Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
«АСПАН ЖЫЛАП, ЖАНЫМ ОҒАН ҚОСЫЛЫП…»

19.04.2016 286

«АСПАН ЖЫЛАП, ЖАНЫМ ОҒАН ҚОСЫЛЫП…»


ijoHWicMAZI.jpg

(Ақын Айжан Табаракқызының «Сен жыламашы» жыр жинағы оқығанда)


Лирикалық кейіпкердің жан толқынысын барлық сүзгілерден өткізіліп, әбден сығымдалған жалғыз ауыз сөз бере алса, бұл да – өлең. Минималист ақын Иван Ахметьевтің үш сөзден тұратын мына бір жалқытармағы есіме түсіп отыр:


«Я еще тут…»

(«Мен әлі осындамын…»)


Поэтикалық қуаты жүрекке улы жебедей қадалып, жан тебірентерлік эмоционалды күй кештіретін осынау жалқытармақтағы лирикалық кейіпкердің мінезділігі қайран қалдырады:


«Мен әлі тірімін, өлген жоқпын, бұдан әрі қай сынағыңа саласың, Жаратқан?!»


Ақын Айжан Табаракқызының жақында жарық көрген «Сен жыламашы…» өлеңдер жинағының атауын осындай бір мағыналы жалқытармаққа жатқызса болады екен. Бұдан тарайтын лирикалық ақпарат көңілге әнтек мұң ұялатып барып, оқырманды өзіндік тереңдігі, өзіндік көркемдігі бар мөлдір, тұнық поэзия құмырасының ернеуіне ерін тигізуге құмартқызатыны анық. Бұл кітапта ақын қыздың әдемі, әсерлі, меланхолиялық жырлары топтастырылған.


Ақын өлеңдері жайлы бірдеме демес бұрын, лирикалық кейіпкерінің өзіндік тұлғалық биігін анықтап алған дұрыс шығар. Расымен, фәни дүниенің барлық кірі, пенде баласына тән барлық күнә атаулы сілкіп-сыпырылып тасталған оның парасатты, тап-таза болмысын танып алған дұрыс сияқты. Автордың өзі де осыны мақсат көргені анық: ақыл мен сезім арпалысқан махаббат жырлары берілген бірінші бөлімді «Жанның жасы» деп атауы тегін болмаса керек.


Жалпы, жыр жинағы «Жанның жасы», «Сөздің жасы», «Уақыттың жасы» деген үш бөлімнен тұрады.


Ақынның жырға қосқан махаббаты – биік махаббат. Сондықтан азабы да жеңіл емес:

«­Өткенді ойлап жүрек тағы жылады…» (16-бет).

Мұның бәрі алдамшы ғадауат, арзан құмарлық боп шығуы да мүмкін екендігін «ескертіп», сезімнің алдын орай берген ақылдың өзіндік «үлесі» байқалады.

Парасат пен сезім текетіреске түскенде, ақылдың қашан да үстемдік алып, сезімнің қайғы-шер құрсауында қалатын жағдайы бұл:

«Мен бәріне жеңіл қарай алсам ғой,

Басқашалай табар ма едім жөнін бір…» (10-бет).

Жан тән – қауашағынан жерініп шығып, біресе сұп-суық күзге, біресе зілдей ап-ауыр түнге айналады. «Жанның жасы» жаңбыр болып, өне бойы сіркіреп жауып тұрғандай әсерге бөлейді.

Лирикалық кейіпкері бірде:

«Маған бүгін қайғыны айтпа, қайғыны», — деп, жылауық күйден бір сілкінгісі келсе де,

«Жұлдыз ақты тағы да,

Бісмілла…

Бағым шығар…

Бағым ба?», — деп, үміт жетегіне еріп, бір серпілгісі келсе де, (9-бет), оның жаны, құдды, бой жазып, терең тыныстауға бір сәт мұрша бермейтін тар қапасқа еркінен тыс қамалғандай. Көк аспанның тазалығына ғашық құс қиқуының үніндегі еркіндік өткен күннің жанға ыстық суреттерімен елес беріп өтетіні бар:

Көз байланса, көңілге ұялар мұң,

Өткен күнін өкпеге қия алар кім?

Сағынам ба, кім білсін, бұл күндері,

Сол ауылды есіме жиі аламын…

«Жұрт», (86-бет).

Ауыл – дархандықтың, кеңдіктің, тазалықтың мекені. Кіндік қаның тамған жерді баяғыша «жұрт» дегенді сирек ести қалсақ елең етіп, көңілге бір жылылық ұялататыны рас. Себебін Айжан ақын тілімен шиырласақ:

Бұл өзі жан ұқпайтын арда сезім,

Бір түтіннің мен-дағы жалғасы едім.

Жамалғанға жамауым, Жаратқан-ау,

Ұмытқан топырағымды бар ма кезім?!

Сөйтсе де, лирикалық кейіпкерінің үнемі торға түскен құстай күйзеліп, құсаға салынатыны несі?


Мол тыныс, дархан дала, ақеділ пейілдің баламасындай болған ата жұрттан қол үзіп, қалалы жерге шоғырланып жатқан қайран қазақы рухтың қапасқа қамалғандай күйінің жаңғырығы болмаса қайтсін. Әйтпесе ақын: «Менің жұмақ мекенім – балкон ғана», — деп мұңаяр ма еді. (50-бет). Оның лирикалық кейіпкері — бүгінде, адамдары бірін-бірі жатсынып тұратын, оқшаулыққа бейім немесе әлеуметтік ортасы соған мәжбүрлеген күйзелістер мекені – үлкен шаһардың бір бөлшегі. Өз ішкі мұңымен жеке қалуды, өлсе сырын сыртқа шығармауды бұл да үйреніп келеді:

Түннен қалай жасырамын жасымды,

Жасырғанмен жанымдағы құрбымнан.

«Жасырғанда бұлттар Айдың жамалын…» (8-бет).


Жылым қаланың салты да бөлек, заңы да бөлек. Адамдар нөпірінің арасында жүріп, жалғыздық күйін кешуің мүмкін:

Сағым сынып сөздерден, кейде жалғыз мұңайған,

Сәттерімде кеудемде бір белгісіз жылайды ән.

Пенделерге пейілсіз бекер сенген екенмін,

Бар болу да – Құдайдан,

жоқ болу да – Құдайдан.


Айналаңа көз жіберіп, келеңсіздіктер мен әділетсіздіктерге ыза болуың мүмкін, дәрменсіздік күйін кешіп, тырнақ тістеуің мүмкін:

Барлығының кигені бір жасанды бетперде,

Ұмытады Құдайын дегеніне жеткенде.

Мен жазықты сияқты өз-өзімнен қысылдым,

Көз алдымда адамдар сонша кірлеп кеткенге.

Құрбан болған уақыттың өтеуі не сондағы?

Қайда бастап барады тағдырдың бұл жолдары.

Арсыздықты амалсыз көре-көре бір күні,

Жүрегімнің еті өліп кетпесе тек болғаны.


Айжан – сөзсіз, интеллектуал ақын. Оның лирикасы сансыз сұрақтың, шартты себептің, салмақты ойдың құрсауында «бой жаза алмай», мелонхолиялық бояудан сілкіне алмай тұр. Сансыз сұрақтың жауабын бірде өзі іздеуге тырысса, бірде өз биігінде тұрып, өзіндей екінші бір талантты жаннан демеу тапқысы келеді:

Кейде көздің жасынан, білесіз ғой, ой ауыр,

Қалып қойды көңілде өткен күннен қаяу бір.

Менің мынау адасқақ маңдайыма дәл сіздей,

Жан болғаны – алданыш, сенесіз бе, Аягүл?!

Мен сәбидей көретін, қайда аппақ дүние,

Шыныменен бұл өмір – «Жалғыздықтың биі » ме?

Жалыққан да шығармын, жеріген де шығармын,

Бүгін сондай шаршадым,

Қайтайыншы үйіме… «Көңіл», (102-бет).


Қала тірлігі — Камю айтатын «абсурд философиясы»: кеңселерде өтіп жатқан мағынасыз уақыт, қым-қуат керексіз қағаздарға көмілу, аз ғана нәпақа үшін өмір бойы бір орынға жіпсіз байлану, дүдамал жүйенің құрбанына айналу, бостандықтан бас тарту.


Алайда, адамның қашан да таңдау жасау еркі бар.


Урбанизацияның асау ағыны ұлттық болмысымызды, мәдени құндылықтарымызды өз-өзімізден тез алшақтатып, ес жиюға шама келтірмей, жаһанның құрдымына қарай дедектетіп әкетіп барады. Бүгінгі төл әдебиетіміз ұлттық поэзияның өміршеңдігінің арқасында ғана кірпігін қимылдатып, бойына шым-шымдап нәр сіңіріп отыр.


Жүрегі мен тілінде адамгершілік пен иманның, тазалық пен ақиқаттың дәнегі бар Айжан сынды талантты жастың да бүгінгі әдеби үдеріске қосқан өзіндік үлесі бар. Ол – ақын қыздың осынау тырнақалды жыр жинағы десек болады.


«Сен жыламашы» кітабының оқырмандары көп болады деген сенімдемін.



Анар Кабдуллина,

әдебиеттанушы, сыншы.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс.

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)


Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар