Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Арман Нұрқалиев: Бал дәурен

29.02.2016 333

Арман Нұрқалиев: Бал дәурен


793784_284573295005342_627296881_o.jpg

МЕНІҢ АТЫМ – АБАЙ...


Маған ат қойғандарының өзі де қызық. Әкем марқұм Сқабыл отыз жеті жасына дейін бала көрмей қатты қиналған екен. Жастай қосылған жұбайы кінә өзінен екендін сезгендіктен ауыл ақсақалдарының алдынан өтіп, әкеміздің басқа отбасын құруына өзі рұқсат беріп, жылай-жылай төркініне қайтқан.


Жаңа отбасына алдымен дүниеге шырылдап қыз келіпті. Енді бүкіл ауыл болып жас келіннен ұл күтеді. Тіпті оның есімін де алдын-ала ақылдасып қояды. Үлкендер дүниеге келер сәбидің аты ұлы ақынның құрметіне Абай болады десіпті. Әрине, дүниеге ұл келер болса... Әкемнің жалғыз бауыры Жазушы /ол кісінің өзінің есімі бөлек әңгіме/ бұл шешімге іштей қарсы болып, «ағам өмір бойы армандаған баланың есімі Арман болуы тиіс» деп қырсыққан екен. Сонымен Сқабыл мен Тәбияның шаңырағында көптен күткен той болып, маңдайы торсықтай ұлға үлкендер Абай деген ат беріпті. Босағада отырған әкемнің бауыры іштей өзінше жоспар құрып үндемеген. Азан шақырып қойған атқа үй-іші де, тіпті, бесікте жатқан мен де үйреніп қалған шақта нәрестенің метркесін жаздырту керек болады. Оған әрине, колхоз орталығына Жазушы жәкем аттанады. Метркеге менің есімімді Арман деп жаздырып, көңілі орнына түскен соң бірталай уақыт түрлі сылтаулармен оны ешкімге көрсетпей жасырып жүреді. Бұл «қылмыс» кейіннен жария болған тұста, мен Абай деген қасиетті есімнің толыққанды иесі болып үлгерген екенмін. Хан Тәңірінің табанында жатқан шағын ғана Қаратоған ауылындағы туыстар да Сқабылдың Абайының басқа атының барлығын мойындамайтын жағдайға жеткен. Тек бірінші сыныпқа барғанда қиындық басталды. Алғашқы ұстазымыз құжат бойынша «Арман» деп тақтаға шақырады. Мектептен шыққан соң қайтадан Абай боламын. Бұл шатасу кейіннен КазГУ-ге оқуға түскен соң да жалғасты. Алматыда Арманмын, ауылға келсем Абаймын... Әлі күнге солай.


Тіпті, ат қойғыш Жазушы жәкемнің өзі Абай дейді...



«БАЛДЫРҒАННАН КЕЛГЕН ХАТ»


Жазушы жәкем төрт жасымнан төбемнан шұқып отырып әріп үйреткен екен. Бес жасымда әліппені, мектепке барар жылы кейбір жеңілдеу газет-журналдарды судыратып оқи береді екенмін.


Алғашқы сыныпты Қаратоғанда бастағанмен, бір тоқсаннан соң аудан орталығы Нарынқолға көштік. Әкемнің досы Ораз ағаның әйелі Зинат тәтем онда мектепте ұстаз. Мені жетектеп алып орталықтағы орта мектептің бірінші сыныбының екеуіне кіріп шықты. Қабылдамады. Бала саны көп дейді. «Бұл сылтау ғана. Сені колхоздан келді. Әріп танымайды деп ойлайды» дейді Зейнат тәтем. Бірінші «в» класының жетекшісі жуастау Гүлжан деген апай екен, амалсыз мені қабылдады. Ұмытпасам сыныптастарым «Әліппенің» ортан тұсына жетіп қалған тұс. Гүлжан апай тақтаға шақырып, «Әліппенің» алғашқы бетінен бастап оқытып жатыр. Судыратып мен тұрмын. Апайым соңғы беттерді оқытты. Мүдірген жоқпын. Менің бұл «талантым» көрші сыныптардағы мені алмай қойған апайларға тез жетті. Олар Зейнат тәтеме көпке дейін ренжіп жүрді.


Сол кездерде-ақ бірдеңелерді шатпақтап «Балдырған» журналына жіберуді шығардым. «Үмітсіз шайтан деген»... Бір ай дегенде Алматыдан хат келді. Хат болғанда қандай! Сыртында тасқа басылған менің аты-жөнім. «Балдырғанның» мөрі. Конверті қандай әдемі! Қолым дірілдеп хатты оқи бастамаймын ба... «Құрметті Арман!» деп басталатын хат енді біраз еңбектенсем менен бірдеңе шығады, сол кезде жазғандарым міндетті түрде жарияланады деп аяқталатын. Хат соңына міндетті түрде Несіпбек Айтов деген кісі қол қояды. Әр жолы солай. Әр жолы мен ол хатты туыстарға, сыныптастарға мақтанып көрсетіп жүремін. Тіпті, алғашқы хат келгенде әкемнің достары үйге келіп, оны «жудырып» кеткені бар...



БЕРДІБЕКТІҢ РУХЫ


Несін жасырамыз, қалам ұстаған қасқалардың Бердібек Соқпақбаевтың шығармаларымен өспегені кем де кем шығар. Мен де солардың бірімін. Кітап оқуға жарап қалған шақтан бастап Бердібектің шығармаларын жата-жастанып оқыдым. Оның біздің ауыл жақтан екенін естігенде жүрегімді қуаныш пен мақтаныш кернегені де шындық.


Бесінші оқып жүрген кезім болса керек. Әкемнің сыйласып жүрген інішегі Нұрлыбек көкеміз таңертеңгі апақ-сапақта біздің үйге кіріп шықты. Асығыс екен. Өзі аудандық партия комитетінде нұсқаушы болып жұмыс істейді. Нан ауыз тиіп, келген шаруасын айтып кетуге ыңғайланғанда, бір әңгіменің шетін шығарды.


– Аға, Алматыдан Бердібек Соқпақбаев келді. Мен ол кісіні Қостөбе, Сүмбе жаққа апарып келемін. Кешке аупарткомның залында оқырмандарымен кездеседі. Келіңіз!..

– Жарайды, көрерміз, – деді әкем.


Нұрлыбек ағамыз кеткен соң әкемізге жата келіп жалынайын. Қатты көргім келіп тұр. Сұрайтын да нәрселерім көп еді...


– Балаларға болмайды, – деді әкем. – Аупарткомның күзетшілері кіргізбейді...

...Жолым болмады. «Балалық шаққа саяхатты» кеудеме қысып, тірі жазушыны көре алмайтыныма өкініп қала бердім.

...Кешке қарай кездесуге барғандардың бірнешеуі біздің үйге жиналғаны есімде. Шай үстінде сыбырлап әңгіме айта бастады.

– Енді не болар екен? – деді Нұрлыбек көкеміз. – Артық сөйлемеуін маған тапсырып еді... Қараптан қарап күйіп кетпесем болғаны...

– Шындықты айтты, – деді әкем. – Соғыс жылдарында елде кәрі-құртаң еркектің дәуірі жүргенін көзімізбен көрдік қой... Жесір әйелдерге қорлығы өтті олардың. Ақсақ-тоқсақтардан бала туып алған әйелдер аз ба?

– Енді... бүкіл елдің алдында «Мен Совет өкіметіне қарсымын» деп... Сұмдық-ай... Не болар екен?

Нұрлыбек көкеме шай батпай ұзақ үнсіз отырып қалды.


...Кейін әкем айтып берді ғой. Бердібек ағама ауыл тұрғындары соңғы шыққан «Өлгендер қайтып келмейдіге» қатысты сұрақтар қойыпты. Кітаптың керемет екенін, бірақ соғыс жылдарындағы ауыл өмірінің кейбір ащы шындықтары неге жазылмағанын жазушыға жолдаған екен.


– Сұрақ дұрыс қойылды, – депті Бердібек ағамыз. – Мен бар шындықты романда жазғанмын. Жесірлерді қорлаған ақсақ-тоқсақтарыңды да... Бәрін қиып тастады.. Бұл мемлекет шындықты айтқызбайды. Мен Совет өкіметіне қарсымын!


Қайран менің кумирім-ай! Көп ұзамай белгісіз жағдайда қайтыс болды деген хабарын естідік. Өлімі жұмбақ болды. Әлі де жұмбақ...

...Мен Бердібек ағамды көре алмадым. Бірақ, отыз жылдан астам уақыт өтсе де әкем айтқан оның сол сөздері құлағымда тұр. Тіпті, кейде ағамның сол сөздері өмірлік мәнін әлі де жоғалтпағандай болып кетеді. Шырқыраған шындықты шығара алмай жатсам Бердібектің рухы дем бергендей, маған... Айтпақшы, биыл менің жазушы пайғамбарым 90 жасқа толады...



«МЕНІҢ АТАМ АЛЖЫҒАН ЖОҚ...»


...Туу алыстағы балалық шақ есіме түсіп отырғаны. Сегіз жастамын ғой деймін. Жазғы демалыс кезі. Күн ұясына батып бара жатыр. Мен, Жанболат, Тоша бәріміз ауыл шетiндегiбозқарағанның түбінде әңгіме соғып жатырмыз.


Анда-санда Алматы жақтан келетін автобустарды қарап қоюды да ұмытпаймыз. Таныс біреу-міреу келіп қала ма деген үміт қой баяғы. Ауылымызда картошкадан басқа ештеңе өспейді. Жеміс-жидектiң бәрі бізге таңсық. Қаладан келгендердің алма әкелмейтiнi жоқ. Әттең, біз танымайтындар келіп жатыр... Міне, соңғы автобус та келіп тоқтады. Қызыл алма арқалағандар үйді-үйлеріне тарап болып, үміт үзілді-ау дегенде автобустан бір қария түсті. Жүк жататын жерден үлкен бір қапты арқасына қондырды да бізге қарай беттеді.


– Мә, мынаның бәрі алма ғой, – деді Жанболат жұтынып.

– Шіркін, менің атам болса ғой, – деді Тоша армандап.

– Бұл – менің нағашы атам, – деп атып тұрдым.


Шынымен де сол. Тоқсанды алқымдап қалса да жүрісі ширақ. Бір қап алманы бұйым көрмей келеді. Атам Шелек жақта тұрады. Біздің ауылға екі қызы да күйеуге шыққан. Біреуі – менің шешем. Соңғы кездері жиі келетін болып жүр. Жай келмейді. Қашып келеді. Үлкендердің айтуынша – алжып кеткен. Алжығаны соншалық, кез-келген уақытта, Нарынқолға кетіп бара жатқан кез-келген көлікке мініп, қыздарына тартып отыратын болған. Алжи берсін. Бізге, жиендеріне жер бетінде одан асқан мейірімді, одан артық ақылды нағашы жоқ! Қап көтерген қарияға құстай ұштым. Қос серігім де қалыспай шауып келеді...


...Атам әкелген алмаға армансыз тойғаным-ай сол күні. Көрші қолаң да жетісіп қалды. Тек нағашымның екі қызынан сөз естігенi болмаса... Шелектегiлер «шал жоғалды» деп шу көтерген ғой. Нағашым «сыбағасын» алған соң, алдына отырып алып, ақырын сыбырлаймын.


– Ата, сенің алжып кеткенің рас па?

– Тыныш, – дейді қайран нағашым. – Мен мына балаларды тексеріп жүрмін. Әкелеріне алжығанда қалай қарайды екен деп...


...Бәсе, менің атам алжыған жоқ! Ол әлемдегі ең ақылды ата! Атамды құшақтай түсемін...

Туу, осы оқиға неге дәл бүгін есіме түсіп кетті екен, ә?..



БАЛМҰЗДАҚ


Балмұздақты ғалымдар осыдан бес мың жыл бұрын пайда болған деседі. Ежелгі Рим императоры Нерон тамаққа тойып алған соң, десертке балмұздақ жеп отырады екен.


...Сол балмұздақтың біздің ауылға өзінен бұрын дақпырты жетті. Бағы жанып, үлкен қалаға бара қалған балалардан естідік алдымен. Ол сойқандар Алматыда жеген балмұздақтарын айтқанда әр қимылын бағып мұқият тыңдап отырамыз. Өзінің дәмі балдай болады екен. Және де сұп-суық. Аузыңа салып жіберсең өзінен-өзі еріп кете беретін көрінеді. Әңгіме айтқышымыз көзін жұмады. Ауылдың қарасирақтары – біздер де бірге жұмамыз. Ол жұтынса біз де жұтынамыз. Таңдайға жаңағы тәтті балмұздақтың дәмі келеді ме, қайтеді өзі? Көзімді ашсам қасымдағылардың ауыздарынан сілекей аға бастапты. Мен де жетісіп отырған жоқпын. Ауыздан ағып, иекке жақындап қалған сілекейімді жеңіммен сүрте салып, үйге қарай жүгіре жөнелдім. Елдің баласы жеген осынау ғажап дүниені мен неге жемеймін? Әкеме айтпасам!..


...Сол жазда Ерболат ағам оқудан құлап, Алматыдан ауылға ерте қайтты. Оның оқудан құлағанына мен қуанып жүрмін. Әлгі балмұздақты әбден табыстап жібергенмін. Қалай да ала келемін деп уәде берген. Ағам келетін күні азаннан автостансаны айналсоқтап жүрдім де қойдым. Алматының үш автобусының алды ауылға кешкі төрттерге таман жетеді. Маған бәрі бір. Балмұздақ әкелсе болды. Қанша болса да күтуге әзірмін. Қас-қарая соңғы автобуспен ағам да жетті-ау, әйтеуір. Үйге жеткен соң сөмкесінен аны-мұны сыйлықтарын шығарып жатыр. Тастай суық, балдай тәтті балмұздақты күтіп мен отырмын. Шыдамым жетпей барады. Бір кезде сөмкенің түбінен екі литрлік банкі алып шықты ағамыз. Ішіне сүт құйып алған ба, немене?


– Балмұздағың міне, – деді. – Еріп кеткені болмаса, дәмі сол күйінде... Сіміріп алсаң да болады!


Ол кезде балмұздақ көрмеген ауылда тоңазытқыш қайдан болсын! Әлгі банкідегі бәлені дәмін көрген соң төгіп тастадым. Одан да ала сиырымыздың сүті әлдеқайда дәмділеу!


...Келесі жылы жазда әкем Алматыға апарып, арман болған балмұздақтың дәмін таттым-ау, әйтеуір. Және қалай десеңізші! Өмір бойы естен кетпейтін шығар! Сегізінші мөлтекаудандағы өкіл әкем – Ораздың үйіне жайғасып болған соң-ақ әкеме қылқылдай бастадым. Баяғы балмұздақ! Әкем сол үйдегі менен екі-үш жас үлкен Бақытжанға үш сом беріп, менің арманымды орындауға аттандырды. Мен де ере кеттім.


...Міне, қол жетпестей болған балмұздақ та қолымда. Бұл шіркінді қалай жеуді де сұрап алмаған екенмін. Бердібек Соқпақбаевтың Алматыға алғаш келгенде помидорды алма екен деп қарш еткізіп тістейтін кейіпкері есіңізде ме? Помидордың суы бетіне шашырап, масқара болатыны бар еді ғой. Менің де одан айырмашылығым шамалы. Балмұздақты жайлап, тілмен жалап жейтінін қайдан білемін? Суықтығына қарамай, екі-үш асап жей салдым. Дәмі керемет екен. Бақытжан бауырыма тағы екі-үшеуін алдырдым. Тойдым-ау дегенде үйге қайттым. Ертең де күн бар ғой...


...Ертесі тұрсам бір жақ көзім ашылмайды. Ауызым да қимылдамайтындай ма, қалай! Айнаға қарағанмын. О, сұмдық! Бір жақ көзім мүлде жоқ! Сол жақтағы бетім былшиып ісіп кетіпті. Ойбайлап әкеме жүгірдім.


Сол күні азу тісімді жұлдырып, ауыздың ішін дәрігерге кескілетіп бір-ақ тынышталдым ғой. Ауылға келген соң қарасирақтарға қалай балмұздақ жегенімді айтып мақтанбадым да!..



МЕНІҢ «МИШКАМ»...


Шекара бойындағы ауыл балаларының солдаттардың компотынан басқа қызығатын тағы бір кереметi бар. Ол – шекарашылардың үйретілген иттері. Иесіне жағымпазданып, анда-санда марғау үріп қоятын біздің Ақтөстерге қарағанда олардың иттері ақылды.


«Жат» десе жатады, «тұр» десе тұрады. Тіпті бір офицердің әйелі үйдегі итін дүкенге нанға жібереді екен дегендi естіп жағамызды ұстағанбыз. Таң қалдырғаны – дүкенге барғаны емес, нанды өзі жеп қоймай, иесіне жеткізіп беретіні... Он жасқа толғанда әкем маған күтпеген сый жасады. Заставадағы әлдебір тамырынан неміс овчаркасының күшігін әкеліп берді. Және қандай күшік дейсің! Туғанына төрт-бес айдай болған, шекарадағы ит үйретушінің қолынан өткен нағыз ақылдының өзі. «Жат, тұрың» не, шоңқайып отырып, алдыңғы оң аяғын беріп амандасады ғой, шіркін. Бір-ақ сәтте біздің көшедегі ең беделді балаға айналып шыға келдім. Анау-мынау атамандарыңның өзі менен аяқтарын тартатын болды. Күшігімнiң аты – Мишка. Әкемнің айтуынша шекарашылар солай атаған. Басқаша айтсаң, бұрылып та қарамайды. Маған Мишка түгілі, басқа болса да бәрібір. Ең бастысы – енді ол менің итім. Көшедегі беделді айттым ғой, бала біткеннің барлығы біздің үйден шықпайды. Ермегіміз – менің Мишкам. Шекаралық ауыл болған соң ба, біздің ауыл балаларының бір ерекше ойыны бар. Ойынымыз «шпион-шпион» деп аталады. Мишкамызды жетектеп, өзен жағасындағы бозқараған арасына барамыз. Арамыздан бір-екеуін «шпион» белгілеп, жасырынуга жібереміз. Болды-ау дегенде мен Мишкамды босатамын. «Ищи!» деп бұйыруды да ұмытпаймын. Көп уақыт өтпей «шпиондардың» жан дауысы шығады. Жердің түбіне кіріп кетсе табады менің Мишкам...


...Мишкамыз тез өсті. Бір жылдан кейін азуын ақситса адам қорқатын алпамсадай ит болды да шықты. Өздігінен ешкімге тиіспейдi. Тек бұйрықты ғана орындайды. Біздің үйдегілерге рахат болды. Жаңа сойылған қойдың етін есік алдына жайып, Мишкаға тастап жүре беретін болдық. Мишка ұры түгілі, көршілердің қаңғыбас иттерін жолатпайды. «Итке ет күзеттіру» дегенді содан бері әлі күнге естіп көрмептiм. Адал еді...


Күшігім ит болған соң әкем оны күндіз байлап қоятын болған. Келімді кетімді қонақтар қорқады деді ме екен, ол жағы маған беймәлім. Түнге қарай Мишканы босатып жібереді. Итім алысқа кетпейді. Үйді айналып жүреді де қояды. Күндіз итті босатпауымыздың тағы бір себебі, ауылда ит атқыш бар. Бейсауыт жүрген иттерді «қаңқ» еткізіп ата салатынын талай көргенбіз. Өзі сұмдық мерген. Аты да біз естімеген қызық ат. Үлкен, кіші оны Мордва дейді. Осы бір адамды неге бұлай атағанын әлі білмеймін. Бәлкім, ұлты солай болған шығар...


...Қыстың күні болатын. Хан Тәңірінiң баурайында орналасқан шағын ауыл ақ ұлпа қарға оранып жатты. Аспан таулардың ақ бас шыңдарына күн шапағы енді түсе бастаған таңертеңгілік шақ болатын. Сыртта жүрген әкем үйге асығыс кірді.


– Әй, балам, ана итің көрінбейді. Жоғары жақта Мордва деген бәле жүр дейді. Тезірек тап, атып кетіп жүрмесін.


Шала-шарпы киініп, құстай ұштым. Көше жаққа жүгіріп шыға бере алдымен Мордваны көрдім. Қос ат жегілген шанада мұртына мұз қатып, төмен түсіп келе жатыр екен. Мылтығын әлденеге сайлап келеді. Жалма жан қарама-қарсы жаққа қарағанмын. Менің Мишкам, менің сүйікті итім ойында ештеңе жоқ, құйрығын бұлғаңдатып маған асығып келеді. «Қайт!» деп үлгермедім... Мылтық дауысы гүрс етті. Аппақ қарға қып қызыл қаны шашырап Мишкам жерге бір аунап түсті. Бүкіл ауылды басыма көтерген менің шыңғырған дауысымнан ба, әлде, артымнан жеткен әкемнің қаһарынан ба, Мордвамыз қос атын жанталасып сабалап жоқ болды. Мишкам бауырынан сорғалаған қанын жалап азғана жатты да, сүйретілiп орнынан тұрды. Сосын біз жаққа ұзақ қарады. Көзінен жас парлап тұр екен. Ауылдың сырты қалың тоғай еді. Итім артынан қанды ізін қалдырып, солай қарай беттегенде шыдай алмадым. Артынан ұмтылдым. Әкем тоқтатты.


– Балам, әуре болма. Жақсы ит өлігін көрсетпейді. Ол кетті...



БЕКБОЛАТ АҒАЙ


– Арман! Әй, балам! Тұра ғой, Бекболат ағайың келіп тұр...


Көзімді тырнап ашып, сағатқа қарағанмын. Таңғы бес жарым. Тәтті ұйқыны қимай аунап түсіп, қайта ұйқыға баса бергенім сол еді, сырттан ысқырық естілді.


Не деген сүйкімсіз еді, мына ысқырық! Көрпемді бүркеніп алдым. Бекболат – менің еркін күреске үйрететін жаттықтырушым. Әскерде десантта қызмет етіп келіп, ауылда мен сияқты сенделіп көшеде жүргендерді жинап, күрес үйірмесін ашқан. Қайдан ғана жазыла қойып едім сол күресіне? Кеше Қызылұшқа қарай жүгіреміз деген. Түнімен қаңғып, қыздармен «бешірде» болып келген он алтыдағы бозбала мен, енді тұра алмай жатысым мынау.


Қойшы, ысқырып, ысқырып кетер өзі. Көрпемді ысқырық естілмейтіндей етіп қымтап алып, тас бүркендім. Өлі тыныштық орнағандай болды. Көзім ілініп бара жатыр екен, біреу көрпемді жұлып алғаны. Жүрегім тас төбеме шықты. Жаналғыш әзірейілдей болып ағайым төніп келеді. Не деген сұсты еді!


– Тұр! – деді. – Бір минутта сыртқа шықпасаң «құйрығыңнан он кеды» аламын!


Орнымнан атып тұрдым. «Он кеды» деген жазасын естігенмін. Қытайдың «кедысымен» майлы құйрықтан он рет ұру деген сөз. Жай ұрып қоймайды-ау, жарықтық! Жалата ұрғанда талайдың құйрық терісі күлдіреп түсіп қалған деседі. Орындыққа отыра алмай жүресің, сосын...


Алдынан шыққан әкем «бала ұйықтай берсін, қайтесің» дегендей болып еді.


– Аға, араласпай-ақ қойыңызшы! – деді. – Мен бұл жалқауды адам етіп беремін сізге...


Әкем үндемеді. Онысы «сүйегі менікі, еті сенікі, өзің біл» дегендей көрінді маған. Амал жоқ, ағайымның алдына түсіп, Қызылұш қайдасың деп жүгіре жөнелдім.


Бекболат ағайым енді күнде келетін болды. Үш шақырым жердегі Қызылұш үйдің қасындай болып кетті. Таңғы жүгіріс пен күндізгі жаттығумен құтыла қойсаң жақсы ғой. Әрнәрсеге әуес болып болып жүрген бозбала біздің кейбір жаман қылықтарымызды да байқап қалса, оңдырмайтынды шығарды. Күрес үйірмесіне қатысатын балалар ғана емес, ауылдың селтеңбайларының барлығы көшенің басынан Бекболат көрінсе безіп кетеді. Бекер безбейді-ау! Аздап шарап ұрттап, ерігіп темекі сорып жүрген шақтар ғой бұл. Ал, Бекең ондайларды көрсе көзі қанталап, қасқырдай тап береді.


Бір таң қалатыным, ешкім таяқ жегенін әке-шешесіне айтпайды. Баласын қорғап жатқандарды тағы көрмейсің. Бір күні мен тұтылдым. Оңбай қолына түстім. Ауыл шетінде бір топ бала біреудің әкесінен қағып кеткен «Космос» темекісінің түтінін будақтатып отыр едік, қасымдағылар қасқыр тигендей дүр етіп, жан-жаққа бытырай қашты. Аузымда жаңа тұтанған темекі. Артыма қарасам, сұмдық-ай, Бекболат тұр! Қоянның көжегіндей бүрістім де қалдым.


– Өзің таңда! – деді. – «Он кеды» ма, әлде, аузыңдағы ма?


«Он кедысы» құрысын! Отыра алмай жүрейін сосын. Аузымдағыны шеге салайын деп ойлағаным рас. Ойымды түсінді ғой деймін.


– Ал, баста, – деді. – Несіне қызығып жүргеніңді көрейін!


Қуанып кеттім. Оным бекер болды. Біреуін шегіп бола бергенде екіншісін ұсынды. Басым айнала бастады. Үшіншісін ауызға салып жатып лоқсып, құлай кеттім. Ағайым қарап тұр. Естен танып, құсып мен жатырмын... Басқасын білмеймін, өз басым ауылдан кеткенше бұл бәлеге жолаған жоқпын.


...Өткен жылы ауылға барып, елуге келіп қалған бір топ құрдас көше ортасында әңгімені соғып тұрғанбыз. Көңіл-күй көтеріңкі. Ауызда темекі.


– Ойбай, Бекболат келе жатыр! – деп айқай салды біреуі. Темекімізді жан-жаққа лақтырып жібергенімізді өзіміз де байқамай қалдық. Сырттан қараған біреу «мыналардың есі дұрыс па?» дері анық. Бала кезден қалған әдет қой!


«Әй, селтеңбайлар! Сендерді тәрбиелей алмай-ақ қойдым ғой» деп Бекеміз жымиып өте шықты. Биыл алпысқа толды біздің Бекболат ағамыз!



БӨДЕК ПЕН МАРАДОНА


Жетінші сыныптан бастап футболмен қатты “ауырдым”. Оған себеп-Бөдек досым. Алматының спорт мектебінде оқып келген оның футболдан білмейтін бәлесі жоқ.


Әңгімесі Кемпес, Зико, Росси деп басталғанда аузымызды ашып, тыңдағанды ғана білеміз. Қанша дегенмен қала көрген қу ғой, тілін бұрамай, ешқандай акцентсіз, құдды бір испандық немесе португал секілді әдемі айтады.


Өзінің шын аты – Бейбіт. Неге Бөдек аталғанын әлі күнге дейін білмеймін. Біздің жақта есектің баласын “көдек” деуші еді... Бұл бірақ – Бөдек. Сол Бөкең алда-жалда телевизорда футбол бола қалса біздің үйден табылатын. Өйткені өз үйінде біріншіден антенна қисық /өзінің айтуынша/, екіншіден әкесі түнгі оннан соң өшіріп тастайды. Амал жоқ, біздің “черно-белыйға” телміріп отырғанымыз сосын. Кейде футбол түн ортасы ауған соң басталады. Алғашқы кезең аяқталмай жатып менің көзім кете бастайды. Шыдау тіпті мүмкін емес. Ұйықтауға өз бөлмеме кетемін. Бөдекке бәрі бір. Жанында біреу бар ма, жоқ па, кімнің үйінде, кімнің телебізірін көріп отырмын деген сауалдар оны мазаламайды. Біреу сиқырлап қойғандай телебізірге тесіледі де отырады.

Бір күні Бөдегім оңбай тұтылды. Үй ішіне ескертпей кеткен болуы керек, әкесі түнімен баласын іздеген ғой. Алақандай ауылда бармаған, есігін қақпаған үйі қалмаған. Ең соңында біздің үйге келген.


– Балам ұйықтап жатыр, – депті менің әкем. – Сенің балаңды көрген жоқпын...


Бөдектің әкесі “әттегенайлап” үйіне қайтқан. Сәлден соң әкем телебізір тұратын бөлмеге кірсе Бөдегім қорылдап, орындықта ұйықта-а-ап отыр дейді. Футбол біткен. Телебізір жарықтық күйіп кетердей быжылдап тұр...


Сол күнгі жеген таяқ та Бөдектің футболға ғашықтығын қойдыра алмады. Бірде күздікүні біздің үйде әлдебір футбол ойынын бірге көрдік. Құдай оңдағанда матч кешкі тоғыздар шамасында бітті-ау деймін. Бөдекті шығарып салайын деп көше жаққа бірге шыға қойғаным сол еді, қолындағы пакетін маған ұстатып қойып, су ағатын “колонка” жаққа қарай жүгіре жөнелді. Түк түсінбей артынан келсем... Сұмдық-ай, күздің қарасуығында Бөдегім мұздай суды ағызып қойып, басын жуып жатыр. Шошып кеттім.


– Таңертең үйден моншаға шыққанмын, – дейді Бөдек ыржиып. – Бәрі бір жете алмадым. Жолдан футбол ойнап жатқандарға қосылып кетіп... Сосын, сенің үйіңде футбол көріп...


Түсінікті. Қазір үйіне моншадан шыққандай буы бұрқырап жетіп бармақшы. О, сиқырлы футбол! Не істетпедің сен, менің досыма!

Бір күні сабаққа ертерек келсем мектептің алдында Бөдек жүр. Әдемі киініп алыпты. Бұрын олпы-солпы киінуші еді. Кеудесіне үлкен, домалақ значок тағып алыпты. Оның ішінде бұйрабас біреудің суреті қарауытады.


– Бұл Марадона, – деді Бөдек мақтанышпен. – Он алты жаста ғана! Кеше “Спорт” газетінен қиып алып, “знәшөктің” ішіне салып алдым. Енді бір екі-үш жылда әлемдегі ең мықты футболшы осы болады. Әлі құрамаға да алынған жоқ. Әкел бесті! Бәстесейік!


Бөдекпен бәстесіп жын ұрып па? Келесі әлем чемпионатында Марадона айды аспанға шығарып, жарқ еткенде Бөдек досымның кереметіне тағы да көз жеткіздім. Еріксіз мойындадым.

Бүгін мен сол досыма сөзсіз телефон шаламын. Мына Испанияның неліктен қирап қалғанын, кімнің чемпион болуы мүмкін екендігін сұрап қоймасам болмайтын болды. Менің миым жетпейтін нәрселер көп болып кетті мына әлем чемпионатында. Бөдектің айтқанын сіздерге де жеткізуге тырысайын.



БІРІНШІ МАМЫР ЖӘНЕ «СЫР»...


Бірінші май мерекесі біздер үшін – мейрамның төресі еді ол кезде. Отбасымызда жеті-сегіз бала болдық. Арамыз бір жарым, екі жас қана. Мерекені тағатсыздана күтетін тағы бір себебіміз бар.

Бірінші мамыр күні таңертең әкеміз әлгі жетеуге ақша таратады. Өйткені, ауылда шағын шеруден соң жұрт көшеде қыдырыстап жүріп, оны-мұны сатып алады. Бұл күні біздің ауылдың көшелерінде жай күндері болмайтын неше түрлі тәтті сатылып, бала біткен жырғап қалатын еді. Әкемнің ақша беру тәсілі де қызық. Жасы үлкендерге бес сомнан бастайды. О, бұл дегеніңіз үлкен ақша! Шашлық пен лимонад, тағы бірдеңелерді тойғаныңша алуға болады. Былтырғы бірінші майда қолыма үш сом тиген. Биыл одан көптеу болатынына сенімім мол. Ұмытпасам сол жылы төртінші сыныпта оқитын болуым керек. Аз күннен соң грамота алайын деп жатқаным тағы бар...


...Таңертең үйдегі балалар әкемізден алатынын алып, кетіп жатыр. Жай кетпейді-ау, шіркіндер! Күңкілдеп, ренжіп кетеді. «Анаған көп беріп қойды» деген әңгіме де баяғы. Өзінің жасы кіші екенін, сабағының жетісіп тұрмағанын ойлап қою деген жоқ.


Кезек маған келді. Ура! Әкем өзім ойлаған «көк құлақ бестікті» қолыма ұстата салды. Ешкімге қарамай мектепке зыттым.


...«Парадтың « соңына дейін әзер шыдап, біткен соң досым Бөдектi ертіп дүкенге келемін ғой. Екі-үш бөтелке лимонад алдым. Бір-екі келі «қалың прәндік», тағы бірдеңелер сөмкеге салынды. Бес сом шіркін бәрібір бітер емес. Дүкеннің сөресінде бұрын көрмеген сарылау бірдеңе жатыр екен.


– Мынадан беріңіз, – дедім.

– Бұл сыр ғой, қалған ақшаңа түгел берейін бе? – деген сатушыға басымды изей қойдым.


«Өлгенде көрген – бір той» дегендей, Бөдек досым екеуміз Байынқолдың жағасында аунап жатып, армансыз шайқадық-ау сол жолы. Алдымен, «қалың прәндіктi» лимонадпен бірге қағып тастап, сырға ауыз салдық. Дәмі де жаман емес секілді. Бірақ, көп алып қойғанбыз ба, бітер емес. Тастауға обал. Кеңірдекке кептеліп қалғанда Байынқолдың суынан ұрттап жіберіп, бітірдік-ау, әйтеуір...

...Сол күні үйге келе сала мұрттай ұшып, ауруханадан бір-ақ шықтым. Басым айналып, лоқси бергенімдi білемін. Дәрігерлердің қандай диагноз қойғаны есімде жоқ. Бірақ, арада қаншама жылдар өтсе де, содан бері аузыма бір түйір сыр салып көрмептiм...



АСЫҚ ПЕН ТОН


Әкем уәдесінде тұрды. Тауда отырған қойшының үйіне мені де ала баратын болды. Қуанышымда шек жоқ. Күні бойы асық ойнап «азып» жүрген баламын ғой.


Бар асығымды ұтқызып қойған соң, тіпті зерігіп кеттім. Ана «маңқа» Жанболаттар тіпті адам құрлы көрмей, маңдарына жолатуды қойды. Асығы жоқ баланың беделі жоқ екені, рас енді. Әкемнің қойшыда үлкен шаруасы бар. Ешкімнің қолына түспей жүрген су жаңа қара тонды қойшыға апарып, малға айырбастамақшы. Тонды қайдан алғанын білмеймін, әйтеуір ауылда әлі ешкімнің маңдайына бұйыра қоймағаны анық еді.


– Үлкен жылқы болмаса да тай мініп кайтасың, балам, – деп әкем тіпті қуантып қойды. – Қақаған қыста нағыз қойшы киетін тон ғой...


...Қойшы бізді жақсы қарсы алды. «Жиен бала келіпті» деп мені де қошеметеудi ұмытқан жоқ. Қазан көтеріліп, ет асылды. Әкем қара тонды көрсеткен соң қойшы туысқан тіпті елпілдеп кетті. Мына түрімен астымызға арғымақ мінгізіп жіберуі де мүмкін ғой. Сол көңіл-күймен бір кезде менің алдыма бір дорбаны әкеліп тастай салды.


– Жиенжан, мына асықтарды ана бала үйленсе немере болып қалса деген ниетпен жинап жүр едім... Ішің пысқан шығар? Ойнай отыр!


Мен өмірімде мұндай көп асық көрмеген екенмін. Не деген көп еді! Және де әртүрлі түске әдемілеп бояп тастаған. Кейбір сақаларға қорғасын құйып, дайындап қойыпты. Есім кетті. Ерінбей санап едім, жаңылып қала бердім. Үш жүзден көп болды ғой деймін.


Ет желінді. Әкем бата жасап, келген шаруасын айта бастаған тұста мен де дорбаны көтеріп сыртқа беттегенмін. Қойшы тоқтатты.


– Жиенжан, ана асықтарды қалдырып кет! Өткенде өздеріңдей туысқан бір тай берем деп сұрағанда бермеп едім...


«Маңқа» Жанболаттарды ертең қалай қызықтыратынымды ойлап үлгерген мен оңайлықпен қалдырамын ба! Босағада отырып бақырып тұрып жыладым. Қойшы қызарақтап әкеме қарады. Әкем үнсіз. Маған да ұрысқан жоқ. Сәлден соң маған кете бер дегендей белгі берді. Асық толы дорбаны құшақтап далаға зыттым...


...Таудан төмен құлдилаған жолмен ауылға түсіп келеміз. Дорбамды кеудеме қысып, бақыттан бал-бұл жайнап келе жатқан менің басымнан сипап, әкем күрсінді. Бірдеңе айтқысы келгені анық. Айтпады.


– Әке, – деймін. – Жаңағы қойшы тай беретін болды ма? Қара тонды тастап кеттің ғой...

– Мына өмірде тай түгілі әлі талай арғымаққа мінесің, балам! Бүгін ыңғайы келмеді. Қара тонды ана қолыңдағы асықтарға айырбастап кеттім... Қойшы да көнбей...


Қайран, әкем-ай! Балаңның бір ғана қызығына бола, меселі қайтпасын деп дүниенің бетіне қарамаған екенсің-ау, сол кезде. Қазір асық көрсем қара тон киген қойшы есіме түсе береді...



ТӨЛҚҰЖАТ


...Шешеміз аяқ астынан Алматыға жиналды. Үйдегі бес-алтаумыз шуладық та қалдық. Алматыға бару бәрімізге арман еді. «Ешкімді ертпеймін» деді. Сірә, баламен баруға болмайтын бірдеңе болуы керек. Оны түсінер біз бе! Айналсоқтап жанынан шықпаймыз.


«Үмітсіз шайтан» деген. Көңілі түсіп біреумізді ала кете ме деген дәме ғой баяғы. Ал, менің тіпті жібергім жоқ. Сол Алматысын көрмей-ақ қояйын. Үйде, жанымызда болса болғаны. Кешкісін жолға дайындала бастады. Сөмкесiн реттеп, ақшасын есептеп дегендей. Әкем әлсін, әлсін төлқұжатын ұмытпауды ескертіп жатты. Онсыз болмайды. Біз шекаралық ауданда тұратындықтан ауылға құжатсыз келмек түгілі, кете де алмайсыз. Шешем қызыл паспортын айнаның алдына қойып жатқанда санамда бір жаман ойдың қылт ете қалмасы бар ма! Жұрт ұйқыға кетті-ау дегенде әлгі паспортты алдым да, жастығымның астына сүңгітіп жібердім. Болды! Енді шешеміз ешқайда кете алмайды. Біздің қасымызда болады. Таңертең шешенің дайындаған шайын ішіп отырғанымды ойлап жатып ұйықтап кетіптім.


...Ояна сала ас үйге жүгірдім. Әкем жалғыз өзі шайын сораптап ішіп отыр екен.


– Балам! Тамақ ішіп ал да, сиырды тоғай жаққа айдап таста, – деп қояды жайбарақат. – Шешең үш-төрт күн болмайды. Сиырды көршіге саудырып қойдым...


Сөзінің аяғын күтпестен бөлмеге жүгірдім. Жастықтың астына қолымды сұғып жібергем... Жоқ, төлқұжат орнында тұр. Ашып қарадым. Шешеміздікi. Есімнің шыққаны-ай! Солдаттар ұстап алып, жібермей қойса қайтемін...


...Түске қарай шешеміз жетті. Келе сала әкемізге болған оқиғаны айтып жатыр.


– Шекара бекетіне жеткен соң ана орыс солдатқа паспортымды бердім де, қарап отырдым, – дейді. – Ашып көріп маған күлді. «Это вы?» демесі бар ма!

– «Что не похож?» – депті шешеміз.

– Не очень, – депті офицер жымиып.


Бір кезде паспортын қайтарып бергенде ашып қараса, әкемнің суреті тұр. Масқара! Таңертең айнаның алдында әкеміздің де төлқұжаты жатқан ғой. Өзінікі менің жастығымның астында... Абырой болғанда мана оны кешегі орнына қайта қойғанмын...


Әке мен шеше Алматы сапарының болмай қалғанын күліп әңгіме қылып, ұзақ отырды. Шешемнің ешқайда кетпей, қасымызда болатынына қуанып мына жақта мен жатырмын. Көңілім орнына түскендей ортан беліне жетіп қалған «Балалық шаққа саяхатты» оқуға қайта шұқшия бердім...



ЖАЛАҢ АЯҚ ЖАЗ


Жаз да келіп қалыпты-ау! «Жалаң аяқ сиқырға қарап тұрып, Жалаң аяқ жастығым келді есіме...» деген Мұқаңның сөзі бар емес пе? Мен де солай... Мұқаң айтқандай болмаса да жалаң бұт, жалаң аяқ дегенді бір кісідей-ақ көрдік.


Жаз шыға бере біздің үйдегі жетеудің, әсіресе кішілерінің есік алдына, ойынға киетін киімдері болады, әрине. Ал, алысқа жолаушылап баруға... Жо-жо- жоқ! Атамай-ақ қойыңыз, күзде сабақ басталғанша біркиер киімнің ауылы алыс біздер үшін. Аяқ киім? Оо, аяқ киім шіркінді каникулға шыққан күні-ақ лақтырғанбыз. Есіктің алдында әртүрлі сыңар «тәпiшкелер» жатады. Жаңбыр жауса соларды іле саламыз. Қалған уақытта табандағы төрт елі күс аяқ киімнің орнына жүреді. Табанға тас батпаса болды емес пе! Аяқ киімі бардай шапқылап жүргенің сол. Табандағы табиғи «платформаның» құдіреті сол, тіпті кейде жазда кірген шөңгенің өзі күзде сабаққа барарда, табан тазарғанда табылып жатады ғой, шіркін!


...Жаздың сондай бір күні еді. Әке-шешеміз аяқ астынан қонаққа жиналды. Есік алдында ойнап жүргендер «мен барамдап» шу ете түстік.


– Біреуің ғана барасың! – деді әкем. – Аяқ киім кисін...


Аяқ киім көп қой. Тек барлығының сыңарлары жоқ. Шуылдап сыңар іздеп жүрміз. Осы күні таң қаламын. Сол шіркіндердің бір сыңарын біреу әдейілеп құртып жібермесе, қайда кетеді? Әлде, әлгі ұры иттер тек бір сыңарын ғана сүйреп кете ме екен? Қойшы, бір мезетте ойыма сап ете қалды-ау! Мана ойнап жүріп маяның түбінен бір сыңар «тәпішке» көргенмін. Менің қолымдағыдан аумай жатқан. Құстай ұштым. Ура! Жаңбыр мүжiп, күн күйдіріп тастады демесең, сыңарына ұқсап-ақ тұр.


...Сәлден соң ауыздарын ашып абдырап қалған алтауына тілімді шығарып қойып, әке-шешенің жетегінде алшаң басып қонаққа кетіп бара жаттым.



“ҚАРА АЛМАС”


Тағы да сол алаңсыз балалық шақ қой. “Әліппемен қоштасу” кеші өтетін болып бірінші сыныптардың жетекшілері бір дүрлігіп қалды. Тез арада бүкіл мектеп алдында қойылым қойылуы керек екен.


Әріпті енді танып үлгеріп жатқандардан қайбір актер шыға қойсын! Дайын мәтінді жаттаудың өзі де оңай емес. Біздің мектептің үш бірінші сыныбының ұстаздары осыдан үміт бар-ау деген төрт-бесеумізді бір кабинетке жинады. Бірінші “в”-ның атынан өзімді таңдағанына жер-көкке сыймай тықыршып мен де отырдым араларында. Ұстаздар кеңесе бастады. Сөздерінен ұққанымыз – қойылымда бес кейіпкер болады екен. Отырғандарға соны бөліп бермек. Менің Гүлжан апайым пысықтық танытып, бірден тізгінді қолына алды.


– Мынау Арманның есте сақтау қабілеті күшті! Бір оқығанын жаттап алады. Мына жердегі басты “геройдың” сөзі де ұзақ екен. Осыны менің оқушым алсын, – деді.


Басқа ұстаздар қарсы болмады. “Жарайды”, “жөн екен” деді де қойды. Сонымен “басты рөлге” бекітілдім де кеттім. Кейіпкерімнің аты – Әділет екен, өзі сабақты жақсы оқитын бала көрінеді. Одан артық не керек! Тіпті жарылардай болып отырмын. Ұстаздарымыз қалған рөлдерді таратуға кірісті. Қасымда отырған “а” класында оқитын қара балаға да рөл бұйырайын деді.


– Алмасжан, сен жалқау Жантайдың сөздерін жаттайсың...


Апайымыз сөзін аяқтап үлгермеді. Қара бала орнынан тұрып сыртқа беттеді. Ешкімнен рұқсат сұраған жоқ. Жүрісі де сұмдық! Алшаң басып кетіп барады. Үш апайдың алдында... Ол емес, біз бүрісіп қалдық.


– Алмас! Қайда барасың?


Апайдың жан дауысы шықты. Қара бала тоқтап, апайға қарады. Көзі от шашып тұр. Қайдағы қорқыныш!


– Мен жалқаудың сөзін алмаймын.

– Неге?

– Мен жалқау емеспін! Маған жақсы баланың сөзін беріңіз!


Апайымыз сасайын деді. Қасындағы мұғалімдермен күбір-сыбыр ақылдасып жатыр. Қара бала қалшиып әлі тұр. Қайтатын түрі жоқ. Апай қиылып маған қарады.


– Менің Арманым ақылды! Жалқаудың да сөзін жаттап алады. Жаңағы Әділетті мына Алмасқа берейік. Бұл жәй қойылым ғой...


Апайым жылы, жылы сөздерін аямай төгіп жатыр. Арасында басымнан да сипап қойды. Жұмсақпын ғой. Амалсыз басымды изедім.


...Үлкен үзілісте мектеп ауласын басымызға көтеріп, аударыспақ ойнайтынымыз бар еді. Астымыздағы “аттарымыз” әдетте бойы өзімізден ұзындау, күші көп балалар болады. Мен сияқты әлжуаздар мұндайда “а” класындағы Нақатайды жағалайды. Мойны жуан, тығыршықтай бала. Дене бітіміне қарап үшінші, төртінші сыныпта оқиды деп ойлап қалуыңыз әбден мүмкін. Сол Нақатай бүгін ешкімге “ат” болмады. Көңіл-күйi жоқ па, әйтеуір, өтініп барғандардың бетін қайтарып, шетте тұрды да қойды. Бір кезде іштен әлгі қара бала шықты. Ол да өзіміздей әлжуаздардың бірі ғой. “Ат” іздеп жан-жағына қарап, бір кезде шетте тұрған Нақатайымызды көрді. Қасына да барған жоқ. Анадайдан қол бұлғап шақырды. О, сұмдық-ай! Жанына жақындауға қорқатын Нақатайымыз қара баланың алдына өзі барып, иіліп ат бола қалды. Астында анадай “аты” бар адам қойсын ба? Қирап жатырмыз шетімізден...


...Қара баланы бірінші сыныптан соң көрген жоқпын. Қала жаққа көшіпті деп естідік. Ол жайлы кейін ұмытып та кеттік. Тоқсаныншы жылдары ауылда Нақатайды кездестірiп қалғаным. Құшақтасып, жөн сұрасып жатырмыз. Еркін күрестен спорт шебері атанған, кезінде КСРО-ның талай аламан жарыстарында топ жарған сыныптасым көңілсіз.


– Кеше “Қара Алмасты” жерлеп қайттық, – дейді. – Келген халықта сан жоқ. Иә, шынымен де “лидер” еді ғой марқұм...


“Қара Алмасты” білем ғой. Талайдың құтын қашырған топтың жетекшісі екенін де естігенмiн. Тек оның мына Нақатайға қандай қатысы бар екенін түсіне алмай тұрғаным.


– Есіңде ме, баяғыда бірінші класта бізбен бірге оқыған... Кейін көшіп кетіп еді ғой...


Нақатайым сөйлеп жатыр... Сол екен ғой! Қалай білмегенмiн? Көзі от шашқан... қасқайып тұрған... алшаң басқан қара бала! Сол екен ғой! Әттең! Бір сөйлесіп қалғанда ғой...


P.S. Қара алмас – әлемдегі ең қатты, өткір минерал. Кішкентай алмасты сындыру үшін 20 тонна салмақ қажет екен! Өте сирек кездеседі. Өте қымбат тұрады...



ГРИША МЕН ВАНЯ


Ойын баласымыз ғой. Нанға майды жағып жей салып, күн ұзаққа үй көрмейміз. Аш өзегіңнің үзіліп бара жатқанын да сездірмейді-ау, ойынның қызығы...

Табаның тілім-тілім болып, сілең қатқанша өзен жағалап жүргенің сол. Күн таудың тасасына тығылып, айнала қарауыта бастады-ау дегенде үй жақтан айқай шығады.


– Әй, балам, үйге қайт! Неге үндемейсің? Жер жұтып кетті ме мынаны...


Жауап қатпайсың. Тағы бір азғана уақыт ойнай түскің келеді. Қасыңдағы жүгермектерді де қимайсың. Осындайда үй жақтағы айқай иесі амалы құрып, соңғы тәсіліне көшеді.


– Жарайды. Өзің біл, үндемей-ақ қой. Өз обалың өзіңе! Ар жағыңда Гриша келе жатыр!


Жүрек су ете қалады. Қараңғыда қарауытқанның бәрі Гриша секілді елестеп, аяғың аяғыңа жұқпай, үйге қарай зытасың. Жалаңаяқ жүгермектер бірге зытады. Кейбірі қатты қорыққанынан ұшып келе жатқан сенің өзіңді басып озып кетіп жатады.


Гриша – біздің қазақи ауылдағы айналдырған екі орыстың бірі. Бауыры Ваня екеуі өзен жағасындағы жер кепеде тұрады. Өзінің түрі өте қорқынышты. Жаздың күні шілдеде басына ит тымақ, жалаңаш денесіне тозығы жеткен “күпәйкі” киіп көшеде жүреді. Аяғындағы керзі етігінің өзі шұрық тесік. Көшенің борпылдақ шаңы бір тесігінен кіріп, бірінен шығып жатады. Сақалы өсіп, шашы иығына түскен осы бір алба-жұлба адамнан бала біз түгілі қараңғыда үлкендердің өзі қорқатын шығар! Осы қалпында Гриша көшенің аяғынан басына дейін бір жүріп шығады. Айқайлап әлдекімді боқтайды. Кейде күңіреніп жылап кетіп бара жатады. Әйтеуір, түсініксіз жан.


Бірде әкем Гриша мен Ваняны үйге әкеліп, сырттағы дәретхананың орнын қаздырды. Бала біткен үйге тығылып, олар жұмысты бітіргенше шықпадық. Қорқып жүрміз. Кетерлерінде әкем бес сомнан ақша ұсынып еді екеуі жата кеп ашуланды. Бізге түсініксіз боқтауларын жаудырды-ай келіп... Әкем үйге кіріп, бір уыс ұсақ алып шығып, бөліп беріп еді, жайраңдап жөндеріне кетті.


– Екеулеріне он сом берсем алмады. Үш сом ұсаққа қуанғандарын айтсаңшы! Қағаз ақшаның не екенін білмейді-ау деймін? – деп күліп отыратын.


...Зытып келеміз дедім ғой. Зытып келіп үйдегі нағашы атамның құшағына кіремін. Жүрек дүрс-дүрс! Әлгі өтірік алжып, қызының үйіне қашып келе беретін атам осы кісі.


– Әй, баланы қорқытпаңдар! О несі-ей! Жүрегі ұшып кетсе қайтесіңдер? Гришамен шошытпаңдар! Ол да бір қарғыстың қасіретін шегіп жүрген пенде ғой...


Асыл атам терең бір күрсініп қойып, әңгіменің тізгінін ағытады сосын. Мына біздің Нарынқол өңірінің таза қазақы болғаны бертінде ғана екен. Жиырмасыншы жылдарға дейін Нарынқол, Сарыжаз, Қақпақ ауылдарын казак-орыстар жайлапты. Өздері шетінен бай. Шұрайлы жерлердің бәрі солардікі. Қазақтарды менсінбейді. Бірдеңе болса қылыштарын жалаңдатып шауып кетеді. Жағдай әсіресе азамат соғысы басталғанда тіпті ушығады. Казак-орыстардың бірі ақтарға жақтасып, бірі қызылдарға жағына шығып қырылысады. Екі ортада момын қазақтар қиналады. Қолда бар азын-аулақ малдарын бірде қызыл орыстар, бірде ақ казактар тартып алып кете береді екен.


– Бірде осы Гришаның ағайындары біздің ауылға шабуыл жасады. Үйде жалғыз қара сиыр бар еді, соған көздері түсіп, алдарына салып, айдап кетіп бара жатты. Бәріміздің жан бағып отырғанымыз – осы қара сиыр. Әкем әлгілердің артынан тұра жүгірді. Казак-орыстың шаужайына жармасқаны сол еді, маңдайынан қылышпен салып өткені... Көз алдымызда әкеміздің басы екіге айырылып бір-ақ түсті. Қасірет жамылып, шырылдап біз қалдық. Арттарына бір қайырылып қарамады-ау, оңбағандар! Соңынан ел көтерілді. Қара сиыр да қайтты. Сақалдыларың да тоз-тоз болып Қытайға қашты. Арттарында қарғыс арқалап осы екі бала – Гриша мен Ваня қалды... Адасып қалған болулары керек. “Құдай жазасын береді” деген осы. Екеуінің де кейін естері дұрыс болмай қалды ғой...


Атам ауыр күрсініп, алыс нүктеге тесіліп, үнсіз отырып қалады. Әкесі есіне түсті ме екен? Әңгіменің әсерінен мен де арыла алмай, ойға батамын.


Енді мен де Гришадан қорықпайтын шығармын. Ертең қасынан қасқайып өте шықпасам...Көр де тұр!



"Жұлдыз" журналы



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар