Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Хамит ЕСАМАН: АҚИЫҚ

22.02.2016 302

Хамит ЕСАМАН: АҚИЫҚ


(Әділбек Ыбырайымұлының «Көктемсіз жыл» жыр жинағын оқығаннан кейінгі ой)



511493_1536361719_______________________.jpg

Кеуде тұсыңнан үзіліп түскен бір нәзік сәуле жалғанның жарығында ұлы құбылысқа ұласады. Сол бір сиқырлы сәуленің әсерімен көмейден төгілген тәмсіл-тамшылар жыр арнасына ақтарылып, сөз киесіне айналады... Жаның жетімсірей, көңілің күйзелгенде үмітіңе шырақ жағып, жел өтінде қалтыраған тағдырды танытып, өмірді өріп беретін құбылыстың көкесі – Өлең екен.


Жалғанға жалтақтайсың, өмірге өкпелейсің, тағдырмен тартысасың, тек Өлеңнің жүзіне тура қарай аларсың. Ол жаныңды түсінеді, қайырыларың сол ғана. Өлеңде көңіл-күйдің аспанға шапшыған Ақдариясы бар. Өйткені ол – Өлең, Құдайдың – құдіреті. Жеті қат көктен Аллаға ғана аян жағдайда ақынның көкірегіне құйылады. Жаздың жұпар жаңбыры сияқты жүзіңнен төмен сырғып, әрі таңдайыңда еріп, өзегіңе түскенде өзіңді өзіңе танытатын құдіретті сезім, бәлкім, Өлең.


Жүрегінің көзі Өлеңмен ашылған қазақтың ғажайыбы өмір бойы Өлең болып қалмақ.


Кейде біз «әу демейтін қазақ жоқтың» қисынына салып, үзеңгіге аяқ артсақ арындаған, күймеге мінгенде көңілденген сәттерімізде «әу» деп жібергенімізді ақындыққа балап жүретініміз бар. Әйткенмен жапыраққа жайылған шуақтың шынайылығы, ақ параққа көлбей қадалған Ай сәулесінің сипаты, гүл сағағында тұнған жұлдыздардың жарығы, басқа да мәлім, беймәлім құбылыстар өзгеге емес, ақынға көрінеді ғой. Мұндай иллюзияны аңдамаған көз бен көкірек бөгденің жан-тәнін баурар зерделі сөз төге алмас. Онда сөздің киесі мен сертіне селкеулік ілесер.


Серт. Ақын үшін ең қасиетті дүние. Бұл көрінгеннің көңіл үшін бере салған сөзі емес, бұл – басқа. Орындалуы тиіс. Орындалмаса ақынға серт.

Жауыздыққа жаны қас,

Дес бермеген,

Ақиықтың ұрпағы ем төске өрлеген.

Сахарадай кеудемді күмбір-күмбір,

Жыр-жиһазбен жасанған

Көш кернеген.

Арғымақ ат – нақ дүлдүл

Тақымымда,

Кетпесе екем тағы да қапы мұнда.

Құладүзде қасқая жол бастаған,

Сен не айтасың, Алатау,

Ақын ұлға?

Жетем бе екен,

Білмеймін дегеніме?

Ұсынамын елімнің елегіне.

Ымырт түссе ырықтап,

Жарық күнді,

Ғұмыр тілеп,

Көз жұмам өлеңіме.

Жоғалмасын әнімнің мағанасы,

Шарықтасын арманның шағаласы.

Ақиықтың ұрпағы ем көкке өрлеген,

Қара басым – қара өлең –

Садағасы.


Бұл – зері бөтен, сорабы басқа, табиғаты өзге ақынның сөзі. Шын ақынның серт туралы таным-түсінігі өмірге келмей тұрып қалыптасады, өмірден өткен соң да кеңістікте қалқып жүреді. Ақын жұрт көргенді көріп, ел айтқанды айтқысы келмейді. Жалғандағы жасанды жарқыл, өмірдегі өлермен тірлік ақынды сертінен тайдырып, өз дегенімен бәрібір жүргізе алмайды. Ақынның арда арманы, күрделі мінезі бұған қайдан көне қойсын... ол өзі ақын болса, оған сөз киесі қонса...


Көктемсіз жыл-мұқаба.jpg

Әділбек қазақ өлеңіндегі өрнегі бөлек ақын. Ат төбеліндей аз шоғырдың ішінде маңдайы жарқырап, сезімі арқырап тұрған Ыбырайымұлының «Көктемсіз жыл» жинағындағы бұл беташар өлең ақынның серт хақындағы, тағдыр мен өмір турасындағы өзі ғана айта алатын ақиқи бітімі. «Ақиықтың ұрпағы ем көкке өрлеген, Қара басым – қара өлең – садағасы» дейді ағынан ақтарыла. Осылай да айтуға болады, әрине, егер оған шама жетсе. Ақиықтың ұрпағы да ақиық. Өйткені ол – Ақын. Ақынға өлеңнен аяулы не бар? Өлең үшін өмір де қымбат емес оған. Қымбат болса да өлең үшін. Сөз айтылу керек, өлең жазылу керек.


Қазір жарық көріп жатқан кітап көп. Ал енді оқырманнан сұраныс бар ма, оның әдебиетке берері не? Толғандырар мәселе – осы. Шын ақынның өлеңі поэзияға беретінін бәрібір береді. Оқылады. Адамның жаратылысы мен тағдырынан бастап заман, қоғам мәселелерінен өтіп, жыл жаңарғанда қанатына жаһұт жырдың маржанын іліп келетін құстардың табиғатына дейін қамтылған поэзияның әлеуеті әлдеқайда күшті. Қазақтың ұлы ақыны Жұмекен Нәжімеденов «Күй алғалы көп болды көңілімді, жүрегімді көп болды өрт алғалы» дейді ғой. Ақынның тағдыры да, болмысы да осы.


Меңдейді мұң, жаныма салып кірбің,

Қасаң тірлік қажыттың, жалықтырдың.

Бақыт екен әкемнің тірі кезі,

Мендей болып өмірде тарықты кім?

Мимырт күндер өтуде мазалаған,

Егде тартып барады азалы анам.

Сағыныштан отырмын қалам алып,

Менің жырым – таусылмас қазанамаң.

Суретіңді көрем де торығамын,

Балапаның мен сенің соры қалың.

Есімде бар ақылың талай айтқан,

Біле тұра сан сынға жолығамын.

Сүрінемін, қайтадан оңшаламын,

Қалжыратты езгілеп, соншама мұң.

Соғып тұрса кеудемде алып жүрек,

Бұл пәниден басқаша жол саламын.


Бұл құрғақ қиялдан туған қисынсыз қайғы емес, тағдырдың өзі. Жанында әлемнің бар азап-шері, өкініш мұңы тұнып тұрған ақын осылай жазбағанда, қалай жазады? Ақын ақталмайды, өзін айтады. Әрі-беріден соң ақынның мұңсыз өмір сүруі мүмкін бе?! Өзі басынан өткермегенді өзгеге таңа салатын үйреншікті әдет емес, ақын жанының шамырқанысы бұл. Сондықтан, «Соғып тұрса кеудемде алып жүрек, Бұл пәниден басқаша жол саламын» дейді. Төрт аяғын тең басқан өлеңшінің жазғандарында поэзия болмайды. Гәптің басын жасанды мұңға әкеп тіреп, ақын болғансып жүрген жансыз жазармандардың жазғандарын тезге салатын, бетін қайтаратын осындай өлеңдер ғана. Өмір – мұңнан тұрса, мұң – өлеңге айналады. Ақын жанына тыныштық бермеген қоңыр мұң баянсыз талай шаттықтан қадірлі. Тіршіліктегі әрбір сәт өлеңге ұшқаспайды. Ақынға ғана көрінетін, ақынға ғана байқалатын мұңның астарында әуелі ақынның өзі болары хақ.


Жастығымды жоғалттым,

Жансебілмін,

Қоңырайып,

Оңаша қанша егілдім.

Ұрлап жатты барлығын мүттәйім күн,

Татып келем ащысын қамшы-өмірдің.

Алданамын білсем де,

Бекінсем де,

Тірлігімнің әкеттің шетін сен де.

Кеуек кеудем барады қурайға ұқсап,

Қалт-құлт етіп тұратын

Жетім, шөлде...


Бәрін өлеңге айтасың. Атан түйе көтере алмас мұңды ақынның жүрегі мен өлең ғана көтереді екен. Әділбек Ыбырайымұлының өлеңдегі қағидасына айналған «Өлең менің – өмірім, өлтірмесең, Содан ғана табылар – Дертім...Емім» дегені осы. Жасандылықтан ада, табиғи күйінде туған өлеңнің көрінісі бұл. Әйтпесе, бірінің үстіне бірін өріп, ұйқастырып, арасына ептеген мұң сияқты бірдеңелерді қосып та өлеңге ұқсайтын нәрсе жасап шығаруға болар. Бірақ осындай шын, таза өлеңнің бағасы әлдеқайда артық, бәсі қашан да биік.


Әділбек Ыбырайымұлы өлеңнің құдіретін сезініп, сөздің қасиетін тап басып тани білетін ақын. Жаныңды қуалай соққан ебі желдей әсерге қамағанымен, көңіліңді күздің қара суығында қалтыратып емес, мұң болса да сәуле шашып тұратын әсем сезімге бөлейді. Көңілсіз бақ ішінде күрсіне бөгелгеніңде осындай өлеңдер оқығың келеді. Ішкі сарайыңды қозғамайтын, әсіремұңшыл шумақтардан келер пайда жоқ қой.


Ақ мамық – ұлпа төгілді,

Жасырып жердің сірісін.

Мұң басты бей-жай көңілді,

Ақ сезім әлі тірісің.

Түн қандай тымық,

Салыңқы,

Түзім де шерлі сыңайлы.

Күй кештім, жаным, жабыңқы,

Шерменде жүрек жылайды.

Күздегі кеткен көгілдір,

Көктемде қайта келмейді.

Қайшылық толы

Өмір бұл,

Кеудем бір әнге шөлдейді.

Басылмай кеткен сарығым,

Аңсаумен қалдым қаталап.

Ораласың ба, жарығым?

...Қар жауып кетті апалақ...

Жауапсыз қалған махаббат...

Өмір қайшылықсыз болмайды. Биылғы көктем келер жылы қайта келмейді. Сағыныштан өнген сары гүлдер елес түрінде санаңда жайқалып мәңгі тұра береді. Таңдайыңды тескен тәтті ұғым – балалықтан алыстап, өлеңнің дертімен ауырғанда алдыңнан өмірдің боямасыз осындай суреті шығары ақиқат. Жаныңды ауыртады сөйтіп. Ол амалсыз өлеңге айналады. Өмірде қай нәрсенің жауабы табылып еді? Жауапсыз қалған махаббаттың да, кеудең шөлдеген бір әннің тағдыры да бір көктемге байланысты ғой. Көктем ылғи көңілді болады деп ешкім айтқан жоқ. Тіпті, Әділбек үшін жыл келгенмен енді ешқашан көктем оралмақ емес. Бірақ төрт маусымнан тұратын жылда көктемнің болмауы абсурд. Әйткенмен, бес күндік дәуренде шуақты сәттерден де қымбат, адам затының асығатын асыл қазынасы барын ертерек түйсінген... Сондықтан ол үшін көктемсіз жылдар жылжып барады... Әділбек Ыбырайымұлының өлеңдеріндегі шындық, өмірді мойындау, өлеңді аялау ешбір ақынға ұқсамайтын өзінше өрнек табады. Өлең оқығанда өлең оқығандай күй кешсең жазған оның да, оқыған сенің де бақытың ғой. Өзге бақытты қайдам, мұндай бүтін бақытты өмір де бөліп-жармайды.


Бүгінгі таңда Әділбек Ыбырайымұлы ақын ретінде өзін-өзі танытқан қаламгер. Ең бастысы «Көктемсіз жыл» жинағындағы барлық өлеңдер сіз бен бізді ой тұңғиығына жетелейтін, өмірдің нақты кескін-пішінін алдымызға жайып салып, өзіміздің мінезімізді, болмысымызды өзімізге танытып, әрі-беріден соң күнәміз бен кінәмізді мойнымызға қойып беретін дүниелер. Бұдан артық не керек? Мұқағали қазақтың өзіне «шекпен жауып» қайтарған, Жұмекен «өкшелі етік» кигізген қара өлеңнің әдемі жалғасы бұл. Көңіліңнің көзін ашып, жүрегіңнің құлағын түріп оқысаң, қара өлеңнің әдепкі әуезділігі, нәрлілігі бар өлеңдер толқытады, тебірентеді.


Мен бұл жырларды оқи отырып, өз замандастарыммен сырласқандай хал кештім. Ынтық сезім, аптыққан көңіл, дегбірсіз сәт – жастыққа тән сипат. Арамызды ширек ғасырдай уақыт бөліп жатса да Ә. Ыбырайымұлы біздің құрдасымыз іспетті. «Көктемсіз жыл» жинағы 1997 жылы жарық көргенде онның ар жақ-бер жағындағы ойын баласымыз. Автор қазіргі біздің жас шамамызда болса керек. Бірақ, поэзия құдіреті бүгінгі күннің, тіпті, дүние жалғанның болмыс-бітімімен астасып кеткен. Ол – келер заманның да үніне айналып, талай жүректің қылын шертетініне шүбәсізбін.


Поэтикалық деңгейі жоғары, өлеңдік қасиеті биік кітаптың қай кезде де ғұмыры ұзақ болмақ. Ақынның жүрегіне тыным бермеген ойлар, жанын әлдилеген әуезді мұңның өзі де аяулы. Мойындайсың. Әділбек Ыбырайымұлының «Көктемсіз жыл» жинағындағы өлеңдер еріксіз мойындатады. Өйткені табиғаты текті, болмысы баянды жырлар қашан да қызықтырады, тереңіне тартады.


Жүрегімді

Алдап ғұмыр кешпедім,

Жанарымды торлап, тұнар

Кешке мұң.

Нәуетек бір гүл қаузына мұстақпын,

Саған тағдыр осыншалық не істедім?..


Біз, әлбетте, ақындық мінез туралы айтқанда асаулықты, тарпаңдықты сөз қыламыз. Сондықтан жан мұңына жауап іздеген ақын қатулы да айбатты, тіпті, тағдырдан есеп алуға дейін барады. Ылғи да соңы сұрақ белгісімен аяқтала беретін өмірдің күрделі түйінін ашып, жұмбағын шешкісі келеді. Ал, енді, өзін алдаған адамның өлеңі қандай болады?! Сол үшін ақын өлеңге өтірік айта алмағаны сияқты, өмірге де, өзіне де өтірік айта алмайды.


Әсте тоқтап көрмеген ғұмыр-ағым,

Жетегімен әрнеге ұрынамын.

Кең дегенім – тар екен,

Сөйтсем, сөйтсем –

Ішіндегі диюмын құмыраның...


Данышпан Абайдың «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда» дегені бар ғой. Расында қызылды-жасылды дүние қызығы ақынды алдай алмайды. Өмірдің көрген қызықпен өлшенбейтінін жырлайды.


Өмірге келдің. Не үшін?

Әдебиетке келдің? Нені және қалай айту керек? Әрі, кімсің?..


Ақын осындай өмірлік сауалдарға жауап іздеу арқылы өзінің ақындық қуатын танытады. Ақын қияметтік жол іздейді, іздегенін табады. Ол –алдыңыздағы кітапта – «Көктемсіз жыл» жыр жинағында. Жинақ жарық көргелі бері де қаншама көктемсіз жылдар жылыстай сырт айналды дерсіз. Бір әттеңі, бұл кітап туралы осы уақытқа дейін жан баласы пікір білдірмеген екен. Неге?.. Бәлкім, біз ұшырастыра алмаған шығармыз... Алайда, ақынның өзінен бұрын өлетін өлеңнің қазаққа қажеті жоқ. Қажеті, осындай өлеңдер.


Бір ақын күзді, бір ақын қызды ұнатар, әңгіме онда емес, әңгіме өлеңнің өзінде. Әділбек Ыбырайымұлының өлеңдеріндегі тағдыр тартысы, өмір өлшемі бір жағы қызықтырады. Асқарда тұрған ақиықтай елес береді, сондай әсер қалдырады.


Әр жұлдыздың жарығы болғаны сияқты, әр ақынның да өз тағдыры бар. Өлеңде жасалған тағдыр өмірге өтпейді. Ал өмірдегі тағдырдан асқан ештеңе жоқ. Аспантекті ақынға бұл жарасады.



Хамит ЕСАМАН,

Тараз қаласы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар