27 мамыр 2018
Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Есеп беретін ең дұрыс орта - дастарқан басы, ел іші

24.02.2016 390

Есеп беретін ең дұрыс орта - дастарқан басы, ел іші


Бекжігіт Cердәлі.jpg

Бекжігіт Cердәлі

композитор, мәдениет қайраткері



«Сендерге әрдайым орын бар, ақ отау төріне қоныңдар, ақ тілек батамыз мінеки, бақытты болыңдар, болыңдар» деп келетін жас шаңырақ көтерген екі жасқа арналған ән сонау бір жылдардан әлі күнге үйлену тойының басты әні деуге болады. Сондай-ақ «Неге, неге?» деп келетін әдемі вальс ырғақты әнді де қазақ жүрегіне жылы қабылдап, жабыла шырқағаны хақ. Міне, сол әндердің авторы Бекжігіт Сердәлі атты сазгер, журналист азамат Алматы немесе Астана секілді республикалық маңызы бар қалаларда тұрмағандықтан ба, жиі көріне бермейді. Сонда да болса Түркістанда тұратын қазақтың біртуар азаматын әлгіндей әндері барда іздемеуге хақымыз жоқ.


– Аға, біраз болды, еш жерден көрінбейсіз. Ән жазып жүрсіз бе?
– Жасыратыны жоқ, бізді, ауылдағы өнер иелерін айтамын да, орталық бас­пасөздің ұмытқаны қашан. Шоу-бизнеске қатысты қайсыбір басылымды ашсаң-дағы, санаулы әртістерді насихаттаудан әріге аса алмай жүр. Қазір сол «санаулы әртістердің» өмірбаянын жаттап алдық десек те болар. Ал ауыл өнерпаздарының айтары көп… Ең әуелі айтарым, біз бармыз! Біз өңір өнерін құрап жатқан өнерпаздармыз. Кейде бұртиып өкпелеп те қаламыз. Әділетсіздік­ке, әрине. Мәселен, мені оңтүстіктен гөрі Қазақстанның басқа аймағы, шетелдегі қандастарымыз құрмет тұтады. Қытай, Моңғолия, Түркия, Алмания, Мажарстан, Чувашия қазақтары әндерімді үзбей айта­ды және қонақ болып қайтуға шақырып та жүр. Қол қысқа, шамадан көтеріп жүгіріп кете алмайсың. Ал туған ауыл бізден гөрі әкімқараларға жақын жүрер сарай өнер­паз­дарын құрмет тұтады. Оны Түркістан мәдениет бөлімінің жалтақ көзқарасынан-ақ байқамау мүмкін емес. Ал облыста өнерпаздарға құрмет көрсетер тізгінді әкімнің айналасындағылар ұстап алған. Жыл сайын солардың маңындағы өнер иелері ғана қолдау көріп, мадақ-марапат алып жатады. Мейлі үлкен, мейлі кіші бол­сын өнер адамына бұлайша бөле-жара қарау түбінде ұлттық өнердің тоқы­рауына алып келеді. Ал тасадағы талант барлығына қолын бір-ақ сілтеп, бұл әлемді мүлде жатсынып кетуі мүмкін. Бұрын «талант ауылда туып, қалада өледі» деуші едік, қазір талантты қалаға жеткізбей-ақ ауылда тұншықтырып өлтіріп жатырмыз.

– Өнер тек сахнада ғана тыңдалмайды, өзінің өсу ортасын­да, сахна сыртында да шыңдала­ды дегіңіз келіп отыр ғой? Бәлкім, қарбалас, күнделікті қайнаған өмірден біршама алыстау отырғаныңыз шығармашылы­ғыңызға әсер етіп жатқан шығар?

– Олай деуге болмас. Өнер – қайда да өнер. Тек аздап бап керек. Шалғайда жат­сақ та, біршама әндер туды. Екі-үш әнімді Қазақ радиосының көркемдік кеңесінен өткізіп алдым. Қазір шырқалып жүр. Бірқатар танымал әншілер тәуір әндеріме «құда түсіп», қазір әнбаян түсіру үстіндеміз. Жергілікті сахналар қажет етпесе де, жазған әндерімді тыңдарманға жеткізу бағытында өз бетімше әрекет етудемін. Танымал болу үшін міндетті түрде Астана, Алматы сияқты ірі қалаларда тұруың керек екен. Өйткені танымал болуға онда мүмкіндік көп. Шоу-бизнес, тележарнама, әндеріңді белгілі әншілерге ұсынасың дегендей… Өзім білетін осындағы өнер саласындағы әріптестерімнің біразы үлкен қалаларға барып, өздерін жарнамалап үлгерді. Біразы демеуші арқылы қолынан келген мүмкіндіктерді пайдаланып, жағ­дайларын жасап та алған. Газет пен теле­дидар бетін бермей, БАҚ мүмкіндігін пай­даланып, өзін-өзі жарнамалауға дайын тұратын пысықайлар да аз емес. Танымал болудың ең керемет құралы клип түсіру ме деп қалдым. Әйтеуір, бірер әнін шығара салып, клип түсіріп алған «сазгерлер» көбейіп кетті ғой…


– Әнді сирек жазасыз. Бұл өнердің қасиетін, мазмұнын сақтағыңыз келгендіктен бе, әлде…

– Қазіргі қызметім ән жазуды сиретіп жібергені рас. Бірақ мүлдем ән жазбай кет­тім деуден аулақпын. Соңғы кезде «Аста­нам – асқақ ән», «Ару қыздар», «Сені ізде­гем», «Бір өзің деп» деген сияқты бірне­ше әндер жаздым. Жалпы, мен әнді саулатып жаза бермеймін. Көкейге келге­нін ғана ыңылдап, ел елегіне саламын. Халық жаңа туындымды талғап, айта бастаса ғана оны ән деп есептеймін. Қалғаны – ән емес, ермек қана. Аз жазатындай болып көрінуім содан.


– Танымал әншілермен шығармашылық байланыс орнатуға қалайсыз?

– Сол танымал әншілеріңіз бізді мен­сінбей ме деп қорқамын. Олар да «таны­мал сазгерлерді» іздейтін сияқты. Әлгі сазгер – өзі ақын, өзі ән өңдеуші, теле­эфир­ге сәл жақынырақ жүрсе тіпті жақсы. Қазір «әнші-композитор» деген сәнге айна­лып бара жатқан жоқ па? Қазақ әнде­рінің бірсарынды, ғұмыры қысқа болуы­ның себебі де содан. Әркімнің өз кәсібімен ғана айналысқанын қалаймын. Әншінің – әнші, ақынның ақын, сазгердің саз­гер болып қалғаны дұрыс. Бір әнмен клип түсіріп, «жұл­дыз» болып жат­қан­дардың да ғұмыры ұзақ емес сияқты. Жалғыз жұлдыз жұл­дыздар шоғырын құрай алмайды. Уа­қыт өте келе есер әндердің дәурені тоқтап, есті әндердің қалатынына күмәнім жоқ. Әйтпесе Түркіс­танға түрлі әнші­лер келіп-ақ жатыр. Ән сұрағанын көрген емеспін. Алда-жалда беттің арын бүркеп, сахна сыртына шы­ғып, «жаңа ән керек емес пе?» деп міңгірлей қал­саң, «сен кім едің, сендей сазгерді таны­май­мын» дегендей бір­түрлі күмәнмен қа­райды. Сосын үн-түн­сіз бұрылып кетесің.


– Аға буын атандыңыз, өзіңізге есеп беріп, шығармашылық кеш өткізіп, шәкірттеріңіз үшін бір серпіліс жасау ойда жоқ па?

– Мен сізге бір сұмдық нәрсе айтайын: сіз концертке билет алып кіремін, әнді ақ­ы­­лы тыңдаймын деп ойлайсыз ғой, қате­лесесіз, халыққа ән тыңдату үшін өне­р­­паз да ақша төлейді: залды бас айналатын ақ­шаға жалға аласың, сахнаны өз қаржың­мен безендіресің, сахнада қызмет ететін әр техниктің «көңілін таба­сың», концертті жүргізушілерді жалдайсың, ән өңдетесің, әншілерге қаламақы төлеп, ән салуға ша­қы­расың, концерт біткен соң «қызмет жа­саған жігіттерге» шай бересің… Міне, осы шығындарды есептеп шыққан соң, кеш өт­кізбек түгіл, ән жазып жүргеніңе өкіне­сің… Есеп беретін ең дұрыс орта – дас­тарқан басы, ел іші. Мен үшін одан асқан шығар­машылық кеш жоқ.



Сұхбаттасқан Гүлжаз Қыдықбекова

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс.

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)


Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар