Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Жанымды жылыт, рухтың бөлшегі...

29.02.2016 153

Жанымды жылыт, рухтың бөлшегі...


Cыйдиған теректің ұшар басында қыркүйектің жапырағы жалғыз қалтыраған күндердің бірінде бұл кітап менің қолыма тиді.


Көңілді кірбің жауып, ессіз өткен шілдені аңсағанда жүректі жұбатар алданыш өлең болды. Жаңа кітап қайыра жауған жаңбыр секілді, қаңсып бара жатқан сезімге құнар береді. Поэзия – Ғашығын қасына алған Мұқағалиды қайталайсың. Ырғақ – Тәңірдің жаратқаны. Домбыраның шанағында Тәңір күбірі, содан соң ақынның ұйқасында. О бастан қазақ сөзінің ырғақты ұйқасы Жасаған Иеммен түзетілген, ақындар оны тек іздеп табады.


Әділбек Ыбырайымұлы бізге тасқа қашалған кітабын тарту етті, өлең – адам рухының қуаты, әрқашан мәңгі өшпес алау от болып жанып тұрады. Жылыт мені, рухтың бөлшегі, сұраныссыз келген күздің қара суығы жүрекке найза құсап қадалады. Өлең жылытады, жазғы кафенің жабылмаған алаңындағы шарапқа мас болған қос ғашықты, өйткені олардан махааббат алыстап бара жатыр. Басқа бағытты тауып алып, адасып кетіпсің, сезім, мақсат тұтқаның төсектегі ләззат емес еді, түртіп кеткен қайшайтанның көлеңкесі. Төрлет өлең, тән иісінің жетегінде кеткен мұңлықтардың махаббатын қайтар.


Қауызында шұғынықтың – қара барқын нала бар,

Үр қызының үркек кейпі тау бөктерін сағалар.

Тәмсіл-тәмсіл сөз айтасың,

Таңдайымды кептіріп,

Үркер туса дәмі де оның ізім-ғайым жоғалар.

Шатқалында шарқ ұрасың шатты мекен атанған,

Өз-өзіңе сен жатқанда қабір қазып, татам – қан.

Қатері бар сапарлардан тайынбадың, тарттың кіл,

Қатебі бар түстің-дағы сары жампоз атаннан.

Бекер-бекер!

Тұңғиықтың түбі саған – у, нала!

Жетім қалар өзегіңді жарып шыққан қу бала.

Шұғынығым,

Қауызында қара барқын қайғы бар,

Өтінемін,

Ақ жаныңды арам ойға былғама.


Біз Әділбектің қазақ тілін ғажап білетіндігіне қайран қаламыз, түркінің терең тамырлы тарихының тұңғиығынан ұшып жеткен кешегі Шығыс ақындары секілді сөз қолдану арнасын кеңейте, дамыта, молайта қалаам тербейді. Әредік жиі қолданысқа түспейтін, не ұмытылып бара жатқан сөздер «Пір мен пырақ» кітабының әр тұсынан қара көрсетіп қалғанда бір серпіліп, өзгеше күй кешеміз.


Кітаптың басты тақырыбы жеке адам тағдырын, жиырмасыншы ғасырда жалпы бәрімізге түскен пенде тауқыметін лирикалық деңгейде жырлау, ойды дөңгелетіп әкеліп, күмәнмен аяқтау, кейде наз айту. Мен сұраққа толық жауап бердім деген поэзиядан қорқамын, сондықтан мәңгілік сауал-жауаптық формада беріліп жатса, әрі ол оң шешіліп жатса, онда ақынның ақындығынан секем ала бастаймын. Назым Хикмет пен Маяковский қалай жырлап еді! Бүгін оларды жақсы көргеніме ұяламын, ал өздерін кәдімгі адамдықсезіммен аяймын. Қайран менің ұлы патшаларым! Олар ақын болды, бірақ жүрек желкенді қайықты кеме деп танып, ұзақ күтіп жүрді. Қазір көкжиектен көрінген құбылыстың барлығы маған тек сағым бейнесінде ғана көрінеді.Сенімді қадірлеу керек, бір адастырып алсақ, бақи рухани азғындыққа ұшыраймыз.


Әр адамның өмірлік лейтмотиві болады, бірақ түгел ақындардыкі – тәкәппарлық.


Әділбек Ыбырайымұлында сондай пафос бар, тізеге жығылған рух екінші мәрте көктен көрінбейді, содан болар намысты ұдайы тән ләззатынан жоғары қою, ешқашан ешкімді өзіңнен биік танымау, бірақ ешқашан ешкімді өзіңнен төмен жылжытпау – бұл адамгершілік, ал әділдікке үкім шығаратын – уақыт. Тұрмыста да солай, мәртебесі бәрінен асқақболмыс – көшедегі тірлік, көшедегі тірлікте де солай.


... Тірлік кешу о, не деген күлкілі ең,

О дүниенің қоңырсы исі мүңкіген.

... Егер сенің жемқор әкең болмаса,

Сен де мендей тентіреуің мүмкін ең.


Әр ақынның ұнатқан өлеңі болады. Төлеген Айбергеновтен – «Бір тойым барды» ұнатамын, Олжастан – «Біз – көшпеліміз», Серік Ақсұңқарұлынан – «Бәйге. Пырақтар», Мұқағалидан – «Моцарт», «Жан азасы». Әділбек Ыбырайымұлының қай өлеңін жеке шығарып қояр едіңіз десе, мен мына бәйітті көлденең тартар едім:


Құйрығы қайқы дүрегей,

Кеудесі – есік, таң қалам.

Іргеде тұрып үреді-ей,

Тексізге тегі шамданам.

Емес бұл иттің сырттаны,

Нан соғар сорлы барақы.

Үргені оның – қыртқаны,

Жолаушы қайтсін, бар – аты.

Топырақ шашты айбат қып,

Құйрығы дүмді бірегей.

Шықса егер қасқыр сайда атқып,

Кеуделі неме үре ме-ей?

Әупілде қазір, әупілде,

Таңдайың тоңса, тантып-ой.

Қанденсің «шапқан» дәу пілге,

Иттің бұл тегі салты ғой. (70-бет).


Жалпы кітап 203 беттен түрады, соңында «Құмға сіңген қан» атты поэма бар. Бұл шығармасы Ауғанстан ардагерлеріне арналған. Әділбек Ыбырайымұлының поэзиясында әдемі сөз тіркестері жиі кездесіп отырады, бұлар түбінде қорытып шығарар тұжырымға жетудегі баспалдақтар сияқты.


Білмеппіз ғой, барады тағдыр өтіп,

Жібердің бе жасыңды жаңбыр етіп? (153-бет).

Ақшүлен таудағы өскен ұрпақ едің. (94-бет).

Ескі жұртқа тап келді қаңырап қалған,

Аталар қайда абыздай аруақтанған? (54-бет).


Жаңа кітап – қуаныш, егер туынды ең құрымаса біреулер қаңыратып тастап кеткен сары уайымдағы күзгі бақты жалғыз аралаған мұңды жүректерге жұбаныш болып, қайғысын бір сәтке ұмытып кетуіне көмектесіп жатса, онда ақынның бақытты болғаны.



Дидар Амантай

«Қазақ елі» газетінің 1996 жылғы 18 қазандағы саны.

Біздің Telegram-парақшамызға. жазылыңыздар!

Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар