Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Жолтай Жұмат-Әлмашұлы: Жатпланеталық жігіт

05.04.2016 379

Жолтай Жұмат-Әлмашұлы: Жатпланеталық жігіт



(роман-өкініш)



Бірінші бөлім


1


жолтай.jpg

Қара түндей қап-қара екі “Джип” қала сыртына тұп-тура алып шығатын оқтаудай түзу трассамен жарыса құйғытып, жылдам қозғалып келеді. Бірін-бірі басып-жаншып өтердей болып, өңмендеп-өңмендеп қояды. Сырт көзге екі көлік бір-бірімен бақталас сияқты. “Мен жүйрікпін, менің бәсім биік” дегендей ымыра-ниет байқала түсетіндей. Логика заңы болмаса, трасса үстіндегі қос “темір тұлпар” өз бетімен қозғала жөнеліп, өзімен-өзі жарысқа түсіп бара жатқандай.


Бірақ олай емес.


Екі “Джиптің” ішінде екі отбасы. Қай-қайсысы да тым де осал отбасы емес, әрине. Қап-қара шетелдік автомобильді ышқынта жарыстырып қойған да – көлік ішіндегі адамдардың аспандап, аспандап кететін көңіл буы.


Бірінші көлікте – Сезімбек пен Күміс. Сезімбек – бастық. Білдей бір мекемені басқарып келе жатқанына, міне, он жыл. Қартайып-қаусап тұрған жасы жоқ. Енді бірер жылда елуге толады. Зейнет жасының аулы әлі аулақта. Демек... тағы да біраз нәрседен дәмелі.


Құдай кешірсін, өз иелігіндегі кішкене мекемені менсібегені емес бұл! Жетеді! Әбден-ақ жетеді! Осындай кішігірім билікке өмір бойы қол жеткізе алмай өткендер қаншама. Тәуба! Тәуба! Тәуба! Көңілге күпті ой ұялатып, ара-тұра мазалап қойып жүрген жайт – ол емес. Басқа!..


Іші сезеді, соңынан қалмай, ентелеп келе жатқан екінші көліктегі өзінің орынбасары – Сәрсек бұның орнын қайтсем қақшып түсер екем деп күні-түні бас қатырулы. Оны сендіре айтқан – Күміс. Қатынның сөзі. “Қатын өсек болар” деп сенбейін десе, құйқылжып тұр. Былай деген:


– Әнебір жолы өңкей қыз-келіншектер жиылып, бастаңғы жасадық емес пе! Сол отырыста Сәрсектің қатыны – Гауһар виноға мас болып қалып, ауызына келгенді оттады. Сөзінің төркінінен байқағаным – күйеуі сенің орныңды көздеуші. Жоғары жақты жағалап, тамыр-таныс іздеп, оңтайлы сәтті күтулі.


Әй, осы атың өшкір лауазым деген лайқа бар ғой, кісіні есірік етіп тастайды! Есалаң етіп бітер! Неге ғана жер бетіндегі жұмыр басты пенденің бәрі болмаса да, басым бөлігі басшы болуға, үлкен креслоға қонжиып отыруға аса құмар? Неге өз мамандығын қадірлеп, сол кәсіпті жоғары ұстап, барды көңілге місе тұтпайды? Неге көп кісі басқалардан биік болып, өзгелерге әмірін жүргізуді сонша аңсаулы? Сонша ынтығулы?


“...Орынбасар!.. Орынбасар! Әрине, орынбасардың бар арман-ойы – орныңды басу! Орныңа көз тікпесе, атасының басына омалып отыра бере ме орынбасарлық қызметте! Ал, кінәлап көр ендеше! Жөнсіз жерін тауып көр-р...”


Сезімбек қара терімен қапталған жұмсақ креслоға шалқалай түсіп, әрқилы ой сарынына түсіп кеткен екен, Күміс кермек ойдың сеңін бұзды.


– Елгезек көрінбейді ғой...


– Қай Елгезек?.. – Сезімбек селк етіп, әйеліне қайтара сауал беріп, содан соң ғана есін жиғандай боп, өз сөзін өзі жалғады. – Е, ол ма? Ол артта емес пе! Оның көлігі “Джип” емес! Бізге ілесу қайда!


Күміс тағы да сұрады:


– Осы Клоунды саған көмекшілікке кім ұсынды?


Оның екінші есімі – Клоун болатын. Өзінің қалжыңқай, қылжақпас мінезінен тапқан “пайдасы”. Бірақ осы атты аса теріс көрмейтін де сияқты. “Әй, Клоун” десе, “Ләббай” деп жалт қарайтыны да бар.


Күйеуіне сұрақ аса ұнаған жоқ. Шалқасынан түсті.


– Неге біреу ұсынуы керек! Өзім... өзім таптым.


– Қайдан?


– Қайдан болушы еді. (тістеніп айтты) Мекемеде кішігірім қызмет атқарып жүрген бозбала. Айтқаныңды қағып алып, тап-тұйнақтай етіп орындайтын әдеті бар. Сонысы ұнады.


Күміс кеудесін кере демалды. Басын әрлі-берлі қозғап, оңды-солды бұлғады. Бірақ басталған әңгіме төңірегінен тым ұзап кете қоймаған.


– Елгезек десе елгезек! (сәл тоқтап) Әй, бірақ... күдігім бар. Сенің Клоуның Сәрсектің сөзін сөйлейтін қу болып жүрмесін. Соны ойлап көрдің бе?


– Мұны тағы қайдан ойлап таптың! – деп Сезімбек шоршып түсті. – Сенің де айтпайтының болсашы...


– Ылайым мен ойлағандай болып шықпасын! Сақтандырып жатқаным-дағы.


– Е, солай демейсің бе!


Кішкене мүдіріп қалса да, Күміс Елгезек жайлы ұзын ойды үзген жоқ.


– Осы жігіт... тым қылжақпас! Ол жақсы әдет емес...

– Е, енді қалай жүруі керек? Қабағынан қар жауып, ішімдегіні айтпай біл деп тұрса, жақсы бола ма, а?

– Кішкене салмақты болса, несі айып? Қанша дегенмен, бірінші басшының көмекшісі дегендей...

– Жарайды. Бұл әңгімені осымен доғаралық, – деп, Сезімбек сөзді тұсаулаған.


Осы кезде шопыр жігіт тіл қатты.


– Аға, міне келіп те қалдық. Тоқтайын ба?

Алдыңғы терезеден мойнын соза қарап, Сезімбек ағып жатқан өзеннің бойындағы бір топ биік өскен жасыл ағашты меңзеп:

– Ана тұсқа жет те, ат басын ірке бер! – деген.

Бұлар тоқтап, есік ашып, тысқы шығып жатқанда екінші қара “Джип” те тізгін тартқан. Әуелі Сәрсек, сосын Гауһар шықты.

– Ағасы, сіздерге әзер-әзер деп ілесіп отырдық қой, – деп Сәрсек Сезімбекке жақындап, даусын жұмсарта, екі ауыз сөз айтқан.

– Неге? Біз аса қатты жүрген жоқпыз. Орташа жылдамдық...

– О-о, орташа жылдамдық осы болса, онда сәл газды басыңқыраса, бізді шаң қаптырады екенсіздер-ау...


Екеуі де күлісіп алған. Екі келіншек – Күміс пен Гауһар өзара күбірлесіп, шопырларға тапсырма беру үстінде. Әсіресе, Күмістің даусы қатқылдау.


– Елгезек көмекші жеткенше күн тал түс болар, сендер ана багаждағы заттарды дереу шығара беріңдер, – деп бұйыра сөйлейді.

– Қай жерге дастархан жайған ыңғайлы болар екен? – деп, Гауһар да жорта сұрап, Күмістің ыңғайына көшкендей белгі байқатып қояды.


Күміс күйеуінен сұрамақ боп, Сезімбекті көзімен іздей бастап еді, Сәрсек екеуі өзен жағалап, көз ұшына алыстап кетіпті. Енді ол екеуінен қайран жоқ. Қатар өскен қос сәмбі талдың асты тегістеу, оңтайлы орын екені байқалды. Көзі соған тоқтаған.


– Ана екі сәмбінің табанына дастархан жаюға кірісе беріңдер, – деп, шопырларға тағы да бұйырды. – Тек... жылдамырақ. Қазір ағаларың оралса, “әлі ештеңе даяр емес пе” деп реніш байқатып жүрер.


Сөзін аяқтай бергенде Елгезек те ескі “Мерседесімен” осы жерге тұмсық тіреп жатты. Машинадан апыл-ғұпыл шыға бере, Күміс тұрған жерге сүріне-қабына ұмтылған. Бір рет құлап та алды.


– Әй, немене, Қарағандыны айналып келе жатсың ба, а? – деп Күміс дүрсе қоя берді. – Қашанғы күтеміз сені...

– Кешірерсіз, апай! Оңбаған мәшинемнің ойламаған жерден моторы сыр беріп... Оталуы қиын болып... Қара терге түскенім-ай!..

– Осындай мүкісі бар көлікпен есі түзу адам қала сыртына шыға ма? Тастамайсың ба онан да... Басқа бір жөні түзу машинаға мінсең, болмас па еді...

Оны сабырға шықарғандай боп, Гауһар ақырын ғана:

– Қайтесіз? Шамасы жеткен көлікті алған да. Енді не істесін! – деген. Күміс сонда да тоқтамады.

– Білем. Бұлар өп-өтірік кедей, түгі жоқ тақыр болып жүреді. Ал, шын мәнінде...

– Рас! Рас! Біз – өте баймыз... – деп қояды Елгезек те.

– Әні, өзі де мойындап жатқан жоқ па!

– Онысы – қылжақбастығы, – деп, Гауһар Елгезекті тағы да жақтаған. – Әйтпесе, неменесіне жетісіп жүр дейсіз бұл баланы...

Елгезек бастықтың әйелінің бір сөзін де көңіліне дық санап, ауырсынған жоқ, дереу өз ісіне кірісіп кетті.


Қағаз қорап ішінен құрт, қауынқақ, жиде секілді жеңсік асты шығарды. Онымен қабат тұздалған қияр, қызарып піскен помидор, қызыл-көк алма, алмұрт та дастарханнан орын тауып жатты.


– Қазыларды турап қоя берейін бе? – деп ара-тұра Күмістен сұрап қояды.

– Турамай қайтпексің! Енді жеу үшін әкелген жоқпыз ба осы жерге.

– Жоқ, тоңазып қала ма дегенім ғой... – деп, Елгезек өз сөзін дұрыстамақ ниетте еді, Күміс ары қарай сөйлетпеді.

– Өзің кешігіп жетесің. Сөйте тұра білгішсініп... Айттым – бітті! Тура! Әзірле! Даярла тезірек..

– Сөйтемін, апай! Тек... сабыр! Сабыр-р...

– Әй, сен өзі қалай-қалай сөйлейсің? Мені сабырға шақыратын сенсің бе? О, тоба! Осы күнгі жастар бар ғой, бұлар мәдениеттен жұрдай, ібіліс сипатты...

Гауһар Күмістің ашуын басайын деді ме, қайталап сөйлеп:

– Ендігі шаруаны өздері-ақ реттей жатар, өзен жағалап келмейміз бе? – деген. Бұл сөз құлағына жағып кетті. Бүгінгі күні естіген ең алғашқы тәуір лебіз...

– Сөйтелік...


2


Дастархан басы қыза түскен. Гу-гу әңгіме.


Қос сәмбі талдың көлеңкесі, расында да жайласып отырып демалуға өте қолайлы жер. Бір шеттен майда, жағымды самал жел соғады. Көктің исі көңіл қытықтайды. Әлдеқайдан құстардың сайрағаны да естіліп қалып жатыр. Еңсеңді көтеріп, жансарайыңды жадыратып жіберетіндей.


Әуелгі тілек сөзді Сезімбек айтты. Оған ілесе Күміс те сөйледі. Екеуінің ақ тілегіне деп, бәрі де ішімдік ішті. Еркектер – арақ, ал әйелдер – қызыл-күрең вино! Ішімдіктен ауыз тимегендер – Елгезек, сосын шопырлар. Оларға сыпайылап айтқанда – “не положено”.


Стакандарға екінші рет ішімдік толтыра құйылып жатқанда, Күміс тағы да алға озып, сүйреңдей жөнелді. Ешкімнен рұқсат сұрамай, өзі сөйлеп кеткен. Сөз емес, сұраққа көшкен.

– Айтпақшы, ұмытып барады екем, соңғы кезде сені жаңа жұмыс қарастырып жүр деді ме, Сәрсек?

Сәрсек селк етіп, күдікті көзбен бұрылып қараған.

– О не дегеніңіз, жеңгей! Мен үшін Сезімбек ағам – үлкен мектеп. Мектеп емес, университет! Орынбасар болып жүргеніме дән ризамын.

Оның сөзіне Гауһар да ілесе кетті.

– Біздің үйде Сәрсек үнемі-ақ ағайды аузынан тастамайды. “Үйренетін нәрселерім әлі көп” деп отырады екінің бірінде...

– Жә, – деп сөзді бөлді Сезімбек. – Бұл не әңгіме! Күміс, сен де қайдағыны шығарып отырады екенсің. Причем тут бастық? Причем тут орынбасар?

– Неге қайдағыны! Сәрсек жаңа, ыңғайлы қызмет жайын қамдап жүрсе, ол да жаман әңгіме ме? Әрбір жас қызметкер басшы болуға ұмтылуға толық қақы бар ғой, – деп, Күміс өз ойын онан бетер шегелей түскен еді, Сезімбек қаттырақ зекіп тастады.

– Сөз бересің бе, жоқ па!

– Сөз? Кімге? Кім сөйлемекші еді? – деп, Күміс өп-өтірік абдыраған.

– Сәрсек пен келін де бір-екі ауыз тілек айтпай ма!

– Айтсын! Айта берсін! Мен аузын буып отырмын ба!

– Тоқтат!

Күміс мына бұйрықты сөзді көтере алмай жыламсырап, орнынан тез тұрды да, өзен жағасына қарай жылдам басып ұзай берген. Гауһар соңынан ілесті. Жүгіріп-жүгіріп, жетіп те қалды.

Қыңқ еткен Сезімбек жоқ. Түк болмағандай емін-еркін.

– Вот, қатын деген... – деп, сөз арасында екі алақанын шарт еткізді. – Ерік берсең болды, аузына келгенді айтып, миыңды атала етіп бітеді.

– Шаршамаңыз, қайтесіз! – деп Сәрсек бастығына басу айтты. – Әйелдердің басым бөлігі осындай. Еркелесең, еркелікті басқаша түсінеді. Ойыма келгенді айта алам деп күпініп шыға келеді. Дауа бар ма! Келіңіз, онан да тағы жүз грамнан қағып тасталық.

– Қарсылық жоқ!

Жүз грамм қағылған соң, Сезімбек Сәрсекті арқадан қағып:

– Сен осы орында көп отырып қалдың, ә? – деген.

– Жоқ, ағасы! Әлі жаспын ғой. Қырықтан енді астым. Сіздің жасыңызға жеткенше қызмет те, атақ та, марапат та боларына сенемін.

Осы тұсқа келгенде бастығы селт еткендей болып, бұған барлай қараған. Қараған да былай деген:

– Марапат демекші, өзіңде орден бар ма?

– Орден жоқ. Медаль бар. Әнебір жылы алып бергенсіз.

– Ендеше биыл орденге ұсынайық. Жыл ортасы ауғанда есіме салшы.

– Ағасы, оның бір мәнісі болар, одан да жұмыс жайын ойлайық. Менің ойымша, бізге жаңаша құрылымдық өзгеріс жасау керек сияқты.

– Қандай өзгеріс?

– Бізде бөлімдер өте көп. Солардың басын біріктіріп, үш-төрт басқарма жасасақ, тиімді бола ма дегенім...

– Одан не ұтамыз?

– Біріншіден, аппарат жинақыланады. Екіншіден, маңызды тапсырмаларды үш-төрт кісіден талап ететін боламыз. Үшіншіден...

– Иә, түсіндім, – деп Сезімбек сөзді бөлген. – Оны ертең жұмыста ақылдасармыз. Бүгін қала сыртына не үшін шықтық! Ау, демалып, бой жазып, көңіл көтеру үшін келмедік пе?

– Солай! Солай, ағасы...

Осы кезде жақын тұстан әнші құс шырқап қоя берді. Даусы керемет! Кісі салып жатқан ән десе де болғандай. Сезімбек құлақ түріп, тыңдап қалған. Сәрсек те елтіді.

Құс әні, расында да, өте ғажап! Кей-кейде осылай көңіл қылын шерте тамылжытады екен-ау құстар!..

– Адамдар, асылы, ән салуды құстардан үйренсе кәні! – деді Сезімбек. – Ешқандай фальш жоқ. Таза үн. Таза әуен..

– Рас, рас, – деп Сәрсек бастығын қостап, елпілдей сөйлеген. – Біз тек бұлбұл құсты мадақтап, соны ғана сұңғыла әнші дейміз. Ал, құстар арасында құйқылжыта шырқап, керемет ән сала білетіндері өте көп... Көзге түспей жүргендері қаншама!

Сезімбек те ойлана:

– Адамдар да солай емес пе! – деген. – Арамызда өте таланттылар молынан баршылық, бірақ соларды бірде елеп, бірде елей бермейміз...

– Бұл да ақиқат! – деп қойды Сәрсек.

Енді Сезімбектің қабағы түйіле түскен.

– Айтпақшы, ана жеңгең... мінезі оқыс! Осылай шарт кетіп қала беретіні бар. Оны өзің де сезіп-байқап жүрген боларсың. Қазір мен алдына бас иіп барсам, кергіп ала жөнеледі. Сен бірнеңе етіп, тілін тауып, алдап-сулап, дастарханға алып келші...

– Әрине! Сөз бе екен! Қазір-ақ орындаймын.

Ол кетті. Сезімбек көмекшісімін оңаша қалды. Елгезек бастығына жалтақтап, не істерін білмей алаңдаулы күйде.

– Елгезек, – деді Сезімбек. – Осы сен... бірнеңеге ренжулі емессің бе?

– О не дегеніңіз! “Есек есіркегенді білмейді” деген бар. Адаммын ғой, ағасы. Сіздің арқаңызда пәтер алдым. Жұмысым да өзіме ұнайды.

– Солай де! – Бастығы сөзіне салмақ сала айтты. Елгезек аң-таң.

“Бұрын-соңды бұлай сөйлемеуші еді. Неге ренжуім мүмкін? Кім... мені ренжулі деп айтып жүр екен, а?”

– Ағасы, шын сөзім, сізге өте ризамын. Алғысым шексіз.

– Осы сен... – деп, бастығы тағы да сөз бастай берді де, аяғын жұтты.

“Әлде-е... Сәрсек ағам сыртымнан бірнеңе деді ме! Сәрсекке де ешқашан сыр берген жоқ сияқты едім...” (Елгезектің ішкі ойы)

Әрі қарай әңгіме жалғанбады. Сезімбек қалта телефонын алып, әлдекімнің хабарламасын оқып, өз-өзінен күліп отырды.

Сәрсек көп ұзаған жоқ, Күміс пен Гауһарды екі жағына қолтықтап, дастарханға оралды. Екі келіншек түк болмағандай, жадырап күліп келіп отырып жатты.

“Әй, не де болса тілін тапқан екен! Жарайсың, Сәрсек! Сенің осындай майда тілің-ақ керемет! Тіпті кежегесінен кейін тартқан сұр жыланды да інінен оп-оңай суырып аларсың қажет болса!..” (Сезімбектің ойы...)

– Менде бір ұсыныс-тілек бар... – деп, ендігі жерде Сәрсек дереу дастархан басын игеріп ала жөнелді.

– Ал, айта ғой, – деді Сезімбек.

– Айтарым – қазақ аналарының қайталанбас бейнесіндей, отбасы берекесі, ел қамқоры, ізгілік жаршысы секілді асыл қасиеттердің бәрін де бойына жинаған ғажайып жеңгеміз – Күміс апайдың денсаулығы үшін деп осы тосты көтерсек деймін...

Гауһар қол шапалақтады. Оған Елгезек пен шопырлар қосылды. Шарт-шарт-шарт!..

Күміс те қозғала түсіп:

– Рахмет қайным! – деп, қызыл-күрең виноға қол созған. Сезімбек арақты қылғытып салды. Үндемеді.


3


Сезімбек: Осы сен, Сәрсек, өткен жолы жателдіктер пен жатпланеталықтар туралы қызық әңгіме айтып едің.

Сәрсек: О-о, ұмытпаған екенсіз. Жатпланеталықтар туралы жазбалар өте көп. Тіпті интернетті ашып қалсаңыз – толған гипотеза...

Сезімбек: Гипотеза болғанда... өзге планетада да өмір бар дей ме?

Сәрсек: Әрине! Болғанда қандай. Олар тіпті ақылды, парасатты, озық ойлы болып келеді деседі.

Гауһар: Біздің үйде кітап көп. Соның тең жартысына жуығы –жатпланеталықтар жайлы.

Күміс: Қызық тақырып! Оқу керек екен.

Сәрсек: Қажет етсеңіз, ең қызық деген екі-үш кітапты сізге ертең-ақ әкеп берейін. Танысып байқаңыз.

Күміс: Ақыры қолым бос. Мына ағаң мені қызметке қоймады. Үйкүшік болып жүрміз-дағы.

Сезімбек: Үйкүшік емес, өзім би, өзім қожамын демейсің бе? Әттең, біз де зейнетке шықсақ, тек кітап оқып, кино көріп, театр барып, ойымызға келгенді орындап дегендей...

Күміс: Әй, сен үйде қол қусырып отыра алмассың. Басқаны білмесем де, сені он саусақтай білем...

Гауһар: Неге олай дейсіз? Меніңше, ағайдың тұла бойы тұнған қабілет. Қызметті доғарса, не ғалым, не жазушы болып кете алатындай көрінеді маған..

Күміс: (күліп) Дөп айттың! Бұл ағаң – фантазер! Жазушы болса, болар-ақ. Кей-кейде маған еш ақылға сыймайтын қияли әңгімелер айтатыны да бар. Кісінің қиялына келместі қиюластырады. Жымдастырып жібереді.

Сәрсек: Ағамыз жұмыста да солай. Жиналыс өткізгенде аузынан неше түрлі тапқыр сөздер, ойландырып тастайтын ойлы тіркестер төгіліп береді. Мен біразын блокнотыма жазып та алғам. Мысалы...

Сезімбек: Жә, тағы нені қаузап кеттік! Мен туралы неменеге осынша бөсіп сөйлеп барасыңдар? Ол қажет емес. (сәл тоқтап) Сәрсек, сен жатпланеталықтар бар дегенге расымен сенесің бе? Сол әңгімені жалғастыршы... Қызық тақырып өзі...

Сәрсек: (қомдана түсіп) Мен ғана емес, көп ғалымдар кәміл сеніп отыр. Жатпланеталық адамдар түбі жерге түседі, бізбен байланысқа шығады деген ғылыми жорамал да бар.

Сезімбек: Сенгім-ақ келеді. Әй, бірақ... қалай сенерсің! Олар бар болса, осынша уақыттан бері хабарласпауы қалай? Неге үнсіз жатыр?..


4


Елгезек алып-ұшып, алқына жүгіріп жеткен. От жағып, костерді лаулатамыз деп, бастама көтеріп, отын алып келуге кеткен-ді. Құр қол оралған. Өзінде өң-түс жоқ.

– Ана жақта... анда-а...

Тілі тұтығып тұр. Сөзі жуысар емес. Екі көзі алақандай.

Сәрсек оны арқасынан қағып:

– Сабырға келші! Не боп қалды, а? – деген.

– Ағасы, ана жақта... бір адам кескен теректей болып сұлап жатыр.

– Не дейт! – Сезімбек те селк еткен.

Әйелдер де шуласа жөнелді.

– Тірі ме?

– Өліп қалған емес пе?

– Шын адам ба өзі?

– Қайда? Қай тұста?

Мұздай судан екі-үш рет ұрттап алып, енді ғана өз-өзіне келгендей болып, Елгезек сөзін жалғаған.

– Отын теріп келе жатыр ем... Тұп-тура үстінен түсермін бе! Ұзынынан сұлап түсіпті өзі де...

– Тірі ме әйтеуір! – деп Сәрсек асыға сұраған.

Күміс қатты ашулана:

– Неге жағасынан ала бересіңдер, түгел тыңдап алайық та! – деген.

– Әуелде қатты үрейленіп, қаша жөнелейін дедім де, сосын өзімді сабырға шақырдым. “Мүмкін жүрегі ұстап, естен танып құлап қалған адам болса ше!” деп ойладым. Содан соң жақындап барып қарасам, демалғаны сезілді. Жаны бар. Екі көзі жұмулы. Үсті-басы алба-жұлба...

– Еркек пе, әйел ме? – деді Сезімбек.

– Жас жігіт. Тіпті бозбала...

– Көзін ашты ма? – деді Күміс.

– Жоқ.

– Енді не істедің?

– Түк те. Осында жүгірдім.

– Онда не тұрыс? Барып көрмейміз бе? – деп Күміс орнынан тұра берген. Оған ілесе Гауһар да көтерілген.

Сезімбек орнынан қозғалмады. Елгезекке қарап:

– Сен әйелдерді алып, біліп қайт. Бәлкім, арақ ішіп, мас болып құлап жатқан біреу болар. Ондай адам болса, оятып әуре болмаңдар, – деді.

– Жоқ, ағасы! Ол арақ ішкен кісіге ұқсамайды, – деді Елгезек.

– Барыңдар! Біліңдер. Ақыл-есі түзу адам болса, осында алып келерсіңдер. Мына екі шопырды да қастарыңа ерте барыңдар. Кім біледі...

– Құп болады!

Олар кете салысымен, Сезімбек Сәрсекке қарап, әуелдегі әңгімені қайта жалғаған.

– Жатпланетада тіршілік бар дегенге сену қиын-ақ. Бірақ, сенің сөзіңді тыңдап отырсам...

Осы тақырыпқа қатысты жазбаларды әу бастан өте қызығып оқитын болған соң ба, Сәрсек те әңгімені іліп әкете қойып, сөзді қыздыра түскен.

– Ағасы, мен ғылыми кітаптан оқығанымды айтам. Ірі-ірі ғалымдардың көз майын тауысып жазғаны.

– Ал, олар бір күні тобымен дүр көтеріліп, жерге оралса, онда не болар екен, а?

– Ол жағы әзірше жұмбақ. Екі өркениет қабыса ма, жоқ па – кім білген?

– Арада соғыс жүріп кетпей ме? Түсінісе алмай қалса, қиын болмас па!

– Жоқ, ағасы, соғыс бола қоймас. Бәлкім, парасат майданы басталып кетуі ықтимал...

– Ол не? Ол қандай майдан?

– Ақылдылардың арасындағы қақтығыс дегенім ғой. Ақылды адамдар сайысқа түссе, не айтылады деп ойлайсыз?

– Оны... бір Алла білер! Біз деген... жәй пенделерміз. Философ емеспіз.

Сәрсек: Басеке, бұл сөзіңізбен келіспеймін.

Сезімбек: Неге? Неліктен келіспейсің?

Сәрсек: Өйткені, мен сізді өте жақсы білемін. Сіз әркез жиналыс-басқосуларда сөз сайысына түскенде қарсыласыңызды жеңбей тынбайсыз. Ал, жеңу үшін, әрине, өре керек! Білім керек! Парасат қажет.

Сезімбек: Е, ол енді жұмыс бабындағы әңгіме. Жұмыс жайы басқа, өмір пәлсапасы өзінше...

Сәрсек: Жо-жоқ, олай демеңіз. Мына жарық әлемді тапжылтпай ұстап тұрған – философия! Адамдар пәлсапаға қызығушылық байқатпаса, логикасы қасаң болса – тіршілік те сұрықсыз тартып кетпес пе!

Сезімбек: Жә, біз өзі не айтып кеттік? Әй, сенің де ойлап таппайтының жоқ осы... Құйшы ана арақтан...

Сәрсек екі стаканға толтыра арақ құйып жатты.


5


Екі келіншек тез-ақ оралды. Өздерінде өң-түс жоқ. Алдымен алқына сөйлеген – Гауһар.

– Сене алар емеспін! Бұл мүмкін бе өзі?

– Ойбай-ау, не болды? – деді Сәрсек. – Кім екен әлгі бейтаныс адам?

– Ол ма? Ол – жатпланеталықпын дейді.

– Рас па? – Сәрсек орнынан ұшып тұрған-ды. – Шын айтасың ба?

– Өз аузымен осылай деді, – деп, Күміс те Гауһардың сөзін қостаған.

Сезімбек таң қалар емес.

– Ендеше, сол жатпланеталық адамдарың қайда? Әкелмедіңдер ме осында?

Күміс күйеуіне қарап былай деді:

– Оның үсті-басы кір-қожалақ. Денесінен сасық иіс мүңкіп тұр. Сосын да мен Елгезекке тапсырдым. Өзенге барып, жуындырып әкеліңдер дедім...

– Дұрыс екен онда! – Сезімбек сөзін салмақтап айтқан.

– Мен барып көріп келейінші, – деп, Сәрсек елп етіп, орнынан тұрып, кетуге ыңғайланғаны сол еді. Сезімбек тоқтатты.

– Қазір алып келеді ғой, несіне шала бүлінесің? Кел, онан да тағы да жүз грамнан қағып тасталық.

Ішіп болып, мол туралған қазыдан ауызға салып жатқан сәтінде Елгезек бастаған жатпланеталық жігітте те бой көрсетті.

Жап-жас жігіт. Жасы да ары кетсе – он сегіз, он тоғызда болар. Үстіндегі киімі көз көргісіз. Алба-жұлба. Шалбарының бір балағы жыртылған. Көйлегінің жағасы жалғыз жіпке ілініп тұр. Өзінің сақал-мұрты өскен. Көздері қанталаған. Дастархан шетіне жете бере-ақ, жұтынып қойып, қазы-қартадан көз алмаған.

– Сен кімсің? Жатпланетадан келгенің рас па? – деген Сәрсектің асығыс сұраулары құлағына кірер емес. Естімейтіндей.

Сезімбек:

– Бұл шамасы, аш сияқты. Алдымен дәм беріп, әлдендіріп алайық, – деді.

Енді әңгіме тізгінін Сәрсек өз қолына алған.

Сәрсек: Оу, балақай, сен тамақ ішесің бе?

Бозбала: Ішем.

Сәрсек: Не жейсің?

Бозбала: Білмеймін.

Сәрсек: Айта қойшы, сендердің планеталарыңда қандай тағам бар?

Бозбала: Бәрі бар.

Сәрсек: Мысалы, қазы-қарта жейсіңдер ме?

Бозбала: Ол не?

Сәрсек: (күліп) Ол жылқының етінен жасалады. Жылқының ішегі...

Бозбала: Тәтті бола ма?

Сәрсек: Жеп көр. Сосын айтарсың. Ал, құрт, ірімшікті білемісің?

Бозбала: Жоқ.

Сәрсек: Ол – түйе, қой не сиырдың сүтінен жасалады. Дәмі сүт татиды.

Бозбала: Оны да жеген емеспін.

Сәрсек: Ал, сонда не жейсіңдер?

Бозбала: Бізде жеміс жейді. Картошка, сәбіз...

Сәрсек: Е-е, түсінікті!

Олардың сөзін Сезімбек еріксіз бөлді. Түбі жоқ таусылмас сұрақтар мүлде ұнамады. Мейлінше тұрпайы көрініп кетті.

– Сұрағың тым ұзап барады. Алдымен ас ішіп, әлденіп алсын. Қалағанын бер. Жеп көрсін. Дәмін татсын.

Сәрсек оған қазы мен қартаны жақындатып қойды. Сосын ым қағып, “жей бер” деген.

Әуелі бір тістеп байқады. Дәмін алды.

Содан соң отыра қалып, қазы мен қартаны кезек-кезек қылғыта бастаған. Ұнап кеткен болуы керек. Жан-жағына қарайтын емес. Ол әлденіп алғанша бәрі де тамақ жегеніне қарап, үнсіз отырып қалған. Ет асады, нан жеді, су ішті. Сосын барып, тоят тапқандай болған.

Бұлардың да күткені осы сәт.

Сезімбек сөйледі.

– Ал, жөніңді айт, бозбала? Қай планетадан келдің? Кімсің?

Бозбала жаутаңдап, Сезімбекке бір, басқаларға бір қарап, сөзін сабақтай алмай әлек. Өзі сасқалақтап отырғандай. Әсіресе, әйелдердің өткір көздері өңменінен өтіп бара жатыр. Көзінің астымен ұрлана Күміске көбірек қарағыштады. Онысы – ең адуын қатын сен боларсың дегені ме? Әйтеуір, көз жанарын қайда бұрып әкетсе де, бәрібір қайта айналып соғатын жері – Күміс.

Осыны байқаған болар, Күміс те жылы үнмен:

– Қысылма! Баламыз екенсің! Жөніңді айта ғой, қарағым, – деді.

– Сіздерге не керек? Нені білгілеріңіз келеді?

– Бәрін! Бәрін де білсек дейміз, – деп Сәрсек елпілдей сөйлеп кеткен.

Сезімбек тағы да қолын көтерді. Сосын айтты:

– Әуелі атыңды айт? Кімсің?

– Атым – Жак.

– Бұл қандай есім? Мағынасы бар ма?

– Сіздерде мұндай есім жоқ, әрине. Сіздерше айтқанда – Жақау. Ал, былайша Жак болам.

– Е, жөн делік. Ал, елің қайда?

– Елім алыста.

– Нақтырақ айтқанда...

– Жер планетасынан емеспін.

– Енді қай жақ?

– Жат планетадан келген жігітпін.

– Қандай планета? – деп Сәрсек тағы да килікті. – Аты бар ма?

– Оны ашып айтпаймын.

– Неге?

– Бізді солай үйреткен.

– Ендеше айта қойшы, сендердің планеталарыңда қандай ерекшелік бар?

– Ешқандайда.

– Дегенмен, жер планетасынан өзгешелік бар болар?

– Аздап бар.

– Ол не?

– Бізде қарын ашу деген өте сирек.

– Сонда... көп уақыт тамақ іздемейсіңдер ме?

– Ішкіміз келсе, ішеміз. Ішпесек те жүре береміз.

– Сосын?

– Сосын... бізде бай-кедей деген жоқ. Бәрі де бірдей. Дүние-мүлікке қызығу атымен болған емес.

– Тағы?

– Бізде әйел мен еркек арасындағы сыйластық жоғары! Екеуі де бір-біріне аса құрметпен қарайды.

– Тағы?

– Балаларға барынша құрмет! Болашағымыз осылар деген үміт! Жетімдік дегенді білмейді. Бар балаға ең керекті жағдай жасалған. Молынан жасалған.

Осы тұста сұрақ-жауапты Гауһар бөлген.

– Қандай тамаша! Сол жаққа барып тұрғым келіп кетті ғой.

– Жетісерсің! – деді Сәрсек. – Жат жердің аты – жат жер. Туған жеріңді аялай біл әуелі... Қадіріне жетіп ал осы топырақтың...

– Мен де соны ойладым, – деді Күміс. – Шіркін, мына баланың айтқаны рас болса, бізге ең керегі сондай адами қасиеттер емес пе, а!

Осы тұста Сәрсек тосын сауал берді:

– Сен, жас жігіт, біздің планетаның тілін қалай білесің? Әлде, сендерде де осылай сөйлесе ме?

Жатпланеталық бала аяқ астынан абдырап қалды. Көзі ойнақшып, не дерін білмей дегбірі қашты.

Сезімбек оның аузына сөз салып жібергендей.

– Бәлкім, сендердің планетадағы адамдар қай жерге барса, сол жердің тілімен сөйлеп кететін болар!..

Бозбала жалт қарады. Қарады да басын изеді.

– Біздің планетаның адамдары оқта-текте өзге планетаға барып-қайтып жүреді. Өзімнің естігенім – олар сол елге барғанда, еш қысылмастан, сөйлесіп кете береміз десетін.

– Міне, ғажап! – деді Сәрсек. – Міне, талант! Демек, өзге планета адамдарының бойына бізде жоқ ерекше талант ұялаған. Ми қатпары мүлде бөлек...

Сөзге Гауһар арасласты.

– Сен сонда тап қазір қай тілде сөйлеп отырғаныңды білемісің? – деді.

– Білем.

– Қай тіл?

– Қазақ тілі.

– Оны қалай біліп қойдың?

– Сіздердің әңгімелеріңізден аңғардым. “Қазақпыз”, “Қазақ еліміз” деп қайта-қайта айттыңыздар.

– Қазақ деген халықты ол жақта естіп-білуші ме едіңдер?

– Әрине. Біздің планета әлемдегі барлық елдерді көріп-біліп отырады.

– Қандай ғажап ел, а? – деп, Күміс те таңданып қойған.

Осы кезде Сәрсек бүйірлей қосылып:

– Айта қойшы, балақай, сендердің елдеріңде билік деген бар ма? Елді кім басқарады, а? – деді.

Өзге планетадан келген бозбала оған таңданысты жүзбен қарады. Қарады да:

– Біздің елді бір адам басқармайды, – деген. – Бізде ортақ шешім шығарады. Сол шешім – кесімді үкім! Соған бәрі бас шұлғып, бағынады...

Оның сөзіне Сәрсек қанағаттана алмаған.

– Топ пен тобырды дұрыс жолға салып отыру үшін міндетті түрде билікші керек, – деді. – Билікші көп салалы ойды салмақтап, саралап барып, қайтадан елге айтады. Түйіндеп айтады.

Жақау бұл жолы еш сасқан жоқ. Сөзден де тосылмады.

– Сіздің айтпағыңыз – ақылдылар кеңесі болар, – деді. – Ондай кеңесу орталығы бізде де бар. Әрине, шешім шығару алдында бәрі сол кеңесу орталығында сөзді пісіреді. Ортақ ойға бәтуаласады. Онсыз бола ма!

Бәрін тоқтата, Сезімбек сөз алды.

– Бала шаршаған болар. Ана көлікке барып, демалсын. Қалған сұрақ-сауалды сосын бере жатарсыңдар...

Жас бозбала да осыны құп көргендей, орнынан тұра берген...


6


– Сонда-а... – деді Күміс. – Жат планетада да кәдімгідей өмір болғаны ма?

– Әрине. Мен оқыған кітаптардың бәрі осыны шегелеп айтады, – деп Сәрсек тағы да өзеуреп, білгішсіне сөйлей жөнелді. – Мен сізге, жеңгей, біраз кітап беремін. Өзіңіз оқысаңыз, түсіне қоясыз...

– Сен енді апайдың да басын қатырайын дедің бе? – деп осы сәтте Гауһар қиялай кеткен. – Сол кітаптарыңа аса көп сене бермеймін.

Сәрсек бұған налыған үнмен жауап қата, сөзді тарамдады.

– Өздерің де көрдіңдер ғой, міне, жаңағы жас бозбала жатпланетадан келдім демеді ме!

– Ол шын сөзі ме, өтірік пе – әлі көз жеткізу қажет, – деді Гауһар. –Мына заман өтірікші-алаяқтар қаптап жүрген уақыт...

Бұған Сәрсек одан бетер ызаланды.

– Жас адамға өтірік айтып не керек! – деді. – Сөздерінен-ақ байқамайсыңдар ма, ол жер планетасының адамына ұқсамайды.

Дастарханнан тәтті конфет алып, енді ғана аузына апара берген Күміс қалт тоқтап, бұларға қарап:

– Рас, – деді. – Сөздері кедір-бұдырлау, біртүрлі. Жер бетінің адамдары олай сөйлемес болар.

Осыны айтты да, “Сен не дейсің?” дегендей күйеуіне бұрылып қараған. Сезімбек ауыр ой үстінде. Әңгімеге мүлде араласпай, өз қиялымен отырған. Әйелінің мына сауалы да оған тосын сөз секілді әсер берді.

– Менен сұрап тұрсың ба? – деген.

– Пікір қоспайсыз ба, отағасы.

– Ол бала жер планетасынан ба, жоқ өзге планетадан келген бе – бұл жағын тап осы жерде жедел түрде анықтап алу міндет пе? – деді. – Меніңше, қазір ол маңызды емес. Маңыздысы...

Әйелі де шыдай алмай:

– Ал, не маңызды екен? – деген.

– Маңыздысы – бұл баланың ендігі тағдыры не болмақ? Байқауымша, барар жері жоқ. Алдағы күні бұлыңғыр.

Күміс қыңқ етіп:

– Соны да сөз деп... – деген. – Бір бозбалаға бүкіл жер бетінен баратын жер табылмайды деп уайым еткеніңе болайын...

– Енді қалай? Өзі өзге планетадан келген болса, ол қай ортаға барып сыймақ! Өзінен басқаның ой-пікірін ескермейтін, өзінікін ғана жөн санайтын қисық-қыңыр пенделер оны дұрыс түсінсе жақсы...

Сәрсек: Біздің жер планетасындағы қазақтар үш жүзге бөлінетінін, әр жүз өзінше мықтысынып-асқақтап тұратынын бұл бала білмейді-ау қазір...

Сезімбек: Ол жағын айтпаймын. Бұл арада жүздің қандай қатысы бар!

Сәрсек: (қипақтап) Байлар мен кедейлер арасында бәсеке баяғыда-а басталып кеткенін түсінер ме! Бұл бозбаланы қай топқа қосармыз енді...

Сезімбек: Ой, сен де... Бас десе, құлақ деп, не айтып кеттің ақыр аяғында. Мен оны ойлап отырған жоқ.

Сәрсек: Қазақтың қазіргі бейнесі мүлде өзгерген. Бұрынғыдай бауырмал, дос көңіл мен дос құшақ өшкен, өлген. Сол жағын бұл балақай сезе алар ма!..

Орынбасарының әр қияға салып, әрнәрсенің басын шалып кеткеніне Сезімбек риза болмай, басын шайқады.

– Айтпағым – алдағы тағдыры! Қайда барады? Қайда сияды? Кімді паналайды?

– Расында да, – деді Сәрсек. – Баланың алдағы тағдырын ойластырмасақ болмас. Ол бейшара бізге тап келген екен, ендеше ендігі қамқоры да – біз...

– Міне, менің де ойым солай, – деп, осы жолы Сезімбек риза пішінмен орынбасарына қараған. Сәрсек бастығының ойын ақыры дөп басқанынан сәл де болса масайрап қалды.

Әйелдер жағы қозғала түсіп, екеуара күбірлесе бастаған.

Осы кезде Елгезек жетіп келіп, тағы да тосын жаңалықты бұрқ еткізді.

– Ағалар, әлгі жігіт... жатпланеталық бозбала кетемін дейді.

– Қайда?

– Қайда бармақшы?

– Барар жері бар ма өзі? – десіп, бәрі бірдей шу-у ете түскен.

– Оны білмедім, – деді Елгезек. – Құлақ естімес, көз көрмеске кетемін деген сөзін ғана естіп қалдым.

– Әй, сен де айтасың-ау, – деді Сәрсек. – Жер бетінде жұрттан таса болар болар бұрыш бар ма екен өзі...

– Жоқ, болмайды. Сен оны осында қайта шақыр, – деді Сезімбек. – Ортаға салып, шешеміз.

Елгезек жұтынып тұрған қос қара “Джипке” қарай жүгіріп ала жөнелді.

– Түсінгенім – осы бала енді қайда тұрады деген мәселе болар? – деді Күміс. – Олай болса, өзара келісіп алалық. Ал, қане, не дейсіңдер?

– Меніңше, әзірге Елгезектің қарамағында бола тұрса ше? – деді Гауһар.

– Жоқ, болмайды, – деді Сәрсек. – Оның пәтері екі-ақ бөлме. Әйелі екеуі бір бөлмеде, ал екінші бөлмеде – қызы...

Күйеуінің түпкі ойын оқып қойғандай, Гауһар сөзді әрі жалғаған:

– Әттең, біз-ақ алып кетер едік. Бірақ, оның жөні болмай тұр. Таяуда екінші сіңлім отбасымен келіп, біздің үйде уақытша тұрып жатыр. Турасын айтқанда, бос бөлме жоқ есебі.

– Тап анадай екі қабат үйден бір бос бөлме табылмайды дегенің ақылға сия ма? – деп Күміс миығынан күле, дүңк еткізді. – Одан да көңілім қаламайды демейсің бе?

Сөз аяқтала бергенде Елгезек бөтен планеталық бозбаланы – Жакты ертіп келіп те қалған. Жак бағанағыдай емес, демалып, қарын тойғызып, үсті-басын да түзеп, адам кейпіне келе бастапты. Көзі де алақ-жұлақ етпейді. Қолдары да қалтырамайды.

– Сөйле, – деді Сезімбек. – Айта ғой.

– Нені?

– Ойыңды.

– Ойым біреу-ақ: осы жердей тезірек қара батырсам деймін.

– Неліктен олай дейсің?

– Сіздердің әңгімелеріңіз ұнамай барады. Біріңіз сөйлесеңіз, екіншіңіз бет бақтырайсыздар. Мен мұндайға үйренбегем. Қорқынышты...

– Ә-ә, сендерде адамдар ұрыспайды, жұлыспайды, тайталасқа түспейді дегенсің...

– Солай. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де – тап солай. Бізде ұрыс-керіс түбімен жоқ. Болған да емес...

Сәрсек шыдай алмай:

– Сен, бала, бұлай тым асқақтама, – деп, ашу шақырды. – Басқа планетаны жер планетасынан жоғары қоюыңның өзі – астамшылық! Егер шынымен өте мамыражай елден келген болсаң, бұлай сөйлемес ең.

Жак Сәрсекке жауап сөзін дереу білдірген.

– Айтайын дедім бе! Сіздер ғой менің шыдамымды тауысқан. Бағаналы бері көлік ішінде жатып тыңдадым. Сіздерде еркек әйелді, ал әйел еркекті тыңдауды қойыпты. Қым-қиғаш тайталас...

Оның сөзіне Сәрсек қарсы жауабын әзірлеп алып, көзге нұқығандай етіп сөз сабақтады.

– Есінде болсын, жер планетасында әлдеқашан еркіндік пен демократия орнаған. Оны байқаған боларсың. Адамдардың бәрі де тең құқылы. Әркім өз ойын өзі ашық айтуға дағдыланған. Сендерде, әуелі, ондай еркіндік бар ма?

– Неге болмасын, – деді Жак. – Бар болғанда қандай! Бірақ, бізде демократия деп бәрі қиялындағыны ақтарып-төге бермейді. Еркін ой-ішкі тәртіпке бағындырылған. Адамдар ішкі тәртіппен іс-әрекет етеді. Әркім әр сөзіне есеп береді. Артық айтылған пікір үшін әрқайсысы өз ары алдында ұялуы тиіс.

– Ха-ха! – деп, Сәрсек мазақ ете күліп жіберген. – Ар алдында ұялады дедің бе? Жо-жоқ, бұл мүмкін емес. Әр кісі, егер адами ары шынымен жоғары болса, ондай бос мылжыңға бой алдырар ма! Бос сөз айтып, беттен алатындар – ақылы төмендер... Парасаты кірлегендер...

Тап осы тұста Жак Сәрсекті мықтап ұстаған тәрізді. Айтты:

– Е, ендеше сіздер бағаналы бері не үшін қызылкеңірдек болып жатырсыздар? Егер сіздің сөзіңізді жөн десек, онда осы жердегі бос мылжың әңгімелер де ақыл шеңберінен тыс жатқан жоқ па?

Сөзден жеңілсе де, онысын білдіргісі келмеген Сәрсек айбат шекті.

– Әй, сен... – деп тұра ұмтылды. – Сен... кіммен сөйлесіп тұрғаныңды білесің бе, а?

– Жұмыр басты пендемен. Жерпланетасының адамымен.

– Жоқ, менің қызмет-лауазым деңгейімді білесің бе деймін.

– Маған ол жағы еш қызық емес.

– Әттең... – деді Сәрсек. – Өзіңді біздің мекемеге қатардағы қызметке алып, бірер ай сілікпеңді шығарып-ақ алатын жігіт екенсің. Сонда көрер ем...

– Мен ондай қызметке бармаймын.

– Неге?

– Өйткені, ол – өз еркімді өзім бұғаулау деп түсінем. Байлаулы баспақтың өмірі...

– Неліктен?

– Өз еркің өзіңде болмаса, басшының сөзі дұрыс болса да дұрыс, бұрыс да дұрыс десе, ондай жерде кім отыруы мүмкін?

– Ал, кім отырады екен? – деді Сәрсек тістене.

– Кім болушы еді! Жаңа ғана айттым ғой...

Сәрсек: Сені енді түсіне бастадым. Барып тұрған қисық, қыңыр мінез жан сияқтысың. Бар бізде де...

Жак: Қисық та, қыңыр да емеспін. Бар болғаны – шындықты ашық айттым.

Сәрсек: Принципшілмін дегенің ғой бұл, ә?

Жак: Ол не?

Сәрсек: Өз ойынан өлсе де қайтпайтындарды, тастай боп қатып қалатындарды – принципшіл деп әуелететін болыпты бізде.

Жак: Егер мақсаты дұрыс екенін білсе, неге ол ойдан жалтаруы керек? Онда екіжүзді болып шыға келмей ме!

Сәрсек: Ал, мәмілеге келу ше! Ортақ іс үшін көну яки жібу ше?

Жак: Онда шындық өледі! Ақиқат ақсайды.

Сәрсек: Вот, дает! Тап біздегі қызметкерге ұқсап кетеді мына сөздерің. Ол да осылай! Өз дегенінен тапжылмай, қатады да қалады. Ал, жібітіп көр... (сәл тоқтап) Тым қатты “принципшілдер” қоғамдық ойды жылдам орындауға, істі жеделдетуге көп кедергі... Замана дамуын тежейді. Барынша тежейді.

Әңгіме тым тереңдеп бара жатқанын байқаған Сезімбек бұларды дереу тоқтатты.

– Таласты доғарыңдар! – деп бұйыра сөйлеген.


7


Мәселені көп созбай, тезірек шешіп, нүкте қоюды ойластырған.

Әйелі Күмісті қолтықтап ұстап, оңашалап алып шықты. Сыбырлап сөйлесті.

– Не боп қалды? – деді Күміс. – Мұндайыңыз жоқ еді, отағасы!

– Жеке өзіңе айтайын деп ем.

– Ал, не?

– Мына бала жат планеталық па, жоқ басқа ма – оны анықтай жатармыз. Әзірге біздің үйде бола тұрса қайтеді?

Күміс күйеуінен басқаны күтсе де, мына сөзді күтпеген екен, ыршып түсті.

– Көтек! Сонда біз... мына тегі де, елі де белгісіз бозбаламен бірге тұрамыз ба? Қалай тұрамыз? Қайтіп тұрамыз-з...

– Басқа жол жоқ. “Көрмедік, білмедік” деп, далада қаңғыртып қалдыра салсақ, қалай болады! Білдей бір мекеменің басшысымын. Ел білетін атым бар. Өзің-ақ ойлашы...

Әйелі одан әрі үндеген жоқ...


* * *


Сәлден соң Күміс Жакты, амал жоқ, өз жанына шақырып алып, ешкімді араластырмай, жеке сөйлесіп отырды.

Күміс: Сендер тұратын планетада әйел мен еркек ешқашан ұрыспайды дедің-ау, ә?

Жак: Тап солай.

Күміс: Тіпті қатты ашу қысса да, сабыр сақтап қала ма?

Жак: Тап солай.

Күміс: Бұл не деген шыдам, ә? Ал, енді тамақ ішпей жүре алатындарың да рас болғаны ма?

Жак: Біздің планетада тамақ ішу басты мәселе болудан баяғыда-ақ қалған.

Күміс: Қалайша? Кісі уақытымен ас ішпесе, көзі қарауытып, есі ауысып, бұратылып құлап қалмай ма?

Жак: Біздегі ауаның өзі тап-таза. Сол ауа кісіге кейде ас орнына жүре алады.

Күміс: Қызық екен! Ал, балалар... балалар не істейді? Оларға кім қарайды?

Жак: Балалар өз бетімен ойнайды. Ешкім өз баласын ойлап, уайым етпейді. “Менің, сенің балаң” деп бөлінгенін байқамадым. Бірі ауырып қалса, бәрі жабыла жүгіреді. Бірлесіп емдейді.

Күміс: (ойлана) Сен, мысалы, біздің үйге барсаң, оқта-текте күйеуіммен қаттырақ сөзге келіп қалсам, қорқып жүрмейсің бе?

Жак: Ондай үйден кетіп қалам.

Күміс: Қайда?

Жак: Басқа бір үйге! Бақытты отбасына.

Күміс: (күмілжи сөйлеп) Е-е, сен арман еткендей отбасы бар ма екен жер планетасында! Таба алар ма екенсің оны-ы...

Сосын басын көтеріп алып, көкке қарады. Ұзақ-қ қарады.

Әлдеқайдан құс сайрады. Әдемі әнге басты...



Екінші бөлім


1


Елден ерек шығып, жарқырап көзге түсу де – бақытсыздық бастауы. Осыны қанша ойласа да, еш түсіне алмаушы еді. Тіпті ақылына сыйғыза алмайтын.


Бәрі де өте қымбат бриллиант әшекей тағып келген күні басталып жүре берген.


Мекеменің бір қызметкерінің қызықшылығы. Сол басқосуға ерекше жарқырап киініп келген – Гауһар. Киімді қойшы, мойнындағы бриллиант алқасын айтсайшы! Елдің бәрінің көзі алдымен соған түссін. Әйелдер күбір-сыбыр етісіп, тек соны сөз қылған. Тоқтамай әңгімелеген.


Әуелде өп-өтірік көңіл аудармаған болса да, аяқ жағында Күміс те шыдамды босатты. Әйелдік әзәзіл-мінез ыңғайына ауысты. Түйткіл сөз тіл ұшына тірелді.


– Әй, Гауһар, – деді оған. – Тым қымбат, аса бағалы осындай әшекейге неге құмартасың? Олай ету басқаларға, яғни жаныңда жүргендерге жақсы үлгі ме? Осы әдетің не?

Әшейінде үндемей құтылатын Гауһар да осы жолы тіл безеді.

– Сіз неге мені тұқырта бересіз, а? – деп Күміске қарсы сөз айтты. – Кисем, өз киімім! Тақсам – өзімнің алқам! Кімнен ұрлап алған екем?

Оның осылайша шатынап сөйлегені Күмістің де қылт етпе ашуын шақырды.

– Өзімдікі дейсің, ә? – деді. – Сонда мол ақшаны қайдан алып жатыр екенсің? Әкеңнен қалған қазынаң, тығып жүрген ат басындай алтын-күмісің бар ма еді?

– Иә десеңізші! Сол жағы да ойластырады ғой, – деп бір егде келіншек Күмісті қостап қойды.

Күміс одан бетер қызуланды.

– Айтпай-ақ жүр едім, – деді. – Енді шыдамым таусылды. Сәрсек екеуің менің күйеуімнің қызметін де, дәрежесін де қызғанасыңдар. Қайтсек асып түсеміз деп ышқынасыңдар...

– О, тоба! – деп, Гауһар қылғынды. – Бұны қайдан ойлап таптыңыз? Біздің ойымызда жоқты айтып тұрсыз.

– Өтірік көлгірсіме! – деді Күміс. – Ештеңе байқамайтын, түкті сезбейтін сарыауыз бала-шаға емеспіз...

Сол-ақ екен, бас қосып отырған бір топ қыз-келіншектер Гауһарға жабыла кетіп, тап-тап берді. Түйдек-түйдек сөз боратты.

– Біз де айта алмай жүр едік!

– Өзінің көкірегі аяққаптай!

– Аузына келгенді айта салады!

– Күйеуі бастық болса, солай етуге бола ма?

– Көргенсіздігін көрсетумен келеді...

Қысқасы, сол күнгі басқосу Гауһар үшін қаралы күнге айналып кеткендей.

Үйіне құр сүлдерін сүйретіп оралды.

Әйтеуір, көңілге медеу еткені – бұл тойға Сезімбек те, Сәрсек те қатыспаған болатын...

Пәтерге келген соң да, сол бір кермек ойдан арыла алмады. Ішінде бір жалын лаулап, тұла бойын жандырып тұрғандай. Бөлмеге сыймай барады.

“...Мен бриллиант тағып барып ем, көрмейсің бе, бәрі де өре түрегелді. Ау, есімім Гауһар болса, неге бриллиант тақпайды екем? Әркім өз затына, өз атына сәйкес болмас па! Күміскүл – күміс тақсын, Теміркүл – темір тақсын! Маған не дейді? Әкемнен қалған дүние болмаса да, күйеуімнің арқасы. Сәрсегім аман болса, әлі бұндай лағыл тастардың сан түрін тағармын-ақ! Іші күйгендер тұз жаласын!..”

Сосын ойлады: “Бастықтың қатыны болса қайтейін, мені тәрбиелейтін ол емес. Не кием, қалай жүрем – өзім білем. Керек десе, Сәрсек те – бастық. Бірінші болмаса да, өз орны, өз деңгейі бар. Қызмет орнында қайсысы беделдірек – оны да әуелі анықтап-нақтылап алу керек... Өнесі әй!..”

Содан соң тағы да ойға берілді: “Жоқ, мені бұлай мұқата алмассыңдар. Бұрын бәрі де – қызғаныштан. Көре алмаушылықтан! Ой, қызғаншақ қатындар-ай! Сендерді қайтсем екен, а?”

Осындай ойлармен өзін-өзі ақтап, қиял кемесінде қалқып жатып, ұйқыға ене берген.


2


Сәрсек: Не дедің? Сөзіңді ұқпадым.

Гауһар: Ерегіскенде, бастығыңның орнын тартып алшы. Бар күшіңді салшы. Аянып қалмашы...

Сәрсек: Қой, мұндай сөзді екінші рет естімейтін болайын.

Гауһар: Сен немене, өмір бойы орынбасар болып омалып отыра бермексің бе?

Сәрсек: Сәті түссе, өсерміз. Биіктерміз.

Гауһар: Сәті қашан түсер? Адам өзі талпынбай ма? Ұмтылмай ма?

Сәрсек: Асыққан – шайтанның ісі.

Гауһар: Олардың көрсетіп жүрген көңіл ірілігі жаныма батып бара жатыр. Шыдай алар емеспін.

Сәрсек: Не десе де елеме! Жайыңмен өмір сүре бер. Не жетпейді саған, жаным-ау!

Гауһар: Әрине, бәрі бар. Сенің арқаң. Тек...

Сәрсек: Тағы не?

Гауһар: Қашан бастық боласың? Қашан біз де басқаларға астамсып сөйлеп, алдын орап, меселін қайтарып тастап отырамыз?

Сәрсек: Сол үшін бастық бола ма екен?

Гауһар: Ақымақтығым бар, деңгейім белгілі деген қатынды осы күнге дейін көрдің бе? Әсіресе, күйеуі бастық әйелдер арасынан...

Сәрсек: Жарайды, жаным! Оны қоя берші. Саған басқа бірнеңе айтайын ба? Тыңдайсың ба?

Гауһар: Ол не?

Сәрсек: Сезімбек ағаның үйіндегі жатпланеталық бозбала туралы не ойлайтынымды білесің бе?

Гауһар: Өзі шынымен жат планеталық па? Кім екен, а?

Сәрсек: Өкінішке орай, ол – жер планетасының пендесі секілді.

Гауһар: Қалай? Сонда бізге айтқан бар сөзі өтірік болғаны ма?

Сәрсек: Әзір толық көзім жеткен жоқ.

Гауһар: Ол өзі Күміске қалай сыйысып кетті екен? Әшейінде іші тұрмақ, үйінің сыртына бөтен пендені маңайлата бермейтін кербез қатын қалай өзгерді?

Сәрсек: Сол жағын айтам. Мұнда бір құпия сыр бүркеніп жатыр.

Гауһар: Қандай сыр? Айтшы шыныңды? Білейін мен де...

Сәрсек: Кейін. Кейінірек...


* * *


Ұзын дәлізбен жүріп келе жатып Елгезекпен қарсы ұшырасты. Көмекші өте көңілді. Жарқылдап келіп, қос қолын ұсынған.

– Аман-сау барсыз ба, Сәрсек аға! Аспан – көңіліңіздің аясы баяғыша кең болар?

– Аманбыз. Өлеңдетіп сөйлейсің ғой. Өзің ше?

– Лучше не бывает!

– Көңілдісің...

– Енді қалай? Неге тұнжырап жүруім керек, ағасы?

– Сен... – деп, Сәрсек аз-мұз кідіре түсті де:

– Маған бірер минутке кіріп кетші, – деген.

– Ләббай!

Оңаша кабинетте Сәрсек Елгезекке батылдана сөйлеп, былай деді:

– Бастыққа ең жақын адам сенсің. Алайда, орынбасарлармен де жақсы қарым-қатынаста бола біл. Кім біледі-і... Заман деген бірде олай, бірде бұлай...

Елгезек те елп етіп:

– Түсінем, – деді. – Сіздің алдыңызды орап, артық кеткен кезім бар ма, ағасы?

– Әзірше жоқ. Ал, күндердің күнінде...

– Жо-жоқ, ағасы, мен сізді барлық уақытта сыйлап өтем.

Сәрсек енді маңғаздана қалды. Иегін әнтек көтеріп, бұған төбеден қарады.

– Сыйлау аздық етеді, бала! Сыр сақтай білу деген тағы бар. Ондайды білуші ме ең?

Елгезек те дереу бойын жинап ала қойды. Салмақты сөзге – салмақты пішін!

– Менің жансарайым – көп сырлардың сандығы, ағасы! Мың-сан сырлар сақтаулы...

– Олай болса, сол сандықты көрінген жұлқылап аша бермейтін болғаны тағы керек.

– Ол жағынан да қам жемеңіз! Менің сөзім – сөз!.. Сыр – шашу үшін емес, сақтау үшін керек... Солай түсінем...

– Ендеше, келістік. Сөзіңде тұра біл, бала-а...


3


Жақау бүгін манаурап ұйықтап, өте кештеу оянды. Онда да есікті біреу тырс-тырс қағып, тәтті ұйқысын бұзған.

– Кім екен?

– Бұл – мен! Күміспін.

– Не болды, апай?

– Тұрмайсың ба? Таң атқалы қаш-шан!

– Қазір тұрамын.

– Сосын төменге түс. Таңғы аш ішелік.

– Жарайды.

Аз уақыттан соң, ас бөлмеде Күміс, қызы Жанель және Жақау үшеуі шәй ішіп отырды. Жанель әдеттегінше көп отырмады, тез-тез ішті де, бөлмесіне көтеріліп кетті. Жак Күмістің қабағына қарап отырып қалған.

Сөз басталды.

– Осы сен, расымен жат планеталық боласың ба, а? – деп сұрады. – Егер рас болса, ол жақта туыстарың, әке-шешең бар шығар?

Жак қысқа сөйлейді. Тіпті ол тақырыпта әңгіме айтуға аса құлықсыз. Оның үстіне үйде Сезімбек барда Жакты тап бұлай тергеуге алуға ешкім де бата бермейтін. Ал, бүгін – оңтайлы сәт. Сезімбек үш күндік іссапарға кетіп қалған. Басқа қалаға.

– Осы сауалды қанша рет қойып келесіз, – деді Жак. – Жауабын да айтпап па ем.

– Қанағаттанғам жоқ. Басы бар да, аяғы күңгірт. Ашып сөйлеші осы жолы...

Бұдан әрі қырсыға берудің жолын таппай, амалсыз сөз жалғады.

– Мен – жатпланеталықпын. Елім де, жерім де – алыста. Онда туыстарым да бар. Алайда, біздегілер туыс-туыс боп, жүз-жүз боп, жер-жерге бөлінбейді. Бәрі де бауыр... Бәрі де бауырмал...

– О-о, ол фантастика. Адам бар жерде – бөліну де бар. Мәселен, бір отбасында туған балалар ең алдымен бір-бірін жақтамай ма? Айтшы өзің...

– Ол тек қан туыстығы ғана. Ал, бар адамның – жаны туыс. Жан туыстығы ең қымбат қазына!

Ой тоқтата қарап, ойлана сөйлеп:

– Өзің сөзді әдемі, әсерлі айтасың, – деді Күміс. – Тегің мықты-ау, сірә!

– Оны кім біліпті!

– Бұл қай сөзің?

– Жалпы дегенім-дағы.

– Е, солай десейші, – деп Күміс одан әрі сөйлемей, тоқтап қалған.

Жақау осы сәтті пайдаланып, орнынан қозғала бастаған.

– Мен тұрайын.

– Отыра тұр.

– Неге?

– Тағы бір-екі сауалым бар.

– Сұраңыз.

– Жер планетасына қалай келіп жүрсің? Білесің бе қалай жеткеніңді?

– Өзіме де түсініксіз. Ұйықтап жатып, ояна кетсем – осындамын.

– Ақылға сыймайды. Ал, енді қайтадан өз планетаңа қайтқың келмей ме?

– Қайтқым-ақ келеді. Бірақ, қалай оралуға болатынын түсіне алмай, бас қатырудамын.

– Ол жақтан хабар жоқ па?

– Оны да білмеймін. Қалай хабарласа алады менімен?

– Сен келген планетада телефон деген болмай ма?

– Неге болмасын. Әрине, бар.

– Өзіңнің телефоның бар м а еді?

– Бар болатын.

– Ол қайда?

– Ұйықтап жатқан жерімде қалып қойыпты.

– Қызық екен! Сені осы уақытқа дейін ешкімнің іздемеуі қалай? Осыған миым жетпейді.

Орынан тұра беріп, Жак:

– Бәрін де түсінесіз, – деді. – Сәл күте тұрыңыз...

Сосын ас бөлмесінен шығып кетті.


4


Жанель: Сен менімен құрдас болып шықтың, солай ма?

Жак: Жоқ. Өзің менен бес ай кішісің. Демек қарындас боласың.

Жанель: Екеуміз де бір жылда туыппыз. Жер планетасында мұндайды құрдас дейді.

Жак: Ал, бізде олай емес. Тіпті бір күн үлкен болса да, аға саналады.

Жанель: Жарайды. Аға болсаң, бола ғой. Тағы бір түсінбейтінім – сен менің әкемді жақсы көресің де, ал апамды неге онша ұната бермейсің?

Жак: Оны қайдан байқадың?

Жанель: Көзқарасыңнан. Сөзіңнен.

Жак: Онда қателесіпсің. Мен үшін сенің әкең де, апаң да – аса қадірлі. Өйткені, ай далада қаңғырып қалған жерімде, басымнан сыйпап, қамқор қолың созды. Үйге паналатты.

Жанель: Енді не істемексің? Осылай үн-түнсіз жүре бересің бе?

Жак: Түбі өз еліме кетем.

Жанель: Ол алыста ма?

Жак: Алыс-с... Көз жетпес алыста.

Жанель: Мені де ала барасың ба? Көргім келеді.

Жак: Оны ойланайын. Сосын айтам...


5


Шыдамы таусыла күтті. Шыдамсыздана күтті.

Іссапардан оралған күні-ақ Күміс күйеуіне Жақау туралы асыға-аптыға айта бастаған. Тез-тез сөйледі. Ойындағысын айтып болғанша асықты.

– Осы баланың сөздері түсініксіз. Өзінің айтуынша – жатпланеталық. Ал, мен күдіктімін. Ішім сезеді. Ай, сезеді бірнеңені...

– Онымен сөйлестің бе?

– Иә, кеше әңгімелестім.

– Мен саған қанша рет айтам. Баланың басын қатыра берме. Ол – әлі де ақыл-есі орнына келе қоймаған бозбала.

– Неге?

– Ау, арадағы дыбыс жетпес қашықтықтан бір сәтте топ етіп түсе қалған кісі жер планетасына бірден үйреніп кете ала ма? Өзің ойлап байқамайсың ба?

– Ойлағам. Ойлап та жүрмін.

– Ендеше, сұрақ беріп, мазасын алма. Әлі-ақ бәрін де жасырмай айтады. Бар құпиясын ашады.

– Өзі де солай деді! Соны айтты...

– Кім? Жақау ма?

– Сіз асықпаңыз. Бәрін де түсінесіз деді күні кеше. Сонда нені меңзеді, а? Не демекші еді?

– Ә, айтыпты ғой. Есімді жиып алайын, сосын ештеңені де жасырмаймын дегені емес пе онысы...

Күміс аз-кем мүдіріп тұрды да:

– Оның елінде де телефон бар екен, – деген. – Бәлкім, үйінің нөмірін еске түсірер. Телефон шалып көрерміз...

– Оған да уақыт керек! Асықтырма баланы...

Күйеуінің сонша сабырлы бола қалғанына күйініп кеткен. Ашуын тежей алмаған. Тағы да түйдек-түйдек сөз боратқан...

– Сонда бұл бала біздің үйде тұра бермек пе? Жұрттан қашанғы жасырып ұстаймыз? Бұл қанша уақытқа созылады? Шеті бар ма? Шегі бар ма?

– Айтпадым ба, өз ойым бар деп. Бәрін де шешеміз. Тек азғана уақытқа шыдай тұр...


6


Ол есік алдындағы бақша ішіне шыққан. Талдар гүлдеп, табиғат құлпыра түскен шақ. Ауа қандай керемет! Жұпар иіс кеудені керіп кетердей.

Бұған әсіресе жиде ағашының гүлінің исі қатты ұнайды. Қолқаны қытықтап, бойыңды сергітіп жібереді. Сосын да екі түп жиде ағашының жанынан ұзап кетпейді. Қайта-қайта айналып соға береді.

“Осындай ғажайып исі бар ағаш ең алғаш қай өлкеде өсті екен, а? Отаны қай жер?..”

Өзінен-өзі осындай ойға да беріле түскен.

Сосын өз сауалына өзі жауап қайырды. Қолма-қол қайырды.

“Жиде ағашының отаны – қазақ жері. Басқа елде тап осындай жұпар иісті ағаш жоқ. Болған да емес...”

Аралап жүрді. Арлы-берлі. Бұдан әріге кетіп қалуға болмайды. Сезімбек ағай шектеп тастаған. Әзірге осы үйқамақта.

Бірте-бірте іші пыса бастаған соң, бақша аралай бастаған сәті.

Кенет... қораның арғы жағынан сығалап қараған кісіні байқады.

Ол – Сигизмунд Севаль шал. Сэм атай деп атайды екен бәрі де.

Ана жолы жақсылап танысып алған.

Сезімбек іссапарда жүрген шақта кенет ыстығы көтеріліп, Күміс сасқанынан осы атайды үйге алдырған. Сэм – дәрігер. Зейнет жасындағы дәрігер. Бірақ, білмейтіні жоқ. Тәжірибе жетеді.

Үйге келіп, Жакты шешіндіріп, арлы-берлі тексеріп отырды да:

– Қан құрамын көруім керек, – деген.

– Ол үшін не істейміз? – деді Күміс.

– Лабораторияға қан тапсырып, қорытындысын біліп алған дұрыс. Сонда ғана толық диагнозын айта алам. Әйтпесе болмайды.

Күміс азарда-безер.

Ауруханаға апаруға күйеуі рұқсат етпейтінін ашып айтқан.

Сэм оның да жолын оп-оңай тапты. Өзі қан алып, шыны құтыға құйып, қалалық аурухананың лабораториясына жөнелтті. Оны басқа емес, құпиялап қана Елгезек алып кетті. Күміс “бұл жайлы ешкімге тіс жарушы болма” деген. “Әрине, ішімде қалады” деді Елгезек.

– Әй, осы сенің қылжақбас мінезің бар, ойнап сөйлеймін деп аузыңнан шығып кетіп жүрмесін, – деп, Күміс одан бетер шегелеген.

Елгезек жымия күлді. Күліп алды да:

– Айтып қоюым да мүмкін, – деген. – Бірақ жүз жылдан соң...

“Айтып қоюым мүмкін” деген сәтте Күміс оған жалт қарап, түрі бұзылып, бірнеңе демекке ыңғайлана берген-ді. Соңғы сөзді естігенде еріксіз күліп жіберді....

Алла оңдап, ертеңіне-ақ Жак сауығып шыға келген. Бәлкім, Сэм атай берген екі түрлі дәрі бірден әсер етті ме!

...Сығалап қарап тұрған – сол Сэм атай.

– Қал қалай, бала! – деп күледі.

– Жаман емес.

– Сені үйқамақта ұстай ма, немене?

– Солай десе де болады.

– Бері өт. Екеуміз сөйлесейік.

– Маған болмайды. Біліп қойса, үйден қуып жібереді.

– Е, біз білдіреміз бе? Екеуміз оңаша сөйлесеміз де, сосын түк болмағандай болып, бет-бетімізбен кетеміз. Сен де жалғыз, мен де жалғыз. Ең болмаса, екі-үш ауыз тілге келелік...

Сэм атасының сөзінен соң, ойланып жатпастан, қорадан ырғып өтіп, қасына барды.

Шал әлі де тың, ширақ.

Өткен өмірін қазбалап айтқанды жақсы көреді.

– Адамның азғасы әлі толық зерттеліп болмаған күрделі жаратылыс, – дейді. – Оған біздің елдегі медицина әлі күнге дейін әлсіздік танытып келеді.

– Ал, бізде бәрі де зерттеліп біткен.

– Ол қайда? – деп Сэм қария жалт қараған. – Қай жақты айтасың?

– Біздің планетада.

– Сенің планетаң бөлек пе сонда?

– Мен жер планетасынан емеспін, атай.

– Ал, сонда қандай планета? Ол қай жақта? Алыс па?

– Ол ма? Ол – өте алыста.

– Мүмкін емес. Біздің астроном-ғалымдар әлем құпиясын түп-түгел аударып-төңкеріп, қарастырып болып қалды. Қаншама планеталарды зерттеді. Ол жақта адам өмір сүретін тіршілік нышаны жоқ екенін дәлелдеген жазбалар көп.

– Олар біздің планетаға жете алмай жүрген болар!

– Оу, сен өзі қызық бала екенсің. Ой-қиялың өте жүйрік! Ал, айт. Айта түс қиялдағы еліңді...

Жак айтты:

– Сізге қиялдағы ел, ал мен үшін кәдімгі ел. Мен алыста жатқан жат планетаның тұрғынымын.

Бозбала сөзіне не сенерін, не сенбесін білмей, ақтарылып отырды да, қайтадан сауал бере бастады.

– Сендерде адам саны көп пе? Олар қалай өмір сүріп жатыр?

– Кәдімгідей. Тек... бір-бірінен қорқып-күдіктенбейді. Біріне-бірі жау болу да жат түсінік.

– Дос көңілдің де шегі бар. Ол резина емес. Адам қайтсе де ашуланады. Тайталасады.

– Ашуланбай, ренжімей өмір сүру қиын ба? Менің планетамда, мысалы, адам біткен өте мейірімді. Бір-бірін жақсы дос санайды.

Сигизмунд ойлана, алысқа көз тігіп қарап, көңіл түкпіріндегі сөзін айтқан.

– Мен көз ашып, ес білгелі бері тек қана адамдарды зерттеппін. Сондағы ұққаным – Адам деген өте ақылды айуан: жақсылық ойласа – одан өткен жомарт жоқ; жаманшылық ойласа – одан өткен құбыжық жоқ...

– Осы сөзіңізге қосыламын! – деді Жак. – Тура айттыңыз...

Сосын кетуге ыңғайланды.

– Сен, бала, мені ойландырып тастадың! – деді Сэм. – Жатпланеталықпын деп сендіргің келеді. Ал, сендім делік. Онда айта қойшы, сендерде кісі ауыра ма?

– Әрине, ауырады.

– Операция жасай ма?

– Әлбетте.

– Қалай?

– Кәдімгідей. Тек өзгешелігі – біздегі ауа құрамы бөлек. Операция кезінде қан шықпайды. Уақытша тоқтайды.

– О-о, мынау өте қызық екен. Кісіден қан шықпайды дегенді тұңғыш рет естіп тұрмын.

– Сенсеңіз де – сол, сенбесеңіз де – сол...

Сэм ойланып тұр. Кезінде талай рет операция жасап, ағзаға қан толып кеткенде қателескен сәттері есіне түскен.

“Әттең, расымен-ақ, кісіні операция жасау сәтінде уақытша болса да, қан айналымын тоқтата тұрса... қандай ғанибет! Ол деген медицинадағы үлкен жетістік болар еді-ау...”

– Кәрі адамды мейлінше алаңдатып қойдың, бейтаныс планеталық бала! – деп Сэм атай күле сөйлеп, қоштасқан.


7


Шәй ішіп болған соң, өзінің жатын бөлмесіне кіріп, есікті тарс жауып, қалта телефонымен Елгезекке телефондады.

– Алла, Елгезекпісің?

– Менмін, апай! Сізді орнымнан тұрып тыңдап тұрмын.

– Отырып-ақ тыңдай бер.

– Жоқ! Бұл – сізге деген құрметім! Тік тұрмын, міне!

– Мен саған сенемін, балам! Сен де менен сыр жасырма, жарай ма?

– О не дегенің, апай! Сіз не десеңіз де құлдық!

– Айтпағым – Сәрсекті көз қиығыңмен бақылап жүрші. Өзі кімдермен көп сөйлеседі? Кімдерді жиі қабылдайды дегендей...

Елгезек сөз астарын түсіне алмай:

– Ол не үшін керек? – деп тосын сауал берген.

Күміс шарт ете түсті.

– Ой, сені ақылы бар бала ма десем... Соны да білмегенің бе? Сөз астарын айтпай-ақ ұқпаймысың!..

Апайының қылт етпе ашуынан қорқып кеткен Елгезек дереу елп еткен.

– Түсіндім! Түсіндім-м...

– Нені түсіндің? Ал, айтшы қане?

– Жіті бақылауым керек. Әр адымын аңдуым шарт. Тіпті туалетке барса да...

– Әй, жүгермек! – деді Күміс. – Тағы да қылжақтай бастадың ба? Мен саған қылжақты көрсетемін әлі... Қап, осыдан...

Осы тұста Елгезек апайының алдына түсіп алып, желе-жортты.

– Болды! Болды, апатай! Бәрі де тап-тұйнақтай болады. Қам жемеңіз енді...

Сонда да шыркетпе ашуынан айыға алмаған Күміс:

– Сөзімді жерге тастасаң, аяушылық күтпе! – деді. – Айтқанымды ұқтың ба? Миыңа құйып алдың ба?

– Жарайды. Сөйтемін.

– Сосын маған оңаша кездескенде айтарсың. Телефонмен емес.

– Құп!..

Күміс телефонды өшірді. Өшірді де, ойға қалды.

“Оу, осы Клоун расымен адал, таза жігіт пе? Кімді өзіне жақын тартады? Кімге оң көзқарасты? Бір жағынан осылай тапсырма беріп, тексеріп қойғаным да теріс бола қоймас-с... Бар бәле осындай сайқымазақтардан шығады осы күні...”


8


Жұмыстан қайта оралып жатқан сәті еді. Қара “Джиптен” ырғатыла түсіп, енді үйге кіруге ыңғайланған кезінде көрші Сигизмунд шал көлденеңдеді.

– Бастық, өзіңмен әңгіме бар.

– Ол қандай әңгіме, Сэм ағай? Өте шұғыл ма?

– Шұғыл десе де болады.

– Ал, тыңдайын сізді.

– Мен сіздің бір құпияңызды біліп алдым. Ол үшін ғафу өтінем.

– Ол қандай құпия? Менде ешқандай құпия жоқ есебі...

– Жат планеталық бозбаланы үйде жасырып ұстап отыр екенсіз. Бұл құпия емей немене?

– Оу, оны кім айтты?

– Өзі. Өзімен сөйлестім.

– Жак – ешбір туысы жоқ мүсәпір бозбала. Оны уақытша үйге кіргізгенім болмаса, еш құпиясы жоқ.

– Мен сөйлестім дедім ғой. Өзінің аузынан естіген соң, айтып тұрмын.

Сезімбек бірнеңеден сезіктенгендей. Бұның бәрін Сэм ағай қалай білген? Әңгіме әу баста кімнен шықты? Неге жария болып кетті?

Осы жағын толығырақ біліп алмақ болып, Сэмді оңашалады. Бақша ішінде сөйлесті.

– Ал, шыныңызды айтыңызшы? Бұл әңгіме қай кезде, қалай басталып кетті?

– Кешірерсіз, сіздің жұбайыңыз бұл жайлы ешкімге тіс жармаңыз деген. Уәдені амалсыз бұзып тұрмын.

– Күміс сізге бұл турасында неліктен айтып жүр?

– Сіз іссапарда жүргенде Жактың ыстығы көтеріліп ауырды. Сосын амал жоқ, мені шақырған. Бәрі де осыдан басталды.

Әңгіменің түп-төркінін білген соң, енді аяғын да білмекке ынтыққан.

– Содан?..

– Сосын мен Жакты шешіндіріп, денесін түгел қарадым. Тіпті анализ алып, лабораторияға өткізіп, тексеріп байқадық.

– Қан құрамын ба? Ал, анализ не дейді?

– Түк те ерекшелік жоқ. Кәдімгі адамның қаны. Құрамы да ұқсас...

– Міне, көрмейсіз бе, ол – кәдімгі Адам. Жатпланеталық дегенді кім ойлап тауып жүр?

Сэм күрсініп алып, былай деді:

– Сенбейін деп едім, бірақ сөзінің жаны бар сияқты. Өзге планетада бізге қарағанда өркениет алға озып кеткендей. Сол үшін де ынтыға-қызыға түстім.

– Қандай өркениет? Не туралы айтып тұрсыз, Сэм ағай?

– Олардың планетасында адам ағзасы әлдеқашан түп-түгел зерттеліп қойыпты. Қан ағызбай, операция жасауды біледі екен. Бұл деген ірі жетістік. Егер сол планетамен байланыс орната алсақ, онда біздің медицина дереу алға баспақшы. Көптеген кеселдерді емдеп-жазу ғана емес, алдын ала аламыз. Адамдар бұдан да ұзақ жасайтын болады. Жүз жасқа емін-еркін жетеді.

– О-о, сіз тіпті Жактың бар сөзіне шынымен сеніп қалған екенсіз...

– Сенбегенде қайтем! Жақсылық хабарға көңіл құрғыр сенгісі келеді де тұрады емес пе! (сәл тоқтап) Сіз енді менен жасырмаңыз. Жак кім? Ол шынымен жатпланеталық па?

– Соны өзім де білмеймін, Сэм ағай! Әуелі көзімді жеткізіп алайын. Сосын жалғастырамыз осы әңгімені...

Осылай деді де, орнынан тұрды.

Сэмге қош деді.


* * *


Түн ішінде ауыр ойға батты. Неге екені белгісіз, есіне жастау кездегі жігітшілігі түсе берген. Осы Күміске үйленген соң, көпке дейін бала көтермей жүріп алды. Бір жыл, екі жыл, үш жыл... Сезімбекке әйелінің бала көтермегені аса ұнай қоймаған. Ау, сонда бұл дүниеден ұрпақсыз өтпек пе? “Қашан сәбилі боламыз” деп сұраса, “Асықпа, бәрі де өз кезінде” дейді. Күмістің осындай жайбасар мінезі көңіліне келгені өз алдына, тіпті ашуға да жол аша бастаған.

Бір жолы қалалық аурухана ішінен жайдары мінез, күлім көз әдемі қызды жолықтырды. Танысты. Аты – Маралай. Марал десе, маралдай. Керіліп тұрған тұрысы, маң-маң жүрісі Сезімбектің кеудесіне шоқ тастаған.

Сезімбек қыздан көз алмай, ұзақ қарап тұрып алса керек. Маралай ыңғайсызданып:

– Сіз емделуге келдіңіз бе? – деген.

– Әрине. Емделуге.

– Ендеше, неге маған бұлай қарай бересіз? Ыңғайсыз екен...

– Кешірерсіз, сіздей сұлу аруды өңім түгілі, түсімде де көрмеппін. Сұлулығыңызға тоя алар емеспін.

– Айтады екенсіз! Қарапайым ғана қазақтың қызымын...

– Жоқ, қарындас! Сіз ерекше жаратылыссыз! Алланың ықыласы түскен жан сияқтысыз-з...

Қыз еріксіз күліп жіберген. Сезімбекке де керегі осы. Қолынан ұстап, ақырын сипалай бастаған-ды...

Содан соң ара-тұра онымен кездесіп қойып жүрді. Алғашында отбасылы екенін жасырып ұстаған. Келе-келе ол сыры да ашылды. Маралай ренжіген жоқ. Тек айтқаны: “Отбасылы еркек екеніңізді несіне бүркемеледіңіз, ондайды ашық айту ләзім, сонда көңілге кермек ой ұяламайды” деді. Сезімбек оның алдына тізерлеп отырып, кешірім сұрады. Шын сырын да ашты. Бала сүймей келе жатқанын аңдатты. Маралай: “Ал, мен бала тусам, онда Күмісті тастамақсыз ба?” деген. Сезімбек абдырады. Қапелімде не дерін де білмеді.

Біраз уақыт өткен соң Маралай: “Менің аяғым ауыр” деді. “Бірақ сіз әйеліңізге бұл жайлы білдірмей-ақ қойыңыз, бала көтермеген әйелдер мұндайды аса ауыр қабылдайды” деді.

Қызық болғанда, сол жылы Күміс те жүкті болып, бала көтерді. Қос қуаныш қатар келе қалғаны.

“Енді қайттім?” деп басы қатқан.

Маралай осы жаңалықты естіген соң, кілт өзгеріп, Сезімбектен бойын аулақ сала бастаған. Қасына көп жолата бермеді...


9


Таң тыныштығын сирена үні бұзды...

Сигизмунд Севаль қарияның үйінің алдына таң атпастан “Жедел жәрдем” асығыс жетіп келген-ді. Былайша үні аса қорқынышты болмаса да, денеңді дір-р еткізері бар. “Не боп қалды екен?” деп дереу жаман ойға еріксіз беріліп кетесің.

Көршілер тұрмақ, бұған Сэм ағайдың өзі де аң-таң. Шақырған жоқ сияқты еді. Әлде... әдірістен алжасты ма? Неге Сэмнің үйіне тақап келіп тұра қалды?

Терезеден Күміс те көрген.

“Бейшара-ай, Сэм ағайға бірнеңе болып қалған шығар” деп ойлаған. “Жасы да келіп қалды, бәлкім жүрегі сыр берді ме екен!..”

Сэм есікті өзі ашты.

Асығыс-үсігіс кіріп келген дәрігердің түр-түсіне қарап, қатты шошынды.

– Не боп қалды?

Кезінде өзімен бірге істеген таныс дәрігер асыға-тұтыға сөйлеп жатыр.

– Сіз өткен жолы анализге жіберген қан кімдікі еді?

– Не бүлінді? Айтсаңшы тезірек!

– Жоқ, кімнің қаны? Соны жасырмай айтыңыз.

– Оны айтпаймын. Құпия. Ал, не болғанын әуелі өзің айт.

Амалы таусылған дәрігер орындыққа сылқ етіп отыра кетті де, басын ұстады. Оңды-солды шайқады.

– Ой, немене? Бір сұмдық болды ма, а?

– Сұмдықтың көкесі болды, Сэм ағай!

– Қандай сұмдық?

– Сіз әкеліп тапсырған қан құрамынан бұрын-соңды байқалмаған өзгеше аурудың белгілері анықталыпты. Лабораторияның мамандарының тоқтамы солай.

Осы сөздерді естігенде Сэм де аһ ұра отыра кеткен.

– Өзім де ойлап ем...

– Нені? Алдын-ала білдіңіз бе, а? – деп дәрігер елең етіп, Сэм ағаның үстіне төне түскен. – Жасырмаңызшы. Айтыңызшы бәрін де.

– Әзірге айтарым біреу-ақ. Ол адам – жатпланеталық...

– Қалайша? Жат елдің адамы жер планетасына қалай келген? Ол қазір қайда?

– Оны әзір ашып айта алмаймын. Бүгін-ертең анықтап болайын, сосын өзім барам сендерге.

– Оған дейін не істейміз? Бұны бір күн де кешіктіруге болмайды, Сэм ағай.

– Әзірге осы! Енді қайтыңдар. Күні ертең өзім барып, бәрін де баян етем.

Дәрігер жігіт:

– Сэм ағай, сізді өте қатты қадірлеймін. Аса сыйлаймын. Бірақ, сіз де мені түсініңіз... – деп тағы да сөзді сағызша соза бастап еді, Сэм шарт кесті.

– Осымен әңгіме бітті! Әзірше сау болып тұрыңдар-р...


10


Бақ ішінде тағы да оңаша сөйлесіп, бір-бірінен ажырай алмай тұрған Жак пен Жанельді байқап, Күміс күйініп кетті.

“Әй, осы менің қызым да ақымақ! Қайдағы бір қаңғыбас баламен қалай, қайтіп, не туралы сөйлеседі, а? Әңгіме айтатын жан іздесе, көп емес пе мәдениетті, тәрбиелі, тәртіпті жас жігіттер!..”

Осындай ойға беріле түсіп, ақыры шыдай алмай, баққа беттеді.

Күмісті алдымен Жак байқады.

– Апай, біз Жанель екеуміз... – дей беріп еді, оған дүрсе қоя берді.

– Қызымның басын айналдыра бастадың ба? Біздің мейірбандығымызға көрсеткен алғысың ғой бұл, ә?

Жак қипақтап, не дерін білмей сасып:

– Жо-жоқ, сіз ойлағандай емес... – деді тұтыға.

– Мен жас бала емеспін, жәй сөзбен алдай алмайсың. Осыдан көр де тұр, Сезімбек келсін, сосын сенің мәселеңді біржақты етермін.

Жанель жанұшыра сөйледі.

– Апатай, оның не жазығы бар? Бұл жерге әңгімеге шақырған мен. Болмаса, мына екі қабат үйде кіммен тілдесем, апа? Елеспен бе?

Қызына алакөзбен қарап:

– Немене, оқу орныңда тәрбиелі жігіттер жоқ па? Сөйлеспейсің бе солармен, – деген.

– Олар еш ұнамайды.

– Ал, мынау ше?

– Жак мүлде бөлек. Жаны таза жаратылыс.

– Тапқан екенсің тап-таза жігітті. Бұл баланың әлі шыққан тегі де белгісіз... Кім екенін де білмейміз-з...

Осы сөзді естігенде Жанельдің жан даусы шықты.

– Апа, жігітті бұлай қорламаңыз... Қайтып алыңыз сөзіңізді...


11


Кешті тағатсыздана күтіп жүрді. Үйге келіп тірелетін түп-түзу көше жолына қайта-қайта қарағыштаған.

Үлкен көшемен қара түндей қап-қара “Джип” ақырын қозғалып, жақындап келе жатты. Артқы орындықта ұйқылы-ояу тербетілген – Сезімбек. Бүгін қатты шаршаулы. Жұмыстан емес, жұмыстағы кейбір қызметкерлер арасындағы түкке тұрмайтын дау-дамайдан. Соны, шамасы, алдымен бастап, сосын от үрлеп, барынша қоздырып жіберетін – Сәрсек. Бірақ, судағы балық сияқты. Қандай жағдайда да жалт ете қалады. Ұстатуы қиын.

“Джип” теңселіп келе жатқан...

Алыстан Сезімбектің машинасы көріне сала, асыға-үсіге алдынан жүгіріп шықты.

– Тоқта! Тоқташы енді!

– Ау, не боп қалды тағы да? – деп, Сезімбек машинаның терезесінен басын шығарған.

– Сұмдық! Сұмдық болды!

– Сұмдығы несі? Қорқытпаңызшы, Сэм ағай.

– Машинадан түс. Жеке сөз бар.

– Е, жарайды. Мені ана бақ ішінде күте тұрыңыз.

Сэм Сезімбек отырар-отырмастан, асыға-аптыға, сөзін бастап әкетті.

– Жактың жатпланеталық екеніне әбден көзім жетті, – деді.

– Дәлел бар ма?

– Бар.

– Қандай?

– Бүгін маған ауруханадан таныс дәрігер келіп кетті. Оның айтуынша, Жақау біздің планетада жоқ кеселмен ауырады екен. Лабораторияда анықталыпты.

– Қалай? Ол тіпті ауруханаға бармаса...

– Ана жолы айтпадым ба! Қанды тексеруге жіберген едік қой. Соның қорытындысы бойынша...

Сезімбек енді шынымен-ақ күдіктене бастағандай.

– Қандай ауру дейсіз?

– Атын айтпады. Әйтеуір бізде бұрын-соңды болмаған кесел...

– Бәлкім, құтыдағы қанды ауыстырып жіберген болар? Оны кім қадағалап тұрыпты!

Оның сөзіне Сэмнің дәлелі нық.

– Мен дәрігерді көп жылдан бері білем. Өте адал адам. Өз ісіне аса ұқыпты. Ауыстырып жіберуі еш мүмкін емес. (кішкене тоқтап, демін алып) Айтпадым ба, бұл бала расымен жатпланеталық...

– Ол жақтың ауруы неге бөлек болады? Бұл өзі өте сенімсіздеу нәрсе...

– Өзге планетада ауа да бөлек, тамақ та бөлек. Тіпті өсімдіктері де біздікіне ұқсай бермейді.

Ойлана, көз жанарын алысқа қадап тұрып:

– Әй, біздің планетада да жетісіп тұрған ештеңе жоқ, – деді Сезімбек. – Осы кезде аурудың неше түрі шықты. Қан қысымы тез-ақ көтеріле беретін болды. Жүрек талмасы деген кесел екінің бірінде бар. Бауыр мен бүйрек жайын айтпай-ақ қояйын... (кішкене мүдіріп барып) Бұның бәрін былай қойғанда – емі табылмай жүрген рак деген атың өшкір тағы иектеп тұр...

Оны тыңдай түсіп, Сэм ағасы былайша сөз сабақтаған.

– Жә, тым күйзеле бермеңіз, – деді. – Медицина соңғы жылдары өте қатты дамып келе жатыр. Ауру-сырқаудың ем-домы қайтсе де табылар. Ал, мына жағдай... сурогат балаларды айтам да, олардың болашақ тағдыры не болмақ? Адамдар неліктен ұрпақ мәселесінде осынша жауапсыз болып бара жатыр екен, а?

– Тірі жетімдердің көз жасы әлі-ақ тасжүрек, қаныпезер адамдарды жазалайды, – деді Сезімбек. – Бір нәубет жақындап келе жатыр ма деп қауіптенем...

– Ой, біз не айтып кеттік? Сонымен, мына балақайды қайтеміз? Қандай тоқтамға келеміз, басеке?

– Ақылға сыймайтын әңгіме! – деп, Сезімбек ашуға ерік берді. – Ол қалайша ешкімде жоқ аурумен ауырады? Тіпті де мүмкін емес...

Басын көтеріп алып, Сэм Сезімбекке тіктей қараған.

– Қалай еш мүмкін емес деп айтасыз? Сіз жатпланетаға барып қайтып па едіңіз?

– Мен ешқайда да барған емеспін, – деді Сезімбек. – Бірақ тап осы жолы басымды бәске тігуге әзірмін. Бұл – қателесу...

Сэм түкке де түсіне алған жоқ...


* * *


Тағы да қалың ойға берілді. Өткен күндерді ойлады...

Әуелі Маралай босанды. Ұл тапты. Оған алдымен бөрік ата қуанған – Сезімбек. Перзентханадан шығарып алуға өзі барды. Оңашалап барды. Көзге түспеуге тырысты.

Маралайды жеңіл көлікке мінгізіп, кішкене сәбиді алдына алып, үйіне жеткізген. Үйінде жалғыз шешесі күтіп отырған-ды.

Есік алдына келгенде Маралай:

– Сіз көзге көрінбей-ақ қойыңыз, – дегені.

– Е, неге?

– Анам бұл жайлы білмейді. Қазір айтып-түсіндіріп жатар уақыт емес. Ол кісіге өте ауыр тиіп жүрер.

– Сонда-а... баланың әкесі кім дейсің?

– Ол жағын маған қалдыр. Өзім ойластырып қойғам...

Амал жоқ, сырттан қайтты.

Үйіне салы суға кетіп оралды. Еңсесі түсіп кеткен.

Күмістің “саған не болды” деген сауалына “шаршадым” деп бір-ақ ауыз сөз айтты. Басқа ләм демеді...

Сол түні таң атқанша көз ілген жоқ.

Аңсап күткен ұлы өзіне жат сияқтанып кетті. Бұдан былай оны емірене иіскеу тұрмақ, көруге де зар болатындай. Маралай алғашқы күні-ақ осыны аңғартып тастаған.

“Уа, бұл қалай болды өзі? Дұрыс жасадым ба, жоқ бұрыс жасадым ба? Мен неге кесімді шешімге келе алмадым екен! “Екі кеменің басын ұстаған суға кетеді” деуші пе еді! Солай болғалы тұр ма алдағы тағдырым!.. Қайтемін! Не істеймін енді-і...”

Жастығымен бетін жауып жатып, көз жасына ерік берген.

Жат үйдегі іңгәлап жатқан тұңғыш ұлын жаны езіле іздеді. Құшағына алып, жаны жай тапқанша иіскегісі келген.

Ол, бірақ, бола ма? Келе ме реті? Жол бере ме оған Маралай-й...

Арада үш-төрт ай өткенде Күміс те босанды. Қыз тапты.

Шаңырақта ұлан-асыр той болды.

Қыздың есімін Жанель деп өзі қойды. Әуелі қолдарын ербеңдетіп, сосын былдырлап сөйлеп, Сезімбекті әкелік бақытқа бөледі.

Алғашқы жылдары өзінше бақытты еді...

Аса қуанышты болатын...



Үшінші бөлім


1


Кешеден бері көңіл күйі мүлде жоқ.

Жұмысқа келді дегені болмаса, ешкіммен сөйлеспейді, ештеңеге араласпайды. Өзімен-өзі. Әшейінде телефонға тыным болмаушы еді, оны да үзіп тастаған. Сөйлесуге зауықсыз.

Сәрсек бастығының мінезіндегі өзгерісті әуелгі сәтте-ақ байқаған. Тек... үй ішіндегі реніштің әсері шығар деп білмеген болып жүре берген. Ақыры шыдамы таусылды да, бастығына кіріп:

– Бір жайсыз жағдай кимелеп кетті ме? – деп сұраған.

Сезімбек те бұдан әрі жасырудың жөнін таба алмай, ішкі сырын ашуға бел байлады.

– Өткен жолғы жатпланеталық бозбаланы білесің ғой, – деді.

– Е, білмегенде! Өзіміз тауып әкелмедік пе.

– Ал, сол бозбала енді үлкен мәселе тудырғалы тұр.

– Қалайша?

– Ол байшара бала жер бетіндегі ешбір адам ауырмаған кеселмен сырқат екен.

– Оны кім дәлелдеп отыр?

– Әй, мен іссапарда жүргенде көрші дәрігер Сигизмундқа көрсетіп, қанын алып, лабораторияға тапсырыпты. Сосын...

– Ал, содан?

– Содан қан құрамынан түсініксіз кесел белгілері байқалыпты.

– Ой, сұмдық-ай! Бәсе-ау, өзінің түр-өңі келіспеген-ақ. Жөні түзу жігіт айдалада кір-қожалақ болып жатар ма! Ақыл-есі де түсініксіздеу...

– Енді қайтсін! Түс көргендей болып, жер планетасына келе қалған соң, не істерін білмей абдыраған да.

Бұдан әрі Сәрсек батылдана, сөздерін нықтап, әңгімені соза түскен.

– Егер шынымен түсініксіз сырқатпен ауырған болса, ондай адамнан тезірек құтылу керек, басеке!

– Не істе дейсің?

– Дәрігерлерге сенсек, жөнін табады. Қазір дәрінің түр-түрі бар. Бір түйірін бере салса, бір сағаттан соң орнын табады.

– Жоқ! – деп айқайлап жіберді Сезімбек. – Осы сендер неткен қатыгезсіңдер! Адам баласын аяу дегенді ұмытқансыңдар! Не деген тасжүрек едіңдер...

– Ал, жұқпалы ауру болса ше? Сіздің үйде жатқанына, міне, бір айға жуықтап қалды.

– Өзім! Өзім шешем қалғанын!

– Десе де, ағасы, ойланыңыз. Бұл, сіз ойлағандай, ойыншық шаруа емес. Жатпланетадағы аса қауіпті ауруды әкелген болса, онда тек қазаққа ғана емес, барша адамзатқа қауіп туғызады. Ойланыңыз-з...

– Жарайды. Бара бер. Өз қабырғаммен кеңесіп алайын әуелі. Сосын сені шақырармын...


2


Кеш бата Сэм ағайды өзі іздеді.

Оңаша жерде, бақ ішінде кездесіп, тағы да белгілі әңгімені әрі қарай жалғастыра түскен. Сэм де құлақ қоя тыңдап, кесімді шешімге келуге аса асығулы..

– Не істейміз енді? – деді Сезімбек.

– Әрі қарай жасыруға болмайды. Не де болса ауруханаға алып барайық.

– Ал, олар дереу укол салып, өлтіре салса ше! Онда қайтпекпін?

– Ол да мүмкін. Мұндай өте сирек сырқат-аурудың ең төте жолы – сол! Жалпы адамзатты сақтандыру үшін жасалатын әдіс...

– Ал, мен көнбесем ше? Өз қолыммен өлімге қимасам ше?

– Сіздің жан шырылыңыз тап осы жолы ешкімді селт еткізбес. Өйткені, бұл жерде жалпы жер планетасының тағдыры таразыға түскелі тұр. Оған сіз де, мен де – бәріміз жауаптымыз.

Сезімбек басып ұстап, ұзақ отырып қалды.

– Сигизмунд ағай, – деді сосын. – Сізге ашығын айтайын. Осы бала расымен өлетін болса, мен де бірге кетемін. Бақиға бірге аттанам...

– О-о, – деп Сэм күліп жіберді. – Өте жан тебірентерлік сөз! Бірақ, тап бүгін көзсіз ерлік көрсету қажет емес. Ең төтесі – дәрігерлердің қолына тапсыру.

Басын шайқап, барынша қарсылық көрсетіп, ашуға булыға түскен Сезімбекті қанша түсінгісі келсе де, Сэм түсіне алмады.

Сырқат жайы белгілі. Оны емдеу де мүмкін емес. Егер өзінің баласы болса, бір сәрі! Айдаладан тауып алған, жатпланеталықпын деп сендірген бозбалаға неге сонша емешегі үзіле береді? Сыры не?

Сол жайынан сұрамақ болған.

– Айтыңызшы, осы бозбалаға неліктен тым қатты бауыр басып қалдыңыз?

– Ол да адам баласы. Адамға адамның жан ашу сезімі деген болмас па!

– Жоқ, мұнда бір түйткіл жасырынып жатқандай. Маған сенуіңізге болады. Айта беріңіз.

Алқымдағандай болып, төте сауал берген Сэм ағайға жауабы да әзір.

– Сіз білесіз, менде жалғыз қыз бар. Ал, енді осы Жақау үйіме кіргелі бері өзімді оның шын әкесіндей сезіне бастап ем. “Ұлым болады” деп іштей масайраушы ем...

– Түсінікті! Бәрін де ұқтым. Алайда, бұл күлдіреуік сезімді енді іште тұншықтыру қажет-ақ. Осы жолы өзіңізді қолға алып, салқын қанды болмасқа амалыңыз да жоқ.

– Неге? Неге!.. – деп, Сезімбек бар даусымен айқайлап жіберді. – Мына тағдыр мен дегенде неге осынша қатал-л... Неге тоқал-мінез...

Сэм Сезімбектің арқасынан қағып, жұбата сөз сөйлеп тұр.

– Тағдыр тым қатал дегеніңіз артық болар, – деп, өз ойынан хабардар еткен. – Жақсы отбасыңыз бар. Күмістей ақылды жарыңыз бар. Жанельдей әдемі, парасатты қызыңыз өсіп келеді... Бақыт деген осы...

Сезімбек басын жұлып алғандай боп:

– Айттым. Қаншама рет қақсадым! – деді. – Күміс түсінді ме менің ішкі күйзелісімді! Түсінуге талпынды ма? Қыз бала – жат жұрттық. Бір ұл тап дедім. Жоқ! Енді бала көтермеймін, фигурам бұзылады деп қасарысты. Ақыры, Алла-тағала жазалады. Ұл табуға бел буғанда сырқатқа ұшырады. Бұдан былай бала көтеру бақытынан айрылды...

Оның жаны қиналып, жыларман халде тұрған кейпін жақсы сезінсе де, Сэм салқын қанды. Өз ойынан еш айнитын емес.

– Қалай болғанда да, бұл бозбаланы дәрігерлерге тапсырмай болмас. Осыған көніңіз...


3


Жұмыс басталмай жатып үстел үстіндегі қара телефон безілдеп қоя берді. Көтерді. Әйелі Күміс екен. Қорқып кеткен.

– Ау, не боп қалды? Жаңа ғана үйден шықпадым ба?

Арғы жағынан Күмістің жыламсыраған даусы шәңкілдеп шықты.

– Сен... сен маған неге айтпай жүргенсің? Әйелің емеспін бе?

– Не туралы? Жаным-ау, не жайынан?

– Мына Жак па, Жақау ма – жатпланеталық бозбалаң кеселді дей ме? Онда біз неге үйде жасырын ұстап отырмыз? Кімге дәрі бұл бала?

– Оны кім айтты? Кімнің сөзі?

– Маған тап қазір Гауһар телефондады. Ол біледі, ал мен білмеймін...

Жылаған үн трубканы жарып жібере жаздап тұр.

– Жаным, бұл өсек әңгіме. Ешнәрседен қорықпа. Ол – сырқат емес. Кешке үйге келген соң, бәрін де айтам. Түп-түгел түсіндірем...

– Не айтасың сонда? Нені айтасың?

– Бәрін де. Не сұрасаң, соны айтып беруге әзірмін.

– Сенбеймін. Сен мені ұзақ жылдар бойы алдап жүрген сияқтысың, – деп Күміс солқылдап жылап жіберді. – Не жаздым? Жазығым – адал жарың болғаным ба? Жанельдей қыз тауып бергенім бе?..

– Жаным, сабырға келші. Кешке сөйлесейік. Қазір демал. Дәріңді іш...

Трубканы қойды. Ашуы мұрнының ұшында тұр. Сәрсектің сыпсыңдауы. Сенімді әріптесім деп айтып салғаны таяқ боп қайтты. Дереу әйеліне жеткізгенін көрмеймісің! Ау, осыдан соң кімге сенуге болады, а?

“Ана жолы Жақау “біздің планетада еркектер өсек айтпайды, сіздерде әйел де, еркек те өсекпен қоңсылас, тіпті жақын туыстай болып алыпты” демеді ме! Әй, баланың қиялы қандай жүйрік! Дөп басып тұр-ау қазіргі тұрмысты...”

Қабылдау бөлмесіндегі қызға “Сәрсекті шақыр” деп бұйыра сөйледі.

Сәрсек келді. Кірді. Жайраңдай басып келіп, қарсы алдына отырды. Көзінде күлкі. Сол сұрқиы күлкі тап осы қазір Сезімбекті мысқылдап-мазақтап тұрғандай сезілген.

– Тұр орныңнан! – деп, айқай салды.

– Ой, сізге не болған!

– Сен оңбаған, бұрынырақ менің кабинетіме келгенде алдымен иіліп сәлем беріп, сосын не айтатынымды күтетін едің. Ал, қазір тіпті алшаңдай басып енесің. Менімен терезесі тең кісідей сөйлескің келеді... Көкірегің өсейін деген екен...

– Басеке, түкке түсінсем бұйырмасын! Не жазып қалдым сіздің алдыңызда?

– Неге өсек айтасың?

– Қандай өсек! Мен еркекпін...

– Ендеше, кешегі өзара әңгімені ана қатының, Гауһарды айтам, қайдан біліп қойған? Кімнен естіп үлгерген? Соны айтшы...

Сәрсек қипақтап:

– Е, сол ма! Түнде байқаусызда... шет жағасын сездіре қойып ем... – деді. – Ақылдасу әңгімесі үстінде...

– Ақылдасу! Сен немене, жұмыста айтылған әңгімені үйіңе барып, қатыныңмен ақылдасушы ма ең? О, сорлы-ы...

– Намысыма тие бермеңіз! Мен де кішігірім басшымын. Тіпті керек десеңіз...

Сезімбек сөзін тістене жалғап, әрі қарай созды.

– Білем. Керек десе, менің орнымды да тартып алу ойыңда бар. Білем оны.

Мынаны естігенде Сәрсек шоршып кетіп, шамдана сөйлеген.

– Ағасы, бұл енді артық әңгіме! Мен сіздің орныңызға ешқашан ұмтылған емеспін. Үстіңізден қалай аттап өтем?..

– Армандап жүргенің өтірік пе?

– Армандау басқа! Ал, айла-шарғыға барып, орынды тартып алуға талпыну – мүлде басқа. Ондай арсыз орынбасарларды да естігенбіз. Болған ондай жағдай...

Осы тұста Сезімбек өзінің тым қатты, барынша дөрекі сөйлеп жібергенін аңғарып, бойын тежеп, аздап сабырға келе бастады. Неге бірден оған дүрсе қоя берді екен? Тап осылай сөйлесетіндей не жазды бұл бейбақ! Көп жылдан бері қасында. Бір сөзін екі еткен емес. Ал, бастық болуды армандаса... оның несі кінә? Кім армандамайды екен оны...

Сәрсектің жанына жақындап келіп, жүзін жылыта арқасынан қаққан.

– Кешір-р...

– Оқа емес.

– Жоқ, артықтау кетіп қалдым.

– Бәсе-ау, не жаздым десем... Әрине, әйелімнің алдында аузымнан шығып кеткенін жасырмаймын. Бар жазығым сол ғана. Оны да мойындап тұрмын ғой десем...

– Жә, қойшы енді!

– Сізден бұлай қатты сөз естімеген соң ба, жүрегім сығымдап ала жөнелді.

– Менікі де ашудың әлегі. Жаңа ғана Күміс телефондап, жыламсыраған соң... Қаным басыма теуіп кеткені шығар!

– Әй, менің қатыным да! Аузында сөз тұрмайды бейбақтың!

– Өзің айтпап па ең! Қатындардың бәрі де – бірдей деп. Оларға өсек айту – көңіл шерін тарқату ғана емес, қатындық бір міндетті өтеу сияқты.

– Дөп айттыңыз!

Қонақ күтетін бөлмеге бастады. Қабылдау бөлмесіндегі қызға шәй әкелуді тапсырды. Екеуі оңашаланды.

– Мені түсінші, – деді сосын Сәрсекке. – Бар сырымды өзің де бес саусақтай білесің. Күмістен туған жалғыз қызым – Жанель! Ол – жат жұрттық. Ал, ертең...

– О, бар уайымыңыз сол ма! – деп Сәрсек желпінте сөйлеген. – Қыз деген өріс. Күні ертең немерелер болады. Апта сайын үйге келіп, мойныңызғ асылады. Немере деген – нұрлы бақыт!..

– Оны білем ғой, – деді Сезімбек. – Оны айтпаймын. Мына Жакауды ойлаймын да. Өз ұлымдай көріп, бауыр бассам деп едім.

– Жат планеталық болса да, бәрібір дегеніңіз бе бұл!

Сезімбек аз-кем үнсіз қалды. Әлдебір ой үстінде.

– Әлденеге қатты қиналатын тәріздісіз.

– Айтар-ақ едім. Сен тағы...

– Осы жолы серт етейін. Тісімнен шықпасқа ант берем.

– Осы сөзің – сөз бе?

– Тап солай.

Алдындағы кесе толы күрең шәйді бір ұрттап қойды.

– Сен ана Маралайды білетін едің ғой, ә? – деді.

– Маралай ма? Е, оны білмей не көрініпті. Екеуіңіздің араңыздағы жылы сезімді де сезетінмін.

– Білсең, сол қыз туралы соңғы күндері көп ойлайтын болып жүрмін.

– Е, неге? Не үшін?

Сезімбек осы жерде ғана өз бойын өзі жинап, дереу тартынып қалды.

“Осы мен... кімге сыр айтып отырмын? Сәрсек – шын тілеулес пе! Ертең-ақ сыртымнан бүлкіл сөз таратып, бүкіл елге күлкі ететін тап осының өзі болса ше!..» (Сезімбектің ойы)

Сосын ішкі ойдың екінші саласына сырғып кетті.

– Әйелім, – деді. – Әйелім үйленген соң үш-төрт жыл бала көтермеді. Тумай қоя ма деп қауіптенгем. Әлгі Маралай сол кездегі әурешілік... (сәл тоқтап) Оны қойшы! Күміс әйтеуір қыз бала болса да, бір шарананы дүниеге алып келді. Бар қуанышым сол болып еді...

Сәрсек әлденеден сезіктенгендей, Сезімбектің жүзіне барлай қараған.

“Маралайды неге аяқ астынан еске түсірді? Неге әңгіменің аяғын жұтып қойды? Бір сыр бар сияқты осы жерде...” (Сәрсектің ойы)

Бірақ, әңгіме әрі қарай жалғаспады. Бастығы орнынан көтерілді.

– Қой, жұмыс істелік!.. Көп отырып, қалдық білем...


* * *


Сәрсек шығып кеткен соң, жұмсақ креслосында оңды-солды қозғалақтап отырып, тағы да ой сарынына ере берген.

...Бір күні Маралайдың үйіне барған. Баласының туған күні. Соған орай ең қымбат сыйлық алып, сәбидің бетінен сүйіп, емірене иіскеп, құттықтап қайтпақшы ниеті болған.

Есікті Маралай ашты.

– Аман ба?

– Аманбыз.

– Мен ішке кірейін.

– Болмайды.

– Неге?

– Үйде алыс-жақын туыстарым жиналып отыр. Сені кім деп таныстырам?

– Мен... мен баланы туған күнімен құтттықтаймын да, шығып кетем. Рұқсат ет!

– Рұқсат жоқ. Сыйлығыңды маған бер. Өзім тапсырам.

– Дегенмен... Маралай, сен де мені түсінші! Жазығым не? Ең болмаса, айтып өлтірсеңші...

– Көп сөйлесуге уақыт тар. Ал, жақсы. Қош боп тұр!..

Есікті тарс жапты.

Сезімбек есік алдында есеңгіреп, ұзақ-қ тұрып қалған...


4


Сезімбек: Ал, дәрігерлер не деді?

Сэм: Бірінші жолы – уколмен жүректі тоқтата салу. Ал, екінші жолы – тек шетелге жіберіп, емдету...

Сезімбек: Қай жаққа?

Сэм: Мысалы, Израилге... Не Германияға...

Сезімбек: Онда емдеп жаза ала ма?

Сэм: Жүз пайыз сенім жоқ. Алайда оларда тап осындай кеселге эксперимент жасалып жатыр деп естимін.

Сезімбек: Демек, үміт бар.

Сэм: Бірақ, көп қаржы керек болады.

Сезімбек: Қарсы емеспін. Тіпті бар мүлкімді сатсам да, Жақауды адам қатарына қосуым керек.

Сэм: Онда сөйлесіп байқайын.

Сезімбек: Тезірек келісіңіз. Көп соза беретін не бар!

Сэм: Сізге аса таң қалам. Бөтен бір бозбала үшін осынша ерлікке барғалы жатырсыз.

Сезімбек: Ол туралы кейінірек еркін сөйлесерміз. Әзірге маған мәселенің тез шешілгені маңызды.

Сэм: Жарайды. Жауабын ертең берем. Дос-таныстарыммен оңаша кездесіп, талқылап-сөйлесіп алайын.

Сезімбек: Аянып қалмаңызшы, Сэм ағай! Тек сізге ғана сенемін енді.


* * *


Бұлардың бақ ішінде оңаша сөйлесіп отырғанын Жақау да байқаған екен. Тақап келіп, тың тыңдаған. Мәселенің мәнісі – өзінің тағдыры екенін де ұққан.

Сэм кетісімен Сезімбекке жақындады.

– Мені неге бөтен қалаға жібергелі жатырсыз?

– Балам, саған айтпай-ақ қояйын деп ем. Өткенде анализге қан тапсырған екенсің.

– Болған. Сэм атай қанымды алып, тексертуге жіберген.

– Сол қан құрамынан сирек кесел белгілері байқалыпты. Енді емдеу үшін Германияға не Израилге бару қажеттігі туындады.

Жақау шошына қараған.

– Ол соншалық қауіпті кесел ма сонда?

– Қауіпті ме, жоқ па – оны дәрігерлер шеше жатар. Бірақ, емделу қажет. Әйтпесе...

– Әйтпесе, не болады?

– Жағдайың қиындайды, балам! Дәрігерлердің айтқанын тыңдайық. Көнейік осыған.

– Ал, мен Германияға да, Израилге де бармаймын десем ше! Неге өмір бойы өз тағдырымды осылай таразы басына салумен өтем?

Сезімбек баланың басынан сипалап тұрып:

– Анаңның соңғы сөзің, не деп айтып кеткенін ұмыттың ба? Тек әкеңді тыңда демеді ме! – деген.

– Мен сізді тыңдай-тыңдай әбден шаршадым, әке! Осы өмірім – өмір ме! Маған жатпланеталық бол дедіңіз. Оны да орындадым. Ешкімге сыр ашпа дедіңіз. Оны да істедім. Үйде қамап ұстап келесіз, оған да көнгем. Ал, енді бұдан былай ештеңеге де құлақ қоймаймын. Болды! Жетті!

Әкесі сабырға шақыра түскен.

– Ашуыңды басшы, балам! Маған да оңай тиіп жүр деп пе ең!.. Менің ішкі күйзелісімді кім түсінер?.. Кімге айтармын оны!..

– Сіз жақсы өмір кешіпсіз. Жақсы үйде тұрыпсыз. Жақсы тамақ ішіпсіз. Ал, біз... анам екеуміз не көрмедік? Кімге жалданбады менің ғазиз – анам! Сөйтіп жүріп, бұл дүниеден әп-сәтте өтті де кетті. Не көрді? Не қызық көрді фәниден...

Оның тым қатты, екпіндеп сөйлеп бара жатқанын байқап, әкесі құшағына қысты. Тоқтатуға тырысты.

– Бәрі де жақсы болады, ұлым.

– Жоқ, әке, енді мен сізге еш сенбеймін. Анамның көзінен тамған әрбір тамшы жасы менің жүрегім арқылы өтетін. Соны сезінгенде жүрегім қан жылайтын... Езіліп кететінмін...

Сезімбек баласын қыса құшып тұрып:

– Саған, енді шындықты айтайын, – деді. – Тыңдап ал, ұлым! Мен сенің апаңды ешқашан сыртқа тепкем жоқ. Барлық уақытта жанында жүрдім. Не көмек сұраса да, аянбадым. Тіпті осы құпияны жасырмай, ашық айтайық деген кезім де болған. Бірақ, сенің анаң – қашанда бірбет! “Отбасыңды ойрандап аларсың, Күмістің мінезін білем ғой” деп, мені сабырға шақыра берді, шақыра берді.

– Өтірік! Енді қалай айтсаңыз да мен сенеді деп тұрсыз ба? – деді Жақау кіжіне тіл қатып.

– Тыңдай бер, балам! Елуден асқан жасымда өз ұлыма өзім өтірік сөйлеп не болыпты? Анаң менің көмегімді кейде алды, кейде қайтарып беріп отырды. Тіпті сені жиі-жиі көріп тұрайын десем, оған да көнбеді. “Баланың жүрегін жаралайсың” деді. Сосын амалым бар ма!

– Сізді еш түсіне алмаймын. Егер менің апам керек болмаса, әу баста несіне әуреледіңіз? Бұл не мазағыңыз?..

– Балам-ау, ол кезде мен де жас едім. Ұрпағым болған жоқ...

– Оны айтпай-ақ қойсаңыз да болады. Апам талай рет әңгімелеп берген. Менің білгім келетіні – ер адамдар неге эгоист? Неге өзінің ғана жағдайы болғанын ойлайды?

Жаны күйзеліп тұрса да, сыртымен сыр бергісі келмеген Сезімбек бір әңгіме бастады.

– Шешең екеуміз соңғы рет жолыққанда, – деді. – Ол өте жүдеу еді. Анасы байғұс о дүниелік болды. Ағайын-туыстан ешкімі жоқ. Алыс ағайын осы күні кімге қамқор болар! Маған айтты: “Сенен басқа жақыным да, жанашырым да қалмады. Бала екеумізге ортақ. Қалай өсірдім – оны білмеймін. Мүмкін, менен қателіктер де көп кеткен шығар. Бірақ, аянып қалмадым. Жақауым жақсы жігіт болып өссе екен деп арман еттім. Күндіз-түні Алладан тек соны тіледім”. Осылай деді де, көзінің жасын сығып алды. Тағы да жалғады. “Денсаулығым жақсы емес. Егер олай-бұлай бола кетсем, соңғы аманатым – осы ұл! Осы бала жыласа, көрде жатып та ренжитін боламын... Өз қызыңнан кем көрмей, әрі қарай тәрбиелерсің! Уәде етесің бе!” Мен не дейін. Басымды изей бердім. Ішкі дүнием астан-кестен болған...

Басын ұстап отырып қалған.

Жақау әкесінің арқасына қолын салды.

– Менің бақытсыз балалығыма кім кінәлі? – деді сосын.

– Мен сенің жүрегіңді жаралағым келмеген... Имандай шыным, сені өз өмірімнен де артық көрдім, балам...

Жақау тағы да сөзді бөлді.

– Менің жүрегім сонымен жараланбай өсті деп жүрсіздер ме? Мектепте маған өзге ұл-қыздардың кемсіте сөйлеп, мазақтай қарағаны әлі күнге өңменімнен өткендей болады да тұрады.

– Кешір, балапаным! Кешіре алсаң, мына ақымақ әкеңді кеш! (сәл тоқтап) Апаңның соңғы өтініші – сені өсіріп, оқытып, адам қатарына қос деп еді. Өкінішке орай, соның жолы өте ауыр болғалы тұр... Емделмесең болмайды, балам...

– Оны... оны енді өзім шешем. Ол – менің бас қайғым! Естисіз бе, менің қайғым-м...


5


Түн іші. Әйелі Күміс екеуі сыбырласа сөйлесіп жатыр.

Күміс: Мына сырқат баланы қашан тиісті орынға жібересің?

Сезімбек: Сәл шыда. Шешіліп жатыр.

Күміс: Ол кетем дегенше ауруын бәрімізге жұқтырып бітер. Қайдан ғана тап болып едік осы сұмырайға...

Сезімбек: Қайтесің ауыр сөз айтып! Ол да адам баласы...

Күміс: Қайдан келгені, қайдан шыққаны белгісіз баланы сонша неменеге жақтай бересің! Кетсін тезірек қарасын батырып!

Сезімбек: Не болды саған?

Күміс: Жөн әңгіме сұрасаң, қитығып, керіге басып, жауап бермейді. Керек еді маған...

Сезімбек: Кішкене шыдашы енді! Айттым ғой аз күнде ауруханаға жібереміз деп...

Күміс: Әй, жүрегім бірнеңені сезеді. Осы сұрқы келіспеген жатпланеталықтан біз ешқашан құтыла алмаспыз әлі...

Сезімбек: Болады. Жөнін табады жақын күнде...


* * *


Елгезекке телефон шалған.

Сезімбектің көмекшісі елпең қағып, бұрынғы әдетімен телефонда лып-лып етеді.

– Жағдайыңыз қалай, апай? Көңіл-күйіңіз? Тамақ алысыңыз?..

– Әй, сен өзі... Менің тәбетімде қандай шаруаң бар, а?

– Жо-жоқ, жағдайыңыз жақсы ма дегенім...

– Өте жақсы. Сен ше?

– Мен де жаман емеспін.

– Менің айтқандарымды орындап жүрсің бе?

– Әрине.

– Не жаңалық?

– Әзірге ешқандай өзгеріс байқамадым. Бұл жақта тып-тыныш.

– Өтірік! Не сен түкті байқамайсың, не болмаса әдейі аңқау боласың.

– Апатай, шын сөзім бұл. Рас айтам, ештеңе де байқататын емес.

– Ондай адам бірнеңені оп-оңай байқата ма? Сен өте байқампаз болуың керек қой бұндайда.

– Әрине! Сіз тапсырғалы бері байқампаздығымды екі есеге арттырдым. Сонда да ештеңені сезе алар емеспін...

Күміс даусын тарғылдандыра сөйлеп:

– Ең болмаса, кім кіріп, кім шығып жатыр дегенді де білмегенің бе, маубас! – деді.

– Е, оны білем ғой. Неге білмейін.

– Айтшы, кімдер?

– Тек қана қызмет бабаындағы кісілер. Жұмыс жайымен...

– Ал, бөтен-бөгде кісілер көзге түспеді ме?

– Никак нет!

– Қазақша айтшы!

– Келген емес! Болған емес!..

– Әй, саған сенген мен де...

Трубканы қоя салған. Өзінен-өзі ашуға булықты.

Көз алдынан аса қымбат бриллиант әшекей тағып, көлбең-көлбең еткен Гауһар кететін емес...


6


Сәрсек ақыры шыдай алмады. Сырды ашты. Әйеліне.

– Кеше бастықпен тағы да оңаша әңгіме болған. Ол неге екені белгісіз, баяғыда көңілдес болған бір келіншекті есіне түсірді.

– Оның көңілдесі бар ма еді? – деп Гауһар қызыға түскен. – Ал, содан...

– Сол келіншекті айтып отырып, ой құшағына берілді. Әй, дәу де болса осында бір сыр бар. (сәл тоқтап) Мына жатпланеталық деп жүрген бозбала өзінің ұлы болып шықпаса...

– Көтек! – деп, Гауһар таң-тамаша. – Бәсе-ау, сонша өбектегенінен күдіктеніп едім.

– Бірақ, келісіп алайық. Ешкімге тіс жарушы болма. Әйтпесе, мені абыройымыз жағдайға қалдырасың.

– Е, уайымдамашы. Кімге айтармын мен.

– Аузыңда сөз тұрмайды ғой өзіңнің. Өткен жолғың анау...

– Оллаһи, айтпаймын. Осы жолы бәрі де өз ішімде қалады.

– Ең сұмдығы, – деді Сәрсек. – Бозбала өте қатты науқас. Елде жоқ кесел... Енді шетелге апармаса болмайтын тәрізді. Бұл әңгіме жұртқа тараса, сөз жоқ, Сезімбек жауапты жұмыстан кетеді. Демек...

Әйелі сөз астарын түсіне қойып, сықылықтап күліп жіберді.

– Түсіндім. Ендігі кезек – сенікі...

– Соны білсең, тісіңнен шығарма. Әлі-ақ жеңіс біздің жаққа аунап түседі. Талай жылдан бері күткеніміз осы емес пе, а?

– Әрине! Сенің бастық болғаныңды көре алмай кетем бе деп уайымдаушы ем. Сәті түскелі тұр екен.

Осыны айтты да, күйеуіне:

– Бастықтың қатыны жақсы киініп, әдемі боянып, көрікті болып жүруі керек. Мен күні ертең-ақ ана тігін ательесіне тапсырыс берем. Өзіме де, саған да су жаңа сырт киім керек болады.

– Оны өзің реттей берерсің. Бұл жағынан сенен ақыл артыла ма!

– Қам жеме! Қалғаны – менің шаруам. Сен өзің әуелі Сезімбектің орнына отырып алшы. (сәл тоқтап, армандай) Еһ, сол кезде көрер ем ана Күмісті! Алдынан кесе-көлденеңдеп, асықпай басып, көз қиығымды да салмастан өтіп бара жатсам ғой! Ал, ол менімен амандаспақ боп, ұмтыла түсіп, құлай жаздап...

Күйеуі зекіп тастады.

– Әй, жетер енді! Тіпті қиялдаудың да бас-аяғы бар. Доғар енді...


* * *


Оңаша бір сәтте Сәрсек Елгезекті тағы да сөзге тартып байқады.

– Бастық неге тым көңілсіз? Әлде... бірнеңе болып қалды ма?

Елгезек әдеттегіше жайбарақат. Түк те болмағандай, ақырын айтып, сөзін соза түскен.

– Не болушы еді, ағасы! Бастықтың мінезі солай ғой.

– Солайы қалай?

– Кейде өстіп тұнжырап, ой құшағына құлап кететін кездері бар...

Сәрсек таңадана:

– Не дедің! Ой құшағына құлағаны қалай? – деді.

– Солай. Кей-кейде бастық тек оймен болып, оймен сөйлесіп жүреді...

– Оны қалай түсінуге болады? Әй, сен өзі... мені мазақ етіп тұрған жоқсың ба?

– Құдай сақтасын. Мен сізге бастықтың шын мінезін суреттеп бердім. Бары-жоғы сол ғана...

– Дегенмен... сен менен ештеңені де жасырмауға тиіссің. Өткенде келіспеп пе едік...

– Әрине! Әрине, Сәрсек аға! Сөзім – сөз! Бірнеңе болып жатса, алдымен сіз білетін боларсыз... Айттым – бітті...

– Ну, смотри! – деді Сәрсек.


7


Жақау: Жанель, егер мен елде жоқ аурумен ауырып, аяқ астынан өліп кетсем, не істейсің?

Жанел: Ондайды айтпашы. Сен маған аға болдың. Мен қарындасыңмын.

Жақау: Ол жағы белгілі ғой. Ал, егерде...

Жанел: Сен ұзақ-қ жасайсың. Күні ертең өзіңнің алыстағы планетаңа ұшып барып, қайта ораласың. Сосын... мені де алып барасың.

Жақау: Сен ол жақтан қорықпайсың ба?

Жанел: Сен жанымда болсаң, кімнен қорқам? Мені қорғайтын өзің болмассың ба?

Жақау: Әрине, қарындасым! Енді қалған өмірімде саған қалқан болам. (сәл тоқтап) Әрине, егер өмірім ұзақ болса... Орта жолда үзіліп кетпесе...

Жанел: (ренжи сөйлеп) Неге өлім туралы айта бересің! Жас адамға ондай сөзді көп айту – күнә!

Жақау: Оны кімнен естідің?

Жанел: Жазда ауылға барғанда үлкен атам айтқан.

Жақау: Жарайды. Енді айтпаймын. Тек...

Жанел: Тағы не?

Жақау: Мен кенет үзіліп кетсем, сен жылайсың ба? Іздейсің бе мені...

Жанел: (көзі жасаурап) Тағы да бастадың ба! Неге мені аямайсың? Неге менің жүрегіме салмақ сала бересің?..


* * *


Көзі ілініп кеткен екен, түсінде өзінің анасы Маралай келіпті. Баласының басынан сыйпалап тұрып:

– Жаның қиналды ма, балақаным? – деген.

Жақау жылап жіберді. Көз жасын тия алар емес.

– Апа, апатай! Мен неге әкесіз өстім? Әкем бола тұра, неліктен ол маған қамқор болмады?

– Оған мен кінәлімін. Өзім едім кеудесінен кері итерген...

– Неге? Не үшін?

– Оны мен саған түп-түгел түсіндіре алмаймын, балам.

– Әкем бола тұрып, әкесі жоқ бала болып өскенім жаныма батты. Осыны түсінесіз бе, апа?

– Түсінем, балам! Бірақ, сен де мені түсінуге тырыс. Әкеңнің бірінші әйелі болды. Одан қызы бар...

– Болса ше? Біздің жазығымыз не?

– Балам, сен бұны әзір түсіне алатын жаста емессің. Кейінірек өзің де ақылға салып салмақтасаң, себебін ұғарсың. Мені қинамашы, балақаным,,,

Енді Жақау басқа тақырыпқа түрен салды.

– Апатай, мені неге әлсіз етіп тапқансың? Неліктен мен елде жоқ сырқатпен ауырамын? Неге?

– Балапаным, соны өзім де түсіне алар емеспін. Ана жақта жатып, жаным сыздады. Сосын да іздеп келіп тұрмын.

– Апа, менің Израилге де, Германияға да барғым келмейді. Сенбеймін ешбір дәрігерге!

– Неге? Неге жарығым? Сен дәрігерлерге сенуің керек! Менің ерте сөнген арманымның жалғасы болмайсың ба?

– Оған тағдыр жол берер емес. Онсыз да мына жер планетасында басы артық адам болып тұрмын. Әсте, расымен, мен жат планетаға кетуім керек пе?

– Ол не сөзің? Бұл қай айтқаның, ұлым-м...

– Енді қайтем? Не істеймін?

– Күресуің керек! Бәрін де жеңуге талпын, балақаным! Менің соңғы үмітім – өзің ғанасың. Сен сыр берсең, бәрінің де құрдымға кеткені! Өзіңе сен, балам... (дауыс жоғала береді)

...Ұйқысынан оянып кеткен Жақау өң мен түстің ортасында есін жия алмай, есеңгіреп ұзақ жатты...

Анасын шын сағынып-аңсаған екен...


8


Сигизмунд Севаль күтпеген жерден жұмыс кабинетіне асыға басып кіріп келген.

Сезімбек орнынан ұшып түрегелді. Бір үміт, бір күдік.

– Не дейсіз, ағасы?

– Болды. Шешілді.

– Қалайша? Шешіліп қойды ма?

– Әрине. Мен қолға алсам, шешілмейтін шаруа бар ма!

– Ал, енді не істейміз?

– Бозбаланы даярлау керек. Кез-келген күні Израилге алып кетуі мүмкін.

– Бала әзір. Менің уайымым – басқада.

– Тағы не?

– Израилдік дәрігерлері “емдей алмайды екенбіз” деп бір уколмен бітіре салса...

– Жоқ! Олай ете алмайды. Екі ел арасында тиісінше келісім жасалады.

– Ә, солай ма? Ол жағын ойламаппын.

– Дегенде, – деді Сэм. – Бұл бала расымен жатпланеталық сияқты бізді абыр-сабырға салды-ау! Осы екі-үш күн ішінде басымыздан не өтпеді.

Сезімбек те еңсе көтеріп, күлгендей болды.

– Өзім едім, – деген. – Өзім ойлап тауып едім соны, жатпланеталық бала деп нем бар еді! Қарашы, расында да жат планеталық ауруға шалдығыпты. Ешкім түсінбейтін кеселге...

Ауыр ойға батып отырып қалған.

Сэм оның арқасынан қақты.

– Мен бәрін де білем...

– Не туралы? Сэм аға, нені айтасыз?

– Бұл – сенің ұлың екен.

– Оны да біліп қойғансыз ба? Тағы да ана Сәрсек сыпсың сөз таратып жүр ме?

– Жоқ, – деді Сэм. – Сәрсекті мен қайдан білейін. Маған Жақаудың өзі айтты. “Мен екінші әйелі – Маралайдан туған ұлмын” деді. Сол рас шығар, ә?

Сезімбек амалсыз бас изеді.

Тап осы кезде Сэмнің телефоны шырылдап қоя берді. Көтерді. Тыңдады.

– Не дейсің? Қашан? Күні ертең бе? Ойпырмай, өте жылдам шешілген екен-ау, ә?

Трубкасын өшірді де, Сезімбекке күлімдей қарап:

– Ал, іске сәт! Балаңыз ертең кешке Израилге ұшады, – деді. – Емделіп сап-сау болып оралатын күн де алыс емес...

Сезімбек Сэм ағасын құшақтай алған.


* * *


Қара түндей қап-қара “Джип” үйге жақындай бергенде, Сезімбектің жүрегі өзінен-өзі шым-м ете түскені.

– Сэм ағай, жүрегім қатты соғып кетті. Бұл ненің белгісі?

– Қатты толқығаннан болар! Қазір үйге барып, Жақауды да қуантайық. Ол да үлкен жолға әзірленсін.

Екеуі үйге тақай бере автомашинаны тоқтатып, жаяу басып, көңілді адымдап келе жатқан. Сигизмунд атай бұрылып, үйіне кірді. Сезімбектің көңілі көтеріңкі. Ішінен ыңылдап әндетіп те қояды. Кенет... ауладан Жанель жүгіріп шықты.

– Әке! Әкетай! – деп дауыстап жүгіріп келе жатыр.

– Қызым, не болды? Тыныштық па?

– Әке, біздің үйде-е...

Қыз тұтығып сөйлей алмай қалған. Екі көзі алақандай болып кетіпті.

– Қызым-ау, шешең аман ба? Не боп қалды?

– Әке, Жақау... Жак үйден кетіп қалды.

Сезімбектің тұла бойы ток жүргендей болып, дір-р ете түсті.

– Қайда кетті? Неге кетіп қалды, а?

– Білмеймін, әке! Киімдерін сөмкеге салып алды да, қош деместен кете барды.

– Үйде бір жайсыз жағдай болып па еді, қызым?

Жанель жыламсыраған дауыспен:

– Апам... апам оған қатты-қатты ұрысқан. Үй жинауға көмектеспейсің, тамақ ішкен ыдыстарыңды орнында тастап жүре бересің, мәдениеттен жұрдай бала екенсің... деп, дауыс көтере сөйлеп еді...

– Ал, Жақау ше? Ол да жауап қатты ма?

– Жоқ. Үндемеді. Бөлмесіне кірді де, заттарын жинастырды.

– Анаң оған тоқтау айтпады ма! “Кетпеші” демеді ме?

– Ондай сөз болған жоқ.

– Анаң қайда?

– Ол өз бөлмесінде.

Ашуы бойына сыймай барады, дереу екінші қабатқа көтерілген. Күміс жайбарақат, айна алдында шашын тарап, ыңылдап әндетіп отыр. Оның бұл отырысы Сезімбекті онан бетер тұтандырды.

– Түк болмағандай, бұл отырысың қалай? – деді даусын жуандатып. – Сенде аналық, тіпті адамдық сезім бар ма өзі?

Күміс жалт бұрылған. Бұрылған да күйеуіне:

– Адами сезімді сен маған үйретпей-ақ қой, – деді. – Білеміз сенің де моральдық бейнеңді...

– Нені біледі екенсің? Айтшы, не білесің, а?

– Білем. Естідім.

– Жоқ, сен алдымен Жақауға не дедің? Соны айт маған...

– Ол көргенсіз, некесіз туған балаға не деуші ем! “Мына үйден тайып тұр” дедім.

– Әй, сен... жас балаға да солай сөйлей ме екен есі дұрыс әйел? Көргенсіздік көрсеткен мына өзің болып тұрсың ғой осы жолы...

– Не десең о де! Ол енді бұл үйге келмейді. Қайтып есік ашпайды.

– Ол жағын көре жатармыз. Әзірге бұл үйдің қожайыны – менмін. Бұны да естен шығарма сен...

– О-о-о, қожайынмын де! Қожайын екенің енді есіңе түсті ме? Ал, баяғыда... Баяғыда ше? Ол кезде қандай қисық ой қиялыңды шарлап еді? Соны айтшы...

– Не-е? Не туралы сұрайсың? Түсінсем бұйырмасын.

Әйелі тіпті де сасатын емес. Орнынан тұрды. Бөлме ішінде әрлі-берлі жүрді.

– Бәрін де біліп қойдым, – деді сосын. – Жақау ешқандай жатпланеталық емес. Ол – сенің некесіз қатыннан туған ұлың... Ха-ха-ха! Некесіз туған баланы да ұлым деп... Басынан сыйпап... Тіпті бізді түп-түгелімізбен сол сұмырайдың жолына құрбан ете жаздап...

Өзін-өзі ұстай алмай, қалшылдап келіп, Сезімбек Күмістің жағынан аямай тартып кеп жіберді. Күміс жерге жалп ете түсті.

Осы кезде есіктен кіріп келген Жанель бақыра жылап жіберген.

– Сіздер... сіздерде жүрек бар ма осы? Неге осынша қатігезсіздер-р...

Сосын кілт бұрылып, қаша жөнелген. Әкесі артынан жүгірді.

– Қызым! Қызым, тоқташы...

Төмендегі залдың баққа шығатын есігінен өтіп кетті. Өзі өкіре жылап бара жатыр. Сезімбек сонда да соңынан қалмады. Бақ ішінде қуып жетті.

– Балапаным, жыламашы! Мен Жақауды сөзсіз тауып әкелемін. Ол үйге оралады.

– Ол мүмкін емес! – деді қызы өксігін баса алмай. – Жақау өз планетасына кетіп қалды. Енді оралмайтын да шығар.

– Неге олай дейсің? Ол оралады.

– Біз оны қатты ренжіттік. Сосын да ол жер планетасын мүлде жек көрді. Оған бұндай қатыгез, тасбауыр адамдар тұратын планета енді қызық емес...

Әкесі қызын құшақтады. Екеуі құшақ айқастырып, бақ ішінде ұзақ-қ отырды.


* * *


Сәлден соң жарқырай күліп, Сигизмунд атай келді.

– Қалай, Жақау ертеңгі сапарға әзір ме? Көнді ме жол жүруге?

Сезімбек үндемеді. Тілі байланып қалғандай. Жанель сөйлеген.

– Ата, Жақау енді жер планетасында жоқ. Ол өз еліне кетіп қалды.

– Қалай? – деп Сэм аң-таң. – Кетіп қалғаны қалай?

– Солай болды! – деді Сезімбек көңілсіз үнмен. – Ол үйден кетіп қалыпты. Бәлкім, өз планетасына асыққан да шығар...

Сэм әбігерлене:

– Болмайды. Біз оны дереу табуымыз керек. Таппасақ, қиын жағдай туындайды, – деп сөзіне сөз жалғай түскен.

Орнынан көтеріле берген Сезімбек:

– Қайдан табамыз? Қайдан іздейміз оны! – деді. – Жанель айтып тұр ғой, өзінің планетасына аттанып кетті деп...

Осыны айтты да, үйге қарай алымдап басып кетіп бара жатты.

– Енді... енді не істейміз! – деп Сигизмунд атай жанұшыра айқайлап, осы сөздерді әзер айтты. – Бұлай қалдыра салуға болмайды ғой бәрін де...



Эпилог


Жұмысында жалғыз өзі отырған. Көп күн болды, көңіл күйі пәсең. Келеді, кетеді. Қызметкерлерімен де аз тілдеседі. Бұрынғыдай жиналыс өткізуге де зауықсыз.

Бар ермегі – компьютер.

Келе сала интернетті ашады да, онан жатпланеталықтар туралы жазбаларды іздеп, соны қызыға оқиды. Жалықпастан оқи береді.

Осындай кермек ойлармен бас қатырып жүрген күндердің бірінде хатшы қыз бастығына жұп-жұқа пакет әкеліп берді.

– Бұл не?

– Білмеймін. Сізге арналыпты. “Жеке өзіне” деп ескертіпті. Сосын да ашпадық.

Сезімбек бұндай хат-пакеттердің күнбе-күн талайын алып жүр. Ықыластана қарап, көңіл аударған да жоқ. Көп хаттардың бірі шығар деп ойлаған.

– Ашшы! – деді хатшы қызға.

Хатшы қыз пакет-хаттың желімін ажыратып, ішін ашты.

– Не бар екен?

– Мынадай кітапша.

– Кімнің кітабы?

– Сыртқы мұқабасы жоқ.

– Ал, ішінде не деп жазыпты?

– “Әке парызы”.

– Не дейді?

– Міне, ішкі бетінде солай жазылған. “Әке парызы”...

– Жарайды, сен бара бер.

Сезімбек жұп-жұқа кітапшаны қолына алып, парақтай бастаған. Алғашқы беттерінде былай деп жазылыпты:

“...Әке – асқар тау! Тіршілікті тізгіндеп ұстап тұратын да – әкелер. Егер әкелер болмаса, мына дүние қандай дүбараға айналып кетерін ойлаудың өзі қиын. Әңгіме – нағыз әкелер хақында. Алайда, осы заманда көбелек әкелер, имансыз әкелер, ұятсыз әкелер... көбейіп кетті. Оларды әке деудің өзі жараспайды...”

Кілт тоқтады.

“Мына кітапшаны маған кім жолдаған өзі? Мені оқытқысы келген кім екен, а?”

Дереу асты-үстін аударыстырып байқады. Сол кезде кітапша арасынан екі-үш беттік парақ сусып, үстел үстіне түсе берген. Қолына алды. Алғашқы парақты оқыды. “Маралайдың күнделігінен” деп жазылыпты.

Селк ете қалды. Алғашқы жолдарын асыға оқыған.


“...Жер бетіндегі жанымдай жақсы көретін азаматым – Сезімбек! Сен мені шын ұнаттың ба, жоқ па – оны айта алмаймын, ал менің саған деген махаббатым таңғы шықтай мөлдір еді. Күнде төсекке жатқанда ең алдымен сенің асыл бейнеңді көз алдыма әкелетінмін. Сол кезде ғана тәтті ұйқыға беріліп жүре беруші ем. Уақыт өте келе ұлым Жақауды көрсем, сенің нұрлы жүзіңді көргендей әсерленетінмін. Балам аман-есен ержетсе, тап сен секілді елге сыйлы, абыройы тасқан азамат атанарына имандай сендім. Бірақ сен... өз ұлыңа өзің тым салқын болдың. Оқта-текте ғана есіңе түседі. Сонда ғана іздеген боласың. Мені осындай мінезің ашуландыратын. Сосын да саған барынша салқын қарауға тырыстым. Сезімбек-ау, о баста екі қатынды тату ұстап, қатар алып жүре алмайтыныңды білген соң, несіне менің басымды қатырдың? Сенімен байланыспағанымда, өзіме ылайық басқа жар табар ма ем! Жақауым басқа әкеден туып, бұдан гөрі бақытты ғұмыр кешер ме еді... Сорлаттың ғой! Сорлы тағдыр кештім ғой мен-н...”


Маралайдың күнделігі осы жерде кілт үзіледі.

Сезімбек алақ-жұлақ етіп, екінші парақты аударыстырған. Ол – Жақаудың жазғаны болып шықты.


“...Әке! Мен өз еркіммен үйден кетіп бара жатырмын. Ол үшін Күміс апамды кінәлап, ұрыс-керіс жасамауыңызды сұраймын. Егер үйде айқай-ұйқай шықса, Жанель қарындасымның жаны жаралы болып өседі. Жанель жаны таза, көңілі пәк, өмірге аса құштар қыз. Сондай мөлдір сезімін өшіріп алса, өзіне өте қиын болмақ. Ең алдымен, қарындасымның бақытты болғанын қалаймын.


Мен бұл үйде басы артық адам екенмін. Анам байғұс қатты арман етсе де, оның жүзеге асуы оңай болмай шықты. Біз бөтен жандар болып шықтық.

Сізге көп кінә артпаймын.

Өз кемшілігіңізді өзіңіз де іштей сезініп жүрген боларсыз. Оны еселеп айтып, несіне жүрегіңізді ауырта берейін.

Тек... сізді қуантып қою үшін бір жақсылық хабарды жеткізуге асықтым.

Мен таяуда белгілі бір ауруханадан тексеруден өттім. Қанымды тапсырып, қайтадан бәріне көз жеткізбек болдым.

Қорытындысы қалай дейсіз бе? Өте тамаша! Менде ешқандай да қауіпті кесел жоқ. Дәрігерден қайта-қайта сұрадым. Қорытындысы қолымда. Мен – сап-сау екенмін. Дін-аманмын, әке!..

Міне, бұл хат-пакетті сосын да сізге жолдадым.

Тағы бір өтінішім – менің өз балаңыз екенімді Жанель білмей-ақ қойсыншы. Ол мені өзге планетадан келген жігіт деп ойлап, сондай арманмен өмір сүре бергенін қалаймын. Қыз арманына балта шаба көрмеңізші! Соңғы өтінішім де, тілегім де – осы! Сізге деген ерекше құрметпен – құпия ұлыңыз Жақау.”

Жазба-хат тез аяқталып қалғандай.

Сезімбек парақтарды тағы да, тағы да аударып-төңкеріп қараған.

Басқа түк те жоқ.

Қайдан келген хат, қашан жазылған хат – ол жағы жұмбақ.

Ұлынан қазір ғана мәңгілікке айрылғандай Сезімбек алас-ұра айқайлап, басын қос қолымен төмпештей берді.

– Балам-ау, кешірші! Кешіре алсаң, кешірші мына бейбақ әкеңді! Мен... мен жөні түзу әке бола алмадым ғой саған! Әке емес, өміріңе азап сыйладым. Сол үшін де кеше гөр, құлыным-м!.. Кеш! Кеш!..


* * *


Арада бір ай өткенде Сәрсек жаңадан ашылып жатқан шағын мекемеге басшы болып тағайындалды. Гауһардың қуанышында шек жоқ. Үйінде күнде думан, күнде той...

Осындай шаттықты күндердің бірінде Сәрсек Елгезекті өзіне шақырып, былай деді:

– Ойың қалай, бала?

– Менде не ой болушы еді! Бар-жоғы көмекшімін...

– Түсінбей тұрсың ба?

– Нені?

– Әй, Клоун, мен де бірінші басшы болдым емес пе! Маған қарай ауысуға қалайсың деп сұрап тұрғам жоқ па!

– Қандай қызмет?

– Әзірге көмекші...

– Мұнда да көмекші, онда да – көмекші... Сол үшін мұндағы бастығымның көңіліне тиіп қайтем!

– Болашақта өсесің десем ше?

– Ондай сөзді Сезімбек аға да көптен айтумен келеді. Сөз деген – сөз ғой...

– Онда өзің біл! Мен ұсыныс жасадым. Елеусіз қалдырғам жоқ. Арым таза...


* * *


Екі айдан соң Жанель университетке оқуға түсті...

Бүгін университеттегі құрбысына сыбырлап қана сыр айтты:

– Өзге планетада да өмір бар. Біз сияқты адамдар өмір сүріп жатыр. Мен оған сенемін. Көр де тұр, түбі өзім де сол жаққа сапарлап қайтатын шығармын...

Құрбысы Жанельдің сөзін аса ұқпады.

“Ақыл-есі дұрыс па” дегендей оған шошына қарап тұрды...




Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар