Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Қош келдің, әз Наурыз!

18.03.2016 663

Қош келдің, әз Наурыз!



Қасиетті қазақ жеріне Ұлыстың Ұлы күні – әз Наурыз да сағындырып, сарғайтып жетті, міне! Жыл өткен сайын Наурыз мейрамы елімізді мекендеген бүкіл халықтың, ұлт пен ұлыстың сағынып күтетін ортақ мерекесіне айналып, жаңа мазмұнмен, жарасымды сән-салтанатымен түрлене түсуде. Күн мен түннің теңеліп, жан-дүниені тірілткен, шаруаның бір малы екеу болып, арқа-басы кеңіп, аққа аузы тиген, қытымыр қыстың ызғарынан құтылып, алдағы шуақты күндерден үміттендірген Наурыз мерекесі ежелден халықтық мереке. Назарларыңызға ақындар жырына арқау болған – әз Наурыз жырларын ұсынамыз.




Шәкәрім Құдайбердіұлы: Наурыз




Ұлыстың ұлы күнінде,

Бай шығады балбырап.

Қасында жас жеткіншек,

Тұлымшағы салбырап.

Келіншек шығар керіліп,

Сәукелесі саудырап.

Қыз шығады қылмиып,

Екі көзі жаудырап.

Бозбала шығар бұрқырап,

Ақбөкендей сырқырап.

Құл құтылар құрықтан,

Күң құтылар сырықтан.

Кетік ыдыс, шөміштің,

Түтіні шығар бұрқырап.



Бейімбет Майлин: Наурыз




Біреуім екеу болды - мал қосылды,

Қораға бұзау, лақ, қозы толды.

Ызғарлы суық қыстың кәрі кеміп,

Аспаннан күн күлімдеп, шырай оңды.


Ұзамай қарда кетер, жаз да болар,

Сай-сала гүрілдесіп суға толар.

Бөленіп жер жібекке, мың құлпырып,

Шалғынға көкорайлы ауыл қонар.


Жаз иісі бүгін келді, жан жайланды,

Кешегі көрген бейнет артта қалды.

Өмірге жаңа жолдар ашатұғын,

Жаңа жыл - бүгінгі күн, жаздың алды.

 


Мұзафар Әлімбаев: Наурыз ол – көктемдегі үмітіміз




Сен ортақ дастарқансың бәрімізге,

Татырған сары уыздың нәрін бізге.

Наурыз, сен көктемдегі үмітіміз,

Жарылқар берекеміз сары күзде.


Наурыз – ол емес әсте дырду-думан,

Киік емес қиқулап бір күн туған.

Ол – қыздың кісілікпен көшеленіп,

Рухани есеюі ұлдың туған.


Наурыз – ол ұсақтықтан арылуың,

Халықтың бірлігінің мығымдығы.

Күдіктің безбеніне тартылмайтын,

Қазақи Ата дәстүр Ұлылығы.

 


Мұқағали Мақатав: Наурыз




Ақпан кетті араз боп наурызбен,

Наурыз жүр жоғалған бағын іздеп.

Көктем жетті көрісіп, жанын үзген,

Қыс аттанды қоштасып тағы бізбен.


Көктем жетті көл-көсір шуақ қуып,

Қыс барады қиылып, жылап тұрып.

Шатырында үйлердің наурыз жүр,

Мұз көргісін ақпанның лақтырып.


Тозған тонын бойына кие алмай бір,

Қайда барса қарт Аяз сыя алмай жүр.

Асқар таулар атасын шақырады,

Ой мен қырын атасы қия алмай жүр.


Қарар емес наурыз атағына,

Алар емес ақпанды қатарына.

Күні бойы жылаған қарт пенденің,

Түні бойы мұз тоңды сақалына.


Наурыз айы туғанда,

Той болушы еді бұл маңда.

Сақталушы еді сыбаға,

Сапарға кеткен ұлдарға,

Наурыз айы туғанда.


Наурыз, наурыз, күн игі!

Күні игі жердің - түрі игі.

Бауыры жылып науат-қар,

Бабымен ғана жібиді.

Шашылып ырыс шанақтан,

Шақырып бір үй бір үйді,

Шаттанушы еді бір игі.


Осынау игі кең жерге,

Наурыз айы келгенде,

Наурыз тойын бергенде,

Көрмегендер де - арманда,

Арманда - оны көрген де.

Келіп ем өмір - орманға,

Наурыз айы келгенде.

 


Ақұштап Бақтыгереева: Наурыз




Құлақта алыс

Алпыс жыл бойы қалды ызың.

Жыл басы деген жалғыз күн,

Қадірінді ұқпай

Кетіп ек тәңір танымай,

Адасып қайта

Жолықтың бізге, Наурызым!

Сен қажет болдың біздерге,

Қанағат таппай

Көктемің түгіл күзден де,

Мейірімнен күдер үзгенде.

Күлкісі аздау тірліктен

Қажыған шақта

Біз шықтық сені іздеуге.

Бас ию білмей асылға,

Қатігез болған

Қария түгіл жасың да,

Темір адамдай

Жүрегі салқын ғасырға

Сендей бір мейрам

Қажет те шығар, расында.

Далама әкел ырыс-құт,

Ақ пейіл жандар

Ақ дәмін сыйлар туыстық.

Көктеммен бірге

Пейіліне ұқсас халқымның,

Өзіңмен келсін тыныштық.

Ұмыт боп кетіп қинадың,

Күндік той деп ең

Ғұмыр бойына жиғаның,

Үйреткен сен ең

Үлкенді-кіші сыйлауын,

Анамның тілін,

Бабамның салтын сақтаған

Хош келдің, Ұлы Мейрамым!

 


Мұхтар Шаханов: Наурыз парасаты




Айналаңнан жаңа көктем лебі ескен,

Бұл кезеңде күн менен түн теңескен.

Сан ғасырлық ата-баба салтына

Көпір болған Наурыз өзің емес пе ең?!


Таулы, таусыз жерімнің,

Өзен, теңіз көлімнің

Жаса ұлы Наурызы

Жаңа жылы елімнің.


Қуат жиса пәктігің,

Асқақтайды шоқтығың.

Тамыр алмай тарихтан

Мазмұнданбас шаттығың.


Жүріп жатыр ерлік, ездік жарысы,

Наурыз нағыз сәулелі ойлар қонысы.

Наурыз сайын ағаш егу, гүл егу,

Әр адамның табиғаттық борышы.


Наурыз парқы – өз санаңды өсіру,

Пенделікті ізгілікке көшіру.

Өткен жылы өкпелесең біреуге

Сол өкпеңді дархандықпен кешіру.

 


Ибрагим Исаев: Наурызым




Ақбоз үйді үлпілдеткен,

Боз даланы бүлкілдеткен.

Қуанышты күлкің – көктем,

Әсем едің, шіркін, неткен,

Наурызым!


Құлпырады сәнді бақтар,

Жұлқынады арғымақтар.

Сылқылдайды бал бұлақтар,

Мерекемсің мәңгі мақтар,

Наурызым!


Жарқыраттың шығыс Күнін,

Бар адамдар туыс бүгін.

Тілеп елдің тыныштығын,

Жүректерде жүр ұшқының,

Наурызым!


Аңсап жүрсең осы күнді,

Ашып таста есігіңді.

Болайықшы кешірімді,

Ән тербетсін бесігіңді,

Наурызым!


Бұл әлем қалғығандай,

Ұшты көкке ән қырандай.

Наурыз көже дәмді балдай,

Сенің көшің сәнді қандай,

Наурызым!


Аталардың – Қара Нардың,

Ақ жаулықты Аналардың.

Бас иетін саған әр күн,

Ақ батасын ала барғын,

Наурызым!


Ғашықтардың түр-түсінде,

Сәбилердің күлкісінде.

Ел үшін де, жұрт үшін де,

Қара Жерге кір түсірме,

Наурызым!

 


Марфуға Бектемірова: Жасыл нұрға бөленіп төңірегім




Қырға көшіп келеді елім менің,

Малын жайып, салатын төріне егін.

Наурыз туып, жан бітті дүниеге,

Жасыл нұрға малынып төңірегім.

Түйе өткен жұп-жұмсақ жерді басам,

Бақыт құсым кеудеме қондың қашан?

Сүйіп тұрып Наурыздың атқан таңын,

Қуаныштан көңілім болды масаң.

Ән айтамын ақырын тұнық таңда,

Қазақ қызы ән-жырын ұмытқан ба?

Көңіл шіркін қарлығаш ұшып шыққан,

Жатқандай бір қапаста, құлыптауда.

Елең қылмай, сап-салқын түн ызғарын,

Тыңдап тұрмын құстардың сыбызғы әнін.

Ерте көктем жұтқызар жұпар ауа,

Таңдайыма әкелді қымыз дәмін.

Кеш оралған көктемнің ерке құсы,

Осы екен ғой көктемнің еркелісі.

Осы екен ғой атамның аманаты,

Осы екен ғой әжемнің ертегісі.

Щолпы тақты алтын күн қайыңға әсем,

Ән айтады бұлақтар, уайым бәсең.

Тек асығып барасың, алтын айым,

Не айтасың ақын қыз жайында сен?





Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар