Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Жұмат ӘНЕСҰЛЫ: СӨЗБЕН СУРЕТ КЕСТЕЛЕГЕН ДАРА АҚЫН

18.05.2016 419

Жұмат ӘНЕСҰЛЫ: СӨЗБЕН СУРЕТ КЕСТЕЛЕГЕН ДАРА АҚЫН



Қазақтың, көрнекті, дарынды ақыны Кеңшілік Мырзабеков 70 жаста


Қазақтың көрнекті, дарынды ақыны Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВТІҢ туғанына 70 жыл толып отыр. Балалық шағы мен кемелдік шағы бірге өткен досы, журналист жазушы ретінде Кең ақын туралы кезінде «Аштым көзімді, айқардым», «Ұлт ақыны атанған Кеңшілік», «Кеңшіліктің бала кезінде айтқан бір сөзі», «Кеіңшіліктің анасы Мәркүл апайдың айтқаны», «Кеңшіліктің «Іңкәр дүние» жинағындағы сирек кездесетін сөздер» атты эсселер, естеліктер, танымдық мақалалар жазған едім. Кең ақын әуелден ақ, алғашқы өлеңдерінің ерекше нақыштарымен елге танылған ақын. Дарынды ақын өмірінің соңына дейін осы қарқынынан, өзгелерден ерек стилінен таңған жоқ. Өзіндік дауысымен, поэзия төрінен өзіне лайық орнын алып, өмірден өтті.

Содан бері Кеңшілік ақынның шығармашылығы туралы Иранғайып, Серікбай Оспанов, Серік Тұрғынбеков және басқада көптеген ақындар мен сыншылар жоғары баға бергентін. Оның ішінде әсіресе, К.Мырзабековтің ақындық дарынына шынайы, толыққанды баға бергендердің бірі, ақын сыншы Қуанышбай Құрманғали мен Ғұсман Жандыбаев еді. Сөзіме дәлел ретінде Қ.Құрманғалидің « Жалғасы ғұмырының жырларында» атты мақаласындағы «Авторына қарамай ақ, аңғартуға болатын осынау қасиеті арқылы Кеңшіліктің таза ұлттық ақын дәрежесіне көтерілген дарын екендігіне көз жеткізесіз» деген жолдарын келтірейін. Сыншы бұл сөзді жәйдан жәй айтып отырған жоқ, ақынның лирикаларына, балладаларына, поэмаларына толық кәсіби шеберлікпен талдау жасағаннан кейін айтып отыр. Ия, Құрманғали айтқандай КЕҢ ақын ұлт ақыны деңгейіне көтеріліп,бала кезінде аңсаған, армандаған биігіне жеткен кезде, бар болғаны 42 жасқа толған кезінде бұл пәни өмірден баз кешіп, кете барды.


*** *** ***


Мен алғаш рет Кеңшілікпен бес алты жасымда танысқан едім. Содан достасып кеттік. Дос болғанда қандай, ауылдағы он бес шақты бала таңертеңнен кешке дейін бас қосатын жеріміз де бір, ойнайтын жеріміз де бір болатын. Кеңшіліктің әкесі Ағытай мен шешесі Мәркүл сол кездері әрі кетсе, отыздан ғана асқан кезі. Ағытай соғыс кезінде басынан жараланып келген, көп үндемейтін кісі еді. Кеңшіліктің сөзшеңдігі, арсалаңдап тұратын мінезі анасына тартқан, Мәркүл апай екі бетінің ұшы қызарып тұратын аппақ, сөзшең келіншек болатын.Кеңшіліктің туған жері осы Түйемойнақ, әкесінің қыста қыстайтын жері Көртоғай , жазда Түйемойнақтың шетіндегі қарасудың жанына киіз үй тігіп отыратын.


Түймойнақ кезінде Киров колхозының орталығы болған. Тұрған жерінің табиғаты өте керемет, мұндай әдемі жерді Торғай облысының басқа жерінен табу мүмкін емес. Түйемойнақ ауылы Тосын құмының ортасына орналасқан. Тап ортасынан Торғай өзені кесіп өтеді. Тосын құмының осы жерден бөлінген екі жағыда қалың тоғай, жиде, үнемі жап жасыл болып тұратын арша, тобылғы, итмұрын, ақши, жусан, жалбыз, шағырдан көз сүрінуші еді. Әсіресе, көктем кезінде гүлдейтін жиде, итмұрынның көріністері ерекше ғажап еді. Түйемойнақтың табиғатын жырлаған менің «Түйемойнақ» атты қысқалау өлеңім бар еді. Сонда:


«Түйемойнақ құдайдың берген жері,

Жылқыға құлын тайдың ерген жері.

Өзен мен Көшек таудың ортасында,

Тосынға ене бойлап кірген жері.

Түйемойнақ аңызға болған желі,

Хайролладай болған ед жыршы пері,

Әбіқай, Нұрхан, Жұмабай ақындары,

Небір шіркін. Асылдардың жүрген жері…» -

делінген жолдар бар. Сол даңқты тұлғаның бірі Кеңшілік еді. Ақын туып өскен айтулы Тосын құмының шетін көлбеп көгілдір Көшек тауы жататын. Оның жанында кезінде Кеңшілік жырлаған «Сарыөзек Сандықбидайық» жатыр. Нағыз ақынды топырағы қасиетті Жері туғызады, сөз қадірін асырған Елі туғызады. Ақын Кеңшілік Мырзабеков өзінің туған Елін де, Жерін де өлеңмен даңқын асырып, Поэзия көгінің биігіне іліп кетті.


Кеңшілік бала кезінен ақын мінезді, арқалы еді. Оның балақ шағындағы есінде қалған бір әдемі суреттері оның өлеңдерінде де қылаң беріп қалады.Мәселен, «Жидек теруге барғанда» атты өлеңінің


«Көктоғайдан» кешкілік бір топ бала,

Жидек іздеп, күндер ай, қыр таптаған,

Адырлар әрі алып кетуші еді,

Бұралаң жол белдегі бұлтақтаған.

Содан кейін іңірде оралушы ек,

Қорым жаққа қорқып бір қадалушы ек,

Үрейімді бойымнан үркітуге,

Жаутаңдаған болатын жанарың сеп…»


Ақын бұл өлең жолдарында өзінің балалық шақтағы сезімін суреттеумен бірге, қасындағы қыз баланың «жаутаңдаған жанарын» бейнелеп тұрған шеберлігіде назар аудартады. Кеңкең сол бала кезінен ақындық сезімі, ақындық мінезі байқалып қалушы еді. Ол ақын болуды, елінің белгілі азаматы болуды сол бала кезінен армандаған. Біз айтып отырған арманын Кеңшілік Ақын сәл кейінірек «Келеді өсіп бір бала» атты өлеңінде


«…Алыста алыс, алыс бір сондай түкпірде,

Соғыстан соңғы тіршілікпенен жұп бірге.

Келеді өсіп, келеді өсіп бір бала,

«Арманға жетем түбінде, түптің түбінде!» - 


деп жырлап еді. Арман жыр, жыр арман уақыт өте келе орындалды, Кеңшілік Мырзабеков жиырма жасында елге танылған ақын болды. Ақын болғанда, қандай, ерекше мәнерімен, айрықша нақышта өлең жазған қазақ поэзиясында өз жолын тапқан ақын болды.


Кеңшілік Мырзабеков табиғат, махаббат, азаматтық лирикалары, балладалар, поэмалар жанрын биікке көтерісуге зор үлес қосқан ақын. Кеңшілік поэзияның кез келген жанрында сөзді сазбен илейтін ақын десек, Кең ақын үшін ол да аз. К.Мырзабеков сөз құдіретін, қасиетін оқырманына ерекше көркем, қазақы тілмен жеткізе білген ерекше дарынды ақын еді десек лайық болар. Оған Кеңшіліктің шығармашылығы туралы кең талдап, екшеп көрсеткен қазақтың белгілі ақын жазушыларының сөздері куә.


Кең ақын шығармаларының басты кейіпкерлері біз сияқты өзінің тұстастары, замандастары,соғыс кезінде еңбектерімен ерлік көрсеткен қыз келіншектердің аяулы тағдырлары, сонау 45-65-жылдар арасындағы дағы қазақ өмірінің жан шымырлатар суреттері, табиғаты.


Кеңшілік екеуміз бала кезден бірге өстік, есейген кезде де достығымыз, аралас құраластығымыз үзілген жоқ. Бірақ, екеуміздің мінезімізде оңып тұрған жоқ, әркім өзінше қисық еді. Төбелесіп, сөзге кеп қалған кезімізде болды. Ол оқиғалар туралы ақын Серік Тұрғынбеков аңызға бергісіздей (әзіл ретінде) біраз әңгіме айтады.


Осыған орай Кең ақынның «Мінез» атты өлеңнің :


«…Ей, досым,!

Жүз шайысып қалысармыз,

Тобық қағып, аяқты шалысармыз,

«Ер шекіспей бекіспес» деген сөз бар,

Бір болса, мақсатымыз, табысармыз!» - деп аяқталатынын айта кетейін.


1988-жылы Торғайда белгілі ақын Қайнекей Жармағанбетовтің жылдық мерей тойы өтіп, оған Алматыдан ақындар Ғафу Қайырбеков, Кеңшілік Мырзабеков, Шөмішбай Сариев құрметті қонақ болып барған еді. Кеңшілік пен Шөмішбай қайтар жолда Арқалықтағы біздің үйге соққан. Жол соқты болған ба, Кеңкеңнің көңіл күйі нашарлау еді. Қарсы алған маған разы болған күйіме, біраздан кейін шабыты келіп, «Жұмат, мен лирика жазам ғой, бірақ, Сырағаңдай жазу қайда, мен баллада жазам ғой, бірақ, Қайнекейдей жазу қайда! Қазір саған арнап «Көртоғай» деген өлеңімді оқып берем» деді. Кең ақынның өлең оқуда да өзіндік сарыны бар еді, сол ырғақпен:


«…Қар жауды, міне,айтары жоқ -ау,

Айнала аппақ көз нұрын алған,

Екі үш үйдің бір көгеніміз,

Бар сияқты еді ау, бір қызығымыз.

Бір қызығымыз, бір көреріміз,

Әттең ай, әттең ерте кеп көктем,

Ажырап кетті төбелеріміз…» - деген жолдарды оқыды.Екеуміз бір бірімізге ырза болып құшақтастық. Оған Шөмішбайда қосылып жатыр. Мен оларған Кең ақынның есемі елге белгілі кейіпкері Хайролланың лентаға жазылған термелерін тыңдаттым. Кеңшілік пен Шөкең шабыттанып, біраз қопаңдап қалды. Сонда Шөмішбай сол сәтте Кеңшіліктің «Хайролла термешіге арналған «Қырман басында» атты жырды жатқа оқи жөнелсін:


«Кешке жақын,

Дала салқын,Хайролла бар -тын,

Хайролла қара нар тын…» - деген өлеңін біз студент кезімізде жатқа оқитын едік» деді ол. Шөкеңнің сөзінің шындығы бар еді, 60-жылдардың ортасында жарыққа шығып үлгерген бұл өлең сол кездегі өлеңге ғашық жандардың жаттап жүріп айтатын жыры еді. Бұл өлеңде біздің көңілімізге жақын, жүрегімізді толқытатын таныс суреттің жарқын образы бар еді. 55-жылдардағы қырман, Хайролла күзетші, жарты құрсақ аш, дәннің иісі қырманға тартқан жас бала, өлеңдегі осылардың жан тебірентер бейнесі көз алдыңнан кетер ме!.Иә, Кең ақынның бұл жыры- жыр ішіндегі маржан еді.Кеңшіліктің табиғат, махаббат тақырыптарына жазылған керемет лирикаларына жоғарыда есімдері аталған сыншылар өз заманында жоғары баға берген.


Кең ақын жылдардың орта кезінде республикалық баспаларда жарық көрген өлеңдерінің ерекше айшығымен, қазақы өрнекті ерек мәнерімен оқырмандар назарына ілігіп, құрметіне ие болған ақын. Сол кезде Шөмішбай ақын айтқандай, Кеңшілікке еліктеп өлең жазушыларда көбейген.


«Кеңшілік поэзиясының артықшылығы неде?» деген» сұрақ туа қалған жағдайда, ол ешкімге ұқсамайтын, өзіндік нақышты көркем стилі бар, лирика жанрында да, баллада, поэма жанрларында да « тұяғына шаң ілдірмес тұлпар» еді десек, қателеспес едік. К.Мырзабековтің шығармашылығындағы жетістіктері мен алған биіктері туралы біраз жазылғанын жоғарыда айттым. Соны қайталап жатсам, оның оқырманға қызығы болмас. Дегенмен,К.Мырзабековтің балладаларды өзіміз түгілі шетел поэзиясынанда кездестіру қиын. Қазақ поэзиясында баллада жанрының негізін қалаушылардың бірі ақын Қайнекей Жармағанбетов еді. Одан кейін де баллада жанрын дамытуға үлес қосқандар болды. Ал, Кеңшілік Мырзабековтің балладаларындай кесек, көркем дүниені, кешегі күні ғана емес, қазірдің өзінде кездестіру қиын. Өйткені, Кеңшіліктің кез келген балладалары поэзиядағы гаухар тас іспетті. Оларды қалай оқысаңда бауырыңды езілтіп, жаныңды шиыртып отырар еді. Басты себебі, Кең ақынның өлеңдерінен Сарыарқаның жусанының иісіндей қазақы иіс, текеметінің оюларындай қазақы иін жүрегімізді баурап алатындығында. Солардың ішіндегі «Ақкөйлек»,»ФЗОға кеткен жеңешем», «Көшу», «Боз бие», «Жолда» тәрізді көптеген балладалары асылдың жамбысы тәрізді жолы, нақышы, өрнегі бөлек шығармалар еді. Бұл балладаларға кезінде талай мақтаулар айтылған, солай десек те, «Төлеутайдың төрт қызы» атты баллада бір отбасының ғұмырлық драмасын шынайы сипаттаған үлкен полотно тәрізді. Бұл балладаның басты ерекшелігі, оқырман сол отбасында болып жатқан оқиғалардың ортасында бірге жүрген, солардың күйігі мен қуанышына ортақ болып жүргендей әсер қалады. Баллада Төлеутайдың бір қызы күйеуге қашып кеткенін жұрт өсек қылады ғой. Сондағы Төлеутайдың күйі:


«…Жай түскендей Төкең сонда үйіне,

Қамшыны алып, кемпіріне үйіре,

Қараң батқыр, батыр қараларыңды,

Деді ол алғаш, қыздарына күйіне.

Құс мылтығын керегеге асулы,

Ала ұмтылды.»Кім,кім мені басынды,..

Сүйегіме таңба салған екенсің,

Жалғыз оқпен жоқ етейін басыңды!…» 


Сол Төлеутайдың келер жылғы күйі:


«Келер жылы күйеуімен келді Ұлдай,

Қодарында ұлдары бар балғындай.

«Сүйегіне таңба салған» қызының,

Сүйіп ұлын Төкең мейірін қандырды ай!…».


Бұл балладада өмір драмасы, керемет қазақи тіл, образ бәрі бар!

Сол сияқты «Көшу» атты баллада осындай шығармашылық биікте тұрған дүние. Боз ала таңда тары тиеген өгіз арбада кішкентай бала мен жеңгесі:


«Жеңешем желең отыр, белін түйіп,

Өткен жел өңменінен өңін сүйіп.

Ойлаймын «Қайран ағам қосылған- ау,

Қалтқысыз көңіл қосып, теңін сүйіп…» 


Бір керемет пәк сурет, пәк сезім. Осы бір әдемі таңның шырқын салт атпен келген бригадир бұзады:


« …Әй, бала, ештеме жоқ жасқанатын,

Сенен кем бе, басқа ұл, басқа қатын.

Бар, күркеңді тіге бер, қосқа апарып,

Сендейінде жігіттер тас жаратын…» - дейді де, әлгі бригадир жас баланы өгіз арбамен фермаға жалғыз өзін жібереді:


«…Жан жағымда иен қыр, дала жатыр,

Жеңгем маған жәудіреп қарады ақыр.

Ала өгізді атты адам жетекке алып,

Ессіз жатқан қыстауға бара жатыр».


Осыдан кейін бригадирмен кетіп бара жатқан жеңгесін қимай фермаға жалғыз кетіп бара жатқан баланың өксігін, иесіз қыстауға бет алған бригадир мен келіншекті елестетсеңіз, сіздің де көңіліңіз құлазып сала берер еді.


«Жолда» атты балладаның да тарихы терең. Бұл балладаны Кеңшілік жиырмадан жаңа асқан кезде жазып еді. Бұл баллада өгіз арба мен баланың жолдағы оқиғасына арналған. Балладаны биікке көтеріп тұрған қазақы көркем тілі мен ақынның суреткерлік шеберлігі. Бұл «Жолда» атты балладаны Кең ақын 1971-жылы Лениннің туған күніне арналған жыр кешінде оқығаны да бір тарихи оқиға еді.


Басқа ақындар көсемге арналған өлеңдерін оқып жатқанда, Кеңшіліктің «өгіз» туралы өлең оқуы, былай қарағанда ақылға сыймайтын оқиға еді. Бұл оның мінезділігінен еді. Кең ақынның балладалары туралы осындай ұзақ әңгіме айтуға болады, өйткені ақынның шығармашылық шабыты, дарыны, арқасы ернеуіне сыймай жатқан теңіздің буырқанған толқынымен ғана салыстыруға болады.


1987-жылы Кең ақын «Мәдениет және тұрмыс» журналының тапсырмасымен Арқалық қаласына келді. Қолында «Көкшетау правдасы» деген газеттің бір нөмірі бар еді.Сонда Кеңкеңнің «Біржан сал.Қоянды жәрмеңкесі» атты дастаны шыққан екен.


Кешке біздің үйде қонып, ертеңіне обкомға келді. Ол кезде облыстық обкомның бірінші хатшысы Көкшетаудан келген Қуанышев деген кісі еді. Кең ақын соның қабылдауына кірді. Шыққаннан кейін сұрайым ғой: «Қалай болды?»деп. «Біраз отырып әңгімелестік, дастанымды көрсеттім, мақтады» деді. Бірақ, бұл әңгімеге көп тоқталмады, шамасы, обком басшысымен кездесу ойындағыдай болмаған. Мәселе, обком хатшысының шығармашылыққа көзқарастарында емес, әңгіме, сол кезеңде дарыны бөлек ақынның «Біржан сал.Қоянды жәрмеңкесі», «ФЗО ға кеткен жеңешем», «Иманжүсіп» дастандары тәрізді асыл да, кесек дүниелерді қазақ поэзиясының төріне шығаруы еді. Аталмыш поэмалар тумысынан дара ақын Кеңшілік Мырзабековтің қазақы айшықты, көркем тілмен кестелеген, түйіндеген, сомдаған ұлы Ескеркіші тәрізді.



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар