Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Жарас Кемелжан: Сүркейлі сурет (детектив)

05.05.2016 297

Жарас Кемелжан: Сүркейлі сурет (детектив)



Бұл оқиға теледидарға телмірген Алматы халқының жағасын ұстатқан, тіпті талай сұрқия қылмысты ашып жүрген сақшылардың өзі мұны көргенде тіксініп қалыпты. Қылмыс бірнеше жылдың алдында болды, бірақ оның беті ашылуы көп кешіккен. Қандықолдардан қалған із, дерек аз.

***


Тергеуші Бақыт Сауранбаевтың (аты-жөні өзгертіліп алынды) кірпік айқастырмағанына бір апта. Оған бұл іс жүктелгелі үйдің бетін көрмейтін болды, құлдыраңдаған егіз қыздарын да түнде ғана иіскейді. Ал мына іс сағыздай созылып, қым-қуыт телесериалдай күрделеніп бара жатқаны.


Тергеушінің қолында өң-түсі бір-бірінен айнымайтын төрт түрлі қылмыстық іс, жеті адамның өлімі туралы жазылған жеті папка жатыр.


Жауыздық Алматының әр түкпірінде, әртүрлі уақытта болған. Тергеушінің басын қатырған сауал – күдіктілердің аты-жөні емес, қылмыстың өзгешелігі. Өйткені барлық құрбандықтың арқасы тілініп, түсініксіз белгі таңбалаған. Ол аздай төрт істе де оқиға болған үйдің қабырғасына шеңбермен қоршалған бес жұлдыз және мағынасыз шимай шатпақ салыныпты. Суреттің немен салынғаны жұмбақ: қызыл бояу немесе адам қаны болуы мүмкін. Ал іргеге сол қызыл түспен «Саша, Миша, Коля, Бага» деп сайғақтап, «Сатана» деген үлкен жазу жазған.




***


Қылмыс әлемінде көп кезіге бермейтін бөгенайы бөлек бұл іске шаһардың барлық сақшылары жұмылдырылды. Бір қызығы, күдіктілер оңай табылған. Соңғы құрбандықтарына сурет салған күні оларды көрші пәтердегі жесір кемпір байқап қалыпты. Бейтаныс, жүрісі суық жігіттердің үйге бір кіріп, бір шыққандарынан іш жиған екен. Сақшылар келгенде қабырғаға салынған шеңбермен қоршалған бес жұлдыз – түнгі Алматының аспанындағы самаладай жыпырлап кетіпті. Тіпті бұрынғы үй қабырғасына салынған жұлдыздардан да көп. Үй іші қып-қызыл майдан.


Қандықолдар із суытып үлгерген. Бірақ жасауылдың аты – жасауыл, қаланың түпкір-түпкірін тінтіп жүріп екі қабатты бір жатаған үйде арақ ішіп отырған төрт жігіттің үстінен түсті. Куәгер берген сипаттама бойынша олар күдікті ретінде тұтқындалды. Бәрі өрімдей жап-жас жігіттер. Ал олардың мұндай жауыздыққа не үшін барғаны түсініксіз.





***


Бүгін тергеуші үшін ауыр күн. Өйткені қылмыс орнынан табылған барлық айғақ зат: қабырғадағы бояу, саусақ ізі анықталды. Бірақ мұның бәрі қалыпты жағдай. Ең қиыны – қандықолдардың қандай да бір діни ұйымның мүшесі болып, жасаған қылмысы діни рәсім болса, маңдайының тасқа соғылғаны. Ондай жағдайда іс басқаша сипат алып, күрделеніп кетеді. 
Айғақ заттардан шыққан қорытынды мынау: барлық қылмыстағы үй іргесіне салынған түсініксіз бейне адам қанымен боялыпты. Ал саусақ іздері – осы төрт жігітке тән. ДНК құрбандықтардікімен ұқсас.


Сұп-сұр, суық бөлме. Бақыт күдіктілермен жеке-жеке сөйлеспек. Ең алдымен өзінің лақап атын «Саша» деп атаған (қылмыс орнына осы лақап атын қалдырған) 18 жастағы жалбыр шашты сары жігітті шақырды. 

–Аты-жөнің кім?


–Сергей.


–Толық айт!


–Сергей Кумеров.


–18 жастасың. Алматы қаласында туыпсың.


–...


–Мынадай жауыздыққа неге бардың?


–Қандай жауыздықты айтасың?


–Кісі өлтіру. Мәйіттің арқасын тілу. Қабырғаға адам қанымен сурет салу.


–Ода тұрған не бар? (Сергейдің жүзінен қорқыныштың ізі байқалмайды)


–Бұл діни рәсім бе, кімдерге қызмет істеп жүрсің?


–Ешқандай діни рәсім емес. Жүрек қалауымыз бойынша істедік.


***




Сергеймен сөйлесу тергеушіге оңай соқпады. Күдіктінің сөзінен ғана емес, жүзінен де суық ызғар шашып, тәжірибелі маман сұрақ қойғанда әбден әбігерленген. Ол екінші жігітті шақырды. Коля (Шын есімі - Қуан) Талдықорғанда туған. Алматыдағы колледждердің бірінің студенті. 17 жастағы бала жігіттің тұрпатынан қылмыскерге тән мінез, кескін байқалмайды. Жайдары, нәзік.


...


–Бес жұлдыздың не мағынасы бар?


–Бүкіл дүние бес жұлдыз сияқты бес бұрышты.


–Оны адам қанымен салуларыңның себебі не?


–Адам қанымен салынған сурет жанды, шынайы шығады.


Қазақ жігітінің осы сөзінен кейін тергеуші өз-өзіне келе алмай қалды. Тергеуге арналған тар, қараңғы бөлмеден шығып, мұздай суық су ішіп, үсті-үстіне шылым шекті. Сонан соң сұрақты қайта жалғастыруға аяғы тартпай, бүгінгі жұмысын сол жерден аяқтағысы келген.


***


Бақыт үйге келген соң кешкі асын іше алмай, ерте жатып қалды. Қос құлыны әкесінің мойнына мініп еркелегісі, асыр салып ойғасы келген. Бірақ қыздарының еркелігін көтере алмайтын күйде. Әйелі Нәзипа күйеуінің көңіл-күйін қас-қабағынан біледі. Қыздарын басқа бөлмеге жіберіп, Бақытқа төсегін салып берді. Тергеуші қанша ерте жатса да, кірпігіне ұйқы белгісі ілінбей-ақ қойғаны. Көз алдында Сергей мен Коля. Әсіресе қыздай нәзік қазақ жігітінің арқаны шымырлатып жіберердей зілді сөзі қайта-қайта құлақ түбінен жаңғырады.


«Адам қанымен салынған сурет жанды, шынайы шығады», - деп бедірейіп тұр қараторы бозбала...


Таң етегі сөгіле ол мызғып кетіпті. Қуанның сөзі құлақ түбінен естіліп тұр. Бұл оған: «Неге адам қанымен салынған сурет шынайы болады?» деп сұрақ қойды. Ұйқылы-ояу айтқанын өзі де сезіп жатыр. Бірақ көзін аша алмайды. Әйелі Бақыттың қорқынышты үнінен шошып оянды.


Ертеңгі шайдың үстінде жары сөз бастады.


–Осы жұмысыңды қойсаң қайтеді? Қыздарыңның болашағын, мені ойлашы!

Бұл бәледен басқа шаруа құрып қалды ғой дейсің бе?


–Жұмысым ғой.


–Бір күні жазым болсаң, қара басыңды ғана емес, бізді де құртасың.


–Қолымдағы мына бір қылмысты ашайын, сонан соң басқа шаруа қарастырмақпын.


–Әй, қайдам, сен бұрын қанша қылмысты ашсаң да, дәл мына қандықолдарды жауапқа тартқандай қиналмайтынсың.


–...


***


Тергеуші бүгін қалған екі күдіктіден жауап алды. Лақап аттары – Миша, Бага. Марғұлан мен Бағдат. Олар Алматының жанындағы шағын аудандардың тумасы. Жоғары білім алмаған. Табыс көздері – мейрамханалардағы даяшылық. Қылмыскер төртеудің танысып, араласа бастағандарына бір жылдай уақыт болған.


–Марғұлан, достарың салған суретті сайтанның пентаграммасы деп отыр. (Бұл тергеушінің өз жанынан шығарған тергеу амалы)


–Білмеймін, мен шабытпен салам. Кісі қанын көргенде ойыма не түседі, соны саламын.


–Мына суреттердің қайсысын сен бейнеледің? (Тергеуші папкадан қалың сурет шығарып көрсетті)


–Мынау менікі!


–Бұл не нәрсе? Адамның көзінің ішіне кеме салыпсың, кемеге бес жұлдыз бейнеленген.


–Адамның көзі тоймайды. Оған теңіздегі алып кеме де, көктегі сансыз жұлдыз да сыйып кетеді.


–Сонда сен тойымсыздықты бейнелегенің бе?


–Иә, қазір ешкімнің көзі тоймайды. Алсам, жесем дей береді. Әділетсіздік те көп қой, өзіңіз де біліп отырсыз. Мысалы, сіздердің бізді түсінбей, жанымызға үңілмей тұтқындағандарыңыз да әділетсіздік!


–... Тойымсыздық пен әділетсіздікті әртүрлі бояулармен де салуға болмай ма?


–Тойымсыз көз кімдікі, суретті соның қанымен саламын. Егер мал тойымсыз болса, малдың қанымен салар едім.


Тергеуші қарсы алдындағы келбеті келісті жігіттің таңғажайып жауабына айран-асыр болды да қалды. Марғұланның әр сөзі салмақты, өзі орнықты. Сөйлеген сөзінен есі ауыш кісінің бейнесі байқалмайды.


***


–Бағдат, мен сенің саусақтарыңнан суретшіге тән ерекшелікті байқай алмай отырмын, – деді Сауранбаев.


–Дұрыс байқағансыз. Мен суретші емеспін, тек әуесқоймын. Үйреніп жүрмін.


–Сонда болашақта суретші болғың келе ме?


–Жоқ!


–Онда сурет салудың не керегі бар?


–Қоғамның, адамдардың назарын аударатын, таңғажайып адам болсам деймін.


–Таңғажайып адам болу үшін басқа да жол бар ғой.


–Жоқ! Қазір ешкім ешнәрсеге таңқалмайды. Тек қоғамды дүр сілкіндіретін, адамдарды үрейлендіретін әрекет керек.


–Сенікі атақ шығарудың ауыр жолы ғой онда?


–Бұл атақ шығару емес. Қазір біз сияқты жастарға үлкендер назар аудармайды, көңіл бөлмейді. Олар біздің не істеп жүргенімізбен, қандай шаруамен айналысып жатқанымызбен де жұмысы жоқ. Сондықтан осындай жауыздық арқылы қоғам назарын өзімізге аударғымыз келді.


***


Бұл тергеуден Бақыт Сауранбаев күйзеліп, шаршап шықты. Миы жетпейтін бір сұрақ жанын жегідей жейді. «Сонда біз үлкендер жастарды қылмыс жасауға өзіміз итермелеп отырмыз ба?» дейді ішінде бір дауыс. 
Ал екінші бір үн Марғұланның берген жауабын қайталайды: «Әділетсіздікті кім жасайды, кімнің көзі тоймайды? Соның қанымен сурет саламын!». 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс.

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)


Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар