Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Адал Қалиұлы: Мәңгі осылай тату болшы, менің екі бауырым!

16.03.2016 243

Адал Қалиұлы: Мәңгі осылай тату болшы, менің екі бауырым!


кос батыр.png

Екі Қазақ жұлысар деп миллиард жұрт көз тікті,

Бірі мүрдем кетеріне болған да жоқ сөз, тіпті.


Екеніне қарамастан басқа ма, әлде, Қазақ па?

Есіріктер елеуреді батпақ болып ләззатқа.


Жұлысуды мәдениет биігі деп қайқаңдар

Екі арысты бір-біріне айдап салды сайқалдар.


Қарап тұрды бұл болмысқа туған өлке таңдана,

Екі батыр білек түрді,

жүдеп тұрды маң дала.


Оһ-о! ...

Бірақ, Ел күткендей ештеңе де болған жоқ,

Екі батыр жүріп алды бір-біріне қорған боп.


Түсіне алмай аңтарылды ел алғаш тосын мінезге,

Ұждан рухы жердің шарын шарлап кетті лезде.


Жаға жыртып жатпады олар бірін-бірі жеңсем деп,

«Көз шұқыспас қарғаларым!» дедік біз де кемсеңдеп.


Нағыз намыс білек түрді, (мақтандым мен, марқайдым!)

Бірін-бірі сүйеп тұрды екі беті Алтайдың!


Айналайын, Айбек, Ғабит, сені туған халқымнан,

Сын сағатта ұлт мүддесін биік қойдың алтыннан!


Айтаққа еріп, алтынға азып, ала түссең алқымнан,

Сол минутта-ақ айырылып қалар едің халқыңнан!


Біз өзара жұлқысудан аз тарттық па босқа азап,

Осыны анық сездірдің ғой, айналайын қос қазақ!


Ар мен Иман биігінде екеуің де тік тұрдың,

Бес ғасырлық қағиданы бес минутта-ақ ұқтырдың.


Ұжданыңды биік қойып атақ, даңқ, ақшадан,

Тарихыма жазып бердің аласармас асқақ ән.


Қарын қамы ұлт қамынан озып тұрған таңда бұл,

Шүкір, шүкір, болмапсыңдар ессіз еркек, даңғой ұл!


Мықтылық деп санамайтын құлатудан басқаны,

Төңкеріліп түсті-ау, шіркін, Рухсыздық аспаны!


Ақшаға азбас адам бар деп ойланып та көрмеген,

Қорқаулықтың көмейіне тіреу түсті-ау көлденең.


Қыбы қанбай қиналғаны-ай мұрын бұзғыш мұндарлар,

Ұл туғаны-ай ұлт рухын болашаққа шын жалғар.


Қандай ерлік - даңғыл сана биігінен құламау,

Мұнша кескін, мұнша жомарт болармысың, Құдай-ау!


Бақырғанмен жер тепкілеп жыртылғанша өңеші,

Ар-сайысқа әлдекімдер бола алмады төреші.


Ұжданыңа ине сұғып, намысыңа кәр тіксе,

Іске алғысыз нәрсе екен ғой халықаралық тәртіп те!


Мейлі, тіпті, өтпей қалсын даңқы биік жарыстар,

Сені енді ешкім жазғырмайды, айналайын, Арыстар!


Болды енді әлем нар Қазақты намысты ел деп танитын,

Сендер аман болыңдаршы, Айбегім мен Ғабитым!


Бабаңның паң рухына өр намысын жанитын,

Сендер көп боп жүріңдерші, Айбегім мен Ғабитым!!


Заман озып, заңдар тозып, алмасса да дәуірің,

Мәңгі тату болыңдаршы, Менің екі бауырым!!!


ҚХР Шыңжаң Ұйғыр автономиялы ауданы

Санжы қаласы

2 - орта мектебі 





Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар