Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Тұсаудағы түн (эссе)

28.03.2016 560

Тұсаудағы түн (эссе)


Қаншама қаракөз бауырларымызды

қылмен ғана тұсаулап жатырмыз...


автор


12910230_207171982980507_509737918_n.jpg

Түн – ең жайлы уақыт. Тіршіліктің қарбаласынан тыс қалған ми бір тынығып қалады. Мен үшін бұл кезең тыққан кітаптарды екі жасар ұлымнан ұрланып оқитын уақыт. Салғырттықтың салдарынан қаншама кітаптардың нәзік парақтары тентек балақайдың кішкентай жұдырығына төтеп бере алмағаны талай өкініштің себепкері болды...


Ұлым ұйқылы-ояу көздерімен келіп, иығыма құлай кеткенде, менде өзімнің әлемім, яғни кітаптың әлеміне сүңгу басталады. «Қылтұсау» романымен де таныстығым солай басталды. Ол кіріспесінде-ақ мені атын құлағыммен естісем де, аяғыммен басып көрмеген жерлерге апарды. Әрі Ричардтың құпиясы бір елең еткізді...


Қазақтың жас жазушысының ағылшындар жайлы жазуының себебі неде? Бұл сұрақтың жауабын ойлап болғанша, Алатауды суреттеген жерге келгенде өз туған жеріме еніп кеткенімді сонда түсіндім. Бұл нағыз кино... Алғашқы әсер осылай болды. Рас, қазір киноның дамыған заманы болса да, әдебиет өз биігінде қалды. Бірақ кітап оқығаннан гөрі көбіне киномен уақыт өткізгенді қалайтын замандастардың көзқарасын теріске шығара алмаймын. Ал, романда оқырманды ұстап тұратын нәрсе кинодағы сияқты сюжеттік желі емес пе? Бұл «Қылтұсау» романында кейіпкерлердің қимыл-әрекеті көз алдыңа анық беріледі, ал әр диалогы қарапайым тілде жазылғаны соншалық, расымен де кейіпкерлердің аузынан шыққан сөздерді естіп отырғандаймын... Ұлым ұйқысырап көзін ашып маған басын бұрды. Шынымен-ақ романдағы дауыстар оған да естілді ме екен?..


Оқып бітірген романның әлемінен шығып, ой түюге мүлгіген түннің болмысы ерекше әсерін тигізеді. Ең бастысы бұл романда (әдеттегі оқырман аңғармайтын) адам баласының бір-біріне деген ешкім түсіндіріп білмейтін, не болмаса айтып жеткізе алмайтын байланыстарды көрсете білуі. Осы арқылы жазушының шығармашылық шеберлігін анық сезінуге болады.


«Қылтұсау» – көптеген тағдыр тұсаулары. Махаббатынан соңына дейін күдер үзбеген үміт тұсауы...

Өгей әке-шешесінен өзінің кім екенін сұрауға ыңғайсызданған көңіл тұсауы...

Шет елге бала сатқан арсыз ақша тұсауы...

Ұлымның тәтті ұйқысының иісі келді мұрныма...

Әділдікті ту еткен, шындықты жасыра алмаған принциптер тұсауы...

Ары қарай оқырман санасында сансыз тұсаулар тізіле береді.


Оқырман ретінде мені тұсаулаған шынайы өмірдің шындықтарын бейнелеген жазушының суреткерлігі. Бірде махаббаттың мұң-зарына малындырса, бірде жаңа ашылып келе жатқан сезім бүршігіне байландым, кейде шындықтың артында жасырынған жалғандыққа жалау болған тағдыр тауқыметіне тап болдым. Соңғы бетін парақтап жатып та, айызым қанбай тіпі соңындағы баспа пішініне дейін, офсеттік қағаз екеніне дейін оқып шықтым. Бұл тұсау емей немене? «Қылтұсау» – тағдырдың қатал тұстарын байлаған нәзік қылдың күші дер едім.


Әрине, кез-келген оқырман үшін кітапты таң атыра оқығаннан артық қандай сезім бар?! Енді көз ілуге қисыны келмегенімен, өзім үшін тым болмаса санамдағы бір тұсауды шешуге қисыны келді.


Қайда бара жатсың тұсауланған тағдырым?!


Ілияс Қыдырбаев


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар