Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Президент кітапханасы: Елбасы не оқиды және қалай ...

30.11.2017 11705

Президент кітапханасы: Елбасы не оқиды және қалай оқиды?

Президент кітапханасы: Елбасы не оқиды және қалай оқиды? - adebiportal.kz

Тұңғыш Президент күні қарсаңында «Әдебиет порталы» оқырмандары үшін Елбасының қандай кітаптар оқитынын, кітап оқыған кезде қандай қағидалар ұстанатынын және ол қандай оқырман екендігін анықтауға бел буды. Осы мақсатта бізге «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы» ММ-нің Кітапхана қызметінің басшысы Сандуғаш Әбсәдірова көмек қолын созды. Ол бізге Тұңғыш Президент кітапханасы туралы жан-жақты айтып қана қоймай, сол бір кітап мекенін мейлінше аралатты.

Тұңғыш Президент кітапханасы қоры туралы қысқаша тоқтала кетсек...

«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасы» Мемлекеттік мекемесінің Кітапхана қызметі Назарбаев Орталығының 3-қабатында орналасқан. Кітапхана қызметі кітапханадағы қорды жүйелеумен, тізімдеумен, электронды каталогты құрумен, оқырмандарға қызмет көрсетумен, түрлі тақырыптағы кітап көрмелерін ұйымдастырумен айналысады. Кітапхана қызметінің ең негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының идеялары мен бастамаларын ақпараттық-имидждік тұрғыда насихаттау.

Тұңғыш Президент кітапханасы қазіргі Мемлекет басшысының орталығы болып тұрғанымен ерекешеленеді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының қорында Н.Ә. Назарбаевтың жеке мұрағатындағы 20 мыңнан астам басылым мен 700 жәдігер жинақталған: олардың арасында мемлекет басшылары мен олардың ресми өкілдерінің сыйлықтары, Президенттің өз қаражаты есебінен алынған өнер туындылары және тарихи мәні зор құндылықтар бар. Кітапхана қоры жаңа кітаптармен, құнды жәдігерермен, бірегей мұрағаттық материалдармен үнемі толықтырылып тұрады.

Кітапхана қоры баспадан шыққан кітаптардан және осы кітаптардың сандық жүйедегі көшірмелерінен, электронды басылымдар мен мәліметтер базасынан түзілген.

Қор үш бірдей галереяға бөлінеді. Бірінші галерея – Жеке жинақ деп аталады. Оған Мемлекет басшысына әлемдік деңгейдегі қоғамдық және саяси қайраткерлер, өзге мемлекет басшылары, өнер мен мәдениет майталмандары сыйлаған кітаптар енгізілген. Сондай-ақ, осы жинақта Президент өз қолымен жинаған өткен ғасырдың 60 жылдарынан бастап шыққан сирек кездесетін кітаптар да бар.

Екінші галерея – «Тәуелсіз Қазақстан» деп аталады. Онда Қазақстан туралы, Тәуелсіз еліміздің тарихы туралы, сонымен қатар, Мемлекет басшысының кітаптары мен ол туралы кітаптар сақталады.

Үшінші галереяға – әлемдік көркем әдебиет деген айдар тағылған. Бұл залға әлемдік көркем әдебиеттің ең үздік үлгілері, жаһанға мәлім авторлардың жинақтары қойылған. Мұнда қазақ әдебиетінің үздік үлгілері де ерекше мәртебеге ие. 2004 жылы Елбасының бастамасымен құрылған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жарық көрген кітаптар да осы бөлімге қойылған.

Кітапханаға келушілердің ерекше ықыласын туғызатын нәрсе – Президенттің жеке жинағы. Әрине, ондағы кітаптардың көбін кітап дүкендерінен сатып алуға болады. Алайда бұл кітаптардың құндылығы – Елбасыға сыйлаған адамдардың өз қолымен жазған тілек-лебіздерінің болуында.

Қазіргі уақытта тілектер жазылып, сыйға тартылған кітаптардың электронды жинағы жасалуда. Кез келген қонақ кітапхананың сайтынан осы кітаптар мен белгілі тұлғалардың қолтаңба тілектерін көре алады. Жинақта мұндай кітаптардың саны 300-ден асты. Аталған жинақ осы желтоқсан айында іске қосылатын электронды каталогтың құрамына кіргізіледі деп жоспарлануда.

Қордың құрылымы сан алуан. Онда Қазақстан мемлекеттілігінің тарихы, қоғамдық-саяси қызмет, халықаралық қауіпсіздік, экономика, әлеуметтану, философия, көркем әдебиет (әлемдік және қазақ әдебиеті) және басқа да көптеген әдебиеттерді тауып оқуға болады.

Ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысып жүрген оқырмандар жеке оқу орындарында өздеріне қажетті мәліметтерге еркін қол жеткізе алады.

Кітапхананың ең басты ерекшелігі – бұл әлем бойынша қызмет бабындағы Президенттің атына ашылған жалғыз кітапхана. Әлемдік тәжірибеде президенттік кітапханалар қандай да бір мемлекет басшысының қызметтік уақыты аяқталғаннан кейін ашылады және оның қоры толықтырылмайды. ҚР Тұңғыш Президенті кітапханасының олардан айырмашылығы – ол кәдімгі тірі ағза сияқты үнемі жетіліп, заманға сай дамып отырады. Мәселен, кітапханаға қандай да бір кітаптың түсуі де, оның оқырман қолына жетуі де толығымен автоматтандырылған жүйе арқылы іске асады.

Президент не оқиды?

Президент оқырман ретінде үлкен қызығушылық туғызатыны сөзсіз. Ол өте көп оқиды және оның оқырмандық талғамы биік әрі сан салалы. Елбасының жеке кітапханасына үңілер болсақ, жер бетіндегі ілім-білімнің барлық саласынан жазылған кітаптарды, мәселен, жаратылыстану ғылымдарынан бастап энциклопедияларды, сөздіктер мен анықтамалықтарды кездестіруге болады. Солардың қатарына философия да, әлеуметтану да, қоғамдық-саяси әдебиет те, саяси қайраткерлердің мемуарлары да, халықаралық қатынасатар мен халықаралық қауіпсіздік туралы кітаптар да енеді. Президенттің жеке кітапханасында классикалық көркем әдебиеттің алар орны ерекше. Әсіресе, Елбасы сүйіп оқитын Абай мен Шәкәрімнің шығармалары, сондай-ақ, А.Чеховтың және басқа да авторлардың кітаптары – бір төбе.

Президент кітапты қалай оқиды және ол қандай оқырман дейсіз ғой?

Президентті тұрақты оқырман қатарына жатқызуға әбден болады. Сонымен қатар, ол не оқыса да тұщынып оқиды, түсініп оқиды, білсем деп талпынып оқиды, қызыға, құмарта оқиды. Ол оқыған кітабының әр жеріне түрлі белгілер, бүктемелер қалдырып кетеді, кейбір жерін белгілеуіне «түртіп» те алады. Кейде кітап оқып отырғанда ойына келген толғамдарын сол кітаптың шетіне ептен жазып отырады. Сондықтан оны шынайы, тірі оқырман деп айтуға әбден болады. Себебі ол кітапты судыратып оқып қана шықпайды, онда жазылған ойлар мен идеяларды ақыл-санасынан өткізеді, жүрегіне жеткізеді. Дегенмен оның кітаппен арадағы диалогы осы арада бітіп қалмайды. Уақыт өткен соң Елбасы өзі белгілер қалдырған кітапты сұратып алып, қайтадан оқиды, сосын сол күйінде қорға қайта табыстайды. Сондықтан Мемлекет басшысын тағы да жауапкершілікті оқырман деуге болады. Бұдан бөлек, кез келген адам өзіне сыйға тартылған кітаптарды кімнен, қашан келгенін жатқа айтып бере алмайтыны ақиқат. Елбасы кейде мәртебелі меймандарға кітапхананы таныстыруға келген кезде, барлық кітаптардың тарихын өзі айтып, керемет экскурсия жүргізушіге айналып шыға келеді.

www.adebiportal.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар