26 мамыр 2018
Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Алғадай Әбілғазыұлы: Қос батырға

24.03.2016 183

Алғадай Әбілғазыұлы: Қос батырға


кос батыр.png

Естігенде елең еттім, тұщынып,

Көңіл толқып, бойым кетті ысынып.

Бар қазаққа бауырмалдық үлгісін

Екі жігіт тұрғандай ма ұсынып?!


...Бір кездері қара ормандай көп едім,

Бір кездері арыстан ем, бөрі едім!

Бір орнында тұрмайды екен бұл жалған,

Көрді көзім сөгілгенін көбенің.


Озбыр елдің құшағында тұншығып,

Тамырыма у құйылған ел едім...

Тәуелсіз боп тізігінімді алсам да,

Сол зәһәрдан айыға алмай келемін:


Өзге ұлттарға кең жайылған құшағым

Қазір жабық, қандасымды тебемін...

Мал – жанымның, жан – арымның садағасы деуші едім,

Бүгін, міне, доллар туса, доңызды да емемін...


Атақ үшін, мәнсап үшін майысып,

Дөкейлердің айтқанына көнемін...

Жылатпап ем жесірім мен жетімді,

Қазір пайда: шетел асқан бөбегім...


Ата-бабам жер баспаушы ед дәретсіз,

Аңызы боп қалып барад көненің...

Тілім – шұбар, дінім – осал, діл – тұман,

Сылтау да көп іздей берсең себебін...


Ұлым – нәрсіз, қызым – арсыз, қариялар қамауда,

Айта берсем, өртенеді өзегім...

Жылағаным – жанығаным жігерді,

Жанымда бар жанартауым, сеземін...


Сол қозданған қуатымды маздатты,

Ғабит пенен Айбектейін өренім!

Дәлелдеді тектілігін жұртымның

Шаршы алаңда қос батырым, беренім!


Дана Абайдың өсиетін дәл ұғып,

Мұрнын бұзды нәпсі деген неменің!..

Әрбір қазақ дәл осылай аяласа қандасын,

Отыз түгіл ондығыңа енемін!


Намысы нар азаматым көп болса,

Тіршіліктің жарысында жеңемін!

Шүкір! Тәубе! Бас иемін Жаратқан,

Рухым тірі... Ертеңіме сенемін!..




Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс.

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)


Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар