Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
«Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы»

15.04.2016 3002

«Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы»


Абай Құнанбайұлы

Абайдың осы бір өлең жолын жұртшылық жиі қолданады. Кейде ретімен, өз орнына лайықты айтса, көбінесе істің мән-жайына түсінбей, әншейін айта салушылық бар.


Осы өлеңнің бір ғана жолында иірім-иірім ойлар жатыр. Ол қандай ойлар? Біріншіден, біз ақынның «Өлең – сөздің патшасы» дегеніне тоқталуымыз керек. Неге өлең сөздің патшасы? Бұл сұраққа жауап беру үшін қаз қатар тұрған үш ұғымның (өлең, сөз, патша) қайсысынан бастамақпыз? Үшеуін тұтастырып тұрған негізгі ұғымы қайсы?


Негізгі ұғым «сөз» болса керек. Себебі сөздің патшасы – өлең. Мәселе сөзде. Сөз болған соң өлең бар, оның патшалығы бар. Сонда сөз деген не? Оны жалғыз-ақ ұғыммен анықтауға болмайды. Сөздің іспен, қарекетпен байланысын мойындау қажет, қандай іс, қарекет бол- сын, ол сөз арқылы айқындалады. Сондықтан сөз – істің, қарекеттің көрінісі. Екіншіден, сөз идеяға байланысты. Идеяның өзі сөз арқылы анықталмақ. Сөзсіз идея айқындалмайды. Идеяны сөзбен теңестіру Платон философиясынан бастау алған. Үшіншіден, сөз – ойлаудың нәтижесі әрі оның процесі. Тұжыра айтсақ, қандай сөзде болсын қорытынды бар, ойлау жүйесі, яғни ой тұтастығы бар. Сонымен бірге сөзде жаңа ой басталып, алдыңғы ой көмескіленіп тұрады. Сөзді жаңа ой басы дейтініміз сондықтан. Төртіншіден, сөз міндетті түрде сөйлеушіні (субъектіні) қажет етпейді, ол объективті мазмұнда өз алдынша өмір сүре береді. Сөздің мұндай абстракциялық табиғатын қазақтар «жақсыдан қалған сөз», «үлкендер айтқан сөз», т.б. мәнде білдірген. Мұндай жағдайда сөз сөйлеуші – халық. Мәдениетіміздегі фольклор деген ұғымның негізінде осындай жайлар жатыр. Бесіншіден, сөздің айтушысы болады әрі әр сөздің дара түсінігі болады. Ең алдымен сөз болған деген идея баршамызға белгілі.


Бірақ ол сөз кімнің сөзі? Бұл – шешімі табылмаған жұмбақ. Алғашқы сөзді айтушы Алла тағала (мұсылман діні бойынша) десек, діни ойлау шеңберінен асып кете алмаймыз. Ал егер алғашқы сөзді адам айтқан десек, тағы да екі мәселе туады. Біріншісі – адам сөзінің Алла сөзімен байланысы бар ма? Екіншіден, егер адам сөзі өздігінен ешбір құдайсыз, оның құдіретінсіз болса, онда сөздің пайда болуының себебі неде? Осы мәселеде ғылым мен дін, философия мен атеизм бөліне бастайды.


Біз осы мәселелердің мәнін аша алмағандықтан алғашқы сөзді Алла тағала айтқан деген пікірге сүйене отырып (оның өзіне де тереңдемей), адам сөзінің табиғатына сәл үңілсек.


Сөз табиғаты дегенде, оның мистикалық мәнін жоққа шығара алмаймыз. Сөз мистикасы – үлкен мәселе. Неліктен кейбір сөздер адамға, оның санасы емес, сезіміне бойлап, рухын жайлап, еркін меңгеріп кетеді? Оның сыры неде? Сірә, бұл тұста сөздің музыка құдіретіндей адам болмысына оның еркінен тыс әсер ете алатын қуаты болса керек. Сөздің мистикалық табиғатын мойындамай, оған рационализм биігінен ғана қарайтындарды сөз ұлағатын меңгергендер деп айта алмаймын. Сөзді меңгеру, оны қабылдай білу және қолдана, пайдалана білу дегеніміз мәдениеттіліктің ғана емес, даналықтың белгісі. Абай сөзді осы мәнде айтып отыр.


Сөз сана емес, ақыл емес, сезім емес, ой емес, ол – соның бәрі. Сөзде осы айтқандардың қайсысы көп, қайсысы аз, қайсысы бастаушы, қайсысы қостаушы, міне, мәселе сонда.


Сөз философиясы – өзгеріс философиясы. Себебі сөз ағып жатқан су сияқты. Онда тұрақтылық, тоқтау жоқ. Ағынсыз су өз қасиетінен қалайша айырыла бастаса, сөз де сондай күйге түспек. Сөздің мұндай дертке түсуін ғылым тілінде «догма» дейді.


Сөздің догмаға айналуы – ақылдың суалуының көрінісі. Сөзді қағидаға айналдыру үшін әлімсақтан бері жасалып келе жатқан әрекеттер мол. Сөздің өзгеруі адамдарға беймазалық, тынышсыздық әкеледі. Әдетке айналып қалған сөзді жаңа сөзбен ауыстыра беру қо- ғамдағы қалыптасып қалған дәстүр, салт-саналарды өзгертеді. Қандай да болсын өзгерісте қауіптілік бар. Өзгеріс әманда белгісіздікке бастайды. Белгісіздік үрей әкеледі. Адамдар көбінесе бәрі анық, бәрі түсінікті болғанды қалайды, бірақ адамдардың өздері түсініксіз істер бастауға әманда әзір. Белгісіздіктен белгілік іздеу – таным. Сөз болса – танымның сатылары. Сөз туралы біршама түсінікке келгендіктен, енді «патша» деген ұғымға назар аударайық.


«Өлең – сөздің патшасы», – дегенде Абай өлең мен сөздің бір-бірімен байланысын «патша» деген ұғыммен білдіріп отыр. «Патша» деген – даралықты емес, жалпылықты білдіретін ұғым. Патша болу үшін оның қасиеттері жалпы патшалыққа тән болса, сонымен бірге патшалықтың қадір-қасиеті патшада болуы шарт. Міне, «өлең» деген сондай мәнге ие болып, бүкіл сөздің патшасы атанған. Сөз деген патшалық болса, өлең – оның патшасы. Сонда «патша» деген әрі кеңдік, әрі даралық, өлең де сондай, ол да бүкіл сөзге тән әрі жеке-дара.


Сөз өнерінде өлеңсіз әңгіме айту мүмкін емес, оны біз лирика, поэтика деп атаймыз. Өлең патша болса, ол тек сөздің ең лауазымды биігі ғана емес, ол сөз өнерінің өне бойынан табылуы керек. Өлең тек сол кезде ғана сөз патшасы болмақ. Абай осы мәселеге нақтылы тоқталған.


«Өлең – сөздің патшасын» осылайша түсіндік десек, мәселенің ауырлығы осы өлең жолының екінші жартысында, ол – «сөз сарасы» деген ұғым.


Абай неліктен өлеңді «сөзсарасы» деген? Мұнда не мән бар? Тілімізде «сара бағыт», «сара жол» деген түсініктер бар. Демек, «сара» дегеніміз тура, әділ деген ұғыммен мәндес болып шығады. Осы дұрыс па? Тіптен дұрыс болса да, Абай «сара» деген ұғымды осы мәнде қолданып отыр ма? Абай өлеңдеріне түсініктемелер беріп жүріп көңілге түйген қағидамыз – оның өлеңінің бір жолындағы ұғымдар бір-бірінен ешқашан да алшақтамай, өзімен-өзі бол- май, тың ұғым туғызуға қызмет етіп тұрады. Мысалы, өлең, сөз, патша, сара – осы төрт ұғым өлеңнің бір-ақ жолында тұр. Былайша қарағанда, әрқайсысы жеке-жеке дүниелер. Олардың бас-басына қатысты қаншама мәселелер қозғауға әбден болады. Бірақ мәселе олардың даралықтарында, әрқайсысының жеке мәнінде емес, солардың бәрі бірігіп тың ұғым құрауында немесе жаңа ойдың темірқазықтары сияқты болып тұруында. Сонда осы төрт ұғым топтасып, бірігіп, нендей мәселені көтерген? Ол – өлең туралы идея. Бұл идеяның екі жағы ашылған: бірі – «өлең – сөздің патшасы», екіншісі – «өлең – сөздің сарасы». Абай бірінші, яғни өлең – сөздің патшасы деп неге қоя салмаған? Егер осылай ғана айтсақ, өлең табиғаты ашыла ма? Әрине, ашылады, біз соған да разы болар едік, алайда оны Абай місе тұтып, ойын те- жемей, әңгімені әрі қарай өрбіткен, ол өлең сөздің тек патшасы ғана емес, өлең – сөздің сарасы деген.


Қазақта сөзді саралау деген түсінік бар. Ол деген – сөзді сөз еместен ажырата білу деген мәселе. Тіл мен жақтан сылдырап шыққандардың бәрі сөз емес. Табиғаттағы барлық нәрселер сияқты сөз де дертті болады, оның дертін Абай: «Бөтен сөзбен былғанса сөз сарасы», – деп ашып айтқан. Сөз былғанса сөз болудан қалады. Ал енді осы нағыз сөзді қауызынан аршып алу үшін оны саралау қажет. Сараланған сөз – нағыз сөз, ол – өлең. Сонда өлең әншейін сөз емес, ол – сөздің сарасы, сондықтан Абай қиыннан қиыстырған қазақтың баласын «ер дана» деп атаған.


Абай мәдениет деген ұғымды қолданбаған, оны жаттап алып, күнде айтып жүрген біздерміз. Ал мәдениет деген не дегенге келсек, сөз сарасын түсінген адамды ғана мәдениетті адам қатарына қоюға әбден болады. Сөзді түсініп, меңгермеген адамның бойында мәдениеттіліктің өзі түгіл нышаны болуы мүмкін емес. Осы пікіріміздің дәлелі ретінде Абай өлеңінің шумағын толық келтірейін:


Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы,

Қиыннан қиыстырар ер данасы.

Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,

Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы...



(Абай. – Алматы: Жазушы, 1995., т.1. – 88-б.)


Ғарифолла Есім


"Хакім Абай"  кітабынан алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар