Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Алмахан Мұхаметқалиқызының өлеңдері

31.03.2016 340

Алмахан Мұхаметқалиқызының өлеңдері


Жансаяға


Алмахан (1).jpg

Өзің барда мен несіне қажимын,Ботақаным,

Дауысыңнан жай-күйіңді танимын.

Періштелер жыламайды деуші еді,

О,сен неге жылап жүрсің сәбиім?!


Қасиетті балалықтың өзінен,

Адамдар бар – адамдығы сезілген.

Бір жақсысы – алдай салып сөзімен,

Бір жаманы – білінеді көзінен.


Ұлт тағдыры сынға түскен заманда,

Датымды айтпай, қақымды айтпай қоғамға.

Мен сен үшін әлде үндемей қалам ба?!

Алаңдасаң, балам, соған алаңда.


Балапаным, ізім менің – ертеңім,

Саған сырын айтпаса екен келте күн.

Өмір мұңын қабағыма жасырып,

Өлеңімнің тәтті мұңын шертемін.


Өмір мәнін ақ пен қара құрайды,

Сен де ұғасың тұнық пенен лайды.

Табиғат та кейде адам тәрізді,

Кейде күліп, кейде тіпті жылайды.



***


Намысты тербеп сағым күн,

Тағдырыма бағындым.

Арада жылдар өтсе де,

Бәрібір сені сағындым.


Жетелеп үміт әңгүдік,

Ішімде тынып сан күдік.

Өзіңнен бөлек болсам да,

Сенімен жаным мәңгілік.


Бармақтай бақтың өмірі,

Қылдың үстінде көрініп,

Қателеседі адамдар,

Жараланғанда көңілі.



***


Құлын күнді құрықтап ап,

Жүргенім-ай алаң боп,

Күн қазақша күліп қарап,

Ай қарайды анам боп.


Жарлымын деп айтар едім,

Пайғамбарға тиеді.

Жалғызбын деп айтар едім,

Жаратқанға тиеді.


Өмірдегі бітпес майдан,

Көп пен жалғыз арасы.

Баққа ақылды қарсы қойған,

Қайшылықты қарашы?!.



***


Селк етіп сезім күмәні,

Толқиды төзім тұманы.

Тасынып – басылатұғын,

Бәріне сезім кінәлі.


Ақылдың – естің тұрағы,

Адамның оңай жылауы.

Тірліктің бастау бұлағы,

Өмірге ғашық кінәлі.


Тағдырын тербеп түн әні,

Тағат та бір күн тынады.

Қылықты қыздың бағына,

Қашанда ері кінәлі.


Қамшының сабы – сынары,

Адамның бәрі кінәлі.

Ерлердің бағы жанбаса,

Қосылған жары кінәлі.


Жолыңды – жолсыз қағатын,

Арыңа күнә тағатын.

Патшадай көңіл кінәлі,

Деміңнен күнә табатын.


Селдетіп сезім күмәні,

Жаралған өзім кінәлі.

Күнәнің бәрін көретін.

Бәріне көзім кінәлі.


Тойымсыз – тоққа сана бер,

Ұлықты көрсең дана гөр.

Барлығын бірдей көтерген,

Сен бе кінәлі – қара жер.


2005 ж.



***



Сен – табиғатты алдама,

Өзге бақтың қызғалдағын таңдама.

Сүю заңын білмесең -

Қорлама!

Қажет пе саған даңқ,

Бағың үшін өзіңді таныт.


Дүниедегі ең киелі нәрсе,-

Әйелге берген ант.

Жақсының ләззаты да ұлы,

Адам – шарасыздықтың құлы.

Өз жаратылысыңды танымасаң, -

Құры!



***


Күн – әйел шуақ,

Ай – әке шырақ.

Өмір толған сұрақ,

Адам – құпия құрақ.

Барлығы жұмбақ бірақ...



***


Мен сүйемін,

Мені мынау сайқал заман сүйе ме?

Қас-қағымдық ғұмыр үшін бар жанымды күйелеп.

Қыздың сүйіп, ал жігіттің сүймегені секілді,

Қара түннің қолтығынан зорға басын ие ме?!


Қызық жанмын,

Көбелектің күрсінісін естігенмін мен деген,

Мұңды өлеңді момын көздің жасыменен емдегем.

Өлеңге өш болғаны үшін,

Қайда қалмас ғарып бас,

Бөрі кеуде, бөрі ауыздың у сөзіне көнбегем...


Мен момын ем,

Өмір мені қуландырып, уландырып барады.

Тарлан ойдың табытында

Ғұмырымның тамырланып бар әні,

Бозторғайдай биік ұшар титтей шырыл өлеңім,

Пенде қалпым қалмас, білем,

Ақын қалпым қалады,

Солай, солай мен білетін,

Өмір – мәңгі саналы...



***


Сен – мендей бола аласың ба,

Қорықпай ораласың ба.

Мәнтіреп кеттік расында,

Ғасырдың өліарасында.


Адасып бізден албырттық,

Сайтанға сезімді алдырттық.

Сары уайым кешкен салғырттық,

Жіберді бізді мәңгүрт қып.


Өткеннің орны толмайды,

Есіме салма ол жайлы.

Нүктесіз сөйлем болмайды,

Нүктесіз өмір болмайды...



***


Бәйтерек болу бір арман,

Не пайда сұңқар шынардан.

Төріме шықсаң – шыға бер,

Төбеме сені шығарман.


Жалғанға биік жар басы,

Сен содан құлап қалмашы.

Алдайтын болсаң сен мені,

Соңғы рет қана алдашы.


Өлеңім – ақын дәулеті,

О,ерлер неткен әуре еді?!

Мың күнде сынбас шөлмектің,

Бір күнде сынар нәубеті.


Әлдиле мені жесір ой,

Тербетші тәтті бесік ой.

Сезімдер жараланғанда

Ақынның күні осы ғой...



***


Қыз едік қылық еліккіш,

Көздерді жаулап көрікті іс.

Қиыр да, қиыр жер шалып,

Қырыққа да келіппіз.


Жалғанға жар боп жеті күш,

Жер қылды талай жетім іс.

Ашудың арты - өкініш,

Ақылдың арты - бекініс.


Қыз-қылық қалған көш кері,

Жырымды қайтем кестелі.

Ғұмырда қайғы тұрақсыз,

Бақыт та мәңгі көшпелі.


Дүниенің келер кезегі,

Бәріне басым төзеді.

Өмірдің өзі таразы,

Салмағыңды сезеді.


Сирена - өлең жүрегі,

Көргіш те, сезгіш сын өзі.

Алдымды болжап бола ма,

Көрешегім біледі.



2000 ж.

* * *


Белінде жүріп биліктің,

Білмеймін әйтеу сый күттім.

Адал ашудың діңкесін құртып,

Арам ортада ширықтым.


Қара өлең бұған Қасым да,

Тағылық көрсе тосын ба.

Құран дем салған ақынға,

Ауыздық керек расында.


Түскенін сездім құнымның

Өзімнен-өзім жұлындым.

Ақындық биоөріске,

Келген-ді менің жылынғым.


Шөлмек ғұмырдың сұрағы,

Уақыттан ғана тұрады.

Мәңгілік – деген мұңсыздың,

Уақыт – жай бір құрамы.



***


Шалқаймаймын,

Шаттығыма қанағат.

Еңкеймеймін,

Ардың жүгін сағалап.

Адалдығым – ертеңіме аманат.



***


Паңдығым ұстап шалқайып едім,

Ай күңіренді.

Пәктігім ұстап еңкейіп едім,

Жер күңіренді,

Көңілі кірбің дүние,

Қайтемін енді?!.



***



Мен Сізге келдім,

Тағдырдан өзге жоқ тілек.

Жақсы білесіз, өлеңге керек отты леп.

Абайдан қалған өлеңді бүгін біреулер,

Өтірік-өсекпен көмгісі кеп жүр тепкілеп.


Өмірде мынау шындық тұр көкте шырқырап,

Тағдырдың өзі біздерді бүгін тұр сынап.

«Біріңді қазақ – бірің дос» - Абай ақылы,

Әкете алмапты бұлыңғыр заманның бұлтын ап.


Мынау фәнидің жалғанын ұққам бағана,

Дарындарды әлі көрген жоқ ешкім бағалап.

Ме кеткен күні «неге кетті» деп сөкпеңіз,

Өмір-өзеннің жар-құзын кетем жағалап.


Соқты ғой, соқты заман желі не түрлі,

Еріксіз ескен Ертістің суы секілді.

Ойпаңда қалған шалшықты шашып өтетін,

Есер бір такси шайып өтпесін бетімді.


Еме алмай жүрмін әдебиеттің ақ сүтін,

Сонымен бірге келер деп едім жақсы күн.

Жүрмін ғой талай тағдырдың сынын көтеріп,

Бірақ, мен сөзді көтере алмаймын, нақ шыным!



Астана қаласы.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар