Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Әбіш Кекілбайұлы. Сең соққандай сергелдең...

22.10.2017 5863

Әбіш Кекілбайұлы. Сең соққандай сергелдең

Әбіш Кекілбайұлы. Сең соққандай сергелдең - adebiportal.kz

Әбіш Кекілбайұлы

Алыстағы базардан асыл мен таңсық іздеп кеткен керуенші қандай олжамен оралар екен деп екі көзің төрт болады ғой. Жаңа шығармаға кіріскен жазушы да тап солай тағатыңды тауыстырады екен. Әбдіжәміл Нұрпейісов әлгіндей сапарлардан дәйім олжалы оралып, әбден дәндетіп тастаған суреткеріміз. Бұл жолы да жаңа романын қашан бітірер екен деп, тықыршып жүргенбіз. Көп күткізген қолжазбасының соңғы нүктесі қойылыпты. Оқып шықтық. Жаңа кітаптың жақсысы – ескі досың сияқты екен. Қай-қайдағы еске түсіп, шер тарқатады екенсің. Бұл жолы да қабырғамыз сөгілердей қамырығып қалдық. Иә, мынау жарық жалғанға кімдер келіп, кімдер кетпеген? Нелер болып, нелер өтпеген? Бірақ содан шығып жатқан пәтуа қайсы…

Осы бір қаламгер ылғи осылай жазады… Дәйім осылай қаймықтырып, қамықтырып тастайды. Жер астына тірілей бір түсіп шыққандай, желпіліңді әбден сап қылып, желігіңді мүлде басып тастайды. Әдейі аптығыңды басып, ақылыңды шашу үшін жазатындай. Бәлкім, сонысы дұрыс та шығар. Жазушы дегеніміз де қанша қақырайтқанымызбен, пайғамбар емеспіз ғой… Көңіліңдегі бар түйткілді бірден серпілтіп, санаңды самғататындай сара жолды қайдан нұсқап бере алсын?! Бірақ самарқау ақылыңды ашытып, тоғышар көңіліңді толқытып, семіре бастаған сезімді сергелдеңге түсіріп, даусыз ақиқат көріне бастаған даңғой ұғымдар мен дабыра гәптерге секем шақыртып, ойсырата ойланта алса, әбден жарағаны емес пе?!

Тіпті ең алғашқы тырнақалдысы – “Курляндиясын-ақ” алайықшы. Өз басымыз оны Жеңіс туралы желпіністің әлі басылмай тұрған кезеңінде оқыдық. Жүрек жұтқан партизандар мен қолбасшылар, “алтын жұлдызды жігіттермен” аймаласқан аңсарлы арулар туралы романдар тасқыны әбден асқынып тұрған кезде оқыдық. Сонда ылғи шәрбәт ішіп отырып, кенет тұздық ұрттап қойғандай, тосын әсерге тап болдық. Бір тайлаққа жүк болғандай батпан кітаптың ол сиқырын кейінірек түсіндік. Тахауи Ахтановтың “Қаһарлы күндері” шыққанда тағы қайран қалдық. Обалы не керек, ұлттық әдеби сын да, одақтық әдеби сын да екі романның екеуін де соғыс тақырыбындағы елеулі туынды ретінде бағалады. Бірақ несімен ерекшеленетіндерін айтпады. Көп ұзамай, алпысыншы жылдар келді. Талай қапас қақпаларды шалқасынан айқара ашып тастаған айтулы “жылымық” кезең келді. Батыс әдебиетіндегі пенде шіркінді шыбын жанын қоярға жер тапқызбай көзсіз көбелекке, дәрменсіз қуыршаққа айналдыратын соғыс сияқты сойқан құбылыстың бойынан ешқандай сипат, ешқандай романтика іздемейтін, ондайды күпірлік санайтын “зая ұрпақ” жайындағы романдар біздің де қолымызға түсе бастады. Кеңес әдебиетінде де майдан тақырыбын қайта қарап, қайта пайымдауға тырысатын шығармалар жиілеп кетті. Жеңіс желпінісінен гөрі адамдардың тағдыры мен арына, жалпы халықтың басына түскен тауқымет пен қасірет басым айтыла бастады. Аталмыш екі қазақ романы осы ағымды бастаушылардың сапында болды. Бұған бәріміз шүкіршілік еткеніміз жөн.

Әсіресе қазіргідей ұлттық көркем ойымыздың баяғысын тозғындық, кешегісін азғындық, бүгінгісін солғындық, ертеңгісін беймәлім санап, бейпілдікті батылдық көру бел алып тұрған кезде бұндай-бұндайды оқтын-оқтын еске түсіріп қоюға тура келеді. Өйткені бүгінгі “жойылсындап” өрекпитін әлеуметтік әулекіліктің кеше “жасасындап” жалындағанында қандай ұшпаққа жеткізгенін көргенбіз. Сондықтан тарихтың қай талма тұсында да салиқалы ақыл иесі саяқ жүруге тырысқан. Топ алдына шығам деп, тобырдың сойылын соғу үшін өнердің де, білімнің де еш керегі жоқ.

Сырт көзге сыздап суық шырайлы көрінетін Нұрпейісовтің шығармашылық, азаматтық тұрғысында сырбаздық барын ешкім жоққа шығара алмаса керек. Бірақ ондай салқын қандылық ештеңеге елікпейтін енжарлықтан емес, жоқтан өзгеге желп ете қалмайтын естияр санадан, үлкен жауапкершіліктен, тіпті рухани қайсарлықтан туындап жатса керек. Ол үшін аз құқай көрмеген де сияқты. Алпысыншы жылдардағы “Жұлдыз” әлі есімізде. Тұсында Әуезов жанын жадыратқан “жыл келгендей жаңалық” лебі, сол лепті әкелген жастар легі әдебиет табалдырығынан аттай алмай, қанша жүрді. Әр басылымның әр пұшпағына бір жылт еткеннің өзіне төбелері көкке жеткендей қуанды. Әдебиет сахнасында шыға алмай, іркіліп тұрған иін тірескен лектің алдынан қақпаны айқара ашып салған да сол “Жұлдыз” еді.

photo_9041.jpg

Оның бас редакторы Әбдіжәміл Нұрпейісов еді. Сол үшін бір жылға жетер-жетпесте орынынан алынды. “Жас ұрпақты аға ұрпаққа қарсы қойдың”, - деп сөгіс алды. Жамандап айтылмаса, жақсылап айтылмайтындай, “анафемаға” да ұшырады. Ол заманда жылт етері бар жақсы көрінсе, өз бауырына тартып, өз сөзін сөйлетуге тырысатын үстем саясат ол ыңғайға көне қоймағандардың құйрығына қоңырау байлап бағатын. Нұрпейісовте де ондай қоңырау аз болған жоқ. Қазір ара-тұра әңгіме болып қоятын сол алпысыншы жылдардың талқы-таластары да жылымықтан соң жаз шығады деп дәметкен рухани ұрпақтың, әлеуметтік, әдеби сананың тез есейіп, эстетикалық деңгейдің тез кемелденуіне асыққан рухани максимализмнен өрбіген әңгіме еді. Бірақ сол тұста Мәскеудің үлкен жиналысына барып келген бір ағамыз: “Соншама даурығатындай ештеңе жоқ екен. Барған бойда қонақ үйдің балконына шығып қарап ем, Кремль орнында тұр екен. Төбесіндегі жалауы да сол баяғы Қызыл ту екен”, – деп айтқандай, көп ұзамай бәрі де таз қалпына түсті. Көн тартылып қалыбына келгендей болды. Әлгіндей максималистік ағымның басы-қасындағы үлкен-кіші баяғыдай жер ауып, тескен тау өтіп кетпегенмен, ауыл арасының құқай-сұқайына аз ұшыраған жоқ. Дегенмен, сол кезде шығып, көзге түскен буынның талантты өкілдері көзапара кеше өзі мансұқтаған тенденцияларды қайта мойындап, саяси коньюнктураға беріліп, “өндірістік роман”, “шаруашылық роман” қуалап кете қойған жоқ. Заман туралы шындықты адам туралы шындықтың ауқымынан асырмауға тырысты. Соның арқасында баяғы Абай мен Мағжаннан кейін бағы жанбай келген қазақ лирикасының бағы жанды. Қазақ прозасындағы әлеуметтік-психологиялық талдау тереңдей түсті. “Абай жолынан” кейін ешкім беттей алмай қалған тарихқа бетбұрыс күшейді. Өнер ешқашан ресми идеологиямен есептеспей де отыра алмаған, бірыңғай соның ырқына көніп те кете қоймаған. Таза “әлеуметтік тапсырыспен” талай таңғажайып тудырған Рафаэль, Микеланджело, Рублев, Врубель, Фирдоуси, Науаилер өмірі – соған куә. Көп ұлтты кеңес әдебиетінің алпысыншы жылдардан бермен қарай әлемдік сахнадан молынан көріне бастауының сыры да сонда. Тек ашық дау-дамай туғызған шығармалар ғана емес, орнықты ағым өкілдері де шетел оқырмандарының ықыласына ілікті. Өйткені әдебиеттің, өнердің өктемдікке қарсыласар әулеті тек жалаң жанжалшылдықпен шектелмейді. Жанжалшылдық та, түптеп келгенде, мадақшылдық сияқты уақытша ғана атақ шығаратын баянсыз құбылыс. Өнер тарихы тұсында жаппай дабыра туғызған шығармалардан гөрі тек талғампаз қауымның көңілінен шыға алған некен-саяқ шығармалардың ғана өмірлі бола алатындығы да сондықтан. Өйткені адамзат қашанда бір енін ішінде ұстауға мәжбүр болған. Өнер де сол адам өмірінің көзге көрініп тұрған сырт нобайына емес, іште бүгіп қалған рухани қылтасына бойлай алатындығымен мақсатына жеткен.

Сонау алпысыншы жылдардағы әдеби таластардың көздегені де көркем ойды өзінің төл арнасына көшіру еді. Сондықтан оны жазушылар арасында бола беретін жай әншейін бақталастықпен шатыстыруға болмайды. Ол үйреншікті дағдыдан шыққысы келмейтіндер мен соныға соқпақ салғысы келетіндердің арасындағы көзқарас кереғарлығынан туындаған-ды. Жеке адамға табынушылықты сынау рухани құндылықтарды қайта бағамдау талабын туғызды. Қоғамдағы құндылықтар жүйесі түбегейлі қайта жасақталады деген үміт күшейді. Бәрін қайта қарап, бәрін кемеден лақтыру керек дейтін ғасыр басындағы солақай нигилизмді тағы да оятқысы келгендер де болды. Өйтіп түбінен қопармай, ендігі жерде жаңа бағытпен жүруіміз керек дейтіндер де болды. Қазақ әдебиетінде соңғы сарын басымдау түсті. Жаңашылдардың өзі Абай мен Әуезовке құдайдай табынды. Көзі жоғалып кеткен жазушылардың шығармаларының қайта оралғанына қуанды. Әлі оралмай жатқандарының оралатынына да сенді. Сирек қорлардың тыйым салынған шығармаларды оқуға, олардың авторларын, астыртын да болса, дәріптеуге бой ұрды. Әдебиетшілер әулетінде туған сәбилерге Мағжан деп, Әлихан деп, Ахмет деп ат қою көбейді. Жылымықты пайдаланып, жаңаға бет бұру, озғын ойлы тәжірибеден үйрену, етек-жеңімізді жиып, бар-жоғымызды түгендеп алу керек деп ойлайтындар жастар арсында да, үлкендер арасында да аз болмады. Қажет десеңіз, Мүсірепов пен Мұстафин прозасындағы өткенді өзгеше толғау, Тәжібаев, Мәуленов, Бердияров лирикасындағы тақырып жаңалығы мен түр тосындығы, Жұбан Молдағалиев дастандарындағы өжет уыт, Бердібек Соқпақбаев, Тәкен Әлімқұлов, Қуандық Шаңғытбаев шығармаларындағы саясаттан адалдық тап сол жылдары ерекше көрініп, аға буынды да жаңа ізденістерге бастап берген-ді. Ол кездегі күресті “әкелер мен балалар”, ескі ұрпақ пен жаңа ұрпақ тайталасына жору да ретсіз. Жау іздеушілік те болған жоқ. Алайда “жылымыққа” жол берген партиялық билік одан арғыға тәуекел ете алмады. Таза стиль мен жанр туралы эстетикалық көзқарастар таласының өзіне идеологиялық сипат беруге тырысты. Н.С.Хрущев өнер қайраткерлерін шақырып алып, үсті-үстіне ұрысқан соң, Қазақстанда да абстракционистер іздеу, дисиденттер табу талабы бой көрсетіп қалды. Бірақ қазақ топырағындағы жаңашылдық модерншілдік деңгейге көтеріле қойған жоқ-ты. Кеңес дисиденттігі көбіне-көп сыртқы дүниемен жең ұшынан жалғасуға мүмкіндігі бар орталар мен орталықтарда етек жайды. Қазақстанда ондай мүмкіндік жоқ еді. Сондықтан ресми саясат барымен базар қыла тұруға тырысқан сияқты. Шет ел әдебиетінен шеберлік мәселесін үйрену керек дегендер “болашақ синявскийлер” саналып, ақын Олжас Сүлейменовтың тілімен айтқанда, не “таза солдатщинаға”, не “киностудияның қара жұмысына айдалды”. Дәстүрлі буын ырғағын бұзып, ақ өлең жазумен әуестенушілер “жаңалықшылдар” емес, “жаңа былықшылдар” атанды, өндірісті жазбай, интимдік тақырыпты ыңғай тұтқандар “төсек төңірегіндегі жыршылары” боп сипатталды. Бұндай солақайлықпен оңай келісуге болмайтын еді. Таластар әдебиетшілер үйінен Орталық Комитеттің қабырғасына көшіп қонды. Сол таласқа білек сыбанып кеп кіріскен және көзге түскен екі қалың журналдың редакторлары Әбдіжәміл Нұрпейісов пен Иван Шухов болды. Сөйтіп, Қазақстанда Дудинцев пен Солженицын табылмағанмен, Твардовский мен Симонов табылды. Әдебиеттің аузындағы тұмылдырықты босатуға күш салған редакторлардың соңынан Мәскеуде қиқу көбейе бастағанда, Алматыда орындарынан біржолата алынып тасталды. Гәптің шын астарын ішке бүккен ресми билік бұл жазаға қарабайыр түсініктеме беруге тырысты. “Аға ұрпақ пен жас ұрпақты қарсы қою”, “топшылдық”, “жікшілдік”, “бақталастық” дейтін айыптаулар солай шықты. Ол әдебиет төңірегіндегі тоғышарларға майдай жақты. Қашанда тұлпарынан тұғыры көп өнер дүниесінде азға қалай жабылуды, қалай күш көрсетуді жақсы білген. Оларды ала тайдай аластап жіберуге әбден жетілген. Үрдістегі шошындырма қоңыраудың біреуін мойынына таға салады да, сосын қайда барса да, соңынан қиқулайды да отырады.

Ондай кепті кигендер қазақ топырағында да аз болған жоқ. Отызыншы жылдардағы сергелдеңге тек ең таңдаулыларымыздың ілінуі сондықтан. Елуінші, алпысыншы жылдардағы айқастарда тек соларға құрық түсуі де тегін емес. Тоқырау тұсындағы бас жұтпаса да, жүйке құртқан құқай-сұқайлардың да тек санаулыларымызды шыр айналдырып төңіректеп алуын да сонымен түсіндіруге болады. Сол себептен төмпешті көп көрген бір қаламгер болса, ол – Нұрпейісов. Тіс тиген тұлпардың да қыршаңқы мінез шығаратыны сияқты, ол да әдебиеттің дау-дамайынан көп қыңа қоймайтын болып алған. Үлкен үйдегі бір таласта марқұм Бердібек Соқпақбаев екеуміз қатар отыра қалыппыз. Әдетте мұндай дау-дамайдан аулақ жүретін Бекең сол күні Әбдіжәміл әріптесіне қатты тәнті болды: “Айтып тұрғаны дұрыс па, бұрыс па – білмеймін. Әйтеуір, қайсар екен. Әсіресе маған Бюро мүшелерінің біреуіне ауыз аштырмағаны ұнады. Тап берсе, шап береді. Бетті екен. Асқар екеуің Тахаңды “көкбет шал” дейсіңдер. Нағыз көкбет шал мынау ғой. Иә, құйрығыңды қысып жайыңа қарап жүру керек. Ал күрестің екен, осылай күрескен дұрыс. Әйтпесе, ауыз ауыртып не керек?” – дегені бар. Бірақ мен Нұрпейісовтың ондай тікбақайлығын онша дәріптей алмаймын. Әсіресе, өзі тұрғылас кесек тұлғалармен кермар сөйлескенін қаламаймын. Алайда, үлкен түйенің кеңесі де үлкен деген ғой. Оның үстіне бұқа сүзістірмей, бура шайнастырмай жүрмейтін мінез тағы бар. Талай рет: “Буырқана беріп қайтесің? Онсыз да құлағыңды аз сарсытып жатқан жоқ қой. Осы жолы басыңнан асыра салсаң, нең кетеді?” – дегенімде: “Зейнолла екеуіңнің-ақ бет моншақтарың үзіледі де тұрады екен. Біз – бәрібір ит жыртқан қара теріміз. Ең болмаса, тіс тигенде үн шығарып қалайық. Жұтса да, қақалып жұтсын”, – деп, кейде күлетін, кейде қолын бір сілтеп кетіп қалатын. Айлап көріспей қойған кездеріміз де болып тұрды. Неде болса, жиырмасыншы ғасыр қазақ әдебиеті кеңістігінде ерекше көзге түсер осы бір елеулі тұлғаның кейде кедір-бұдыр, кейде ойқы-шойқы көрінетін орасан бітіміне назырқай қараған да, масаттана қараған да тұстарым бар. Назырқайтыным – “егер жігіт жаман болса, онда оның замандастарының бәрі виноват” дейтін Абай сөзін жиі ұмытып кететіндігіміз. Масаттанатыным – жасымайтын жігері мен қайсарлығы. Азаматтық қайсарлығына да аз тәнті болғам жоқ. Ал шығармашылық қайсарлығына қатты таң қаламын. Көңілінен шықпаса, бұл жолы ойлағандай болмаса, келесі жолы болар деп, көне салмай, бітіп тұрған үйді құлатып, бастан-аяқ қайта қалап шығудан жүз жанбайтындығы. Оған аудармашы болғандар азар да безер болады. Редактор болғандар қашып кетеді. Өйткені күн сайын қайта қаратып, қайта бастатады. Оның қайта жазып, қайта аудартпаған бірде-бір кітабы жоқ. Қашан ойындағыдай болып шыққанша өзі де тыным таппайды, өзгелерге де тыным тапқызбайды. Ол жолда неден де болса тайынбайды. Дүние астан-кестен болып жатса да, елең етпейді. Қайта басына іс түскен сайын шығармашылық қайсарлығы күшейе түседі.

Басқалар болса, алпысыншы жылдарда тауы бір шағылған бағытқа енді қайтып беттей алмас еді. Жұртқа ілесіп ұрандатып кетпесе де, бейтарап тақырыптар төңірегінен аспас еді. Талай қопарылған қоңды тақырыптардың қайшылықты қитұрқы қабаттарына жоламай, бетінен қалқыр еді. Онда әдебиет бір ені ішіндегі азаматтың өзін-өзі жете білуінің құралына айнала алмас еді. Онда ол кемелденудің емес, кері кетудің, рухани түлеудің емес, тоқыраудың сойылын соғып, адамдар сана-сезіміне жасайтын оң ықпалының бәрінен де айырылып қалар еді. Құдайға шүкір, қазақ сөз өнерінде ондай саңлау ешқашан біржола бітеліп қалған емес.

Біздің әдебиетіміздегі сондай іштей түлеу арнасының кеңейе түсуіне мейлінше табандылықпен үлес қосып келе жатқан азғантай тұлғаларымыздың бірі - Әбдіжәміл Нұрпейісов. Әдебиеттегі сонылықты біреулер ешкім жазбаған тақырыпты жазу деп түсінсе, біреулер қай тақырыпта жазсаң да, өзіңше жазып, өзгелер бармаған астарларды ашып, өзгелер байқамаған құпияларды паш ету деп біледі. Әбдіжәміл Нұрпейісов соңғы топқа жататын қаламгер. Сондықтан да ол қай шығармасының да төркін-төсегін Арал деп ұғады. Тіпті “Күткен күннің” өзін соғыс туралы роман деп түсінбейді. Ойда-жоқта қанды топанның ортасына түскен алыстағы Арал қазағының көргендері мен сезінгендері жайлы кітап деп ұғады. Қиян өлкеде туып, әкесімен, ағасымен бірге майданға аттанып, самсаған ағайын-туысқанның көбін бөтен өлкелердің батпағының астына тастап, жалғыз өзі аман оралған офицер ештеңені елең қылмай, жазу столына отырды. Кешегі шайқасты күндердің әлем-тапырық әсері естен шығып кетпей тұрғанда қағаз бетіне түсіруге асықты. “Курляндия” дүниеге солай келген. Жұрт жақсы қабылдағанмен, жазушыға кейін бір қайнауы ішіндегі шығарма сияқтанған да тұрған. Орысшаға аударылып басылайын деп тұрған кітабын да тоқтатып, қалам-сияға қайта ұмтылып, қайта жазып шыққан-ды.

Сондай өз дегені болмаса, ештеңеге көне қоймайтын қаламгердің, кешегі редактордың жүген-ноқтасын сыпырып, қызметтен қалай босап келгені әлі есімде. Өз тұстастары мен бірен-саран жас қаламгерлер көңілін аулап, бірге болдық. Кешегі, сол күнгі түске дейінгі соңынан шұбап жүретін қалың лек бір кеште-ақ сейілді. Дәм арасындағы үзілісте шетел журналдарының бірін қарап отырып, айтулы графиктің бір суретіне көзі түсті.

Сол-ақ екен: “Таптым, таптым, - деп орнынан ұшып тұрды. Мынаны алдағы наурыз айындағы әйелдерге арналатын нөмірлеріміздің сыртқы мұқабасына беру керек”, - деді мәз болып. Біз: “Әбе, оған жаңа редактордың басы ауырар. Енді сен редактор емессің. Сен де біз сияқты көп сұрамсақ авторлардың бірі ғанасың. Одан да қолыңды жу да, дастарқанға жүр”, - деп қалжыңдадық. “Туу, черт побери, солай екен ғой”, - деп кеңкілдей күліп, орнынан тұрды.

Дәл сол күннің ертесіне қасына Герольд Бельгерді ертіп, Аралға жүріп кетті. Іштей табалап, сырттай жан ашығансып өтірік тілеулестердің де, жаутаңдасқаннан басқа жансебілі жоқ шын жанашырлардың да көз алдыңда жүрмей, тасаға кеткісі келді де тұрды. Поездің екі билетіне ғана ақша тауып, Аралдың вокзалына көк тиынсыз түскендерін кейін Герольд Бельгер күнделігінен білдік. Екеуін Алматы вокзалынан шығарып келе жатып, Асқар Сүлейменов екеуміз Әбдіжәміл Нұрпейісовтің үйіне соқтық. Марқұм Сағира апайдың бидай көжесін ішіп отырып, ендігі Шамалған, Ұзынағаштың біріне жетіп қалған жолаушыларымызды әңгіме еттік.

Сондай қатты толқып, тебіренгенде ішін алдыртпау үшін әдейі қиямпұрыстанып, қисық сөйлейтін Асқар Сүлейменов: “Өй, ерің-ау, сол бетпақ-ау, бетпақ”, - деп күлді. Мен де жымиған болдым. Сағира апай орамалының ұшымен көзін сүртті. Сырт көзге қиқарлық көрінетіндей осы бір қылықтың ар жағында үлкен рухани қайсарлық жатыр еді.

Нық басып, нығыздап сөйлейтін Нұрпейісов сол қайсарлығын жай әншейін қиқарлық, кейде тіпті әпенделік сияқтандырып елеусіз істейді.

Ұмытпасам, 1958 жыл. Бұрынғы Үкімет Үйі университеттің бас корпусына айналып, мәре-сәре боп жатырмыз. Біздің әдеби бірлестікке жаңа романын талқылауға Нұрпейісов келетін болды. Бұрынғы бюро мәжілісі өтетін салтанатты зал. Жиһаздары сол қалпында. Әр кісіге жеке қойылатын көк мауытымен көмкеріп, қалың шынымен жапқан көк шытыра үстелдер ұзын шұбақ тіркелмей, ирек-ирек қойылған. Жайлы орынға жайғасқан студенттер айтатындарын жалтармай жайып салуда. Мәжіліс басқарып отырған мен қасымдағы қызыл-қоңыр костюмді, сұйық шашты, суық жүзді кісіге оқтын-оқтын қарап қоям.

Сыр бермей, жайбарақат тыңдап отыр. Талқылау соңында шығарып сап тұрғанымызда: “Ау, көне күпінің аш битіндей жабылдыңдар ғой”, - деп тісін ақситып, еріне жымиды. Маған бұрылып: “Жаңағы баяндамаңызды беріңізші. Бір аптадан кейін Мұстафиннің алдындағы Роза апайға барыңыз. Қолжазбаңызды сол кісіге қалдырып кетем”, - деді. Арада бірер ай өткесін: “Келіп кетпес пе екен?” – деп шақырғасын үйіне бардым. Жаңа пәтерге көшіп келген екен. Үй іші әлі жайғаспаған. Ол түпкі бөлмеде қоқырсыған кітап бумаларының арасында қақырайып үстелде отыр. Үстінде құстаңдай салып, шымырып тоқыған қызыл-қоңыр түйе жүн шекпен. Басында шаңғышылар киетін тоқыма бөрік.

Қағазға көп қарап, жасаурап кеткен көзін жеңімен сүртіп, қобырап жатқан қолжазбадан анадай жерге оқшау қойған көк қағазды қолына алды. Анадағы баяндамам. Бояулы қарындашпен асты сызылмаған сөйлем қалмапты. Мен онша көп сын айта қоймаған сияқты едім. Мына кісі он бес-он алты ескертпе тауып алып, оны нөмірлеп қойыпты. Қоңыр дауысын соза түсіп, сырбаз қалпын бұзбай сөйледі: “Анада тыңдап отырғанда аңғармаппын. Айтқандарыңыздың жаны бар екен. Әйеліме көрсетіп едім, бұлқан-талқан болды. Зейнолла мен Тәкеннің де айтқандары бар еді. Баспадан барып, қолжазбамды қайтып алдым. Енді осылардың үстіне отырмас бұрын, өз аузыңнан тағы да пысықтап алайын деп отырмын”, - деді. Содан сол кітап біз университет бітіргесін де баспаға әлі қайта тапсырыла қоймаған-ды. Редакторлықтан түскен Нұрпейісов өз еркімен Барсакелмес ауып барып, бітіріп қайтты.

Жаңа шығарма бірден көзге түсті. Әлемнің барлық басты тілдеріне түгел аударылды. Шетелдік, одақтық әдеби сын бірауыздан жақсы бағалады. Ал өзімізде бәйгеден озып келген атқа айтылатын ауыл арасының күйдіргі күдік-күмәні аз көңірсіген жоқ. Шаш арасынан сірке іздейтіндер де ұшыраспай қалған жоқ. Романды автордың өзі емес, аудармашысы жазып берді деген лақап миға қонбады. Ескі қазақ ауылы түгілі қазіргі Қазақстанда бір жыл тұрып көрмеген басқа ұлттың жазушысы мың жерден Шекспир мен Толстой болса да, басқасын былай қойғанда, тап “Қан мен тердегідей” қанық бояулы қазақ тұрмысы мен психологиялық аянын жасай алмас еді. Ол Нұрпейісовтен басқа қазақ жазушыларының бәрінің қолынан келмегенде, айдаладағы мәскеулік жазушының қолынан қайдан келеді? Қазақ сыншыларының ең бір дәл түскен кемшілігі – кітаптың жағымсыз кейіпкерлерінің біреуінің аты-жөнінің сол кездегі одақтық Жазушылар ұйымының бірінші басшысының аты-жөнімен дәл келетіндігі екен. Бірақ Аралда Марков деген көпестің балық саудасымен айналысқанын айғақтайтын нақты құжат расында да бар боп шықты. Арызшылар кітапқа дербес сыйлық бергізбей, сол бойынша қойылған спектакльмен бірге бергізгеннен басқа ештеңе бітіре алмады. Сонда кітапты соншама тіміскілеген “қырағы” сыншылар шығарманың сол кездегі ресми саясатпен кереғар түсіп жатқан “кемшілігін” көре алмады. “Қан мен тер” соры ашылмаған қазақ даласының Октябрьге дейінгі кезеңде де бастан кешкен күлді-көмеш өмірін еш боямасыз бейнеледі. Революциядан кейін барша мұратымызға жеттік деген қандай өтірік болса, революцияға дейін айдарымыздан жел есіп тұрып еді деген де сондай өтірік-тұғын. Олай болмаса, Абай күңіреніп, Сұлтанмахмұт буырқанып, “Алаш” тебініп атқа мінер ме еді. “Қан мен терде” халық басындағы қасіретке шыдай алмай, таптық күрес, әлеуметтік өшпенділік жолына түскен Еламан мен Қален ерте үзіліп, тірілей қара жердің астына көміліп, өз көздеріне өздері құм құяды.

Ондай сойқандыққа мойын ұсынбай, бірақ өз халқын тығырықтан шығарар жол іздеудің орнына өз басын оздыруға ғана тырысып, әлеуметтік астамшылдыққа ұрынған Тәңірберген ақыр аяғында өз ауылына өзі жау бастап апарып, өз шаңырағын өзі ортасына түсіріп, өз ұясын өзі қаран суға алдырады. Қаңтардың қақаған түнінде қораланып туған ай сияқты, сақырлаған таңында құлақтанып шыққан күн сияқты осы бір әнтек көзге ұрып тұрған трагедиялық символға ешкім назар аудармайды. Жақсыдан жақсының етегіне жармасып, ұрпақтың маңдайын жарқыратам ба дейтін ұрғашылық түп-түйсікпен біресе ана шаңырақтың, біресе мына шаңырақтың астынан өріп, біресе ана қойынға, біресе мына қойынға кіріп жүрген айдай ару Ақбаланың бейбақтық сергелдеңі – тек адам тағдырының ғана емес, тек әйел тағдырының ғана емес, бағы ашылмаған пақырана халықтың тағдырының да тұспалдамасы еді. Кемшілік іздеп баққан кесір сыншылар көктен іздегендері жерден табылып тұрса да, көре қоймайды. Оған әлеуметтік сананың саяздығы, эстетикалық талғамның төмендігі себепші болды. Күрделі шығарманы бетінен қалқып, адам бейнелерінен тек типтік шындық іздеп, коллизиялық өрімді концепциялық тұрғыдан сараптауға шамалары жетпеді.

Ал кітапты мойындағандар ең алдымен революция деп аталатын әлеуметтік қанқасаптың дәл осындай қолдан топан су алдыратын жексұрын табиғатын жетік түсіндіргені үшін, қазақтардың әлі де бақталайы ашыла қоймаған тақсіретті ахуалын тұрпайылатпай терең жеткізгені үшін жоғары бағалады. Роман дүрбелеңі сергелдеңмен, сергелдеңі дүрбелеңмен тамамдалған-ды. Сол сергелдең мен дүрбелең сонымен бітті ме? Бұл ұғынықты оқырманды ойлантпай қоймайтын сауал еді.

Қайдан бітсін?.. Бұл Әбдіжәміл Нұрпейісовтың тек романшылық шығармаларында ғана емес, көсемсөздерінде де бір сәт желісін үзбей келе жатқан тақырып. Бұл сарын оның атақты “Туған жер” толғауында лирикалық әуезбен әдіптелсе, талай рет арындап арна бұзып, азаматтық ашуға да айналып кетіп отырады. Қайта құрудан көп бұрын, тоқыраудың тоңы жіпсімей тұрғанда, жоқ-жітігімізді көзінен тізіп айтып беріп-ақ, абырой-атақ ала қоюдың әлі салтқа енбей тұрған кезінде Нұрпейісов “Литературная газетаның” бетінде одақтық сахнадан радиоактивті уға бөккен Абай мен Әуезов атамекені жайында, толстойшылдық альтруизмді қазақ даласына да дарытып, адамгершілік арылуды діттеген ұлы гумманист Шәкәрімнің ұмыт боп бара жатқандығы жайында қазақ қаламгерлерінен алғашқы боп сөз қозғаған-ды.

Басқасын былай қойғанда, желтоқсан оқиғасынан дәл бір апта бұрын Мәскеудің Әдебиетшілер үйінде Кремль өкілдері мен одақтық жазушылар ұйымының басшылары алдында “жүз тілді планета” атанған Қазақстанға байланысты жүргізіліп отырған жүзіқара ұлт саясаты туралы қасқая тұрып айтқан да, басқа емес, Әбдіжәміл Нұрпейісов болатын. Бірдеңені бастаса, түбіне жетпей қоймайтын қазымырлығына басып, бажайлап бергенде, сол арада отырғандар қоштай жөнелу түгілі қалай тыңдай берудің ретін таба алмай, қипақтап қалған-ды. Қазір ғой, сөйтіп дүрбелеңдетіп келген Колбиннің өзін пышақтамайтын жан жоқ. Бірақ ол әлі тағында отырғанда ешкім оған “Сен қайдан келдің?” деп айта қоймаған.

Базыналарын да әуелі жан-жағына көпшік қойып, күпсітіп алып барып айтқан. Ал Мәскеудегі үлкен жиында Колбиннің атын атап, түсін түстеп, оның Алматыда отыруы қазақ халқына көрсетілген айрықша сенімсіздік екендігін, сондықтан оны жіберген орталық кері қайырып әкету керектігін айдай жұрттың алдында ашық айтқан да Нұрпейісов еді. Ол сөзін “Литературная газетаның” соңынан қалмай жүріп, бастырған да еді. Кейін дәл осы ұсынысты Халық депуттарының алғашқы құрылтайында Шыңғыс Айтматов қостап сөйлеген-ді. СОКП Орталық Комитетінің белгілі пленумында Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл бір ұлтқа жапқан қиянат үкімді бұзуды үзілді-кесілді талап еткен-ді.

Күні өткен шовинизм қайта бас көтеріп, қазақ құрамаларын ұйымдастыру туралы ұсыныс ресми басшылар арасынан да кейбіреулердің қолдауын тауып, дүрбелеңдеп жатқанда Кеңес Одағының Президентінің бұл мәселеге қалай қарайтынын айтуды талап еткен де Әбдіжәміл Нұрпейісов еді. Михаил Горбачев жазушы сөзін естімегенсіп, көлдей “Правданың” көлеңкесіне тығылып баққанын Абай атындағы опера және балет театрына жиылған дүйім жұрт түгел көрген-ді.

Соның бәрі қазіргідей аузың азат, аяғың бостан кезде істелген жоқ-ты. Ондай әңгімені ол кезде қазіргідей екенін бірі айтса, ертеңіне-ақ құрыққа ілініп шыға келер еді. Сол мінбеде тұрғаныңда-ақ, ауыз ләміңді байқаған төрдегі біреу, не залдағы жандайшап: “Не көкіп тұрсың?” – деп жекірсе, қол соғып қуып түсірмесіне кім кепіл? Сондықтан ондай төтен батылдыққа тек ресми биліктің өзі ресми мойындаған айтулы тұлғалар ғана тәуекел ете алатын. Әйтпесе, көп бәдіктің біреуі айтқан бәлду әңгіменің бірі ерсі қылық боп саналып кете барар еді. Осындай оңай емес тәуекелге Әбдіжәміл Нұрпейісовтың қандай дайындықпен барғанынан, ерекше шиырығып жүріп әзірленгенінен де хабарымыз жоқ емес. Жұбан Молдағалиевтың да бәріміздің есіміздегі айтулы сөзіне қалай тәуекел етіп, қалай дайындалғаны әлі жадымызда. Өйткені саналы түрде жанын шүберекке түйіп баратын тас түйін ерлік жасау ешқашан оңай болып көрген емес. Басқасын былай қойғанда, бұрқан-талқан сезімнің бұйдасын іркіп, бір арнаға түсіріп, халыққа ес кіргізетіндей, билікке сес көрсететіндей, шымыр қалыпқа келіп алу да оңай емес-тін. Тіпті сатырлаған талай жиында талай жарып шығып жүрген Шыңғыс Айтматовтың өзінің қабырғасына аяздай батқан “қазақ ұлтшылдығы” жайындағы нақақ қудалауға беделді мінбеден қайтып ұрымтал тойтарыс берудің жолын ойлап, қандай ізденістерде жүргенін өз көзімізбен көргеніміз бар.

Ел тағдырын шешетін түйінді мәселелердің тұсында тек белді бекем буа алған нар тәуекел аз. Тойтара алмас дәлел, айбындандыратындай, парасат-пайым, қарсыластың мысын құртатындай қайсар төзім керек. Әйтпесе, әулекі әумесерлік, бажылдақ байбалам, ұр тоқпақ ұраншылдықтың істі қалай насырға шаптыратыны да көрмей-білмей жүрген жайт емес. Ал енді жүйесін тауып айтқан жүйелі сөз талай шие байланған шетін мәселерді жібек арқандай есілтіп қоя беретініне де талай куә болғанбыз.

Жаратқан иенің басы жұмырдың бәріне ақыл бере бермегені сияқты, аузы тесіктің бәріне пәтуа бұйыртпай, сөз екеш сөздің де сұрауын бар қып жаратқаны да тегін емес шығар. Ал сөзінің сұрауы бар азаматтың айтқанын дос та, қас та түгендеп отырады. Оның жұрттың бәрінің жабыла айтып жатқанын айтпай қалуы да қайсарлық. Жұрттың бәрінің айта алмай отырғанын айтуы да қайсарлық. Әбдіжәміл Нұрпейісовтың бойынан осы екі қайсарлықтың екеуі де молынан табылады.

Ол - өзінің туған өлкесі Аралдың айдыны азайып бара жатқанына алғаш қабырғасы қайысқан адам. Ол турасында өз ауылымызда ғана қыңқылдап қоймай, одақтық баспасөзде әлденеше рет сөйледі. “Огонек” журналында Аралдың сарқылуына тікелей кінәлі адамдарды лауазымына қарамай істеді деп қаралай күйдіретін әдебиетші қауым енді істеп жүргенін көзапара көрмей, істемеді деп күйдірді. Арал тартылып жатқанда, Нұрпейісов жұмған аузын ашпай отыр деп тиісті. Журналдағы, радио-телевизиядағы сан-сипат сөздері түгілі жазып жатқан романын да құлаққа ілмеді.

Ол аз болғандай, оның ана сүтімен бірге еміп, бойына бірге дарытқан төл тақырыбына көрінгеніміз жүгіріп, әрлі-берлі сілекейлеп бақтық. Сондайдан іштей шамырыққаны болар, ауылдағы көз көрген кәрияларын көп әңгімелеп отыратын жазушы: “Біздің бір ағамыз маңайдағы көлтабанның қалың біткен құрағын көріп, әбден балбырап бабына келсін, шалғымды шар болаттай қайрап келіп, жас нәрестенің қарын шашын алғандай қып, әдемілеп орып алам деп жүргенде, олақ біреу орақ салып, ала-құла қылып кеткенін көріп: “Қолынан келмейтін найсаптың есіл құрақты арамдап кеткенін қарашы”, - деп күйіп-пісуші еді. Әдебиетте де сондай найсаптар көбейіп барады”, - деп талай күйзелген-ді.

Сол күйзелістен бе, кейін Аралға байланысты саяси науқан ашылып, сөз тасқыны селдетіп қоя бергенде, Нұрпейісов қайтадан үнсіз қалды. Сол қабырғамызға батты ма, бір жолы кездескенімде: “Ақсақал, жаңа кітабыңыз қашан бітеді? Сұқақтатып шетін көрсетіп, бәріміздің тамағымызды ісіріп қойдыңыз. Баяғыда бітіретін нәрсені қайта-қайта ұлтарып, тым созғылап барасыз. Әлде қолыңыз тимей ме? Тимесе, көптің алдына көлеңдей беріп қайтесіз? Жиын сізге не керек? Жиналыс сізге не керек? Біз болсақ, көз ашқаннан осы көштің соңына салпақтап ілесіп, нан айырып келгенбіз. Енді орта жолдан не оңға, не солға бұлтара салсақ, күн көрістің өзі уәйім болады. Ал сіздің әуелден жайылған өрісіңіз оңаша, су ішкен суатыңыз оңаша…

Баяғыдай Аралға қашып барып, кітабыңызды аяқтамайсыз ба?” – дегенімде, жайбарақат ақсия күліп тұрған тістерін тез тасаға әкетіп, қабағын шытынып, шыңқиған көзілдірігін жұлып алып, жаңа жұмсарып тұрған жанарының шыңырау түбінде шөгіп жатқан шыңылтыр мұзын дереу бері лықсытып, безірейе бір қарап, иығымнан ап-ауыр қолымен нұқи ұстап біраз тұрды да, селдір шашын сіліккені екені, сипағаны екені белгісіз, қолын кілт шеке тұсына апарып, бір секең еткізіп, нығырлай басып, есікке беттеген.

Жуырда қайта келді. Есіктен күлімсіреп аттағандай болып еді, жақындаған сайын жүзінің нұры азайып, сыздана сөйледі: “Ал мен бітірдім. Слушай, тек секіртпей, дұрыстап оқы”, - деді де, батпан сүйретіп бара жатқандай, байпаңдап басып есікке қайта беттеді. Батпанситын да жөні бар екен. Дүниеге жаңа шығарма кепті. Қазақ даласына алыстан мен мұндалап тұрар тағы бір сеңгір біткендей, қазақ әдебиетіне де көрмесең, көзің шығатындай тағы бір елеулі туынды туыпты. Оқыдым да, қобалжыдым. Қобалжыдым да, ойландым. Өзің жазушы адамға көзі тірі әріптесіңнің қолжазбасын, не кітабын оқып шығу тап анау айтқандай оңай шаруа емес.

Ұнамаса – көз танысыңның көйлегінің астына сенен көз таса ұстап келген бір кемшінін көріп қойғандай, байқасаң да, айта алмай, қаралай бет моншағың үзіліп бітеді. Ұнаса - өзіңнің де көзің түсіп, көңілің құлап жүрген бойжеткен көршіңе келін боп түсіп, бақыт тапқанын көргендегідей, әрі қиналасың, әрі қуанасың. Қиналатының: тап осы жақсылықты мен неге жасамадым, тап осы жақсы маған неге бұйырмады деп ойланасың. Өйтпесек, пенде боп жер басып емес, періште боп аспанда ұшып жүрер ек қой. Қуанатының – сен де қимайтын жақсының өз орынын тапқаны, саған да қымбат жақсы ойдың ойдағыдай іс болып шыққаны.

Әбдіжәміл Нұрпейісов бұл жолы да қолына алған шаруасын ақыры іс қылып шығарыпты. Қызыға отырып, қызғана отырып, қуана оқитындай кітап бітіріпті.

Алғашқы сөйлемдерін оқығанда-ақ Нұрпейісовтың көзқанық әлеміне қайта оралғандай боласың. Таныс табиғат. Таныс орта. Таныс мінездер. Үлкен суреткерлердің қай-қайсысы да осылай. Тәңір жаратқан ортақ әлемнің үстіне әрқайсысы өзі жаратқан жеке дара өз әлемдерін орнатып алады. Нұрпейісов те солай. Арал төңірегінен тағы бір кесек суреткер туып ол да Арал туралы жазса, бәрібір Нұрпейісовтың Аралстанын оқырман көз алдынан қалтарысқа әкете алмас еді. Нұрпейісовтың Аралы кесек мінездер мен кескекті тартыстардың қорығы сияқты. Ондағы сирек кескін-келбеттің өзін ешкім қайта сомдай алмайтындай. Аруларының өзі апанның ақ түтек боранындай долы.

Момындарының өзі әлі атыла қоймаған жанартаудай дүлей. Арзымсыз қып суреттейтін алаяқтарының өзі басқаның ақсүйектеріне бермейтіндей сырбаздыққа, сарабдалдыққа ие. Басқалар жазса, өңшең бір шабақтар жүзгендей айдын Нұрпейісов жазғанда ең кемі шортандар ғана ойнақ сала алатын тұңғиыққа айналып қоя береді. Сарқылып қалды деп отырған шалшығының өзінен мұхиттың сұсын танисың. Туған табиғатқа деген осынша махаббат айнала тіршілікке деген терең көзқарастан ғана туындай алса керек. Шабақтың ойыны бір басқа, шортанның ойыны бір басқа болатыны сияқты, Нұрпейісов суреттейтін тағдырлар да тым өркештеніп шыға келеді.

Жаңа романындағы санаулы тұлғалардың өзі ежелде тартылып кеткен ескі мұхит орынында қалған ихтиозаврлардай ересен елестейді. Олардың арасында тұтанған алапат құштарлықтардың ақ түтек дауылы үйреншікті өлшемдер мен түсініктерді желге ұшырып әкететіндей. Баяғыда кітап оқуды ұнататын бір досым көшеде Нұрпейісовті көріп қалып, анадай жерге ұзап кеткен соң барып: “Осы кісінің кейіпкерлерін дәл қазір мына көкбазардың ішінен көре қалсам, бірден жазбай танып, жүгіріп барып сәлемдесе кететіндеймін” – деген еді.

Иә, адам бейнесін сомдағанда монументалист мүсіншідей кесек кескінде жасайтын жазушы адам психологиясын талдағанда, ең бір нәзік құпия сырларды да майдан қыл суырғандай шеберлікпен танытады. Кемел суреткердің ытқырына ұмтылғанмен, ышқына шаппай, кең көсіліп отыратын кең тынысты қалам сілтесі адам баласының ең бір талма тұстарда тап болатын тақсіретті шақтарын алға тосады. Шеттегі балықшы ауылға ойда-жоқта тап болған тосын бикеш бір жылы туып, бірге өскен екі жігіттің де тағдырын кездейсоқта шортан түсіп кетіп, дүрліктірген көлшіктей, арнасынан асырып, аласапыранға түсіреді. Екі жігіт, бір қыз. Екі еркек, бір әйел.

Сонау Абыл, Қабыл, заманынан белгілі гәп. Әлемдік әдебиеттің бар өрнегінің тіні болып келе жатқан осы үштік күллі ұлттық дәуреніміздің қазіргі ахуалының ұтымды кескіндемесін жасап беретіндей ұшқыр шешім тауыпты. Сырт қарағанда ғана, бір-біріне атымен кереғар антиподтар сияқты көрінетін екі еркек, түптеп келгенде, бір-бірінің дәл баламасы. Екеуінің таласып жүрген әйелі де, тек сырт көзге ғана екеуіне де ұқсамайтын ерекше тұлға. Түптеп келгенде, ол да бар болғаны үшінші балама ғана. Жалпылай алсақ, үш дара тұлға деп жүрген үш адамымыздың жеке-жеке бастан кешіріп жүргендері де, бәрі бірігіп, бір-бірімен табысып, бірде кетісіп, бірге бастан кешіріп жүргендері де – бір тағдыр.

Өздерін-өздері алдаусыратқан далбаса тағдыр. Адал жүріп, адал тұрып, абырой табам; адал жүріп, адал тұрып, ортаға жағам; адал жүріп, адал тұрып, туған жерімді гүлдетем; адал жүріп, адал тұрып, Аралды аман алып қалам. Бұл – Жәдігердің болмысы. Некелі жарынан бастап, көз таныстарының бәрі еңбек ері деп кекететін еңбек адамының болмысы. Адал жүріп, адал тұрып дегеніме жетем деп жүргенде айдыны сарқылады, ағайын аумағы жел қуған қаңбақтай жан-жаққа бытырап кетеді, еңбегі еш болады, нақұрыс бала сүйіп, опасыз жар құшады, ошағы ортаға түсіп, бейуақта бет алды лаққан сеңнің үстінде бейнетпен жан тапсырады. Адал жүріп, адал тұрып, арам өледі. Оза шауып, бәйге алып, сұлуды құшам; оза шауып, бәйге алып, атақ алам. Оза шауып, бәйге алып, абырой асырам. Оза шауып, бәйге алып, туған жерімді гүлдетем. Оза шауып, бәйге алып, ауылымның атын шығарам. Оза шауып, бәйге алып, туған халқымның атын шығарам. Бұл – атаққа тойымсыз айтулы ғалым Әзімнің болмысы. Оза шауып, бәйге алам деп, досын алдап кетеді. Оза шауып, бәйге алам деп сүйген қызын құрбандыққа шалады. Оза шауып, бәйге алам деп, ағайын-тумадан алшақ кетеді. Оза шауып, бәйге алам деп өзі туған өлкені, өзі шомылған Аралды саудаға салады. Оза шапқызып, бәйге алғызып дәндеткен алдамшы құштарлық ақыр аяғында оның өзін орға жығады. Үйінен бездіреді. Өлең төсегінен бездіреді.

Қызметінен қуып шығады. Беті ауған жаққа лағуға пейіл қылады. Сөйтіп жүріп, баяғы еліне келеді. Баяғы ағайынға қауышады. Тастап кеткен қызына оралады. Жел айдаған қаңбақтай алабұртып жүріп, өзі құрбандыққа шалған Аралдың төсінен бір-ақ шыққанын білмей қалады. Өзі сатып кеткен досының кебін қалай бірге кигенін білмей де қалады. Ақыры тағы да қасындағы серіктерін тастап, бетімен лаққан сеңнен бейберекет қашып шығады. Теңіздегі сеңнен құтылғанмен, өмірдегі сеңнен құтыла алар емес. Ертеңі – неғайбыл. Таусылмаған сергелдең. Таусылмаған далбаса. Бұл қатарынан озып, жүлде алып, үздік туған Әзімнің тағдыры. Ал екеуінің ортасындағы Бәкизаттың да бағын байлап жүрген сол баяғы далбаса үміт. Кешкені – сергелдең өмір.

Жігіттің сұлтаны сұлудың сұлуына ғана бұйырады деп ойлайтын өзімшіл қыз озат шәкірт Әзімнің қолтығына ұмтылады. Өзімшіл Әзім өз күйкі есебіне бола, одан безініп кетеді. Сұлудың сұлуына, күштінің күштісі бұйырады деп ойлап, денесі алып, мінезі ауыр, төзім мен сабырдың жиынтық құймасындай Жәдігердің етегінен ұстайды. Ол күні-түні көк теңізді кешіп, көк терге малшынған, можантомпай тірлік құрғанымен қоймай, оны да ешкім білмейтін, ауылдағы ешкім көрмейтін сұлу әйелдің күлдікөмеш тұрмысының тұтқынына айналдырды. Асау арудың арыны басылғанмен, ұрыншақ ұрғашының ұры желігі басылмайды. Көне иісті сағынып, баяғы көзтанысты артынан іздеп барып, азды-көпті қызыққа батады. Сөйткен аңсарын арзымсыз заман өз аяғынан айдап әкеп, өз бауырына қайта қуып тығады.

Дегеніме енді жеттім бе деп тұрғанында, аяқ астынан ауа райы бұзылып, ыққан сеңнің үстіндегі қашқан күйеуінің қасынан қайта барып шығады. Сең үстінде қалған үшеу меңіреу табиғатпен бетпе-бет келгенде, бірінен-бірі өткен дәрменсіз боп шықты. Өз өмірлерін ойша қайта шолып, қайта таразылаудан басқа амалдары қалмады. Үшеуінің де ұстанып келген қағидалары далбаса боп шықты. Үшеуі де қысыр қиял қуып жүрген, өздерін-өздері алдарқатып жүрген алаңғасар екен. Тіпті бір-біріне артар кінәсі де жоқ боп шықты.

Бір-бірінің бойынан кешірмейтіндей күнә де таба алмайды. Түптеп келгенде, әрқайсысы өзін-өзі жазғырды. Бірақ қайтадан қауышып кете алмады. Арман қуып, алаңғасарланып жүріп, бір-бірінің көзіне шөп салыпты, көңілін қалдырыпты, сатыпты. Тіптен ондайдан аулақ Жәдігердің өзі орынсыз тоңмойындық жасап, талай жерде бітіскелі тұрған көңілді бітістірмей, жазылғалы тұрған жарақатты жаздырмай тастапты. Қонатын бақыт қонбай қапты. Орнайтын жақсылық орнамай қапты. Өйткені, арман деп қуып, мұрат деп тұтынып келген қағидалардың бәрі “бәлду-бәлду – бәрі өтірік” дейтіндей бәдік әңгіме боп шығыпты.

Ондай далбаса қуалағандардың опат болмауы еш мүмкін емес екен. Кім неғұрлым жан-тәнімен берілсе, сол алдымен опат болады екен. Жел өтіндегі, сең үстіндегі сергелдеңге ең сенімпаз, ең төзімпаз Жәдігер ең алдымен мерт табады. Өзі қуып жүрген өзекті мақсаттың өзінен ойда-жоқта айнып кетудің тайынбайтын аяр Әзім бір амалын тауып, сең үстіндегі сергелдеңнен де сытылып шығады. Бірақ өзін қуалаған масқарадан бәрібір құтыла алмайды. Қай нәрсеге де жан-тәнімен құламай, қай уақытта да өзін астам қойып, қалған дүниенің күштісі де, келістісі де, бақыттысы да тек менікі деп ойлайтын тәкаппар Бәкизаттың төзімі бәрінен күшті болып шықты. Қырық шырақты қыз шіркін қиямет көрсе де, бар болғаны, бір ғана шырағын өшіргендей.

Құшағында серейіп өліп қалған Жәдігердің тонының омырауынан табылған жұлым торғайдың көкірек тұсы бүлкілдеп қоя бергенде, оның да көкірегі лүпілдеп қоя береді. Әуелі кешегі безіп кеткен күйеуінің кеудесіне жан оралған екен деп үміттенеді. Сосын жаңа ғана сенделіп жүріп, жағалауға бір соқтығып, соны пайдаланып Әзімнің қашып кеткені есіне түсіп, сондай ұрымтал сәт тағы да бір қайта оралар деп дәметеді. Одан жоқ қарап жүріп, төбелерінен азық-киім тастап кеткен ұшақ хабарларын айтар, құтқарушылар құтқарар деп дәметеді. Өмір сүруге баяғыдай құштарлығы да шамалы. Бірақ жағалаудағы елде жаутаңдап қалған ұлы мен қызын ойлағанда, алақандағы бір шөкім мақұлықтың жүрегінің лүпіліндей нәзік үміт, түсініксіз үміт күшейе түседі. Иә, лайсаң көктемдегі аласапыран теңізде қайда барып тоқтары, қай жағадан шығары, не болмаса, өзі секілді қаңғалақтап келе жатқан екінші бір сеңнің астында қап, тұңғиыққа шөгіп кетері белгісіз тоқымдай мұздың үстінде баяғы көрік, баяғы өрліктің бәрінен айырылған тірі мүсіннің көкірегіндегі арман деуге де, қиял деуге де, өкініш деуге де келмейтін күмілжі сезімдермен қай-қайдағыны ойлататын қасіретті хикая тәмамдалады.

“Сондай да бір күн болған”, “Сондай да бір түн болған” дейтін екі кітаптан тұратын дилогия жанрлық-стильдік бітімі жағынан да, концепциялық өзекті ойы жағынан да ұлттық прозамыздағы бүгінгі таңдағы оқшау құбылыс. Ол – біздің жаңа әдебиетіміздің жаңа арнасын салып беретін алғашқы мұз жарғыштай. Біздің прозамыз бен драматургиямызда жаңа бір ағым басталатындай. Оған “зая ғұмыр әдебиеті” деп ат қойсақ жарасатындай.

Расында да, әлгінде ғана біз шолып өткен үш ғұмырдың үшеуі де, шындап келгенде, зая кеткен өмірлер ғой. Осы кітаптағы қай кейіпкердің тағдыры да зая ғұмырдан өрбіп жатқан жоқ па? Бас құрылысшы ма… Үлкен кісі ме… Сары Шая ма… Жуан Жақайым ба… Кәрі қақсал ма… Қайсысы? Бәрі де Арал түбіндегі құмға шөккен кемелердей қазірдің өзінде қайырлап тұрған жоқ па? Тек сол бір балықшы ауыл ғана емес, күні кеше күн көсемдер мен үлкен кісілердің дегендерін екі етпей, біреуі адал жүріп, адал тұруға тырысып, біреулері халқының атын шығарып, елінің даңқын асыру үшін оза шауып, бәйге алуға тырысып, біреулері бақытты жар, бақытты ана атануға тырысып, арам өле жаздаған күллі қоғам ойда-жоқта бауыры құмға тірелгендей, қайырлап тұрған жоқ па?

Оны сондай тығырықтан шығарып аламыз деп тызақтағандарымыздың өздері сең үстінде ыққандай сергелдең хал кешіп жатқан жоқ па? Тіпті: “Осының бәрі неден болды?” – деп ойлануға да мұрша келмей жатқан жоқ па?.. алаңғасарланып, қысыр қиялды қуа берсең, бір далбасаның соңынан бір далбасаға, бір сергелдеңнен соң бір сергелдеңге ұрынып, есіл ғұмырды еш қыласың… Бір өкініштен соң бір өкінішті кеше бересің… Кеше бересің…

Романда баяғы “Қан мен тердегі” жар басындағы балықшы ауыл қайта жолығады. Сенделіп жүрген сең соның қасына кеп, бір ұстаса жаздап, қайтадан көк теңізге лағып кетеді. Сол тұста қашып шыққан Әзім ескі жұрттың үстінен шығады. Еламанның жер қазбасы… Солардың, Тәңірберген мен Ақбаланың зая ғұмырының іздері… Кей тұста Жәдігердің, Әзімнің, Бәкизаттың басынан кешіп келе жатқан сергелдең бір кезде, басқа бір заманда Еламан, Тәңірберген, Ақбала кешкен сергелдеңдерге ұқсап кетеді… Сонда бұл не? Ұрпақтар жалғастығы ма? Олар кешкен сор-азаптың да әлі күнге желісін үзбей жалғасып келе жатқаны ма? Өмір сол баяғы бір орнында тұрғаны ма? Соры ашылмаған қазақ сахарасы үшін ештеңенің өзгермегені ме?..

Иә, дәл солай сияқты. Дәл сол кездегідей, адал жүріп, нан табам дейтіндеріміз өзгелерге деген өшпенділігімізді өшіре алмай келеміз. Өзді-өзімізден түтіндей бықсып, іштей тұншығып, Жәдігердің кебін кешеміз. Жоқты бар қыламыз деп жүріп, қолдағы бардан айырыламыз. Қарық боламыз деген сайын ғаріп бола түсеміз. Оза шауып, бәйге аламыз деп, әлеуметтік өзімшілдікке беріліп, өзімде бар өзгелерде болмасын деп жүріп, бір күні тап сол өзгелерден өзіміз де сазға отырамыз… Қанағат, мейірім жоқ жерде махаббат жоқ. Махаббат жоқ жерде әділет жоқ. Әділет жоқ жерде асылың жасық, алтының тас боп көрінеді. Адамзат жоғалтқан қасиетіне қайта қауышса ғана абзал атын ақтай алуы мүмкін. Соны кеш түсінген Бәкизат Жәдігерімен қайта қауышып, қайта бақыт табар сәтті кезеңнен кеш қалып қойды.

Бұл – баршамыздың басымызға түскен зауал. Әлеуметтік тойымсыздыққа бәріміз де белшеден баттық. Әулекілікке ұрындық. Әліміз жеткенше іс қылып, жарығымыз таусылғанша дәурен сүрудің орнына қой үстіне бозторғай ұялататын мамыражай заманға жапа-тармағай ұмтылдық. Жаппай баққұмар, жаппай өр көкірек, өзімшіл боп кеттік. Бір-бірімізді аяқтан шалдық. Ғайбат сөйлеп, аярлық қылудан тайсалмадық. Арымыздан айырылып, ұятымызды ұмыттық. Бір кезде екі бірдей дүниежүзілік соғыс ашып, жаһанды жаулап алам деп, көрер көзге астамшылық қияпатын шеккен Батыстың киген таз телпегін енді біз де киіп отырмыз.

Қалған дүниені қаскөй санап, абзалдықтың бәрі тек бізде деп көйттік. Күллі әлемге өнеге боламыз деп жүріп, ақыр аяғында күлкі болуға айналдық. Ол алаңғасарлықтан қазіргі көзі тірі жүргеніміздің бәрі аман емеспіз. Бәріміздің бетіміз шіркеулі. Әділет пен адалдықтың алдында айыптымыз. Сөйтіп жүріп, бір-бірімізге ауыз саламыз. Озбырлық жасамасақ, жүре алмаймыз. Сол қысастық түбімізге жетті. Бір-бірінің қанын арқалаған ұрпақтан өрбігендер бір-бірінің көз жасынан сескенбейтіндей тас бауыр боп өсті. Талас туа қалса, бірін-бірі тапап тастайтындай шап беруге әзір тұрады.

Қазір де қай-қайдағыны желеу етіп, ілінісе кетер желеу іздеуге құмармыз. Қиянатқұмарлық түбі қияпатқа ұрындыратыны ежелден белгілі. Тағдыр қысастық біткен құтыла алмайтын сол қияпатына бізді де ұшыратты. Ендеше бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін басталып, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін кеңінен етек алған арылу тақырыбы бізде де желі тартары сөзсіз. Оны сол тауқыметті бастан кешкендер өрбітсе ғана өрісті болмақ. “Зая ұрпақ” әдебиетін жаһандық соғыстардың қан-қасабын бастан кешкен Ремарк, Хэмингуэй, Борхерт, Белль, Ленцтер ғана табысты өрістете алды. Солар жазғандықтан да “зая ұрпақ” әдебиеті рухани “арылу” әдебиетіне айнала алды.

Біздің де кешкеніміз зая тағдыр. Әлеуметтік озбырлықтың айдағанынан шыға алмай, асыл мұраттардың өзін асыра сілтейтін алаңғасарлыққа айналдырып алдық. Соның салдарынан да еткеніміз еш зая ұрпаққа айналып отырмыз. Кейде әділ, кейде нақақ талай сөзді естуге мәжбүрміз. Біз көргенді өзіміз бастан өткерген біздер жазсақ қана арылу әдебиетіне айналмақшы. Ал бізден кейінгілер жазса, ұрпақтар өшпенділігін өршітетін, онсыз да көсегемізді көгертпей келген әлеуметтік кекшілдік өртіне май құятын, табашылдық ағымы қаулауы ғажап емес. Оған жол бердік деген сөз, бас-аяғымызды түгендеп, екі қолымызды төрт етіп, егемен ел, азат қоғам боламыз деген дәмеміздің көзіне өзіміз құм құйғандық болып шығар еді. Ондайдың бетін аулақ қылғай.

Сонымен, зая ұрпақ тақырыбы өрмегін құрды. Арылу әдебиеті желі тартты. Естияр қауым мен кемел мәдениет қана үлкен адамгершілікпен өрістете алатын күрделі рухани процесс басталып кетті. Сол бір тың алқапқа алғашқы түрен салған біз өткен бейнетті жолдың ащы-тұщысын бірдей тартқан кәнігі дихан болған қандай жақсы. Алғашқы адым аршынды басталса, кейінгі сапар қарқынды өрістемек.

Бір ғасырда дүниені екі рет қаран суға алдыра жаздаған батыс құрлықтың жаңа әдебиеті жеке адам тағдырын бірінші орынға шығарып, жеке жауапкершілікті сөз ететін жаңа ағымдар мен бағыттар туғызуы жаппай әлеуметтік әулекілік пен желөкпеліктің жолына тосқауыл қоюдың қамы еді. Кесек эпиканың орнына аз адамдардың, тіпті бір ғана кісінің жан дүниесіндегі алай-дүлей ахуалды ежіктейтін жаңа роман келді. Кең қарымдылықтың орнына терең талдау үстемдік құрды. Шытырман оқиғалардың орнына шырғалаң сезімдер билік алды. Әдебиет белгілі бір дәуірде болып өткен оқиғалардың көркем шежіресінен соларды бастан кешкен адамның жан дүниесінің кескіндемесіне айналды. Әдебиеттің табиғаты өзгерді. Эстетиканың мұраты өзгерді.

Бұл жайында қазіргі жеткіншек буынның кейбір талантты өкілдерінің айтып жүргендерімен есептеспеске болмайды. Бірақ жаңа әдебиеттің қарыштап кетуі үшін де жан драмасы керек. Ол үшін талайды бастан өткеріп, тауқымет дәмін татуға тура келеді. Ендеше сезім сергелдеңдері мен сана сапырылысына, рух шамырығуы мен ар арпалысына, ойдағы ойран мен көңілдегі түйткілдерге иек артатын жаңа ағымды қалыптастыруда аға ұрпақтың азулы өкілдерімен бірге ізденіп, бірге қайрат көрсетуге тура келеді.

Ендеше сол бір өрелі ізденісті бірінші боп бастап берген, бұрын да рухани қайсарлық пен суреткерлік кемелдіктің өнегесін танытып келе жатқан замандас ағаға тағы бір бас иеміз.

1998 жыл. Қаңтар. Ақмола.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар