Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Мөлдір Айтбай: Таяқ жеген соң, қол жұмсап та үйрендім

28.03.2016 469

Мөлдір Айтбай: Таяқ жеген соң, қол жұмсап та үйрендім



revNLls1TNU.jpg

Спорт кейде маған парадокстан тұратын секілді көрінеді. Бір қарағанда, бұл салада жеңіске жету үшін сен өміріңнің саналы бөлігін сарп етуің керек секілді. Құрбандыққа шалатын тұсың да көп. Ал екінші жағынан, «қалауын тапса, қар жанады» демекші, барыңды салсаң, өзге саладан келіп аз ғана уақыттың ішінде жеңіс тұғырына көтерілуге мүмкіндік бар. Бұдан бөлек, кей спортшылар 25 жасында спорттық карьерасына нүкте қойып жатса, енді бірі бұл жаста (біреулері одан да кеш) тек спорт әлеміне алғашқы қадамын жасайды. Бүгінгі кейіпкеріміздің өмірі де біз айтып отырған спорттағы парадоксқа дәлел. Бұлай дейтініміз, Мөлдір Айтбай есімді бойжеткенді көпшілік ақын, айтыскер ретінде ғана біледі. Оның жыр шумақтарын жастанып оқитындар да аз емес. Жақында Мөлдір өзін жаңа қырынан танытты. Оның Павлодарда панкратион мен грепплингтен өткен Қазақстан біріншілігінде топ жарғанын естіген жанкүйерлері аң-таң. Айтуынша, бұл бала күнгі арманы. Азия мен әлем біріншіліктерінің жолдамалары да қолында. Дегенмен Мөлдірдің өнерін бағалайтын жұртқа даурықпаңыздар дегіміз келеді. Ол өлеңін де қатар алып жүрмек. Тіпті, бізге сұхбат бергеннен кейін артынша-ақ Шымкенттегі респубикалық айтыстан ІІІ орынмен оралды. Ал енді 25 жылдық арманын 25 күнде орындаған айтыскер спортшымыз мамырда өтетін сары құрлық біріншілігіне дайындыққа кіріседі.


– Мөлдір, сізді көпшілік ақын ретінде біледі. Ал спортқа қалай келіп жүрсіз?


– Үйде менің алдымда үш ағам бар. Соларға еріп 1-7 сынып аралығында дзюдо үйірмесіне барып жүрдім. Ал 7 сыныпта қазақ-түрік лицейіне түскен соң спортқа көңіл бөлетін уақыт болмай кетті. Оның үстіне спортпен үлкен жетістікке жетемін деген мақсат болған жоқ. Бауырларыммен бірге баратын қыдырыс секілді көрінетін. Соған қарамастан облыстық деңгейдегі жарыстарда алғашқы орындарды иелендін. Ал 9-11 сынып аралығында біраз еркін күреспен шұғылдандым. Бәлки, спортқа деген бір күш тартып тұрғандықтан шығар. Алайда анам өзі ақын болғандықтан менің де сол жолмен барғанымды құп көрді. Сөйтіп 11 сыныпта менің қарсылығыма қарамастан, мәжбүрлі түрде күрес үйірмесінен шығарып алды да, анам таңдаған оқу орнына түсіп, сол кісінің қалауындағы мамандықты игердім. Өнерге де біржола бет бұрып, шүкір, өткен жылы кітабымды шығардым. Қарашаның 26-cы Алматыдағы Жазушылар одағында «Мөлдір-өлең» атты кітабымның тұсаукесері өтіп жатқан, қаумалаған жұрт. Телевидениеге дейін келген. Анам сахнада сөз сөйлеп тұр. Бір қарағанға, бұдан асқан қандай бақыт болуы мүмкін. Бірақ менде өз-өзіме риза болу, қанағаттану секілді сезім жоқ. Оған дейін де мүшәйрадан, айтыстардан жүлделі орындар алып, бас жүлдемен оралсам да, сондай бір ерекше ләззатты сезіне алған емеспін. Тіпті, қонақтардың «мына өлеңің керемет екен, ана өлеңіңді жатқа білемін» деп жатқан мақтау сөздері де соншалықты қызық емес. Әрине, осы күнге жеткізген Аллаға шүкір. Дегенмен іштей қанағаттанып тұрған жоқпын. Онан соң Қалқаман Сариннің қолдауымен кітаптың Астанада да тұсаукесері ұйымдастырылды. Сөйтіп жүргенде Жаңа жыл мерекесі де келді. Өзім оны тойлауды ұнатпасам да, 1 қаңтарға ауған түні «өткен жылы не істедім және биыл не істеймін? деген сұрақтарға жауап беретін әдетім. 2015 жылы көптен жоспарлап жүрген әлемнің біраз елін көрдім, одан басқа да мақсаттарыма қол жеткіздім. Ойлана келе 2016 жылы мен өзім үшін өмір сүремін деп шештім де, спортқа деген махаббатымды жандандыруға бел будым. Мұнымда тек жақын деген құрбыларыма ғана айтып ем, олар қолдады. Бастапқыды анама жаттығу залына денемді шынықтыру үшін ғана барып жүрмін дедім. Қаңтардың 20-сы Қызылордада кітабымды көпшілікке ұсынған соң, 23-інен бастап айкидо, дзюдо, самбо секілді күрес түрлерінен қосындысынан тұратын грепплингке ден қойдым.



– Таңдауыңыздың қыз бала үшін қиындау саналатын жекпе-жектің бұл түріне түсуіне не себеп?


– Жасым 25-ке жақындағанда дзюдо немесе самбоға қайта барсам, өз-өзімді дәлелдеуге ешқандай мүмкіндік жоқ екенін білдім. Ал грепплингте бәсеке аз, оның үстіне онымен айналысқан адам UFC-ге кете алады. Сонымен не керек, жұмыстан да шығып кеттім. «Не істеп жүрсің?» деген достарыма «Қалалық мәслихатқа сайлауға түскелі жатырмын, Павлодарда өтетін жарыста Мәшһүр Жүсіп Көпейұлына арналған ғылыми жұмыс қорғауға дайындалудамын» деген секілді өтіріктерді бірінен соң бірін қиыннан-қиыстырып айта беремін (күліп). Одан қалды кітабымды қытай тіліне аударсақ деген жоспар бар, «соның жұмыстарымен барамын» деп қоямын. Дайындыққа кіріскен күннен қыздардың жоқтығы себеп мені бапкерім ұлдармен жекпе-жекке шығарып қоятын. Баяғыда қаланған іргетас бар ғой, әдістерді бірден қағып аламын, сөйтіп күресетін он баланың алтауын жеңетінмін. Осыны көрген бапкерім «29 акпанда Павлодарға кетеміз, 4-5 наурызда біріншілік өтеді, сен соған қатысасың» деп қойған. Жаттығу күніне екі рет. Үйдегілерге түсіндіру, тіпті, қиындап кетті. «Йогаға, биге қатысып жүрмін, әзірге біраз демалсам деймін, жұмысқа да кейіндеу кіремін» деген сылтаулар айтыла бастады. Әйтеуір Павлодарға жеттік.


– Алғашқы біріншілік қалай өтті сіз үшін?


– Чемпионатта мен қыздар үшін абсолютті саналатын +71 келі салмақта бақ сынауым керек. Бір-ақ қарсыласым бар екен, оны жеңіп, алтын медаль иелендім де, қыркүйек айында өтетін әлем біріншілігінің жолдамасын қоса ұтып алдым. Үш күн жүріп барғанда әрі кеткенде 15 секундта жеңіп тастағаныма көңілім толмай, «басқа қарсылас жоқ па?» десем, бәрі күледі. Ағайым: «егер өзіңе сенімді болсаң, панкратион мен ММА-де бақ сынап көр», – деді. Панкратион «элит» және «традишн» деп екіге бөлінсе, мен соның екіншісі бойынша шығып, тағы да жеңімпаз атандым. Бірақ оңай соққан жоқ. Қол-аяққа жұмыс істеп көрген адам емеспін, бастапқыда ұруға да батылым жетпейді. Ал ММА-ден атыраулық спортшыдан оңбай жеңіліп, күміс алдым. Бұл дұрыс та болған шығар. Себебі шыға салып бәрін жеңіп жүрсем, менде немқұрайлық немесе өз-өзіме деген аса сенімділік пайда болып кетер ме еді. Есесіне жаттығуды үдету керектігін түсініп, қателіктерімнің көп екендігіне көз жеткіздім. Бұйырса, мамырдың 6-8-і аралығында Алматыда өтетін Азия біріншілігіне дайындалып жатырмын. Ең қызығы, жарыстағы суреттерді Инстаграмға салғанымда, ешқандай сайлауға түсіп жатпағанымды, Мәшһүр Жүсіп туралы ғылыми жобамның жоқ екендігін көрген жұрт аң-таң қалды (күліп).



– Сонда бұл бала күнгі арманыңыз екен ғой?..


– Ертең 50-ді алқымдағанда, жас кезімде неге солай істемедім екен деп өкініп отырғым келмейді. Өмірімде өкінген адам емеспін, болашақта да солай болғанын қалаймын. Бәлкім, аяқ-қолым сынып, ауыр жарақат алатын шығармын. Тіпті спортқа бет бұруым менің өмірімдегі ең үлкен қателік те болар. Мейлі, ең бастысы, мен мұны өз қалауыммен жасап жатырмын. Қазір спорт шеберлігінің нормативін тапсыруға дайындық үстіндемін, бірақ бұл дегенім өмірімді енді спортпен байланыстырып, бапкер болып кетемін дегенім емес. Өнерімнен алшақтамаймын, өйткені ол менің жүрегімде. Оған физикалық даярлықтың қажеті жоқ, өлең жазу диета ұстауды керек етпейді. Шынымды айтсам, бала күнімде өзгелер секілді ақ көйлек киіп тұрмысқа шықсам немесе ғарышкер болсам деген армандарым болған емес. Менде тек мақсат бар. Оның орындалатындығына көзім жетсе, сол жолда күресемін. Ал спортқа деген қызығушылығымның бұрыннан келе жатқанын білетін анам айтады ғой: «25 жылдық арманыңды 25 күнде орындадың» деп. Жақында біздің жаттығу залына бір боксшы ұл келіп, ағай оған «Алаш Прайдтың» турниріне дайындалуға тапсырма берсе, әлгі жігіт «Мен боксшымын, аяққа жұмыс істемегенмін» деп еді, бапкеріміз: «Ештеңе етпейді, ақын қызымыз бір айдың ішінде Қазақстан чемпионы атанды» деп күледі. Қазір шын бақытты екенімді білемін, жаттығудан келген сайын бойымды мақтаныш сезімі кернейді.


– Бапкеріңізбен қалай танысып жүрсіздер?


– Осыдан біраз уақыт бұрын Қызылордаға Қанат Ислам келді. Кездесуде Арман Мәделханов деген менің қазіргі бапкерім де сөз сөйледі. Сонан соң мен сұрақ қоятын болдым да, Арман ағаға: «Батыр ақын болмаса, батырлыққа сын емес. Ақын батыр болмаса, көрген күні күн емес», ақынмын, спортты сүйемін, сіз батырсыз, өнерді сүйесіз бе?» деп ем, ол кісі: «Кітап оқығанды жақсы көремін, әсіресе тарихты. Бірақ соңғы кездері поэзияға көштім. Өзіме қажеттіні білуге тырысып жүрмін» деп, менің кітабымды сұратып алды. Басқосудан соң «сіз спортты жақсы көреді екенсіз, өзіңіз шұғылданасыз ба?» деп сұрады. Мен фитнеске барып жүргенімді айтып ем, «маған келсеңіз, айына 5 мың теңгеге жаттыға аласыз, аптасына алты рет» деді. Бастапқыда қыз балаға жекпе-жек деген қалай болады екен деген үрей болғанымен, ойлана келе келістім. Бірақ кітабыма байланысты жаттығуға тұрақты бара алмадым. Бір күні кезекті кешіме гүл алып келіпті. Сонда «Маған сенсе, біржола жаттығуға кірісейін» деп шештім. Әрі мақсатқа жетудің қиын, бірақ қысқа жолы осы жекпе-жек болды.


– Әлем чемпионатына дайындық басталды ма?


– Шымкенттегі айтысқа бірнеше күнге сұранып барып келген соң, жаттығуға толықтай кірісеміз. Біздің залда қыздар аз, барының өзі қазір көбінде шәкірт тәрбиелеуге ден қойған. Сондықтан менің спарринг-қарсыластарым негізінен ұлдар. Ал әлем біріншілігіндегі бәсекелестерім жайлы әзірге ойламауға тырысамын. Себебі, қазір қалыпқа келуіме уақыт берген. Әрі ағайым жеңістен соң аздап «жұлдыз ауруына» шалдыққанымды да сезген шығар.


– Бүгінгі панкратионда Ежелгі Грекияда пайда болып, бірнеше спорт түрін біріктірген панкратионға қарағанда жарақат аз деп жатады. Бірақ спорттың қай түрінде де жарақатсыз мүмкін емес. Ал сіз сахнаның да адамысыз. Көпшіліктің алдында өнер адамының көзі көгеріп отырғаны ыңғайсыздау шығар?


– Бірде бізге жаңадан бір спортшы келіп, бапкерім менің мүмкіндігімді тексеру үшін әлгі жігітпен жекпе-жекке шығарғанда, «сюрприз» деген әдіске түсіп қалдым да, қабырғам шығып кетті. Тіпті, ауа жұта алмай қалдым. Сүйектің бөлек тұрғаны қолыма да сезіледі. Сонан соң емханаға емес, үйреніп қалған халықтық емге сүйенейін деп, көрші тұратын сынықшы апайыма бардым. Қазір ғой екі күннің бірінде сол кісінің көмегіне жүгінетін болдым. Дәрігерге қаралу, рентгенге түсу мен үшін өте қорқынышты. Ұшықтатып, жұмыртқа таңа салған оңай көрінеді (күліп). Алғаш қабырғамды салғанда бір аптадай тек жеңіл жаттығулар жасап, күш салмауға тырыстым. Қалыпқа келген соң да, «аузы күйген үрлеп ішеді» демекші, әлгі әдіске түсіп қалмауға күш жұмсадым. Ал ММА-дегі жарыста капамның болғанына қарамастан ернім жыртылды. Сонда бір спортшының күлгені бар: «Мужчину украшает шрам, а женщину синяк» деп. Әдетте дайындықта бір-бірімізге жарақат келтірмеуге тырысамыз. Ал жарыста соққы алсаң да, мақсатыңның орындалуы үшін шыдауға тура келеді. Қазақстан чемпионатында аяғым шығып кеткен. Тебіліп үйренбегендіктен ғой. Оны да салдырттым. Қазір аздап қана ауырады. Бірақ мойныма медаль тағып оралғанда, анам шашу шашып күтіп алды да, оны басқа балалар «жұғысты болсын» деп жинап жатқанын көргенімде, өмірімде шынайы бақыттың не екенін сезіндім.



Әлгіндей айттым ғой атыраулық қыздан жеңілдім деп. Ол кикбоксшы екен. Қолды-аяққа тұрмайды. Әдіс жасатуға да мүмкіндік бермейді. Таяқ жеп денемнің бәрі ауырып қалды. Ешкім маңдайынан шертпеген қызбын ғой. Бірақ сол кездің өзінде мен айтыстан шыққандағыдай әлсіреген жоқпын. Айтыстағы ауыртпалық физикалық ауыртпалықтан бірнеше есеге артық. Жарыстан кейін денемді ала алмай тұрмын, аяғым қимылдамайды, бетімнің іскенін көрсеңіз. Соған қарамастан айтыстың ертеңіндегі халім одан әлдеқайда нашар болады. Себебі, спортта ары кетсе, бірнеше адамның қолы тисе, ал сахнада мыңдаған адамның көзі тиеді. Сондықтан өзімді ерлік жасадым дей алмаймын. Айтыстан кейін адам жердің шетіне баруға да дайын болатын секілді.


– Негізінен халықтық емге көбірек ден қоятыныңызды айтып қалдыңыз. Ал спорттың денсаулығыңыздың жақсаруына қаншалықты көмегі тиді?


– Ең алдымен салмағым төмендеп, 95-тен 75 келіге түстім. Негізі салмағым былтыр ораза ұстағанда, тамақ жеуді қойып, ауыз ашқанда тек қарбыз ғана жеп жүріп төмендеді. Шаршап келген соң сәрісіне ояна алмай қалатынмын. Ағзама қарсы жұмыс істеппін. Тіпті, гемоглобинім 136-дан 63-ке бір-ақ түсіп, өлетін жағдайға жеткенмін. Кейін қайта салмақ қосып, ал жаттығуға барғалы 75 келі болдым. Есесіне дұрыс режим бойынша арықтадым. Бір қызығы, 70 келі кезде киген киімдерім қазір маған кең. Оны ағайым маған: «бұлшық ет майдан гөрі ауыр, бұрын сен тек денсаулығыңды құртқансың» деп түсіндірді. Ұйқы балансым да қалыпқа келді. Бұрын түнгі төртке дейн өлең жазып, сосын таңертең ерте тұра алмасам, қазір ұйқыға уақтылы жатамын. Шаршағанда, түсте мызғып алатын болдым. Өмірімде де тәртіп орнай бастағандай. «Өмірің бейберекет болса, алдымен шкафыңа көз жүгірт» дейді емес пе, сол секілді мен де жұмысты заттарымды ұқыпты қылып жинап қоюдан бастадым.


– Шығармашылығыңызға көз жүгірткен адамға сіздің еркіндікке құштар екеніңізді байқау қиын емес. Дегенмен жаны нәзік ақынсыз ғой. Өнердегі әріптестеріңіз мұндай қадамға баруыңызды қалай қабылдап жатыр?


– Олар енді ғана білді. Шымкенттегі айтыста біраз қыңыр сөз еститін шығармын енді. Бұрын жігіттер денемнің ірі екеніне тиісіп, «бұл қыздың тұлғасына қарап сескенемін, айтысқаным қандай жақсы болды, күрестіріп қойғанда, не істер едім?» дейтін. Сонда менің жауабым шамамен: «күрестіріп қойғанда, не істер едің, жеңілістің ащы дәмін татар едің, қыздан жеңілдің деген атақ алып, жауырының жер иіскеп жатар едің» деп кете беретін. Қазір спортшы екенімді растайтын құжатым да бар, сондықтан «Томиристердің, бертінгі Ләззат пен Сәбираның жолдарын жалғайтын адам керек» деп айтатын шығармын (жымиып). Оның үстіне өзгенің пікіріне құлақ асып, ойымды өзгерте салатын адамдардың қатарынан емеспін. Бірақ, шүкір, өнердегі достарым да хабарласып, құттықтап жатыр. Ал басқалары не айтса да, айта берсін. Сынайтындарға, «қолыңнан келсе, сен де өзіңді дәлелде» деймін. Ең бастысы, анам, отбасым қарсы емес. Таң қаларлығы, ағаларымның бірде-бірі осы күнге дейін «айтысыңнан сурет не бейнеүзінді жіберші» деген емес. Ал турнир кезінде қайта-қайта хабарласып, жарыстың, марапаттау рәсімінің суреттерін сұрайды. Бапкеріме айтсам, ол кісі: «айтыстың қандай өнер екенін түсіндіру үшін сен қолыңа домбыраңды алып, суырып салма ақын екеніңді дәлелдеуің керек, шетелдік болса, тіпті, сөзін аударып жеткізуің қажет. Ал спорт ұлтқа да, дінге де бөлінбейді» дейді. «Сөз бастау қиын ба, қол бастау қиын ба, жол бастау қиын ба?» деп жатады. Меніңше, сөз бастап жүрген адамға қол бастау қиын емес.


– Спорттың аурасына қаншалықты сіңісіп үлгердіңіз? Мүлде екі бөлек әлемді қалайша өзара байланыстырып жүрсіз?


– Біріншілікте қарсыластарыма қарап күлімдеп, олардың жағдайын сұрап жатсам, бапкерім ұрсады «қабағыңды түй, суретке түсе берме» деп. Мен айтамын ғой: «Ағай, спортқа қатысты қандай талап қойсаңыз да орындайын, бірақ табиғатымды өзгерте алмаймын деп». Павлодарға бара жатқан жолда да өзге спортшылар іштей дайындалып жатқанда, мен жанымдағы жолаушылармен әңгімелесіп, қалаған тамағымды жеп жүрдім. Сөйтсем бапкерім: «Ұтылсаң, домбыраңды қолыңа ұстатып, вокзалда тастап кетемін» деп ұрысады. Бірақ марапаттаудан соң ол кісі «бағың да жанып, бабың да келісіп тұр екен. Бағыңның жанғаны – қарсыласыңның жалғыз түйір болғаны, бабыңның келіскені – оның өзін 15 секундта ұтып тастағаның» деп ризашылығын білдірді.


Шыны керек, спорт – өзіңді де, өзгені де аяуға болмайтын сала. Ал мен шыбын өлтіріп көрген адам емеспін. Бірақ талап ортақ болғандықтан, амалың жоқ. Бастапқыда соққы жасай алмай, тек қорғанып қана жүрсем, таяқ жеген соң, қол жұмсап та үйрендім. Ал өлең жазу үшін сенің болмашы нәрсені көңіліңе алып, ренжіп қалатындай жаның нәзік болуы керек. Екеуі екі әлем. Соған қарамастан, маған бір табиғаттан екінші табиғатқа ену қиын емес, кәдімгі бір бөлмеден екінші бөлмеге кірген секілді ғой. Жаттығуда басқа Мөлдір, сахнада басқа Мөлдірмін. Үйге келіп боянып-сыланып серуендеуге шыққанда, мен ақынмын да, ал спорт залында нағыз спортшымын. Соны көрген ағайым: «Кроссовкаңды ақырын ғана шешіп, биік өкшелі туфли киген қалай екен?» деп күледі. Рас, үйге жеткенше өлең жазып, біреулерге ренжіп те үлгеремін.



– Қазақта «екі кеменің басын ұстаған суға кетеді» деген сөз бар. Қос саланы қатар алып жүру психологиялық тұрғыда ауыр соқпай ма?


– Дәл қазір мен анам үшін және өзім үшін екі өмірді сүріп жатқан секілдімін. Ата-ананың әдеті емес пе, өзі жете алмаған арманын баласына тықпалайтын. Физика немесе басқа салаға қызығатын баласын апарып футболшы не әнші қылып қояды. Осыдан соң біреудің ақылымен, өзгенің пікірімен ғана өмір сүретін адамдар пайда болады. Анама ренжитінім – мені о баста өз қалауым бойынша жібермегені, ал риза болатыным – еркіндікке құштар қылып үйретуі. Маған бұл салалардың екеуі де жақын, екеуі де қымбат. Әлгінде айтқанымдай, бірі – жүрегімде, екіншісі – бала күнгі арманым. Құдды көптен ақша жинап, бірде қолыңдағы қаржыны туыстарың алып қойса, бірде өзің жаратып жіберіп, әрең дегенде қолың жеткен тон секілді ғой. Спортты сүйгенім соншалық, мен өнерді сүйетін спортшыға тұрмысқа шығамын деп айтатынмын. Ал қазір осы салада жүргендіктен бе, спортшылардың бәрі маған бауыр секілді, олар да мені қыз бала екен деп «бөтенсіремейді». Бір жылымды спортқа арнасам деген жоспарым бар. Азия және әлем чемпионаттарында лайықты өнер көрсетуге барымды салсам деймін. Әйтеуір 8 наурызда жарыстан келе жатқанда бапкерімнен бастап құрамамыздағы жігіттер құттықтап, сыйлықтарын бергенде барып өзімнің нәзікжанды екенім есіме түсті (күліп).


– Тамақтану режиміңіз қалай? Өзіңізге тым талапшыл емес секілдісіз...


– Таңертең жүгіріп келген соң бөдененің жұмыртқасын ішетінім болмаса, тамақты соншалықты талғап жеймін деп айта алмаймын. Бірақ бұрын тамаққа майонез қосқанды, донер мен гамбургерлерді жақсы көрсем, қазір оларды азайттым. Суды да қалауым бойынша ғана ішемін. Құрамында ешқандай пайдалы дәрумені жоқ нанды да жеуді қойдым. Жеміс-жидекті көбірек пайдаланатын болғанмын. Азиядан өтсем, салмағымды 65-ке дейін қусам деген жоспар бар. Ең бастысы, қанша күш жұмсасаң, соның орнын толтыратын дәрумендер қолдану қажет.


– Біраз уақыт салмақпен күресіпсіз. Қыздардың басты мәселелерінің бірі ғой бұл. Арықтау үшін адамға алдымен не керек?


– Біріншіден, өзіңде артық салмақ бар екенін мойындау қажет. Біреулер бар «сүйегім ірі» деген секілді сылтаулар айтатын. Ондай құрбыларыма «бар болғаны тамақты аздау жеу керек» деймін. Ең бастысы, оның белгіленген уақыты болуы керек. Таңғы асыңды сағат сегізде іштің бе, күнделікті соны ұстан. Ал дәрі арқылы арықтау дегенге қарсымын. Біздің өмірдегі басты міндетіміз ана болу екендігін ұмытпаған жөн. Одан да ұйқыдан тұра салып, он рет отырып-тұр. Шашылған киімді, жерде жатқан затты сыра салмай, еңкейіп алып орнына қой. Қолды сермеп, аяқты көтеру де артық емес. Сағаттап телехикая көретін халықпыз ғой, отырған орныңда мойыңа жаттығу жасап, аяқ-қолды қимылдату да пайдалы. Міне, осылардан бастаса, міндетті түрде нәтиже көрінеді.


– Екеуміз Наурыз мерекесі қарсаңында әңгімелесіп отырмыз. Сөз соңында оқырмандарымызға арналған төл жаңа жылымызға деген тілегіңізді естісек...


– Жүректеріңізге махаббат, жандарыңызға сезім, тәндеріңізге сергектік, өздеріңізге денсаулық пен амандық тілеймін. Өзім ең тыныш саналатын қаңтар, ақпан, наурыз айларында жақсылап жоспар құрып, қалған айларда соның нәтижесіне жұмыс істеймін. Айтпағым, бүгінге дейінгі жоспарларыңыздың жемісін қалған тоғыз ай бойы тере беріңіздер. Қазақ үшін берекелі, ырысқа толы жыл болсын! Кризис болмасын, кредит алмасын, қазағымның көк туы әлемде самғасын!


– Айтқаныңыз келсін! Біз де сіздің жеңістеріңізге куә бола берейік!


Cұхбаттасқан: Мәдина Асылбек, Sport газеті (№12, 4987)


Біздің Telegram-парақшамызға. жазылыңыздар!

Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар