Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Темірғали Көпбай: Жалқы мұңның жалғыз ғана белгісі...

11.03.2016 314

Темірғали Көпбай: Жалқы мұңның жалғыз ғана белгісі...

 


 ҒАРЫШ ЖАҚТЫҢ СӘУЛЕСІ

 

                          1                       

ФОТО.jpg



Көркем гүлге толған кезде қолатым,

Көкірекке кестелі мұң қонатын.

Өзегі кең өлең деген өлкеде,

Қиялымның қақтырып ем қанатын.

 

Үкі тақтым тұмар етіп ырымды,

Шоқтығына ой жалғадым ілімді.

Әлқиссамды әуенімен тербетті,

Сол қара өлең, бәз баяғы, бұрынғы.

 

Сол бір әуен жүрегімді тербеген,

Тұма болып тұнып жатты шерлі өлең.

Жалынымен жанға маза бермеген,

Ғарыш жақтың сәулесі ғой ол деген.

 

Тәтті әуендей естілетін кереңге,

Сәуле түсті жүректегі шеменге,

Өлең ғана жеткізеді көзіңді,

Ақын тағдыр ақиқаты дегенге.

 

                     




      2


Жабықтырса жадағай күн, жалған үн,

Ақиқаттың алдаспанын қармадым.

Таңдап берген сыйы ғой деп Алланың,

Мен өлеңге өмірімді арнадым.

 

Атақ-даңққа ұмтылмадым ел сынды,

Еңселі үйге жұмсағам жоқ елшімді.

Үнсіз ғана еңбек еттім ерінбей,

Түнделетіп қара өлеңге тер сіңді.

 

Түн ішінде жалғыз қалып шеріммен,

Қияндағы қиялдарға берілгем.

Өлең деген жанның тылсым сыры ғой,

Бір ұялшақ қыз сияқты көрінген.

 

        БАСПАЛДАҚ

 


Жалғанға жылап келіп жас анадан,

Ажалдан аждаһадай қашады адам.

Қазған көр құтқармапты Қорқытты да,

Қобыздың қоңыр мұңын тасалаған.

 

Артында аңырар жұрт, досы қалып,

Адамның ақіреті осы ма анық.

Ажалың қуып сені жүрмейді екен,

Алдыңнан тұрады екен тосып алып.

 

Ей, Ажал, алыспысың, жақынбысың,

Бір белде мені күтіп жатырмысың.

Алланың өзі сүйіп өлең берген,

Сен мансұқ ете алмассың ақынды шын.

 

Білемін бұл өмірден өтерімді,

Табармын мәңгіліктен  мекенімді.

Өлмейтін өлең жазған ақын көкке

Ажалды баспалдақ қып көтерілді.

 

Ажалым –  аяулымсың сен де менің!

Өлім бар деген сөзге сенбеп едім.

Ғарышқа аттанарда мен өзіңді,

Өлеңнің тақымына өңгеремін.

 

                 

ЖАЛҚЫ МҰҢ

 


Жер үстінде ақын жалғыз. Ұғар кім?

Жалғыздықтың мұңын шертіп жұбандым.

Мөлдір әлем сәулесінен үзіліп,

Ғарыш жақтан тамып түскен шығармын.

 

Қара өлеңнің қақтыратын қанатын,

Ақын жанның жанарында қара түн.

Жалқы мұңды еншілеген әр ақын,

Жұлдыз-тағдыр жалғыз, жалғыз ағатын.

 

Жалғызбын деп мен адамды жек көрмен,

Көпшіл болсам басқашалау көктер ме ем.

Ақын көңіл дәруіші жалғанның,

Көп ішінде жалғыздықты көп көрген.

 

Жүрегіммен жеке қалып дауласқан,

Жаным менің жалғыз болған әу бастан.

Қатып қалған көз жасындай жалғыздың,

Өткен түндер қара өлең боп жаумастан.

 

Өз ойыммен өзгешелеу алыстым,

Жалқы мұңмен оңашада табыстым.

Көкейінде көктің үні тұратын,

Ақын деген баласы ғой ғарыштың.

 

Шынын ұқсаң шайырлардың шерлі іші,

Бұл қоғамның ақында жоқ енді ісі.

Қабірімде тұрады ертең жалғыз Ай,

Жалқы мұңның жалғыз ғана белгісі.

 

 

 ЖҰМЕКЕН

 


Қара суға қайық салды қалқытып,

Қара сөзге сезім құйды балқытып.

Қазыналы аспанына қазақтың,

Қоңыр күйді жырмен жазды шалқытып.

 

Жырға жолын жиектетпей жеңілдің,

Өлеңімен өрген өзін өмірдің.

Қоңыр кеште қоңыр үстел басында,

Қоңырайып отыратын қоңыр мұң.

 

Қоңыр, қоңыр ойлар тізіп ілкімді,

Түн ішінде Толағайдай сілкінді.

Өлең сайын найзағай боп іреді,

Қыңсылаған пендешілік  шіркінді.

 

Орман-орман ой көтерген Толағай,

Қылығына күйіп кетіп қарадай,

Құлдай көнбіс «пластилин бастарды»,

Бауыздады бас-көзіне қарамай.

 

Аулақ кетіп абыр-сабыр, күбірден,

Үндеместен өлеңге еңбек сіңірген.

Бейталанттар байтал мініп жатқанда,

Бетін басып ұялатын іңірден.

 

Дүмше дүние дімкәс күйде жөтеліп,

Кексе мұңға кеткен кезде еті өліп,

Жер бетінің қасіретін сол ақын,

Жүрегімен жүрді жалғыз көтеріп.

 

Ойшыл жанға мұңсыз өмір бәс пе еді,

Үрді шулап қандені мен мәстегі.

Түйсігінің тереңімен ұқты ақын,

Болмайтынын жыр жазудан басқа емі.

 

Хақпен ғана тілдестірген мұратын,

Бақтан биік болады екен Ұлы ақын.

Өлең жазса шанағына күй тұнып,

Күй тартқанда өлең келіп тұратын.

 

Тебіренсе түпсіз аспан тұңғиық,

Оның жыры жұлдыздардан тұр биік.

«Жыр-Жұмекен» деген алып ғаламшар,

Жүректерге келе жатыр нұр құйып.   

       

 

 

 Э З О П

 

                     1

 

Ежелдегі Эзоп деген кісіңнің,

Жан айқайын енді ғана түсіндім.

Сор заманның самай тері сияқты,

Мазмұн көшіп, өзгергені пішіннің.

 

Қоғам – керең, заман ақпа құлақтай,

Ақын жанын күйдіреді шыдатпай.

Шындықты айтса ширығыпты шенділер,

Эзоп құлдың есті сөзін ұнатпай.

 

Басқа бәле тілден тапқан аз ба адам,

Құл шайырдың қулығына мәз ғалам.

Қағазға орап өткір жүзін шындықтың,

Мысал қосып ұсыныпты аздаған.

 

Тіл бітіріп тасбақаға, торғайға,

Сол шындықты айтпай қалса болмай ма?

Ел санасы қалғып кеткен жағдайда,

Одан басқа ойды қозғар жол қайда?

 

Кез келді ме көнеге бет бұрғандай,

Ақиқатты айтсам деп ем бұлданбай.

Шер толқытса сезінемін өзімді,

Эзоп шалдың ауласында тұрғандай.

 

                              2

Бағзы жұртта бұлың-бұлың күн кештiк,

Мимырт күнмен, мылқау түнмен тiлдестiк.

Хақ пен тақтан таппаған соң үндестiк.

Эзоп қарттың есегiне мiнгестiк.

 

Эзоп сөзi – «құлдың тiлi» көнерген,

Дертке дауа болды десем сенер ме ең.

Ескексiз-ақ толқын кешiп жөнелген,

Елдiк арман. Ол не деген өлермен?

 

«Құлдың тiлi» – құлдық пиғыл байырғы,

Қарт Каспийден Қара Ертiске жайылды.

Махамбеттiң жебесiндей шайырды,

Шамырқанған шабытынан айырды.

 

Көмбе жинап, кесiм айтар көсемi,

Қоғам дiмкәс, асқынғандай кеселi,

Босқын ой мен боз шаң қауып көшенi,

Митыңдайды Эзоп шалдың есегi.

 

 

         Е К Е У

 

Жұмыр жердің бетінде,

Өкпек желдің өтінде,

Бүтін болып жаралдың

құрдым күннің шетінде.

 

Періште едің, дауласпан,

Сәби бетті, жылы өңі.

Бүтіндігің әу бастан, 

Жаратқанның тілегі.

 

Бой түзедің, бұлқындың,

Ырық бердің ындынға.

Құлы болып құлқынның,

Құлдырадың құрдымға.

 

Жұпарыңды жай ұрып,

Жұрт ішінде жан бағып.

Ішің бөлек жайылып,

Сыртың кетті сандалып.

 

Күлдібадам күніңе,

Іштей айтып шүкір мың,

Үңгіріңде үніңе

діріл кірді: « Бү-тін-мі-ін!»

 

Сыртың басқа көрініп,

Ішің бөлек өріліп,

Құйтырқыға беріліп,

Негізіңнен жерініп.

 

Ішің найсап, сыртың дүр,

Қақ жарылдың екіге.

Тірлігіңді (тыртың құр)

Тәңір жазды ниетіңе.

 

ДӘРУІШТІҢ  ЗАРЫ


Тәпсір төккен тілінен,

Жүрегінде тұма бар.

Ақиқаттың түбінен,

Мән іздеген пірадар.

 

Кезігер деп алдымнан,

Ой-санасы жарық ұл.

Кейінгіге қалдырған,

Дәруіштің зары бұл:

 

« Жылап туған анадан,

Тәңір тыйсын пендесін.

Тәттіқұмар баладан,

Нәпсіқұмар өнбесін.

 

Зәузатыңның зарына,

Санаң бір күн жеткесін.

Аппақ қардай арыңа,

Қарға саңғып кетпесін.

 

Жұпар ойын жақсының,

Көңіліңе хош алып.

Қызыл көзді нәпсінің,

Құлдығынан босанып.

 

Мәнін бақсаң өмірдің,

Сөзім сізге аманат.

Фәни деген жебірдің

Бар дауасы –  қанағат.

 

Көр азабы алдыңда,

Ар азабы артыңда.

Өзің айтшы, қалдың ба,

Құдай сүйген қалпыңда?»

 

 

 АЛАРМАН


Адам деген аларман,

Алу үшін жаралған.

Айналасын жалмаған,

Ала көңіл шабарман.

 

Ойға-қырға шапқылап,

Бәсекеден бақ құрап,

Бермесін де Алланың,

Алсам дейді тартқылап.

 

Жақсыға да, жаманға,

Ынсап бермес заман ба?

Байлық, сыйлық, атақ-даңқ,

Бәрі керек адамға.

 

Күйінсін де, сүйінсін,

Алашағы бұйырсын.

Сұрағанын берші Алла,

Алсын дағы, тыйылсын.

 

Алған сайын алсам деп,

Жұмаққа да барсам деп,

Ойы басқа, есі алаң,

Қартаяды сарсаң боп.

 

Қызыл кетіп, әр тайып,

Қанағатсыз қартайып.

Құдай жайлы ойлайды,

Құлағанда жантайып.

 

 

                М А Т Р И Ц А


Өткінші өмір өркешіне өңгерген,

Ирек қамшы ит тірлікті мен көргем.

Есіл дүние – ескі қалып, көне мұң,

Есті жанды шығармайды шеңберден.

 

Лауһул-Маһфуз жазмышына бағынып,

Көне тарих көшті қара жамылып.

Көкбөрі боп ұлып едім Ай жаққа,

Даусым қайтты шыны аспанға шағылып.

 

Өмір. Өлім.  Бар мен Жоқтың арасы,

Адамзаттың шетсіз-шексіз наласы.

Адамды ажал мазақ етіп ойнайды,

Арманның да келмейді оған шамасы.

 

Туады адам, өледі адам шерменде,

Тайталасып қайғымен де, сормен де.

Тауқіметпен таусылады талқаның,

Тағдыр мәнін ұқтым ба дей бергенде.

 

Атқан таңнан, батқан күннен сыр аңдап,

Арманың да бөзге айналар бір оңғақ.

Жұмыр басты пенде болып келген соң,

Жұрттан бөлек кете алмайсың шығандап.

 

Дәмесі зор жұпар иіс жұмақтан,

Әркім өтер әрқилы жол – сынақтан.

Өмір – біреу,

Әлем– біреу,

Жан – біреу,

Шарам бар ма,

О, қырсық күн, шұнақ таң!

 

ЖАЛҒЫЗ ЖҮРЕКПЕН


 

Арман-құс аппақ періште болып,

Алқалап жүрер ақынды.

Бірде шың, бірде еңіске қонып,

Байыздау білмес пақырды.

 

Дүниеге сыймай аласұрғанда,

Арқасы қысқан бақсыдай.

Ақыннан енді аласың бар ма,

Тақуа бейіл, тақсыр-ай.

 

Іштегі рухтың  күшін білгенде,

Жыр – көңіл шешпес жығасын.

Тәпсірді жырмен түсіндіргенде,

Қабыл ет Тәңір, дұғасын.

 

Ақынға деме күнәсі қонар,

Бес мезгіл өтсе бейнамаз.

Жақұт жыр – оның дұғасы болар,

Жүрегі оның – жайнамаз.

 

Ұжмаққа ақын бір-ақ аттады,

Ұғатын болсаң санамен.

Қара өлең – оның қырағаттары,

Қағбасы да оның – қара өлең.

 

Құтпанды ойласа қиналар іші,

Жүректің тыңдап әмірін.

Ақындық талант сыйлағаны үшін,

Сүйеді ол жалғыз Тәңірін.

 

Діндерден жаққан жатқа күйесін,

Дәркүмән әлем дір еткен.

Сүйеді ақын Жаппар иесін,

Сүйеді жалғыз жүрекпен.

 

 

СӨЗ ҚАЛАДЫ


 

Ей, ақын, күйбеңді қой, жаз жырыңды,

Қайтесің қорға қиып аз күніңді.

Сабасын қара түннің шайқап жібер,

Шабыттың қабағынан наз білінді.

 

Өлең жаз, өнбес күнмен ерегеспе,

Ішіңді іреп болдың көп егесте.

Тағдырдың тауқіметі бітпегенмен,

Таңдауы Тәңірінің сен емес пе?

 

Сөз – кие, сөз – құдірет, сөз – алдаспан,

Түргенде түн етегін бозарды аспан.

Алланың ақын деген бір еркесі,

Ажалдың өзімен де ғазалдасқан.

 

Беймәлім бәйітке орап боз даланы,

Бейуақта бейбақ көңіл боздағаны.

Ақынға дейін мұнда сөз болыпты,

Ақыннан кейін тағы сөз қалады.

 

Артыңда сөз қалады жадырап кіл,

Ажалдың қолы жетпес Тәңірі атқыр.

Түндігін қара өлеңнің ашып қалсаң,

Жыр тілеп жұлдызды аспан жамырап тұр.

 

                 

   ҚОЙЛАР

 

                    (мысал)

 

Ұлар ұшқан кешегі ұлы дала төсінде,

Жылнамалар жылыстап, заманалар көшуде.

 

Ұлы дала төсінде көз ұшында көсілген,

Бір оқиға көрдім мен, мәңгі кетпес есімнен.

 

Неге сонша теңселдім, неге сонша шерлендім,

Бөріге ұқсап ұлыған қой отарын көргенмін.

 

Әлімсақтан қой деген маңырайтын емес пе ед,

Мықты болсаң қойлардың ұлығанын елестет.

 

Өз көзіме сене алмай, есеңгіреп, ес кетіп,

Қой соңында қойшыға кезіккенмін кештетіп.

 

–  Мына жалған дүниенің астары көп, апыр-ау,

Қасқырға ұқсап ұлыған бұл қандай қой, бәтір-ау?

 

Сонда қойшы еске алды өткен күнді кешегі:

– Арғы атасы бұлардың бөрі болған деседі.

 

Қасқырлықтан жұрдай боп сан ғасырдың шегінде,

Рухын жерлеп, ұмытқан бөрі деген тегін де.

 

«Момыным» деп алдаған құдай санап халықты,

Бойында тек бөрінің ұлығаны қалыпты.

 

Айрылған соң өрліктен тағдыр солай қас қылған,

Қой болғасын садаға кетсін олар қасқырдан.

 

Жуас тоқты қашан да жайлы келер жүндеуге,

Ұлығаны болмаса, өзі – қой ғой құркеуде.

 

Ал, сенбесең қара, – деп, теуіп еді құйрықтан,

Күйсей берді қой сорлы, қайдан оған ширыққан.

 

Сөзін тыңдап қойшының өзімді- өзім жек көрдім,

Қасқыр жұртын қой қылған заманаға кектендім.

 

Содан бері... Құрысын... айта берем несіне,

Қасқыр ұли бастаса, қой келеді есіме.

 


ҚҰЛҚЫН

 

Төрем-ау, неменеге шіренесің?

Түбінде бір тұйыққа тірелесің.

Тамағы тесік пенде емессің бе,

Болғанмен санаң бүтін, түгел есің.

 

Болғанмен санаң бүтін, түгел есің,

Құлқынның құлы екенін біле ме ішің?

Нәпсіңді қызыл өңеш қиғаш тартса,

Арды да айырбастап жібересің.

 

Бұл оймен келіс мейлі, келіспегін,

Тепсінсең ақиқатты теріс дедің.

Күнәні кеңірдектен кешіп тұрып,

Кейпіне енгің келер періштенің.

 

Қызыл күн қырдан қашқан түлкі ме еді?

Санамды сансыз сауал сілкіледі.

Тамағың тесік болып жаралмасаң,

Періште болуың да мүмкін еді.

 

 

      ЖОЛ АЙЫРЫҚ. ӨКІНІШ

            (Бұрынғы бір досқа)

 

Албырт шақта өлең дестік, жыр дестік,

Адал достың арманымен бірге өстік.

Өмір жолы екі айырды біздерді,

Өтті бізден бір беймәлім білместік.

 

Алыс жолға аттанғанда қамданып,

Жол айырық сынақ болды жанға анық.

Мыстан уақыт арбап қойған жандардай,

Біз екеуміз екі жолды таңдадық.

 

Өмір алдан тосты сырын беймәлім,

Шаттығыңды енді менсіз тойладың.

Жан досыңның жақсы күнін қызғансаң,

Достығыңа өзің нүкте қойғаның.

 

Көзден ғайып болғаннан соң мүлде сен,

Көңіл суып, мұңға толды жыр кесем.

Доспын деген жайдақ сөзден не пайда,

Бұл өмірде бар - жоғымды білмесең.

 

Көне күпі секілденіп жыртылған,

Ескі елеске айналуда түр-тұлғаң.

Тілеулестік теріс кетіп бұрынғы,

Күбің-күбің сөз айтасың сыртымнан.

 

Әр тағдырға қойылады бір нүкте,

Сонда біздер бекер өмір сүрдік пе?

Жауға айналған достар аз ба өмірде,

Жатқа айналған жақын аз ба тірлікте.

 

Мен өкінсем өлең бірге өкінді,

Төбемізден төне түскен екінді.

Жолайырық екі айырған біздерді,

Соңымыздан күліп тұрған секілді.

 

 

  ТӘУБЕ

 

Бар ғаламға рахман нұрын таратқан,

Шүкір Тәңірім, тәубе, тәубе Жаратқан!

Осы күнге жеткеніме мың шүкір,

Күй тыңдаумен Өмір деген шанақтан.

 

Мың бір тәубе таңдар үшін әр атқан,

Шүкір деймін мұң көрмесем қабақтан.

Бергеніңе, көргеніме мың шүкір,

Жаппар Ием, жанды бөлек жаратқан.

 

Тәубе Тәңірім нығметіңе көрсеткен,

Адамдықты адалдықпен өлшеткен.

Шүкір деймін ұлтым Қазақ болғанға,

Маған басқа керек емес  шен-шекпен.

 

Тәубе сырын білмес құлың емеспін,

Көк түрік боп көк аспанмен кеңестім,

Көкбөрінің рухын бердің, мың тәубе,

Көк туым мен Күнге қарап теңестім.

 

Шүкір Ием, нұрға тұнса көз алдым,

Ақын еттің, ар жолымен тазардым.

Шүкір, шүкір, өлең бердің өлмейтін,

Тура қарар көзіне де ажалдың.

 

 

 

 

 

 

 

 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар