Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Достоевский және Алаш

17.03.2016 207

Достоевский және Алаш


(Қанат Әбілқайырдың «Жынды» хикаятына қатысты өзекті жарған ой)


Бір нәрсе турасында ой айтуда бұрын да, қазір де қазақ зиялыларының ой толғамдарының ала-құлалығын, әр түрлі ұстанымда «мұсылмандық үрдістегі батыстық – Абайшыл, мұсылманшыл шығыстық – Құнанбайшыл» болғандығын біліп алғанымыз жөн. Құлагер тағдыр мен Батыраш түсінік қазақ герменевтикасының бағын байлаған дәуір де орын алды. Осы “Тұрпайы әлеуметтанудың сойқаны” балаң санаға қалай ойран салғанын Бердібек Соқпақбаев өз наррациясына өзек еткен еді. Абайшылдықтың орынын енді міне Құнанбайшылық басып отыр. Отарлық кездегі – Достоевский және Алаш бар, азаттық кездегі – Достоевский және Алаш бар. Осы дәуірлік кезеңдердегі қазақ таным көкжиегіндегі батыстық дүниенің тәпсірленуі мен түсіндірілулері әр қилы.


Жалпы біз қазақ әдебиеттануында үлкен үш герменевтикалық кезеңді бастан кештік. Енді таза ұлттық неогерменевтика дәуіріне өтіп отырмыз. Ұлттық герменавтика – ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның “Қазақтың бас ақыны” мақаласынан бастау алып, 1924 жылға дейінгі аралықты қамтиды, қазақ кеңес герменевтикасы мен алаш герменевтикасы жарыса өмір сүрді. Енді осы мәселені қазақтың рухани-мәдени кеңістігіндегі көркемдік дүмпу айды аспанға шығарып, Достоевскийдің христиандық-батыстық жосықтағы «Нақұрысымен» ой жарыстырған, мұсылмандық-шығыстық аңыста әдеби-көркемдік күреске түскен Қанат Әбілқайырдың «Жынды» хикаятына қатысты басын ашып алуымыз керек.


Қазақ (кеңес) герменевтикасы әдеби мәтін бойынан мән іздеуде – кеңестік тұрпайы әлеументтанушылық әдебінде қалыптасып, 1930-1952 жылдардың аралығында ел таныған әдеби алыптарымыздың көпшілігі кейін аузы күйетін сөз айтып, кітапханалар мұрағатындағы бір кездері өз жазғандарын өз қолдарымен жұрттан жасырып, жыртқандарының куәсі болдық. Бұл – оларды қаралайтын, аруақтарын қорлайтын жағдаят емес, тоталитарлық жүйенің орнықтырған герменевтикалық ой айтып, пікір білдіру жосығы. Ешкім кінәлі емес, ол кездегі пікір айтқандардың артындағы ұрпағының қуыстанып, ұялып қысылуының еш қажеті жоқ: бар кінә – отар ел болғандығымыздан шығып отыр. 1953-1986 жылдар аралығында жұмсартылған қазақ герменевтикасы өмірге келіп қалыптасып, марксистік көзқарас тұрғысынан «ақты-қара» дейтін мәтін лағындығын өмірге әкелген, қазір баз біреулер жабысып алып, тістесе қатып қалған әдеби-көркем эстетикалық ұстанымдағы құндылықтарды қалыптастырды. 1972-1987 жылдар аралығында әсілі филологтар да, философтар да емес, қолданбалы іргелі ғылым саласындағы қазақ оқығандары «Білім және Еңбек» журналының маңына алаш герменевтикасының серкелерін топтастыра білді. Бұрын табу салынып қозғалмай жүрген тың дүниелердің ұлтымызға жетуіне сеп бола алды. Әлкей Марғұлан, Ағжан Машани, Сәбетқазы Ақатай, Ақселеу Сейдімбек, Сейіт Қасқабасов, Едіге Тұрсынов, Тұрсын Жұртбай, Таласбек Әсемқұлов т.б. азат ойлы еркін де, жалтақсыз алаш герменевтикасына екінші өмір сыйлап, дүниеге әкелді. Бұл үшін оларға ұлт герменевтикасы қарыздар. Әрі қазір оның жемісін жеп отымыз. Оған куә – Қанат Әбілқайырдың «Жындысы».


Солардың ерен еңбектерінің, ғылыми көзсіз алғадайлықтарының (камикадзеліктерінің) арқасында қазіргі қазақ неогерменевтикасы бұрынғы және бүгінгі қаламгерлер турасында біреуге ұнап, біреуге ұнамайтын, біреу құптап, келесілер өре түрегелетін түрлі пікірді жұрттың «парасат кеңістігіне» ұсынып жүр. Орнықтырып жүр. Неоқазақ герменевтикасы В.Дильтейдің философиялық герменевтикасын христиандық-батыстық батпағынан арылтып, ұлттық таным-түсінігімізге бейімдей алды. Заман герменевтикасының білгірі – Э.Д.Хирш өзінің «Герменивтиканың үш өлшемін» (Hirsch E. D. Ibid. Three dimen-sions of hermeneutics // New literary history. Baltimore, 1972. V.3. №2 ) дескриптивті, нормативтік, метафизикалықты ұсынды. Осы үш өлшем бойынан табылған қаламгер туындысының мәнін ұғындыру бізді әдеби-ғылыми ақиқатқа бір табан жақындатады. Мәдени код болып табылатын түрлі мәннің ешқайсына басымдық бермейтін дескриптивтілік (сипаттамашылық), ой айтушының мәдени-діни ұстанымы көрініс беруі нормативтікпен жалғасатын – метафизикалық, яғни, сөз етіліп отырған мәтінді тарихи объективті зерделеу. Сонымен қатар, Хирш герменевтиканың мақсаты мен мазмұны этикалық (біздің жағдайымызда – мұсылмандық және алаштық дүниетаным) талдау арқылы денотаттың (мәтіннің ілкі мәнін) іздестіруде оның барша конноттарының (мәтіннің қосымша мәнінің) ішіндегі ең өзектісін табу керектігін қаламгердің туындысына өз пікірін айтпақшы болған жанға тәлімдейді. Қаламгер мен олардың мәтіндерін талдаушылар тарапынан орын алған “Постмодерндегі Батыстық бейбастықты” Дериддаға қарсы шығып тәубесіне келтірген Хирштың ой-пікірлері біз үшін өте-мөте Абайшыл болып кеткен, ұлттық прозадағы талантты жастарды Құнанбайшылықпен қазақы дүниетанымға қайтып оралтуда өте құнды.


Қанат Әбілқайырдың «Жындысының» мәтінін тарихи объективті зерделеу кезінде бір нәрсені жадымыздан шығармауымыз керек. Әлемдік ақыл-ой жауһарларына есі кете үйрену бар да, бойды тартып, аяқты аңдап басып жатсына үйрену бар. Бұрынғы қаламгерлеріміз – есі кете беріле үйренсе, қазіргі әдеби процеске келген буын – аяғын сақтықпен басып, мұсылмандық ділі түршігіп, жатсына үйренеді. Бұрынғы – кеңестік герменевтикада керемет дүние дегендерге кейбірде пысқырып та қарамайды.


Бұрынғылар өздерінің жеке бастық әдеби-шығармашылық қалыптасу процестері кезінде оның тек сырт көзге көрінетін әлемдік (хритиандық-еуротектіліктің) отар елдердің гуманитарлық кеңістігіндегі қалыптастырған мұсылман баласын ешқайда бастап апармай тұйыққа тірейтін «герменевтикалық шеберінің» аясынан шықпай, Л.Толстой, М.Достоевскийлерден Орта Азия қаламгерлері пір тұтатын “Құдай” жасады.


Латын Америкасы бастан кешіп кеткен – Батысты жатсыну. Бізде де, оның ішінде Орта Азия түркілерінде орын алып, борхесизмшілдікпен (христиандық готизммен үндескен ислам готизмімен) – жақсының – жаман жағы барлығын, «атақтының-әйкәпірленуін» алға тартып отыр. «Атақтыдан-әйкәпірлік» іздеу әдеби үрдісі – қазақ жастар прозасында жаппай белең алған құбылыс. Оны ешкім тоқтата алмайды. Қайта оңды пікір айтып, құнанбайшылдықпен кем-кетіктерін ашып айтуымызды керек етуде. «Атақтыдан-әйкәпірлік» іздеу әдеби үрдісі өзіне дейін ұлт мәдени-әдеби кеңістігінде Батысқа қатысты айтылғандардың құндылығына қарамай, өзіне жат санайтын һәм санасын ұлтына жат идеологияның бұғауы кісендемеген прозашыларымыз әдеби процеске өз жаңашылдықтарын әкеле бастады. Әрі санасын ұлтына жат идеологияның бұғауы кісендемеген прозашыларымыз Батыс пен Шығысқа құлдық ұрмай, бәрін қазақи шекпенге орап, «алаш ақыл-ой имперализміне» милети қонымды болуын қалайды.


Әдебиет әлеміндегі сюжет-мотив құдайдың жаратқан пендесінің бәріне ортақ әм оны мұсылмандық және христиандық деп біржақты алалауға болмайды. Жәнеде осы сюжет-мотивті бір ұлттың қаламгері бұрын, келесі милеттің қаламгері одан үйреніп, қолданды деген шала-пұшық батыстық гуманитарлық концепцияны санамыздан қуғынға ұшыратып, ой түпкірінен аластатқанымыз жөн. Бұл –бір.


Екіншіден, қаламгерлерді сөз етпегенде, қазақ әдебиеттануында және әдеби сынында батыс түсінігіндегі әдебиет алыптарын (Мысалға, христиандар көкке көтеретін – Әзіз Несин түріктер үшін классик емес, өз ұлтының артын ашушы авантюрист сатирик) оқып-үйрену екі бағытта өрістеді: бірі – отарлық кездеңдегі батыс пен орыстық пікір пайымдарға құлдық ұру, бірі – басқаның әдеби-мәдени жетістігін өз мәдени өлшемі тұрғысынан сана-сезіміне шақтап, ұлттық астамшылықпен менменси қарау. Осы менменси қарау – құлдық дәуірдегі эстетикалық құндылықтардың көбісін қабылдай бермейді. Сондай бір құбылыс – бұрынғы Батыс пен Орыстың бізге рухани-мәдени зорлықпен таңған дүниелеріне деген қарсылық.


Біз осы соңғысы, яғни, әдеби қарсылық шығармашылық қадамын тәуелсіздік дәуірінде бастағандар арасында өрістеп отыр. Оған «доппен үрген» ешбір ғылыми бедел, «кеңестік және посткеңестік» «жалған классиктердің» дүдәмәл туындыларынан тұрғызылған «қытай қорғандары» еш бөгесін бола алмайды. Жастар қазақ әдеби процесінде еупротектілікпен орныққан христиандық «қытай қорғандарының» бірінен кейін бірін тас-талқан етіп, ұлттық санамыздан түре қуып жатыр.


Қазақтың аузында – бұрынғыдай кей ағамыз асқан еуробілімін таныту үшін сала-құлаштылықпен жатқа соғатын Достоевскийлердің жын қуған сөздері емес, Мұхаммед пайғамбарымыздың хадистеріндегі сөздері жүреді. Енді оның (Достоевскийдің) жын қуған сюжет-мотивтері де оның ойлағанынан бөлек, отар елдерінің зиялы қауым үшін бір кездері батыстың жазып-сызып бергенінен бөлек тұрпатта қазақ әдебитетіне туындыгерлікпен өмірге келіп жатыр. Жастар тым милетшіл оларға салсаң: «Сол – Пушкин, Сол – Шекспир, Сол – Достоевский тіріліп келіп бізден үйренсін дейді». Онысы дұрыс. Қазіргі жастардың бәрі – діншіл. Бұрынғы кеңестік жастардай – атеист емес. Сондықтан олар – христиан мен атеист байғұстар ұғынбайтын, түсінуі де мүмкін емес дүниелерді «...Сол – Шекспир, Сол –Достоевский» туындылары бойынан таба біліп, өз шығармашылық процесінде мұсылмандық ділде қайыра жаңғыртып отыр. Кәпірілер бүлдіріп ұсқынын кетірген әдебиет сарайына, өздерінің шығармашылық кірпішін қалауда.


Бар мәселе бұл жерде прозада кімнің сюжет-мотивті әдебиетте бұрын қолданып, бұрын оған ғылыми түсінік беріп кеткені емес, қай мәдени үрдістің аясында сол туындының өмірге келгені. Біз үшін «Нақұрыс» христиандық түсініктегі автордың жазған туындысы. Оны Батыс – классика деп таныса бір білгендері бар шығар. Ал, ол бізге классика болуы үшін – діни сенімімізге селкеулік келтірмеуі керек. Батыс – «Нақұрысы» бір бөлек, Шығыс – «Мәжүні» бір бөлек. Екеуін ортақтастырам деу далбаса. Және Достоевскийдің «Нақұрысы» – «Батысқа» бағдар ұстап жазылса, Қанаттың «Жындысы» – мұсылман қазаққа бағдар ұстап жазылып отыр.


Батысқа бағдар ұстап жазу – түркі әдебиетінде Шыңғыс Айтматовтар бастау алады. Әрі Нобель алу үшін түркі жұртында кей қаламгерлер барып жүрген эксперментті әдеби бағыт. Бізде бұл бағытта – Мұхтар Шаханов ағамыздың поэзиялық пырағы Олжас Сүлейменовтің әдеби арғымағымен құйрық тістесіп жүр.


Түркі дүниесінде шығу тегі шеркеш түрік жазушысы Ферит Орхан Памук (Ferit Orhan Pamuk) христиан әлемінің көңіліне жағатын осман империясының құлауын қаржы жақтан қамтамсыз еткен армяндар жайында және күрді мәселесін қозғаған романсымақ жазып, 2006 жылы Нобель сыйлығын иеленді.


Және Достоевскийдің «Нақұрысы» мен Қанаттың «Жындысы» еш салыстыруға келмейді. Бар болғаны кітап атауындағы ұқсастық, бар болғаны осы. Бір сюжет-мотив бірі – мұсылманға, бір – христианға арнап жазылып, тарихат (нарратив) болып қозғалып отыр. Екі әлем – екі дүние. Сондықтан бұрынғы кеңестік эстетика таңған идеялар алаш интеллектуалдары мен ғылыми ортасы тарапынан «мәдени тексеріс жасауды» керек етеді.


Қазақ қаламгерлерінен – Чехов, Кафка т.с.с. жасаудың, оларды т.с.с. Батыс қаламгерлеріне ұқсатудың еш керегі жоқ, қайта, ендігі жерде бізге ұлттық тар шеберге шалқар туындылары сыймайтын әлемдік мәдени кеңістіктен классиктік өз орынын алуға тиіс проза саңлақтары Бейімбетті, Тахауиді, Бердібекті, Тәкенді т.б. әлемге танытуды басты мақсат етіп алғанымыз ләзім.


Тек отарлық дәуір – қазақ прозасына не қосты, бостан дәуір қазақ прозасына не қостыны өзгенің классикалық әдебиетімен өлшемей, өзіміздің әдеби әлеміміз жаһандық әдеби процеске не қосып жатыр деген пікірді айтудың жолына түсуіміз ғана қалып отыр. Осы құланның қасуына, мылтықтың басуы болып тұрған шақта Достоевскийдің христиандық-батыстық жосықтағы «Нақұрысымен» ой жарыстырған, мұсылмандық-шығыстық аңыста әдеби-көркемдік күреске түскен Қанат Әбілқайырдың «Жынды» хикаяты өмірге келіп отыр. Бұл біз байқаған бір ғана туынды. Ал, Қанат Әбілқайырдың «Жынды» хикаятынан асырып, Джойсты жылатып, Кафканы қамықтыратын туындылар бар. Біз оларды қолымызға түспегендіктен, авторын жете білмегендіктен ауызға алмай отырмыз.


Қазақ әдебиетіне ешкім ендігі жерде «аға әдебиет» бола алмайды, қайта ұлт әдебиеті көрші бауырлас әдебиеттерге (ТМД-лық түркі әдебиетіне) өзі-ақ «аға әдебиет» болатын дәрежеге жетті. Осы атақты иелену үшін әдеби арамшөптерден классикалық бау-бақшамызды арылтып қана қоймай, әдебиеттануымызға Батыс пен Шығыс таңған ұлтымызға жат концепциялардан бас тартуымыз ғана қалып отыр.


Сонымен бостан дәуір қазақ прозасына не қостыны, қазақ прозасы жаһандық әдеби процеске не қосты проблемасын біріміз – аққу, біріміз – шаян, біріміз – әлдебір мақұлыққа айналып, көкке, теңізге, батпаққа тартпай бірауыздылық таныту ғана қалды.


Қанат Әбілқайырдың «Жынды» хикаяты қазақ прозасының жаһандық әдеби процеске не қостып жатқанын танытуымен құнды. Тек құл ғана қожасына жалтақтайды. Азат ұлт өзін өзгеге танытам деп жан салады. Құлдың қолынан келері – қожасына жағыну ғана. Біз орыс пен батыстың әлдекімі мың жерден данышпан болсын, өз заманынан асып тусын қазақтың ешкім оқымайтын қаламгерінен құны төмен әлдекім деген ұғымды санамызға сіңіруіміз керек.


Біз үшін «Нақұрыс» – түк емес, «Жынды» – керемет. Өйткені, Достоевский мұсылман мен қазақ үшін ештеңе тындырған жоқ, ал, Қанат алашы мен ислам әлемі үшін ұйқысыз түндерді бастан өткеріп, шығармашылық мехнат кешті. Бар болғаны сол. Осы пікірімізді кім қалай қабылдаса солай қабылдасын. Ерік өзінде бұндағы айтпағымыз, Қанат Әбілқайыр емес, қазіргі қазақ әдебиетіне ат салысушы әрбір прозашы өресі жағынан әлем жұрты мақтаған, христиан әлемі жақтаған «үрген доп» классиктерден жоғары тұрады. Өйткені, олар «алаш ақыл-ой имперализмінің» тұтқасын ұстаушылар. Оларды ғайбаттау «ұлттың әдеби құдығына түкіру» болып табылады.


Сіз тек Қанаттың біз сюжеттік-композициялық өзгешелігіне тоқтамай отырғанымызды құптасаңызда өзіңіз біліңіз, құптамасаңыз да өзіңіз біліңіз. Біз жаңаша сипатта жазылған туындыны жұрт оқысын деп о жағын басқа зерттеушілердің еншісіне қалдырып отырмыз. Тек салыстырмалы әдебиеттанушылық жосықта өз ойымызды алға тарттық. Батыс – бізге пір емес, қазақ әдебиеті – ешкімге шәкірт емес. Осы бақыт әзірше прозашыларға бұйырып отыр. Оның жарқын дәлелі – Қанаттың «Жындысы». Одан асып түсетін ұлттық әдеби жаһұттар бар. Олар туралы сөз айтатын зиялы орта бар. Біздікі тек бір ғана қаламгердің, бір ғана туындысы төңірегінде сипай қамшылай сөз айтып, милеттің ұйқыдағы ойын түртпектеу.


Серік Әбілқасымұлы, 

әдебиеттанушы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар