Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Ықылас Ожайұлы: «Егіз шал» хикаясы

25.02.2016 176

Ықылас Ожайұлы: «Егіз шал» хикаясы


Біздің ауылда халыққа қадірлі қос қария ғұмыр кешті. Төкен ақсақал темірден түйін түйген нағыз хас шебердің өзі болатын. Еңбекке төселіп тарамыстанған ұзын салалы саусақтарымен күріп-күріп еткізіп күй шалатын да әдеті бар-тын. Әсіресе Сүгірдің «Боз інгенін» тартқанда өңі қуқыл тартып қос жанары суланып кететін. Күйдің әсерінен бе екен кім білсін, кей сәттері біразға дейін тілге келмей үнсіз отыратын. Күйігін күймен жұбатқан ақсақалдың алабұртқан астан- кестең жандүниесін біз пақыр ол кезде қайдан бағамдайық.


Қашан көрсең де жұптары жазылмай жүретіндігінен болса керек, ел екеуін «егіз шал» дейтін. Сол қос қарияның бірі Ғибрат ақсақалдың қылығы мүлде өзгеше - тұғын. Шаршы топтың көркіне айналған келісті қария майда қоңыр әңгімесімен маңайын иіріп жусататын.


Сол, Қостомар ауылының құтына айналған қос қарияның екеуі де дүниеден ұрпақсыз өтті. Ғибаң (Ғибрат ақсақалды ел осылай атайтын) бәйбішесімен қырық жыл отасса да перзент сүймеген адам. Төкеңде бір шикі етке зар болып жүрген еді. Айсара апамыз дүние салғаннан кейін көп ұзамай төсек жаңғыртты. Алғаны өзінен көп жас кіші, желек жамылып жесір қалған ауылдың бір инабатты әйелі болатұғын. Жылға жетпей жеңгеміздің құрсағына сәуле бітіп, шекесі торсықтай ұлды болды. Төбесі көкке жеткен Төкеңнің сол күнгі қуанышынан гөрі Ғибрат ақсақалдың қуанышы үстем сезілді. Жаратушыға шүкір айтып, жанары күн ұзақ боталаумен болды. Қатқан езуге күлкі, қаңсыған жанарға жас сыйлаған Аллажар екі қарияның ортасында еркетотай болып ержетіп өсті.


Жабағы бұлт жөңкіген күздің сүреңсіз күндерінің бірі болатын.


«Төкеңнің жан дегенде жалғыз ұлы дүниеден озыпты» деген қаралы хабар ауылды тікесінен тұрғызды. Қолды аяққа тұрмаған ойын баласы ауылдың ескі құдығына құлап мерт болған екен. Қайғыға бордай үгіліп, сай сүйегі сырқырамаған жан қалмады. Қаралы үйге көңіл айтуға көп болып біз де беттедік. Арқандай шұбатылған көпшіліктің ұзын тізбегін Ғибрат ақсақал бастап келеді.


Төкең бүк түсіп жатып қалыпты. Не айтарымызды білмей аңтарылып біз тұрмыз. Кенет «Әй, Төке» деген Ғибрат қарияның үні өлі тыныштықты сейілткендей болды. «Төкем-ау, сен қандайсың, мен қандаймын?» деді сөзін одан әрі үстеп. «Алладан сұраған Аллажар сенің ғана емес, менің де алданышым еді. Төрт жыл төсіңде ойнақтатып мауқыңды бастың. Шүкір де, шүкір. Ал, мені айтшы, мені! Менен қайғылы емессің, Төке! Құдай өзі берген жанды өзі алады -дағы. Бір намаздың үстінде отыз ұлынан айырылған Дәуіттен әулие емеспіз. Аллаға шет болмайық. Мен емес, керісінше сен маған көңіл айтуға тиіссің»- деді. Осы сөзден кейін омырауы жасқа боялған Төкен қария төсектен басын көтерді. Рас, менікі асылық екен. Жаратушы Ие сіздер мен біздерге тек ғана сабыр берсін деп жиналған жұртқа көңіл айтты. Түсінген қауым бірін -бірі ғизат етіскен қос қарияның қайсар қасиетіне таңдай қағып тамсанып жатса, базбіреулері Төкең алжыған екен, көпшілікке көңіл айтқаны несі, мұндайда болады екен ғой деп көпке дейін күңкілдесіп жүрді.


RS. Ескі ауыл. Зымыраған өмір. Егіз шал әлдеқашан топырақ басқан төмпешікке айналған. «Ит қылшығына тұнған қылаудай жалт-жұлт еткен» жалған дүниеде қос қарияның соңында тек ел есінде жүретін ескі хикаялар мен мөлт еткен көз жасынан да тұнық ғибраттар ғана қалды...


Біздің Telegram-парақшамызға. жазылыңыздар!

Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар