Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
«Алтай асып, Алатауда түлеген» ұл

15.03.2016 264

«Алтай асып, Алатауда түлеген» ұл



Даулеткерей1.jpg

–Алтай астым, 
Алатауда түледім, 
Сарыарқаға салдым 
жырдың түренін.
Таң асырып, тамшы терін 
тұндырдым,
Күн қақтырмай күлік ойдың күреңін, – деп жырлаған дауыл­паз ақын Дәулеткерей Кәпұлы­ның алғашқы кешін өткізуге Жамбыл атындағы кітапхана сеп болыпты. «Жалғыз түп аршаны аңсаған» ұлдың кешінде инешаншар орын болған жоқ. Кешке ақынның рухани аға-інілері Ұлықбек Есдәулет, Жүр­сін Ерман, Нұртөре Жүсіп, Мұрат Шаймаран, Ринат Заи­тов, Аспанбек Шұғатаев, Болат­бек Оразбаев қатысып, өз лебіз­дерін білдірді.

Бұл кештің ерекше айтатын тағы бір тұсы, мұнда арнайы кітаптың тұсаукесері, не бол­маса, ақынның мерейтойы емес. Жай ғана оқырманмен сыр­ласу. Алтай мен Атыраудың арасындағы ақындардың поэ­зиясын, көркем дүниесін елге таныту, жұртшылыққа паш ету. Кітапхананың да бұл идеяны қолға алудағы мақсаты осы. Халыққа айтыскерлігімен та­ныл­ған ақын кейін домбырасын қаламға айырбастады. Содан бері ақынның үш бірдей кітабы жарық көрген екен. Қазақ поэзиясына өзіндік үлесін қосып жүрген, қара сөзден інжу-маржан терген Дәулет­керей Кәпұлының өлеңдерін тыңдап, оқырман бір серпіліп қал­ды. Өлеңдері арқылы оқыр­манымен сырласты. 

«Бүгінгі күн – Алаш үшін атаулы күн. Бүгін – Әлихан Бө­кейханның туған күні. Алматыда 1999 жылы қазақ ұлттық универ­ситетін бітіріп, Астанаға кеткелі бері, осында бірде-бір сырласу кешін өткізбеген екенмін. Бұл менің кісі болғандығымнан немесе оқыған жерімді ұмытып кеткендігімнен емес, жалпы, ізденіп-жетілу үшін Елордаға жол тарттық. Оқырманмен алғашқы жүздесуімнің Алаш көсемінің туған күнімен қатар келуі көңілімді жылытып отыр» деп сөз бастаған ақын ары қарай өлеңмен жалғады. 

–Толыбай да жоқ заманда 
Күреңбай да жоқ,
Қазанат тұқым кеттің бе 
кілең майда боп?
Әбдіғайса шал жасаған 
ауыздығымен,
Ауылға барсам іздеймін
жүген қайда деп?
Басымнан менің аса алмай
бұлт табандасын,
Жүйрік деп өткен бабамның 
ұрттағам жасын.
Құмарым қанбай қойды бір,
тақымым толмай,
Құмарбек шапқан ер-тоқым
жұртта қалғасын. 

Рас, Дәулеткерейдің алғаш есімі қалың жұртшылыққа ай­тыс арқылы танылды. Қаршадай баланың домбырасын құшақ­тап, сахнаға шығып айтқан ой­лары, түйдек-түйдек тіркестері, кө­неден жеткен небір асыл мар­жандарды ағытқанда, көпшілік оған ерекше тәнті болатын. 1989 жылы айтыстың үлкен жанашыры Жүрсін Ерман ха­лықаралық айтыс жасамағанда, шекара асып, Егеухан ақын елге келер ме еді, келмес пе еді. Сол жолғы айтысты таспалары ар­қылы көріп, Жүрсін Ерманның кім екенін танып-білген ұл кейін Қазақстанға қоныс ау­дарып, елге оралғанда, айтысты, айтыстың жанашырын іздеп табады. «Айтыс менің Дәулет­керей болғаныма көп әсер етті. Бір қазақ Дәулеткерей Кәпұлын танып жатса, ол да айтыстың арқасы» деп білемін дейді ақын. 

Жүрсін Ерман ол туралы: «1989 жылы халықаралық айтыс жасап, оған шекара асып, Дәулет­керейдің анасы Егеухан ақын келмесе, ол Қатимолламен айтыспаса, Қатимолла өз дом­бырасын шекара асырып жібер­месе, Дәулеткерей ақын болар ма еді, болмас па еді деп ойлай­мын кейде. Тәуелсіздіктің арқа­сында елге оралды. Оған да тәубе! Қазақта сал-сері деген ұғым бар. Сері деген ұғымға сыймайды. Сері дегеніміз – сертті ұстаған адам болуы керек. Мен Дәулеткерейді сері деп түсінемін. Мұның бойында қан­мен келген қазақы қасиеттер көп. Дәулеткерей айтыста көп жүрген жоқ. Бірақ соған қара­мастан, оның да айтыста өз тыңдарманы болды. Дәулет­керейдің айтысында көркемдік, даланың иісі, бөлекше қою на­қыштар болды. Серінің, серттің сөздері болды. Сол үшін де тыңдарман әлі күнге айтыстан Дәулеткерейді іздейді. Бір жа­ғы­нан оның айтыстан кеткенін де қолдаймын. Ол бекер кеткен жоқ. Өзінің өрісін дұрыс тапты. Оның өлеңдерінің бояуы қа­нық, тілі көркем, нағыз жырау­лық поэзияның элементтерін көргендей боламын» дейді. Жүр­сін Ерманның оған «бақы­тын жазба поэзиядан таптың» деуі тегін емес. Өйткені оның өлеңдерінде сөздік қорының мол екендігі бірден аңғарылып тұрады. 

Ол атбегінің баласы. Әкесі биенің ішіндегі құлынын сатып алған кісі екен. Көзін ашқалы көргені жылқы болғандықтан ба, «шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ» жануарға арнаған өлеңдері жетерлік. «Тамырында қаны ойнаған арқардың» деп жырлайтын дауылпаз ақын: 

– Алтайдан күн көтерілді,
Ақ бесік –нұр мекенімізді еске сап.
Аманат қылдым кімге төрімді?
Қайқы бас ер мен бірге тебіңгі,
Есіме түсті-ау, ескі ошақ,
Менің айбалта төзімімді төске сап! – дейді. 

Рымғали Нұрғалиев пен Тұр­сынбек Кәкішевтің де Дәулеткерейдің өмірінде ала­тын орны бөлек. Содан болар, айтыскер інісі Ринат Заитов: 

–Жарықтық Рымғали ағамыздың
Желбіретіп ұстаған жалауысың.
Толтырған сенімінің сиясына,
Кәкішевтің қалдырған қаламысың, – дейді. 

Қазіргі оқырман қазақтың қара өлеңін қажетсінбейді. Өйт­кені оны оқитын, тыңдайтын орта қалған жоқ. Біз солай деп ой қорытқанбыз. Сөйтсек, қате­леседі екенбіз. Оқырман да өлеңді аңсайды екен. Оқырман­ның бірі: «біз қазақтың қара өле­ңін аңсадық. Суретті, қоңыр­­лықты, қарапайым­дылықты, қоржыны жұтамаған тілдік қорды аңсадық. Соған шөлдедік. Біз дегеніміз – әуелі оқырман жағы. Осы орайда қазақылықтың иісін аңқытып, сөздік қорының мол екендігін өлеңнің алғашқы тармағынан-ақ дәлелдеп жүрген ақындарды іздейсің... Біз, сол шөлді қан­дыратын, сол иісті жоғалтпаған ақынды таптық. Ол – Дәулет­керей Кәпұлы. 

–Құлағымда құбылады қыдыр үн,
Қыдыр үнге қосылғанда күбірім.
Сұлбамды Айдың сүт сәулесі танытқан,
Елес қуған ессіздердің бірімін, – дейді. 

Шындығында, ол елес қуған жоқ, жыр жолына түсті. Оның соңынан өлең қуды. Өлең – кие. Кез келгеннің ба­сына қонбай­тын бақ. Дәулет­керей Кәпұлы сол киенің қа­сиетін танып, жыр атанға жүгін артты. Әуелгі жо­лын айтыстан бастаған ақын, кейін поэзияға ойысты» деп жазады.

Дәулеткерей айтыстан текке кеткен жоқ. Оны жазба поэзияға жол сілтеген ағалары болды. Оның бірі – Ұлықбек Есдәулет. «Дәулеткерейді қос қанатты құс деп атар едім. Суырыпсалма ақындығы да бар, жазба ақын­дығы да бар. Айтыс ақыны қан­дай мықты болса да, жалғыз өзі кеш өткізе алмайды. Мін­детті түрде қарсыласы болуы керек. Ал жазба поэзияның арқасында жалғыз өзің кеш өткізіп отыр­сың. Жүкең екеуміз көкпар тарт­қандай таласып отырған се­кілдіміз. Ол кісі өзінің айты­сына қарай тартады. Мен жазба жағына қарай тартамын. Қалай болғанда да, жазба поэзия өзіне үйіріп алып кеткен сияқты. Сонау өткен ғасырдың алпы­сыншы жылдары «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» газетінен анасы Егеухан апамыздың өлеңдерін оқушы едік. Ол кісі ол кездері қазіргі Алматы мемлекеттік университетінің студенті болатын. Сол кісінің өлеңдерінде сөздің құнары керемет сезіліп тұратын. Өзі қалжыңдап, «ағам» деп айтады, әкесі Кәпекең де өлең жазды. Өлең қонған, өнер дарыған шаңырақтан осындай тұлпар бала тумаса, қайдан туады? Өлең­дерін оқып отырып, қазақ­тың «уызынан жарыған» деген сөзі есіме түседі. Шындығында, ол ана тілдің мәйегіне уызында жарып өскен бала. Сонау Қаз­туған, Ақтанберді, Доспанбет жырауларымыздың бүгінгі көзі секілді. Дәулеткерейдің өлең­дерінен Мұхтар Әуезов пен Қалихан Ысқақ та бар көркем сөздің мәйегін, Жұмекен, Кең­шілік, Нұрлан Мәукенұлының тіліндегі жақұтты тапқандай болдым. Негізінде, дер кезінде айтысты қоя қойғаны дұрыс болған сияқты. Кейде талай көлік мінетін жерінен «шөміш­тен қаққандай» болған жоқпыз ба, обал жасаған жоқпыз ба деп те ойлаймыз. Дегенмен, жазба поэзияға бет бұрмаса, мұншама тіркестерді, бояуы қанық өлең­дерді жазбас еді» дейді Ұлықбек ақын. 

Оның махаббаты – дала. Оның махаббаты – өлең. «Дәу­леткерейдің жырындағы далаға құмарлық, жылқыға құмарлық – ол азаттыққа құмарлық деп білеміз». Ол: 

–Қара өлең –қайғым, көз жасым,
Шемен шерімді қозғасын.
Атанның жүгін көтерер, 
Атамның жыры болғасын! – деп тегін жырламаса керек-ті. 

Дауылпаз ақынның рухқа толы жырлары мәңгілік! Ғасыр­дан ғасырға жетері анық.


Гүлзина Бектас



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар