Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Тұрсын ЖҰРТБАЙ: Ақын досқа ашық хат...

28.02.2017 3800

Тұрсын ЖҰРТБАЙ: Ақын досқа ашық хат

Тұрсын ЖҰРТБАЙ: Ақын досқа ашық хат - adebiportal.kz

Өзіңді айтып, халқыңды бейнеледің...

Сартап тартып қалған сананың сусынын қандыратын сөз ғана екен. Бальзак бейнелеп кеткен «көні кепкен тіршіліктің» заңы солай ма, жоқ, ұлы Абай есіңе салған «бір уыс топырақтың» бағасы мен салмағын сезіне бастағандықтан ба, кексе тартқан сайын «ақылың – ашыған у, ойың – кермек» татып, «Өлең көрден тұрғызатын құдіретті сөзді» (сенің сөзің) іздейді екенсің. Ащы да, тәтті де, сұлу да, ойлы да сөздерді ұштастырып жүреміз. Бірақ сананың көбесін сөгіп, ақылыңды ашып, жүрек, бауырды езілдіріп, өксікті емін-еркін басатындай мағыналы бір «толық сөзді» - поэзияны сағынасың. Сондай күйді сен де басыңнан кешіріп жалғанның жалғандығын сезіне тұрып:


98a14f9de4197c8285458fd31f26a4d3.jpg



Аспан мен Жер ортасында біраз ғұмыр кешірдім,

Әлсіреген үміт отын мың жағып, мың өшірдім.

Құрқылтайдың ұясындай қалтыраған бұтада,

Жел аударған қара қосты әр төбеге көшірдім.

Орын тимей опық жедім тусыраған түбектен,

Жапалақтай балапанын жар басына түнеткен.

Олақ қатын қолындағы күйген көсеу секілді

Қара шапан тігіп кидім тас қараңғы түнектен...

Атқан таңның сәулесінен ақ орамал бұйырмай,

Өтті қанша қапас күндер қапқа салған бұйымдай.

Алтын өмір жүре берді көз алдымда арзандап,

Қайыршының уысында сылдыр қаққан тиындай...

Арман құсын тұлпар мінген бабам қуып жетпеген,

Мен де жетіп жарытпаспын ұшсам-дағы көкпенен.

Бізді қойып, қасиетті сүйген ұлы Алланың,

Мұхаммедтің омырауы да көз жасынан кеппеген!

деген сөзбен өзіңді-өзің жұбатқан екенсің.


Кексе тартқан кермек ойың бусанып, шараңда шайқалып, бояуы оңған түйсігің оянып: «Зіл батпанның астында жатқан түп қайғың» қозғалыпты. Қозғалмай тұншығып әлі де сартап боп жата берер ме еді, егер де өткен өміріңді, кешкен ғұмырыңды, маңдайыңа біткен бақ пен сорды саралаған тұста, кей кездері:


Маған салса, тұлпар мінген патшалардың көбінен,

Ақылдырақ көрінеді Қожанасыр есегі, -

дегенің есіңе түспесе, мұны айтқан сөз иесі адамзаттың ұлы тұлғасы Қожанасырдың есегіне құрмет көрсетуге «күміс ноқта» таба алмай түсінде қаңғып жүрген ақын – Несіпбек – сен еске түсірмесең қайтер едік?!. Шындығында да:


Қара судан қаймақ алып, қамын ойлап құрсақтың,

Күннен күнге асып түсті бір сатқыннан бір сатқын...

Мынау кең дүниені тарылтып, кер заманға айналдырған, тексіздігін жасырып, тектіліктен дәме еткен мәңгүрттерге ызаланып, сенің және әр қайсысымыздың:


...Жеті атасы хандық құрған қаптап кетті қасқалар,

Қызыл табан, қырғыш көтен қалмай кедей баласы.

Талапайға кіргеніңмен отырасың қай таққа?

Бұлтқа өкпеле, күн сәулесі шала түссе байтаққа.

Қазақ атың рас болса, бәсекеден құр қалма,

Ағайының, әне, кетті, ал итіңді айтақта!

- демеске амалымыз да қалмаған күнге келіп қалғанымыз ба? Басқа шара қайсы? Сенің тіліңе өлеңнің өтін құйып тұрған запыран ойымыздың өресіздігінен, өрісіміздің тарлығынан, қонысымыздың құтсыздығынан жиылған жоқ.


Құдіреттің ашып-жұмған алақаны тарылса,

Аймақтай көл сыйып кетер оймақтай-ақ қасыққа,

- деген әуелгі бір әлемнің барлығында.

Ол жаратқан иемнің өлшемі ме, әлде, өзіміздің шаршап-төккен сыбағамыздың жұрнағы ма? Кешегімізді ойлап, бүгінімізді бойласаң, «көз алдымызға қарауытқан обаларды» елестете отырып:


Тауық құсап жем терген соң іздеп дәннің ірісін,

Басың алтын болса-дағы бейшараның бірісің.

Кім разы ете алады еңіреген елінің,

Бақидағы өлісі мен фәнидегі тірісін? –

деп өзіңе де, еліңе де сауал қоясың. Бұл:

Аш итіңе көрсеткені шошқасының тоқтығын,

Есігіңнің көзіне әкеп төксе дұшпан боқтығын,

- дегеніңнің керісі ме?


Сілікпеден сілікпеге ұшырап, сезім-күйіміздің құмығудан арылмағаны несі? Бұған:

Өкінгенмен екі болмас тәңірінің бұйрығы,

Жарлы жұртты жарылқамас патшалардың сыйлығы.

Ақ серкенің мүйізіне бақыт құсы қонар деп,

Күте-күте көкке жетті көк ешкінің құйрығы, -

деген сондай өлшемге сыйғысыз марғау шыдамдылығымызбен Алланың қайыры түспейтіндей аңғалдығымыз себеп пе? Ендеше:

...Тонағысы келген кезде аяп қалар кімді жау,

Тас жүректі жібітпейді байбаламдап құр жылау.

Ай тақырда қармағанмен қолға ештеңе ілінбес,

Қай соқырға таяқ болар жұртта қалған бір бұрау?..

Жұртта қалған иттей ұлыған (Абай) осынау жан күйігі мен ой азабы саған да тыныштық бермепті. Сенің де санаңды күні-түні кемірген күйкі күннің ақкісісі ғой бұл. Ақыл-ойдың топсасы сетінеген, соған бергісі еліңнен, арғысы Алладан құрсау іздепсің. Әйтпесе:

Күнім түсіп, қайыр тілеп, алақаным жайғам жоқ,

Жақындасам жатырқама, безірейме бетіме –

демес едің.


Менің де, сенің де көңіліңді жұбататын жалғыз медет – Сенім. Жан сенімі мен рухтың қуаты. Сенделген сананың топсасын бекітетін де сол сенім. Сенімсіздік – адамды тіршіліктегі сеңнің саласына айналдырады. Өйткені, осы кешкен ғұмырда:

Теке қойдық кірменің шыбышын да,

Шашым кетті ұстаған уысында.

Басым кетті сілтеген қылышында.

Тектілердің тұқымы тозып бітті,

Түрме менен көшенің бұрышында.

Ол дертке әзір дауа табылар емес. Әлі де:

Ел тағдырын біреулер шешкенсиді,

Қолын малып отырып жылы суға.

Қалыңдаса көпшігі қопаңдайды,

Мұршасы жоқ жайыңды ұғысуға.

Жанға жинап жандайшап, туысын да

Түзу жүрген жақсымен суысуда.

Ұлтарағын ұялмай туға байлап,

Ұлық қылды қарақшы, ұрысын да.


Иә, кеше ғана есігіне құлып, тошаласына түрме салмаған, күреніне күзет қоймаған ел едік. Енді айдай әлемнің алдында атағымыз жер жарып тұр. Бірақта, «Тым құрыса кеттің ғой мал баға алмай», - деп Абай айтпақшы, рэкеттер мен рахаттардың елі атанғанымызбен, сол рэкеттердің рахатын алмағанымызға қорланамыз. Қарақшы екеш қарақшы да қазынасын қорасына жиюшы еді. Ал, біздің барымташыларымыз, тағы да Абай айтқандай, «төрден үрген ит құсап», өз елін өзі аңдиды, жатты жарылқайды. Кешегі күнде «жас қазақтар» елін қорғаумен ажал тапса, бүгінгінің «жас қазақтары» елінің бары мен арын сатып, қорлаумен жүр. Соған ашынғандықтан да:


Үрейімнің күнде ұлиды қаншығы,

Көбейіп жүр жүрегімнің шаншуы.

Қарайғанда қанды ішіме тартамын,

Қайта жұтып жанардағы тамшыны, - депсің.


Енді, қостағы малдың ізі Коста Рикадан бір-ақ шығып жүр. Сондықтан да:

Құрып кеткір, о, зобалаң қырманы,

Жеті жұттың біз болдық па құрбаны?

Жалғыз атын жығып берген қорадан,

Не күйде екен қара шалым қырдағы?

- деп тек сен ғана емес, барлығымыз алаңдаймыз.


Алаңдаудың ең азапты түрі – ақылыңның алағызуы. Өзге ұлтты қайдам, ал қазақтың ақылы азапқа түсіп, жаны қысылса – аруақ шақырады, яғни, аруақтар есіне түседі. Соның ішінде кешегі шаһит кеткен жас қазақтардың аруағының алдында бүгінгі жаһит жас қазақтардың құзыры үшін еліңмен қоса күңіреніп:


Сөз айтпаймын мен саған қитығардай,

Тұрмысыңның, қарашы сыйқы қандай?

Жалғыз үйден аумайсың жау тонаған,

Үрерге иті, сығарға биті қалмай.

... Қай ұшына білмейсің тартарыңды,

Күнде қиып, қысқарған арқаныңды.

Қораңдағы қорыңнан үміт үзіп,

Түгендейсің таудағы арқарыңды.

Немесе:

Қырсық ғұмыр, қыңыр көш кері кеткен,

Қинауменен келесің мені көптен.

Жұрттан қалған жұрнаққа өзің жар бол,

Жүдеу жайлау, сары бел көні кепкен...

...Қарақшылар құтылды жаза көрмей,

Малсыз қалса, кім өлсін қазақ өлмей?

Жер астында аруақтар күңіренеді,

Құлағына Құдайдың маза бермей.

Топырақтың тәніне жара шығып,

Талқан болып, тас берік көр ашылып,

Елестейді көзіме қалың аруақ.

Малын іздеп жүргендей аласұрып, -

дейсің күрсініп.


Сонда шабыт шақырып, ақылыңды иітіп, ойыңды сауғанда табатын жұбанышың қайсы? Жаңағы ақындық түршігу ме? Енді сенің өзің де өзіңнің сол ойыңнан түршігіп, жаның мен арың байыз таппай, жетім торғайдай шырылдайсың. Сен де өзіңнің ожданыңмен бетпе-бет қалыпсың. Сенің өмірдің де, өлеңнің де шыңырауының түбіне түсіп, нағыз ақындық шеберлік пен шабыттың жасынның суын қанып ішкеніңе сүйсіндім де, сонымен бірге, әр сөзіңнің тұнық, әрі ащы әсеріне күйіндім. Әрине, ақындардың шабытының еншісіне әбілһаят суы емес, жасынның кермек суы бұйырғанын білесің. Бірақ ол шабыттың тұнығынан қанып ішкен саған:

Солқылдатып өмірдің сан сауалы,

Жүрегімнен, миымнан қан сауады.

Дүбір салған ішімде дүлей тасқын,

Сыртқа бұзып шыға алмай жар соғады.

Күннен күнге тарылып ел тынысы,

Сезілмейді тірліктің серпілісі.

Алаң қағып әркімнің көзінде жүр,

Қасқыр тартқан тоқтының қорқынышы...

Қиылғанша жанымды қансыраған,

Көз жасыммен жуармын тамшылаған.

Көрге бірге шұбырып кірсе қайтем,

Қара бала қол жайып нан сұраған?! –

дегізерліктей көрген күніміздің аса үрейлі болғаны жаныңа батады.

Бұл кешегі ашаршылықтың елесі емес. Керісінше, сені мен менің ғұмыр кешіп отырған ғұмырымыздың шындығы. Сол шындыққа көзіміз бен етіміздің ғана емес, арымыз бен ожданымыздың үйреніп алғаны сондай, сол нан сұраған қара домалақтардың ертеңі ерте кесіліп бізбен бірге, мүмкін одан да бұрын шейіт болып кетеді-ау деген ой қаперімізге келмепті. Неткен көмбіс едік? Қандай шарасыз күйге ұшырағанбыз? Рас, ол қара домалақтың әкесі мен шешесі екеуміз емеспіз. Заманның өзгеруін қалағанымызбен дәл осындай аяусыз тірлікті тілегеніміз жоқ қой. Оны, Жаратқан ием де бізге жала ретінде жаппас.


...Иә, айтар сөз, қайырар жауап жоқ. Жаратқан ием жар болып, бұған өзі жауап бермесе, бізден не қайыр, не қайран?.. Ақыл-ойымызды соншама шымырлатып отырған сөз иесі сенің өзің де «бұған жауап таба алмай» (Абай сияқты) қиналып, оны «Бір қазына» атты өлеңіңде:

Жету үшін өмірдің гүл жазына,

Бәрімізге жетпей тұр бір қазына, -

дейсің де:

Белгісіз ғой аспанда ма, жерде ме,

Жабыла кеп іздемейді ел неге?

Періштенің қалтасында жүр ме екен,

Көрінбейтін көзі тірі пендеге?

Табылмаса тыныштық жоқ төрімде,

Арба сынар, өгіз өліп өрінде.

Әлде мүмкін жасырынып жатыр ма,

Жеті атамның біреуінің көрінде...

...Іздеп табу мүмкін болса ағайын,

Айтқаныңның бәрін істеп бағайын.

Сүйіншіге қиып қылдай жанымды,

Домбыраңның пернесіне тағайын! –

деп салауатпен тең сауын айтасың.


Расында да, дәл осыны айтқан сен – Несіпбек, елінің домбырасының пернесіне айналған ақын дәрежесіне көтерілген екенсің. Енді сол перне басылмаса қазақтың бір сөзі – бір әуені жетпей тұратын қасиетке ие болыпсың. Ол заңды да. Сенің іздеп жүрген қазынаң – мал байлығы емес, жан байлығы. Рухани қазына. Сен «Көр іші – қара қобыз» атты қобызшымен бірге көмілген қобыздың өз иесін тірілте алмағаныңа қыстығып, қасиетті әуен иесінің өзіне:


...Ұйқыдан қу сүйекті оята алмай,

Ақырын ішін тартып жылайды көр.

Көр іші – қара қобыз күңіргенген,

Ешқашан тілдесе алмас тірілермен.

Тылсымның жұмбақ сырын қайдан ұқсын,

Қара құрт қара жердің түбін емген,

- дейсің назаланып.

Бейқабыл құбылыс жасынның тұнығына қанып ішкен ақыл иесі – ақынның шалқуына шек қойылмаса керек. Қара қобыздан жұбату таппаған сен енді «Сайтанның өзін шақырып»:

Сиқыңнан шошыр тірі адам,

Кім сенен залал күтпеді?

Пәтшағар, шындап сұранам,

Бар болсаң егер шық бері.

Алайын біраз масайып,

Тіліңді, бәлкім, табармын.

Қашатын мен бе машайық,

Қаныңды ішсем қанармын,

- деп кәрленіп аласың да, ой ұшқынын одан әрі:

Ойнаған оқты білтемен,

Жарытпас едің сен жар боп.

Бейкүнә досқа сілтеген,

Тұрдың ба жолда қанжар боп,

- деп жалғастырып кеп:

Тілімнің уын төгер ем,

Ішімде тұрсың жоқ амал! – дейсің.


Міне, Алланың да, Абайдың да адамзатты сақтандырған сайтанның ұясы қайда жатыр. Сайтан – санаға ұя басқанда ғана қауіпті. Несіпбек, сенің ішің сайтаннан таза екен. Әйтпесе, оны мойындамас едің. Сол сайтаннан бәріміз таза болсақ, «нан сұраған қара бала бізбен бірге көрге барады-ау», - деп үрейленбес едік. Сенің сайтанды жекпе-жекке шақырып тұрғандағың – жаныңның, жан сарайыңның, өлең - өзегіңнің тазалығы. Егер сенің өлеңіңе сайтан араласса, онда Несіпбек Айтұлы осы күні атаққа да, лауазымға да белшесінен батып, мелдектеп отырар еді. Ақынға атақ та, даңқ та, баршылық та жарасады.


Сен қолдан мұң жасап, жорта уайымдап, жалған жыламайсың. Шындығында да, сенің дертің «түп қайғың» - тағдырдың жүрегіңнің басына құйған запыраны мен шемен боп қатқан шерлі дерт. Ол саған:

Қош-есен бол, кіндік қаным тамған жер,

Кім болғаны сені ұмытса жалғанда ер.

Жүрегімді жібек жіптей кеміріп,

Өле-өлгенше қара күйе – арман жер...

...Қош, Шәуешек! Қолдан – қолға алмасқан.

Ақ бесігім айықпайтын шаң басқан.

Жасқа толы жанарымда кетті ойнап,

Жүзінен қан тамшылаған Алдаспан!

- дегізген дерт.

Ол атаң Айт жондырған жарық астауды қырық жылдан кейін көріп, саған:

Басынан ұшып кетсе ғанибет күн,

Қалмайды осы астаудай зар илеп кім?

Түбіне қырық жамау қарап тұрып,

Өзімнің тағдырымды тани кеттім,

- дегізген тағдыр.

Сол тағдырмен тайталасып өскен тасжарған ажалдың да бетіне:

Жұрт еді ғой менсіз де күн көретін,

Өлгенменен ешкім жоқ бірге өлетін.

Қабақ шытпай күтейік ажалды да,

Қонағым ғой әйтеуір бір келетін,

- деп сабырмен қарайсың. Сөйтіп тұрып тағы да:

Санаумен шыққан күнді, туған айды,

Көз жасы бұл ғасырдың құрғамайды.

Жамайтын өз жыртығын өлермен көп,

Япыр-ау, ел жыртығын кім жамайды?

- деп еліңнің қамын қамыға ойлайсың.


Сенің поэзияң шабыттың шыңырауының түбіндегі жасынның тұнығына, өлмейтін және өшпейтін сөзін өлтіруге мүмкіндік бермейтін ақындықтың әбілһаят суына суарылған мәңгілік сипатпен қасиеттеніпті. «Есігімнің топсасына керек боп тұр бір шеге!» - деп өзің айтқандай, қазақтың өлеңінің топсасын бекітуге бір шеге керек еді. Сол шеге боп сенің өзің қағылыпсың, енді сен қағылған жердегі қазақ сөзінің топсасы шеге қақтырмайтындай болыпты және оны енді ешкім де суырып ала алмайтынына кепілдік етеді. Сол үшін де күйініп жүріп сүйінген, сүйініп жүріп күйінген өміріңнің белгісі – «Рухыңның падишаларымен» мықтап некелескен екенсің. Сенің бұл некең – Мәңгілік неке. Өйткені:

Қатты шықса, дауысым кейде менің,

Басым қатып, ашынып сөйлегенім.

Бірдің мұңы ұласар мыңға барып,

Өзімді айтып, халқымды бейнеледім,

- деп, өзіңнің шер күйігіңді «ажалдан қашқан ақ бөкен» өмірің мен өлеңің арқылы халқыңның жан-дүниесі мен ар-ожданы арманшыл рухыңның ақыл-ой азабын тартқан санасын бейнеледің. Сенің «айтамын-ау» деген сөзің қалғанымен, сенің сөзіңде айтылмаған арман қалмапты.


Ей, Тұрсын, бір жүрерміз енді қанша?

Сұм ажал ысқырады кер жыланша.

Бойға құт – бұйырғаны тіршіліктің,

Әйтеуір артымызда белгі қалса.

...Қамалып қатар өстік қабағанмен,

Тістесіп тарпа бас сап талағанмен.

Жазылмас жара құрғыр былай шығып,

Қыңсылап қызыл тілмен жалағанмен,

- деп көңіліңнің құлазыған тұсында бір толғанған екенсің.


Жан жарасы жазылмас. Алайда, өлеңмен өлмейтін ескерткіш құйғаны анық. Сөз дертіне ұшыраған санамның сусынын қандырған «Рухымның падишасы» атты кітабыңдағы осынау бір тосын жырларыңа рахмет. Тіршілікте еліңнің сусынын дәл осындай «аққудың көз жасындай көлге тамған» жасынның тұнығымен суара бер, дос!






Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар