Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Бүгін ақын Нұрғожа Оразды ақтық сапарға шығарады

22.02.2016 133

Бүгін ақын Нұрғожа Оразды ақтық сапарға шығарады


nurgozha_oraz.jpg

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, белгілі жазушы, ақын Нұрғожа Ораз 84 жасында дүниеден өтті. 

Бүгін, яғни 22 ақпанда Астана жұртшылығы белгілі жазушы марқұм Нұрғожа Оразды ақтық сапарға шығарып салады. Марқұммен қоштасу рәсімі сағат таңертеңгі 10.00-да Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ драма театрында өтеді.


Марқұмның рухына дұға бағышталып, қаралы ас беру осы күні сағат 13:00-те «Әзірет Сұлтан» мешітінің асханасында болады.


Қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасы бар ақын соңғы сәттерге дейін қолынан қаламын тастамады. 1964 жылы жарық көрген «Тұңғыш кітабынан» бастап бүгінге дейін жыр сүйер қауымға «Шұғыла», «Көңіл көктемі», «Тың түлегі», «Қырандар ұясы», «Жауқазын шақ», «Дала демі» секілді сүбелі шығармаларын ұсынды.


Нұрғожа Ораз 1932 жылы 20 қазанда Қостанай облысы Урицкий ауданындағы «Маяк» кеңшарында дүниеге келген. 1947 жылы ауылындағы жетіжылдық мектепті бітіріп, Гурьев педучилищесін 1950 жылы тәмамдаған. Мұнайлы жетіжылдық мектебінде бір жылдық ұстаздық еткен. Ал 1951 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түседі. 1956 жылы алғашқы өлеңдері «Жас жүрек» атты жас ақындар жинағына енген. 1956-1958 жылдары мектепте мұғалім болды. 1958-1963 жылдары Қостанай облыстық газетінде, 1963-1965 жылдары «Тың өлкесі» газетінде қызмет еткен. 1965 жылы Ақмола облысына қарасты Целиноград облысаралық бөлімшесінде жауапты хатшы болды. Кейіннен «Жаңа Сарыарқа» журналының ашылуына тікелей себепкер болып, бас редакторлық қызметін атқарды.


Нұрғожа Ораз Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, журналистер одағының М.Сералин атындағы сыйлығының лауреаты, «Астана» және «Тәуелсіздіктің 10 жылдығы» медальдарымен марапатталған, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие болған. Ел тәуелсіздігінің дамуына өзіндік үлес қосқан ұлт перзенті. 



adebiportal.kz


Біздің Telegram-парақшамызға. жазылыңыздар!

Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар