Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Фариза Оңғарсынова: Өлең деген – махаббат

04.03.2016 391

Фариза Оңғарсынова: Өлең деген – махаббат


Фариза Оңғарсынова

Бұдан бірнеше жылдар бұрын Ғабит, Әбділда, Жұбан ағаларымыздың көздері тірі кезде, олардың алғы сөзімен жастар алғашқы жинақтарын шығарса, бәз біреулер «е-е, өздері жазып апарады да, үлкендерге қол қойғызып алады ғой» дейтінін естіп жүретінбіз. Өз басым бұл пікірге сенбеймін.

Бұл күндері біз де кейінгі келе жатқан талантты бауырларымызға қолдан келгенше көмектесуге, баяғыдан бергі жинаған азын-аулақ абыройымыз соларға жанашыр болуға жараса дейміз. Осындай, өлеңмен ауызданып Қазақ сөзінің уызымен қоректеніп өскендердің бірі – Бауыржан ақын. Ата-анасы Бауыржан атасындай батыл да батыр, елінің намысын ешкімнің аяғына бастырмайтын қайсар Қазақ болсын деп ырымдап ат қойған шығар?! Адамның есімі оның тағдырына, қадір-қасиетіне әсер етеді деген шындыққа жанасатын секілді. Бауыржан ақын да соңғы 4-5 жылда өлеңді өнімді жазып, өзінше өзгеше өрнек салып жыр бәйгелеріне жиі қатысып, қалың оқырманының көңілінен шығып жүр. Халықаралық «Шабыт» жастар фестивалінде әдебиет саласы бойынша бас бәйгесін алған жеңісімен тұсауы кесілген ол бұл күнде танымал ақын болды деуімізге болады.


Бауыржан және оның замандастары әрі білімді, әрі талантты жастар, сондықтан адамсыған талай өлең жазғыштарды менсіне бермейді. Бұлар өлеңге соны леп, тегеурінді теңеу, жаңа түр әкелуге тырысады. Өлеңнің мән-мағынасын да біздер сияқты (аға буынды айтқаным) оқырманның аузына салып, «енді өзің жұт» демейді, қорытындысын, шешімін өзің түсін, өзің ойлап тұжырым жаса дейді.

Заман өзгеріп, адам баласының дүниетанымы, жақсы мен жаманға деген көзқарасы жаңа киім кигендей жаңарып жатқанда бұл жастардың өзіндік ерекшеліктері мол өлеңдерін «поэзия емес» деп айта алмаймыз. Керісінше, ендігі жерде олардан үйрену керек пе деп те қаласың. Әрине, поэзияны күн сайын құбылып жатқан модамен салыстыруға, біресе әр жолдың буын санын қырқып шаштараздың шаш күзегеніндей етіп «жалаңаштау» дұрыс емес деп ойлаймын. Қазақтың өлеңі мен жырының даламыздың қай өлкесіне барсаң да исі бұрқырап тұратын жусан секілді қасиетін сақтауға тиіспіз.

Ал, Бауыржан ақынның «Жұмбақтасқа жауған күз» атты кітабы – оның тұңғыш жинағы.

Қасиетті Көкшетау – ұлтымыздың талай ұлы перзенттерін өсірген өлке. Бауыржан да – сол топырақтың киесін қанына сіңіріп өскен жігіт. Алғашқы жыр жинағын «Жұмбақтасқа жауған күз» деп атауы да тектен-тек емес.

Бауыржанның өлеңдері – тұнған сезім, жүрек тебіренісі. Өзіндік үні, өзіндік ерекшелігі бар. Жалпы, менің ұғымымда өлең деген – сезім. Өлең деген – махаббат.


Түнімен ауырып жүрегім,

Құдайдан біз жайлы тіледім.

Бүгін мен бәрінен кеш қалып әдейі,

Сен жүрген көшемен жүремін...

Жақындап бара алмай қасыңа,

Тұншықтым тағы да жасыма.

Құдай-ау, ойымнан кетпейсің,

Махаббат дегенің осы ма?!


Иә, иә! Махаббат деген осы! Ахмет ағам да:

Ойымнан күндіз-түні бір кетпейсің –

басымды не сиқырмен әуреледің? – деп еді. Қанша жүрек осы жолдарды қайталап, махаббат қайғысын, қуаныш дірілін жұтпады дейсің. Мен Бауыржанға сезімсіз өлең – өлең емес, сезімдерге сезім сыйлайтын өлеңдер жаз дегім келеді және ол шумақтарыңның бәрі махаббат мұнарасы – Оқжетпестей мәңгі ғұмыр кешсін деп ақ жол тілеймін!



Фариза Оңғарсынова,

ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты,

Қазақстанның Халық жазушысы.

Астана қаласы.

24 ақпан 2011 жыл.

Біздің Telegram-парақшамызға. жазылыңыздар!

Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар