсер суы” (1998ж. Алматы), “Көкпар” (2003ж. Алматы), “Алтынның буы” (2007ж. ҚХР, Пекин), “Алкүрең арман” (2008ж. Астана) қатарлы жеке жыр жинақтары жарық көрген болса, ғалым, аудармашы, ұстаз ретінде, “Жыр-Жебе” (монография, 2000ж.Алматы), “Сарап” (ғылыми зерттеу мақалалар жинағы, 2001ж.Астана), “Сөз – желкен” (монография, 2005ж.Алматы), “Мұхтар Әуезов және Лу Шүн” (монография, 2007ж.Аламаты), “Жер шарының қызыл белдеуі” (аударма, роман. 1992ж.Үрімжі), “Қазақ және қытай әдебиеттері: ұлттық дәстүр мен жаңашылдық” (монография, 2010ж.Павлодар), “Қытай тілі фонетикасының негіздері” (оқулық, 2002ж.Алматы), “Қытай филологиясына кіріспе” (оқулық, 2004ж. Астана), “Лу Шүн. Повесть және әңгімелер” (аударма, 2009. Астана), “Лу Шүн әлемі” (монография, 2007. Астана), “Лу Шүнтану дәрістері” (оқулық , 2011. Астана), “Әлем әдебиеті” (2010, №2. Әдеби журнал, қытай әдебиетіне бағышталған арнайы нөмір. Алғысөз авторы, аударып, құрастырушы – Д.Мәсімханұлы), “Еуразиялық өркениет: ежелгі түркі және қытай елінің рухани қарым-қатынасы” (ғылыми мақалалар жинағы. 2012ж. Астана) қатарлы ғылыми-зерттеу, аударма еңбектері жарық көрді.
Әсіресе аталған жыр жинақтары оқырмандарға Дүкен Мәсімханұлының ақындық талантын паш ететін тұщымды дүниелер ғана емес, ондағы әр бір өлең ақынның қазақ поэзиясына өзіндік олжа салғанын, қазақ поэзиясына соны соқпақ, тың ізденіс әкелгенін айғақтайды десек, еш асырып айтқандық болмас еді. Қазақ әдебиетінде осындай жан-жақтылы ізденіс жасаған Дүкен Мәсімханұлының көп қырлы талантын көре білу, бағалай білу әдеби сынның да, ғылымның да міндеті деп білеміз. Оның ғылымдағы ізденісі баспасөзде ара-тұра болса да ауызға алынып жүргенімен, өлеңдегі өрісі, ақындық таланты жайлы зерттеуге жол түсе қойған жоқ. Бұны әрине, балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен заманда әдеби сынның аузы буылып, адымы ашылмай отырғанынан бөле қарауға болмайды. Бұның өзі көбінде біздің қоғамдағы ақындықты алып-ұшпа мінезбен, жалтырақ сұлулықпен немесе тылсым жұмбақпен, желсөз ретінде бір жақтылы өлшейтін түсініктен келіп шыққандай әсер етеді. Тағы бір жағынан әдеби орта кейде өз-өзінен бір «тізім» жасап алады да, былайғы жұрт шығармаларын оқыса да, оқымаса да сол тізімді шиырлап, малданып жүре береді. Осыдан барып салмақты ойға ден қойған, мінезі бұйығы, сырбаз сырға күпті ақындар тасада қалып жатады. Осылайша қазақ поэзиясында табиғаты әр текті, өз ойлау жүйесі, өз әуені, өз ізденісі, өз соқпағы бола тұра, дер кезінде бағаланбай жататын ақындарды қай кезден де кездестіруге болады. Осындай ақындардың поэзиясын оқыған сайын олардың да ақындық талантын тани түсесің, даралығын мойындай түсесің. Тіпті, кейде әлгі тұрақты «тізімдегі» ақындардан таппағаныңды солардан тауып, нағыз эстетикалық рахат теңізіне батқандай боласың. Дүкен Мәсімханұлының поэзиясын оқып отырып, біз міне осындай сезімге кенелдік.

Ақынның біздің қолымызға түскен жыр жинақтарының бірі «Алтынның буы» (2007жыл. «Ұлттар» баспасы, ҚХР Пекин) деп аталады. Кітап өз ішінен «домбра-жүрек», «қобыз-көңіл», «сырнай-сезім» сынды бөлімдерге жіктеліпті. Осындағы әр бөлімнің аты айтып тұрғандай, олардың көтерген жүгі, айтар ойы, білдірер сыры да бөлек-бөлек. Бұны жеке-жеке сөз еткеннен гөрі, ақын поэзиясының тұтас болмысында бізге айқын сезілген салмақты ойға ден қоятын ақындық менді тауып, соны танып, бағалау қажет секілді. Дүкен поэзиясының негізгі, үлкен мақамынан осындай дара ақындық талант пен сырбаз мінез менмұндалап тұрады. Деседе, ақын өмірдің баянсыздығын, қоғамның құбылмалығын, адамның азғындығын көріп, соған қатты ашынған сәттерінде дырау қамшымен жан-жағын сабалап, «Ақиқат! Ақиқат!» деп айғайлап алғысы келетін кездері де аз емес. Бұны жүрегі адалдық, тазалық, әділдік деп соққан ақынның жан айқайы деп ұғынасың. Осылайша айтарын айтып, ерлік сезімге бой алдырып тұрған ақынды кейде «айтқыштық» деп айқайға, «ақиқат» деп ақылға көбірек тізгін беріп, ойлы жырдың бояуын солғындатып алған жоқ па? деп те ойланасың. Алайда ақынның ішкі ширығысы бұның бәрін жуып-шаяды. Бәлкім ақын, жалған дүниенің жанарынан жылу іздеп, сайқал қоғамның мінезінен шапағат іздеп шаршаған да шығар, шыңғырған шындықты айтып тауысқан да шығар?! Сөйтіп ақын кейде «Шаршатты мені тіршілік» деп аһ ұрады.

Шаршатты мені:
Бұлтарып кеткен армандар,
Шындықты жеңген жалғандар.
Көбейіп кеткен алмандар,
Аужайдан мүлде сауатсыз,
Шаужайдан күнде алғандар.

Шаршатты мені:
Бекерден-бекер бөскендер,
Бір сөзден бірге көшкендер,
Жанбай да жатып өшкендер,
Ақынын атып өлтіріп,

Жақынын сатып өскендер, - деген секілді біздің қоғамдағы ақынды шаршатқан, қажытқан дүниелердің аз емес екеніне бас изейсің. Айта берсеңіз, «бұғып тұрып тас атқан достықтар, үстелін бұлдаған бастықтар», «аршылмай жатқан саналар, жаға болмайтын ағалар», «жүрегі қара адамдар, мандымай қойған қадамдар», «жалқаудың жаман ырымы, молланың шала ілімі…» де ақын жүрегін айналып өтпейді. Осының бәрінен қажыған ақын кейде «Менің де ішім өлген» деп Абай атасынша күңіренеді. Тіпті қолын бірақ сілтеп, морт кетеді:


Бәрі де жалған сөздердің,
Өтірік бәрі сезімнің.
Осылай менде өзгердім,
Шыдамы жетпей төзімнің.

Жүрегім менің жаралы,
Бауырда ісіп, күп болған.
Тек өлу керек қарағым,
Келмейді өзге түк қолдан. . .

Бұл зарды кімдер тыңдасын,
Сұрасын кімдер халіңді.
Додаға түссе бір басың,
Ажалға тапсыр жаныңды.

Бұның аты – қазақ поэзиясындағы Абайша ашыну, Мағжанша күңірену шығар. Бір кезде осылай шиыршық атып, өмірден үміт үзген, тіпті «әлдиле, өлім әлдиле, мені де өлім әлдиле» деп аһ ұрған Мағжан дауысы өмір шегінен асқандай еді. Соған ащы запыранмен зар күйіне жеткен Дүкен ақын да бүгін «Қайдасың ажал, кел маған», «Кел, кел ажал сүйіктім», «Жақында ажал жақында» деп ажалмен сырласады. Өмірдің жағасына жармасады. Ашынған ақынның дауысы ащы, бөлек:


Озды бәрі, осылай тозды бәрі,
Қалықтайды ғасырдың озбыр әні.
Маңайдағы осынау мандам қылық,
Тек тектінің намысын қоздырады.

Қайтемін?
Не істеймін?
Қайда барам?
Құтқара алсаң қанеки, айда, қарақ.
Ханнан қайыр болмаса, жүреміз де
Жұлдыз санап немесе айға қарап…, – деген ақын теңсіздік пен пәтуасыздықтан түңіліп, үмітсіздіктің қара тұманына тұншыға береді. Демек, ХХІ ғасырда өмір сүре отырып та кешегі Абайдың ішкен уын бірге ішуге, Мағжанның мұнар мұңына бірге көмілуге болатындығына таң қаласың. Сана биігі соған жетсе, «сұм өмірдің саналыға абақты» екендігіне еш күмән қалмайды. Демек, ақын болып жаратылған екенсің, заманның мүңын, халқыңның қасіретін көре білгенге не жетсін. Шыны керек, ақынның осындай тұста ашына сөйлеп, жан-жағын жездей қақтап ерлікті ту еткеніне куә бола отырып, «ақиқат» деп азуын айға білеген кездегі ішкі ширығысының түпкі мәнінен өз ортамыздағы келеңсіздіктерге бірге ашынғандай боламыз. Жалпы өз оқырманын Дүкен поэзиясы көбірек осы мақаммен қызықтыра түсетін секілді.

Шындықты айту жігітке,
«Мін» болса болар, ерсі емес.
Бүгінгі біздің үміттер,
Жүзеге асады ерте-кеш.

Қайғыны қойшы жаным-ау,
Бәрін де міне ұмыттым.
Хикімет заманда мынау,
Болғаны жақсы үміттің, – деп өзіне басу айтуы да,

Қойшы тайыр, айтайын қайсы бірін,
Болмас іске болдырған қай шығыным?!
Елдің қамын жейтіндей мен кім едім,
Қайран менің қайғысыз қойшы күнім, – деп қайтадан сабырға келуі де ақынның әлегі көп өмірден, «жартас заманнан» қажыған, шаршаған шағы еді. Оның да жауабын ақын оңай береді:

Ақындар қолға қалам ап,
Алапат рухпен көтерді ой.
Ұқпаса оны жамағат,
Айтылған сөзің бекер-ғой!

Кейде ойлайсың, зады осыдан артық азап та, бақыт та жоқ шығар деп. Қай заманда да ақынды ашындырған, ширықтырған, түңілдірген, бара-бара сабасына түсіріп, үмітке жетелеген де замана зары тудырған күдік пен ел болашағынан туған үміт емес пе?! Оның санаға түсірген сан батпан салмағын сезіп, оған қайырыла тіл қатуы да содан. Бұны қатардағы жай жазғыш емес, айтары бар азамат-ақынның талантынан, кесек ойынан бөле қарауға болмайды. Содан да Дүкен ақынның Абайға табынып, Мағжанмен мұңдас болып, Мұқағали рухымен сырласуы тегін емес.


Дүкеннің ақындық талантының тағы бір қыры оның табиғат суретін мөлдіретіп салатын шеберлігінен айқын көрінеді. Оның өмір суретін, табиғат бояуын өз қалпында, айнытпай салып беретін образды, сұлу жырлары жанға жылы, жүрекке әсерлі тиеді. Ақын бұл жағына келгенде табиғаттың өзіндей жомарт. Яғни ол сөзбен сурет салу да еш сараңсымай-ақ «майбояу суреттердей» бейнелі жырларды қаламынан бұрқыратып шығарған. Оқып отырсаң табиғаттың төрт маусымы, туған жердің тау-тасы, ой-қыры, өзен-көлі, саф ауасы… бәрі-бәрікөз алдыңнан кино картинасындай тізіліп шыға келеді.


Қанеки, ақынның «Қыс» деген өлеңін оқып көрелікші:
Сары аяз, қара жел, үскірік,
Ақ сүңгі, боз қырау. . . бәрі бар.
Аспан тұр бозарып, түшкіріп,
Қалпақтап ұшады кәрі қар.

Күнгейлер есінеп, буланып,
Қыз емшек бұлақтар қызарған.
Қолтығы сәл тершіп, суланып,
Таулардың бойлары ұзарған.

Ақ жорға тайпалып даламен,
Тізгінін ойпаңға іркеді.
Бүрісіп, құрысып бар әлем,
Күн көзін тұманмен сүртеді.

Ақын осылайша сақылдаған сары аяз бен қара желі азынаған қыстың кейпін әдемі суретке айналдырған. Әсірісе осы өлеңдегі «қалбақтап ұшады кәрі қар››, «қыз емшек бұлақтар қызарған», «күн көзін тұманмен сүртеді» деген бейнелі оралымдар ақын талантымен жанданып шыға келген образды картинаға ұқсайды.


Сар күйік, жусан, көдесі,
Жамырай өскен қыр гүлі.
Көккемер жайлау төресі,
Көккемер жердің кіндігі.

Жаңбырдан соңғы даланы айт,
Жуып бір жәйіп қойғандай.
Бағландары танадай,
Шалғында жүзген қой қандай!?

Төменде Текес гүрілдеп,
Қырында арқар шұбырған.
Сайында сағым дірілдеп,
Масаты дөңдер құбылған…

Міне осындай жер сонысы, жайлау төресі Көккемердің сұлу табиғаты көріп тұрғандай көз арбайды. Оның шалғынына көміліп, нөсеріне малшынып, аңқыған ауасын жұтып мауқыңды басқандай боласың. Белестен-белеске шыққан сайын арқаң жібіп, бойың сергіп, жаның жадырап шыға келеді.

Ал мына, шілдедегі ауылдың сартап болған кейпі де, алыстан сағым ойнап, аңқасы кеуіп, абдырап тұрған қара жердің қасіреті де оқыған жанның көз алдынан кетпесі анық.

Бозадыр жоны сар күйік,
Сайлардың кепкен тандыры.
Тораңғы, жыңғыл тарбиып,
Қақтана жатып қалғыды.

Шаншылып түсіп шаңқан нұр,
Өртейді жердің өзегін.
Кебеді сонда аңқаң бір,
Қаңғырап, қаңсып өзенің.

Бір уыс болып кең өлкең,
Жанады оттай, маздайды.
Қуырылып құрттай көлеңкең,
Артыңа кіре жаздайды…

Ыстыққа қуырылған, күйіп-жанған қара жердің қасіретін көріп мұңаясың. Ақынның «Ауыл кеші», «Тартады жаным Алтайға», «Нақысбек көшесінде», «Күз суреті», «Алматы әсері», «Жерге түскен аспанның ыршып терін», «Іле өзені» қатарлы өлеңдерінде туған ауылдың өткені мен бүгіні, көркем табиғаты шексіз сұлулыққа, теңдессіз қымбатқа баланып жырланады. Оларды оқып отырып қазақ даласының түкпір-түкпіріне қанатыңды жайып, оның сұлу көркіне көз талдырып, еміреніп қайтасың.


Шежіресі мол біз ұғар,
Жазып ал, жаным, сызып ал.
Ерлердің егей ізі бар,
Ақиық өскен құзы бар.

Бірліктің дәм мен тұзы бар,
Ақ марал ару қызы бар.
Көктемі шекер, күзі бал,
Алтайға жаным қызығар,
Жазып ал жүрек, сызып ал!!! , - деп ақын бірде қарт Алтайдың қасиетті төріне жетелеп, батырлардың ерлігімен қауыштырса, енді бірде ел ұйтқысы болған Нақысбек бабасының көшесіне бастап апарады. Бірде «қасиетті шипалы суы» бар Мойылдыға ынтық етсе, енді бірде ару Алматының құшағына құлатады.

Қызыл қырдан күн құлап баратқанда,
Мамырлайды қызғылтым манат маңда.
Тауға қарап өссін деп қала ұрпағы,
Ала тауды Тәңірім жаратқан ба?!, – деп ару қала Алматы мен айбатты Алатауды өзара өбістіріп, қиялмен біріктіріп көркем жырмен кестелейді. Ал гүл көктемнің тіршілікке әкелген жаңалығын:

Жерге түскен аспанның ыршып терін,
Жұтып жатыр жұмыр жер тыншып тегін.
Қауашағы дірілдеп ағаштардың,
Жарылғалы шаққа тұр бүршіктері, – деп суреттесе, «сары желі азынаған қарашаның қуқыл реңі мен боз тұманы да» поэзия құдіретімен әдемі суретке айналып жүріп береді:

Сары желі азынап бір қарашаның,
Түндікті сабалайды бара салып.
Қойларын жәй өргізіп бара жатыр,
Қарашаның құрдасы қара шалың.

Сабырлы қалпын сақтап арай далам,
Бозарып қызусыз күн қарайды оған.
Таулардың қырқа-жонын жанай барып,
Бозтұман жөңкіледі жел айдаған.

«Күз суретін» осылай салған ақынның айтып-айтпай табиғаттың шебер суретшісі екенідігіне күмәніңіз қалмайды.

Дүкен поэзиясындағы өзгелерден бөгенайы бөлек тағы бір ерекшелік оның сезімді еркін төгілдіріп, сағыныш күйін шертетін махаббат жырларын мөлдіретіп жазуында дер едік. Ақынның тіпті, кез-келген жырынан егіліп-төгілудей, сағынып-сарғаюдай әдемі сарынды, еркін құйылатын ақпа-төкпе мінезді айқын аңғаруға болады. Бұл рәуіштегі жырларда көбінде сұлу қызға деген іңкәрлық, жарға деген сағыныш, жүректің лүпілі, жанның аңсары, жастықтың сыры, қобыз кеуденің күйі сұлу жыр боп өріліп отырады.

Ей, Күнікей қыз – күн маңдай,
Шуағыңа шомылдыршы жанымды.
Күн жарықты сенен алып тұрғандай,
Өйткені одан сенің нұрың жалынды.

Беу, Күнестің Күнікей қызы- үнің нұр,
Жүрегіме әніңменен жақ шырақ.
Өтінемін, топшыларым тірілдір,
Күннге қарап самғайын бір жақсылап.

Күн астында нұрға таранып, ай нұрын емген Күнестің Күнікейдей сұлу қызы ақын арманының алауы, тірлігінің тынысы. Күнестің айдай аруы ойынан бір сәт кетер емес. Оның соңынан сарпалдаңға түскен ақын күнді бетке алып самғап келеді. Ақыры оны тауып, құшып-сүйіп жер бетіне түседі. Сол күн оған бақыт сыйлап, нұр құштырады. «Өз үйімде күнім бар, күнді қайтем көктегі?!» деп кеуделеніп, масаттанып шыға келуі де содан. Бұл да бақытқа жеткен аңсарлы жүректің шын сыры. Ал «Мерейім менің меңді қыз», «Арман қыз ариясы» сынды желілес жырлардың ішкі арқауы ылғи сағыныш пен арманға толы болып келеді. Сөйтіп, ақын өзі сүйген «меңді қызға» жүрегінің ақ кептерін ұшырады:


Жүрегім жылап кеудемде,
Солқылдап тұрып өксиді.
Есіме бейнең келгенде,
Жабағы мұңым қопсиды.

Жаныма менің енді күз,
Сарғайып кетті сезім де.
Келгенің рас меңді қыз,
Сағынған менің кезімде…

Баянсыз өмірдің байлаусыз сәтінде бірде жақындап, бірде алыстап тұрған «меңді қыздан» айрылғысы келмей серт береді. «Қош демейікші енді біз, қош десең енді өлемін›› деуі де жүректің әмірі. Содан кейін ақын:

Сағындым-ау, меңдім-ау, сағындым-ау,
Сағыныштан сарғайған халім мынау.
Жалғыздықпен күндерім өтіп жатыр,
Сағыныштың отына қарылдым-ау.

Жасырайын өзіңнен енді несін,
Кейде бөтен қиялға ендіресің.
Менің көрген әр қандай түстерімде,
Сен жүресің, жаным-ау сен жүресің, – деп сағыныш күйін ұзақ шертіп, көз жасына көміледі.

Ал қиялдағы «арман қызда» мәңгілік сағынышқа айналып, алыстан қол бұлғайды. Оған да ынтық жүректің аңсары бір басылмайды.

Жүрсе дағы жанымды мүжіп қайғы,
Іңкәрлықты көңілім қызықтайды.
Құштарлықтан қураған бұл жүректі,
Сенен басқа байқаймын қыз ұқпайды.

Байқайсыз ба, бұл да махаббаттың әлегі. Кейде қиялмен отырып «өзіңмен бірге ауылға барып, бір қайтсам», «ауылға қарай екеуміз бірге өрлесек» деп «арман қызды» ауылға шақырады. Әуелі десеңіз, серуенге шығарып, қыр асырып әкетеді. Махаббаттың шынайы бальзамын татып, жан құштарлығын басқысы келеді. Осының бәрі де сұлу сырға ауысып, жүрекке жетеді. Дәл осындай арманға айналған қыздар бейнесі ақын өлеңдерінде әр қырынан өрнек табады. Әсіресе «Тұнық бала››, «Ғашыққа ашық хат», «Біз, күз, қыз», «Аршаның арасынан арман өріп…», «Ақынға ғашық аруға», «Дана қыз», «Қарағайлыдағы қарындас», «Хат өлең» сынды өлеңдерінде жүректі сұлулығымен тербеген ақылды, сұлу қыздардың образы сомдалады. Бұның бәрі «махаббат іздеп шарқ ұрған» жанның арман ариясы болып ұзақ айтылады. Жүректің әміріне, жанның жарлығына бағынбай аласұрған асау сезім ақынды отқа да түсіріп, суға да салатын секілді. Бірақ бәріне көнгіш жүрек алған бетінен қайтпай арманға асығады. Өзі ұнатқан ақ тамақ арулардың алдында кішірейеді, қолы жетпей өкінеді. Күйіп жанады, егіліп төгіледі:

Кіршіксіз, неткен мөлдір тұнық бала,
Ауызға салар ма еді үріп қана.
Өз мәні мен сәніне өзі сеніп,
Құлдыраңдап қояды қылықтана.

Боз биенің сүтіне шомылғандай,
Ашық еді, пәк еді өңің қандай!
Осындай хор қызынан ерте туған,
Қалың еді, япыр-ай, сорым қандай, – деп ақын хор қызына баланған «тұнық балаға» бар сырын ақтарады. Біз мынаны мойындауымыз керек, өмірде ақын ғана емес, жалпы адам баласы сұлулыққа ынтығудан шаршамайды. Ал ақын адамның сұлулыққа, әдемі қызға ғашық болуын, ғашық қызына жүрегін жұлып беруін біз қалыпты құбылыс деп бағаласақ қателеспейміз.

Сені мақтап, сыйпаттап шаршамайын,
Одан да табынайын, тамсанайын. . .
Тірліктен қажығанда сені көрсем,
Арманға лық толады жан сарайым.

немесе:


Арман көп қой адамда айта берсең,
(Сенің ғана атыңды айтам өлсем)!
Жаратқанның жарлығы қайта жүріп,
Бал кезіңды шіркін-ай, қайта көрсем!

Адамға ғана тән махаббат, ғашықтық деген ұлы сезім пендеге не істетпейді? Не айтқызбайды?! Сөйтіп, сүйген жүрек қай-қайдағыны аңсап, арманның ақ тұманына көміледі. Басқа түскеннің бәрін көтеруге дайын тұрады. Кейде ақын өз жүрегінің әмірін орындай алмағанда өмір шындығына мойынсал болып, илана береді:


Қыз біткеннің сен едің көріктісі,
Есенбісің, бегзатым, елік мүсін.
Ұмытуың сен мені мүмкін емес,
Сағынбауға, әрине, еріктісің!

немесе:


О, Періштем , Дана қыз – жаһұт шынар,
Бар кінәлі тағдыр не уақыт шығар…
Ғашықтықтың әрине жөні басқа,
Сені көріп жүру де бақыт шығар…

Ақын осылайша жетпеген арманға, көзсіз жүрекке кінә арта алмай, бар кінәні тағдыр мен уақыттан көріп, соған налиды. Жүрекке басу айтады. Бірақ ғашықтықты мәңгілік деп танып, оның зерлі жібін үзіп алмауға тырысады. Махаббатты, сұлулықты жанымен сезінген ақын өз шынайылығын осы жақтан айқын да әсерлі көрсете біледі.

Дүкен поэзиясының тақырыптық ауқымы да көп өрісті, сан қилы. Атап айтқанда ақынның бір қыдыру өлеңдері ұлттық болмыс, халықтық киелі ұғымдар, тарихи тұлғалар тағылымы тақырыбына арналған. «Мағжан-жыр», «Жігіт», «Көкпар», «Қанат талды», «Қара айғыр», «Құла айғырдың үйірі», «Алаштың алтын сақасы», «Күй-Қожеке», «Босаға», «Ардақты аға», «Жаны жайлау жан аға», «Қыз қуу» қатарлы жырларды ар мен инабаттың, кісілік пен ұлылықтың қадір-қасиетін сөз еткен тәлімдік дүниелер деуге әбден лайық. Ақын аталған тақырыпта ой айту жағында болсын, образ сомдау жағында болсын, өзінше өрнек салып, соны ізденістерге барады. Мәселен, ақынның «Мағжан-жыр» атты өлеңінде:


Сен, сен едің, сен едің,
Арман тиелген кеме едің.
Ұлылық деген ұғымға,
Тек сен ғана тең едің.
Алаштың үнін бір өзің,
Өзгелерменен теңедің.
Сансырап жатқан санаға,
Қансырап жатқан далаға,
Сен таптырмас ем едің.
Пайғамбар тектес пайымдым,
Еліңе асқар бел едің, − деп ұлы ақын Мағжанның кесек тұлғасын сомдауға ұмтылса, енді бірде Абай мен Мұқағалиға да құлай жығылып, бас иеді. Ал Күй-Қожекеде» ақынның шарықтаған шабыт, көркем тіл кестесінің арқасында үстемдікке бас имей, ерлік пен өрліктің шынайы бейнесіне айналған, әрі батыр әрі күйші Қожеке тұлғасы да аспандап көрінеді. Әділетсіз өмірдің отына күйіп, нақақ өлген Қожекенің соңғы тағдыры да өз оқырманын толқытпай қоймайды.

Күрсінді аспан түнеріп,
Тау, дала өксіп аһ ұрды.
Ел қалды болып тірі өлік,
Үмітін үзіп ақырғы.

Күй болып келіп тірлікке,

Өртеніп кеттің Қожекем.

Бұл пәни ессіз дүрліккен –

«Кер толғау» күйдің өзі екен, – деп күйшінің артында қалған мәңгілік сарын «Кер толғау» күйінің зарын естіртеді. Сол сияқты ақын тарихи тұлғалардың мінезін, кісілік келбетін бағалап, пайымдауға келгенде ерекше көшелілік таныта біледі. Ақынның ұлы Абайға («Абайға арыз»), М.Жұмабаевқа («Мағжан-жыр»), М.Мақатаевқа («Мұқағалимен мұңдасу»), Қ.Шабданұлына («Қанат талды»), академик Р.Нұрғалиға («Алаштың алтын сақасы») т.б. арнаған өлеңдері осы сөзіміздің айқын дәлелі.


Дүкен поэзиясының басты кредосы ұлттың ұлағатын, халықтың қасиетін, адамгершіліктің ақ туын ардақтап, оны адам жүрегіне ұялату екені оның барлық шығармаларынан аңғарылып тұрады. Әсіресе бұл тақырып нөпір тасқынның астында қалған ақсақ қойды құтқарып шыққан қара айғырдың ерлігін («Қара айғыр, ақсақ қой және адам»), өз үйірін жауға да, ит құсқа да алдырмай, қорғай білген құла айғырдың қасиетін («Құла айғырдың үйірі») жырлаған кездерде, осы рәуіштегі жолдары жәй ғана өлең емес, ерлік пен бірліктің, тектіліктің шуағы болып нұр шашады. Ақын хайуанаттардың бойындағы «кісілікті» жырлай отырып, осындай асыл қасиеттердің адам бойында кеміп бара жатқанына налиды. Заманның тарылып, кісіліктің кеміп, ерліктің езіліп, рухтың өлеусірегенін көреді де «қанат талғанын» айтады.

Кермек қиял, кесел заман, кері ұғым,

Мыйға қарай өскен шаштай қауіпті.

Заңғарлықтың басып алған желігін,

Төбелермен төбелесте тау ықты.


Жалпы қасіреттің үлкені – ірінің ұсақтауы мен биіктің аласаруы деп білеміз. Осындай қасіретті байқаған ақынның жаны байыз таппайды. «Босағаны сыйлайық…» деп шыжақ қағады. Босағадан тәлім алған тектілікті сақтамасақ, «шаңырақтың ажалы, босағадан басталады» деп ескертеді. Құлағы түрік, көзі ашық ақынның елім, жерім деп егілуінің бір сыры осында жатыр.

Дүкеннің «Өңдердің өзі өңкей жыр» деп аталатын желілес жырларынан қара, ақ, сары, көк, қызыл, қоңыр, күрең, жасыл сынды сегіз бояудың түсін көрдік. Түстің өзін ғана емес, өңдердің тініндегі мән-мағнаны аңғардық. Ақын әр бояудың қасиетіне үңіліп, содан мән іздейді. Ойға да, ырғаққа да ден қойып дыбыстар үндестігімен ән салады, сөйтіп әр бояуға өзінше мән дарытады. Ақын қиялы арқылы өңдердің бәрі өмірдің өзі болып сыр шертеді. Ассонанс, аллитерациядан көрік жасайды. Кейде желпілдеп желіп отырса, кейде мамырлап баяу қозғалады. Бояулардың құпиялығы да өз сырын ақтарып береді. Қысқасы Жұмекеннің «Жеті бояуы» секілді Дүкеннің де «Сегіз бояуының» үлкен картинаға айналғанын көріп қол соқтық. Неге десеңіз, күнде көріп көріп жүрген сан алуан бояудан үлкен пәлсапалық ой түю, сол әр алуан өңдердің өзімен сырласа отырып, олардың құпиялығын ашу тек үлкен дарындардың ғана қолынан келетін шаруа. Біз Дүкеннің сондай биіктен көрінгеніне қуандық.

Ұзын сөздің қысқасы:

Мен Дүкен деген ду едім,

Саф алтынның буы едім.

Маңайы думан, жаны жыр,

Қоғалы көлдің қуы едім.

Намыс пен оттан жаралған,

Қолыңа алсаң ту едім.

Темірден алмас алатын,

Мен семсердың суы едім, – деп «өз аспанында» алқып-шалқып келе жатқан, салмақты ойдың сарабдал жыршысы болған дара мінезді дарынды ақынның жетер көмбесі мен шығар биігі әлі алда демекпіз. Сондықтан бір біз ғана емес, жалпы оқырман ақынның жыр тұлпарын алыс көмбеден, шабыт құсын шырқау биіктен көбірек көргісі келеді.


Ыдырыс ӘДІЛХАН 

ақын, әдебиет сыншысы, профессор.

2013ж.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс.

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)


Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар