Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Сәдібек Түгел: «Қазының» иісі

01.03.2016 307

Сәдібек Түгел: «Қазының» иісі



Қазы.jpg


Сәдібек Түгел

жазушы



(Әңгіме)




Мыңдаған, миллиондаған көрермендеріне тартымды хабарлар ұсына алатын мәскеулік телеарналардан ұзын бойлы, жарқын жүзді, ақ шашты, Ресей Думасының құқықтық қауіпсіздікті қорғау комитетінің төрағасы, танымал мемлекет және қоғам қайраткері Владимир Әбдіәліұлы Васильевты көрген сайын есіме инженер Виноградов Александр Иванович түседі. Өйткені олардың өмірбаяндары өте ұқсас. Екеуінің де әкелері қазақ, шешелері орыс қызы. Жастайынан әкеден айырылып, орыстардың ішінде өсіп, бүкіл мінез құлықтарымен, болмыстарымен орысқа сіңісті болып кеткен. Бірақ тылсым күшке айналған олардың қазақтықтары бәрінен де алда тұрады.


Мен, Александр Ивановичпен 2006 жылдың 16 желтоқсаны Тәуелсіздік күні Өскемен қаласында тұратын туысым Болаттың үйінде таныстым. Көңілді өткізген сол кештің тақырыбы бастан аяқ «қазы» болды. «Қазы» болғанда ұлттық құндылықтарымыздың бірі соғым сою, сүйек еттерді мүше- мүшеге бөліп, жіліктеу, жаңа сойған жылқының мойын етінен қуырдақ дайындау, ағайын, дос-жарандарды соғым басы шекеге қонаққа шақырып дәм татқызулар тілге тиек болды. Әсіресе, «қазы» аударудың қыр-сыры туралы Александар Ивановичтің майын тамызып айтқанына риза болып, таң қалдық.


-Бәрі, осы ерекше құбылыс «қазының» иісінен басталды. 1986 жылдың желтоқсан айының демалыс күні. Мен ол кезде «Магнитогорскі металл балқыту зауытының» бас конструкторы болып қызмет істеймін. Қасыма әйелімді және ержетіп қалған екі баламды отырғызып, жеңіл көлігіммен дүкендер аралауға шықтық. Мақсатымыз келесі жұмадағы менің қырық жасқа толуыма арналған мерейтоға дайындық жасау. Ең алдымен қаламызда өткізілініп жатқан «Азық-түлік және ұлттық тағамдар» деп аталатын үлкен көрмеге ат басын бұрдық. Қатар-қатар тұрған тұрған азербайжан, армян, грузия, латвия, литва, эстония, қырғызстан, өзбекстан, түркіменстан, молдова, беларусь, украина павильондарынан өтіп қазақстандықтар тұрған жерге келгенде бүкіл денемді бір дәмді иіс баурап, ішкі жан-дүниемді балқытты. Буын-буынымның босағаны сондай, орнымнан қозғала алмай, қақан қазықтай тұрдым да қалдым. Сол сәтте мен қайталанбайтын күй кешіп тұрдым. Жұбайым мен балаларым қазақтар мен көршілес орналасқан ресейлік дүкендерден тауарлар алып болғанша мен сол орнымда тапжылмай тұрдым. Олар сыртқа беттегенде әрең қозғалдым. Менің сырымды қас-қабағымнан түсінетін жан-жарым Людмила:


- «Жаным, саған не болды? Өңің бірден өзгеріп кетті ғой» деп алаңдаушылық танытты. Мен қазақстандық павильондағы бір иіске елітіп тұрғанымды айттым. Ол: -«Онда, жабылмай тұрғанда бар да ал» деп кеңес берді. Мен жаңағы жерге жүгіріп барсам, павильон шынында жабылғалы жатыр екен. Сатушыға жағдайды айтып бердім. Ол кісі бұл жылқының қабырғасынан жасалған «қазының» иісі, оның дәмді болатынын және қалай пісірілетінін түсіндірді. Мен оның 300 граммын сатып алдым. Люда үйге кірген бойда, қазыны пісіруге кірісті. Қайнап жатқан қазандағы иіс оданда керемет болып, қолқамды кернеді. Піскен «қазыны» тіліп жеп, сорпасын ішкенде ағыл-тегіл терлеп, бусанып, алпыс екі тамырым тербелді. Сол күні мен өзімді бақытты сезіндім. Балалық шағым еске түсті. Мен онда 4-5 жаста болармын. Жылқышылар қосында тұрамыз. Қыста да жазда да жейтініміз тәттілігі тіл үйіретін «қазы» мен «шұжық», «құрт» пен «ірімшік», «балқаймақ» және «сарымай». 1945 жылы Ұлы Отан соғысына басынан соңына дейін қатысқан әкем қазақ азаматы, өзімен бірге майданда болған орыс қызы Галина Николаевнаға үйленеді. 1946 жылы мен Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында дүниеге келіппін. Әкем алыс қыстақта колхоздың жылқысын баққан. Шешем оған көмектескен. 1951 жылы әкем ауырып қайтыс болады. Жаңғыз қалаған шешем мені алып, бір ай жол жүріп Иркутскідегі туыстарына келеді. Жығылғанның үстіне жығылған демейме, бір жылдан кейін шешемде қайтыс болады. Әке-шесі жоқ жетім баланы Иркутскінің детдомына өткізеді. Сол жерден баласы жоқ отбасы өз аттарына көшіріп, бауырларына басады. Олар мені оқу оқытып, мәпелеп тәрбиелеп өсіреді. Шынын айтсам мен, «қазының» иісі келгенше өзімді басқа ұлтқа қатысым бар деп ойлаған жан емеспін. «Қазының» ғажап иісі әкемнің қазақ болғанын есіме түсірткізді. Қашанда от пен оқтың ішінде жүріп, соғысты бастан өткерген майдангерлер әділ келеді. 1952 жылы мені, екінші әке- шешеме табыстарда балалар үйінің қарт директоры: «Балам, сенің әкең қазақ болған. Ол соғыстың зардабынан қайтыс болған. Соны ұмыт па» - деп еді.


Әйелім Людмила ертеңінде Қазақстанның павильонындағы барлық «қазыны» сатып әкелді. Сол «қазылар» менің қырық жасқа толғанда жасалған той дастарханымның басты асы, көркі болды. Содан бері жиырма жыл өтті. Жиырма жыл соғым сойып, жылқының қабырғасын ішекке салып, «қазы» аударып келемін. Мен үшін дүниежүзіндегі ең асыл, ең тәті тағам «қазы» болып саналады-деп Александр Иванович әңгімесін аяқтады.



2016 жылдың 3 қаңтары

«Отау түскен» ауылы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар