Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Ермек Аманшаев: Шырғалаң

12.03.2016 182

Ермек Аманшаев: Шырғалаң


ермек.jpg

Әйтеуір бір сенбі күні еді. Сәске ауа ауыр-ауыр бұлт қалқандары сіресе бірігіп, күн шырағын көлекейлей келе, сәулесіз тымырсыққа тіреп, дүниені ымырттық күйге бөлеген. Іле-шала тұман түсіп, дымқылданып, сіркіреп жаңбыр жауа бастады. Табиғаттың бойындағы беймәлім күштердің жарқыл- жұрқыл алысып, нөсер боп шешілер алдындағы еңсе езіліп, жан тұншығардай сәт қой, бұл!


Ауа райының құбылмалығына орай күнұзақ далаға шыға алмаған балдырған ұлымыз екеуміз үй ішінде біресе доп, біресе үрлеме шар қуалап, шаршап-шалдығып, ентігімізді енді басқан кезіміз-тұғын. Әшейінде, сенбі бола қалса, бау-бақша, қала аралап қыдырымпаздап кететін біз шіркінді ауа райы құрғырдың үй айналдырып қойғаны емес пе, бұл?! Таң атқаннан танбайтын радиоқабылдағыш, ұлымның кішкентай добы, одан гөрі үлкендеу, шынтақ ұзындығындай үрлеме шары. Олар да әжептеуір ермек болады екен. Әсіресе, ұлымның ішек-сілесі қатып доп қуалағандағы, шарды түртіп-түртіп қалып, соңынан жосығандағы қимылдары әжептарқы. Далаға шығып, құмары қанғанша таза ауа жұта алмағандығымен бір ісі болсайшы, бәтшағардың! Енді, міне, ол да шаршап ұйқыға ден қоя бастады. Мен де қалжырағанымды сезіндім. Ұлымның қасына жантайып, әлсін-әлсін құйрығынан қағып-қағып қоямын. Сәлден кейін пыс-пыс етіп, езуі сілекейленіп, қалың ұйқы меңдеп, есіней бастаған. Шаршағанда қаумалап алатын әзәзіл қиялдың соңғы ұшқындары көмескілене бастаған кез еді, бұл...


Кенет! Назарымның, ұлымыз екеуміз күні бойы соңына түсіп қуалаған үрлеме шарға түсіп кетпесі бар ма! Ол құрғыр да біз жантайған диваннан он шақты қадамдай жерде жатқан. Кенет! Астапыралла! Тып-тыныш жатқан шар теңселіп қозғалғандай болды! Алдымен сол жаққа, одан кейін оң жаққа... Одан кейін сол жаққа, содан кейін оң жаққа... Мұндайды кім көрген?!


Құдды менің сүйікті нағашым, марқұм Айтбайдың жүрісіне салып, ерсілі-қарсылы теңселгендей... Іштей кәлимамды қайтара бергенімді өзім де сезбей қалдым... Мұндай да болады екен-ау! Мәссаған безгелдек! Әлгі шар ендігі бір сәтте көзге көрінбейтін белгісіз біреудің қақпақылымен – біресе жоғары, біресе төмен ойнақтай бастады. Тарс-тұрс еткен даусына сайғанда мүлдем шар емес сияқты. Жарға бір соғылып, еденге екі соғылып, одан қайтадан жарға, қайтадан еденге, өзінен-өзі еркін ойнайды. Ал менің орнымнан тұруға мұршам жоқ. Қол-аяғымды тас қып байлап тастағандай. Алайда, шырматылған арқан да көрінбейді. Қол-аяғымды қозғалта алмағаныммен, денемді олай бір, бұлай бір қозғап көріп едім, диваннан сусып кетіп, жерге гүрс құладым. Әйтеуір, ұлым оқыс шудан ояна қоймапты. Жығылыстан денем қан қақсап өтсе де, соны көңілге медеу тұттым. Ұлымды жатқызар алдында терезенің пердесін мұқият қымтап жапқанмын. Содан бөлме іші мүлдем қарақөлеңке тартып, бұрынғыдан бетер күңірене түскен. Табиғат пен өз қолым жасаған сол тымырсықта әзәзіл шар, жұмбақ шар, сиқырлы шар ойнақ салып жүр. Ал мен болсам, жалаңаш еденге шалқамнан түсіп, қимыл етуге дәрмен таба алмай армандамын. Басқаны қайдам, маған сол сәт бүкіл дүние тоң-тарыс қатып, үрлеме шардың қозғалысын бағып қалғандай әсер етті. Тек ғазиз жүрегім ғана өлі кеңістікті патшадай иемденген әзәзіл тыныштықтың шырқын бұзайын дегендей, дүрс-дүрс соғады... Бір кезде әлгі шар допқа айналып кетті. Жарға, еденге дүрс-дүрс соғылып, маған қарай жақындай берді. Тыпырлауға дәтім жоқ. Міне, әлгі доп дүрс-дүрс етіп жаныма келді. Құдды көзге көрінбес біреу ұрып тұрғандай. Далбаңдаған екі аяғымның қақ ортасынан дүрс-дүрс соғады. Соғылып жатыр, дүрс-дүрс соғып жатыр. Екі аяғымды екі жаққа керіп байлап тастағандай, қосуға мүмкіндік жоқ. Дүрс-дүрс. Ендігі бір сәтте қолтығымның астынан соға бастады. Дүрс-дүрс. Бір... Екі, үш, төрт... Сегіз, тоғыз... Сәлден кейін жүрегімнің дүрсілі доптың ұрғанымен қосылып кеткендей болды... Дүрс-дүрс... Дүрс... Дүрс... Бір, екі... Төрт, бес... Алты, жеті... Содан ба, көңілім жай тапқандай. Бірақ, әлі қозғалуға мұрша жоқ. Дүрс, дүрс... Безгек шалғандай дір-дір еткен денем тынышталайын деді ме? Дүрс, дүрс... Келесі қолтығыма ауысты... Дүрс-дүрс... Дүрс-дүрс... Біраздан кейін доптың дүрсілі тоқтаса, жүрегімнің дүрсілі тоқтап қалатындай көрінді... Дүрс-дүрс... Тоқтамаса екен!.. Шіркін, тоқтамаса екен!.. Шын азап енді басталды. Бір кезде доп өзімді ұрғылай бастады. Дүрс-дүрс етіп, қауқарсыз денемді ерсілі- қарсылы соққылайды... Қол-аяғымды біреу тас қылып байлап тастағандай... Қозғалмайды. Дүрс-дүрс... Тарс-тұрс!.. Доп менен әлдеқайда кеткен өшін алып жатқандай екілене соқтығады...


Бетім, аузым, ернім, маңдайым. Сау жерім жоқ... Бір көңірсік иіс бөлмені алып кетті. Доп болса, қояр емес, олай бір, бұлай бір ұрғылап жатыр, бірте-бірте оны да сезінуден қалдым... Айнала буалдыр тұманға батып барады... Есім ауып кеткен екен...


Қай мезгіл болғанын кім білсін, әйтеуір бір кезде есімді жисам, сол баяғы қалпымда, шалқамнан түсіп жатыр екем... Қол-аяғым салдырап қапты. Бірақ, икемге келетіндей. Сөйтсем, екі қолым қайырылып, денемнің астында қапты. Әупірімдеп көтеріліп, жиып алдым. Беті-аузымды ұстап көрсем, дәнеңе жоқ. Құдды манағы доптан жеген таяғым, доптан көрген азабым бір жалған түстей... Мәссаған, зорлықшыл добым да, мені ұрғылай-ұрғылай діңкесі құрып, жанымда қимылсыз шөгіпті. Жо-жоқ, қателескен екенмін! Ол әлі сол баяғы қалпы, теңселіп тұр. Тіпті, қайтадан шарға айналып кеткендей. Зорға дегенде қолымды алып, шарды ұрып жіберіп едім, мұз кесек ұстағандай, дыз ете қалды. Қарып алды! Мұздай екен, бәтшағар! Қолымды үрлеп әлек болдым. Удай ашып кетті, тіпті! Ендігі сәтте әлгі шар үлкен үрлеме көбікке айналды. Сұқ саусағымен абайлап түртіп көріп едім, бұл жолы отты дөңгелек ұстағандай болдым. Саусағым күйіп қалды. Дереу үпілеп үрлеп едім, дызылдатып ашытқаны бәсеңдеді. Алайда, ғажайыптың көкесі әлі алда екен! Бағанағы мөлдір көбікке көзім түсіп кетіп еді, аңырап қаттым да қалдым. Бір сәт сол мөлдір көбіктің ішінен керемет ғажап сұлу қыздың сұлбасы көрінген-ді. Иә, иә, имандай шыным... Көбіктің ішінен бір ғажайып сұлудың жүзі көрінді. Мойылдай қара шашын иығынан асыра жайып жіберген екен. Қап-қара, сояудай кірпіктері дір-дір етіп, нәркес көзі мөлдіреп, жанары жадырай маған телміріп қапты. Пай-пай, қарасын айтсаңшы! Ақша бетін әрлендіріп тұрған қызыл дүрдік ерні бұртиып, назданғандай ма? Әлдебір сезімдерге беріліп, еркелегендей ме, дүние-ай!? Осынау ғажайыптан сеспей қатыппын. Бұл не еткен ертегі?! Сасқанымнан балам жатқан жаққа қарай беремін... Құдайға шүкір, ұйықтап жатыр. Пыс- пыс еткен бірқалыпты тынысы алыстан еміс-еміс естіледі. Пыс-пыс... Ал, қара қөлеңке, күңгірт бөлменің іші сәулеленіп, бір сәт жап-жарық боп кетті. Сөйтсем, алабөтен жарық көбік-қыздан тарап жатыр екен... «Күн астындағы Күнекей қыздың» өзі дерсің! Маған – әлденені жалбарынып сұрағандай, әлденені тілеп, ынтыққандай, тек сүюге жаратылған қызыл ернін әлсін-әлсін жалап-жалап қойып, телміре қарайды. Жанары мұңға толы ма, шөліркеген сезімге толы ма, ажырата алмадым. Осы уақытқа дейін орнымнан тұру неғып ойыма келмегеніме таңқалып, енді соған ниет етіп, қозғала бергенім сол еді... Әлгі көбік-қыз жерден біреу үпіріп жібергендей әнтек қозғалып, көтеріле берді... Жәймен ғана ырғала теңселген қозғалысында салмақтылық та, тәкаппарлық та, бәрі, бәрі бар... Құдды жер шарындай... Мен енді орнымнан тұрамын дей бергенде, кеп төсіме қонды. Жылуы мол, жылбысқы, жабысқақ! Бірақ бағанағыдай қол үлбіретер қызуы жоқ. Қайта, жанға жайлы жылу таратады. Буын-буыным босап, қол-аяғым дірілдеп, шөгіп барамын. Әлгі көбік-қыз енді шын қызға айналды. Тыр жалаңаш. Қос анары төсімді қытықтап, бұрын-соңды сезінбеген жылумен өне бойымды баурап, балқытып әкетіп барады. Бұлшық еттерім жазылып, құлын мүшем марқайып, тоғайып, ғажайып сезімдерге бөлендім. Еденге шалқамнан түсіп жатқан қалпым. Сәлден кейін көз алдым мұнарта бастады... Сағымдана, тұмандана бастады. Теңізде жүзіп келе жатқандаймын... Жаздың жаймашуақ, сәулелі, ыстық күндерінде шалқаңнан жатып, еш қимылсыз су екпінімен жүзе бергенге не жетсін деп қоям, өзіме-өзім! Мұндайда қол-аяғыңды қимылдатып, суды шалпылдатудың да қажеті жоқ. Теңіздің толқынсыз жеңіл демімен жағадан ұзай бересің, ұзай бересің... Күннің ыстық сәулесі денеңді кептіріп, шыжғыра бастаса... Иә, теңізде жүзе білетіндердің ұзақ уақыт малтудан кейін кідіріс жасап, судың ішінде дем алатын әдісі бұл. Аяқ-қолыңды екі жаққа жайып жіберіп, шалқалап жатсаң, суға да батпайсың, әрі судың екпінімен жәй қозғаласың. Теңіз мені тылсым демімен жәй ғана ырғап тербетіп, рахат күй кешіп жатыр екем деймін. Жеті мүшем қорғасындай балқып, қара терге түсіп, беймәлім тұңғиыққа батып барамын. Көбік-қыз тыржалаңаш. Масқара, масқара, мен де тыр жалаңаш екенмін. Масқара! Үстімде лыпа жоқ. Әлгінде ғана киімшең жатқан едім... Екеуміз де анамыздан жаңа туғандай жалаңашпыз... Оның денесі, иә, көбік-қыздың денесі жұп-жұмсақ... Қызулы... Құрдымға кетіп бара жатқандаймын. Төмен қарай құлдырап барамын, құлдырап барамын... Оның қос анары төсімді қытықтап, денемді қыздырады... «Оу, осы менікі не жатыс? Қанша дегенмен, жігіт емеспін бе?» деген ой сап ете түсті, бір мезгілде! Көбік-қыз құлағыма әлденені айтып, сыбырлап жатыр ма-ау?! «Сен кімсің?» дедім шарқ ұрып. «Тіршіліктің өзімін!» деді жаңғырық. «Оу, сен кімсің?» дедім қайталап. «Дүн-дүниенің өзімін!» деді көбік-қыз сыбырлап. Жаратылысымның қай қатпарларынан туындағанын қайдам, бойыма батылдық, тіпті есерсоқтық орала бастады. Күліп жібердім, өзімнен-өзім.


«Бір мезгілде: «Дүн-дүние, мен сені...!» деп сыбырладым. «Сен мені ойымнан шатыстырма! Ха-ха-ха-ха-ха-ха!» деп мазақтадым оны, «Сен менен енді құтыла алмайсың! Сен менің уысымдасың, енді сытылып шығу жоқ саған!» деп екілендім, бір кезде. Сөйттім де, үстімдегі қызды астыма алып ұрдым. Ол қарсыласып бағуда. «Ей, адам, ақымақ болма!» деп тамағы қырылдады, дүн-дүние. «Жоқ, алам, бәрібір алам» деп ентігемін мен. Дүн- дүниенің екі аяғы сіресіп жабысып қапты. Мен үшін ендігі алынбаған қамал – екі аяқ. Қолымды жәймен, денесін сипалап төмен сырғыта бердім. Міне қос анары, қарны. Кіндігі! Кіндігіне сұқ саусағымды жүгіртіп едім, сақ-сақ күліп жіберді. «Күлкісінің айбарлысын» деп қоямын іштей. Қолым сусып қыздың жалаңаш санын сипалай бастады. Одан бірте-бірте тізеге... Мақсат – қарысқан екі аяқты жазу! Тізе... тізе... тізе... Ойбай! А-а-а! Кенет, ышқынып айқайлап жібердім! А-а-а! А-а-а! Көбік-қыздың аяғы шолақ екен! Тізеден төмен шорт кесілген! А-а-а! Ышқынып тұруға талпындым. «Дүн-дүние, соншама жарымжан ба едің?» деп айқайлап жібергенімді сезбей қалдым... Ағыл-тегіл жылап жатыр екенмін... Оянып кеттім... Қара терге түсіппін. Жүрегім жарылып кетердей дүрс-дүрс соғады. Шеке тамырым солқ-солқ етеді. Менің айқайымнан ұлым оянып кетті. Шыр-пыр жылап, ол жатыр. Құйрығынан қағып-қағып жұбаттым. Пыс-пыс етіп, аударылып-төңкеріліп, бір кезде қайтадан қалың ұйқыға кетті. Көбік-қыз түгілі, әлгінде ғана жанымда жатқан үрлеме шарымыз да жоғалыпты. Үшті-күйлі. Зым-зия... Түсім бе, өңім бе, оны ажырата алмай, мен отырмын. Жүгіріп барып пердені ашып жібердім. Алматының әп-сәтте мың құбылар ауа райының әуселесі ме, жарқырап күн шығыпты. Бөлменің іші жап-жарық болып кетті. Бөлме- бөлмені аралап жүрмін, іздегенім шар. Зым-зия. Түсім бе, өңім бе? Бір кірген бөлмеге үш қайтара кіремін. Зым-зия...


Сол күннен бастап менде түсініксіз бір әдет пайда болды. Белгісіз суретшінің қаламынан туған әлдебір қыздың бейнесіне ессіз ғашық болған ертегінің кейіпкері секілдімін... Кімді, нені іздеп жүргенімді өзім де білмеймін, әйтеуір, кеудемде бір мазасыздық бар...


Біздің Telegram-парақшамызға. жазылыңыздар!

Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар

Ең көп талқыланғандар