27 мамыр 2018
Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Eң үлкен жүлде – алынбаған асу

24.02.2016 240

Eң үлкен жүлде – алынбаған асу


Асқар Дүйсенбі.jpg


Асқар Дүйсенбі

ақын-сазгер, фольклортанушы



-Сіз жазба ақынсыз ба әлде айтыскерсіз бе?

-Өнердегі алғашқы қадамымды айтыста бастағанмын. Бірақ қазір қоғам бұрынғы жыраулар, әнші, ақындар өмір сүрген ауыз әдебиетінің жетекші ықпалдылығы басым дәуір емес. Сол себепті, қазіргі қалыптасқан айтыс ақындарының өзі бір ауық жазбамен айналысатынына мысал көп. Мен студент кезімнен өлең жазуға дағдыландым. Мен үшін суырып салу мен жазып шығару құстың қос қанатындай дүние. Бірақ, өзім түсінген бір сыр бар, ол – суырыпсалмалық қасиет отырып өлең жазу негізінде ойыңның тез тұтануына, қиялыңның қанаттануына көп жәрдемдеседі. Мен үшін екеуі – бірін-бірі толықтырушы, бүтін, біртұтас өнердің жолына қызмет ететін дүние деп ойлаймын.


-Әнді сирек жазасыз ғой?

-Мен өзім – фольклортанушымын. Фольклор дегеніңіз бар өнердің басын біріктірген синкретті жиынтық, өнер қамбасы. Мен жастайымнан Нартайдың термелерін айтып өстім, халықтық және лирикалық әндерді орындауға әуес болдым. Содан да болар, әдемі дүние әсерлендірмей қоймайды, ән жазумен айналыстым. Ең алғашқы әнім – қазір белгілі әнші Тоқтар Серіков орындап жүрген «Жан арманым» деген туынды. С.Медеуов, А.Керімбекова және басқа да әншілер орындап жүрген біршама әндерім бар. Жалпы қарасы 400-ден астам әнге өлең жаздым. Оның көбі осы күні теле-радио арналарында орындалып та жүр. Мен негізінен белгілі композиторлар Арман Дүйсенов, Ұлықпан Жолдасовпен тығыз шығармашылық байланыста жұмыс жасаймын. Негізі әнді құрық ұстап қуалап жүріп жазбаймын. Көңіл құсымның қалауына қарай... Әнді сирек жазатыным – қасиетін, мазмұнын сақтағым келгендігінен болар бәлкім.


-«Жігітке жеті өнер де аз» деп, қазіргі таңда ғылым жолымен айналысып жүрсіз...

-Ғылым деген білім мен төзімді біріктіріп, жалықпай теретін жауhар сияқты. Белгілі ғалым, академик Р.Бердібайдың жетекшілігімен «Оңтүстік Қазақстанның аңыздары мен әпсаналары» деген тақырыпта 2002 жылы ғылыми диссертация қорғаған болатынмын. Бұл еңбек фольклорлық мұраларды аймаққа бөліп зерттеу жағынан келгенде маңызды әрі өңір ерекшеліктері ескеріліп, тұңғыш жанрларға жіктеліп, жүйеленген жұмыс деп есептеймін. Бұрын газет-журналдарда, жинақтарда айтылып жүрген болса – ол арнайы ғылыми негіздермен зерделенбеген, жекелеген қызығушы адамдардың көпшілік мақсат пен жариялаған жұмыстары болатын. Осы тұрғыдан келгенде тарихи, діни, әлеуметтік маңызы бар фольклорлық мұраларды жинақтап, жүйелеп, ғылым әлеміне ұсыну маңызды, мақсатты дүние деп ойлаймын.

Мен бұл зерттеу бағытымды енді қазақ халқының ғана емес, жалпы түркі халықтарына ортақ белгілеріне қарай түркологиялық зерттеу деңгейі тұрғысынан қарастыру үстіндемін. Бұл салада Елбасының тікелей бастамасымен Астана қаласынан ашылған Түрік Академиясы құрамында да еңбектеніп жүрмін.


-Тебіреніп тербейтін тақырыбыңыз?...

-Өнерге келген әрбір адам алғашқы біссмілләсін ана, Отан, махаббат тақырыбынан бастайды десем, ешкім дау айта қоймас. Менде осы үш тақырып төңірегінде қалам тербедім. Енді қазір жазған дүниелерімді саралап отырсам, махаббат лирикасының үлес салмағы басым екен. Яғни, махаббат тақырыбын көбірек жырлайтын болғаным байқалады.


-Бүгінгі шығармашылық ізденістеріңіздің бағыты туралы тереңірек сөз етсеңіз...

-Шығармашылығыма байланысты бір нәрсені байланыстыра кеткім келеді. Мен 2005 жылы докторонтураға түстім. Алматыдағы қайнаған ғылым мен білімнің қазанына, өнер мен мәдениеттің ошағына күмп беріп түстім де кеттім. Осы кезде «Хабар» арнасында өзім қызыға жүрген ауыз әдебиетіндегі тұнып тұрған ұлттық құндылықтарымыз бен дәстүрлі дүниетанымдық мұраларымызды насихаттаудың оңтайлы жолына кезіктім. Тіл мәселесіне, этнографиялық бағдарламалардың насихатталуына үлесімді қостым. Сонымен бірге соңғы 3-4 жылда «Таң қалдырған хикая», «Алтын алқа», «Ақсұңқар», «Біздің көктем» секілді музыкалық көркем фильмдерге сценарий жазып келемін. Олар телеарнадан үздіксіз көрсетіліп келеді. Аталған дүниелердің қай-қайсысы да тікелей ұлттық болмысымызды, салт-дәстүрімізді, мәдениетімізді дәріптеуге, насихаттауға арналған.


-Қалай ойлайсыз, сахнадан алыстап кеткен жоқсыз ба?

-Соңғы жылдары жеке басымдағы түрлі жағдайларға байланысты сахнадан біраз алыстап қалғаным рас. Бірақ өнер деген тек сахнада ғана тыңдалмайды, өзінің өсу ортасында, сахна сыртында да шыңдалады. Қазіргі таңда елімізге белгілі, танымал эстрада әншілерімен тығыз байланыста жұмыс жасаймын. «Хабар» арнасында жоғарыда сөз еткенімдей, ұлттық өнер мен дәстүрді дәріптеу, жаңғырту қазақ сахнасына қызмет ету – сахнада өнер көрсетуден бірде-бір кем дүние емес деп ойлаймын. Әйтсе де, домбыра мен сырнай – менің сол бұрынғыдай сырлас досым, шабытымды шарықтатар қанатты пырағым.


-Туындыларыңыз жайлы айта кетсеңіз...

-1996 жылы «Махаббат көктемі» деген алғашқы туындым мен 2003 жылы «Ләйлә ғұмыр» атты шағын өлеңдер жинағым шыққан. Басқа да жыр жинақтардың, мүшәйра топтамаларының ішінде жекелеген өлеңдерім енген.


-Өнер жолында кімді пір тұтасыз?

-Жамбыл ақын «Менің пірім - Сүйінбай» дегендей, менің өнердегі пірлерім – Нартай Бекежанов пен Манап Көкенов. Бірінің сөзін, бірінің көзін көріп, батасын алдым. Ғылымдағы ұстаздарым - академик Рахманқұл Бердібай, Жұмабай Әбілов.



Сұхбаттасқан Гүлжаз Қыдықбекова


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс.

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)


Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар