Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
БЕКЕТ ATA – ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ ІЛІМІН ЖАЛҒАСТЫРУШЫ

12.04.2016 619

БЕКЕТ ATA – ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ ІЛІМІН ЖАЛҒАСТЫРУШЫ



434_ba2236480484aa09e770e3c821cb2e5f.jpg

XIV-XVI ғасырлар аралығындағы Маңғыстау қарқынды діни ізденістерді басынан өткерген өңір болды. Діни ізденістердің негізін сопылық ілімі құрады. Сопылықтың бастауы ретінде Ислам пайғамбары Мұхаммедтің ғибадатпен айналысу мақсатымен Хира үңгіріне тасалануын көрсетуге болады. Мұхаммед пайғамбардың ол жерде халықтан оқшауланып, нәпсісін тәрбиелеу әдістері оның серіктестері болған сахабаларға, олардан кейінгі ұрпақтарға өтіп отырғандығы туралы түсінік бар. Пайғамбардың мұрагерлері ретінде оның бұл жолын әулиелер ұстанды. IX ғасырдан бастап, әсіресе, Түркістан, Иран мен Солтүстік Африкада сопылық көзқарастар кең тарады. Бұл аймақтардағы рухани ізденістердің арта түсуіне XIII ғасырда моңғол басқыншылығынан кейін қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық жағдай ықпал етуші басты фактор ретінде әсер етті.


Бұқара, Самарқанд, Ташкент сияқты Ислам тарихында ғұлама ұлы тұлғаларды тәрбиелеп шығарған қалаларды қамтитын Ферғана алқабынан көптеген сопылар шықты. Ахмет Ясауи, Абдулқадыр Гейлани сынды сопылар Ислам сопылығының захири тариқатын (сыртқы жолын) дамытты [1]. X ғасырда сопылық ілімге парсы және түрікмен мұсылмандары зор үлес қосты. Мансұр әл-Халладж сынды араб тектес сопылардың Иран мен Түркістан жерлерінде ұзақ уақыт бойы сопылық ілімді насихаттағандығы белгілі.


Басқа сопылардың халықпен бөлісуді орынсыз деп есептеген сопылық ілімді халық арасында ашық айтудан тартынбаған Мансұр ал-Халладж халықтың түсінбеушілігі салдарынан өлім жазасына кесілген сопы.


Ислам әлемінде сопылық ілімнің дамуына Фудаиль ибн Йаз, Ибраһим Адхам, Бишри Хафи Харис әл-Мухасиби, Джунаид-ы Бағдади, Баязид Бестами, Имам Газали, Шах Нақшбанди, Мухиддин ибн Араби, Мәулана Жалаладдин Руми, Қажы Бекташ Уәли, Юнус Эмре, Абдал Муса сынды ғұламалар үлкен еңбек сіңірді. Дегенмен, олардың насихаттаған сопылық іліміне түркілер мен ирандықтардың Исламға дейінгі наным-сенімдерінің ықпал еткендігі анық.


Сопылық ілімінің төркіні араб тіліндегі тасаввуф терминінен бастау алады. Тасаввуф сөзінің араб тілінің қандай түбірінен шыққандығы даулы мәселе. «Тазару» деген мағынадағы «сафа», «жүн киген адам» деген мағынадағы «суфи» түбірлері жиі қолданылатын түсіндірмелер. Себебі тасаввуф тазару жолы болуымен қатар, тасаввуфшылар кедейліктің символы ретінде жүн киім кигендігі дәлел. Сондай-ақ тасаввуфтың «кешірім сұрап, уайымға бату» деген тағы бір мағынасы бар. Жоғарыдағы мағыналардың қосындысы нәтижесінде тасаввуф (суфия, суфизм) ұғымы жүректі бұ дүниенің пәни істерінен тыйып, Алла Тағалаға деген ғашықтық сезіммен толтыру әдістемесін білдіреді деп айтуға болады. Демек, сопылық ілім дегеніміз Аллаға ақыл-оймен емес, жүрек сезімімен жету және соны жеткізу.


Сопылық ілімінің Маңғыстау түбегінде пайда болуы әдетте XII ғасырда өмір сүрген Қожа Ахмет Ясауи ұстаздың есімімен байланысты. Қожа Ахмет Ясауи өз кезеңінің пассионарлық тұлғаларының бірі болған [2]. Қожа Юсуф Хамаданидің үшінші шәкірті, Түркістанның Яссы қаласында жерленген. Түркістандықтар тарапынан «Ясауи Ата» деп аталған Қожа Ахмет Ясауи Бұқарада білім алғаннан кейін шейх Арыстан бабтан ілім үйренді.


Арыстан бабтың өсиеті бойынша Бұқара қаласына қайта барып, Юсуф Хамаданидің тәрбиесімен «иршад» («рухани жол көрсетуші») дәрежесіне ие болады. Юсуф Хамаданидің алғашкы екі шәкірті қайтыс болғаннан кейін Бұқара шеңберінде халықты Хақ жолына үндеумен айналысты. Біраз уақыттан кейін Алла Тағаладан келген белгі бойынша орнына Абдулхалик Гуждуваниді қалдырып, XII ғасырдың отырықшы және көшпелі мәдениеттерінің қарым-қатынас орталығы болған Яссы қаласына аттанды. Ахмет Ясауи түркі тілдес тайпалардан шыққан әулиелердің «пірі» («дін саласында тәжірибелі адам», «еліктеуге лайықты ұстаз») болып есептеледі [3].


2012-08-12-beket-ata-43.jpg


Сопылардын жеке мистикалық тәжірибе негізінде араға делдал салмастан Алланы тану жолын ұстануына байланысты XII ғасырда сопылық ілім көптеген мұсылмандар тарапынан қабылданбаған еді. Олардың пікірінше Алла өз сөзін Мұхаммед пайғамбарға сеніп тапсырды, одан басқа ешбір дәруішке сырын ашпайды. Осы көзқарасқа негізделіп олар кейбір сопыларды қуғын-сүргінге ұшыратып, кейбір сопыларды өлім жазасына кесті. Дегенмен, араға уақыт салып, сопылардың тәжірибесі Исламның діңгегіне айналып, көптеген тариқаттар пайда болып, олардың жетекшілері шейхтер ерекше құрметке ие болды [4]. Сопылардың пікірінше, шейх өз шәкірті үшін Алладан кешірім немесе көмек сұрау қабілетіне ие тұлға.


Бұл көзқарастың нәтижесінде көшпенділер үшін жеке тәжірибеге негізделген дінді қабылдау мүмкіндігі туындады. Образдар арқылы ойлану қабілетінің жақсы дамығандығына байланысты көшпенділер шындықты өз беттерінше ұстанып, күнделікті өмірде әулиелігімен көзге түскен уағыздаушылар мен ұстаздардың насихатын ғана қабылдаған.


Халықтың ауыз әдебиеті арқылы бізге жеткен аңыз бойынша Қожа Ахмет Ясауи өзінің даналық асатаяғын қазіргі Маңғыстау жаққа қарай лақтырып, оны іздеп табу үшін өз шәкірттерін аттандырған деседі. Көп жылдар бойына созылған ізденістердің нәтижесінде Ахмет Ясауидің шәкірттері тарапынан табылған асатаяқ жерге тамыр тартып, ағашқа айналған делінеді. Аңыздардағы бұл оқиға сопылық тариқаттың жүйелі түрде өз мәдени борышын жүзеге асыру міндеті төңірегінде өрбиді. Дегенмен, Қожа Ахмет XII ғасырда өмір сүрген болса, оның шәкіртгері Маңғыстауға төрт ғасырдан кейін келе бастаған. Олар туралы мәліметтер жоқтың қасы. Алайда, жергілікті тұрғындар түбекте 360 әулие өмір сүріп, уағыз-насихат жүргізгендігін тілге тиек ете отырып, Маңғыстауды «киелі жер» деп есептейді. Шынында да, аңыздың мазмұнына үңілер болсақ, Маңғыстау жеріндегі әулиелер саны – Қожа Ахмет Ясауидің сопылық ілімінің қазақ даласында тереңдей тарағандығының айғағы. Маңғыстау жерінде «пір» ретінде құрметтеп-қастерленген пірлердін көптеп болғандығы даусыз. Пірлердің дін саласында терең тәжірибеге ие болуы халық назарында олардың «әулие» («Алланың досы») ретінде құрметтелуіне септігін тигізді. Сондай пірлердің бірі – Қожа Ахмет Ясауи жолын жалғастырған қазақтын әулиесі Пір Бекет Ата еді.


Әулиелерге табынушылық Ислам дініне тән емес. Ислам тармағы болып табылатын сопылықта әулиелерді пір тұту орын алады. Мәселені терең бойламаушылық халық арасында әулиені пір тұту «құрмет көрсету» мен «табынушылық» ұғымдарының шатасуына жол ашқан болуы мүмкін. Себебі, Ислам дінінде Алладан басқа затқа табынушылық «ширк» (Аллаға ортақ қосу») болып есептеледі. «Ширк» жасау адамды «кәпір» («дінсіз») қылады. «Кәпірлік» адамды мұсылмандықтан («діндарлықган») шығарады. Ал, мұсылман емес адам «сопы» («таза», «жүн киген адам») бола алмайды. Сопылықтың алғашқы шарты – шариғатты ұстану. Ал, шариғат болса, Алладан басқаға табынуға тыйым салған.


Бекет Ата Мырзағұлұлы (шамамен 1750-1813) – қазақтың батыры, қолбасшысы, ағартушысы, сәулетшісі, ойшылы болған тұлға. Ел жадында қалған әңгімелерде Бекет Ата бала кезін туған жері – Жем бойындағы Ақмешітте, ал өмірінің соңғы жылдарының көбін Оғыландыда өткізген. Хорезмде Пақыржан қажыдан білім алған. Біріншіден, ол халықтың тәуелсіздігі жолында жауларға қарсы күреске белсене араласқан батыр. Екіншіден, ғылымның қиын жолымен жүріп өтіп, балаларды білім нәрімен сусындатқан ағартушы. Үшіншіден, ежелгі дәстүр бойынша көптеген елді мекендерде мешіттер мен медреселерге арнап, тау шатқалдарынан ғимараттар салған сәулетші. Төртіншіден, мүсәпірлер мен ауруларға қол үшін берген ерекше дарынды, ойшыл және аса маңызды оқиғаларды болжай білген сәуегей сопы.


Бекет Атаның бұл қасиеттері көзінің тірісінде-ақ ел арасында аңызға айналған. Қалың жауға қол бастап қарсы шапқан қаһармандығымен Бекет батыр атанған. Шайқастарда Бекет батырға оның мейрімділік, әділдік сияқты адал қасиеттерінен туындаған бейбітшілікке деген сүйіспеншілігі сүйеу болған. Адам баласына көмектесуді және оларға білім беру, жақсылық жасауды Бекет Ата Алланың бұйрығы деп санаған.


Көшпенділер өміріндегі сопылық ғибадаттардың басты мекені жер асты мешіттері болғандығын байқаймыз. Бұл дәстүр Мұхаммед пайғамбардың Аллаға жақындау мақсатымен Хира үңгірінде құлшылық жасауын көшпенділер мәдениетінің сүннет ретінде қабылдауынан туындаған болуы керек. Қожа Ахмет Ясауидің өз білімін Бұқарада жетілдіріп, өмірінің бір бөлігін жер астына түсіп, Аллаға ғибадат жасаумен хильветте (қылует) өткізгендігі белгілі [5].


Маңғыстау түбегіндегі жер асты мешіттерінің пайда болуын түрлі мәдениеттердің өзара қарым-қатынасы барысындағы жергілікті дәстүрлі сенімдердің сабақтаса дамуымен түсіндіруге болады. Бекет Атаның Маңғысау жерінде жер асты мешіттерін соқтырып, құлшылықпен айналысқандығын осы сабақтастықтың нәтижесі деп білу қажет. «Мединада – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет, Маңғыстауда – Пір Бекет» деген халық сөзінің қалыптасуы осының айғағы. Медина Ислам әлемінің орталығы болған ортағасырларда Түркістан өңірі Ислам мәдениетінің шығыстағы, ал Маңғыстау өңірі Ислам өркениетінің солтүстіктегі шебі болып танылды.


Жаксылыктын жарылкаушысы.jpg


Дүниежүзі мұсылмандары ең әуелі Алланың үйі Меккедегі «Бейтуль-харамға» қажылық парызын орындағаннан кейін Медина қаласындағы Мұхаммед пайғамбардың қабіріне зиярат етеді. Түркі тілдес халықтардың осы әлемдік ислами дәстүрге ұқсас өзіндік дәстүр қалыптастырғандығы белгілі. Түркі тілдес халықтардың Қожа Ахмет Ясауи кесенесін зиярат етуді Исламдағы қажылық ғибадаты мен Мұхаммед пайғамбар қабірін зиярат етумен сабақтаса жалғастырып отырғанын көзден таса қалдырмаған абзал [6]. Қабірлері Қазақстан жерінде орналасқан, зияратшыларының легі үзілмейтін әулие тұлғалардың алдыңғы қатарына Арыстан баб, Хермет баба, Қарға баба, Лашын баба, Ибрагим ата, Қарашаш ана, Қожа Ахмет Ясауи, Гауһар ана, Әли Қажы, Баб Араб, Домалақ ана, Анар ана, Айша бибі, Бабаджа хатун, Райымбек ата, Қоманқожа баба, Кулболды баба, Рабиға Султан бегім, т.б. жатады.


Солардың қатарындағы Бекет Атаның Жар ішіндегі (Шіркейлі ауылы) қабірін зиярат еткен адамдардың айтуы бойынша үңгірдің маңында қонғандар түсінде қиын мәселелеріне жауап таба алады. Сондықтан, көпшілік Бекет Атаны әулие тұтып, қабіріне түнейді. Іc-әрекеттері мен қадір-қасиеттері аңызға айналған Бекет Ата Маңғыстауда – Оғыландыдағы өз мешітіне жерленген.


Бекет Атаның Үстірт тау етектеріндегі жерасты мешіттері олардын жолы қиын жерлерде орналасуына қарамастан көпшіліктің зиярат ету орындарынын қатарында [2].


Бекет Ата ескерткіштері – Маңғыстау, Үстірт, Жем бойындағы Бекет Ата есімімен байланысты жерасты ғимараттарының ортақ атауы. XIX ғасырда Үстіртті топограф Эдуард Эверсман, Александр Дюгамель зерттеген. Эдуард Эверсман: «Үстірттегі таудан үңгіп жасаған мешіттер араб, парсы жазуларымен безендірілген. Мұндай ескерткішті Бекет төрт жерде жасаған. Оның бірі Маңғыстаудан қашық емес, Оғыландыда. Екіншісі Бейнеуде, үшіншісі Жем бойында, төртіншісі Арал жағасындағы Баялыда», – дейді [7]. Бекет Ата жерасты ғимараттарын қашап жасаудың ежелгі дәстүрін дамытқан, Бұл мешіт-медреселерде ол Құдайға құлшылық етіп, жас ұрпақты тәрбиелеп, білім берген.


Бүгінде Бекет Атаның адамдық ақ жолы, әулиелік өсиеттері өсіп келе жатқан жас буынды тәрбиелеуде көп септігін тигізіп отыр.


Бекет Атаның ерекше даналығы оның даулы мәселелерді шешуінде жатыр. Алдына келген екі жақ нәтижесінде ортақ келісімге келіп, ақиқат жолымен жүруді, әділ болып, жақсылық жасауды оңды деп есептейтін болған. Бекет Ата Қазақстанның рухани және тарихи тұлғасы.


Оның жолы қазіргі Қазақстан Республикасының толеранттылық бағытындағы өркениетаралық, мәдениетаралық, конфессияаралық, ұлтаралық диалогтарының кешенді түрде дамуына өз үлесін қосары анық. Бекет Атаның толеранттылығын жас ұрпақтың бойына сіңіре білген қазақ халқын Мұхаммед пайғамбар, Қожа Ахмет Ясауи ұстанған сара жолдың мирасшысы деп есептеуге лайықты.



Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1. Насыров И.Р. К вопросу о переходе от аскетизма (зухд) раннего Ислама к доктринальному суфизму (тасаввуф) // Суфизм в Иране и Центральной Азии. Материалы международной конференции (2-3 мая 2006 г., Алматы) / Отв. ред., сост., пер. С. Абдулло. – Алматы: Дайк-Пресс, 2007. – с. 22-35.

2. Голованов В. Лики Черной горы // Вокруг Света. – 01.02.2004. http://www.kazakh.ru/news/articles/?a=571

3. Reşahat // www.haznevi.net/icerikoku.aspx?KID=134&BID=2

4. Ираки М.М. Исламский мистицизм // Суфизм в Иране и Центральной Азии. Материалы международной конференции (2-3 мая 2006 г., Алматы) / Отв. ред., сост., пер. С. Абдулло. – Алматы: Дайк-Пресс, 2007. – с. 46-55.

5. Камаладдини С.Б. Туркестанский старец и его мистический путь // Суфизм в Иране и Центральной Азии. Материалы международной конференции (2-3 мая 2006 г., Алматы) / Отв. ред., сост., пер. С. Абдулло. – Алматы: Дайк-Пресс, 2007. – с. 36-45.

6. Жандарбек З.З. Ходжа Ахмет Яасави и возрождение тюркской государственности // Суфизм в Иране и Центральной Азии. Материалы международной конференции (2-3 мая 2006 г., Алматы) / Отв. ред., сост., пер. С. Абдулло. – Алматы: Дайк-Пресс, 2007. – с. 163-169.

7. Бекет Ата Мырзағұлұлы. – 18.02.2010 // http://www.inform.kz/kaz/article/2240006


Резюме


В данном докладе личность просветителя, гуманиста, духовного наставника казахов конца ХVІІІ – начала ХІХ веков Бекет Аты рассматривается в качестве продолжителя духовного пути Ходжа Ахмеда Ясауи, духовного наставника тюркоязычных народов ХII века. Делается попытка установления исторической связи некоторых аспектов развития суфийского учения на территориях Туркестанского и Мангистауского регионов средневекового и нового времени. На основе примера пророка Мухаммеда, уединявшегося в пещере горы Хира для поклонения Богу, были развиты Туркестанские и Мангистауские традиций постройки подземных религиозных сооружений.


«Бекет Ата тағылымы» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция еңбектері (69-73 беттер). 17.09.2010. Ақтау, Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті. – 180 бет. ISBN 978-601-7276-31-7



Айдар ӘБУОВ, философия ғылымдарының докторы, профессор.

ҚР Дін істері агенттігі Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының директоры (Астана қаласы)



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс.

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)


Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар

Ең көп талқыланғандар