23 мамыр 2018
Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Ербол Тілешов: Ер дана

24.04.2016 224

Ербол Тілешов: Ер дана


Абай Құнанбайұлы

Ұлттың бүгінгі барына бойлау үшін өре мен қабілет қажет, ал халқының асылы мен жасығын ажыратуға, бағзысы мен болашағын салмақтауға кемел ойдың шалқар иесі болу шарт. Әсіресе, тұтас ұлтқа санаткер атану үшін айбынды пікір, батылдықтың көрігіне суарылған алдаспан ақыл керек-ақ. Асқан даналық пен алдаспан ақыл тұтасқан тұстан ұлтын өре мен өрге бастар көсем ұл тумақ.


Алдаспан ақыл – Қазтуғаннан бастап Махамбетке дейінгі қазақ көркем сөзінің бейнесі мен бедерін нұсқалаған қасиет. Бұл – жойқын жорықтар мен кекті күрестерден, қарсылық пен қасарыстан туған алмас поэзия. Кернеген кектің, ақысын алуға арбасқан абыройдың тумасы. Оның жалындылығына күмән араластырмағаныңызбен, бұл дәстүрлі поэзия – көркемөнер үшін мұрат саналатын адам мен әлеуметтің ішкі, тысқы табиғатының тамыршысы болды деп және айта алмаспыз. Шешендік сөздің шыңына шыққан пәлсапалық қазақ ойы – кемелділігі көріктілігінде, көркемдігі тереңдігінде тұнған, ғибраты мен өсиетшілдігі өнерлі өлеңге оранған, сезімшіл ақын, бейнелі ой боп өрілген алаш сөзі – Абайдың өнерпаздығы жүзінде данышпандық пен ақындық тізе қосқанын алғаш айғақтады. Абай сөзі – ұлттың мұраты мен мұңын қалай бейнелеудің жаңа жолын, соны сапарын һәм өміршең өрісін нұсқады. Осы жол, осы сапар, осы өріс – оның өзінен соңғы өрелі ұландар шарлайтын өңір, шырқайтын биік болды. Бүгіндері әдеби мектеп деп ғұлама төңірегіне Шәкәрімді, Көкбайды, Әріпті, Әсетті, әдеби дәстүр деп Ахметті, Мағжанды, Сұлтанмахмұтты, Сәбит Дөнентаев пен Спандияр Көбеевті және бұлардан соңғы ақындарды атап жүргеніміз аян. Осы жолмен желдіртсек, онда атасының емес, Құнанбайдың емес, Алаштың Абайы әлденеше сырлы сөз иесіне жоралы жол, олжалы сапар боларлық бағыт сілтеді. Осы ыңғайдан келгенде, Абай – ескі мен жаңаны жалғастырушы. Оны кемеңгердің өзі де сезінген, бізден бұрын Абай кәусарының дәмін татқандар айтқан.


Абайдың гуманизмі, ойшылдығы, қайраткерлігі айналып соққанда, бір арнада тоғысып, ортақ қайнардан бастау алады. Ол – жаратушы Алла тағалам кеудесіне құйған адамшылық ниет, ғаделет сезім. Әлбетте, алдымен Абай – ақын, ақын болғанда, музасы жанап өткен құбылыстың тереңі мен тылсымына, ауқымы мен айдынына еркін бойлаған суреткер ақын. Суреткердің өнернамасы – өзінің «Наданның көзін қойып, көңілін ашпақ» дегенінен де ауқымды. Сондығынан да оны тек ұстаздық, ағартушылық рөлінде ұстау үнемі дұрыстыққа шыға бермейді. Сондай-ақ, Абайды А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, И.Крылов т.б. орыс қаламгерлеріне шәкірт ету былай тұрсын, тіптен аталғандардың ешқайсысының қаламгерлік бағыт-бағдарына, шығармашылық бейне-тұлғасына жуықтастыру мүмкін емес. Өйткені, ілімі-білімі, қала-астанасы, мұражай-кітапханасы, патша-губернаторы, салтанатты Суздалі мен суық Сібірі бар орыс қаламгерлері алдында тұрған міндет пен қазақ ақыны алдындағы мұрат, әлбетте, бірдей емес, олай болуы еш мүмкін де емес еді. Алаштың кемеңгер ақыны атқарған ақындық, ойшылдық, хакімдік міндеттерді орыс ақын-жазушылары жұмыла көтерсе, тарих тәлкегінен өркениетке қара жаяу жүріп беттеген, аттыларға кегі кеткен қазақ сахарасында соның баршасын дана Абай атқарды. Пушкин тілінің байлығы мен оралымдылығы, Лермонтовтың заманына қарсылықты тәкаппар да бекзат поэзиясы, Некрасовтың әлеуметшілдігі, Крыловтың уытты кекесіні, Гогольдің ащы әжуасы – бәрі-баршасы Абай шығармашылығының пафосы мен мазмұнынан табылып жатты. Бірақ ол қазақ ақынының орыс әдебиетінен алған тәлімінен дарыған қасиет емес, Алаштың рухани табиғаты тудырған, дала шындығы шыңдаған төл қасиет. Бұған қоса, Л.Толстой жеткен асқан ойшылдық пен гуманистік асқар да – Абай бағындырған меже. Ал, төл әдебиетке қарата айтсақ, жыраулардағы ерлік пен елдік, Махамбеттегі батылдық пен бірбеткейлік, Дулат пен Мұраттағы отаршылдыққа қарсылықтан туған консервативті идея, Шортанбайдағы дін, сал-серілердегі махаббат пен сұлулыққа ынтызарлық, айтыс ақындарындағы елішілік құбылыстар – осылардың қай-қайсысы да Абайда кездеседі. Бірақ кездеседі деген сөз кемеңгер суреткер олардың барлығын түгендеп, ат қойып, айдар тағып адақтап шықты деген тұжырым емес. Абай – қазақ қоғамындағы жаңағы тарихи әлеуметтік құбылыстар мен адами қатынастардың тереңіне үңіліп, поэтикалық ұстанымына орай, бірін көбірек, енді бірін азырақ жыр етті һәм өз заманының көкжиегіне қарай отырып, тілек, болжал түрінде емес, нағызшылдық, көркемдік, саралаушылық сарында, түйіп айтқанда, өзінше, Абайша терең түйсікпен өрнектеді. Өзі бейнелеген далалық өмірдің заманауи жағдаяттарының ішіне еніп, өзегін танып, демімен тыныстап, қылышы мен қобызы, найзасы мен наркескені, дабылшысы мен дабырашысы болмай-ақ, данагөй тамыршысы болды да Алаш сөзінің сырлы сертіне жетті. Ол – өзінен кейінгі ұрпағы сүйсіне татар ата сөзінің құдыреті. Қазақ сөзінің құдыреті мен кереметін ендігі жерде ешкім де жете алмас тамсанарлық, талпынарлық асқарға оздырды. Абай биігі. Бұл биіктің қадір-қасиеті – мәңгілік байрақ болар баяндылығында ғана емес, оның мәні – есіңе ес, түйсігіне түйсік қосар, сөйтіп рухани дән боларлық мәңгілік құнарында. Жыры жасампаз, өлеңі өміршең тұлғаның өнерпаздық өнегесі, кісілік ғибраты – өзінен кейін іле-шала Шәкәрім, Ахаң, Сұлтанмахмұттар болып сәуле таратып еді, одан беріде Қасым, Мұқағали музасына дем бүркіп, енді міне, дүние дидарын еркін бағамдаған зерделі қазаққа нұрын шашуда.


Қазақ поэзиясында, жалпы қазақтың дүниеауи танымында адам болмысы мейлінше жалпылық тұрғыда безбенделіп, осыған тартылып адам – батыр, адам – би, адам – жарлы, адам – хан, адам – пенде, адам – ақымақ, адам – көпшілік деген сияқты бейімде бейнеленді. Онда да адам әрекетінің қилы уәждері, ішкі сыры, кім екендігі, кім болмағы және қайда бармағы – жалпы қазақ баласының тұлабойлық қасиеттері өзінің тап басып танушысын күтуде еді. Адам болғанда – қазақ баласы. Абай осы қазақ баласының мінез бітімін айта отырып, оны жалпыадамзаттық ізгіліктің биігінде тұрып мәністеді. Әлгіндей шырқау биікке көтерілген суреткер, әлбетте, халқының күнделікті үйреншікті, талпынысы кем, бұлжымас қарекетіне, талапсыздау күйбең тіршілікке байланған майда мақсатына, одан өрістеген мінезіне оң ниет білдіре алмасы хақ еді. Абай шыққан кісілік мұнарасы – ақынды өлең шығарушы көп ақынның біріне емес, ой көгіне жеткен, шайырлығы адами тілектердің тілінде ғана сөйлейтін, ойы мен лебізі, сөзі мен кестесі келіскен дана суреткер етті. Ендігі тұста адамның би мен батыр болмағының, бай мен жарлы болмағының, талапсыз, жалқау болмағының мәнісі Абайдың рухани таразысына тартылады. Бұл безбеннің бұлжымас өлшемі – иман, хақиқат, шапқат, адамшылық, ғаделет сезім, ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек, талап, ар мен ұят... Ал оның құтысы – сырлы, бейнелі, тапқыр сөз, үйлесімділік пен жарастыққа тартылған татымды лұғат.


Қазақ сөз өнері, қажет десеңіз, жалпы қазақ ойы – Абай поэзиясы болып адамға бет бұрды. Адам болғанда жекелеген адам, болмаса белгілі бір әлеуметтік топ емес, тұтас халыққа бұрылды. Сөйте отырып, ол жалпы қоғамдық қарым-қатынастарды баян етуші кейпінде қалған жоқ, адам болмысының ішкі иірімдеріне бойлады. Нәтижесінде, жалқы мен жалпының, бөлшек пен бүтіннің даралығы мен ортақтастығын айыра отырып, жалғыз бен көптің мінезіндегі, харекетіндегі ниет пен пиғылдың сырын аңдады. Сөйтіп, ол жекені айтсын, көпті айтсын, айналып келгенде, адамның адам болмағының жолын меңзеді. Ақын үшін ел билеушіні сынау болмаса мадақтау, әйелдің қандай болмағын айту, бай мен кедейдің, ру мен рудың егесін, ағайынның бақастығын өлеңге қосу, сұлудың сымбатын жырлау, жалаң насихат тарату мақсат болмаған. Абай түйсінген өнер мұраты басқада. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп», адамсүйгіштіктің орасан зор ұранын тастаған ақын қасиет пен пенделік қайшылықтарының тұңғиығын шарлайды. Ақынның осындай суреткерлік ұстанымы – оны ренессанстық тұлға етеді. Сөз өнерінің болсын, қоғами ойдың болсын, адамға қарай бет бұруы – ұлттың есейе бастауының бұлтартпас нышаны. Мұндай рухани есею – сананың жаңғыруына бастайды. Жаңғыру тұтас ұлт өкілдерінің бір сәтте, бір мезгілде пәтуәласуымен емес, алдымен, дананың дәрменімен паш етілді. Данышпан суреткердің өнернамасының алтын өзегі болған адамсүйгіштік аңсарын – гуманистік идеалдың көркем мазмұнға айналуы дейміз. Батыс дүниесінде ол итальян Данте, испан Сервантес, француз Рабле сияқты ерен тұлғалардан тараған. Олар еуропалық Ренессанстың іргесін бекітіп, мұнарасын көтерді. Адамзат баласына солар соққан мұнара әлі көрініп тұр. Қазақ Ренессансының басы – Ибраһим Құнанбайұлы. Абай керегесін керіп, уығын шаншып, шаңырағын көтерген ақ боз үй Алаш жерінің қай қиырынан да менмұндалап тұр. Абайдың осы ақ ордасы – Алаш руханияты әлемдік өреге жақындаған сайын биіктей түспек, сонысымен қазақты дүниенің төрт бұрышына таныта түспек. Осы мәртебелі мұраттың іске асуы – бүгінгі ұрпақтың, келешек өреннің дарыны мен қарымына байланысты. Ақын ата, абыз ақсақал, кемеңгер хакім айтарын айтып кетті. Қалғаны жаңа ғасырлардағы қазақ баласының діні мен тіліне, беріктігіне байлаулы болмақ. Осы «алдыңғы екеу» болмаса, аспанға ұшумен, қала салумен, бәленбай тілде сөйлеумен бүгінгі темірді жүргізген, шынылы үйді тұрғызған, сымсыз сөйлестірген зымыран заманды таңқалдыра алмайсыз. Себебі, ұлттың шынайы ұлт екендігін – жер байлығы емес, өзгеге ысырылып төрін беруге бейім тұратын тым «сыпайыгершілігі» емес, сырттың мақсатты мақтауы емес, ең алдымен, басқа ешбір халыққа ұқсамайтын ерекше ділі айқындамақ. Ділге берік ұлт – азат ұлт. Ділі тәуелсіз ұлттың ғана ұрпағы – шын тәуелсіз. Өйткені, тәуелсіз діл – тәуелсіз сананың жемісі. Қазақ елі үшін шекараны арымен қорғар, шаруаны ұятымен атқарар саналы ұрпақ көбейген сайын тәуелсіздік нығаймақ. Өзгенің дағдысына әуес, аузынан бөтеннің сөзі шығар, атақонысы ауылға үрке қарар, Америкаға аңсары ауған ұрпақтың пиғылында күмән бар. Құдай бетін аулақ қылсын деп тілейік, біздікі бүгінгі ахуалдың жайы, бағыт оң болғай.


Қазақ Ренессансының атасы Абай болса, абайлық жаңғырудың қайнар көзі – мұсылман діні, исламдық дүниетаным мен мәдениет. Олай деуіміздің басты әрі бұлжымас куәсі – ақынның шығармаларындағы иманға суарылған өрісті ойлар. Осыдан шығып адамды ардақтауда Абайды иманшыл мұсылман перзенті дейміз. Өзінің алдындағы өлең ұстағандардың еректігі де – хақиқат ілімін терең меңгере отырып, оны бейнелі сөздің асыл кестесімен көмкеруінде. Абай – сөз жоқ, діндар адам. Құнанбайдың Меккеге сапар шегуіне асып туған оқымысты баласының да үлкен, шешуші ықпал жасағаны – жалпы аға сұлтан әулетіндегі діндарлық, біздің болжауымызша, «Абай жолының» ызғарлы заман жазғызбаған беттерінен болса керек.


Әр адам мінездің, әсіресе, шығармашылық тұлға – қазақ айтатын кесек мінездің құтысы. Майда мінез бен ақындық қабілет, қабілет болғанда орасан дарын – жарасым табуы бек неғайбыл. Шабыттай адуын, найзағайдай қуатты, бірде тастай берік, бірде гүлдей нәзік, жақсылыққа жайлау, жамандыққа қытымыр қаңтар, қатпары сан тарау, кесек мінез ақындықтың алғышарты болмаса да, өлеңнің өзгеден алабөтен өріміне өзек болар діңгек. Мінез – жігердің кескіні. Жігері – болат, еркі – құрыш адам ғана тұтас ұлтқа тұтқа болмақ. Абайды данышпан десек, ақын десек, ұлтқа рухани аталыққа жеткен Алаштың ең ардақты абызы десек, оның өнерпаздығы мен ақылпаздығының құнары болған осы қайратты мінезі жөнінде сөз бастап, ой қайыруымыз керек-ақ. Әсіресе, «Қалың елім, қазағым...» деп күрсіне күңіренген жырлар тумас та еді. Ол болмаса, тұрмысы бақуат, ағайыны мол, «жалғыздық көрер жері жоқ», атасы бек Абайдың ақын емес, шонжар болып, би болып қалуы әбден ықтимал еді. Ақын болған күннің өзінде ескі сүрлеуге елтіген жүз бен мыңның бірі, асып кетсе, өлеңшінің тәуірі ғана болар еді. Алайда, Алла тағалам Абайға зор дарынмен бірге қайратты ақыл, жігерлі мінез, нұрлы жүрек сыйлапты.


Абайдың дарын қуатына серік те болған, тірек те болған табиғи мінезінің сырына үңілсек, әсіресе, оның үш қайнарын атап беру қажет болмақ. Біріншіден, ол өмір сүрген кең даланың көшпенді тірлігінің аясындағы, беделі зор әулеттің алақаны – болашағынан үміт күттірген тумысынан зерек ұлды бұла етіп өсіріп, батыл мінезін қалыптады; екіншіден, Абай заманында сан ғасырлардан бері желі тартып келе жатқан ұлы даланың шешендік өнері сарқылмаған еді. Болашақ ақын шешендердің тапқыр, келісімді сөз кестелерімен бірге, олардың батыл, турашыл мінездерін де көріп өсті және оған әкесінің баулуымен билікке араласқанын, өзінің болыс болғандығын, айтулы алқалы жиында төбе би болғандығын қосыңыз; үшіншіден, ол жыраулардан мирас болып қалған шыншыл, қаймықпас далалық поэзияның өкілдерін де көрді. Зерек ұлан осының барлығын ой таразысына салып, асылы мен батылын санасына сіңірді.


Құнанбай сияқты апайтөс дала билеушісінің бел баласының жастайынан ел ішіндегі күнделікті болып жататын дау-дамайларға төрелік етуі, кесімді билік айтуы – шешендік лебізбен білдірілетін заманның зерделі өренінің бойына атадан да ерекше батыл мінез қондырды. Бұл мінез кітаптан емес, көшпенді ортаның дәстүрлі салтынан сіңген табиғи қасиет еді. Абай кейінгі қала ақындары сияқты қоғамдық ортаға я болмаса қызметке байлаулы емес болатын. Өзінің орыс замандастары сияқты Петербор мен Мәскеудің қалыпқа түскен, белгілі бір нормаларын сақтауға тиісті тіршілігінен де алыс еді. Сахараның еркін тұрмысын кешкен, ешкімге де, ештеңеге де тәуелді емес, ірі әулеттің өкілі Абайдың өлеңге шындап бет бұрғанынша еркін мінезі қалыптасты. Өжет сөздің ұстасы – Абайды ойшыл ақын дей отырып, басым жағдайда оның ерен мінездің, батыр ойдың иесі болғандығын елеп ескере бермейміз. Әлгіндей ерендік пен батылдыққа шалқар ақыл қосылғанда Ер дана тумақ. Алаштың Ер данасы. Ер дананың келбетін «Мақсұтым – тіл ұстартып, өнер шашпақ» - дегенімен бірге, суреткердің:


Қыранша қарап қырымға,

Мұң мен зарды қолға алар.

Кектеніп надан зұлымға,

Шиыршық атар, толғанар.

Ызалы жүрек, долы қол,

Улы сия, ащы тіл

Не жазып кетсе жайы сол,

Жек көрсеңдер, өзің біл –

деп қайратқа мінген бейнесінен де танимыз. Абайдың өлеңдегі төл бейнесінен – сыншыл қарттың өткір жанарын, әділетсіздікті аяусыз әшкерелер айбынды дидарын, көзбен көріп, көңілмен таныған кем-кетікке кейіген кейпін аңғарамыз.


Көшпенді өмірдің асқақтатыла мадақ етілетін батылдығы мен тапқырлығын, терең толғап, кесек бейнелі сөйлеу әдетін және Шығыс әлемінің өркениетін өсірген ислам дінінің имани мазмұнын санасында сабақтастырған Абай Алаштың асыл сөзінің қуатты, нәрлі қырларын тапты. Сонау балауса шағынан санасына сіңген, жүрегіне ұялатқан Абайдың туа бітті турашылдығы ғаделетті сезімге ұласып, оның шайырлығы мен хакімдігінің алтын өзегін құрады. Дала мінезді бұла ой өмірден өлеңге ауысты. Алайда, бұл толғауға түсіп жорта жөнелетін ағынды жыр да, ұйқасты қолай көретін, тақпақтата кететін шешендік те, жомартты мақтаған, сараңды даттаған арнау да емес еді. Абай өнері – адамға, әлеуметке жаңа көзбен, тың оймен қараған жаңаша поэтикалық көзқарас болатын. Абайдың «тәуекел мен батыр ойының» артында қашан да замана шындығына үкімші хакім тұрады. Сондықтан да біз Абайды ең дарынды ақын дейтін болсақ, онда басқа кез келген ақынға қона кетер бұл атақ – оған аздық етер еді. Өйткені, Абай – қазақ үшін ақындықтан да жоғары, өлеңге сыйып болмайтын дана ақылдың, кесек ер тұлғаның өзі. Ер дана. 


                         


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс.

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)


Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар