Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Ермек Аманшаев: Жындыкөбелек

12.03.2016 347

Ермек Аманшаев: Жындыкөбелек


ермек.jpg

Жындыкөбелек пәруана тағатсыз айналымына тағы да көшті. Жынды көбелек әзәзіл от өзегін тағы да айнала бастады.


Кім білсін, осы бір от қызылынан һәм қызуынан тұтанатын ессіздік, ессіз айналыс – оның нағыз өмірі шығар?


Міне, кеңістік көкірегіне тағы бір қайталанбас шеңбер сызып, от өзегіне жақындай түсті.


Міне, ол кішкентай қанаттарын қағып-қағып қалып, от айналымынан шыға берді... (Иә, сәт! Иә сәт!..) Шыға берді де... дүние-ай, от шыңырауына құлдырап түсті!.. Шіркін-ай, ағып түсті!..


Кім білсін, мүмкін, осы бір әзәзіл оттың тілсіз шақыруы мен риясыз- ессіз құлдырау – жындыкөбелек өмірінің нағыз мағынасы шығар. Кім білсін? Ешбір адамның ақылына сыймас осы бір пәруананың қозғалысын халық адам жанына балайды екен: біздің жақтың шалдары – «Ол әліне қарамай хан қызына ғашық болған. Сондықтан хан қызының құшағында өртеніп өледі. Біздің оны «жындыкөбелек-пәруана» деп атауымыз да содан», – дер еді. Кім білсін, салқынқанды айтылған осынау қарапайым сөздерде қатыгез шындық жатқан болар.


Әйтеуір, Ақыл, шіркін, ұлан-ғайыр кеңістікті шарлап, қайдағы бір құзат шыңдарға самғап кетіп, Еркіндік дегенде гимн ойнай бастаған шақтарда, менің есіме сол баяғы жындыкөбелек түседі. Иә, жындыкөбелек! Қас қағым ғұмырының соңғы нүктесін қою үшін – тынымсыз, ындыны мәңгі кеппес Оттың тегеурінді айналымына, – Тағдыр айналымына еніп бара жатқан жындыкөбелек. Өз тағдырының құшағына құлдыраған жындыкөбелек!


Кім білсін, мүмкін, осы бір айналым, осы бір құлдырау – кішкентай кеудедегі алып ұшқан көбелек-жанның Әлемдік отпен тазаруы шығар? Білмеймін... Білетінім... Әне, әне, тағы да бір жындыкөбелек – жан Өмір деген инквизицияның отына құлдырай түсіп, пышырлап жанып жатыр. Жанып жатыр...



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар