Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Мұрат Алмасбекұлы: Сарышолақ

11.04.2016 414

Мұрат Алмасбекұлы: Сарышолақ



(Әңгіме)



524312_319793108116618_1123618213_n.jpg

Таңертеңгі шайын тез ішкен Құмыртас торы ала атқа ер салды. Жолшыбай қара жымға құрған тұзағына соғып еді, лақтай ор қоян түсіпті. Жақсы ырымға балап, желдірте жөнелді. Көп өтпей бұйра қалпақты боз талдардың арасынан сопаң етіп шыға келген ол, тастақ жазықты қиғаштай кесіп, сексеуіл, жыңғылы жарыса өскен быдырмақ ақ құмдардың арасына ілінді. Көзеулі жер осы. Мал өрісінен аулақ, салма-салма құм алқабы ұсақ аңға атап соққан өңір. Құмыртас үсті жазықайлау төбеге көтерілді. Едәуір еңселі, жел қақты орын екен. Маңайына аз сығырая қарап, көз мөлшер жасап алған соң асықпай аттан түсті. Төңірек тым-тырыс. Суық түннен тоңазып шыққан дала әлі бұйығулы. Арқан бойы көтерліген күннің сарғыш сәулесі аңшының беліндегі сақиналы қынның жезіне шағылысып жалт-жұлт ете қалды. Тізгіні ердің қасына ілулі торы ала тапжылмай тұр.


Құмыртас ат беліне арта салған тері қоржыннан терме баудың жібінен шаршы көздеп тоқылған тор алып шықты. Жолда бір қолтыққа таяу шыбық кесіп алған. Құм төбенің тепсеңдеу тұсына соларды айналдыра шанши бастады. Кереге бойынан биік, үйшіктің орнындай шеңбер жасады. Сосын, құлағы ат қолтығын соға, қанжығада салақтап тұрған қоянның санын-сан, қолын-қол қылып пышақпен бір-бір тартты да, ұлы денесін бөлек қалдырды. Қоржынның енді бір қуысынан басы қылтиған қарғаны суырып алып, үйшіктің шетіне аяғынан байлады. Оны кеше күресінге қақпан құрып ұстап алған. Қоянды қарғадан алыстау татсап, бір санын ғана алдына лақтырды. Айналасына жалтақ-жалтақ қарап алған ол далпылдай барып, санды шоқуға кірісті.


Аңшы торды шыбыққа күргейлей ұстап, байлап тастады. Астын үш кереге көгі ашық қалдырды. Кәнігі көз жаңылмапты. Шаншыған шыбықтарға тор дәл қона кеткені. Тордың етегінен ышқырлап тартқан жіптің бір ұшын сексеуілдің бос томарына таға салды. Шырға дайын. Енді тезірек бой жасырған дұрыс. Асықса, бесінге қарай бір байқастап қояды. Болмаса, ертең бір соғып кетер.


Аққұмнан алыстап, тал ішіне кіре берген аңшының көзі зәудеғалам аспан биігінде бұлдыраған қара ноқатты шалды. Тым шырқаудан көрінеді. Торы аланың тізгінін тежеп, ұзақ тесілді. Қара ноқат жақындап, маңдай тұсына таяғанда, жүрегі атқақтап кеткендей болды. «Жануар, жазыққа сирек түсетін құс қой мынау, тауда боран болған-ау шамасы» деді толқи күбірлеп. Дереу аттан түсті де, талды жабыттап, баспалай қарады. Бүркіт кербез қалықтап, тор құрған тұсқа барған секілді. «Иә, сәт, иә аруақ!» деп іштей жүз қайтара сиынған ол сығалап тұрған талдан он неше қадам алыстап, ұсақ қарағандардың арасына кіріп кеткенін байқамай қалған. Бірақ, қанша талдыра қарағанымен «мөліт» етіп шығып, лезде кірпік ұшына тарап кеткен бір тамшы қуаныш жасындай құс та көзден ғайып болыпты. Ақ шарбы бұлтты айқара таққан көк аспан тып-тыныш.


«Япырай, көріп қалған болды ғой» деп өкінген аңшы, торғай ұстайтын баладай тым сабырсызданып кеткеніне кейіді. Көңілі ала қызып, қолындағы құсын ұшырып алғаннан жаман жүдеді. Сосын, торы аланың ерін дереу сыпырып, бүркеу талдың түбіне қоржын-қосқалаңымен тыға салды. Атты шылбырын сүйретіп бос қойды. Өзі де «жалп» етіп, ердің жанына отыра кеткен. Тақат қыла алмай, қайта атып түрегелді. Басын қылтитып, тор құрған жаққа қарағаны сол еді, көзі «жарқ» етті. Бүркіт қайта ұшып келе жатыр. Ол сасқалақтап талға далдаланды. Қыранның қанат суылы мен піштактаған дауысы дәл төбесінен естілгендей бұғып барады. Осы кезде қаперсіз жайылып тұрған торы ала ат басын жерден жұлып алып, құлағын тіге қалды. Құмыртас та орнынан ұшып тұрып, аққұм жаққа асыға көз тігіп еді, бүркіт шың басынан лақтырған тастай төменге зымқап барады екен. «Түсті, түсті» деп айқайлап жібере жаздады аңшы. «Ойпырай, қалай тік шаншылады пәлекетің. Тебіні тентек қой өзі, арандалып қалар ма екен» деді жасаураған көзін сүртіп тастап. Есі шыққан ол енді аты мен ердің ортасында ары бір, бері бір жүгірді. Жаңағы пері торды дал-дұл қылып, тұңғиық аспанға қайта сіңіп жоғалатындай. Ақыры атын құйқалақтай ерттеп мінді де, аққұмға қарай тұра шапты.


Қақпан, тұзақ секілді қоңторғай аңшылыққа мапандай болғанымен, торы ала жылдым жылқы емес болатын. Оның күзді күнгі суырдың айғырындай тоңқалаңдаған шабысымен жеткенше, иесінің дегбірі қалмады. Сеңсең тымағы жалбаңдап, екі етегі далақтап, аттан бұрын өзі ұшып жетердей ұтмылады. Үсті-үстіне төпелеген мұндай қамшы көрмеген торы ала да, өзінің жылқы болып жаралғанына дәл осы жолы өкінгендей. Қос құлағын жымқырып алып, бар екпінімен сырқыратты-ай келіп.


Айтқандай, құм төбенің үсті әптер-тәптер екен. Торды шыбықтарымен қоса жұлып, анадай жерге апарып тастаған бір кеусіннің сұлбасы қараяды. Оның мелжемді топанын көргеннен-ақ, Құмыртастың көңілі тояттап сала берді. Торға ұмар-жұмар оралып, қанатын серпуге шамасы келмей жатса да, адам жақындағанын сезген саржон бүркіт аузын аша ысылдап, қатты айбар шекті. Өкініш пен ашудан жанталаса жұлқынып, тыпырлай тепкіленеді. Шырмауықша оралған тор діңкесін құртып, өне бойын буып тастаған. Аңшы ол аузын аша айбат танытқанда тіліне көзі түсе кетті. «Қанға тоймас қара тілдің өзі екен» деді ішінен қайран қалып. Сосын шапшаң қимылдап, құсты бір қолымен орай құшақтады да, «сарт» еткізіп томағаны кигізіп жіберді. Жаңа туған баланы ұстағаннан бетер қопалданған Құмыртас, «а, құдай өзің жар бол!» деп бүркітті тордан шығара бастады. Шешіп жатқанда байқады, сандары да қатқан қайың шоқпардың сабындай сом екен. Ұстап еді, алақанын керді.


Бүркіт.jpeg


Тордан босаған «олжасын» қалың күпісіне орап алған ол енді сәл тыныстады. «Қалайдан қалай болды» дегендей, аңшыға тән ұқыптылықпен айналасына сәп сала қараған. Жаңағы алқын-жұлқында байқамапты, тұмсығы істиіп, алқым жүні бобыраған қарғаның басы бір бөлек, шидей аяғы созылып, қанаты ұйпаланған денесі бір бөлек қалыпты. Қоянның жұмсақ сан етіне енді аузы тиген бақытты шағы ұзаққа бармаса керек. Езуінен жұтып үлгірмеген сілемейлі еттің бір ұшы қылтияды. Аяғы байлаулы сорлыны «ұшып кете қоймадың» деп қаһарланған қыран басын жұлып алып, лақтырып тастапты. «Апырау, бүркіттің жемтігіне де жарамаған екен-ау мына жазған» деді Құмыртас оған нарау көз тастап.


Аңшының көңілі баяшат. Бұдан әрі құсбегі деген міндетті арқаламақ. Әсілі, бүркітті де бабын тапқан кісі салады. Әйтпесе, аттың терін, адамның еңбегін еш қылған құр сарпалдаңнан басқа берері жоқ. Құмыртас бүркіт бабынан қаражаяу емес. Әкесі де айтулы саятшы болған. Қазір жасы ұлғайып, денсаулық сыр берген соң тоқтатты. Әке жолын жалғап кете алмаған ол, осы күнге дейін құс салуға онша құлықты болмай тартынып келді. Бүркіт көтергеннен гөрі, қақпан қандаған аңшылығы қызық көрінетін. Бірақ, бойындағы тұқымнан біткен құсбегілік өнердің қаны тасып жататын. Өзі салынып саятшылық құрмаса да, құс ұстаған «мен, мен мініскермін» дейтіндер ескермейтін тосын кеңес айтып, небір шораяқ құсбегілерді шұлғытып тастайтын. Былтырдан бері құдіретше, құс салуға өзі де ықылас таныта бастады. Десе де, көңіліндегідей кешкіл бас, кереге қанат кезікпей беті қайта берген. Енді міне, аяқ астынан жолы болып, жомарт аспан іздеген жоғын торына әкеліп «топ» еткізді.


*******


Құмыртас бүркітті үш күн ырғаққа отырғызды. Төртінші тәулікте қалжырап, тұмсығынан шаншыла құлаған құсты түйе жүн күпісіне орап, ұйықтатып тастады. Онысы – иесінің иісіне бой үйрете берсін дегені.


Ертеңінде ұйқысы қанған бүркітін тұғырға қондырды. «Дүр-дүр» сілкінген қыранның жон-арқасын сипап, қанат-құйрығын тарап, үйірлестіре бастады. Ұстағаны түз құсы болса да, қасарысып, көп шаргездік танытқан жоқ. Мінезді, сабырлы көрінеді. Құмыртас оның бойындағы қырандық белгісін тордан босатқанда-ақ байқаған. Көңілдегі биік өлшемге бәрі сиып тұр. Мойнын қылтың-қылтың еткізгенде, жылан бастағы шүңірек қызыл көзі өңменіңнен өтеді. Қадалған жерден қан, жармасқан тұстан жан алмай тынбайтын нағыз қаншегірдің сұрқы.


Құмыртастың ұстап әкелген бүркітіне әкесі де қатты қызықты. Желпініп, жүзі нұрланып, қыранның алдын-артын бірнеше айналып өтті. «Ай, жануарым-ай! Оңай қолға түспейтін кеспелтек шөңгел сары ғой мынау! Бұйырса, қылыш тұмсық қырыпсалдың өзі болғалы тұр» деп бір тоқтады. Содан бүркіттің дәл қарсы алдына малдас құрып отыра қалып, ары қарай сөйлеп кетті. «Қалың топшылы, шалқақ төсті тұрқы бөлек-ақ екен. Күңгейдің жел мен жаңбыр, күн мүжіген тасындай қожыр, талтақ аяқтарын көрдің бе?!. Қайтпас күштің қарымы бар. Әсіресе, темірдей тұяқтарының жанындағы қобышаның екі шеті пышақтың жүзіндей қырлы. Әне, тұяқ саусағының үстіндегі шодырайып бөлек тұрған буын-буын тастарды сана. Тұп-тура бесеу. Жембасар ғана емес, сығым мен шеңгел, тегеурінде де сондай бес болат тас. Табаны қышырлы, көбенің бүйіріндегі безі бүдірлі». Құмыртас қисса тыңдаған баладай оған құлай қисайып алыпты. Кенет әкесі орнынан жеңіл тұрып, қолымен құстың арқасынан нығарлай басты. «Көрдің бе, бүгілу, иілу деген жоқ. Мына, қос шалғы да айқаса барып, баялы құйрықты жауып тұр. Өн бойындағы сар жылтыр жүннің теңбілі терек жапырағынан да зор. Бұл да нағыз қыранның белгісі» деп тағы тыныстады. Сосын, баласына риза кейіппен қарап тұрды да «еті жақсы, семіз. Бірақ, мынауың күй талғамайтын жануар. Ақжем беремін деп арықтатып алып жүрме. Сарбөртпемен де суын табасың. Қайыруын келтірсең, меселіңді қайтармайтын қыраным осы дей бер», – деді таяқтай саусақтарымен айыр сақалын күлімсірей тарап. Осылай деп бұрылып жүре берді де, қайта қайырылды. «Қоясын қамыстың үлпілдегімен түсірсең де болады. Су ішкізгенге құмайдың қанат сүйегінен гөрі мынау жақсы». Ол бағанадан ұстап жүрген тырнаның қу жіліншігін ұсынды «тағы керек дүниелерің болса айтарсың. Үйде кейбір заттар босқа тұр ғой, енді құс салып жатпаған соң маған керегі де жоқ» деді. Дауысында енді, дүбірге еліткен серпілістен гөрі, дәурені өткен өкініштің сызы басым. Құмыртас әкесінің соңынан үнсіз қарап, біраз тұрды.


Құс қолға тез үйренді. Бір қарағанда, ауылға да, адамға да бауыр басқандай бейне танытты. Иесі оны далбайға түсіріп әурелеген жоқ. Енесінен тәлім көріп, ары қарай түз тәрбиелеген ұябасар тастүлекке бап қана керек болатын. Етін арылтып, ішін тазалап, әбден ақ саңғырық болғанда аузын тұмылдырықтаған қарсаққа салып еді, «шү» дегенде бүріп түсті. Құсының алымдылығына тәнті болған Құмыртастың көңілі өсіп, қанаттанып қалды. Енді тек, тақау қалған саят мезгілін асыға күтті.


*******


Қараша ортасынан ауып, қар бір жауғанда Құмыртас та аруаққа сиынып, алғашқы қансонарға шықты. Астында қар суымен қоя беріп, жақында ұстаған жүйрік ақтаңгер. Еті қатқан сайгүлік жер-суды басар емес. Иесінің жанына балаған желқанаты. Бұрын саятқа мінілмеген жануар бүркіт алдырмай біраз әурелеген. Ақыры көнді. Қанжығаға салақтатып қарсақ байлап та үйретті.


Басына жеңіл пұшпақ тымақ киіп, түйе жүн күпісін тері шалбарға сыптығырлана шалбарланған Құмыртас ақтаңгермен шерте аяңдап алда келеді. Сыртындағы сеңсең ішіктің өңірін ашып тастаған. Қасында осы маңайдың жас құсбегілері – Әбілқас пен Тоштыбай. Бір-екі қағушы, қосшы жігіттер бар.


Бұлар көп ұзамай бір ізге кез бола кетті. «Түлкі, осы жаңа ғана жүріпті» деді Әбілқас ізге үңіліп.


– Онда биікке тартайық.

– Қағушылар ізге түссін!

Саятшылар алдағы төбеге ұмтылды.


Құмыртастың көңілі қобалжулы. «Қалай болар екен!?». Іштей тартыну бар. «Түспей қойып, бетім қайтпай ма?». Ондайда әкесі есіне түсіп ұялып кетеді. «Әй, сен осы қақпаныңды құрып жүре бермедің бе!» дейтін секілді салқын қарап.


Расында, түлкі жақын маңда екен. Қағушылар жайдақ жылғаны өрлеп тоқым ұрып еді, май қарағанның түбінен ор қызыл ытқи жөнелді. Түнде ғана жауып басылған уыздай ақ мамық қарды бір шоқ қызыл оттай тіліп, лаулап барады. Онсыз да тұнық ауада шырадай жанып, таңғы тәтті ұйқыдағы арудың ақ торғын денесіндей керіліп жатқан сұлу далаға арбалып келе жатқан көздердің құртын қоздырып, желіктіріп әкетті.


– Пай, пай!

– Нағыз алтайы қызылдың өзі!

– Қане, томаға тартыңыз! Шөңгел сарыны да байқап көрейік...


Жастары кіші Әбілқас пен Тоштыбай Құмыртасқа жол ұсынды. Айғай шығып, түлкі қашқалы қолындағы кеспелтек сары «саңқ» ете піштактап, түңіліктей қанатын қағып-қағып жіберген. Қызыққа еліккен Құмыртас бәрін ұмытты. «Иә, сәт!» деп бүркіттің томағасын жұлып алды. Бет алдынан теңіздей ақ жайқын дала «лап» еткен шөңгел сарының шоқтай қызарып алған көз жанары, қызыл оттай алаулап бара жатқан түлкі жүніне шағылысып, қанқұмар бір есірік ұшқын «жарқ» еткендей болды. Иесінің қолын серпе көтерілген ол жер бауырламай биіктеп кетті. «Апырай, мынау қайтеді» дегенше түлкінің үстіне төніп қалып еді. Алайда, ол жауына бірден түспеді. Доға тәрізді жарты шеңбер жасап, алдынан орай шықты да, кенет аспанға тік шаншылып, ілезде төменге қарай жебедей заулады.


– Ойпырай, ойпырай!

– Жазым болар ма екен?!.


Бүркіт бір отау қарды «бұрқ» еткізіп түскенде, Құмыртас та атын тебініп қалды. Шөңгел сарыша ұшпады демесең, бұта-бүрген, ой-шұңқырда жазық жердей жүйіткіген ақтаңгер ұлпа қарды додырата есіп, ақ тозаңның арасында айқас майданына лезде жетіп үлгерген. Келе қарғып түскен құсбегі түлкінің аузы мен құлақ шекесін қоса шеңбектеп, енді бір аяғымен бел омыртқадан бүріп отырған құсын көрді. Иесі келгенде де еш ыңғай білдірмеді. Екі көзі шатынай қанталап, желке жүні жапырақ-жапырақ болып үрпиіп кетіпті. Түрінде сондай суықтық, жаужүрек долылықтың сұры бар. Құмыртас бүркіттің қарысқан шеңгелдерін қамшының сабын тығып әрең жазды. Түлкінің құлақ-мұрнынан қан шығып кеткен екен. Оң аяғын ажыратқанда шөңгел сарының балақ жүніне жұққан қанның бір тамшысы үзіліп барып, аппақ қарға тамды. Құмыртас дереу түлкінің сан етін жалаңаштап, жып-жылы қызылдан бүркітіне жұлғызып-жұлғызып жіберді. Содан кейін ғана сабасына түскен құсына томаға кигізіп, қолына алды.


The-eagle-bird-flight-wings-flap.jpg


Жүні әбден жетіліп, құлпырған қызыл түлкіні «үйірімен үш тоғыз» деп қарға ұрып-ұрып жіберген ол, басқаларынан жасы үлкен Әбілқастың қанжығасына байлады.


– Қанжыға қанды болсын!

– Алла жолымызды оңғарсын!

– Ойдойт деген! От қой мынаның жүні, – десіп кеу-кеулеген құсбегілер алғашқы олжаларының қомақты болғанына қуанып қалған.


Шөңгел сарының әлгіндегі тебініне, өзінің оны қайыруын жеткізіп, зар күйіне келтіргеніне Құмыртас ерекше қуанулы. Тізгінді қоя бере салып, бүркітін әлсін-әлі сипалай түседі.


Құсбегіліктің жан сүйіндірер ең бір құмарлы сәті - өзің баптап, үміт артып салған қыраныңның беті қайтпай аңға түсіп, айызыңды қандыруы екен. Бәлкім, сырттан қарап тұрған адам бүркіттің түлкіні басқан көз алдағы қызығына ғана көңіл желпінтетін шығар. Ал, құс иесінің бастан кешер сезімі одан әлдеқайда терең. Ең алдымен түзден ұстаған не ұядан алған құсыңның қырандығын тани білу дейтін талғампаздығың сыналады. Ұйқы-күлкі көрмей қайырып баптаған бүркітіңнің тайынбай аңға түсуі – құсбегі дейтін адамның қатардағы қызылкөз қызыққұмар емес, қыранның мінезін, саяттың сырын зердесіне тоқыған сұңғыла жан екенін білдірмей ме!?


Әбілқастың қанжығасында құлпыра бұлғақ қаққан түлкіге қарап, Құмыртастың көңілі шарықтады. Құс салудың ләззатін бұрын неғып сезінбеген. Ешкімге қиянаты жоқ нағыз әділ айқас. Түлкіні атып-шаппайсың, темір тісті қақпанның да қажеті жоқ. Бәрі табиғи. Бүркіттің түлкі алуын ешкім ойдан шығарып, қолдан құрастырған жоқ. Тәңір жасаған табиғаттың кесімді заңы. Бүркітші сол бар заңды пайдаланады. Тек адам болмысына тән айласын қолданады. Енді, пенде баласының айлалы болуы – ол да Тәңірдің төрелігі. Бір айырмашылығы – бүркіт пен түлкі Тәңірдің үкім-ұйағрымын бұлжытпай атқарса, адам өзінің ақылды артықшылығына сүйеніп, табиғат заңымен өзінше бәсекеге түседі екен. Анау аспандағы қыранға даладағы түз тағысын ұстатып, қанжығасына байлап алуы соның бір көрінісі. Әйтсе де, құсбегі табиғатқа жау емес, қайта досы. Өйткені, ол бәрібір ту баста Тәңір жаратқан заңның шеңберінен шығып көрмеген...


Сол күнгі қансонарда Құмыртастар үш бүркітке жеті түлкі, бір қарсақ алдырды. Қағушы жігіттер де құр қалмай, біреуі қарсақ, екіншісі түлкі еншіледі. Қанжығаларына екі түлкіден айқастыра байлаған үш құсбегі еріндеріне құя салған күрең насыбайға құшырлана тамасанып, тістерінің арасынан «шырт» түкіре аяңдап бара жатты. Томағалы құстарын биялайға қондырып, қатарласқан саятшылардың үзеңгілері бір-біріне тие сыңғырлап, тып-тымық кешкі даланың симфониясындай алыстағы қарлы жоталар мен сай-жылғаларға сіңіп қалды.


*******


Қыс бойы қанжығасы құрғамаған Құмыртас шөңгел сарыға әбден бауыр басып, шығарда жаны соның үстінде болды. Бүркітінің қайда салсаң қайтпайтын қырандығы оны басқа адамға өзгертіп жібергендей. Көңілі өр, еңсесі биік.


Құсының аңға шаншыла түсетін әдетінен қорқып еді. Ондай қырандар тау-тасты жерде оңай арандалады. Әйткенмен, шөңгел сары өлер-тірілерін білмейтін есер емес болып шықты. Күдірде аңды таңынан бүре, сыпыра басатыны иесін сүйінтті.


Өткен жолы Әбілқас бөктер таудан түлкі тәрізді бір ерекше аң өкргенін айтып келді. Тоштыбай екеуінің құсы да ала алмапты. Қар бетінен қашқанда сағымданып, екі аң кетіп бара жатқандай көрінеді екен. Төніп барған бүркіттер оның сағымына түсіп, жер соғып қалған.


Үш күннен кейін, сәрсенбінің сәтін санап аттанған Құмыртас түске қарай әлгі ерекше аңға кезіге кетті. Расында таңғажайып жаратылыс екен. Құбылып ойнап, сағымданып, бұлдырап барады. «Тәуекел» деп томаға тартқан бүркітші әліптің артын бақты. Енді аз болса жан ұшырған аң тауға ілініп кетуге жақын. Қызық болғанда, бұл жолы құсы биіктемей ұшты. Тағат қыла алмаған Құмыртас та ат басын қоя берді. Бір заманда бүркіті аңға жетті ау деймін, ұмар-жұмар түсіп қалғандай болды да, қайтадан тез тайқып шықты. «Әттеген-ай, жер соғып қалды-ау» деп ойлағаны сол еді, шөңгел сары және шүйіліп барып, басып қалғандай көрінді. Ақтаңгермен арқыратып бұл жа жетті. Құсы аңды умаждап алған екен. Иесіне айқұлақтана қарап, масаттанған бейнемен шаңқылдай піштактайды. Оның әдеттегі аң емес екенін сезген шөңгел сары бүйірлей барып теуіп түсіріп, содан кейін шеңгел салған екен. Құсының сезімтал, жырындылығына Құмыртас сонда қатты таңқалып, ерекше әсерленген. Ал, ұстағаны түлкі емес болып шықты. Бір өзгеше, керемет аң. Құлпырған жүні басынан көтерсең аяғына, аяғынан көтерсең басына төгіліп, көз сүріндіреді.


«Жанат денен аң осы, – деді әкесі оны көрген жерден, – бұл өңірде сирек болса да тұқымы бар. Мынау қара жанат екен. Ал, бұның қызылы да болады. Ол, тіпті көркем».


Шөңгел сарының жанатты теуіп ұстағанын естігенде әкесі де риза болды. «Пай, пай, пай шіркін! Бүркіт деген жарықтық дойыр күш, тегеурінді тұяқтың ғана емес, сезім мен ақылдың да иесі ғой. Жылқымен табиғаты бір. Қыранның да біз көрмеген небір түрі бар екен ғой. Әуелі, битті қыран, құртты қыран дегендер болады деп еститінбіз. Битті қыранның үстінде айырбас құрт секілді бит тіршілік етеді екен. Оны биттеген малдың үстіне қоя берсеңіз, бүркіттің биті малдың битін қырып жібереді дейді. Қарашы, өзін былай қойып, үстіндегі биті де қанды ауыз болып тұрмай ма. Ал, құртты қыранда жылқының қатпарлы қарнындағы секілді құрт болады дейтін. Оның не ерекшелігі бар екенін құныттап еске сақтамаппыз» деген.


Бүркітін бабынан тайдырмаған Құмыртастың да, құсының да аты шыға бастады. Қыраны тіленіп ұшып, қарақұйрық та алған. Қарсылық көрсетпегенімен, қоңыр аңды көп жағаласып, тұмсықтан тегеурін салып, омыртқадан шеңбектеп, әлсіретіп құлатты. Алайда, қыстай арыны қайтпаған құсы ойламаған бір оқысқа жолыққаны.


Отардағы қойшыларға түнеп шығып, түске дейін бір түлкі алдырған Құмыртас, екінті ауа өзенге қарай беттеп келе жатқан. Бір кезде алдынан әнеукүнгі жанат секілді қаралтқым аң тұра қашсын. «Әй, жанат-ақ боларсың» деген бұл асығыс. Күн шытқыл, желемік еді. Бүркіті де суық сорып келе жатқан. Иесі томаға тартқанда, аңды көрген қыран атыла ұшты. Әйткенмен, бірнеше рет шүйіліп барса да, қайта-қайта тайқып шыға берді. Бұндай мінезін көрмеген иесінің көңілі әлденеден секем алып, атына қамшы басқан. Қырсыққанда жел де қарсы екен. Және ұмтылған бүркітін айқайлап шақырып еді, елемеді. Ебедейсіз қалбалақтай барып, түсіп қалғандай болды. Алдан апыр-топыр қар бұрқырап, бүркіттің «шаңқ» еткен ашты дауысы шықты. Құсбегі де шауып жеткен. Межесі қате кетіпті. Шөңгел сарының басып жатқаны жанат емес, үлкендігі итке жетеқабыл қара түлкі екен. Әлі жаны шығып үлгермеген, денесі жирың-жирың етеді. Ойында ештеңе жоқ, әдеттегідей, бүркітінің шеңгелін ажыратып жатқан Құмыртас кенет көзі «ақшыраң» етіп, шошып кетті. Құсының сығымы жоқ. Буыны шолтиып жатыр. «О, атаң етін жегір, шайнап тастаған екен-ау» деді дауысы дірілдеп. Желке жүні қоқиып, қасарысқан қыран жауын сонда да қоя бермепті.


Құсбегі қатты өкінді. «Екінті мен ақшамның арасында бекер желіккен екенмін. Мына қара пәле кеселге жолыққан болды ғой. Қайран қыраным-ай, алда жануарым-ай» деп құсын құшақтап егіліп кетті. Өз көзіне өзі сенбей, мелшиіп біраз отырды. Бүркіттің шолтиған саусағынан шып-шып қан теуіп тұр. Ауырсынып, аяғын көтеріп-көтеріп қояды. Иесі дереу түлкінің сан етінен жұлдырмақ болып еді, кіржиіп қарамады. «Осы күйге душар еткен сенсің» дегендей мойнын теріс бұрды. Көздері бозарып, аязбен шаңыттанған көкжиекке мұңдана, қинала телміретіндей. Құмыртастың өзегін өрт шалып, тура қарауға дәті шыдамай, көзін тайдыра берді. Кенет ол ойына бір нәрсе түскендей атып тұрып, түлкінің ырсиып жатқан аузынан шөңгел сарының қыршылған тұяғын алды. «Болат, құрыш тұяқтар енді қайта орнына келмейді. Құсын мәңгі кемтар, міскін қылып алғаны ма?!» Ашуы алқымына тығылған құсбегі құйрығы бір құшақ болып жатқан қара түлкініні борбайдан екі айырды да, құсының басынан жеті рет айналдырып, бар күшімен бұта-қарағанның арасына лақтырып жіберді. «Тіфу, қара сайқал! Пәле-қазаның қарасы сенімен батсын, қыранның тұяғынған садаға кет!» деді бейуақпен бірге қарғанып. Содан, бір уыс болып, шөжіп отырған бүркітін аялай қолына алды. Дәл қазір қоя бере салғысы келіп бір оқталды. Сонда ғана көңілі тыншталатындай. Бірақ, құсының алдындағы кінәсі онымен жуыла ма? Керісінше, шолақ, кем саусақ қыран арам өлмей ме! Осыны ойлаған ол өз бекімінен тез айныды. Бүркіттің шолақ саусағын басындағы шытымен таңды да, өзін ат көрпесіне орап алды. Біраз күн аң қарап жүрмек болып шыққан, сол күні суыт тартып, үйіне қайтты.


– Тілімді алсаң енді бұны қоя бер, – деді әкесі бүркіттің домаланып қалған саусағына қарап, – қанша баптағаныңмен бұрынғыдай болмайды. Кемдігін істетеді. Бекер обалына қалма...


Мына сөзді естігенде Құмыртас қолқа-бауырын біреу суырып бара жатқандай шырқырады. Қоя беруді өзі де ойлаған. Бірақ, жеме-жемге келгенде құсын қия алмады. Одан айырылса күні қараң болатындай қатты құлазып, иығы түсіп кетті. Ақыры болмаған соң әкесі оған ақыл көрсетіп, бүркітке жасанды тұяқ салып алуды айтқан. Бұл құсбегілер арасында бар әдіс. Есі шыққан Құмыртас оны не ғып ойламаған!? Шөңгел сарының тұяғы жоқ болғанымен, саусағы бүтін. Құдай қарасқанда түлкі саусақтың бергі буынынан шайнапты. Ал, таға-шеге, пышақ қана емес, аю қақпанға дейін өзі соғып алатын Құмыртастың ұсталығы елге мәлім. Сонымен, құс салғалы қолы тимеген көрігін қайта қыздырған ол ішін қуыстап, жезден тұяқ жасады. Оны шолақ саусаққа кигізіп, сыртын сақиналап бекітіп тастады. Бір-екі күн ауырсынғандай болғанымен, бүркіт оны елең құрлы көрмей кетті. Иесінің өзіне деген адал ниеті, аяушылығы оны серпілтіп жібергендей. Қырандық қаны қайта ойнап шыға келді. Сол жез тұяқпен де талай түз тағысын шеңбектеп, Құмыртастың қанжығасын қандаумен болды. Қыранның кемдігін де, құсбегінің олқы көңілін де жасанды жез тұяқ бүтіндеп, қалпына түсірген. Алайда, содан кейін шөңгел сары «сарышолақ» атанып кетті.


Ақпанның басына қарай саятшылық тоқтап, құсбегілер де дамыл тапты. Бұдан әрі аңның жұптасып, ұйығатын уақыты. Әсіресе, түлкінің жүні түсіп, иісі жаман болып кетеді. Жан-жануардың тұқым көбейтер кезінде аңшы-саятшы қауымы аранын ашпай, құстарын келесі қысқа дейін тұғырға қондырады.


*******


Құмыртас жаз бойы шымнан тұғыр жасап, сарышолақты бұлақ жағасындағы жасаңға байлап түлетті. Жемтік, өлексе жегізген жоқ. Ет таусылса, арнайы мал сойды. Иесін дауысынан, тіпті томағамен отырса жүрісінен танитын құсы ол жақындаса піштактап, қанатын қағып, қуанған бейне байқататын. Жемі болсын, болмасын ат үстінен «кә,кә»-лап шақырса дереу қолға қона қалатын. Еркелегендей басын иесінің беттеріне үйкелейтін сәттері де болушы еді. Ондайда құсбегі де мейірленіп, оның қанат-құйрығын тарап, айналып-үйіріледі.


Саятшылыққа біржола берілген Құмыртас ақтаңгер атты тағы да қар суымен қоя берді. Қыранын түлетіп, баппен қайырып, желтоқсан мен қаңтардағы қансонардың қызығын сарыла күтумен болды.


Күз де жақындап келе жатты...


Қазанның аяғы. Жайлаудан түскен ел күзеу алып, енді қыстауға кіруге қамданған. Сол күні Құмыртас бүркітіне жаңа томаға, өзіне арқардың мойын терісінен биялай тігіп үйде отырған. Түс әлетінде есіктен «салаумағалейкүм» деп гүрілдей сәлем беріп кірген адамға ол «жалт» қарады. Алағақты мекендейтін жиені Әбдішәміл екен. Әкесі Алдабай жоғары-төменге аты шыққан, дәулетті, мал-жанды адам. Бұла өскен бай мырзасы нағашылары жаққа жылына бір соғып тұратын. Бірақ, биылғы келісі ерте. Әдетте, қысқа қарай, соғымның жылы-жұмсағы дайын болды-ау деген кезде жететін.


Құмыртас жиенімен төс соғыстыра амандасып, төрге шығарды. Ауыл-аймақтың, апайының амандығын сұрап қауқылдап жатыр. Әбдішәмілдің күміс кіселі белдігінде зер тасты томаға мен өрнекті жемқалта көз тартады. Бір жағында оюлы биялайы салақтайды. Ол да құс салып, саятшылық құруға әуес. Бай жігітке жарасымды да. Қыран құс та «мені адамның қолына түсіре көрме, егер түсірер болсаң тоғыз ұлы, тоқсан айғыры бар пендеге кезіктір» деп тілейді екен. Жеті атадан бері қазанынан қаспақ кетпеген Әбдішәміл қыран тілегін орындауға шамасы қаптал кісінің бірі. Онша-мұнша адамды елеп кетпейтін тәкаппар жиеннің үлкен үйге емес, бұнда түсуі де қызық.


Бір қойын алып ұрған Құмыртас, қонағын асты-үстіне түсіп күтті. Түннің бір уағына дейін созылған әңгіме бүркіт пен саят туралы болды. Арасында жиені былтырдан бері қолына дұрыс құс түспей, меселі қайтып жүргенін қарақтатты.


Ертеңінде жайымен тұрған Әбдішәміл шайдан кейін аттанатын бейне байқатқан.


– Ал, жиен! От алып жүрген жоқсың, біраз күн аунап-қунап жатсаңшы, – деді Құмыртас жүрелеп алып, ұшатын құсша ұмсынып отырған Әбдішәмілге қарап.

– Жатқан деген осы ғой, дәм тартса тағы келеміз.

– Онда, бұйымтай шаруаңды айта отыр.

Жиені қатты бір жөткірініп алды. Төбесі төрт сайлы құндыз бөркін шешіп, жіпсіген маңдайын сүртті.

– Айран сұрай келіп, шелегіңді жасырма деген. Өзіңізден бір қалауым бар еді...

– Айт, айт жиенжан! Жақсы болса нағашың, күнде шауып барасың деген. Ат-атан сұрасаң да бар ғой, құдайға шүкір.

– Е, е-е, нағашы. Ат пен атанға өзім де кенде емес екенімді білесіз. Менің қалауым басқа, басқа болғанда да мына сіздің сарышолағыңызға қолқа салып келіп отырмын.

Айтарын маймөңкелемей, төтесінен тартқан Әбдішәміл «ендігісі саған сын» дегендей төрдегі жүкке шалқалай отырды. Қаптал шапанының түймелерін де ағытып тастады.

Бұны естігенде Құмыртастың жүрегі «зырқ» ете қалды. Босағада мүлгіп отырған сарышолаққа оқыс қарады. Кешеден бері ішін тырнаған күмәні басқа ұрғандай шынға айналғанын-ай! Бүркіті де әлденені сезіп, көңілі түсіп кеткендей. Оны көріп тіпті жаны ашып, жүрегі езіліп кетті. Бірақ, сыртқа сыр білдірген жоқ.

– Ой, Әбдіш-ау! Кем болып қалған жаман саршаның қай жеріне қолқа салғалы отырсың. Бекер еңбегіңі еш қылады ғой ол, – деді зорлана күлген болып. Саршолақты өтірік жамандағанына шыдай алмай, оған көзінің астымен тағы бір қарап қойды.

Әңгіменің беті ашылған соң Әбдішәміл тіпті кеңіп алған. «Бұлталаққа салып, қалауымды басқаға бұрып жібермесін» деген алаңы да жоқ емес.

– Апырау, нағашы. Ат құлағынан ақсай ма. Қас қыран бір тұяқтан кемдік көрді дегенді естімеппін. Оны былай қойғанда, шебер қолыңызбен болат қанжарларға алмас қылыш қосып, кемдігін бүтіндеп қойыпсыз емес пе. Біздей қараға ерушілер, сіздердей мініскердің саршасын да місе тұтпақса лажы бар ма. Соны дәтке қуат қыламыз ғой, – деді.


Құмыртас сөзден ұсталғанын білсе де, енді басқа бір жағына жалт етті.


– Нағашыңның мақтауын асырдың ғой, жиен. Сол сөзің рас болса, мен саған өз қолыммен бір құс ұстап, баптап берейін. Саған да аты-затыңа сай салып жүретін бір қыран керек қой.


Әбдішәміл бұл тұзақты басқан жоқ. Бұрын да бірер рет жүріп, тұмсығы тасқа тиген соқпағы. Соңғы уақытта құстан салымы болмай, жігері құм болып жүргенде сарышолақтың атақ-даңқы дүңкілдей бастады. Қолына өңкей бұқатана, жарғақ аяқ түскеніне намыстанып өлердей болған бай атаның шорасы, биыл соның есесін бір қайтармақ болып, сарышолақты көздеп қойған. Бір жағынан, айтулы қыран бөтенде емес, нағашыларының ауылында болғандықтан сеніммен, салмақпен келген беті еді.


– Құсты ұстап-ақ бересіз ғой. Оған күмәнім жоқ. Әйтсе де, оның қандай болып кезігері бір құдайға аян. Әуелі, бабын тауып, бағын аша алсам жақсы. Керісінше, өз маңдайыма сор бола ма деп қорқамын. Одан да нағашы, осы сіздің сарышолағыңызды ұстап, салымымды бір байқап көрмекпін.


Құмыртас енді бұлталақтай берудің орынсыз боларын түсінді. Қалай қияласа да, көк соқта маңдайын көлденең тартқан жиені құсына құлғанадай жабысып, қусаң кететін емес.


Оның бөгеліп қалғанын аңдаған Әбдішәміл ырықтылық өзіне өте бастағанын сезіп, бастырмалатып алғысы келді.


– Қолы құтты құсбегі болды деп өзіңізге ел тамсанып жүр. Сарышолақ соңғы қыраныңыз болмас нағашы! Амандық болса әлі талай қожыр аяқ тұғырыңызда түлейтініне шүбәм жоқ. Қанша дегенмен тұңғыш қанат қақтырған құсыңыз ғой, ыстық болады. Қимай отырғаныңызды да білемін. Бірақ, мына жаман жиеніңіз де бір қолқаңызға татитын шығар. «Ер мойнында қыл арқан шірімейді» демей ме. Тіпті, қырық серкешімнің бірі емес, бәрі деп-ақ білейін. «Құр аяққа бата жүрмейтінін» де ескермей отырғам жоқ. Аяқбауына не қалайсыз, тосылмай айтыңыз. Қырық қысырақ, тоқсан тоғанақ болса да шыдадым.


Құмыртас айлалы жылқышы тұйыққа әкеліп қамаған қашағандай денесін тер басып, қысылып кетті. Тұрысатын жау емес, қуысатын дау емес, қылбұрау салған жиен қалауы қай шиырға салса да құтқарар түрі жоқ. Бұдан ары шалқалауға келмейтіндей көкжелкені жарға апарып бір-ақ тіреді. Енді Құмыртас бір кекжисе «алмағаным сол болсын» деп, шығып жүре беретін жерге әкеліп қойды Әбдішәміл. Онда артынан қуып барып, өзің апарып бересің. Тіпті, жиен алдында айыпты болуың да кәдік емес. Одан да жаңа Әбдішәміл өзі қолға іліндіріп қойған жіптің бір ұшынан айырылмау керек. Бірақ, оны қалай тартып қалған дұрыс. Кейін шиеленісіп, түйін болып қалатын жағына ма, әлде күрмеуі жазылып, көңілге кірбің түсірмейтін тұсына ма!? Ендігі мәселе осы ыңғайлы тұсты табу. Ал, оны бір тапса, Ілдебай табады.


Ол жиеніне жауап қайтарудың орнына, есік алдында оны-пұны шаруамен күйбіңдеп жүрген әйеліне дауыстады.


– Әй, бәйбіше, мына Әбдішәмілге дастарқан жайыңдар! Шөлдеген шығар, таңдай жібітсін. Менің насыбайым таусылып қалыпты. Барып, Ілдебайдың шақшасынан бір атып, құрыс-тырысымды жазып келмесем, жаман жиен қысып жібермеді ме, – деп шын ниетімен қарқылдай күлді.


Әбдішәмілдің де көңілі жайланып сала берді. Жолы болып, сарышолақты қолға қондыратын сәт те жақындаған сыңайлы. Енді не де болса асықпай, соңын күтеді.


Құмыртас келгенде Ілдебай домбыраға тиек жонып отыр екен.

– Иә, қонағыңды аттандырдың ба? – деді бұған мойын бұрмастан.

– Салмағы Қап тауынан да ауыр қонақты аттандыру оңай болмай тұр ғой. Қолтықтай келген қолқасы, қалтасына сала жүрген қалауы бар екен.

– Ау, не дейді. Қасқалдақтың қанын сұрап отырмаған шығар...

– Жә, Ілдебай. Қалжыңға айналдыратын жай емес, әлгі жиен сарышолақты сұрап отыр.

– Сонымен...

– Бекініп келіпті. Бірақ, бұдырсыз да емес, бір жіп ұстатады. Қандай қолқаңа да көндім дейді.

Ілдебай Әбдішәмілдің ыңғылын кеше байқаған. Сауыры дөңгеленген семіз құла аттың алдыңғы қанжығасындағы балдақты көргенде-ақ іш тартқан. Құмыртастың өзіне келетінін де шамалап қойған. Содан болар, сөзді көп созбады.


– Онда былай болсын, Әбдішәміл сұрап келсе бүркіт, сен оны шошындырып үркіт, – деді көздері ойнақши, сөздерін тақпақтай құйқылжытып.

– Үркіткені несі, ит қосам ба?..

– Ондай көкжалды ит қаба ма, бой жетіп отырған қарындасы Нұрипаны сұра.

– Нұрипаны! Ұйбай-ау, маңайына жуыта ма?!

– Жуытпайтын не болыпты. Онсыз да сарсүйек, құдандалы ел емес пе! Қайта апайымыздың көзі тұрған орайды қамтып қалмаймысың. Ұлың Шайсұлтан да солқылдап өсіп келе жатқан жігіттің сырттаны. Осындай ордалы жерге қол артып, бір жұртын берекелі атадан тапса жаман ба?! Басқа уақыт болса, үйірлеп айдап, қос-қостан матап қалыңмал беруге шыдамай, қайқалақ қағар едік. Ал, мынау қораға өзі келіп тұрған құда емес пе...


Ілдебай күрең мұртын ширатып, мырс-мырс күлді. Онысында жырынды айлалының әжуасы да, жөн білер көшелінің көрегендігі де астасып жатқандай.

– Апырау, буынсыз жерден пышақ ұрғандай болмаймыз ба?..


– Әй, Құмыртас-ай, – деді Ілдебай оның орынсыз тартынақ, биязылығын жақатпай, – Тәңір ер жігіттің несібесін түзден жаратады деген. Сарышолақ сенің несібеңді арттырды. Енді оны екі еселеп, малыңның емес, жаныңның басын арттырғалы тұрған болар. Мөрті келгенде басып қалмасаң, тұғырдағы қыраныңның қарға құрлы қадіріне жетпегенің. Сен маған жіптің ұшы бар дедің. Мен оны қолыңа ұстатып, қолайыңа келетін тұсын көрсеттім. Егер қалағаның ат-атан болса бағана-ақ айта бермедің бе. Ендігісін өзің біл, – деді киіміне жабысқан ұсақ жоңқаларды қаға орнынан тұра беріп.


Інісі қайтып үндеген жоқ. Ақырын шығып кетті.


Ол үйіне кіріп келгенде жүрісінен таныған сарышолақ піштактап, орнынан қозғалақтап қойды. Бүгін өзінен алыстап кететінін біліп, қоштасып жатқандай. Иесінің кеудесі тағы «шым» ете түссін. Төрде «алмай кетпеспіннің» керімен қаймақты шайды үре тартып отырған Әбдішәмілді көрегенде, Құмыртастың бағанағы тартыншақтығы жайында қалды. Бойы ширап, көңілі қатайып сала берген.


Шайдың соңын зорға күткен ол дастарқан жиыла төтесінен сөзге көшті.


– Ал, жиенжан! Бұйымтайың мен үшін ауыр болғаны шын. Құсымды қимағаным да рас. Бірақ, жиен назары деген бар. Нағашым деп аңқалақтап келгенде, көңіліңе кірбің салғандай болмайын. Десе де, қас қыранның қарызы кетпесін. Мен де өз қалауымды білдірсем деп отырмын.


– Әлбетте, нағашы, айтыңыз, білдіріңіз! Төрт түліктен таңдағаныңызды бермесем, әкемнен тумай кетейін! – деді Әбдішәміл бойына бітпеген жеңілтектікпен делбелек қағып.


– Жә, болды жиен. Өйтіп, ант-су ішпей-ақ қой. Мен айтсам, қарындасың Нұрипаны оң жағыма келін қылып түсіріп, бұрыннан бар сүрлеуді кеңейтіп, сүйек үстіне сүйек жалғасақ деймін. Сарышолақ сол мың жылдыққа жалғасар құдалықтың дәнекері болса қидым саған.


Құмыртастың Ілдебаймен ақыл қосқалы кеткенін Әбдішәміл де шамалаған. «Ұзаса ат пен атан, ары кетсе қысырақтың шолақ үйірінен аспас» деп ойлаған. Оның үстіне, берсе өз нағашы жұрты. Шындап келсе, малының өрісі ғана ауысады. Айта берсең, жылқыны санағаннан ерініп, түбекке толтырып түгендейтін ауыл үшін тоғыз байтал, бір сәуріткің бар-жоғы да белгісіз емес пе.


Алайда, Әбдішәміл өз долбарының соншалық дүмбілез болғанына сене алмай қалды. «Құдай-ау, мыналар бір қарғаға бола ай мен күндей әлпештеген қарындасын сұрап отыр ғой. Әй, Ілдебай! Талмау жерді тап басатын сар табан жырындының өзісің ау». Әншейінде болса, тас-талқан ашуланып, бұлай басынғаны үшін ат-шапан айыпқа жығар еді. Дәл мына жағдайда не мінез танытарын біле алмай, тарығып, тұқырып отырып қалды ол.


«Сап, сап, сабыр, – деді ішінен, – қандай қалауыңа шыдаймын деген де өзі ғой. Екі жылғы құр сарпалдаңы аздай, енді нағашысының ауылынан томағасын тістеп, тұл балдақ қайтыпты десе...»


Екі аяқты алшақ тастап, ерекше бір айбынмен отыра қалған сарышолаққа төне қарады. «Иә, деген-ау, құзғын тұмсық, қысық көз, қыз берсең де табылмас. Шындап келгенде бала да бой жетті, келер жері де жай атаның тұқымы емес... Мүмкін, қыранның киесі дарыған құтты шаңырақ болар...».


Ол орнында жүрелей отырып, белін шарт буынды. Құндыз бөркін баса киді. Үдірейе қараған нағашысына артық сөз айтқан жоқ. «Сіз қисаңыз, мен де бердім қалауыңызды» деді де, орнынан тұра берген қалпы ұмсына барып, сарышолақты көз ілеспес жылдамдықпен қолына қондыра есіктен шығып кете барды. Тек атына мініп, бүркіттің томағасын ауыстырып жатқанда, «сапар айына жеткізбей баланы ұзатамын. Алып қайтуға дайындықтарыңды көре беріңдер» деді де жүріп кетті.


Құмыртас не қуанарын, не жұбанарын білмей, қора шетіне тіккен қарақшыдай қалтиды да қалды. Қолында сарышолақтың тозыңқы томағасы. «Болды, әкетті» деді күбірлеп. Құсы арт-артынан піштактап жібергенде тез басып үйіне кіріп кетті. Кірді де сарышолақтың бос қалған тұрғырына мелшие қарап біраз тұрды. Тұра берер ме еді, сарышолақ тағы да «саңқ» текенде, шыдамай қайта жүгіріп шықты. Бөтен қолда кетіп бара жатқанын сезген қыран да артына бір қайырылып, иесін соңғы рет көріп қалғысы келетіндей. Екі жағына кезек жалтақтап, жанталасып барады. Бірақ, кептей кигізген томаға меңіреу қараңғылықтан басқа ештеңе көрсетер емес. «Мені шынымен бөгде біреудің қолына қиып бердің бе» дегендей аянышпен соза піштактайды. Құмыртас ештеңені көргісі, естігісі келмеді. Кеудесі сығылып, жүрегі аузына тығылды. Ішін әлдене шоқтай қарып, өртеп барады. Жан таппай үйіне қайта жүгіріп кірді де, қазан-аяқ жақтағы қайқыбас ағаш төсекке бүк түсіп құлай кетті. Екі қолымен басын орай құшақтап, құлағын басып, көзін «тарс» жұмы алды. Кеудесіндегі қара дауыл тіпті құтырынды. Сарышолақтың томағалы басы домалап келіп, көз алдына тұрып алды. Піштактаған дауысы тура миының ішін жарып жібередей шаңқылдады. Одан арыға шыдамы жетпеді. Орнынан жұлқына тұрды да, қолына жүгенін ала, атына жүгірді. Кеше түнде өрелеп жіберген торы аланы тапқанша екі көзі қанталап, жын буған бақсыдай қалшылдап кеткен болатын. Жайдақ атқа тиынша секіріп мінген ол енді, Әбдішәмілдің артынан құйын-перен қуа жөнелсін. Ши-қарағанды жапыра шапқан Құмыртас бұйра талдардың арасынан арындай шыққанда, шоқыта тартқан Әбдішәміл тастақты жалпақ жазықты лезде қусырып, қарсыдағы Үшқұмның қалың жидесіне таяп қалған екен. Қуғыншы қамшы үстіне қамшы басып, солай ұмтыла бергенде өкпе тұстан «Әй, әумесір неме, қайт кейін!» деп ақырып қалған қаһарлы дауыс оны аттан ұшырып жібере жаздады. Біреу тоғыз таспа бұзау тіспен жондата тартып өткендей жыны қағылып, жан-дәрмен ат тізгінін тартып ала қойды. Есін енді жиғандай, айналасына алақтай қарап еді, тайлақ түйедей көгала атымен әкесі төніп келіп қалған екен. Еңгезердей денесі зорайып, айыр жирен сақалды өңі адам қорқарлықтай сұстанып кетіпті.


– Қайт кейін, қадіріңді кетірме, қасиетіңді жоғалтпа! Саудаға салған құсыңды қайтадан сауғаға сұрамақпысың!? Сөзіңді жұтып, Алдабайдың әулеті алдында бізді абыройдан жұрдай етейін деппе едің! Енді қайтарып алмақ тұр ғой, төбеңе хан көтерсең де қыран құстың қалған көңілін орнына келтіре алмайсың. Одан да қалыңын беріп жіберген келіннің келетін аяғына құт тіле! – деді де көгала тұлпарды тебініп қалды...


Құмыртас атынан сөзыла түсті. Сенделе басып келіп, құм төмпешікке отырды. Еш мақсатсыз аспанға көз тастады. Баяғыдай қара ноқат көргісі келетіндей. Бірақ, биікте ол қара ноқат жоқ. Есесіне, қалбаң қаққан Әбдішәміл мен сарышолақтың қараңдаған сұлбасы әне, қалың жидеге кіріп барады. Құсы піштактауын қойғандай, артына да қарағысы келмейді, сірә. Құмыртас бір уыс құмды шеңбектей қысты да, кеудесін кернеген бар күйік-зарын аңыратып, «аһ» ұра күрсінді...


sd5.jpg


*******


Қарашаның аяғында, Алдабай ауылы Нұрипаны тоғыз түйе жасауымен ұзатты. Томағадай ақ отаудың алдында тұрып, көзіне жас үйірілген Құмыртас сарышолақты есіне алып еді.


Көп өтпей қыс түсіп, саятшылар да салбурынмен тебінгі тоздырды. Естуге қарағанда, сарышолақ Әбдішәмілдің де қанжығасын құр кетірмепті. Дегенмен, ашулы, долы дейді. Одан кейін хабар болған жоқ. Құмыртас та оны ойынан шығаруға тырысып, әдеттегідей қақпан құруға көшкен. Алайда, қаңтардың аяғына қарай ойламған жерден Әбдішәміл жетіп келді. Қолында құсы жоқ. «Сарышолақтан айырылдым» деп еңкілдей келіп құшақтай алғанда, Құмыртас есінен танып қала жаздады...


Әбдішәмілдің өкіне отырып айтқан әңгімесінен оның ұққаны мынау болды: Соңғы кезде қарадай ызақорланып, тентек мінезге көшкен сарышолақ бір реткі саятта өзі тіленіпті. Бетін қайтармаған иесі қоя берген екен, бүркіт қайдан көргені белгісіз, қарақұйрықты жәукемдеп жатқан тайыншадай арлан қасқырға түсіпті. Екеуі көп жағаласып, ақыры сарышолақ жыртқыштың екі көзін бірдей шоқып, шығарып жіберген екен. Жазымына көрінді ме, қыранның бір аяғы көкжалдың аузында қалып қойыпты. Азуын құстың санына айқастыра салған арлан да, екі көзінен бірдей айырылған өштікпен уыттанып, қыранды тауға да, тасқа да соққан. Ақыры, күңгей таудың кеудесіндегі жалама құздан бір-ақ ұшып, өзін де, сарышолақты да мерт қылыпты.


Әбдішәміл саршолақтан қалған белгі деп, Құмыртасқа бір тұяғын, қарындасы Нұрипаға үш тұяғын беріп кетті. Бір жылдан кейін Шайсұлтан үш тұяқтың біреуін тұңғыш ұлының мойнына тақты...



Соңы.

Ақпан. 2016 жыл.

Біздің Telegram-парақшамызға. жазылыңыздар!

Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар