Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Тау тұлғалы қаламгер, көрнекті ғалым

20.04.2016 666

Тау тұлғалы қаламгер, көрнекті ғалым



Әдебиет – адам өнерінің ішіндегі ең ұзақ жасайтындарының бірі

Ғабиден Мұстафин


Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің 4-кітапханасында қалың оқырманға есімі белгілі көрнекті қаламгер, журналист, сыншы, әдебиеттанушы ғалым Нұрдәулет Ақыштың өнегелі өмір белестері мен шығармашылығына арналған «Тау тұлғалы қаламгер, көрнекті ғалым» атты шығармашылық бенефис кеші өтті.


ываыва.jpg


Нұрдәулет Бабиханұлы – әдебиеттің бірнеше жанрында көсіле қалам тербеп жүрген сегіз қырлы, бір сырлы қаламгер. Нұрдәулет Ақыш өз шығармаларында туған жер, табиғат, балалық шақ, пәк махаббат, биік адамгершілік, азаматтық парыз, адами құндылықтар, қазақ халқының дархандығы, өз замандастарының жан дүниесі, өмір шындығы туралы азаматтық ой толғайды. Ал, әдеби зерттеу, сын кітаптарында әдебиеттің ең өзекті мәселелерін қозғап, өз түйгенін терең оймен, зерделі сөзбен, шешен тілмен оқырманға жеткізетін талғампаз да талдампаз әдебиетші ғалым.


«Үндемейтін ұл», «Күрмеуі қатты түйіндер», «Сынық домбыраның сазы», «Төрге шыққан кім?», «Бұрынғы бастықтың әйелі», «Жатақхана қыздары», «Ұлы ғашықтар ұрпағы», «Таң алдындағы дабыл», «Бейуақта жанған от», «Жұмбақ іздер» сияқты көркем оймен өрнектелген шығармаларының қай-қайсысы болса да, талғампаз оқырманның сүйіп оқитын шығармаларының қатарына енді. Жазушының осы шығармалары жөнінде Әбіш Кекілбаев: «Өмір танытқыш парасаты, кісі танытқыш пәтуасы, жігер қайрайтын рухани уыты мол кітаптар жаздың» деген болатын.


нурдау.jpg


Экраннан арнайы дайындалған «Саңлақ суреткер» атты слайд-презентация, қаламгердің өмір белестері мен шығармашылық шеберханасы туралы «Тау тұлғалы қаламгер, көрнекті ғалым» атты виртуалды кітап презентациясы көрсетіліп, музыкалық әуенмен көркемделген әдеби шолу тыңдалды. Оқу залының төріне «Көркемсөздің көрнекті шебері» атты кітап жаймасы ұйымдастырылып, оған қарымды қаламгердің шығармалары, ғылыми ұжымдық зерттеу еңбектері, мерзімді басылымдарда жарық көрген мақалалары қойылды.


Шығармашылық бенефистің басты кейіпкері: жазушы, сыншы, филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Жазушылар Одағының, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Халықаралық «Жамбыл» сыйлығының лауреаты, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Тәуелсіздік дәуірі әдебиеті бөлімінің меңгерушісі – Нұрдәулет Бәбиханұлы Ақыш болса, ал бенефис қонақтарының қатарында М.Әуезов атындағы Әдебиет пен өнер институтының ғылыми қызметкерлері, филология ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің доценті – Жолдасбек Мәмбетов, жазушы, аудармашы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі – Нұрлан Қами болды. Алматы Университеті, Қазақ Мемлекеттік Қыздар педагогикалық университеті, Алматы Полиграфиялық колледжінің студенттері мен кітапхананың тұрақты оқырмандары қатысты.


ваы.jpg


Бенефистің «Қаламгер келбеті» кезеңінде Нұрдәулет Бәбиханұлының ғибратты өмір жолы мен шабытты шығармашылығы жайлы жазушының өзі және әріптестері сыр шертті. «Оқырман күткен әсерлі сәт» кезеңінде оқырмандар қаламгерлерге әр түрлі әдеби тақырыптар аясында сұрақтар қойып, пікір алмасса, ал «Оқырман олжасы» атты кезеңде қаламгердің шығармашылығы мен «Аласа таулар аясында» жаңа туындысы туралы оқырмандар өздерінің ақ тілек, пікір-лебіздерін білдірді.


Ұлы данышпан Абай: «Кітап – жазушының жүрегінен оқырманның жүрегіне жіберілген айнымас дос» деп көркем туындылардың біздің өміріміздегі орнын айрықша атап көрсеткен еді. Балалық дәурен – әр адамның қимас шағы, қайта келмес көктеміндей. Жазушының «Аласа таулар аясында» атты жаңа туындысы – оқырман қауымды сол қияда қалған балалық шағы мен жалындаған жастық дәуренімен табыстырып, өткен күндерді еріксіз еске түсіреді. Шығарманы оқи отырып, ұшқаны білінбейтін ұшқыр заманның зымырап бара жатқанын амалсыз мойындаймыз. Аталмыш роман талғамы биік, зерделі оқырмандарды түрлі сезімге бөлеп, ерекше әсер қалдыру үстінде.


Кітапхананың дарынды оқырмандары осындай тәлімдік, тәрбиелік маңызы зор мәдени шара ұйымдастырып, сүйікті жазушыларымен табыстырған кітапхана ұжымына алғыстарын білдірді. Қаламгерге өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, талғампаз оқырманның жүрегіне жол тапқан жаңа шығарма жайлы ойларын білдірді. Сүйікті жазушыларына аталмыш шығарманың жалғасын асыға күтетіндіктерін, келешекте «Аласа таулар аясында» туындысы үлкен ғұмырнамалық романға ұлассын деп өз ұсыныс-тілектерін білдіріп жатты.


Кітапхананың дарынды оқырмандары Алматы Полиграфиялық колледжінің студенттері: Ілияс Айдын, Арғымбеков Бақтияр және кітапхана қызметкерлері Жидебаева Аяулым мен Хаметова Айгерім «Аласа таулар аясында» туындысынан үзінділер оқыды. Ән бесігінде тербеліп өскен дарынды өнерпаздар: П.Чайковский атындағы музыкалық колледждің студенттері Әділ Досмұхамед, Қабыл Арнат, Тойшыбаев Мағжан және Алматы Полиграфиялық колледжінің студенті Тұранов Бекарыс ән мен күйден шашу шашып, көпшілік қауымға көктемгі күннің шуағындай жақсы леп сыйлады.


Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы: «Адам мәңгі жасамайды, мәңгі жасайтын оның ісі» деген еді. Әрине, мәңгілік қалатын нәрсе – біздің жүріп өткен жолымызда қалдырған өнегелі іздеріміз. Бүгінгі қазақ әдебиетіндегі талғамы биік, танымы терең қаламгер, салиқалы сыншы Нұрдәулет ағамыздың әдебиетіміздің алтын қорына қосылар жаңа туындыларын оқырман қауым асыға күтетін болады. 


adebiportal.kz



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар