Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Дидахмет Әшімханұлы. Жер аңсаған сарыатан (Повесть)

10.06.2018 826

Дидахмет Әшімханұлы. Жер аңсаған сарыатан (Повесть)

...Ұшы-қиырсыз сары дала. Сары даланың бір ұшында – сары бел. Сары белдің бауыры – сағым ба, әлде шалқар көл. Шартабақ күн төбеде. Шалқыған ыстық жер-көкте. Табанын тасқа тілдіріп, жанарын жасқа жудырып, маңдайын жел күнсітіп, таңдайын шөл қаңсытып, сар желіп келеді Сарыатан. Таусылмайды сары дала, жеткізбейді сары бел. Сары белдің ар жағы – бота күнгі мекені. Бота күнгі мекенін боздап іздеп келеді, жүректегі бар шерін қозғап, іздеп келеді.

* * *

– Аға-ау, сорладым ғой!.. Шынымен, сорлап қалдым ғой!.. Күреңқасқа ерін сындырып тастапты... – Сырттан ентіге кірген Қожық табалдырық тұсына намазға жығылғандай жүрелеп отыра кетті.

Бөренелерден қиып жасаған жатаған үйшіктің төменгі бұрышында қоржынға заттарын салып жатқан Есберген еңсесін көтере беріп, тұрып қалды.

– Не дейд?! Не ғып сындырды? Күреңқасқа ма, әлде қаражал ма?

– Күреңқасқа, аға... Менің күреңқасқамды айтам да... Жол жүрердің алдында оттай тұрсын деп, екі атты сайға түсіре қойып ем... Күреңқасқа аунап... – Қожық сөз аяғын бітірмей, еңкілдеп жылап жіберді. Ұстарамен қырғызған аққұйқа басы төмен салбырап, солқылдағанда иегі төсті ұрады.

– Көтер басыңды! Сынса – ердің қасы сынды, сенің басың аман ғой. Бырқырағаның не сонша?! – Есберген қолындағы ала қоржынды шетке ысыра салды да, мол кеудесін тік көтеріп, өткір қаршыға көздерімен Қожыққа зілдене қарады.

– Ердің қасы емес аға, екі қапталы... Ат аунағанда айырылып кетіпті... Енді мен не істеймін? Неге мінем, а?.. Сен мені тастап кетесің ғой, а?.. Жалғыз өзім жұртта қалам ба сонда?.. Жо-жоқ, өлсем де қалмаймын мұнда. Күреңқасқаға жайдақ мінсем де сенімен кетем, аға! – Салбыраған, солқылдаған аққұйқа бас енді екі бұттың арасына кіріп кеткендей еді.

– Әй, мен саған не деп тұрмын?! Көтер, кәне, басыңды!

– Көтерейін, аға, көтерейін. Сен мені тастап кетпейсің ғой, а?! Тастамаймын деші, аға. Тек сол сөзіңді ғана айтшы, аға! – Қожық көзінің жасын көнетоз көк көйлегінің майсіңді жеңімен ары-бері сүйкеп тастап, тізерлеген күйі Есбергенге жақындап кеп отырды.

– Өй, ынжық! Ақжол тілеп алысқа аттанғалы тұрғанда, әкесі өлгендей өкіруін бұның!.. Қалай сені мына иен тауда иттей ұлытып жалғыз тастап кетем мен?! Кешегі бір қалжың сөзге шынымен сеніп қалдың ба? Өй, ынжық! Бүйтпесең, Қожық боласың ба?! Бөрінің баласын қанша асырасаң да бөтендігін білдіреді деген рас екен ғой, тәйірі. Әйтпесе, маған сенбейтіндей қай жөнің бар еді сенің? Өзің айтшы, мен сені неше жасыңда тауып алып едім?

– Он жасымда.

– Қалай тапқаным, қайдан тапқаным есіңде ме?

– Есімде, аға. Мен онда Метрейдің шошқасын бағып жүргем. Бір күні сен әлдеқайдан атпен келгенсің де, қожайынмен ұзақ сөйлескенсің. Сосын алақандай ақ шүберекке оралған бір кішкентай затты оған беріп, мені сол күні кешке осы үйшікке алып қайтқасың.

– Жә, одан бері неше жыл өтті?

– Он бес жылдай боп қалар.

– Дұрыс айтасың. Он бес жыл... Ендеше он бес жыл бауырына басқан адамнан бір-ақ күнде сырт айналады деп қалай ойлайсың сен?! Өй, ынжық!.. Бар, аттарды әкел де, жолға дайында. Енді екеуімізді Құдай айырмаса, басқа айырмас.

– Оһо-һө! Оһө-һө! – деп Қонжық орнынан атып тұрды да, сыртқа қарай арбаңдай жөнелді.

Қожықтың соңынан қоржынын көтеріп, Есберген де тысқа шыққан. Күн едәуір көтеріліп қалыпты. Аңғар ішіндегі манағы көгілдір мұнар сейіліп, аппақ шуақ айналадағы қойнау-қолаттың бәріне тарап үлгерген. Аспан ап-ашық, шыныдай мөлдіреп, тамшыдай мөлтілдеп тұр. Үйшіктің тура алдын кесіп өтетін тарам-тарам таспа жолдың ұзын сорабы қарсы беттегі Көкен таудың сонау бір иығындағы асуға дейін ап-анық көрініп жатыр. Асудың екі жағында – түйе өркешіндей екі шың. Екеуі де түні бойғы күзеттен шаршағандай марғау мүлгіп көрінеді.

Есберген үйшіктен шығарда жолға алатын әр нәрсесін түгендеп, қуықтай ғана бөлменің әр қуысын адақтап, енді оған қайта кірместей боп қоштасып шығып еді, бірақ көңілі әлденеге әлі де алаң болып тұр. Ештеме ұмытпағанын, еш нәрсесін қалдырмағанын біледі, дегенмен, бір белгісіз күш ішке қарай қайта-қайта мойын бұрғыза береді. Көз тартатындай ішінде де, сыртында да сиық жоқ. Төбесі шыммен жабылған төрт қабырға. Бір есік, бір терезесінен басқа түгі жоқ тоқал там. Осынау иен таудың бір қуысында қай заманнан бері қалқайып тұрғаны да белгісіз бұның. Кезінде аңшылардың қысқы мекені болса керек. Кімнен қалса да, әйтеуір, бұларға жиырма жылдай жылы ұя болғаны анық. Жар қызығын, жалғыз ұлдың қуанышын Есберген осы үйде көрді. Қара суға семірер қайғысыз күндері де, қанағатпен қарын тойғызар уайымсыз түндері де осы үйде өтті. Хан сарайындай ақ үйім, іші толған бақ үйім деп отырушы еді сонда бұл. Енді ойласа, соның бәрі де Ғазизаның арқасы екен. Ол кеткен соң, бұл үйден бар қасиет кетті ғой.

Есберген үйшіктен жүзін теріс бұрды да, есік алдында жатқан қу дөңбектің үстіне кеп отырды. Тері желетінің қалтасынан қара мүйіз шақшасын суырып, көкбұйра насыбайды кесек мұрын астындағы қос үңгірге құшырлана тастады. Қожық таяқ тастам жерде бұның қаражалын баптап, ерттеп жатыр. Қимылы ширақ. Енді өзін Есбергеннің қалдырып кетпесіне әбден сенген секілді. «Әй, бейшара-ай, сені де біреу текті атадан қалған бір тұяқ дейді-ау!..» Амал не, азған ұрпақтың тозған тұқымы осы. Сом темірден соққан балғадай тұлғасы, бір қарағанда көз сүйсінтер әп-әдемі түрі, қайрат-күші – бәрі бар. Бірақ мүсәпір ден төмен сиқы әлгі. Құдай бұны ақылдан кенде етті ме десең, кейде адамның сөзін сөйлеп, ішіңді жібітеді. Ішің жібіп отырып: «Қасқа айғырдан қасқа тумаса да төбел туады» деген осы-ау деп бір қойсаң, ауыз жиғанша әпендінің сөзін сөйлеп, қар ныңды қайта ашырады. Әйтпесе жиырма бестегі жігіттің сене тін сөзі ме еді кешегі?..

Ғазиза қайтқалы бұлар әбден қараңғы түспей үйшікке кірмейтін болған. Өстіп кеше де екеуі жерошақ басында түннің бір уағына дейін шоқиып ұзақ отырды. Ертеңгі жолға деп салған еліктің жарты еті қазанда бүлк-бүлк қайнап жатты. Қалың қарағайлы жоғарғы кең аңғардан салқын самал леки есіп тұрды. Төменде, сай табанында тастан-тасқа секіріп, қайың-талдың арасын қуалай ағып жатқан Көкенбұлақтың сарыны қай-қайдағыңды қозғайды. Есберген осынау аңғар, осы бір бұлақ басына алғаш рет ат басын бозбала кезінде тіреп еді, енді самайын бозқырау шалған шағында бетті мүлде алысқа бұрайын деп отыр. Табаны күректей жиырма төрт жыл азығын тапқан, қазығын қаққан жерінен аяқасты су шыққан жоқ, өткен жылы жар дегенде жалғыз ұлдан айырылған соң, көңіл құрғыр бұл жердегі бар қызықтан суыған. Одан кейін «жығылғанға – жұдырық», жарты ғұмырына жолдас болған аяулы жарға айықпас дерт жабысты. Ол дерт емес, айтып келген ажалдың тура өзі екенін сол аяулы жар Ғазизаның өзі де, бұл да алты ай бұрын білген. Ендігі жерде бұл арада ешбір қызық, ешбір үміт қалмағанын содан екеуі де іштей анық сезген-ді. Бірақ бұны бір-біріне ашық сыр ғып айтқан емес, тек Ғазиза көз жұмарынан сәл бұрын екі рет ишара етіп білдіргені бар. Бірінші рет... осы жылғы көктемнің ортасында, сай-саланың қары енді жіби бастаған кез еді. Бір күні таңертең... үйшіктің төр басындағы жалғыз терезесі алдына бір сарыбас торғай қонып алып, ал кеп құйқылжыта сайрасын. Дөңгелек үстелдің жанында жантая қисайып шай ішіп жатқан Есберген:

– Шіркін, қазір Бұқтырманың жағасындағы мойылдар гүлдеп тұрған шығар! – деді қапелімде. Әншейінде мұндай сөзге мән бермейтін Ғазиза со жолы:

– Осы мойылыңмен-ақ шаршаттың-ау, – деп қабағын кіржің еткізсін. Сол екі ортада екі иығы солқ-солқ етіп, теріс бұрылған күйі жаңа ғана ішкен шайын түк қалдырмай ақтарды да тастады.

– Апа, не болды?! Ауырып қалдыңыз ба? – деп Қожық арбаң қағып, ағаш астауға қарай жүгірген.

Ғазизаның ішкен асы аузынан қайта кетіп жүргенін ол бірінші рет көрсе керек. Ал Есберген бұны қыстан бері байқап жүрген. «Бейшараның енді ауруын жасыруға да шамасы қалмаған екен» деп түйген бұл орнынан үнсіз тұрып, сыртқа шыққан да, ерттеулі атына мініп, әдеттегідей аң қарауға жүріп кеткен. Сосын кешке үйге жақындай бергенде... аңтарылып тұрды да қалды. Күнде есік алдында сонадайдан мен мұндалап, ағараңдап тұратын үш ашалы мама ағаш жерде құлап жатыр. Қаншама жылдан бері Есберген атын байлаған мама ағаш. Қаншама жылдан бері жауынға да, дауылға шыдап келген мама ағаш. Бұған жеткен не зауал?

– Қожық! – деп айқай салды Есберген ат үстінде. – Мына ағаш ты кім құлатты?!

– Мен! – деді үйшіктен жүгіре шыққан ол.

– Неге құлаттың?

– Ғазиза тәтем құлат деді.

– Неге?

– Білмеймін.

Ғазиза дегенде үндей алмады. Өзі ауру адамды ренжіткісі келмеген. Баяғы күні болса басқаша «сөйлесер» еді, бұ жолы: «Қызық екен...» – деп күңк етті де қойды. Сонан соң Қожыққа күрек алдырып, құлаған мама ағашты қайта тігінен тұрғызып еді.

Екінші рет... Ғазиза өлерінен тура бір апта бұрын бұл таудан тағы бірде кештетіп оралған. Ұстаған аңы жоқ, қанжығасы бос келген. Білтелік шамды ортаға қойып, ала көлеңке бөлмеде үшеуі үнсіз шай ішіп отырды. Үшеуі деген аты ғана, Ғазиза ол уақытта дастарқан басында қара көрсетіп қалқайып отырғаны болмаса, адам санатынан қалған-ды, бір жұтым қара судың өзін қиналмай жұтса, шүкір деп жүрген кезі еді.

– Неғып кешіктің? – деді ол Есбергенге әлсіздеу үнмен әрең тіл қатып.

– Бейітті кезеңдегі қақпандарымды қарадым, – деді бұл жай ғана. Ғазиза күрсінді. Қақпан қарадың ба, әлде балаңның басында отырдың ба дегенді айтпаса да, бұған қажи қараған көзімен сездіріп еді. Жалғыз ұлдың моласына әр нені сылтауратып күніне екі рет барып қайтпаса, бұның ішкені ас болмайтынын Ғазиза жақсы білетін.

– Асуға да шыққан шығарсың?

– Шықтым.

– Көгілдір таулар көріне ме екен?.. Әлде бұлт басып тұр ма?

– Бүгін өте жақсы көрінді. Жарықтық, өркеш-өркеш болып көз ұшында көсіліп жатыр, – деді Есберген еңсе көтере түсіп.

– Осы жерден таңертең шыққан адам оған кешке дейін жете ала ма? – деді Ғазиза.

– Е, неге жетпесін, мінгені жүрісті, мықты ат болса, күн батқанша бауырына жетіп құлауға әбден болады.

Япыр-ай десеңші... Онда тым алыс болмады ғой, – деп Ғазиза кәдімгі сау адамдай сергек сөйледі. Сосын кесесін қолына алып, ыстық шайды бір рахаттана ішіп отырған сыңай танытты. Бұған Есберген де, Қожық та қуанып қалған. Қуаныш үстінде Есберген:

Бәйбіше-ау, Көгілдір тауды өмірі көрмегендей болдың ғой. Баяғыда сол жерден бір-ақ түнде осында жеткенімізді ұмытып қалдың ба? – деді кеңкілдей күліп.

Түнде адам не көреді? Есімде қалғаны – ар жағынан со тауға жеткенімізде артымызда күн қып-қызыл болып батып бара жатқан. Одан бергінің бәрі қараңғы ғой... Айтпақшы, бүгін түсімде Мойылдысайды көрдім. Өзің айта беретін әлгі Бұқтырманың жағасындағы Мойылдысай ше... Сайдың ішінде сарқырап өзен ағып жатыр екен деймін. Сен өзен жағасындағы бір түп мойылдың уылжыған қап-қара жемісін ат үстінен үзіп жеп тұр екенсің. Маған да бір сабағын әперші деп жатып оянып кеттім, – деп Ғазиза өз кесесіне үлкен қара құманнан үстеп шай құя бастады. Шынымен-ақ құйғанын құйғандай тауысып отырған секілді.

Құр шай ас бола ма, мынаны да аузыңа сала отыршы, – деп Есберген жұп-жұмсақ бір түйір етті қолына ұстатып еді, Ғазиза оны да сүйсіне жегендей болды. «Иә, Құдай! Иә, Құдай!» – деп іштей сиынып Есберген отырды. Сонда бұған Ғазиза ертең-ақ бар дертінен сауығып, құр аттай шабатын секілді көрінген. Бірақ оның бәрі қас қағымдық қуаныш, бір-ақ сәттік алданыш екен! Жаңа ғана жадырап, сергіп отырған ол жастыққа басы тиісімен әй бір лоқсыды дерсің... Бұрынғысы айналайын екен, бұл жолы ішкен-жегенімен қоса бүкіл іш құрылысы аузынан түсіп жатқандай еді...

Есберген ертеңінде таңертең Ғазизаның жанындағы ағаш астаудан кесек-кесек қан көрді...

Сол күні кешкісін күндегідей аңнан қайтқан бұл үйге жақындап қалғанда, есік алдындағы мама ағаштың қайта құлап жатқанын байқады. Бұл жолы оны кім құлатты, неге құлатты деген жоқ, Ғазизаның ишарасын айтқызбай-ақ түсінген. Енді мұнда қарайлайтын адамы, ат байлайтын қазығы қалмағаны белгілі еді...

Өткен кеште жерошақ басында отырып, сол құлап жатқан мама ағашқа қайта-қайта күрсіне қарай берген бұның бір мезет көңілін аулағысы келгендей Қожық:

– Аға, сыбызғы тартшы, – деген өтініп.

– Алып кел, – деді Есберген.

Қожық үйшікке барып, керегеде қыстырулы тұратын сыбызғы қурай мен бір тостаған суды алып келді де, Есбергеннің алдына қойды. Сосын бұның жанына жантая жатып:

– «Жер аңсаған Сарыатаннан» басташы, аға, – деді.

Есбергеннің іші жылып қалды. «Бұ байғұс та Ғазизаны сағынып жүр-ау» деп ойлады іштей. Тумаса да туғандай болып ке тіп еді, қалай сағынбасын, қалай ұмытсын енді оны? Ғазиза да сыбызғы тыңдағанды тым жақсы көретін. Тартшы деп қолқа салмайтын, бірақ Есберген қолына қурайды алса болды, ұсақ-түйек шаруасын бұның жанына әкеп істегенді ұнатушы еді. Өзінше бір нәрсемен айналысқан боп көрінгенмен, құлағы сы бызғыда екенін Есберген сезіп отыратын. Сондай сәтте кейде: «Анау бір «Сарыатан» дегенің бар еді ғой», – дер еді. «Са ры атан» емес, тәте, «Жер аңсаған Сарыатан», – дейді Қо жық білгішсініп. «Не десе де, әйтеуір, тәуір дүние сол», – деп қояды Ғазиза ісімен айналыса отырып. «Құдай-ау, сол шоқиып отырған отырысының өзі көзге қандай ыстық еді?! Қожық са ғынса сағынғандай-ақ жан еді ғой Ғазиза!..» Енді ол жоқ, мәң гіге жоқ. Бұдан тура қырық күн бұрын бір жыл бойы көз жасын көл етіп жоқтаған жалғыз ұлдың жанына аттанған. Ен ді, әне, көзге күйік боп қара тастан қалаған бейіті ғана алыс тан қарауытады.

Есберген сыбызғы ішіне алдымен тостағаннан су жұтқызып алып, сосын қурай өзегін бір-екі рет құр үрлеп қойды да, төменгі сағадағы үш тесікті саусақтарының ұшымен кезек басып, баяу гүжілдете бастады. Бастабында күңірене шыққан қо ңыр үн біртіндеп жел шайқаған сырғалы қайың сабағындай майда ырғаққа, сұлу сазға ауысты. Құйқылжыған қоңыр үн. Былқылдаған майда ырғақ. Кеудеден көріктей үрлеген ыстық дем қурай ішін қуалай сыңсып барып, сонау төменгі сағада неше түрлі дыбыс пен сиқырлы әуенге айналған. Сиқырлы әуен жетегімен Есберген де енді мына елсіз иен мекеннен, меңіреу тылсым дүниеден бірте-бірте алыстап, осынау күйді тартқан сайын сан жылғы сағынышын қайта оятар мұңды да сырлы бір суретті көз алдынан қайта көшіре бастаған.

...Ұшы-қиырсыз сары дала. Сары даланың бір ұшында – сары бел. Сары белдің бауыры – сағым ба, әлде шалқар көл. Шартабақ күн төбеде. Шалқыған ыстық жер-көкте. –Таба нын тасқа тілдіріп, жанарын жасқа жудырып, таңдайын шөл ге қаңсытып, маңдайын желге күнсітіп сар желіп келеді Са ры атан. Қос өркеші жығылған, көкірегіне өксік тығылған. Таусылмайды сары дала, жеткізбейді сары бел. Көздегені көзінен бұлдырай қашып бара ма, әлде анау сары бел сайтан ба екен, сағым ба?.. Сайтан болсын мейлі, сағым болсын мейлі, жетпей тынбас сол белге. Жетем деген желіспен желкілдейді шудасы, иір мойны изеңдеп, қақшаңдайды қу басы. Ботасын іздеп боздаған аруана емес-ті, інген аңсап құтырған қара бура да еместі. Тұщы етін тұздай ашытып, иесінен жеген таяқ жоқ, ауыр жүкпен жауыр боп арқаға батқан қомы жоқ. Оны да көрген кезінде, бәріне көнген қу тулақ. Көну деген бір басқа, көндігу қиын екен ғой. Тұңғыш рет табаны тайлағында тиген жат жерге көндіге алмаған Сарыатан. Түйе бойы жантақты, кісі бойы жусанды, су десеңіз суы бар, ну десеңіз нуы бар жер жаннатын жерсінбеген, менсінбеген Сарыатан. Өйткені бота күнгі шайнаған боз жантағы бөлек-ті. Сол күндері бас қойған қақтың дәмі ерек-ті. Аңсап келеді сол қақты, шөлдеп келеді Сарыатан. Көңі лінде – сары дала, көз ұшында сары бел. Сары белдің ар жағы – бота күнгі мекені. Бота күнгі мекенін боздап іздеп келеді, жүректегі бар шерін қозғап, іздеп келеді. Былқылдайды табаны, бүлкілдейді өркеші. Желпілдейді шудасы, желкілдейді шоқтығы. Салып ұрып барады, әне, Сарыатан...

Сыбызғы үні сыңсып барып үзілді. Есберген терең күрсінді.

– Өй, жалған-ай! – деп, қурайды жанына қойып, қара шақшаны қолға алды. Ғазиза жатқан Бейітті кезең басынан күн қызыл мұрттанып батып бара жатты.

– Аға, ет жейміз бе? – деді Қожық.

– Оны несіне менен сұрайсың, астауға түсір де, әкеліп қой алдымызға. – «Тамақтан басқа сен не білесің?..» деген сөз көмейіне тіреліп-ақ қалған. Бірақ онысын сыртқа шығарған жоқ. Қожықтың да жетісіп жүргені шамалы. Үйдегі ұсақ-түйек жұмыстың бәрі енді бұның мойнына түскен. Бірде ұқсатып, бірде бытқынатып жүріп, әйтеуір, үйде әйел жоқтығын білдірмеген болады.

Жерошақ жанындағы шөбі тапталған тақыр жерге дастарқан жайылды. Әр жеріне май тамған теңбіл-теңбіл ақ жаулық үстіне буы бұрқыраған қара астау, екі тостаған, екі қасық қойылды. Бәрі ағаштан жасалған, бәрінің ернеуі кетік-кетік. Ғазиза марқұм дүние-мүлікке мән бермейтін жан еді, барға қанағат, жоққа салауат айтып жүре беретін. Керекті заттың барлығын Есбергеннің өзі тауып әкелетін. Әкелетін, табатын жері – анау етектегі ұйғыр-дұңған ауылы. Ғазиза қайтқалы оған да небәрі екі-ақ рет барды. Барайын деген жоқ, алдымен насыбайы, сосын шай-шақпыты таусылып қалған.

– Ертең ерте жүріп кетеміз ғой, аға, ә? – деді сорпасын сораптай ішіп отырған Қожық.

– Құдай қаласа.

– Құдайға қарап отырамыз ба? Не де болса, жүріп кетейік, аға.

– Тәйт әрі! Құдіретке тіл тигізгені несі? Сөздің боғын сөйлемей, жөнін сөйлемейсің бе былай! Қожық жым болды. Сосын мұрын астынан міңгірлеп:

– Менікі әншейін «ұшпақ болсаң зымыра» деген ғой, аға, – деді.

– Ұшарсың, зымырарсың, бірақ қонатын жерде қолын созып, құшағын ашып тұрған кім бар бізге? Сен маған сүйенерсің, ал мен кімге сүйенем? Ел дейтін менде не ел қалды онда? Бая ғы көзкөргендер арасында қиын-қыстау күндерден аман қалға ны аз шығар. Сол азының өзі «Ойбай, Есберген келді!» деп малақайын аспанға атар деймісің? Бірінші күні «Қытайдан келді» деп қарсы алар, екінші күні «Қытай келді» деп жар салар. Тірі болсақ, оған құлағымыз үйренер әлі.

Қожық тұнжырай жерге қарады. Жуан мойны иіліп, еңсесі түсіп кеткендей.

– Ендеше жылы орнымызды несіне суытамыз, аға? Осы жерде-ақ жүре бермейміз бе?

Есберген мырс етті. Әрине, Қожыққа бәрібір. Тек бұның жанында жүрсе болғаны. Бұның жанында жүрсе, қарыннан қам жемесін біледі. Қу тамақтан басқа бұ шіркінде не уайым, не мұң бар дейсің.

– Қожық, – деді Есберген оны сынамақ болып. – Мен болсам атақонысымды іздеп барам. Ол жерде әкемнен қалған із бар, шешемнен қалған көз бар. Ал сенде ше? Ықылымда өткен батыр бабаң Көкеннен бастап, кешегі сері әкең Сейдәліге дейін анау қырдың басында – ескі қорымда жатыр. Мынау тауды Көкентау, іргедегі мына бұлақты Көкенбұлақ дейді. Бәрі де сенің ата-бабаң ат байлаған, қазық қаққан жер. Бұларды сен қалай қиып кетесің? Қалмайсың ба осында? Мылтық, қақпан, керекжарағыңды түгел тастап кетемін. Бірдеме етіп күнелтерсің өзіңше...

– Жо-жоқ, қалмаймын, аға. Өлсем де сенен қалмаймын! – деп Қожық ыршып түсті. – Бұл жер Көкеннің жері екенін білсең, сен ғана білесің. Басқа кім біледі? Жұрт бұны күні кешеге дейін Метрейдің шошқасы өрген Көкентау демеуші ме ед? Одан кейін қара қытай қойдай өріп жүріп, бақа-шаян аулаған Көкентау емес пе еді? Бабам Көкеннің батыр болғаны рас шығар, әкем Сей дәлінің сері, ақын болғаны да рас шығар, бірақ маған олар дан «ұрпағы» деген бір ауыз сөзден басқа не қалды? «Өлі арыс таннан тірі тышқан артық», баяғы батырдан да, кешегі ақыннан да мен үшін енді сен артықсың, аға. Атам да сенсің, әкем де сенсің енді маған. Ендеше бұл жерде мені қалдырам десең – өлтіріп кет, қалдырмаймын десең – алып кет!..

Есберген оған таңдана қарап қалған. Есі бірде бар, бірде жоқ, делқұлы деп жүрген адамнан мұндай шешім күтпегені расты. Іштей риза болғаны және бар. Соңғы кезде жалғыздықтан жаны құлазып жүр еді, Қожықтың бұл сөзі көкірегін сергітіп жібергендей болды. Оны бір мезет құшақтап тұрып, маңдайынан иіскегісі келді. Маңдайынан иіскеп тұрып талайдан бері жүрек басын сыздатып жүрген бар сыры мен мұңын оған ақтарғысы келді. Бірақ осы ой, осы сезімнің лықсып келіп сыртқа шы ғар сәтінде... жаңа ғана ер мінезбен еңсе көтеріп отырған Қо жықтың қайта төмен еңкейіп, тура қарауға жасқанып, бір мүсәпір де міскін күйге түсе қалғанын көрген Есберген:

– Сенен көрі көлеңкем артық шығар, – деген де, орнынан оқыс тұрып, жүре берген.

Бұл сөз аузынан қалай шығып кеткенін өзі де аңғармай қалып еді, тым талмауыр жерден соққанын кейін білді. Бұның соңын ала үйшікке сүйретіле кірген Қожық терезе түбіндегі күндегі жатар орнына жете бере кескен теректей гүрс етіп құлап түсті.

– Әй, не болды?!. Жын қақты ма сені?! – деді бұл ашуланып. Ол үндемеді.

– Ау, не жетті саған?! Неге үндемейсің?! – деді бұл тағы.

– Ол тіл қатқан жоқ, тек көкірек кере күрсінгені естілді. Есберген сонда ғана әлгі сөзінің Қожықты сойылдай сілейтіп салғанын сезген-ді. Содан түннің бір уағына дейін кірпік іле алған жоқ. Қожықтың да ары-бері дөңбекшіп ұйықтай алмай жатқанын білді. «Қайдағы сөз қайдан аузыма түсіп еді?..» деген өкініш Есбергеннің де өзегін өрт жалағандай етті. «Қойшы, айтылған сөз айтылды, енді несіне қиналам?..» – дейді өзін алдарқатып. Бірақ, қанша ойлаудан қашса да, өз сөзі өз даусымен құлақ түбін күңгірлетеді де тұрады. «Сенен гөрі көлеңкем артық шығар...» Жатып алып қос қолымен құлағын басады. Жоқ, бәрібір апанық естіледі. Өз сөзі. Өз даусы. «Сенен гөрі көлеңкем артық шығар... Сенен гөрі көлеңкем артық шығар...»

– Қожық! – деді санасы әбден сансыраған бір сәтте. – Ояумысың?.. Ол үндемеді.

– Ау, батырдың ұрпағы!.. Не болды саған? Тірімісің?! – деді даусын сәл көтеріп.

Ол жауап орнына гүрс етіп ары аунап түсті де, естімегенім сенің сөзің болсын дегендей, жастық қып жатқан жаман тонды басына мүлде бүркеп алды. Амалы құрыған Есберген қайтадан тып-тыныш жатып ой құшағына берілген. Ол ойлардың ұшықиыры жоқ еді. Оймен бірге көз алдынан көшкен елес те көп еді. Сол елестің, сол бір ескі көріністердің ұзын салқар тізбегі өткен күндер сүрлеуін қуалап келіп, ақыры баяғы Ақсопы шалдың аппақ бейнесін алға әкеліп тосқан-ды.

...Бұдан он бес жыл бұрынғы бір қоңыр күздің қоңырсалқын кеші еді. Сол күні Есберген таудан өте олжалы – қанжығасы қанды оралған үйіне. Дәл сол күні, сол кеште өз отының басынан Ақсопы шалды көрем деп бұл ойлады ма? Ақшыл ұзын шапанының етегі жер сызып, ақ күмістей сақалы омырауын жауып, бір қолымен асатаяғын ұстап, екінші қолымен батар күннің сәулесін көлегейлеп, есік алдында жол қарап тұрған адамның Ақаң екенін бұл алыстан-ақ таныған. Таныған сәтте тұла бойына ыстық қаны жүгірген. «Тағы да келіп қалдың ба? Кел, жарықтығым, кел!» – деген қуанып. Көкентаудың ар жақ, бер жағында отырған жалғыз-жарым үйлердің қайсы сына болмасын Ақсопының анда-санда бір соғып кетуі – шаңы-рағына Қыдыр түстеніп өткенмен бірдей еді. Келгенде де жата-жастанып, бір үйде ұзақ жамбас сарғайтпайды, бір түнесе болды, сосын жыл құсындай кете барады. Содан кейін Ақсопы ның төбесін жарты жыл өткенде, я күзде, я көктемде бір-ақ көресің.

Қыс пен жазда қайда жүретінін ешкім білмейді, және оны ешкім сұрамайды да. Қайыр сұрап, салмақ салып, ел үстінен күн көріп жүретін бейшара да жан емес, бір киері қай уақытта да бүп-бүтін, тап-таза, көңілі тоқ, ниеті ақ, күпіршілігінен шүкір шілігі мол адам еді ол. Ақшыл ұзын шапанының ішінен мойнына асып алатын ақ дорбасында әманда сылдырлаған тиыны, шүберекке түйген бір уыс құмалақ, сосын әр түрлі шөптің кепкен тамыры мен сабағы болатын. Өзің сұрап өтінсең, бал ашады, құмалақ салады. Ал сұратпай-ақ істейтіні – қолдың, мойынның тамырларын ұстау. Бұны еш уақытта ұмытқан кезі жоқ, үйге келіп жайланып отырысымен, бірден осы шаруасына кіріседі. Кереметі сол, жып-жылы салалы саусақтарының ұшы мен әр жердегі тамырыңды жайлап ұстап отырып, бар ауруыңды қолмен қойғандай дәл айтатын жарықтық. Онымен де қоймай, қай ауруға қандай дәрі қолдану керектігін ерінбейжалықпай түсіндіріп беретін. Қасиетіңнен айналайын сол Ақаңның, сол ақ жүректі қарияның аңнан бір әдемі олжамен оралғанда алдынан шыққанын тым жақсы ырымға балаған Есберген. Аттан түсе оны құшақтай алған да:

– Ақа, өмірі шүріппеме ілікпеген бір аңды бүгін іліктірдім. Не аң екенін өзім де білмеймін. Не де болса сіздің қанжығаңызға байладым, – деді аңқылдап.

– Бұйырғанға шүкір. Аң арқалап жүретін менде қазір қай шама бар? Аты – менікі, заты сенікі болсын, мерген, – деді ол.

Есберген ердің артқы қанжығасына байланған қызыл ала қапты шешіп әкеліп, ішінен еліктің лағындай қызылқоңыр аңды суырып алып, Ақаңның алдына тастады.

– О, құданың құдіреті! – деді Ақаң аңға еңкейе қарап тұрып. – Мынауың күдір ғой.

– Не дейд?.. Анық күдір ме?.. – деп Есбергеннің өзі де оған шұқшия түсті.

– Тура өзі. Бала кезімде Көкен батырдың қолынан бір рет көріп едім, содан кейін кезіктіріп отырғаным осы. Бұ жерде тұқымы мүлде құрып кеткен шығар десем, әлі де бар екен ғой... Сенің қолыңа қалай түсті бұл?

– Қапысын таптық, қақ шекеден аттық, – деді Есберген күліп. Бірақ қалай кезіктіріп, қалай атқанын ежіктеп жатуды артық көрді. – Бұл өзі киелі бірдеме емес пе? – деді сосын.

– Аңның киесізі бола ма, шырағым, дегенмен, қоңыр аңның қасиеті бөлек қой. Соның ішінде буаз жануардың қарғысы қатты болады. Сондай күнәға батпасаң бопты да.

– Алыстан қарауылға алған аңның буаз-қысырын қайдан білейік, Ақа?.. Құдай өзі кешірсін деп жүре береміз де.

–Біле-білсең, шырағым, күнәні істеп алып Құдайдан кешірім сұрап жүрудің өзі де күнә. Адам алдымен күнәсін жуып барып, Құдайдан кешірімді содан кейін сұраса керек.

– Ақа, сонда оны қалай жууға болады?

– Ең алдымен, ненің күнә екенін білуің керек. Одан кейін өз күнәңді мойындаған ләзім. Сосын бір жаманшылықтың орнын бір жақсылықпен, бір обалдың орнын бір сауаппен, бір қиянаттың орнын бір қайырымдылықпен толтыруға ылғи да бейіл болсаң, жуылмайтын не күнә бар? Ал тіршілікте күнәсіз пенде бола ма, мен де оған кезінде белшемнен батқанмын. Жасымда атқамінер болдым, ел билігіне араластым. Қарақан басымның қамы үшін қара халықты талай сорлаттым. Біреуге тізем батты, біреуге тілім тиді. Енді, міне, қысы-жазы табанымнан таусылып, ел кезіп жүрген түрім мынау. Бір адамға болмашы жақсылық жасасам – жеңілдеп қалғандай болам. Әйтеуір, Құдай алдына тазарып барсам деген ниет те менікі, – деп Ақаң аз-кем үнсіз қалған. Сонан соң аяқ астында созылып жатқан аңның артқы бір сирағын көтеріп тұрып шап ортасына қол салып, шыбығы мен ұмасын сипап көрген де:

– Иіскеп байқа, не сезесің? – деп әлгі қолын бұның мұрны на тақаған.

Бір ғажап иіс, әтірдей жағымды иіс саусақ ұшынан ап-анық білініп еді.

– Керемет! – деді бұл таңданып. – Мұндай иісті бұрын иіскеп көрсем, мұрным пұшық болсын.

– Міне, күдірдің құдіреті осында. Естуімше, бұ шіркіннің жүріп өткен, зәр төккен жерінің өзі жұпар аңқып тұрса керек... Бұның осы ұмасы мен шыбығын қытайлар қазірге дейін тек алтынға бағалайды. Өйткені белден айырылған еркекке бұдан асқан ем жоқ, тегінде, – деді Ақаң.

Есберген қулана жымиып:

– Бұны сізге бердім, Ақа, – деп еді, ол:

– Шырағым, мен дүние қызығынан қалған адаммын. Бергің келсе, осыған шын зәру боп жүрген біреуге бер. Ол – мына Көкентаудың арғы бетінде отырған Метрей. Сен оған тегін бермейсің, есесіне алтыннан қымбат асылды аласың.

– Қызық екен. Метрейге ол неге керек?

Ақаңның отты, жігерлі көздеріне жылт етіп бір жылы күлкі ұялай қалды.

– Бала керек, түсіндің бе?.. Бала...

Осы мезетте үйшік есігі сықыр етіп ашылып, ақ орамалын маңдайға тарта байлаған Ғазизаның басы көрінген.

– Дастарқанға ас түсіріп қойдым... Суып қалар... – деді ол әдетінше биязы ғана. Есік қайта жабылған кезде Ақаң:

– Байқауымша... сенде де бала жоқ-ау осы, – деді ақырын сыбырлап.

– Бұйыртса болар... Тым қартайып тұрғамыз жоқ қой.

– Әйтеуір... сенен кінә жоқ па?

– Жоғә! – деді бұл. – О жағынан шүкірміз, әзірге... Ал үйге кірейік, Ақа.

– Е, ендеше бопты. Қалған әңгімені ас үстінде айтайын.

Сырттай қарағанда, ел кезіп жүрген дуана, дәруіш көрінгенмен, Ақаңның бүкіл бойынан бекзаттықтың белгісі аңқып тұрушы еді. Сабырлы мінезі, салмақты сөзі, кербез жүрістұрысы, келісті келбет-пішіні – бәрі-бәрі өзіне туа бітті жарасымдытұғын. Әсіресе, сол күнгі бейнесі Есбергеннің есінде ерек ше қалып қойыпты. Ақсұр шапанын арқасына желбегей жамылып, ақ күмістей сақалын салалы саусақтарымен саумалап қойып, төр басында малдас құрып отырған ол небір әдемі әңгіменің тиегін ағытып еді.

– Мен Метрейді жиырмасыншы жылдардың басынан бері білемін, – деді бір кезек аққұйрық шай алдына келгенде. – Бұл өлкеге алғаш табан тіреген кезінде ол отыздан жаңа асқан жігіт болатын. Тегі, сәбет жағында бай-құлақтарды кәмпескелеп жат қанда бері қарай жылыстап кетсе керек. Сонда, мен көрген уақытта, оның екі жирен аты мен Марпа деген жоян сары қаты нынан басқа көзге ілінер байлығы көрінбеген. Енді қара, осы төңіректе одан асқан қабырғалы, қаспақты адам жоқ. Бір таудың жалғыз иесі де сол. Ең шұрайлы, шүйгінді деген қойнау-қолатты түп-түгел қоршап алған да сол. Қоршау ішінде жайылып маралы жүр. Үй іргесінде қорсылдап шошқасы жүр. Жылқының жүйрігі, сиырдың сүттісі де сонда. Қарағайдан қиып салған үйі қандай, кірсең шыққысыз деп, әне, соны айт. Ақылды, айлалы, ертеңін ойлаған адамның тірлігі осындай болады... Ал енді ол осы жерге қалай ие боп қалды дейсің ғой?.. – Ақаң қалың қасты түкиген қабағын көтеріп, Ғазиза мен бұған сұраулы пішінмен қарады да, – сендер Метрейдің үйінде малай боп жүретін Сейдәлі дегенді білуші ме едіңдер? – деді.

– Білеміз, – деп Есберген бұдан үш-төрт жыл бұрын ол қайтыс болғанда топырақ салғанын есіне алды.

– Ә, солай ма?.. Сейдәлі сендерге бұрыннан таныс екен ғой.

– Таныстығы рас, бірақ дәм-тұздас болған емеспіз. Өзіңіз білесіз, біз мұнда кейініректе келген кірмеміз. Оның бұрынғы күндерінен көп хабарымыз жоқ. Біздің үйге ол анда-санда тек бас сұғып қана шығатын. Ұзын бойлы, ат жақты, арық кісі еді марқұм. Есімде қалғаны – ылғи да ыңылдап ән салып жүруші еді.

– Оның түбіне жеткен де сол ән, – деп Ақаң терең күрсінген. – Сендер оны әбден күйі кетіп, тозған шағында көрдіңдер ғой. Бір кезде бұл өңірде Сейдәліні білмейтін, Сейдәлі десе ішкен асын жерге қоймайтын пенде баласы болмайтын. Әкеден қалған байлығы, Құдайдың берген өнері бар оны ел-жұрты еркелетуін еркелетіп-ақ еді. Бірақ байлық та, өнер де ұстай білгеннің ғана уысында қалмай ма, Сейдәлі соны ұстай алмады. Жас ке зінде айлап-жылдап ел аралап, ән салып, сауық-сайранмен дү рілдетті де жүрді. Қайда жиын, қайда той – Сейдәлі сон да болды. Жүрген жерінде алқалы топ алақанға көтерді. Ой пырмо-ой, өзі де әнші десе, нағыз әнші еді-ау! Ашық әдемі даусын асқақтата көтерген кезде ұшқан құс, соққан жел, аққан өзен бір бір сәт тоқтап, қыбырсыз қатып қалғандай болатын. Несін айтасың, мыңның біріне бітпес өнер сондай-ақ болар... Бірақ бұл өнердің оған баққа емес, сорға біткенін ол уақытта кім білген? Жасы қырықтан асқанда серіліктің қызығы кетті, қызуы қайтты. Кешегі айхай жиырма бес пен ойхой отыздың желігі басылып, енді тіршілік қамын, шаруаның жайын ойлай тын да кез жеткен. Оны ойлайын, қолға алайын десе, қормал жоқ. Әкеден қалған бар байлықты баяғыда-ақ шашып тауыс қан. Жылқыдан жал, сиырдан сыңар мүйіз қалмаған. Осы күнгі Метрей отырған орында Көкеңнің ескі қыстауы, оны жағалай қоныстанған жарлы-жақыбайдың төрт-бес үйшігі бар еді. Сейдәлі серілік құрып жүргенде олар да тозып біткен. Дәл осы тұста оған әлдеқайдан ауып келген Метрейдің жолыға қалғаны. Қу орыс оны ары айналдырып, бері айналдырып, майлы қасықтай жылпылдап жүріп, ақыры сан жылдан бері бір әулеттің үрім-бұтағына құтты қоныс, қасиетті мекен болған мына тауға бір-ақ күнде жалғыз ие боп шыға келген. Сондағы Сейдәлінің бүкіл таудың құнына алғаны не дейсіз ғой? Бір уыс сөлкебай, он бұлғынның терісі. Сөлкебайдың не екенін білуші ме едіңдер?

– Таза алтыннан құйылған ақша емес пе? – деді әңгімені ұйып тыңдап отырған Есберген.

– Иә, алтын ақша. Бір сөлкебайға бірнеше жылқы алуға бола ды, – деп Ақаң сөзін әрі жалғаған. – Жылқы демекші, Сейдәлі әлгі ақша мен он бұлғынның терісін алып, бұл өлкеден тағы жоқ боп кетеді де, келесі жылы бір үйір жылқыны алдына сап, бір шүйкебасты жанына ертіп, Метрейге қайта оралады. Көздегені – әкесінің ескі қыстауы, ойы – қалған өмірін сонда өткізу.

– Қыстау керек болса, оны менің жерімнен көшіріп әкет. Оған шамаң келмесе, менің малымды бағып, шаруамды істеп, осында жүре бер, қыстауыңда тұра бер, – дейді Метрей. Амалсыз соңғысына келіседі. Сөйтіп құлшылықтың, малайлықтың қамы тын солай киеді Сейдәлі. Жер иесі, ата-баба аруағы солай атады оны. Бұдан кейінгі тірлігін тәптіштемей-ақ қояйын, кісі есігіндегі адамның күні белгілі ғой. Менің ендігі айтарым басқа. Манадан бергі сөзімнің тоқетері де сол болмақ... Қысқасы, сендерге бір қолқа салайын деп отырмын, – деп Ақаң бұларға сынай көз салған.

– Айтыңыз, сізден аярымыз жоқ, – деді Есберген.

– Құлағымыз сізде, ата, – деді Ғазиза да сызылып.

– Айтсам... сендер келер жылдың алдында сол Сейдәлінің әйе лі өзеннен су алып келе жатқанда, жасын түсіп мерт болған. Ар тында бір жастан жаңа асқан баласы қалды. Ол бала жетіге толар-толмаста Сейдәлінің өзі көз жұмды да, бір әулеттен қалған жалғыз тұяқ діні басқа біреудің қолына көшті. Қожық деген сол көгенкөз қазір де сонда, Метрейдің шошқасын бағып жүріп жатыр. Ендеше оны бауырымызға алмасақ, қазақтығымыз қайсы, мұсылманшылығымыз кәне? Байқаймын, сендер де бір жас иіске зар боп отырған сияқтысыңдар. Құдайдың пейілі түскен күні оған да жетерсіңдер. Әзірге осы баланы бауырларыңа сала тұрсаңдар деймін де мен...

Ғазиза жаулық ұшымен көзін сүртті. Есберген сәл ойланып отырып:

– Мен қарсы емеспін, Ақа. Бірақ өзіне қолғанат боп жүрген баланы Метрей оңайлықпен бере қоя ма? – деді күмәнмен.

– О жағын өзім келістіремін. Мен одан Қожықты бұрын да бір-екі рет сұрағам. Ол кезде бермеген. Енді беретініне сенем. Өйткені оның ең зәру дүниесі қазір біздің қолымызда. Ол – анау жатқан күдірдің шыбығы. Бұның Метрейге не үшін керектігін өзің сезерсің... Марпадан кейін алған жас әйелі бар. Ол да адам. Олар да кәдімгі ерлі-байлы адамдар секілді төсек қызығын көргісі келеді. Күдірдің шыбығы алтыннан қымбат екені рас. Бірақ бұл жалғанда адамнан қымбат не бар? Ақ ниетпен, жақсы ырыммен Қожықты бала етіп алсаңдар, Құдай тілеулеріңді беріп, ол да соңынан бір шұнақты ертер әлі.

Сөз осымен біткен. Ертеңінде Есберген Ақсопыны Метрейге ертіп барып, осы Қожықты үйге алып қайтып еді. Шүкіршілік, жолы ақ, аяғы құтты болды, Ақаң айтқандай, Құдай бұлардың да тілеуін беріп, арада бір жыл өткенде, расында, Қожық соңы нан бір шұнақты ілестірді – қырықтан асқан шағында Есберген ұлды болды. Жатаған үй қызыққа, жарым көңіл қуанышқа толды. Бар пейіл, бар назар ендігі жерде жалғыз ұлға ауып, Қожық біртіндеп тасада қала бастады. Ғазиза мен бұл талбесікке екі жақтан төніп, құйтақандай қызылшақаны өліп-өшіп өбектеп жатқанда, ол бір бұрышта монтиып үнсіз отыру шы еді. Бұл үйге өзінің көлденең кеп қосылған бөгде екенін, жатыры басқа жат екенін сондай сәттерде ол жүрегі қан жылап тұрып сезінген шығар. Ал бір шаңырақта күнелтіп, бір табақтан ас ішіп жүріп өзін бөгде сезінуден өткен қандай қасірет бар? Ол, әрине, бөтендіктің, бөгделіктің ащы дәмін алдымен Метрейдің үйінде татты, «жеті қозы түртіншек, түңілер де отығардың» күйін сонда кешті. Мұнда келгенде де бірден ес жиып, еңсе көтеріп кеткен жоқ, балаға тән бар қасиет – еркіндік, еркеліктің бәрі бойынан әлдеқашан суып қалғандай еді. Бұны Есберген білмеді емес, білді. Бірақ оның жасыған жүрегін жаниын, өшкен отын жағайын деді ме? Ғұмырында бір рет оны маңдайынан иіскеп, бетінен сүйіп көрді ме? Жоқ, «Әй, Қожық, өй, ынжықтан» басқа ол бұдан қайбір жылы сөз естіді? Өстіп өскен Қожық бүгінде өкпешіл де кінәмшіл, бір адамның бетіне қарап сөйлей алмайтын жігерсіз де ынжық болмай қайт сін? Ендеше оны жазғыратын, кінәлайтын қай жөні бар

Есбергеннің? Иә, бәріне кінәлі өзі. Басқасын былай қойғанда, әлгіндегісі Қожық кешіретін сөз бе еді?.. «Сенен гөрі көлеңкем артық шығар...» Қап! Қалай аузынан шығып кетті екен? Амал жоқ, ойланбай сөйледі, опық жеді, міне.

Есберген осы бір ескі елес, ескі шиырдың шырмауында бас қатырып жатып, тек таңға жуық қана кірпік іліп еді...

– Аға, кеттік пе? – деді қаражалды жетектеп әкеп алдына тосқан Қожық.

– Кеттік, батырдың ұрпағы. Құдай жолды оңғарсын. – Ес-берген орнынан ширақ тұрып, ала қоржынды ердің артқы қасына екі бөліп тастай салды да, лып етіп атына мініп алды.

– Шүу, жануар, – деді сосын қаражалдың басын сонау биіктегі асуға қарай бұрып.

– Шүу, – деді бұның соңынан күреңқасқаға жайдақ мінген

Қожық та. Екі ат құлақтарын қайшылап, желе жорта жөнелді.

* * *

...Ұшы қиырсыз сары дала. Сары даланың бір ұшында – сары бел. Сары белдің бауыры – сағым ба, әлде... шалқар көл. Шартабақ күн төбеде. Шалқыған ыстық жер-көкте. Табанын тасқа тілдіріп, жанарын жасқа жудырып, маңдайын жел қаңсы тып, таңдайын шөл кептіріп, сар желіп келеді Сарыатан. Таусылмайды сары дала, жеткізбейді сары бел. Сары белдің ар жағы – бота күнгі мекені. Бота күнгі мекенін боздап іздеп келеді, жүректегі бар шерін қозғап, іздеп келеді.

– Өй, жалған-ай! – Ат аяғы асу үстіне жеткенде Есберген көкі рек кере дем алды. Аңқылдап алдан жел есті. Тынысы бірден кеңіді. Жаңағы өрге тартқан таспа жол, тас қиялы тар аңғар артта қалған тасада. Алдыда енді – алып астау кең ойпат. Кең ойпаттың бір шеті сонау алыс көкжиектегі Көгілдір тауға тірелген. Сан жыл бойы Есбергеннің түнде түсінен, күндіз есінен шықпаған, күн сайын осы асуға сабылып келіп, сарғая қарап кететін Көгілдір тауы сол – әне. Өркеш-өркеш шыңдары, шоғыр-шоғыр шоқысы көк мұнарға оранып, көсіліп жатыр жарықтық. Көгілдір таудың ар жағы – қасиетті атамекені, құт қонған қара қонысы. Буырқанып аққан Бұқтырма, сылдырай сыңсыған Ақтұма, қара орманды Майшоқы, дара шыңды Тасшоқы – бәрі-бәрі сол жерде, қасиетті атамекенде. Құдай-ау, оған да жетер күннің жеткені ме шынымен?

– Қош, Көкентау! – деді Есберген соңына соңғы рет бұры лып.

– Қош! – деді Қожық та атын тебініп қалып.

* * *

Тарам-тарам таспа жол бірде ойға құлдырап, бірде өрге ұмтылып, Көгілдір тауды бетке алып, сылаңдай қашып барады. Жол ұшына жетем деп, ат үстінде тепеңдеп Есберген мен Қожық та суыт жүріп келеді. Тас төбеден күн ауған. Көлеңке басы ұзарған. Үп еткен жел, тырс еткен бөгде дыбыс жоқ, тек ат тұяғының дүбірі ғана құлақта. Құба түсті, құлан жүрісті қаражал соңындағы мәстек күреңқасқаға аяңмен де, желіспен де бір жеткізбей келеді.

– Қожы-ық... – деп Есберген арагідік арт жағына мойын бұ-рып қояды. – Бармысы-ың?

– Бармын ғо-ой, – деп ол жайдақ атын тебініп, аяқтары со-лаңдап, Қаражалмен кей мезет қатарласып қалады.

– Е, бар болсаң бопты, батырдың ұрпағы.

Бұдан кейін Қожықты тағы ұмытып кетеді. Ұмытайын демейді, санасында сапырылысқан сан түрлі ойлар сорабы өткенді шарлап-шиырлап, ертеңді барлап-қиырлап, көз алдындағы бар дүниеден ауық-ауық аулаққа ала қашады. Көкірегі алыпұшып әлденені аңсайды. Бірақ нені? Көңіл шіркін шарқ ұрып әлдекімді іздейді. Сонда кімді? Білмейді. Білетіні – бұны алдында күтіп тұрған ешкім жоқ. Көзден кеткен көңілден де ке теді. Ал бұның аталастың көзінен, ауылдастың алдынан кеткеніне табаны күректей жиырма төрт жыл, мінеки. Жиырма төрт жылда бір ұрпақ түгел ауысты. Кәрінің орнын жас басты. Ескі көздерден кім қалды, ағайыннан кімдер бар? Барының өзі Есбергенді тани ма? Ендеше... еңіреп табысар елі де, ен сап кеткен жері де жоқ екенін біле тұра бұл жаққа Сарыатандай сар желдірген, Құдай-ау, сонда қандай күш? Самайына ақ түсіп, сақал-мұртқа дақ түсіп, саркідір болған шағында көңілін алып-ұштырып, әлдебір алыс қиянды аңсатып қойған ненің ғана құдіреті? Не болса да, әйтеуір, сананы ылғи сарғайтып, жүректі әмсе сыздатып тұрар бір дертке душар болғанын Есберген көптен бері сезген-ді. Өстіп жүргенде жалғыз ұлы мерт болды. Бұл – өзі де шығайын деп тұрған көзге шыбықтан кем тимеген.

Рас, өткен жылғы сол қаза Есбергенді есеңгіретіп кетіп еді. Күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылды. Атар таңды кірпік ілмей атқызып, батар күнді қабақ ашпай өткізген күні қаншама?! Таңертең мойнына мылтық асынып, аңға аттанған сыңаймен үйден үнсіз шығып кететін де, қыр желкедегі бейітті бетке алатын. Бейіт басына келген соң, Қаражалды қаңтарып қойып, жаңа үйілген жас топырақты сипалап, ұлы сәске болғанша ұзақ-ұзақ отыратын ойланып. Тіл қатпайтын, көзінен жас та шықпайтын. Құдды бейіт қасына тұрғызып қойған қара тастай мелшиіп, құм топырақтай безеріп, қаққан қазықтай қатып қалушы еді Есберген. Сосын бірауық көзі боталап, қарсы алдында меңіреу мүлгіп тұрған Көкентауға қарайтын. Көкентаудың балағынан ұшар басына дейін сыңсыған қалың орман-ды. Онда бұйра-бұйра бұта мен салба самырсынға дейін ағаш атаулының алуан түрі бар еді. Бірақ Құдай бір түп мойыл қимапты. Бір түп мойыл! Жо-жоқ, бір түп емес, Есбергенге керегі оның бір-ақ тілім қабығы болатын. Сол бір тілім қабық қана баласына көлденең жабысқан кеселден құтқаратынына Құдайдай сенген бұ жазған. Сенген соң да жаны қалмай іздеп еді жер-көктен...

– Өй, жалған-ай! – Есберген бір қырқаға шыққанда артына мойын бұрған-ды. – Қожы-ық, бармысың?

– Бармын ғо-ой... – Қарлығыңқы, шаршаңқы дауыс едәуір жерден бәсеңдеу ғана естілді. Жайдақ аты тақымын қажап келе ме, әлде алыс жолдан қажыды ма, кім білсін, Қожықтың бұған ілесуі қиындап бара жатқандай.

– Бар болсаң бопты, батырдың ұрпағы. – Есберген тебініп қойып, тағы да ұзақ жолдың, ұзақ ойдың сорабына түсті.

...Иә, бұл алты күн бойы аттан түспей, бел шешпей мойылдың бір тал қабығын зар еңіреп іздеген. Төңіректе бармаған жері, баспаған тауы қалған жоқ. Қойнау-қолат, сай-сала, өзен бойын түк қалдырмай сүзіп шықты адақтап. Іздегенін таппады. Ал ішкен асы ішінен судай ағып тоқтамай, аз-ақ күнде инеліктей бұратылып қалған баласы көз алдында жас құрақтай қурапсолып бара жатты сәт санап. Ақыры көктемнің бір майдай еріген ақ шуақты таңында, күннің нұры тау басынан енді ғана төгіліп келе жатқанда... жалғыз ұлдың ақтық демі үзілді. Сол күннен бастап Есбергеннің бұл өлкеден көңілі мүлде суыған. Сол күннен бастап есі ауысқан, шалық ұрған адамның бір жынды сүрей күйін кешкені және бар. Тегі, кешегі қойнау-қолат, сайсаланы кезіп жүріп: «Әттең, мойыл! Әттең, мойылдың бір тілім қабығы!» – деп зар жылатқан жалғыз сөз миына әбден сіңіп қалған секілді. Енді күндіз-түні сол сөз есінен шықпайды, тіл ұшына қашанда «мойыл» ілігіп тұрады, қарайғанның бәрі бұған мойыл болып көрінеді. Бұның соңы Есбергенді баяғы жастық шағына, Бұқтырманың жағасы мен Мойылдысайдың бойына қарай сүйрейді. Бір ғажабы... мұнда табан тіреген алғашқы жылдары артта қалған сол Бұқтырма мен Мойылдысайды ойлаудың өзі қорқынышты еді. Ойласа болды, небір сұмдық жайлар көз алдына келе қалатын да, төбе құйқасы шымырлап қоя беретін. Рас, сұмдық жайлар еді ол... Әр үйде кірпігі ғана қимылдап жатқан көк қарын бала... Бала қасында бір түйір дәнге, бір тамшы нәрге зар болып мәңгіріп отырған шешелер... Сыртта ит пен мысық қуып, ұстай алмай тәлтіректеген аш-арық әкелер... Жол жиектерінде қап-қара болып ісініп, құлап жатқан арыстай азаматтар... Сыңсыған дауыс... Ыңырсыған үндер... Осы сүреңсіз сұмдық суреттер Есбергенді шырт ұйқысынан шошытып оятқан да кезі көп. Бірақ уақыт өте келе бұл суреттер біртіндеп көзінен көмескілене берген де, олардың орнын басқа бір әдемі, жүрекке жылы көріністер ауыстыра бастаған. Онда да көретіні – әлгі Мойылдысай... Мойылдысайдан майысып су алып келе жатқан мойыл көзді момын қыз... Момын қызды бір түп мойыл түбінде ұрлана күтіп, ұяла қызарып тұрған жас жігіт... Тасбұлақтың сылдыры... Жас жүректің дүрсілі...

– Өй, жалған-ай...

Сол мойыл көзді момын қыздың кейін өзінің жары боларын Есберген сонда білді ме? Жоқ, үш ұйықтаса түсіне де кірмеген. Тағдыр екеуін таршылық кезде тағы бір жолықтырды да, мәңгіге қосақтап қоя берген бұл жаққа. Сол кеш, сол түн ғайыптан болған бір қызық, әйтеуір...

Аштықтан әбден қалжыраған қалың елдің алды ақырында арғы бетке жылыстап жатқан кез еді. Ата-анадан ерте айырылған соқа басты Есберген де көп қараға ілесіп, бетті алысқа бұрған. Арт жағында қарайлайтын жалғыз ғана қимасы – андасанда Мойылдысайда қос жүректің лүпілі бірге соғатын мойыл көзді момын қыз-тұғын. Кетерде оны тағы бір көріп қалайын деген ниетпен ат басын әдейі Мойылдысайға бұрып еді кештетіп. Әдетінше жар түбіндегі жалғыз үйден жүз қадамдай жердегі қалың мойыл ішіне кербестісін жасырып қойып, қыздың сыртқа шығуын күтіп еді сарылып. Иә, сарылып күткен. Бұрын күн батар алдында ылғи да іргедегі тас бұлаққа келіп су алатын момын қыз. Су алмаса, көк көйлегі көлбеңдеп сыртта жүруші еді көбінде. Бұл жолы зым-зия. Жым-жырт. Сүт пісірім уақытта жатаған үйдің есігі бір ашылған емес. Өз бетінше кіріп баруға қара шалдан қорқады. Шынашақтай бойына қарамай шақ-шақ еткен қатал кісі еді жарықтық. Ақыры күтумен күн батқан... Қап-қараңғы түн болған. Сосын... Үйдің бергі бетіндегі жалғыз жетім терезеден болмашы жарық жылт ете қалған кезде, әбден шыдамы таусылған Есберген үйге тұра ұмтылып еді... Ішіне кіріп келсе... төр басында бүк түсіп шал жатыр. Қасында білтелі шамды жағып қойып, мойыл көзді момын қыз отыр егіліп. Ұзын қара шашы дудырап бетіне түсіп кеткен.

– Кі-ім?.. – деді шал ыңырсып.

– Есберген, – деді қыз әлсіз ғана дауыстап. – Ә-әлгі а-аңшы бала ма?.. Басымды кө-өтерші, құлыным, – деп шал ықылық ата тіл қатты.

Қыз орнынан тұра беріп, етпетінен түсті. Есберген ұмтылып келіп, оны сүйемелдеп қайта отырғызды да, сосын шалдың басын көтеріп, арқасына екі жастықты тиянақтап қойды.

– А-ашпыз, балам... Бе-ес күн бо-олды, нәр сызғамыз жоқ, – деп шал кемсеңдеп жылап жіберді. – Ме-ені қойшы, мына бала өлетін бо-олды.

Есберген атып сыртқа жүгіре жөнелді де, күндіз көл бетінен атып алған екі үйректің бірін жедел үйге алып келді. Дереу қазан астына от жақты. Әп-сәтте ет пісті. Ыстық сорпаны шал мен қызға алдымен қасықтап беріп, аш өзектеріне нәр жүгіртіп алды да, енді өле қоймас деген кезде құстың жұмсақ етін жапырақтап турап, аз-маздап ауыздарына сала бастады. Недәуір уақыттан соң екеуі де жан шақырып, бойларына әл кіріп, кәдімгідей адам боп қалып еді.

– Балам, – деді шал кеудесін тіктей отырып. – «Өлмегенге өлі балық» деген, сені Құдай бізді өлтірмейін деп жіберген шығар. Бізді деймін-ау, мен – асарымды асаған, жасарымды жасаған адаммын, бәрінен де мына тел өскен теңдесіңе қиын боп тұр ғой... Сенен қалған жарты үйректің еті бұл екеуімізге жарты күнге азық бола ма? Өлсем – мен өлейін, теңдесіңді аман алып қал, балам. Кешкілік үй сыртынан атыңды талай көріп ем, «ұлы сөзде ұяттық жоқ», тегін келіп жүрмеген боларсың, сол атқа енді екеуің бірге мініп кетіңдер. Мойныңда мылтығың бар адамсың, торғай атып жесеңдер де аштан өлмессіңдер.

– Ата, мен арғы бетке өтіп барам, – деді бұл күмілжіп.

– Не, арғы беттегі біреу саған жалғыз кел деп пе еді? – деп шал шақ ете қалды.

– Жо-жоқ.. Өзіне қиын болмаса дегенім ғой... Ала кетейін, ата, ала кетейін, – деп бұл қалбалақ қаққан. Іштей қуанып тұрғаны да рас еді.

– Ендеше... Құдай жолдарыңды оңғарсын! Әмин! – деп шал бетін сипаған.

Сол күні түн ауа өзімен бірге алыс жолға аттанып кеткен мойыл көзді момын қыз бүгінде жат топырақты жастанып қал ған Ғазиза еді!..

– Өй, жалған-ай!

Иә, ол жат топырақты жастанып, мәңгіге артта қалды. Бұл болса, міне, Сарыатандай сар желіп, Мойылдысайын іздеп келе ді. Әлдекімді сағынып іздеп келеді. Көз алдында – мойыл көзді момын қыз. Мойыл көзді момын қыз – ендігі жерде қусаң жетпес, қолға түспес, бәлки, бұның жас шағы шығар, кім білсін...

– Аға-а!.. Аға-ау, тоқташы!

Жол ұшы Көгілдір таудың етегіндегі үлкен өзенге тірел генде, арт жағынан Қожықтың айқайлай дауыстаған жалынышты үні естілді. Біраз кейіндеп қалған екен, Есберген ат басын тежеп, күтіп алды.

– Не болды? Шаршадың ба, батырдың ұрпағы?

Қара терге малшынған күреңқасқаны текіректете желіп кеп, бұның алдына тоқтаған ол, жауап орнына ат жалын құшақ тап жата кеткен.

– Ау, не жетті саған? Неге үндемейсің? – деді Есберген. Ол басын көтеріп, бұған кінәлі адамдай жәпектей қарады.

–Аға... мен бір нәрсе ойлап келем... Манадан бері ойладым...– деп тағы үнсіз қалды. Бірдеме айтуға жасқанып тұрғандай.

– Атыңнан түс. Бой жазып алайық, айтарыңды сонда айтасың, – деді Есберген.

Екеуі жерге түсіп, аттарды қалмақша байлап қойды да, көк шөптің үстіне кеп отырды.

– Аға, мен осы бір нәрсе ойлап келем. Айтсам, ренжімейсің бе? – деді ол жер шұқи отырып.

– Айт. Не ойлап келесің сонда сен?

– Аға, мен осы кейін қайтсам қайтеді?

– Не дейд?! Неге қайтасың?! – Есбергеннің даусы қаттырақ шығып кетті. Қожықтан басқаны күтсе де, дәл бұны күткен жоқ еді.

– Әкемді ойладым... Өлерінен бір жыл бұрын Метрейдің үйіне келген орыстармен карта ойнап, астындағы күмістелген ерін, аяғындағы әмірқан етігін ұттырып алып, кейін қатты қапаланып еді. Сонда аяғына шәркей киіп отырып: «Ерден айырылдым – жайдақ болдым, етіктен айрылдым – маймақ болдым, жерден айрылдым – бейбақ болдым. Сірә, мен оңбайтын шығармын» дегені бүгін тақымым қажалып, құйрығым ойылып келе жатқанда есіме түсті. Таңертең жолға шықпай жатып ерім сынды. Бұл жақсы ырым болмас, аға. Сосын... ата-баба жерін тастап кетсем – мен де оңбайтын шығармын. Рұқсат берсең, мен кейін қайтайын, аға.

Қожықтың бетіне таңырқай қарап, түксиіп отырған Есбергеннің сәлден соң қабағы біртіндеп ашылып, дөп-дөңгелек қыран көздеріне жылы шуақ ойнап шыға келді. Сосын Қожықты қолынан ұстап тұрғызып, қапсағай мол денені қапсыра қатты құшақтап:

– Айналайын, балам-ай, – деді еміреніп. – Тумасаң да туғандай боп кетіп ең, бірақ ішіңдегі бар асылыңды көре алмаған, аша алмаған екем ғой. О бастан қолбала деп қор ғып келген екем ғой. Шын асылдың сынығы, хас тұлпардың тұяғы екеніңді енді ғана білдім, балам, кеш мені!.. Мүмкін бәріне кінәлі мен емес, ең әуелі әкең шығар кешегі. Жерін сатқан, елін сатқан адамдар екі дүниеде оңа ма?! Немереге несібе, шөбереге нәпақа еді ғой Көкентау... Жоқ, Көкентауды ешкім алып кеткен жоқ. Сеніңдағы күнің туар бір кезде. Тарт, балам, туған жеріңе, қайт, қалқам, Көкентауыңа! Менен рұқсат, қайыр-қош!

Көз жасын жең ұшымен бір сүртіп тастап, Қожық күреңқасқаға қарғып мінді. Жанарын жасқа шылап тұрып, Есберген де қаражалға қайқая қонды.

Бірі Көгілдір тауды бетке алды.

Бірі Көкентауға бұрылды.

...Ұшы-қиырсыз сары дала. Сары даланың бір ұшында сары бел. Сары белдің бауыры – сағым ба, әлде шалқар көл. Шартабақ күн төбеде. Шалқыған ыстық жер-көкте. Табанын тасқа тілдіріп, жанарын жасқа жудырып, маңдайын жел күнсі тіп, таңдайын шөл қаңсытып, сар желіп келеді Сарыатан. Тау сылмайды сары дала, жеткізбейді сары бел. Сары белдің ар жағы – бота күнгі мекені. Бота күнгі мекенін боздап іздеп келе ді, жүректегі бар шерін қозғап, іздеп келеді.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс.

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)


Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар