Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Жас ақынның жүрек лүпілі

02.03.2016 283

Жас ақынның жүрек лүпілі


12670074_988403907876154_8508507376097607459_n.jpg

Екі мыңыншы жылдары қазақ поэзиясына талантты жас буын өкілдері келіп қосылды. Көп дауысты қазақ өлеңі осы уақыттарда өзіндік ой айту мәнері бөлек жастардың пәрменімен жаңа белеске көтеріліп, соңы сипат алды. Мазмұн мен түр жағынан да ерекшелене білді. Қазақ өлеңінің өркендеуіне өзіндік үлесін қосып жүрген сондай жастардың бірі – Бауыржан Қарағызұлы. Кешегі Біржан мен Сәкен тамсанған сұлу Көкшенің түлегі Бауыржан Қарағызұлы – сезім мен ойды өзара сабақтастырып жырлай білетін талант иесі. Жас ақынның талантын тап басып, оның шығармаларының белгілі бір деңгейде насихатталуына ықпал еткен көрнекті ақын Фариза Оңғарсынова болды. Жас оқырмандардан және әдеби ортадан еншілі бағасын алып үлгерген ақын осы күнге дейін қалың көпшілікке «Жұмбақтасқа жауған күз» және «Өң. Мен. Түс.» атты өлеңдер жинағын беріп үлгерді. Бұл қос жинақ та кестелі ойға, сырбаз сезімге, қоңыр мұңға құрылған дүниелер еді. Бауыржанның әрбір өлеңі өзіндік ой мен сезім иірімдерінің астасқандығымен де ерекшеленеді.


17 қазан күні ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің бас жүлдегері, ақын Бауыржан Қарағызұлының «Жұмбақтасқа жауған күз» атты жыр кеші өтті. Сондай-ақ, ақынның осы аттас кітабының тұсауы кесілді. «Жансусар» жас қаламгерлер клубының ұйымдастыруымен өткізілген кештің басты мақсаты – қазақ елінің ұлттық-рухани құндылықтарын жастар арасында кеңінен насихаттау, жас дарындардың өзіндік көзқарастарын дамытуға ықпал ету әрі, кітапхана мен оқырманның арасын жақындастыру болып табылады. Әдеби кештің беташарын Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Фариза Оңғарсынова ашып, Бауыржан ақынды тамаша лирик ретінде бағалады. Оның болашақта қазақтың қабырғалы қаламгері болып қалыптасатынына сенім білдірді. «Сезіммен жазылған нәрсе ғана жүректерге жетеді деп ойлаймын. Сондықтан Бауыржан Қарағызұлының бұл жердегі артықшылығы – оның шығармаларында жасандылық жоқ» деді Фариза апамыз. Сондай-ақ, аталған шараға белгілі ақын, әдебиеттанушы ғалым Жанат Әскербекқызы, домбырашы Жанғали Жүзбаев сынды ілкі буын өкілдері мен «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегерлері Алмас Темірбай мен Ақберен Елгезек сынды ақынның қаламдас, замандастары қатысып, жүрекжарды лебіздерін білдірді. Кешті «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, белгілі ақын Дәулеткерей Кәпұлы жүргізді. Жыр деп соққан жас ақынның жүрегі осылайша өз оқырманымен қайта бір қауышты. «Төлеген Айбергенов ағамыз «Ақын боп күн кешіру, оңай деймісің, қарағым, аузында жүру бұл өзі сыздаған барлық жараның» деп айтады ғой. Сондықтан кез келген адам ақын болмайды, ол, меніңше Тәңірдің берген сыйы» дейді үлкен тебіреніс үстіндегі Бауыржан ақын.


Хамит ЕСАМАН


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар