Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Роза Мұқанова: «Сарра – ізгілік жолындағы құрбандық»

16.05.2016 335

Роза Мұқанова: «Сарра – ізгілік жолындағы құрбандық»


Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры мамырдың 17-18 күндері, сағат 19.00-де «САРРА» атты драманың премьерасын өткізеді.

Авторы – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Роза МҰҚАНОВА. Режиссері – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Ақтау қалалық Н.Жантөрин атындағы қазақ музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі және режиссері - Гүлсина МЕРҒАЛИЕВА. Режиссер Г.Мерғалиева - аталмыш қойылымды сахналау үшін арнайы Қаллеки театрына шақыртылды.

Осыған орай назарларыңызға театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі Мирас Әбілдің авордан алған сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.


Adebiportal.kz



– Роза Қажығалымқызы, Сіздің драматургия әлемінде әйгілеген «Мәңгілік бала бейне» пьесасын білмейтіндер кемде-кем. Бүгінгі драматургия тақырыбында өрбітетін сұхбатымызды журналистердің «Мәңгілік бала бейнеден» бастайтын қағидасын бұзып, Ұлы Мұхтар Әуезовтің Сіз драматургияға айналдырып, сахнаға сапар сыйлаған «Қаралы сұлуынан» бастағанды жөн көрдік…


– «Қаралы сұлуды» драматургияға айналдыру ұсынысы режиссер Болат Атабаевтан түсті. М.Әуезовтің 100 жылдық мерейтойына байланысты Германия елінен осы пьесаны қоюға шақырту түскенін айтты. Ол кезде «Мәңгілік бала бейнені» жұрт жақсы қабылдап, аспандатып жатқан кез болатын. Сол қарқынмен «Қаралы сұлуды» да тездетіп пьесаға айналдырып беруімді өтінді. Алғашқыда қиын болғаны рас.


«Қаралы сұлу» – классикалық әңгіме, көлемі он беттен аспайды. Драматургияға айналдыру үшін сюжетті күрделендіру керек болды. Демек, онсыз да күрделі әңгіменің шарықтау шегін жасау қажет еді. Оқиғаны конфликтіге құру керек еді. Әңгімедегі қызметші кемпірді негізге ала отырып Қарагөздің трагедиясы да, истерикасы да шықты-ау, әйтеуір.


Ол кезде Болат Атабаевтың режиссер ретінде қолтаңбасы сыналып, оның қойған спектакльдерін қабылдай алмағандар көп болатын. Себебі, театрдағы қалыптасып қалған дәстүрді бұзып-жарып, қазақ режиссурасында жаңа көзқарас қалыптастырып, театр әлеміне құбылыс болып енген Болат Атабаевтың ерекшелігі оқшауланып көрінетін. Болат маған: «Дайындал, таяқ жейміз! Бүгін бізді сынауға тістерін қайрап, академиядан топ құрылып, әуезовтанушылар, ғалымдар келе жатыр екен», – деді. Содан шынында да Ғ.Мүсірепов атындағы Жастар театрына ғалымдар, журналистер, ақын-жазушылар, дәстүрлі режиссерлар тайлы-таяғымен қалмай жетті. Қазақша айтқанда, өңдері өрт сөндіргендей.


«Әуезов «Қаралы сұлуды» әңгіме жанрында жазып кеткен, сендер неге драматургиясын жасайсыңдар? Әуезовтен асып-түсем дедіңдер ме? Әуезов пьеса жазам десе, «Қаралы сұлуды» өзі-ақ жазатын еді» деген сияқты кінә арту сипатындағы сөздерін естіп жаттық.


1997 жылы күзде спектакльді халық ерекше қошеметпен қарсы алды. Шынында да режиссердің тапқырлығы тәнті етті. Адуындап келген ағаларымыз да тосылып, бірауыздан құттықтады. «Әуезовтің шығармасын қорлады ма деп келіп едік, сендер сахналық нұсқасы арқылы Әуезовті өз деңгейінде көтеріпсіңдер, рақмет» десіп кетті. Сөйтіп, ұлы жазушының аруағы қолдап, бір сойқаннан аман қалдық. Театрдан шығып келе жатқанымда жазушының ұлы Мұрат Мұхтарұлы Әуезов ағамыз күтіп тұр екен, қолымды алып, ризашылығын айтты. Сондағы қуанышымды айтсаңыз, осыдан соң барып жүрек орнына түскендей болды.


Ибраһим пайғамбардың (ғ.с.) атын айтқанда, Сарра деген есімді қатар естиміз. Осы екі есімді байланыстыратын тек қана ерлі-зайыптылық тағдырластығы емес, рух биіктігі. Өте нәзік те күрделі тақырып. Ал мұны драматургияға айналдыру толымды дүниетанымды, асқан шеберлікті талап етері сөзсіз. Жуырда «Қаллеки» театрында Сіздің жан дүниеңізді жарып шыққан «Сарра» пьесасы сахналанбақ. Суреткер Мұқанова «Сарраға» қалай келді?




–1991 жылы Қазақстан Тәуелсіздігін алып, қазақ қауымы көнені жаңғыртып, өліні тірілтіп, түлеу – жаңғыру дәуірін бастан кешкенін білесің. Ол кезде қаламақы сұрау деген атымен жоқ. Ешкімнен ештеңе талап етпейсің, әркімнің қолынан не келеді, соны жасауымыз керек деп құлшындық. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен артық бақыттың керегі жоқ еді бізге. Қаламақыңыз не, айлық та жоқ. Бірақ, бақытты едік. Алдымызда үлкен мұрат, таусылмас бақ, сарқылмас дәулет тұрғандай жомарт болдық. Себебін білесің, 1986 жылдың желтоқсанын бастан өткізген буын – менің қатарластарым еді.


Тәуелсіздіктің арқасында Құран Кәрімді оқуға қол жеткіздік. Бұрын аталарымыз Құранды тығып, жасырып ұстайтын. Немесе үйдің төріне қатираға салып, бала-шағаның қолы жетпейтіндей етіп, биікке іліп қоятын еді. Ұстап, ашып көрмек түгілі, көп қаратқызбайтын. Киелі, қол тигізуге де болмайтынын білгенмен, кітап екенін білмей кеттік.


Тәуелсіздік алғанда Халифа Алтай ақсақалдың Құранның қазақша мағынасымен жарыққа шыққан кітабы қолымызға түсті. Ынтызар сезіммен оқуға кірістім. Көркем әдебиет сияқты шығар деп ойласам керек. Оқимын, миым да, санам да жетпейді. Мен оқыған кітаптардан күрделі, түсініксіз болып шықты. Әсіресе Пайғамбарлар заманында түскен аяттарды, пайғамбарлардың тұсында болған қауымды, халықты ұғу қиын тиді. Мысалы, Лұт пайғамбардың заманында зауалға ұшыраған халқына байланысты түскен аят. Құран Кәрімді оқу үшін қаншама тарихи кітаптарды, тәпсірлерді білу керек екенін ұқпаймын ғой, мақұрыммын.


Осындай жұмбақтардың шешуін Рабғұзидың «Қисса-сүл-әнбийя-и» кітабы қолыма түскенде тапқандай күй кештім.


1991 жылы Жазушылар одағын мемлекет тарапынан қаржыландырмайтын болып, қысқарту жүрді. Сол кезде мен Рабғұзи бабамның кітабын құшақтап елге кеттім. Күндіз-түні ауыл ақсақалдарын жинап алып, ескіше сауатты адамдар, араб сөздерінің аудармасы, мағынасы бар ежелгі тәпсірлері қолдарында сақталып келген үлкендерді көмекке шақырып, аудармаға кірістік.


Рабғұзидың «Қисса-сүл-әнбийя-и» кітабы 9 жылдан кейін, 2000 жылы «Санат» баспасынан қазақ тілінде тұңғыш рет кириллицамен кітап болып жарыққа шықты.


Кітаптың түпнұсқасын моғол, шағатай тілдерінен тәржімалағандар: Мәтржам Дамолла, Ғабдүлғұлам хазіреті мен Шарифуддин молла.


«Ислам Қазан» баспасына татар тіліндегі аудармасына ұзақ уақыт тыйым салынып, жарыққа шықпаған. Бұл ғұламалардың батылдығының, қайраткерлігінің арқасында кітаптың жарық көруіне Петербор цензоры тарапынан 1903 жылы 13 маусымда рұқсат берілген. Сонан кейін, тоқсан жеті жылдан кейін Қазақ елінің тәуелсіздігінен соң жарық көрді.


Аудару сәтінде көптеген сюжеттерге қаламгер ретінде қатты қызықтым. Соның ішіндегі Ибраһим (ғ.с.)-ның жұбайы Сарраның тағдыры ерекше көрінді. Пайғамбар әйелі, дара әйел, ақыл-парасаты мол, қасиетті әйелдің ішкі жан дүниесінің драмаға толы болуы миымның бір нүктесінде қалып қойды. Сол кезде-ақ не әңгімеге, не пьесаға арқау етпек болғанмын. Бірақ ол кезде мен 27 жаста едім, әйел ретінде де, қаламгер ретінде де, ана ретінде де тәжірибем жеткіліксіз, дайын емес едім. Әрине басқа әңгімелерімдей жазуға да болар еді, онда бәлкім бүгінгі «Саррадай» шықпас па еді?! Асығыс жазылған болар ма еді. Сонымен «Сарра» біраз уақыт ішімде дөңбекшіп жатып бүгін ғана көрерменге жол тартпақшы.


Тора кітабында осы қасиетті кітаптардағы идеал кейіпкерлердің пәндеуи әрекеттеріне куә боламыз. Ал, Сарраның өмірін өнерге айналдыруға қанша уақыт кетті, қандай дайындықпен келдіңіз. Ибраһим пайғамбардың (ғ.с.) жары Саррамен әкесі жағынан туысқан болып келетіні рас па?


– «Мәңгілік бала бейне», «Қаралы сұлу» сахнаға шыққаннан кейін Қазақстанның Халық әртісі, біртуар талант иесі Фарида апа Шәріпова: «Роза, сенің «Патша қатын У» деген әңгімеңді оқып шықтым. У-дың образын мендей шығаратын адам таппайсың. Осының драматургиясын тездетіп жасап бер, менің де бір арманым еді – Қытайдың патша қатынын сомдау», – деді. Рас, Шәріпованың ол кейіпкерді кемеліне келтіріп шығаратынына күмәнім болмаған. Мен қарап жүрмей мемлекеттік қызметке шақырылдым, күн көруіміз қиындап кетті. Шығармашылыққа қаламақы төленбейтін болды. Балалар – шақалақ, сонымен араға уақыт түсіп кетті. Сөйтіп жүргенде Фарида апа дүниеден өтті. Актрисаның аяулы арманының орындалуына жәрдем көрсете алмадым. Осы күнге дейінгі іште кеткен бір үлкен өкінішім – осы. Болат Атабаевтың бір айтқаны бар еді: «Фарида апаға бардым, үйін қараңғылап тастайды екен, ешкіммен сөйлескісі жоқ, басқаша күйзелісін көрдім», – деп.


Білесіз бе, бәлкім бұл ұқсастық шығар, бірақ «Патша қатын У-дың» соңғы өмірі осындай трагедиямен бітетін. Өйткені, 50 жыл патшалықты билеген қатынның Қапаған хан бастаған көшпелі түріктердің алдындағы жеңіліс сәтіндегі күйі еді.


Парламент Сенатында қызметте жүрген кезімде Қазақстанның Халық әртісі Гүлжан Әспетова: «Маған бір дүние жаз! Қашанғы жүреді дейсің, біз де қартайып барамыз», – демесі бар ма. Гүлекеңе сол жолы уәде бердім, бірақ уәде 5 жылдан кейін орындалды. «Сарраны» 70 жылдығына тарту еттім. Бұл да менің өнер жолында жүрген дара қыздарымыздың алдындағы драматург ретіндегі парызым.


Сарра – ұрпақ жалғастығы үшін өзінің атақ-даңқын да, махаббатын да құрбан еткен ӘЙЕЛ. Ананың миссиясы – соңына ұлағатты ұрпақ қалдыру. Ерінің, ол патша бола ма, дана бола ма, егінші бола ма, оған ұрпақ сыйлау мүмкіндігі тек анаға берілген құзірет. Елін жаудан қорғайтын, елінің ертеңіне қызмет ететін ұрпақ қалдыру анаға – міндет, парыз. Осы қағида жолындағы Сарраның жан азабы мен әйелдік қызғаныш өртіне түскен ішкі дертін ашуға тырыстым. Ол пайғамбар әйелі ғой, өзгеден ерек жаралған. Күшім жетті ме, жетпеді ме, оны көрерменнің патша көңіліне қалдырдым.


– «Сарра» театр арқылы көрерменге нені айтуды мақсат етеді? Сіз шығармашылыққа кірісерде Тәкен Әлімқұловтың, Мағжан Жұмабаевтың, Мұқағалидың шығармаларын оқып күш алатыныңызды білеміз. Ал, мистерия машақатына түсерде рухты қайдан алдыңыз? С.Балғабаев: «Біз драматургиялық шығарманы жазып қана қоймай, сахнаға шығу жолында да жұмыс істеуіміз керек» дейді. Сарраны сахнада сөйлету жолында режиссер, актер, суретшілермен жұмыс жасайсыз ба?


– Сарра тазалықты іздейді, ізгілік жолында құрбан болады. Иә, бойындағы әйелге тән пендешілігімен өмір бақи күреседі, соның азабын тартады, қасіретін шегеді. Бірақ Ибраһим пайғамбарды (ғ.с.) сүйеді, Аллаға қалай құлшылық етсе, еріне дәл солай құлшылық етеді. Ұрпақсыз өтіп бара жатқан Ибраһим пайғамбарға (ғ.с.) Ажарды ұсынады, пайғамбар ұрпағын жалғастыруды әйел қызғанышынан, пендешіліктен жоғары қояды. «Соқырдан – көрмес, сараңнан – бермес, пайғамбардан –пайғамбар туады» деп, Ибраһим пайғамбарды (ғ.с.) ұрпақ сүюге өзі көндіреді.


Біз аз халықпыз, бізге өсу керек. Бабалардан қалған кең байтақ жерге ешкім көз алартпау керек. Өз жерімізге өз ұрпағымыз ие болуы керек. Ұрпағы жоқты жат жұрт түгілі, ағайыны басынады. Бүкіл ауыз әдебиетінің сюжеті осыдан бастау алады емес пе? Ұл-қыздарымыздың санасына ұрпақ көбейту туралы құя беруіміз керек. Мемлекет те көп балалы аналарға үй-жайын қарастыруы қажет. 10-15 баласы бардың қоғамда беделін көтеріп, әлеуметтік жағдайын қамтамасыз ету керек.


Өзің айтқан Мағжан, Тәкен, Мұқағали – жазуға жол ашады. Абай ғұлама – ойлануға жол ашады. Мистерия – аңыз, қиял емес. Аңыз – дүниеден өткендер жайлы әңгіме. Иеруссалимге барып, Иса пайғамбардың (ғ.с.) туған үйін көргенде, сәби кезінде шомылдырған ыдысты көргенде қазіргі адам қандай сезімде болады. Немесе Әл-Ақсаға барғанда Мұхаммед (саллаллаһу-ғалайәһи-уә-сәлләмнің) Миғражға көтерілген тасын көргенде қиял емес – ақиқат екенін ұғасың. Ұққаның не – жылайсың!


Сұлтанәлі өз ерекшелігін айтқан болар. Бірақ өз басым ойлаймын, драматургтің жазғанын режиссер түсінбесе, спектакль шықпайды. Драматургтің жазған кейіпкерін режиссер көрерменге жеткізе алуы керек. Автордың айтқысы келген ойын көрермен түсінбесе, режиссер автормен соавтор бола алмай қалады. Сәтсіздікке ұшырайды деп ойлаймын. Екеуі тандем болуы шарт. Драматург пен режиссердің ойы, тереңдігі, интеллектісі ұқсас болса спектакль шығады. Мысалы, А.П. Чеховтың пьесалары кейде шығады, кейде шықпай жатады. Өйткені А.П.Чеховпен соавтор бола алатындай режиссерлер өте аз.






«Сарраны» Н. Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық театрының режиссері Гүлсина Мерғалиеваның сахналауында көреміз. Менің шығармашылығымдағы тұңғыш әйел режиссер. Ал актерлер өздері сомдаған образды жеріне жеткізе алса деп армандаймын. Әзірге жұмбақ!


– «Суреткерде өмірбаян болу керек» депсіз бір сұхбатыңызда. Сізді суреткер қылған қандай өмірбаян?


– Ауылда өстім. Ауыл адамдарының тазалығын, арман-қиялын, адалдығын, еңбекқорлығын көріп өстім. Дана қарияларды, әңгіменің майын тамызып айтатын апаларымды көрдім. Олардың әңгімесі қазіргі театрлардан кем емес еді. Өздері айтып, өздері орындап беретін шебер болатын. Қазіргі ұрпақ ол буынды көре алмады. Көп білетін, кез-келген сөздің баламасын емін-еркін қолдана салатын, тапқыр, шешен еді шеттерінен. Бір-бірін қайталамайтын, мінездері бір-біріне ұқсамайтын. Қазіргі адамдар бір-біріне өте ұқсас, шаршатып жібереді. Жалпы, табиғаты өзгешелеу адамдармен қарым-қатынаста болғанды жақсы көремін. Дереу шабыттанып, жазғым келеді. Рух береді. Бірақ олар өте аз.


Қазақ Ұлттық өнер университетінде ұстаздық етіп келесіз. Шәкірттеріңізден жаңа буын қалыптастыратын қарқын байқала ма?


– Іштей үкілеп жүргендерім бар, бірақ өздері білмейді.


Менен алғаны аздық етеді, өмірбаяндағы тәжірибе де керек. Олар алғашқыда қорқынышпен көп уақыт өткізеді. Сосын қызыға бастайды. Қызыққан дүниесін тездетіп шығаруға құныға бастайды. Жазудан ләззат алғанда ғана маман болады.


– Қазақ драматургиясының қазіргі жай-күйіне қандай баға берер едіңіз?


– Сен театрдың әдеби бөлімінде жұмыс істейсің. Саған белгілі болар, қоржыныңа түсіп жатқан пьесаларды оқып отырасың ғой.

Қоғамда қызық бір әрекеттер пайда болды. Бұрын пьеса жазып көрмегендер, театр директоры бола сала пьеса жазады. Қанша қаламақы алса да өзі біледі. Немесе депутат бола салып, пьеса жазады да, театрға қойғызады. Қолдарында билік бар ғой… Меніңше, әркім өзінің қолынан келетін шаруамен айналысу керек-ақ! Бізде оңай олжа тапқысы келетін жағымсыз мінез бар.


Жазушы боламын, драматург боламын деп жүрген жастарға қандай кеңес бересіз?


– Рецептісі жоқ қой. Мен жазушы-драматург боламын деп ойлаған жоқпын. Бірақ бала кезімнен жазумен машықтандым. Әкеме қызығатынмын. Әкем жазушы еді. Жазған дүниесін ерінбей, жалықпай маған оқитын. Өзіне қатты ұнаған шығармаларды міндетті түрде оқытатын.


– Салиқалы сұхбатыңызға рақмет!


Сұхбаттасқан Мирас Әбіл,

Қалибек Қуанышбаев атындағы

Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры

әдебиет бөлімінің меңгерушісі


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар