Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Кәдірбек Сегізбай: Жылдың ең қысқа күндері

17.02.2016 411

Кәдірбек Сегізбай: Жылдың ең қысқа күндері



469883_487982634_927_Segizbay_Kadirbek.jpg


«Мыңжылқының қазынасы» деп аталатын үңгір біздің ауылдан онша алыста болмаса да, көп жылдан бері оған бір рет жолым түспепті.


– Қуаныш, анау үңгірді білесің бе?! Баяғы атышулы «Мыңжылқының қазынасы» ғой. – Байысқан шал шүңет тартқан жанарын қамшылар жақтағы жалама шыңға тіктеді. Сайды бойлай біткен сары ала бас жоңышқада атасының құны қалғандай үздіге орып келе жатқан жабысын тебініп қойды. Иесінің сыйпай сілтеген қамшысына еті үйреніп алған көнтері жануар ол құқайын елер емес. Ел көшіп, жау шауып жатса да, әсте өзгермейтін өгіз аяңынан танса не ғыл дейсіз. – Е, зулап бара жатқан өмір-ай деген. Табаны тайғанақ-ау шіркіннің, байыз тауып бір тоқтаса, қанеки.


Өзен бойын жағалай иретілген жалғызаяқ соқпақты қуалап келе жатып тағы мүлгіді. Бірдеңе ойлап келеді деу қиын. Ұйықтап келе жатқандай. Мен Мыңжылқының қазынасы атанған үңгірге қарадым. Дәл сол бір кездегідей сұсты да суық. Сан түрлі құстың саңғырығынан алабажақтанған кіре берісі адамның бас сүйегіндегі кеңсіріктің қуысындай тым биіктен пошымсыз сәңірейеді. Ұшып-қонған көп құстардың шуылы да сол баяғы қалпында. Мынау меңіреу сай, тілсіз табиғат, бәрі-бәрі біздің бала кездегіден түйір өзгермеген. Жоғарыдағы жон жақтан тау асып шыққан жалқы қыран сақпаннан ұшқан сары жасындай заулап келеді екен. Түңліктей қос қанатын еркін жайып, аспан төбесін баппен сызады. Қарпымды топшыларын алдына қарай еміндіре ұстап, Мыңжылқының үңгіріне атқан оқтай туралай тартып келеді. Баурында салақтаған қомақты жемнен сыбаға дәметкендей шыр-шыр етіп, оның алдын жоғарылы-төмен кес-кестеп жүрген екі-үш қырғиды пілге үрген қанден дерсіз. «Мынау баяғыда Әбекең айта беретін қыранның өзі ме екен, әлде соның ұрпағы ма екен?» деген ой келді маған. «Ол қыранның өзі емес, ұрпағы болар, енді бұл да өз балапаны үшін тыным таппай, жер түбінен жем тасып жүр, тіршілік дегеніңіз өз өмірің үшін ғана емес, болашақ өмір үшін де бір сәтке саябырламас ұлы күрес-ау».


Тау қыраны үңгірге жақындай бере жебенің ұшындай боп сүйірлендіре ұстаған тұлғасын өзгертіп, қос қанатын кеңірек жайып, алға қарай қағып-қағып қалып еді, заулаған жылдамдығы бірден бәсеңдегендей. Ол үңгірдің кенересіне қонды.


– Жасты едіңдер-ау, шіркін. Соғыс басталған жылы болса керек, екеуіңнің туғандарың. Иә, иә сол жылы сен күйек түсіп жатқан кезде, ол күзем кезінде туып едіңдер... – Байысқан қарттың нені меңзеп, кімді айтып келе жатқанын бағамдап отырмын.


– Иә, құрдас едік, – деймін бас сүйектің кеңсірігіндей үңірейген қалпы бір қырын қалып бара жатқан Мыңжылқыдан көз алмаған қалпым. Көзім жалама шыңдағы үңгірде болғанмен, көңіл құсым алыста, тым алыста қалып қойған балаң бейнені іздеп шарқ ұрады. Опасыз уақыт-ай, десейші. «Көзі күлімдеп тұрушы еді, ат жақты жүзіне қалыңдау келген түріңкі ерні жараса қалатындай еді, сонан кейін ше, сонан кейін тұрқы шағын болғанмен ені жалпақтау келген аяғына қарап, барлық бала атаулының «Түйетабан» деп атайтыны ғана есте қалыпты, одан басқа ерекшеліктері де ұмыт бола бастаған. Өзіміз жігітшілік атты көп аялдай алмас ауылдан аттанып үлгерсек те, бір жылдың төлі болғанмен, ол сонау кездегі балаң қалпында, мәңгі жас күйі қала берді...»


– Көп шалғайлық қыла қоймас, Әзімбұлағының басына соға кетелік. «Атам мен досым келді!» деп, орнынан бір аунасын, жарықтық! Иә, Алла, бергеніңе шүкір! – деді шал мағынасыздау үнмен.


«Ауылдың қайран да көнбіс қарттары-ай, өз артынан тұяқ ермегені аздай, сүйеу көрген жалғыз інісінің отының орны өшіп қалса да, тәңірінің осынша қатыгездігіне әмәнда тәуба қылады» деген ой келді маған.


– Атыңды шаужайлап қой, күн еңкеймей Түйеөлгеннің асуынан өтіп алайық, – деді қарт атын тебініп.


Менің ойым мынау таулы-тасты, орман-тоғайлы, ой-хой, мекенімнің әр жылғасына қалдырып кеткен балалық шағымды қыдырыстап жүр.


Мүмкін, мынау үнсіз қалпы жол қуалап келе жатқан Байысқан қарт та сол бір бұлтсыз күнгі нажағай ойнатқан оқиға туралы ойлап келе жатқан шығар...


Б і р і н ш і б ө л і м


ОЙДА ЖОҚТА ШЫҚҚАН ШАТАҚ


Қызыл әтеш шоқтай жанған қып-қызыл айдарын тағы да қара күрең қанға бояп, майдан алаңынан тайқып шықты. «Ұялған тек тұрмастың» кебін келтіріп, былай шыға бере қанатын дүр-дүр қағып алды да, бар даусымен жар салсын-ай келіп. Бұл міскін шақырмаса таң атып, күн батпай қалар деп ойлайтын сияқты. Жаңағы ұлы жіңгір шайқастан қу жанын сауғалап сүйретіліп зорға шыққанын қолма-қол ұмыта қалса керек. Үнінде дәл қазіргі сәтте мынау жарадар болған қан-жоса айдарына келіспей тұрған жаман менмендік бар сияқты. Күлкіші Хасеннің ала қанат әтеші қызылды тағы бір мойындатып, өз үйіріне өзін зар етіп, оны қуалаған бойы өз ауласынан аластап тастаған соң, «енді менің иелігіме көштіңдер» дегендей күні кеше қызылдың қанатының астынан шашау шықпайтын, енді бүгін «тағдыр салды, біз көндік» дескендей, көмпіс мінез танытқан миғұла шібилердің ортасынан одыраяды. lргежауын түре қуып қаңғытып жіберген жаққа шатақшыл көзі шатынай қарайды. Сонан соң «Таптым, таптым келе қалыңдар!» дегендей, бітеу арпа жеген сиырдың жапасын тарпып-тарпып жіберіп, жаңа үйірін қыт-қыттап «бұйырған асқа» шақырып, «еркектік» борышын ақтауға кірісті.


– Табыскерін қарашы бұл, пәшестің! – деді манадан бері күллі оқиғаны анадайдан бақылап отырған Ештай. Сөйтті де, жырым балақ шалбардың кішігірім дорбадай қос қалтасына сықай толтырып алған асықтарының ішінен табанына қорғасын құйылған зіл-батпан құлжа-сақаны тауып алып, ала қанатты нысанаға алды. Ойда жоқта өңменінен сақ ете қалған ауыр сақадан жан даусы шыға байбаламдаған ала қанат бір аунап тұрды да, өз қорасына қарай емпеңдей жөнелді. «Өзіңнен зор шықса, екі көзің сонда шығады» дегендей, «не болдымға» ұшырап, байбаламдап барады.


– Әп, бәлем, – деді Ештай өзіне-өзі сүйсінгендей, – мен саған шекара бұзғанның не екенін көрсетейін, пәшес. Өзінің бір қора үйірі тұрып, біздің шібилерге ындынының ауа қалғанын қарасаңшы!


– Күлкіші Хасен көрсе ғой, күліп жүріп, көкеңді көрсетер еді, бәлем, – деймін мен.


– Иттің етінен жек көремін!..


Мен: «Ала қанат әтешті ме, әлде күлкіші Хасенді ме?» демек едім, ойын өзі аңдатты.


– «Айналайын» дегеннен басқа оның менің алдымда титтей де жазығы жоқ. Бірақ шып-шылғи өтірік күлетін сияқты көрінеді де тұрады.


– Қой, ақжарқын, жақсы кісі ғой. Оның үстіне.. оның үстіне Күлкіші Хасен саған көке болғалы жүр дейді ғой жұрт. – Ол маған жалт қарады. Кішкентай қысық көздері жасаурай қалған. Мен тілімді тістей қойдым. Амал не, айтылған сөз айтылып кетті. Кері қайыру мүмкін емес, енді тек тігісін жатқызып, жуып-шаюдың қамы ғана қалғанын сезіп тұрмын.


– Ренжімеші, Ештай, мен жай ойнап... – Бетіме шапалағы шарт ете қалды. Қолы мұндай қатты болар ма? Құлақ шекеме шоқ басқандай ду ете түсті. Жанарымен жанарым ұшырасып еді, жаңағы жасаураған көзден кекті жарқыл ойнағандай көрінді. Тұп-тура жаңағы ала қанаттың шатынаған шатақшыл көзінен аумайды.


– Ойнағанды көрсетермін, мен саған, сәбәкі! – Сөйтті де, осыдан айналасы бірер ай ғана бұрын мектепке келген бетте «қандай бір қиямет-қайым заман болмасын, мәңгі ажырамас достығымыздың куәгері болсын!» деп, тарту еткен құлжа-сақаны қолыма зілмен ұстата берді. Бұл енді, шектен асқан күтпеген шешім. Келісімшарт бұзылып, достық одағымыздың шаңырағының күйреп түскенінің белгісі. Әрине, менің де ешкімге таптатпасам деген намысым бар, менің де өз бойыма шақталған мінезім бар. Алпыс екі тамырымды қуалап шауып жүрген бар қаным атойлап басыма лықсыды. Көз жасаурап, жұдырық түйілді. Бірақ майдан ашпас бұрын достықтың бұзылуының, қазіргі тілмен сөйлесек, ресми жағын алдымен бірыңғайға келтіріп алу үшін желкеме мініп, желіктіріп тұрған ақ сайтанымнан сәттік мұрсатана сұрап, сабыр шақырдым. Жаңа ғана ала қанаттың бір-екі қабырғасын шағып қоя жаздаған құлжа-сақаны алып, қалтама салдым. «Мейлі, – деп ойладым, – бұл да менің кім көрінгенге қия салар дүнием емес. Түлкіші Хасеннің өткен қыста құлжа атып алғанын естіген соң, әкеме жалынып жүріп, әдейі алдырғанмын. Әкем сақалды басымен беделін салып, арнайы қалап-сұрап әкеліп берген қимас дүниемді тек қана бір достықтың бодауы үшін, оның үстіне қолда басқадай іске татыр дүние болмай қалған соң амалсыз берген едім. Қайырып берсе, қиратқан екен мені!».


Оның сынық сапты теміртек бәкісін алдым да, мен де дәл өзіндей қолына зілмен нығарлай ұстаттым. «Осымен бүгінгі ойда жоқта тұтанған жанжалдың ресми жағы тәмәмдалды» деп түйдім де, қарымта соққының есебі ғып, жатаған келген жалпақ танаудың ауданын нысанаға туралап алып, манадан түюлі даяр тұрған жұдырығымды жіберіп қалдым. Тактикалық жағынан бекем әзірленген соққыны «дұшманым» күтпесе керек, жұдырығым көздеген ауданға дөп тиді. Жатаған танаудан әзір тұрғандай дір ете қалған қан екеуіміздің де аянысар жайымыздың қалмағанын айғақтады. Қапаш-құпаш ұстаса кеттік. Жаңа ғана жалын түсті айдарлары қан-жоса болып шайқасқан қызыл мен ала қанат есіме түсті. Жеңіліп қалып, бар жиған-терген абыройынан жұрдай болған қызылдың кебін киемін бе, әлде жеңіс туын желбіретіп, айдарынан жел есе шыққан ала қанаттың бағы қона ма – ол жағы дәл қазіргі сәтте мен үшін түпсіз қараңғы. Бұрын-соңды күш сынасып көрмеген «дұшманымның» алғашқы белдесе түскенде-ақ өзімнен анау айтқандай тегеурінділеу екенін сезген сәтте, жүрегі түскір зу ете қалды. Сүзгілеген күйінде тоқыған тал шарбаққа апарып тіресін. Бой жағынан маған қарағанда жатағандау болуының өзі мен үшін тұп-тура қара кесел болып тиді. Бауырыма кіріп алып, басымен кеудемді ұрғылап жүр. Сәл кешеуілдеудің мен үшін кешірілмес қателік екенін сезіп тұрмын. Ондай жағдайда «дұшманымның» бел алып, опық жегізері хақ. Ышқына бір жұлқынып, темір құрсауынан босана бердім де, бұзау тұмсық бәтеңкемен теппек болып, аяғымды серең еткізіп сілтей бергенім сол еді, мысықша атылып келіп аяқтан ала түссін. Қайтейін, ес жинап үлгіре алмай қалдым, ашамайдан тік көтерген соң кескен теректей сұлап түстім. Көзді ашып-жұмғанша «жауым» алшиып кеудемде отырды. Ашу-ызадан тұла бойы қалшылдайды. Қол сілтеген жоқ, бірақ күс-күс жұдырығын тұмсыққа әкеліп, иіскетіп-иіскетіп әкетуі жанға қатты батты. Қылыштың жүзі, найзаның ұшында «аһ» деп, демін үзген есіл ерлерде арман бар ма екен шіркін?! Бүйтіп қорлық көрсеткенше бет-аузымды тегістеп, ұрғаны жақсы еді. Жағдайдың бұдан жаман болуы, сірә, мүмкін емес шығар. Не бір «Е, шіркіндер, төбелесіп болсаңдар, қойыңдар!» деп арашалап, мына дозақтан құтқарар тірі пенде болсашы бұл төңіректе. Жұрттың бәрі жұмыста жүрген кіші бесіннің тұсы. «Әп, бәлем, маған күлуің жаман еді, өзің де жетісіп жатпаған шығарсың» дегендей қызыл әтеш қаданың басына қонып алып, төбемізден құдияды. Мынау қарғыс атқыр ойда жоқта от алған жекпе-жектің жалғыз төрешісі өзі сияқты. Қыт-қыттап қояды.


– Бұдан былай «көкеңді» таныңқырап жүрерсің және аузыңа келгенді айта салмайтын боларсың. – Ештайдың үстімнен тұрып бара жатып, бар айтқаны осы болды. Бағанағыдай емес, жүнім жығылып, жасып қалыппын. Шаң-шаң болып орнымнан тұрдым. «Енді не амал қалды, қайта ұмтылғанмен ештеңе өндірмесім өзіме аян, тым болмаса сөз сотасын ту сыртынан бір сілтеп қалғаннан басқа шара таусылғандай».


– Ей, Ештай, дәл қазір буынып өле қалсаң да, өтің жарылып аузыңа ақтарыла қалса да, шешеңді Күлкіші Хасен алғалы жүр. Ал қайтесің?! – Қақпасын ашып, ауласына енді кіріп бара жатқан ол маған қарай жалт бұрылды. Қақпаға сүйеулі тұрған айырды ала ұмтылғанын көргенде оның аямасқа бекінгеніне біржола көз жетті. Айырдың істігіне кеуде тосатын емес мен де орнымнан бір-ақ секірдім. Енді кешеуілдеудің өзі барып тұрған ессіздік те, көзсіздік болар еді. Ойлау жерден орғытып, сайлау жерден сырғытып дегендей, үйге қарай құйын-перен зымырадым-ай кеп. Оқ бойы жер өткен соң арт жағымды барлап, мойын бұрып едім, қуғыншы айырын сүйреп, үйіне бет алыпты. Жеңсе де жеңілгенге бергісіз, жасып бара жатқандай, ат жағын кеудесіне сүйеп, басы салбырап кетіпті.


Сөйтіп мызғымас деген берік достығымызды ойда жоқта соғып өткен бір құйын ойран етті. Жан дегенде жалғыз досымнан айрылғаным үшін бе, әлде тауанымды қайтарып, тауымды шағып жіберген жеңілістің ызасы ма, әлде «шығайын деп тұрған көзге себепші» дегендей, алыста, сонау көз ұшында мұнартқан адырлы ақбұйрат таудың қойнауында қой бағып жатқан әке-шешенің «Кім тиісті, құлыным?» деген қамқор үндерін сағындым ба, әйтеуір, ауыл сыртындағы өзеннің жағасына жайланып отырып алып, ал кеп жыла, ал кеп жыла. Бұрын-соңды қастарынан қарыс қадам ұзап көрмеген әке-шеше дидарларын бір көруге зар екенімді сол сәтте тағы сезіндім. Жүрегім сазып, сағыныш деген бәле езіп, еңсемді көтертер емес. Сағыныш дегеннің жай сезінудің бір түрі ғана емес, емі аз дерт екенін сол сәтте білгендеймін. Жылап отырмын, жылап отырмын. Бөртпе тарыны қаймаққа шылап бергенде тұлданып, жей қоймайтын қайран да менің өтті-кетті ерке-тотай заманымды еске аламын, сөйтіп иесіз таудың азат бұғысындай бұлаңдап жүрген алтын басымның кім көрінгеннің жұдырық жұмсағанына душар болғанына налимын. Алдап-сулаумен арбасына отырғызып алып келген Қабен ақсаққа бағышталған ыза-кек өз алдына бір төбе.


Қырсыққанда бұрын дегенімнен шыға бермейтін әкем де, шешем де осы бір таяғын сүйреткен Қабен мұғалім барғанда екеуі де, «Оныңыз жөн ғой» десіп, шұлғи қалысты емес пе. «Азамат болды деген осы, мектепке барасың, оқу оқып, қатарға қосыласың. Бізді сағына берме, артыңнан барып тұрамыз» десіп, астыма көпшікті төрт қабаттап қойып еді-ай кеп, енді міне, келмек түгілі, хабар-ошарларын да білмеймін. Тұрып жатқан үйім де бөгделігі, бөтендігі жоқ, әкемнің інісінің баласының үйі. «Қуаныш, қарның ашқан жоқ па, үйіңді сағынған жоқсың ба? Енді бірер айдан кейін бір апталық демалыс болады, өзім апарып келемін» деп іштарта сөйлейді немере ағайым. Жылы сөзіне іштей риза болсам да өз есебім бөлек. Осыдан сол демалысына құдайекең қолды бір жеткізсе, әрі қарай қандай әрекет жасауымның қажеттігі жайлы жан-жақты жағдайларды түгел ескеріп жасаған өз жоспарым бар. Шақшадай басымды шарадай етпей тұрғанда мектепті біржола тастап, әкемнің қойын қайырысып жүруге біржола бел байлағам. Әттең, ел шетіне тұяғымды бір іліктірсем, төбемнен төмен қарай саудыратып алтын құйса да, үйден аттап шықпақ емеспін. Айтып-айтпай немене, Қабен мұғалімнің: «А дегенім – ай, Б дегенім – барабан», дегенін естуден жалықтым. Колхоз орталығы Жарлысуға келгелі бар қуанышыма да, ренжішіме де ортақтасып кеткен жалғыз Ештай еді, енді міне, сайтан түрткілеп, қай-қайдағы бәлені айтамын деп, онымен де ат құйрығын кесісіп отырған түрім мынау. Шынында да мен қызығардай бұл ауылда не қалды?!


Өзімнің де тіліме темір қыздырып басатын адам жоқ. Ештайдың шешесі Күлкіші Хасенге күйеуге тимек түгілі, одан әрмен кетсе де нем бар еді?!. Әйбат жеңгемнің көрші әйелдерге: «Үйбай-ау, күлкіші Хасен мен Күлтай екеуі үйленгелі жатыр дейді ғой» деген әңгімесін ести берген соң ба, тілім қышып, айта қойып едім.


Ештай үнемі айтып жүретін: «Сен сияқты мен де үнемі әкемді сағынып жүремін. Сен, әйтеуір, әкеңнің қандай адам екенін де білесің ғой, өмір бойы жанындасың. Мен әкемнің өзін қойып, суретін де көргенім жоқ. Бәрібір, тәтемнің айтуы бойынша түр-түсін көзіме елестетемін де, сағына беремін. Көрерсің әлі, ол өлген жоқ, өлген адамды кісі сағынбайды, ол – тірі. Маған ылғи бір күні үйге кіріп келетін сияқты көрінеді де тұрады».


Ол сөйтіп өз әкесін сарыла тосып жүрген кездегі менің әңгімем оның бар үмітін желге ұшырғандай болды. Әкесінің енді қайтып келмейтінінің дәлеліндей болып естіліпті оған. «Ештай енді кешіре қоймас мені» деген ой оралған сайын еңсем түсіп, қай-қайдағы қиялға кетем. Оқуын да, мектебін де, оның барлық қызық-шыжығын да Жарлысудың осы жердегі жалаң аяқтарына қалдырып, Кішкенетау қайдасың деп тартып отырсам ба деп те ойлаймын. «Ең жаманы аш қасқырларға жем болармын, ең жаманы құла түз, қу медиенде қаңырығым кеуіп, қаңғып өлермін. Әкем мен тәтем сонда көрер еді, еріксіз мектепке жіберу дегеннің не екенін. «Қайран да біздің қара тентегіміз-ау, обалыңа өзіміз қалдық-ау» де, жылар еді. Қабен мұғалім де: «Шіркін-ай, жақсы бала еді, қыршын кетті ғой, амал не?! Көзінің отынан үмітімді үзбеуші едім, мынау деген азамат болар еді, сұм ажал ортамыздан алды да кетті, не шара?!» деп тақылдар еді-ау. Әй, бірақ өлдің қалдың, одан келер пайда не? Тым болмаса солардың өкінгенін өз көзіңмен көре де алмайсың, көргенді қойып, біле де алмайсың ...


Бағанағыдай емес, көңілімнің өрекпігені өзен жағасында отырып, біраз қиял кезген соң, сабасына түскен сияқты. Бүгінгі күнімнің, бүгінгі күнім ғана емес мектепке келгеннен бергі күндерімнің өкінішін өзім жасаған жарқын жоспарымның жүзеге асар уақыты таяу деген сенім алдарқатқандай.


Беттің көз жаспен айғыздалған ізін біреу-міреу байқап қалмасын деп, өзен суымен жуындым да, орнымнан тұрып, үйге қарай беттедім.


Жарлысу жағасында қайта табыстық


Ештай екеуіміз ойда жоқта қайта табыстық. Бұл бақыт дегенді қойсаңшы. Менің осынау табаны күректей жеті жыл жеті айлық өмірімдегі қарғыс атқан күндердің бірі болып қалған сол ұлы жіңгір шайқас салған күннен кейін тұп-тура үш-ақ тәулік өтісімен Күлкіші Хасен мен Ештайдың тәтесі ағайынды ай-шайға қаратпай, үйленді де алды. Өздерінің ежелден жапсарлас салынған тоқал тамдары бірігіп, бір үй болып шыға келді. Күлкіші Хасен бір күні таңертең жапсарлас қабырғаны тесіп, есік жасайды да, Ештайлардың сыртқы кіре беріс есігін бітеп, бұрын есік болмағандай жылмитып сылап тастайды. Сөйтіп бір есікті төрт бөлмелі үй әрі-беріде даяр бола кетеді. Сол күні кешке бала көрсе, бәле көргендей мүйізін тігіп, тұра қуатын сүзеген көк серкесінің басын кесіп, дүрілдетіп той жасасын. Біздің үйдің іші тайлы-таяғымен тойға кетті. Бүкіл аспан астында мен сыятын жер қалмағандай, байыз тауып үйде отыра алсамшы, қане. Тойлы үйге беттеуге бет жоқ. Көпе-көрнеу Ештайдан жасқанамын. Әнеугіден кейін екеуіміз де ләм деп, тіл қатысып көргеніміз жоқ. Сол бір партада құлағымыз салпиып, қатар отыра береміз. Үзіліс кезінде бұрынғыдай мектептің артындағы қалқадағы күрес алаңына да бармайтын болдық.Ол бір орнында мелшиіп отырады да қояды. Бұрын мұғалім: «Қане, кім айтады?» дегенде: «Мен-мен айтайыншы, мұғалім!» деп үздіге кететін пысықтығынан да пышақ кесті тыйылыпты. Оны қойып, кеше мұғалім: «Қане, Сайысқанов, сен айтып жіберші!» дегенде де: «Білмеймін, мұғалім!» деп сүлесоқ отыра берді. Қабен мұғалімнің соғыстан аман-есен қайтқан жалғыз аяғының табанына қып-қызыл шоқты басып алсаң, дәл мұнай туламайтын шығар, тегі. Сүрініп-жығылып, қасымызға бір-ақ келді.


– Қане, тұр орныңнан! – деп ақырды. Ағаш аяғы да, ағаш таяғы да жан біткендей түгел қалшылдайды. – «Сенген қойым сен болсаң, маңырағаныңа болайын!» Сенің әкең, ананың әкесі, мынаның әкесі, не үшін кешегі қан майданда опат болды, ә?! Мына мен не үшін «енбәлит байни» болдым, ә?! Сендер, мына отырған сендер үшін, сендердің өстіп алаңсыз оқып, білім алуларың үшін емес пе еді, қарша бораған оқтың астына түскеніміз, ә?! Әй, өзгенікі өзге, сені қандай қара албасты басты, ә?! Сені айдың-күннің аманында қандай пері соғып кетті, ә?!


Ол бұзылған мотордай қақалып-шашалып, сөйлей алмай қалды.


Ештайдың көзі боталады.


– Сен жылама, қорқытпа мені көзіңнің жасымен. Әкесіз жетім қалған жалғыз сен емессің. Мұнда ешкімнің де төрт құбыласы сай болып тұрған жоқ. Әке үмітін ақтайтын ұл болсаң, сабағыңды оқы, әйтпесе, басымызды қатырмай, балшықтан адам жасай алмай отырған анау колхозға барып, бұзау бақ... Шырағым-ау, қабілетің болмаса бір сәрі. Бір басыңа ақылың жетер баласың ғой. «Білмеймін!» дегеніңді енді естімейтін болайын.


– Кешіріңіз, мұғалім! – Ештай мұғалімге тура қарады. Мен оның осы жалғыз сөзінен «Енді қайталанбайды!» деген сенімді үнді аңғарғандаймын. Айтқанындай, ертеңінде бұрынғыдай «Мен айтамын да, мен айтамын» деп жұлқынбаса да, есебін шығарып, тапсырманы орындап келіпті...


Аңдап басып,той өтіп жатқан үйге жақындадым. Тұп-турасынан кіріп бармасам да, төңірегін шолып, барлап қайтпақпын. Той десе сабағы болмақ түгілі одан зорғысын жинап қоятын осы ауылдың желөкпе жалаң төстері қандай, шулап-шұрқырап, сол үйдің төңірегінде бықып жүр. Кешке жақын екі-үш әйелдің тегене-тегене қызыл күрең түйе бауырсақты пісіріп жатқанын көріп едім. Өзге ешнәрсеге ұқсамайтын хош иісін, өзге еш тағамға ұқсамайтын керемет дәмін сезгенмін. «Шіркін, мыналардың әрқайсыларына тойда отырған әке-шешелері кемінде бір-бір уыс бауырсақ берген шығар-ау» деген ой мені де бұйдалап алғандай солай қарай жетелеп келеді.


– Қуаныш! – Дәл өкпе тұсымдағы жалғыз теректің түбінен естілді. Маңдайымнан сұп-суық тер шықты. Соның даусы. Үлкен бір ұрлықтың үстінде ұсталған адамдай, не қаша жөнелерімді, не қасына барарымды білмей, мелшиіп тұрдым да қалдым. – Қуаныш, мұнда кел. – Жоқ, үнінде зіл жоқ. Өзімсінгендей жұмсақ естілді.


– Кел, отыр, – деді ол. – Кең даладан маған орын жетпейтіндей жалғыз теректің түбіне қарай ығысып қойды. Қолындағы ағаштың бұтағымен топырақ бетін сызғылап, көзімен жер шұқып отыр. Алдымда отырған айыпкерім сияқты. Менде де үн жоқ, онда да үн жоқ, тымпи ойнағандаймыз.


– Қуаныш, ерінбесең жүрші, өзен жағасына барып келейік.


– Жүр барсақ, барайық. – Мен ойда жоқта өршіген шиеленістің бәсеңсіп, өзара түсінушілік жолындағы алғашқы қадамның басталғаны осы екенін болжолдадым. Егер жанжалды жалғастырамыз десе, оның үні бұдан әлдеқайда қатқылдау естілген болар еді.


Тойлы үй өз қызығымен, иісі танау жарған қызыл күрең бауырсағымен қоса артта қалып барады. Бірақ алда одан да киелі – үзілген достықты қайта жалғау жөніндегі Жарлысу жағасындағы келіссөздің өткелі тұрғаны ғана көңілге медеу. Дегенмен той осының үйінде өтіп жатқандықтан, Ештайдың қалтасында той дастарханынан ала шыққан бірдеңесі бар шығар деген де дәмем жоқ емес. Ол менің көкейіме қонақтаған тәтті ойды түсіне қойғандай:


– Аузыма сынық құрт, жарты бауырсақ та салған жоқпын. Салмаймын да, – деп, өзінің бұл тойға қарсылығын білдірді. Әрине, менің де бағанағы қиялымның жүзеге аспайтынын сездім. Оның үстіне достық ынтымақтастығымды білдіргім келді.


– Мен де аузыма салмаймын! – Ол бетіме қарады да қойды. Қостан бөлінген жылқының саяқ үйіріндей шоғырланған шағын ауыл да артта қалды. Түйенің табанындай көн болып жылтырап алған жалаң аяғымызбен әлі күндізгі сіңген күн қызуын бойынан қайтарып үлгермеген жалғыз аяқ жолдың жып-жылы май топырағын толарсақтата кешіп келеміз. Ол да үнсіз, мен де үнсізбін. Әкем айта беретін түнгі жортауылшылардың немесе барымташылардың жүрісіне ұқсайтындай. Түн рақатын жаман даусымен өзінше әнге қосқан бір құрбақа қарсы алдымыздан бақылдады. «Сен бұрын бастап қойдың ба?» дегендей екіншісі онымен салғыласа жөнелді. Сонан кейін үшіншісі, төртіншісі... тағы, тағы. Дәл біздің келе жатқанымызды біліп, келе жатқанымыз ғана емес, көңіл хошымыздың да мәні жоғын біліп, жабайылау келген тұрпайы әндерімен хор айтып, қарсы алғандай. Менің әке-шешем дәл қазір қойнауында отырған Ақшағылдың тұсынан Әйбәт жеңгемнің күміс сырғасы сияқты ай сығалады. Өзеннің арғы бетіндегі қалың нудан байғыз шаңқылдайды. Ештайдың тілімен айтқанда: «Дауысы мұндай ащы болар ма, сәбәкінің».


Өзен жағасына келіп жайғастық. Жарлысу аспай-таспай, тымық қана шымырлап астынан қайнап ағып жатыр. Бауыры жарқылдап шортан шоршиды. Құс болып ұшып кетердей судан істиіп суырыла шыққанымен, таяқ бойы биіктікке жетпей жатып, құс емес бар болғаны балық екенін мойындағандай, шұбатылып барып, иірімді қайтадан шолп еткізіп құлайды.


Ештайдың жағы қарысып қалған сияқты. Ол да үнсіз. Менің де жағым қарысып қалған сияқты. Мен де үнсізбін. Су астында жыпырлаған қалың жұлдыздың топ ортасына кесек тасты атып ұрдым. Бәрі де тым-тырақай безе жөнелді де, сәттен кейін судың толқынымен ойнап, қайтадан жыпырласа қалды.


– Қуаныш! – Мен селк ете қалдым. Үні мүлде жасып шықты. – Сен мені кешір, жарай ма?


– Жоқ, сен мені кешір!


– Сен кешірім сұрайтын дәнеңе жоқ. Шындықты айтыпсың. Шындығың үшін қол жұмсадым... – Ол үнсіз қалды. Бір кезде дем алысы жиілеп, тынысы бұзылды. Мен жүзіне қарап едім, бетінен төмен қарай жортып бара жатқан қос моншақ ай жарығымен жылт ете қалды. Не дейін?! «Жылама, Ештай, ол кісі де жақсы кісі ғой» дегім келеді. Бірақ енді менің жағым шындап қарысты. Үнім шығар емес. Менің шақшадай басымда да мұңның бұлты торлап алды. Өз «қасіретім» өзіме мәлім. Анау күміс тағадай ай жаңа көтеріліп келе жатқан Ақшағыл жаққа қарадым. Менің де жанарым тұманданды. Сол Ақшағылдың қойнауында қойларын бағып, жайбарақат жатқан әке-шешем мені мүлде ұмытқандай, бұл кең дүниеде ешкімге «керексіз» болып қалған менен өткен мұңлық жоқтай көрінді. «Шынтауайттап келгенде өңі-түсін көрмеген әкесін сағынып, сорасымен жер суарып отырған мына Ештайдыкі де әншейін балалық. Керек болса үйінде той болып, Күлкіші Хасендей ақжарқын адамды көке ғып отыр емес пе?!» Қолқа-жүрегім ішек-қарныммен қосыла аузыма тығылды. lшіме біреу бензин құйып, от қойғандай лау ете қалған жалын бүкіл тұла бойымды өртеп барады. «Жоқ-жоқ, тұла бойым сол күйінде темірден жаралса да, әрі қарай төзу ет жүректі, жұмыр басты пенденің қолынан келмек емес».


– Уа-а-а! – Үнім оқыс шыққанын сезе қойдым. Қозылаған қойдай шулап жатқан бақалар да «Бұл кім-ей?» дегендей хорларын пышақ кескендей үзе қойды. Ештайдың бұзаубастың мойнындай қылқиған желкесінен қапсыра құшақтай алдым.


«І-гик-гик-ә, ә-гик-гик-ә» деп Ештай қосылды. Ол мен сияқты бар даусымен бақырып жылаған жоқ, іштей булығып, тереңнен толғайды. Үш-төрт қайырып барып, жаяу өксікке ауысты.


– Шіркін-ай, көкем тірі болып келіп қалсашы, әттең! Көрсетер едік көресілерін! – Мен Ештайдың кімнің «көресісін көрсеткелі» отырғанын шамалаймын. Күлкіші Хасен ғой баяғы. «Әй, Саршұнақ, әй, жалаңтөс Бәһәдүр, бір керемет қызық айтайын ба?» деп әрқайсымызға қойған атауымен шақырып алып, қызығын айтпас бұрын санын шапалақтап алдымен өзі күліп алатын сол кісінің осыған неге ұнамайтынын миыма сіңіре алмадым. Соның атын естісе, соқыр ішегі үзіліп кеткендей тырыса қалады.


– Үнемі шылғи өтірік күлетін сияқты. – Мен Ештайдың кім туралы айтып отырғанын да білдім. Бірақ дау айтқым келмеді. Жаман кісі болса да, бұдан былай өз әкесі емес пе. Дәл өз басым Күлкіші Хасенді жаман кісі дей алмаймын. Қолынан келмейтіні жоқ. «Аттың тағасы мен пышаққа да осы Күлкіші Хасен келгелі жарыдық» деп әкемнің де талай айтқанын естігенмін. Жайлаудан келген қойшы-малшы болсын көңілін қалдырмай, сұрағанын соғып бере қоятын. Елгезектігі мен ақжарқындығына риза болған қойшы-малшы ол сұраған байпақтық жүн-жұрқадан бастап, тоқты-торымға дейін беріп кететін көрінеді. Жалғыз басы осы колхозға келгелі бірер жыл болса да мал жинап, шаруасын төрт аяғынан тік тұрғызып алғаны да сол жібектей мінезінен деседі. Оның қайдан келіп, қайдан тұрғанын мен қайдан білейін, әйтеуір, Ертістің арғы жағындағы бір ауданнан келіпті деседі жұрт. Қандай себеп болғанын итім білсін бе, әйелімен ажырасып келген деседі жұрт тағы да. Тағы бір білетінім, біздің ауылға алғаш келгенде жай Хасен екен, бірер айдан кейін «Күлкіші Хасен» болып, есімі толығып шыға келіпті. Бұрын бізбен жайлауда қоныстас бола беретін Жылқышы Хасен бар еді колхозымызда, қысы-жазы көсеу қара мылтығын, қақпандарын жанынан тастамай, қолы қалт еткенде тау-тастан нәпақасын теріп жеп жүрген аңшыкеш Түлкіші Хасен бар еді. Үшінші Хасен қосылған соң оған да айдар тағып ат қоя салыпты. Осылардың бәріне есім еншілеп жүрген осы ауылдың «әртісі» Ахметқали шал көрінеді. «Жарайды, Жылқышы Хасенің мен Күлкіші Хасеніңді ұғу оңай, ал «Түлкіші Хасенің» қалай? Қазақ түлкіші емес, аңшы демеуші ме еді?» деп, Ахаңа сауал қойған кісілерге: «Е, басымдағы тымағым тозып жүр еді, «түлкіші» десем бір түлкі соғып бере ме деген дәме ғой менікі» дейтін көрінеді.


Ол аздай Ахаң айтады екен: «Ауылда екі Хасен ғана болып, аз болып жүр еді, үшіншісін құдай айдап өзі келді. «Колхозға жаңа ұста келді» деген соң атыма таға соқтырып ала қойын деп барсам, қос жанары іннің түбінен жылтыраған тышқан көзденіп бір жылмаң қара тұр. – «Ассалаумағалейкум!» десем, «Әліксалам, іһі» деп күледі. Мен бір ойын көрсетіп тұрғандай. «Ал, ныспыңыз кім болады, іһі?» дедім мен де. «Хасен болады, іһі», дейді. «Бір аттың тағасы керек еді» деймін мен. «Ақысын берсеңіз, боқысын шығарамыз. Бір тоқты отағасы, іһі» дейді. «Аларсың боқты, іһі» деймін мен ежелгі етжақынындай ыржиып. «Береген қолым – алаған, іһі» дейді. «Көп сөзді қойып, берсең бер, бермесең садағам, іһі» дедім де теріс айналдым. Ондай адамға ат қою қиын емес қой. Содан «Күлкіші Хасен» болды да қалды...


– Мен бәрібір бұлардың қолында тұрмаймын. Таудағы Байысқан атама кетіп қаламын. Көкем әскерден келгенше, олар маған жетімдік көрсетпейді. Әттең, шіркін, онда мектеп жоқ, әйтпесе, қазір-ақ осыларды көрмеген күйімде кетіп қалар едім. – Ештай жаңағыдай емес, бекіп алған, үлкен кісі сияқты салмақпен сөйлеп отыр. Ертіс бойының қалың қоғасында қыстап, жазда биіктегі Көктекшені жайлап, бір отар бойдақ қойымен кемпірі екеуі басқалардан саяқ жүретін біздің фермадағы Байысқан атаны жақсы білетінмін. «Ол кісі менің әкем Сайысқанның туған ағасы болады» деп Ештайдың айтқаны бар.


– Әттең, ол жерде мектеп болса ғой, – деді Ештай жаңағы сөзін қайталап.


– Мен сол мектебіңе тойдым, – дедім шынымды айтып. – Түк оқығым келмейді. Әкем мен тәтемді сағынамын ылғи. Оның үстіне сен сияқты милы да емеспін. Мен шынында түк ұқпайтын мисыз шығармын...


– Мисыз кісі болмайды, сенің де миың жетерлік, тек оқығың келмейді. Көр де тұр, екеуіміз жұп жазбай бірге оқиық, әлі-ақ жақсы оқып кетесің. – Оның мені жұбатқандағысы. Жағымды сөз неге жаман болсын, журналдағы аты-жөнімнің тұсында қаздай тізілген «бестіктер» көз алдымда тұрып алды, бірақ сол «бестіктерді» аларыма қазір титтей де сенімім жоқ.


– Кел, мәңгіге, біржола өле-өлгенше дос болайық. Егер достығымызға опасыздық жасасам, мына бәкі менің өңменіме қадалсын, – деп өзіне әнеукүні қайырып берген сынық сап бәкіні маған ұсынды. – Жоғалтпай ұста.


– Менің де өңменіме қадалсын, – дедім толқып кетіп.


– Кел, ант етейік, – деді ол орнынан ширақ көтеріліп. – Менің айтқанымды қайталап тұр. – Мен бұрын-соңды тіршілігімде кездеспеген ғажайып бір күйде тұрмын.


– Мектепте болсын, үйде болсын бір әке-шешеден туғандай бір-бірімізге көмектесіп жүруге;


– қатар жүріп, жақсы оқуға, тәртіпті, үлгілі оқушы болуға;


– егер басқа біреу екіншімізге күш көрсетсе, екіншіміз оны қорғауға;


– достығымызға күмән тудырған, әдейі жік салғысы келгендердің сөзіне сенбеуге;


– қысқасы, қандай жағдай болса да мәңгі дос болуға ант етемін! – Мен бір сөзді шашау шығармай қайталадым. «Ант етемінді» үш дүркін қайталадық. Сонан соң қол алыстық. Сонан соң құшақтасып, біраз уақыт төске төс тигізіп, қатар тұрдық...


Сынық ай мөлдіреп, тура маңдайымыздан төнді, Жарлысу бұлағының түбіндегі мың-сан жұлдыз жымыңдап, мынау тамаша түнді әнге қосқан бақалар өздерінше шуласты. «Шіркін-ай, өмір сүру, әсіресе, біздің дәл осы Ақшағыл мен Жарлысуда өмір сүру қандай бақыт. Ештайдай жан досыңның болғаны да қандай бақыт...»


Біз біраз терезелері сөніп, түн қараңғылығына көбі сүңгіп үлгірген ауыл шетіне таяй бергенде: «Ештай-ай, Ештай!» деген әйел даусы айналаның айрандай ұйыған тыныштығын дір еткізді.


– Тәтем ғой, – деді ол күрсініп. – Мені қасқыр жеп қойды деп жүр ме екен, байғұс?!


Бұрын ол: «Менің тәтемдей шеше жоқ шығар» дегенді жиі айтар еді, мынандай наразы үнін тұңғыш рет естідім.


Тәтесі таяй бергенде оның ып-ыстық қолын қыстым да, өз үйіме қарай бұрыла жөнелдім.


– Қайт дейсің, қар-ғам-ау, қайт дейсің, мен сорлыға?! – деп ұлын құшағына қысып, дауыстай жылағанын естідім шешесінің.


– Өлген кісі қайта оралмайды ғой бізге. Бір азаматқа иық сүйеп, өзіміздің өлмес күнімізді көрейік деп едім ғой...


Ештайдың жылағанын естімейінші деген оймен үйге қарай жүгіре жөнелдім.


Озат болу оңай емес


Шынында бақыт деген адамның басына қонайын десе оп-оңай екен ғой. Ештаймен қайта табысқаным бір бақыт болса, екіншісі ... Сенбейсіңдер ғой, мейлі ол өз шаруаларыңыз. Бірақ мен ағымнан жарылып, шындықты, тек қана шындықты айтуға тиістімін. Қазір, міне, төртінші тоқсанның өзін тәмамдауға таяп қалдық. Ал, қазір бірінші сыныпта оқитын он жеті көгенкөздің ішінен маңдайлары жарқырап, суырылып алға шыққан екі озат оқушы бар. Бірі өзіміздің Ештай болғанда, екіншісін кім дейсіздер ғой? Ол мына мен боламын. Оның үстіне, бүкіл сынып екеуіміздің ашсақ алақанымызда, жұмсақ жұдырығымызда. Екеуіміз де ысқырығы жер жарған беделді оқушымыз бұл күнде. Ым-жымымыз бір, ол иек қақса мен орындаймын. Былайша айтқанда, Ештайдай айтулы озат болмасам да, сыныптағы екінші баламын. Тағы бір артықшылығымыз Ештай екеуіміз де басқалардан 5–6 ай болса да, иткөйлекті бұрын тоздырған үлкендігіміз бар. Күшіміз де қай-қайсысынан басым. «Сен тұр мен атайын» Сартай содырдың өзі де күні үшін екеуімізге құрақтай жапырылады.


«Айналасы үш-төрт айда бұл қалай озат атана қалды? Аузының суы құрып мақтап отырған баяғы Ештайы көмектескен болар. Бірінші сыныптың оқушысы екіншісін оқытып, озат етіпті дегенді кім естіген?!» деп таңданып отырған боларсыздар. Асықпаңыз, қызығы бар.


Рас, Жарлысу жағасында түн ішінде, Ештай екеуіміз салтанатты түрде ант қабылдап, онда жақсы оқуға серт берген соң мен сабаққа шындап кірісе бастағанмын. Досымның үйге келіп оқытуынан кейін бұған дейін «игерілмеген» әріптердің, есеп сабағының «бағынбаған» тұстарының соңына біржола түскен соң, өзім де бұрынғыдай Кішкенетауды ойша кезбей, сабаққа ынтыға бастағанмын. Қос құлағым қалқайып, мұғалімнің айтқан сөздерін де шашау шығармай тыңдайтын болғанмын. Ол сабақ сұраған кезде жұрттан қалмай қол көтеретін өнер шығардым. Менен «ештеңе шықпайтынына» көзі біржола жетіп жүрген Қабен мұғалім де бетіме таңырқай қарап, тақтаға шығаратын. Әзірге «бестік» деген сұлу цифрын қимаса да «үштік» пен «төрттіктеріне» қол жете бастаған. Әрине, «төрттік» алған сайын Ештайым да «Мә-лә-дес-с-с!» деп өзінше бағалап, мені қанаттандырып қояр еді.


– Айттым ғой, «сен ақылды баласың» деп. Әлі-ақ «төрттікті» менсінбейтін боласың.


Оның үстіне өзімнің де намысым оянса керек, сол «бестік» дейтіннің жолына барымды салып жүргендеймін.


Мен дәл осындай күйде жүрген тұста, былайша айтқанда, екінші тоқсан тәмамдала бере Қабен мұғалім мектептің ақжалына бір жамбастай отырып алып, бір күні ауданға тартсын. Екі күн сабақ өтпей қалған соң, біз мәре-сәре болдық та қалдық. Үшінші күні Қабен мұғалім жетсін. Бұрынғыдай әркімге бір зекіп, апшымызды қуыра келген жоқ. Тіпті бәрімізге де елжірей қарайды.


Бұл кезде балалар қырық бір әріптің басына «су құйып», жеке сөз жаза бастаған кез. Қабен мұғалім сол күні төрт сағатында да сабақ сұрап, сабақ түсіндірген жоқ. Өзінің балалық шағына бізді де ертіп апарып, онда қыдырыстап бірер сағат жүрдік. Одан шығып, осы «Шындық» колхозын құрудағы тауқыметтерді әңгімелеуге тағы бір 45 минут «шаһит» болды. Ал, кешегі зор майданның хикаясы мен өзінің қалай бір аяғын құрбан шалғанына екі 45 минут арналды. Бүгінгі «жаңа сабақтың» мақсатын түсіне алмай біз аң-таң. Тек соңғы қоңырау соғылған соң ғана ол орнынан тұрды. «Ал» десе, ата жөнелуге даяр тұрған бізге қарап: «Сәл сабыр етіңдер» дегендей қолымен ишарат жасады. Дәл бір сабақ айта алмаған баладай қиналды.


– Балалар, – деді баяу сөйлеп. – Төрт-бес ай бастарыңды ауыртып мұғалім болдым. Сендерден несін жасырайын, өзімнің де білімім тасып бара жатқан жоқ. Тек «Бірінші, екінші сыныпқа сабақ беруге жарайсың» деп аудандағылар жан алқымнан алған соң келісіп қалып едім... Болмайды екен, обалдарыңа қалады екенмін. Ертең таңертең жаңа мұғалім келетін болды. Білімді, жас дегендей... – Кешелі бері ұстара көрмеген иегі дірілдеп бара жатқандай көрінді. Мүмкін содан ба, басқа ештеңе айтпай сыныптан шығып жүре берді. Ағаш аяғы мен таяғының тық-тық етіп, еденді солқылдатқан дыбысы естіліп бара жатты.


«Жаңағы кісінің не айтып кеткенін ұқтыңдар ма?» дегендей балалар меңірейісіп, бір-біріне қарайды.


– Ура! Қызыл көз пәледен құтылдық! Мына құлағыма сенейін бе, сенбейін бе? – деді бірінші боп үн қатқан Сартай.


Оның үнінен «кетемін» дегенді алғаш естігенде мен де бір түрлі қуанған сияқты едім, иегінің дірілдегенін көргенде, таяғының «кет-тім, кет-тім» дегенге ұқсас тықылын естігенде бір түрлі жаным ашып кеткендей болды. Тіпті, бұрыннан бері оған деп жиылып жатқан «жек көруім» де сол таяқ тықылымен бірге ілесе кеткендей.


Орнынан тұрған Ештай сөмкесін қолына ілген бойы мұғалімнің артынан қуа жөнелді. Үріккен қойдай дүркіреп біз де жөңкілдік. Екі етегі делбеңдеп, Ештай қуып барады, бірақ ағаш аяғымен көшедегі қатқан қарды зар еңірете қашап бара жатқан мұғалім артына бұрылып қарар емес. Тек Ештай қуып жеткенде ғана сәл аялдап, оған бірдеме деді, сонан соң арқасынан қақты да, бізге бұрылып, қол бұлғады. Тауаны қайтып қалғандай Ештай бізге қарай ілбіді де, мұғалім жеделдете басып, кете барды.


Айтқанындай, ертеңіне-ақ бұрынғы Қабен мұғалімімізге қарағанда «үріп ауызға салғандай» жап-жас жігітті мектеп меңгерушісі Сардар ағай сыныпқа ертіп әкелді.


– Былай, балалар, бұл кісі жаңа мұғалімдерің Ғинат Уаңов дейтін кісі. Былайша айтқанда, оқу бітіріп келген жас маман. Содан нетіп, былайша айтқанда, бізге жолдап отыр, то есть, үкімет пен партия бізге жіберіп отыр. Ал Қабен ағаларың прәнтебек, то есть, пенсияға кетеді...


Сонымен ол таныстыруын тәмәмдады да, «оқи беріңдер» деп, міндетінен құтылған соң, шығып кетті.


– Ал олай болса, сендермен де танысып алайын, – деді жаңа мұғалім. Сынып журналының бетін ашты.


– Алшынбаев Жеңіс!


– Мен, – деді жыпық сары ұшып тұрып.


– Болысбекова Тілеукүл?


– Барлыбаева Майдан?..


– Серібаев Қуаныш? – Шұбатылып орнымнан тұрдым:


– Осындамын... – «Бұл сен де Қабен мұғалім сияқты адамның еңбегін бағалай білмейтін, «бестікті» қарызға беретіндей санап қоятын сараң боларсың деген оймен, алдын ала қайте қоярмын дейсің?» дегендей қитыққан түрім. Кейінгі кезде үлкен мұғалім Қабеннің де, «кіші мұғалім» Ештай досымның да дәрістері «бестікке» жеткізбеген соң тауым шағылыңқырап жүргенін де несін жасырайын. Жаңа мұғалімге қыңырлау жауап беруіме ол да себепші болса керек.


– Қуаныш, сен басқа балалар сияқты дұрыс жауап беретін бол, жарай ма? Мен бүгінше ренжімеймін, – деп мәймөңкеледі жаңа мұғалім маған ренжігенде «көшке берген тайын алатындай».


– Жарайды, келістік онда, – дедім. Қасымдағы Ештай маған алара қарады. «Е, сенің қандай күйкентай екенің белгілі болды» дегендей менің фамилиямның тұсына көзін тоқтатып,біраз шұқшиа үңілді. Сонан соң журналдың басқа беттерін ашып қарады. Тегі, алғашқы кездері қаздай тізілген менің бұраң бел «екіліктеріммен» де, сонан соң оларды ептеп қана алмастыра бастаған одан өңі сәл түзулеу бағаларыммен де танысса керек.


Балалардың аты-жөндерін түгендеп, өздерін түстеп болған соң бірден сабақ сұрауға кірісті. Есеп сабағы болатын.


– Қане, балалар, жүзге дейін кім санай біледі? – Он жеті қол шошаң ете қалды. Ет қызуымен мен де көтеріп қалдым да, тез тартып ала қойдым. Білмегендіктен емес, тағы да қырсықтығым ғой желкеме міне қалған. Әйтпесе жүзіңді қойып, екі жүз, үш жүзіңді санағанда көкесін көзіне көрсетемін.


– Қане, Қуаныш, сен санай қойшы. – Серібаев демей, ұмытпасам екінші рет «Қуаныш» деді. Жібіп келе жатқан сияқтымын. Бәрібір көк желкемде отырған менің «иелерім» кері тартады: «Айтпа, ойбай, қайтер екен?» дейтін сияқты. «Айт-айт, бір көрінер тұсың осы» дейді ішімде ойнақ салған тағы бір ой.


Ештай да санымнан нұқып қалды, «бөгелме» дегені екенін біліп тұрмын. Әрі қарай бөгелудің жөні жоқ еді.


Тақтаға жүгіре басып шықтым да, сарнай жөнелдім. Біреу, екеу, үшеу, ... тоғыз, ..., жүз, жүз бір, ... үш жүз...


– Міне, азамат! – деді мұғалім арқамнан қағып. Ал енді тақтаға нешеге дейін жаза аласың! – Мақтауға қанаттанған мен борды қолыма алдым. Қырсыққанда ұмытып қалып, кеселге ұрынбасам, жүзге дейін қиналмай жазатын сияқтымын. Бұл жерде қанша «пәлен» дегенмен Қабен мұғалімнің, Ештай досымның еңбегін мойындауым керек қой. Сайғақтатып жазып шықтым.


– Айналайын, Серібаев Қуаныш, «бессің!» – деді мұғалім журналға үңіліп. «Сенейін бе, сенбейін бе?!» Жоқ, шынымен журналға бұл ғұмырымдағы тұңғыш «бестік» түсті. – Көрдіңдер ме, балалар, біздің Қуаныш әлі-ақ озат оқитын болады. Өздерің қараңдаршы, түрі де тұп-тура ақылды баланың түрі.


Мен көзім бұлдырап партаға әрең жеттім. Ештай алақанымды қысты. Қолы ып-ыстық екен. Ал мен ақ тер, көк терге түсіппін.


Келесі сабақ ән-күй болатын. «Қане, балалар, кім қандай өлең айтады?» дегенде «бестік» алып,дәндеп қалсам керек, ойланбастан «Мен!» деппін.


– Келе ғой. – Мынаған бүгін бір пәле көрінер дегендей он алты бастағы отыз екі көз түп-түгел маған үдірейе қарасты.


Ойланатын уақыт жоқ. Тәтемнің ұршық иіріп отыра қалған кезде айтатын бір әнін бастап кеттім:


– Кіндік кескен Кергентас,

Керман болды-ау бізге қас.

Басқа уайым не керек,

Аман қайтсын қыршын жас.

Угай, угай, әй, угай,

Ақ Қазине, дариға-ай.

Есік алды бүргенді,

Бүргеннен ит үрген-ді.

Көп көрді ғой Гетлер

Ойнап-күліп жүргенді.

Угай, угай, әй, угай,

Ақ Қазине, дариға-ай.


– Ескі өлең, ескі өлең, ұят-ай, – деп біраз қыздар жырқылдағанмен, мұғалім ағай екінші «бестікті» журналға қонжитты.


– Балалар, біріншіден, өлеңді ескі деуге болмайды, бұл – халықтың өзі жасаған алтын қазына. Оның қасиет-қадірін кейін ұғасыңдар. Екіншіден, Қуаныш нағыз әнші бала екен, ә? Міне, тамаша! — Мақтағаннан менің көңілім бұл жолы шындап босады. Сасқанымнан орныма отыра бере Ештайға қолымды өзім ұсыныппын.


Сол күні Ғинат ағай бізге «Қазақ КСР-інің Гимнін» үйретті. Әнге бар ынта қойғаным сонша, үйретіп болғанша жаттап та алып, айтып бердім. Ағай бұл жолы маған шындап таңданса керек. Тағы бір «бестікті» қойды. Өмірімдегі әлде әділ, әлде көтерме қойылған алғашқы «бестіктер» менің ұйқылы-ояу қиялымды қанаттандырғаны сондай, Ештайдың: «Қой, ұят болар» дегеніне қарамай, сол күні сабақтан келе жатып, көшеде «Қазақ КСР-інің Гимнін» шырқадым. Орталық астық қоймасының алдында тұқым тазалап жатқан әйелдерді көргенде, тіпті еліріп кетіппін. lшінде мені санасыздар санатына қосқандардың қатарынан саналатын Әйбәт жеңгем де бар.


– Біз қазақ ежелден еркіндік аңсаған!..


Бақ көтерді демей не дейін, сол күннен кейін қайтып «екілік» деген пәледен біржола құтылып қана қоймай, зәуде бір «үштік» алып қалсам, тұқшыңдап ашуланатынды шығардым. Біздің қай кезде де өз жебеушіміздің қадірін біле бермейтініміз сияқты, Ғинат ағайдың «әділетсіздігіне» ренжитінді шығардым.


Балалармен арада жиі болып тұратын қырғи қабақ жанжал кезінде Сартай залым шығарған өлеңді айтып, мысымды құртатын.


Тауда жүрген кекілік,

Алатының «екілік».

Ашулансаң өле қал,

Терезеден секіріп, – деп сайрайтын күйкентайлардың аузына құм құйылды.


Иә, озат оқушы атана қою, кейбіреулер ойлағандай, оңай шаруа емес; ең алдымен өзіңнің талпынысың болуы, сонан кейін жаныңды түсінер ұстазың, шын жанашыр досың болуы керек екен.


Е к і н ш і б ө л і м


БРИГАДИРДІҢ ДЕГЕНІ БОЛАДЫ


Шәкірт болғаннан бергі үшінші жаз. Үшінші класты да озат болып тауысқанбыз. Қазір жайлаудамыз. Күнделікті бірыңғай тірлік... Жә, басынан айтайыншы..


Қосаққа үйренген саулықтар азапқа салмай оңай ұстатады, оның үстіне жетекке де жақсы. Шай қайнатымда мұндай жуас қойлардың отыз-қырқын қайтқан қаздай ғып, керме қосаққа тізіп тастау маған жұмыс емес. Бар пәле тұмса қозылаған тұсақтардан шығады. Үйездеп тұрған жерінен баспалап келіп, басып қалмасаң кісі емес, қасқыр қуып келе жатқандай шаңын көрсетпей зытады. Қолға түсе қалған күнде дәл бір алып ұрып, бауыздап тастайтындай көре ме, берекеңді бек кетіреді. Жан алып, жан беріп жүріп, сауғызғаныңмен бір тұсақтың бір тостақ сүт берері шамалы. Тек, әйтеуір, үрпі емшектілерін келер жылдар үшін қосаққа үйрене берсін деген бақай есеп біздікі. Жыл сайын осылай, жыл сайын қырық-елу қойды таңдап біз сауамыз, жыл сайын он-он бес тұсақ қосып аламыз. Алты жүзге таяу саулықтың қалғанынан сауын саулықтарды көмекші қойшының, күзетшінің үйі таңдайды.


Бүгін де қабырғасына жосамен белгі соққан өз саулықтарымды қосақтап болып, айранға бас қоя бергенімде қой сауып отырған тәтем орнынан тұрып, үйге қарай жүрді.


– Қуанышжан, әлгі Әбзел суайт келе жатыр тағы да. Сен анау сай жақтағы қозыларға таман бара тұршы, жаным. Алдап-сулап шығарып салайын.


Тәтемнің мені сайдағы қоралау таста жусап жатқан қозыларға бұл уақытта неге жұмсай қалғанын сезіп тұрмын. Әбзел суайт кеткенше мені көзден тасалай тұрмақшы. Кеше кешкілік, ферманың бригадирі болып істейтін ол, біздің үйден аттанып бара жатып:


– Жә, Балым бәйбіше, мынау жаманың азамат болып қалған екен, ә, – деп бір қойған. «Азамат болып қалған екен» дегенге жалым күдірейіп қалды. – Жүйрік мінген заман-ай, зымыраған. Кеше біздер майданға аттанғанда жөргекте жатқан қызыл шақа еді. Әй, осы сен биыл төртіншіге көштің бе деймін? – Әңгіменің соңғы жағын маған қарай бұрды.


– Аһа, – дедім мен мардамсый жауап беріп.


– Жә, сен сойталдай болып әке-шешеңнің қасында жүргенше, еңбеккүн тап. Орақ ұстап, өгізге мінуге жарап қалыпсың.


Тәтем бірден шабуылға көшкен:


– Әй, Әбзел, ұялсаңшы қаршадай балаға қадалғаннан. Осы еңбеккүн тауып, мені ұшпаққа шығармай-ақ қойсын. О, несі-ей, бұның! Шалдың түрі болса анау, қойдың соңынан өкпесін сүйретіп, әрең жүргені?! Осының арқасы қозы жайдырып, жан сақтап отырғанымыз.


– Жә, бәйбіше, қара түнді орната бермеші осы сен! Күзге дейін әлі екі-үш қарын май жинап аласың. Кешегі Керман соғысында да шыдағанбыз. Егін-шөп жинасақ елдің қамы, мал-жанның, өздеріңнің қамдарың. Мені сөзбен жеңемін деп әуіреленбе, онан да баланы жолға даярла. Ертең түсте жон жақтағы балаларды жинап бір-ақ құлдаймын. Сонда ала кететін болайын. – Ол салмақпен бастаған әңгіменің аяғын әзілге сүйеді.


– Аларсың! – деп тәтем қалды.


– Алғанда қандай! – деп бригадир кетті. Қолсыз бір жеңін салақтатқан күйі арқандаулы тұрған салпаң құлақ торысына аяңдады. Шынымды айтсам, бригадирдің «алғанда қандай» деп шегелеп айтқан сөзіне тоқпын, әйтеуір. Өйткені тәтем мен бригадирдің арасында басталғалы тұрған осынау «майданда» бригадирдің жеңісі менің пайдама шешілмек. Жасыл жайлау болса да, қозы жайғаннан әбден жалығып болдым. Құр сияқты өзіңмен өзің ойнаған жалғыздықтан жалығады екенсің. «Әттең, пішеншілерге әкетсеші. Әншейінде қияндағыны шалатын бригадирдің мені санатқа қосатын кезі болар ма?» деп жүргенде аспаннан тілегенім алдымнан сопаң етіп шыға келгені мынау. «Балалардың ортасында жүрсем-ау» деген ұлы арманның төбесі қылтиғандай. Оның үстіне: «Жазда пішеншілерге барып, жұмыс істейік, жайлауда жүргеннен гөрі еңбеккүн табайық» деп, бәтуаласқан Ештай екеуіміздің сертіміз де бар. Содан да болар, өмірімдегі тағы бір азапты түнді өткізген едім. Түннің бір уағына дейін сонау-сонау етектегі жайылған шаршы орамалдардай сары ала тартқан тақта-тақта егістік, одан беріректегі бетке шыққан безеудей алғашқы шөмелелері құжынап көрініп жатқан Шатбұлақтағы шабындық маңын көз алдыма аз болса, жүз рет әкелген шығармын.


Бүгін болар «шайқастың» кімнің пайдасына шешілерін өзімше пайымдаймын. Кешегі арынынан қайтпаса, Әбзел жеңер, онда тағы да жұлдызымның жарқырағаны, кешегі арынынан қайтпаса тәтем жеңер, онда салымның суға кетіп, тағы да тас санап, тауда қалғаным...


Осы ойдың жетегінде тәтемнің көңілі үшін ғана сайға қарай құлдаған болдым. Екі көзім Қанжығабұлақтан бері қарай түйе жетектеп, құлап келе жатқан салт аттыда. Жарылқаушым екенін танып барамын. Әдейі «іздей қалсаң мен мына жақтамын» дегендей асықпай басып, мен мұндалап бой көрсетіп барамын.


Сайға таман жете бере сары атанның бақырғаны, біздің Жетердің жау түсірердей шыж-быж болып, абалағаны естілді. «Ұзаса сүт пісірім иә әрі, не бері болармын» деп бағамдап мен отырмын. Байыз тауып орнымда да отыра алмай баспалап, үй жақты торуылдадым. Үйдің дәл жанындағы қойтастың түбіне «бекініп алып, тың тыңдаймын». Сөздерінің бірі естілсе, бірі естілмейді. Сөйткенше, аузы-басын сүртініп, үйден Ештай шықты. «Жоқ бұдан әрі бұғынып жата беру мүмкін емес». Қойтастың қалқасынан атып тұрдым. Ол да мені іздеп шықса керек, бір-бірімізге қарсы жүрдік. Сағыныса қалардай бола қойған жоқ, оның үстіне жақында жайлауға үйлеріміз бірге көшіп келген. Бірақ өзге емес, жан жолдастың жөні бөлек қой. Құшақтаса кеттік.


– Қалай, жолдас? – дейді бас-аяғымды барлай қарап.


– Жақсы, жолдас, – дедім мен. Біз бір-бірімізді сонау Жарлысу жағасында серттескеннен бері осылай атай бастағанбыз. Бұл жай ғана ресми атау емес, ерекше іштартқандықтың белгісі сынды.


– Жолдас, жайлау ұнаған шығар, – деймін.


– Әрине... Тамаша, мен каникул біткенше осында жүре берер едім, саған берген сертім үшін келістім. «Е-һе-е, жайлау қызығына тойып үлгірмеген екенсің ғой» деймін ішімнен. Биыл Күлкіші Хасен ұсталық қызметін тастап, бір отар қой алып, жайлауға шыққан. «Дүкеннің ауасы жақпайды денсаулығыма» дейтін көрінеді.


– Бұлар қой алмаса да, бәрібір жайлауға шығатын едім, – дейді Ештай. Күрсініп төмен қарады. – Байысқан аталарыма біржола кетейін деп едім, тәтемнің көңілін қимадым...


Мен әңгіме төркінін өзім қауіптенген мәселеге қарай бұрдым.


– Қалай, тәтең ұрысқан жоқ па? – деймін мен.


– Әй, – деді ол қолын сілтеп. – Жібергісі келмеді, ана кісі көндірді тәтемді. Оның маған қай жаны аши қалды дейсің? Құтылғанына қуанған сияқты... – Ештайдың «ана кісі» деп Күлкіші Хасенді айтып тұрғанын сезе қойдым. Қалай екенін қайдам, Ештайдың іші бір жылымай-ақ қойды соған. Бұрынғыдай есімін атамаса да, ат та қойған жоқ, «ана кісі», «біздің үйдегі кісі» деген сияқтылармен өгей әкесін мезгей салады.


– Өзің баратын болдың ба? Тәтең жібермеймін деп отыр еді. – Осы сөз қамшы болды ма, мен үйге қарай батыл аяңдадым.


Әбзел суайт бар мәселені шешіп алғандай ең сүйікті тақырыбы – пәшістерді қалай қойша қырғанын соғып отыр екен.


– Сонымен қойшы, әлгі иттің өзі де өгіздей неме екен, автоматтты кезей қалғанымда «найын-найын» деп қалтырап қоя берді. Менің де көзіме қан толып, өңім өрт сөндіргендей сұстанып алсам керек. Шыбын жаны үшін аяғыма жығылуға шақ тұр. «Өй, еркек боп туған ез неме, сенің де аузыңды ұрайын» деп майлы жерінен тепкілеп, айдап кеп берейін. Құдай-ау, сендерге өтірік маған шын, біздің әскербасылардың қолына түспей жүрген алаяқ полковниктерінің бірі екен. Сонда ғой мына медалді маршалдың өз қолымен кеудеме қадап тұрып: «Жарайсың, қазақ халқының қаһарман ұлы ефрейтор Жанжүнов» дейтіні. – Ол қысы-жазы өңірінен тастамайтын көп медалдің орта тұсын сұқ саусағымен көрсетіп қойды.


– Е, бәрекелді, ерім-ақ екенсің! – дейді әкем кеңк-кеңк күліп. Тыңдаудан әкем, айтудан Әбекең жалыққан емес.


– Оның дұрыс-ау, бірақ былтыр бір айтқаныңда тұтқынға түсіргенің полковник емес, генерал сияқты еді ғой...


– Апыр-ай, Сераға-ай, сол шіркіннің пәгөніне кім қарапты. Әйтеуір, соның айтулы асыл тұқымды бір қошқары екені рас...


– Ә, батырлар, келдіңдер ме? – деді ол есіктен кірген бізге қарап. Құлақтары салпиып, әңгімеге ауыздарын ашып отырған басқа балалар да орындарынан тұра бастады. Өзіміздің фермадағы қойшылардың балалары: Құсыман, Меңтай, Әшірәлі. Үшеуі де төртіншіні бітіріп, бесіншіге көшкендер.


– Жүр, тысқа шығайық, – дейді есіктен кіріп келе жатқан біздің жолымызды кес-кестеген Құсыман. «Сенімен әңгімеміз таусылмас-ау, алдымен басты шаруа шешіліп, алабұртқан көңіл бір жайлы болсыншы» дегендей мен төрде шынтақтап жатқан бригадирге бір, шәй құйып отырған тәтеме бір жалтақтаймын.


– Қане, Қуанышжан, шешеңнің емшегін түйедей болғанша емгенің жетер, жинал, жүреміз. – Әбекеңнің бұл сөзі маған «сүйінші, сүйінші» дегендей естілді.


– Әй, сен суайттан да көрдім-ау, қолды-аяқты баланы да көпсінетін болдың?! – Тәтемнің көніп қалған сыңайын танып, сыртқа бір-ақ ытқыдым.


Әбекең тағы ек-үш медалдарын қалай алғаны туралы хикаясын баяндап болған соң, түс ауа екі көлік, алты адам жолға түстік. Сары атанның баладай-баладай қос өркешінің арасына үшеуі сыйысты да, Ештай екеуіміз салпаң құлақ торыны ышқынтып, Әбекеңнің алды-артына мінгестік.


Әбекеңнің әңгімелері


«Мен де адам болдым, еңбеккүн табамын» деген көмескі бір қуаныш толқиды кеудемде. «Қыс бойы сағыныштан өліп кетпесем жарайды» деп келіп көрген әке-шешемді «тағы да мынау қараша үйде екеуден-екеу қалдырып барамын ба?» деген ой да ұзаған сайын үдей түскендей.


– Аға, соғыстағы ерліктеріңіз жайлы айтыңызшы, – деді қушыкеш Құсыман ауылдан ұзаған соң. Бізге көзді бір қысып қалды.


– Е, сен өзің сөз ұғатын болып па едің? Онда айтайын, жол қысқарсын, – деді ол ерінің үстіне бір жамбастай отырып.


Әбекең манағы арынынан басыла алмай, әңгіме бастауға сылтау іздеп, «ұрына» алмай келе жатқандай екен. Қамшы салдырмай тағы бір хикаяны бастап кетті.


– Е, балалар, айтар ауыз табылғанда естір құлақтың болғаны да құп, – деп қойды. Онысы «дұрыстап тыңдаңдар» дегені болса керек. – Шу-ей, жануар! – Салпаң құлақ торыны бір тебініп қойды. Жалғыз Әбекеңнің өзін аяғын санап басып әрең алып жүрген шабан жабы үш бірдей кісі қабаттаса үстіне қонған соң таяқ тастам жер ит бүлкекке салды да, титықтап барып, мимырт аяңына қайта түсті.


– Е, балаларым-ай, «ерлік, соғыс» дейсіңдер. Бүгін айтқанға жеңіл. Әйтеуір, су ішерлік болған соң, оттың ортасына бір қолды шортандай шоршытып садақаға беріп, аман оралдық қой... – Мен оның күнқақты қатпар-қатпар желкесіне қарадым. Оның әр қатпарының арасында бір-бір ойдан құрастырылған өтірік әңгіме бұғып жатқандай. – Талай боздақ қалды емес пе сол оттың ортасында. Мына Ештайжанды көргенде кешегі Сайысқан марқұм елестеп кетеді көзге... – Мен Ештайдың: «Тәтемнің айтуы бойынша, әкемді көзіме елестетемін де, сағына беремін. Көрерсің әлі, ол өлген жоқ, өлген адамды кісі сағынбайды, ол тірі» деген сөзін есіме алдым. Ештайдың дәл қазір қандай күйде отырғанын көргім келді. Әбекеңнің қолтығының астынан көнетоз көкшулан көйлегінің жеңі ғана көрінеді. Сәл дірілдейтін сияқты. Мүмкін, жылап отырған болар...


– Әнеки, қандай азамат еді, шіркін! Осы өңірдің дәмелі деген мықтыларына шаң қаптырған, жауырыны жерге тимеген балуан еді ғой. Тек менімен ғана белдесе бермейтін, қаймығатын. – Ретін тауып, естелік айтып, мұңайып отырған Әбекеңнің табан астында өзін тағы бір биікке шығарып қойғанына күлкім келді.


– Аға, онда нағыз түйе балуан өзіңіз болған екенсіз ғой, – дейді Құсыман монтанси сөйлеп. Әбекеңді мақтандырып қойып, қызығына қанбақшы.


Әбекең қолтығына Құсыманның су бүріккенін елең қылған да жоқ, әңгімесін әрі қарай жіліктеуге көшті.


«Әбеке, – дейтін марқұм маған, – сенімен күреспеймін, ойбай, бердім жолымды» дейтін. Әне сол боздақтар да кете барды емес пе сұрқия соғыстың құрбаны боп. Қой боғындай қорғасын сенің батырыңа, бағланыңа қарап қайтсын...


Біз үнсіз қалдық. Әрқашан бір миығында мысқыл күлкі үйіріліп тұратын Құсыман да үнсіз. Ештайдың тырс еткен үні шыққан жоқ. Қос жанары мөлтілдеп отырған болар. «Сағына беремін. Адам өлген кісіні сағынбайды ғой, ол тірі, келеді әлі» деп дау айта алған жоқ. Бір кезде даңқы осы өңірге жайылған атақты әкесінің мәңгі оралмасына сенгендей, өз тағдырына мойынсұнғандай. «Енді айта беріп керегі не, онан да пәшістерді қалай қырғаны туралы өтірігін сықпырта бермей ме екен» деп ойладым. Ештайға жаным ашығаннан болса керек.


– Октябрь мейрамының жиырма жылдығы болса керек. Үш колхоз ұлы дүбірлі тойды бірлесіп өткізетін болып, осы Тайқұлағанның жазығына үй тіктірген. Құдай-ау, ол кезде, немене, қылшылдаған қырыпсал кезіміз. Егін орылып, қырман сыпырылып дегендей, жиын-теріннің біткен кезі. Сайысқан бар, мен бар, анау Қожан шалдың жалғыз ұлы Тұмақбай бар... Ол байғұс та, бұл қу соғыстан оралмады ғой. Шіркін, ол да сен тұр, мен атайынның өзі еді ғой, не керек?! «Шындық» колхозының үш түйе балуаны атанып едік. Солардың сарқытындай болып, бала-шағамен айтысып, мен қалыппын. Бұл кезде біреуге жақсаң, екеуге жақпай, колхоздың отымен кіріп, күлімен шығып, шапқылап жүрген шолақ қол біргәдір кімге шікірә дейсіңдер. «Бір кезде атақты балуан болғанмын» десең, кім сенер дейсің.. Не деп едім, бірді айтып бірге кеттім-ау деймін.


Е, иә, содан үшеуіміз тойлы жерге сиыр түстің мезетінде сау ете қалайық. Байқаймын, басқа колхоздың адамдары бізді анадайдан нұсқап: «Келді, келді мына өңшең сен тұр, мен атайындар. Тағы да дес берер деймісің?!» десіп, күбір-сыбырларын молайтты. Балуандарға арнап тіктірген үйдің төріне кеп жайғастық. «Әй, үшеуіңде ес бар ма, кешіккен сайын дегбірім кетіп еді, күресті бастаймыз деп жатыр ана той ағалары. Жылдам сусындап алып, жүріңдер» дейді колхоз бастығы дегбірлеп. Содан қойшы, ортаға мына «Қарасай» колхозының Шиқарасы шығып, ширығып тұр екен. «Балуаныңды шығар, әйтпесе бәйгемді бер» депті той ағасына. Ол атағы елге мәлім көкжалдың өзі. «Ұстаған жерінен уыстап бір қуырдақтық ет жұлып алады екен» дегенді бұрын да еститінмін. «Кездеспей жүрген көзелімнің өзі едің түскен шығарсың уысыма» деп өзім шешінейін. «Ойбай, Шиқарамен Әбзелдің өзі түскелі жатыр екен» десіп, жұрт шуласты. «Осыдан намысты бермесең, жолыңа шыбын жаным садаға» деп, бастықтың өзі келіп, саптамамды сыпырысып жүр. Сол кезде Сайысқан келіп, шылауыма жармассын. «Ойбай, Әбеке, бір рет жолыңызды беріңіз!» дейді. «Ауыл арасының арсалаңымен алысып жүресіз бе?» дейді. Меселін қайтарғым келмеді.


– О, халайық! – дедім көпшілікке қарап. – Мынау бір көйлекті кейін тоздырған шәкірт інім еді, жолымды сұрап тұр. Намысты қолдан берер жігітің бұл емес, сіздерден рұқсат болса мен бердім жолымды. – Жұрт гулеп кетті. Жұрт гулеп болғанша қос балуан тау көшірердей ақырысып келіп, ұстаса кетсін. Шиқара да айтулы ердің өзі екен. Бір-бірін сүт пісірім уақыт алыса алмай ырғассын-ай келіп, ырғассын-ай келіп. Ел айтса айтқандай, Шиқараның қолы әлуетті-ақ екен. Сайысқанның білем-білем бұлшық етін мытый-мытый көкала қойдай қылды. Күштері де, әдістері де шамалас жүргендей еді. Шиқара шыдамды шықты. Уақыт өткен сайын Сайысқанды дендей бастағаны сезілді. Енді біраз жүрсе, тынысын тауысып, күш алатын түрі бар.


– Уай! Бар болғыр, неғып жүрсің, кәні! Аруақ! – деп, ақырдым Сайекеңе. Ерім-ай, жан ұшыра «ауп» деп, бір ақырды да шалқая беріп, Шиқараны кеудесінен асыра жерге ұрсын. lс бітті. Түлкі алған бүркіттей Шиқараның үстіне қонжиып қалған Сайекеңді көтеріп әкеттім. Не керек, сол тойдан кейін атағы жер жарардай дүркіреген балуан жігітке мына Ештайдың шешесін алып беріп едік. Е, ол да бір өтті-кетті дүние ғой, шіркін...


Бәріміз де тым-тырыс үнсізбіз. Мен Әбекеңнің өзі туралы қоспаларынан басқасының түп-түгел шындық екеніне күмәнданбадым.


Сол кезде әлдеқайда ұшып бара жатқан самолеттің гүрілі естілді. Жаңағы бір тәтті ойдан сол сәтте-ақ серпілгендей, бәріміз аспан жүзін жанарымызбен тінткілеп, самолетті іздедік.


– Кім бұрын самолетті тапса, соның өмірде ойлағаны болады, – деді Әбекең. Ол кісінің ойдан шығара салатын көп әзілдерінің бірі екенін қайдан білейік, тапсақ «ойлағанымыз болатындай» кең аспанға үміттене үңілдік.


– Сен неге іздемей отырсың, Ештай? – деді Әбекең бір кезде.


– Несіне іздеймін, қазір өзі де көрінеді. Анау таудың арғы жағында ұшып келеді. – Ештайдың үні көңілсіздеу, самарқау естілді.


– Рас-ей, – дестік біз де бағанадан шабылып босқа іздегенімізді енді аңғарғандай. Гүріл ту сыртымыздан естілетіндей.


– Ал, неге оның даусы артымыздан естілді, соны білесіңдер ме? – Әбекең бізді жетер жерге дейін көңілдендіріп отыруды өз міндетіне алғандай, соны сауалға көшті. – Бәрің де мектеп көрген баласыңдар ғой.


– Әне, әне көрінеді! – деді Ештай. Үні тарғылданып, ерекше қуанышты естілді. Расында да Қызылшағылдың биігінен асып келе жатқан күміс қанат алып құсқа батар күннің сәулесі шағылып, жарқ ете қалды.


– Е, бәркелді, Ештайжан, – деді Әбекең. – Алдымен көрген сен. Сондықтан өмірде не ойласаң соның бәрі орындалады.


– Пәлесін-ай, қалай алдымен көрдің-ей?! – маубас Меңтай көпе-көрнеу Ештайдың басына қона кеткен «бақытты» қызғанғандай үнмен сөйледі.


– Қандай арманың бар, айтшы, қане? Әбекеңнің сауалына Ештай ойланбай жауап берді.


– Тек, көкем, көкем... келсе екен...


Біз тағы да үнсіз қалдық.


– Өй, сен де қызықсың?! Орындалатын арманды айтпайсың ба? Өлген кісі тірілуші ме еді? – Ұзынтұра Әшірәлі көсемсимін деп қырын шапты.


– Олай деме, балам. Кім біледі, Саякеңдердің су ішкілігі болып, тірі қалса, келіп те қалады... Оның үстіне адам бір нәрсені шын пейіл, бар ынтасымен тілесе, ол орындалуға тиіс. Орындалмас дүниені армандамас болар... – Әбекең тағы да әңгіме арнасын жаңағы сауалына қарай бұрып жіберді.


– Жә, сөйтіп, алдымызда келе жатқан самолеттің даусы неліктен артымыздан естілді? – Бізде үн жоқ. Бір-бірімізге қараймыз. – Қане, қане, қайсыңның мықты шәкірт екендеріңді білейін.


– Самолеттің гүрілі артымыздағы Кімасар шыңына жаңғырығып естілгендігі шығар.


– О, бәрекелді, шынында Ештайдан өткен мықтыларың болмады. Сен жақсы оқысаң әкәдемік, прәпесір болады екенсің. – Әбекең бүгін менің досымды әбден жарылқады. Сөйтті де өзінің шәй қайнатымдай уақыт «кәсіби-өтірігінен» көз жазып қалғаны есіне енді түскендей, жаңа бір кепті соқты.


– Апыр-ай, мына самолетті ұшқышы барар жеріне аман-есен апарып қондырса, жігіт болды. Моторының бір «свичасы» істемей барады екен.


Біз әу баста Әбекеңнің бұл сөзіне сенер-сенбесімізді білмей, аңырып қалдық.


– «Свича» деген не? – деді Құсыман.


– Оны қайдан білдіңіз? – деді Меңтай.


– Е, бұл ағаларың не көрмеген? Соғыста жүргенде ұшқыштың көмекшісі болып, бірер ай істегенім бар. Ұшқышым ер көңілді тамаша жігіт еді, шаршаған кезде «Мә, Әбзел, жүргізесің бе?» деп рөлін ұстата беретін. Сонда жүргенде қандық қой бұның қыр-сырына.


– «Свича» деген не? – деп қайта қадалды Құсыман.


– Айтқанмен сен самолеттің қай жерін білесің, көп темірдің бірі де. Онан да мен сендерге жау самолетін өзіміздің аэродромға асау тайдай тулатып, қалай сүйреп әкелгенімізді айтайын.


Дәл осы әңгіменің түтіні шындықтың ауылынан тым шалғайлау ұшарын сезсек те, «иә, айтыңыз» дедік.


– Құдай-ау,ұмытпасам қырық екінің ақпаны. Самолетімізбен ұшып келіп, жау аэродромының тулағын біраз сабалаған соң, көңілді демдеп алып, қайтып келе жатқанбыз. Рөл менде еді. Демалып отырған ұшқыш жігітім самолетінің екі өкпесін тепкілеп, ізімізге түсіп келе жатқан қуғыншыны байқап қап: «Ойбай, Әбеке, рөлді өзіме бер де, ана қызылкөзді құрт», – деді. Пулеметке жабыстым – оқ жоқ, зеңбірекке жабыстым – оқ жоқ. Алаңғасар басым жауға қыжылым қайнап жүріп, бәрін құртыппын. Оқшантайлар саудырап бос жатыр. Не істеу керек? Пәшес мінген қара бүйрек те ұшқыр неме екен, тепектеген күйі бастырмалатып келіп қалды. Келгені былай тұрсын, бір қапталдап жанамалай берсін пәтшағар. Олар да оқшантайымызда сілкіп салар оқ қалмағанын сезіп қалса керек, тіпті, базардан жылқы алғалы жүрген саудагердей оң-солымызға шығып, әбден басынып алды. «Ойбай-ау, мынауың барлығып қалды ма, тездетсеңші» деймін ұшқышыма...


– Барлығатын самолет те сіздің салпаң құлақ торыңыз сияқты екен-ау, – дейді Құсыман түк білмегендей монтанси сөйлеп.


– Өй, өлмегір, сөзді бөлмеші, жүйемнен жаңылып қаламын. Тумысыңда малдан басқа көрмеген сен миғұлаға түсінікті болсын деп техника тілінен тысқары айтып келе жатсам, «самолет те барлыға ма?» дейді ғой... Не деп едім?


– Ұшқышқа қамшы бас дедіңіз.


– Алды-артыма қараймын. Дәнеме жоқ. Тек аяғымның астында қона қалған жерде самолетті арқандап қою үшін ала жүрген он бес құлаш қыл арқаным жатыр.


– Ха-ха-ха! – Құсыманның тығыны ағытылды. Шыдамады білем. Әрең отырған біз де қосыла күлдік. «Бұларға не болды?» дегендей салпаң құлақ торы пысқырды. «Осыным шынында да қызық болды-ау» дегендей Әбекеңнің өзі де рақаттанып, бір кеңкілдеп алды.


– Немене, сойған қасқырдай ыржалаңдайсыңдар? Самолетті шүйгінге жайылсын деп арқандайды дейсіңдер ме? Жеңіл нәрсені жел ұшырып әкетпесін деп арқандайды да...


Содан қойшы, арқанды қолға алайын. Терезені ашып жіберіп шумақталған арқанды әзірлеп отыра қалдым. Пәшес қолын ербеңдетіп: «Кейін қайт, алдыма түс, әйтпесе атамын» деп меңзеп келеді. Бізге қарай бауырын беріп бұрыла бергенде бұғалықты иіріп тұрып, доңғалағына сарт еткізейін. Кәнігі қол қалт кетпеді. «Оңға» дедім ұшқышқа. Сол-ақ екен лашынға ілдірген қарғадай боп ала бүйрек далпылдап төңкеріле қалды.


«Тарт алға!» дедім. Тұзаққа түскен пәшестің амалы құрыды. Бізді атса, өзінің де мүрдем кететінін біліп, танауына сірге өткізген тайыншадай артымыздан томпаңдап ерді де отырды. Не керек, намаздыгер намазшамның кезінде ел орынға отыра ауылға... ауылым не айырдромға алып келдік.


– Ол жолы қай медаліңізді беріп еді? – Құсыман тағы да бригадирді аяқтан шалды. Бірақ кәрі тарлан оны пәруәйіне де алған жоқ.


– Әй, қайсысын алсам да, сенің әкең қойын құрттап, қатығын ұрттап жүргенде, мен жаумен шайқасып жүргенмін, әйтеуір...


Біз Қиынның шатқалына еңкейе күн де әрі беттегі доңғалға иек артқан.


– Анау қара жартастың бел ортасындағы үңгірді көрдіңдер ме? – деді бригадир. Біз тағы бір қызық әңгіменің ұшығы шығып келе жатқанын сездік. – Көрсеңдер оны «Мыңжылқының қазынасы» деп атайды. Ол бір ұзақ әңгіме. Қос шетіне таяп қалдық. Кейін бір айтып берермін...


Мен бүгінгі сәттілікке, осы сапарыма қуандым. Осынау бір ақ жарқын жанның шындыққа бергісіз әңгімесі үшін бе, әлде мынау құрбыларыммен тізе қоса алғашқы еңбегімнің сапарына аттанғаным үшін бе, әйтеуір, қуанышты едім.


Біз Қиынның арғы бетіне асқанда күні ертең біз оратын егістіктің алтындай сап-сары алқабы кешкі алакеуімде көзге оттай басылады.


Алғашқы күннің азабы


Ақжарқын Әбекең жұмыс басталған бетте біреу «оқытып» кеткендей мүлде өзгеріп сала берді. Әзілі де, әңгімесі де, тіпті, айтпаса іші кебердей болатын өтірігі де адыра қалды. Жиыны он екі, он үш қара борбайлар алдына түскенге он сан қолға қолбасылық еткендей, ысқырынып шыға келсін. Бізге тіктірген төрт қанат киіз үйдің төріне орналасып алған соң, халімізді біле келген Әбекеңе Құсыман түлен түртіп қалжың айтқан.


– Аға, тағы бір медаліңіздің тарихын соқтыртып жібермейсіз бе?


– Әңгіме тыңдағанның көкесін ертең көрерсің. Қане, түп-түгел жатып ұйықтаңдар! – Бұйрықтан қай жері кем. Біз көрпе астында тұншыға күлісіп, қала бердік. Әбекеңнің өзі әлденені ызылдатып, егеуге кірісті. Тегі, күні ертең біз ұстайтын орақтарды екі аяғының арасына қыстырып алып, қайрап жатса керек.


Биік жайлаудағылар «етек» деп атайтын қолат-қолат бұйра бөктерлердің арасында жасырынған біздің жаңа қонысымызға да түн шымылдығын түсірді. Жайлау маңына көп жолай бермейтін ұсақ шегірткелердің үздіксіз шырылы ғана күллі кеңістікті тербеп тұрғандай. Ашық тұрған түндіктен түнгі аспанның бір бөлігі тулақтай ғана боп көрінеді. Әлде жұлдыздың көптігі, әлде ай туып келе жатты ма, қырық тесік туырлықтан сұғылған бозамық найзалардың сәулесі қатар жатқан бір-бірімізді еркін көрсеткендей. Ештай екеуіміз қатар жайғасқанбыз. Ол Құсыманның айлап шапса, талмайтын әлдеқандай бір тұлпарлар жайлы әңгімесін тыңдап жатыр ма, әлде ойланып жатыр ма, әйтеуір түндіктен көрінген түнгі аспанға жанар аудармай үңіледі.


Мені де әлдеқандай бір тәтті қиял кимелейді, өстіп жатқанда: «Менің Ештайым қайсың?» деп оның әкесі кіріп келсе ғой, шіркін, деп ойлаймын.


Мені ұйықтап қалды десе керек, Ештай көрпемді қымтап қойды. Сонан соң айқара құшақтаған қолын үстімнен алған жоқ. Дәл тәтемнің ұйықтар алдындағы қымтайтыны сияқты. «Шіркін, дәл осындай қамқор достың болғанынан артық не бар екен?!». Тәтті қиял құшағында жатып, кірпігім айқасып, ұйқының иіріміне шым-шым батып бара жаттым. Сыртта мың сан шегірткенің ырғақты шырылы тынар емес, үйде Құсыманның тұлпарының «шабысы» тынар емес. Енді бір кезде ол әңгіменің ағысын басқа арнаға бұрды.


– «Мыңжылқының қазынасы» деген бос сөз, – деген үнін анық естимін оның. – Ол үңгірде он мыңдаған жылқының қазынасы, тіпті, баға жетпес мол қазына, тай тұяқ алтындар мен жамбылар бар көрінеді. Мен тауып алсам ғой, шіркін, бәріңе бір-бір жамбыдан үлестіріп, қалғанын өзім өткізсем, суреттерімді газеттер басып... алтындарды сапырып...» Әрі қарай аузымен құс тістеген тұлпарларды да, сапырылған сары алтынды да ұйқы жеңіп, өз «ауылына» қарай сүйрей жөнелді...


– «Подъем» – деген дауыстан бәріміз де ұшып-ұшып тұрдық. Ет асым уақыт ұйықтадық па, таң бозынан жылы төсектен суырып алған мынау мазасыз үнге наразылық білдіргендей ұйқылы-ояу асықпай басып, тысқа шықтық.


– Қане, күн қызғанша біраз жұмыс істеп көрейік, – деді бригадир бәрімізге лыпылдата қайралған бір-бір орақты ұстатып жатып. Быдырық-быдырық қойнаулардың сай-саласын қуалап салынған арпа егістігінің ең шетіне келіп тоқтадық. Басын көтере алмай иіліп тұрған арпаның бір талын жұлып алған бригадир үгіп көрді де, өзіне-өзі әбден риза болғандай насаттана сөйледі.


– Жарықтық-ай, жарылқайын-ақ деп тұр екен ғой. Ысырап қылмай, жиып-теріп алсақ болар да. Қане, ұлдарым, іске сәт!


Командирдің бұйрығын күтіп тұрған жауынгерлердің бірден шабуылға шыққанындай он екіміз он екі жерден «қайда-қайдалап» егістікке түсе-түсе қалдық. Дәл қазір-ақ жапырып тастайтындаймыз.


– Өй, өңшең қырсыздар, тоқтаңдар, түге! Арбаға жаңа жегілген құнандай құлдыраңдасып, немене астықты басып-жаншып жөнелдіңдер! Айтты-айтпады бастығымызға осалдығымызды байқатпайық дегендей орған жерімізден масақ қалдырып, апырақтай жөнеліппіз. Орғандарымызды қалай болса солай, шашып тастап барады екенбіз.


Ол жалғыз қолы икемге келмесе де, астықты қалай орып, қалай баулау керектігін түсіндірді.


– Егер, – деді ол, – арттарыңнан бірде-бір сабақ шашылып, бірде-бір масақ орылмай қалса, жақсылық күтпеңдер.


– Мына суайтыңның жамбасына тас батып, ұйықтай алмай шыққан ғой деймін өзі, – деп күңкілдейді қатар келе жатқан Құсыман сыбырлап.


Не керек, бригадиріміз «олай баулама, былай орма» деп жүріп-ақ сиыр түс болғанша бел жаздырған жоқ. Біздің жау түсірердей арынымыз шәй қайнатымға жеткен жоқ. Біз сұғып алғандай беліміз удай ашып, қарымыз талды. Көзге құйылған ащы терді сүрткен болып қана бел жазамыз. Сәл кідіріп қалсаң «әй, асықты жілігі ұзын жігіт, сен неменеге тұрсың? Колхоздың жұмысы күйіп бара жатқанда ойындарыңды көтере алмаймын. Қимылда, қане!» деп дікілдейді. Әбекең алғашқы күнгі ертеңгілік шайымызға барғанша-ақ тағы бір қырынан танылып үлгерді. Он екімізге он екі түрлі ат қойып, айдар тақты. Ұзынтұра Әшірәліге «асықты жілігі ұзын жігіт», Құсыманға – «самар жақ», Меңтайға – «итке көлеңке бермес тақыс», Ештайға –«көсем торы», маған – «ақ қойдан үріккен қара тоқты» деп өзінше атады. Бізге де тыным таптырмай, өзі де тыныштық көрмей, «ал, шәй ішуге кеттік» дегенше бір қыдыру жердің егінін жайпадық. Оның қу жанының мазасы кетті де қалды, дәл бір өмірден кеш туып қалып, соның есесін қуып жүргендей. Шаршағанымыз сонша, қосқа келе жатып, аяқ астында қызыл маржандай тұнып тұрған қып-қызыл бүлдіргенді теріп жеуге шамамыз келмеді.


Баданадай-баданадай қызыл күрең арпаны шайымызға жүздіріп, қарынды қанағаттандырған соң, төсекке қисая-қисая кеттік.


– Бұл шолақ өйтіп қақаңдай берсе, жер сипатып кетермін. Пәшеске беріп келген бір қолын біз кесіп алғандай болды ғой бүгін?! – Келгенімізге бір күн болмай жатып, Құсыманның іркіті іри бастағанын сездім. – Кеше құда түсе келгендей, біздің үйдің төрінің алдына көлденең түсіп алып, «Құсыманжанды өз баламнан кем көремін бе? Менің қолымдағы бала үшін қам жемеңдер» деп сайрап еді, енді бүгін келіп, апшымызды қуырып барады...


– Тыныш жат-ей, самар жақ, – деді Меңтай. Маған қарап, Ештай мырс етіп күлді.


Бұлардың әңгімесін тыңдайтын, тіпті біреуіне бір ауыз тіл қататын шама жоқ еді. Таң құлан иектенгеннен ымырт үйірілгенге дейін тырбанып, егін ору жартастың үстінде шоқиып отырып, қозы жаю емес екен. Аяқ-қолға зілмауыр тас байлап қойғандай, қозғалтпайды. Жон-жотадан сегізкөзге дейін әлде біреу мың-сан ине сұққылап жатқандай ду-ду ашиды. Бірақ бәрібір бүкіл тұла-бойың, болмысыңмен ұйқы құшағына енуге құштар. Тыныштық, тағы да тыныштық. Астыға төселген сабан «төсек» құс мамығындай жайлы-ақ. Тыныштық тілейді.


Орақшы атану да оңай емес


Біз Әзімбұлағының басындағы қара қосқа келгелі он үш рет таң атып, он үш рет күн батты. Әр күнге орта есеппен шаққанда, Әбекең бізді ең кемі 6–7 реттен сыбап алады десек, осы уақыт ішінде әрқайсысымызға тойып артылардай «сыбағамызды» сыйлапты.


Бәрімізден де артығырақ «үлес» алған Құсыман болды. Ол өз сөзінде тұрып, екі-үш күн өткен соң-ақ жайлауға қарай зытып кетіпті. Шамасы таң алдында қашса керек. Салпаң құлақ торысын сабалап, іле ізіне түскен Әбекең сиыр түс болмай алдына салып қуалап келді. Ләм деместен Құсыман келіп, көк шөпке құлай кетті. Ләм деместен тұлан тұтып, Әбекең кетті қосқа қарай. «Қай жерден ұстады? Не деді? Ұрысқан жоқ па?» деп, біз де сұрақты жаудырып жатырмыз.


Әбекеңнен қулық қашып құтылған ба, орағыта шауып барып, бұл шіркінді Қиынның асуынан тосып алыпты. «Ах, дезертер», депті де, ат үстінен жон арқасынан бір осып өтіпті. Сөйтіпті де, қамшысымен алдыма түс дегенді нұсқапты. «Үйге қайтамын» деген сияқты бірдеңесін міңгірлеген екен, қамшысын екінші рет сілтейтін ыңғай танытса керек. Құсекеңде қарсыласар қайрат қайда, алдына түсіп, ит бүлкекке салып отырыпты, анау тырағайлатып қуып отырыпты.


Сол күні түскі шәй кезінде Әбекең жиналыс ашқан. Әрине, қаралатын мәселе біреу ғана. Ол – «дезертердің» мәселесін талқылау. Әбекең түнеріп отырды да:


– Қане, айтыңдаршы, мына пісіп төгілейін деп тұрған астық кімдікі? – деді түсін суытып. Бізде үн жоқ, гипспен қатырып қойғандай, отырған орнымызда тымырайысып-тымырайысып қалғанбыз.


– Айналайындар, қалай жүздерің шыдайды? Колхоздың шаруасын жол ортаға тастап, тайып тұруға? Мен үшін еңбек етіп жүрмін деп ойламаңдар. Егер өздеріңнің ар-ұяттарың жетсе, қазір-ақ қайта беріңдер. Бәріңді де босатам. Мейлі, күні ертең өздерің жейтін, әке-шешелерің жейтін астық ысырап болып, жерде қалсын... Бастықтарға айтармын «Балалар шаршаған соң, ормап едік» деп. «Керек болса, астық оратын жалғыз комбайыныңды таудағы аз арпаға әкеліп сал!» деп.


Ол айтары таусылғандай бетімізге қарап, бағжиып отырып қалды. — Қалай, қайтасыңдар ма?.. – Ол әр қайсысымызға барлай қарады. Әлі мелшиіп-мелшиіп, көзімізбен жер шұқып отырмыз.


– Әрине, қайтпаймыз. – Ештай бәріміз үшін жауап берді.


Әбекеңнің де күткені осы сөз екен. – Онда, – деді ол, – онда қайтып мұндай сұмдықты естімейтін де, көрмейтін де болайын.


Жиналыс қысқа қайырылды. Шынында да содан кейін қашу жайлы ешқайсысымыз ойлай қойған жоқпыз, мүмкін, ойласақ та айтпаған болармыз. «Әй, мынаны биыл орып тауысуымыз мүмкін емес» деген егістікті мүжи-мүжи тәмәмдауға айналдық. Он төртінші күн дегенде қалтарыс қолаттың біріне салынған соңғы тақтаға орақ салдық. Бұрынғыдай емес, біз орған арпаны бастырып-ұшыратын, одан қамбаға таситын адамдар келіп, қара қосымыздың маңында қараң-құраң көбейген. Біз орақты бастағалы Әбекеңнің бес-алты тал сақалы да ұстараны ұмытқан. Қу жанында тыныштық жоқ. Бұл салпаң құлақ торының, салпаң құлақ торы мұның сорына жаралғандай. Бірін-бірі қинап, тыныштық көрмей жүргендері сол.


«Өлараның салпыетек жаңбырына ұрынбай жиып-теріп алсақ болар еді» деп соңғы үш-төрт күнде, тіпті, тығырлатып кеткен. Жалқау торы екеуі қырман мен екі араға жол сап кеп жүргені.


Аз ғана күнгі жұмыс бәрімізді де кәнігі орақшылардай ысылдырып тастапты. Алғашқы күнгідей беліміздің біз сұққандай удай ашып ауырғаны да байқалмайды. Басын көтере алмай иіліп тұрған бітік егінге асықпай-аптықпай баппен орақ салған сайын соңында бау-бау арпа қатар сұлап қала береді. Өзімізше қалыптастырған тәртібіміз бар. Оның да кеңесшісі Әбекең. «Қайта-қайта дем алған кісінің еңбегі өнбек емес. Әрқайсың пәлен бау орған соң, дем аламын деп өздеріңе шарт қойып істегендерің жақсы» деген. Содан бері біздің ортақ шартымыз – «отыз бау түсірмей, орақты тастамау». Қашан да отыз бауды ең алдымен Ештай, одан кейін Меңтай, үшінші болып Әшірәлі баулайды. Қалғанымыз «сөреге» қарайлас жетеміз. «Осы үшеуінен басқаларыңнан орақшы шықпайды. Баяғы менің торымның жүрісі сендердікі» деп Әбекең мысқыл айтады. Басында өзімізді қамшылап, біраз тапырақтап қимылдап көргенбіз, бірақ біздің олармен үзеңгі теңестіре алмасымызды мойындаған соң ғана нәтижесі жоқ «қуғынды» тоқтатып, үйреншікті аяңымызға қайта басқанбыз.


– «Көз – қорқақ, қол – батыр» деген осы. Таусылмастай көріп едіңдер, қараңдаршы, жарты айға жетер-жетпес уақытта қыруар жұмыс бітірдіңдер. Сәтін салып, бүгін түске дейін бітіріп, орақты жинасақ, түстен кейін той жасаймыз. Ертең түске дейін демалыс жасайсыңдар, – деген еді Әбекең таңертеңгілік. Содан да болар, бүгін екілене сілтеп келеміз. Өзімізге үйреншікті үзіліс арасындағы мөлшер отыз бауды орып болғанша бұрын шаршап-шалдығып әрең жетсек, бүгін елу-алпыс бау түсірмей бел жазбайтын өнер шығардық. Күн тас төбеге тармаса соңғы тақтаның соңғы масағы да жығылып болды. Бір қызығы Құсыманның орақшылық өнері соңғы күні ғана танылды. Күн арқан бойы көтеріле суырылып алдыға шығып еді, өзіне тиесілі атыздың арпасын сол басқадан ұзаған қалпы бұрын бітірді.


– Ура, мен бұрын болдым! Көрдіңдер ме, шындасам қай мақтаншақпен де жарысқа түсе аламын. – Ол орағын жерге шанша салып, соңғы құшақты баулай бастады.


– Сеніңше, жұмысты тақыстанбай істегендердің бәрі мақтаншақ екен ғой, – деді Ештай.


– Айттым ғой, бұл самаржақ бар күшін қолына емес, аузына жұмсайды. Шамасы жетпесе оқа емес, шамасы жете тұрып, аяншақтық жасау – аярлық болады. Содан да ма, бүгінгі өнеріңе қуанышымнан гөрі ренішім басым болып тұр... – Әбекең салмақтай басып, Құсыманның қасына барды. – Жолыңды сілтеп, жөніңді нұсқайтын бір адам табылмаса, әлгі бір кесек ет тастамаса өнер көрсетпейтін цирктегі жолбарыс сияқты тақыс болып кетуің кәдік.


– Ой, ағай, мүмкін, менің орақшылық өнерім бүгін ғана жетіліп болған шығар, – дейді Құсыман айылын да жимастан.


– Ылайым солай болғай...


Бәріміз арпаны баулап, арбаға тиеп болған соң, шұбырып ауылға тарттық. Әбекең уәдеде тұрса бүгін түстен кейін дем алдырмақшы. Сабақ басталғанша әлі он-он бес күн бар, қолына бір түскен соң мектепке аттанғанша тыныштық бермесі кәміл.


Сабантой


Әбекең сөзінде тұрды.


Шолақбұлақта жатқан арық-тұрақ малдың ішіне әкеліп қостырған төрт-бес сойыс малы бар екен, соның бірін Әбекең алып келіп, басын қайырды. Орақ науқанын күн райы бұзылмай тұрып тамадаған біздің құрметімізге бағышталған аққұла мал. Оның үстіне, кемпіріне қойдың іш майына бір тегене қызыл күрең бауырсақ пісіртті. Күндегідей емес, қуырылған арпа да, сары май да, жесең тойғысыз арпа талқаны да молдау қойылды дастарқанымызға. Шайдың алдында Әбекең бізді бойымызға қарай сапқа тұрғызды.


– Менің жауынгерлерім, бүгін сендерге өз атымнан және колхоз басшылары атынан алғыс жариялаймын! Алдымен – Сайысқанов Ештайға, – деп бастап шұбыртып кеп топтың жуан ортасында мені атады. Тізімнің ең соңын самаржақпен тұйықтады. – Сендерге рақмет, балаларым, дегім келеді. Азамат болды деген осы, әрқайсың әке-шешеңе еңбеккүн тауып, көмектестіңдер. Бұл еңбеккүн – сендердің алғашқы табыстарың болуымен құнды, сендердің азамат болғандықтарыңның белгісі. Енді он шақты күндей пішеншілерге көмектесіңдер, онда да осылай адал жұмыс істеңдер. Мен мынау Құсыман балама «самар жақсың» деп ұрса беремін. Оның да жаман кемшілігін көріп қалдым бүгін. Ол – тақыстық. Барыңды салып, жұмыс істемей, тасада тұрып бақылайсың. Арыл дер едім, ұлым.


– Әй, бұл шолаққа жұмыс істесең де, істемесең де жақпайсың. Мен десе ата жауын көргендей тыжыранады екен! – Құсыман қатты айта алмай, күңкілдеп тынды. Шамасы өз кемшілігін мойындап қалған. Бригадирге тіке шабуыл жасауға батылы бармады.


– Ал, қане, той дастарқанына отырайық! – Күн ұзынғы қызыл сөзінің ішіндегі біз үшін ең тұжырымдысы осы болып көрінді.. Жайылма дастарқанды айнала жапа-тармағай отыра қалып, алдымен бытырап жайылған қойдай шашылып қалған бауырсақтың он екі жағынан он екіміз ат қойдық.


– Өй, өңшең сары ауыз балапандарым, жеңдер, жеңдер, – дейді Әбекеңнің кемпірі мейірлене қарап. «Қолы қимылдағанның – аузы қимылдайды» алыңдар, қарақтарым». Әбекеңнің өзіне де талай күннен бері жоғалып кеткен жылылығы қайта қоныстанғандай. Күле қарап, қызыл шәйді баппен ұрттайды.


Кеселеріміз бір-екі айналып үлгермей, бауырсақты қуғаннан қуып отырып, соңғы шоғырын дастарқанның ортасына апарып тастағанбыз. Ол ортаға әрқайсысымыз бір-екі барып қайтқан соң өндіршектей бермейік деп, қарнымыздың бос жерін майға былғаған арпамен толтыруға кіріскенбіз.


Құсыман кесесін қоя беріп, еңкейіп барды да, қатар жатқан қос бауырсаққа «бұғалықты» бірден салды. «Осыным қалай болар» дегендей, Әбекең жақты жанарымен барлатып, оның да назары өзіне ауғанын көріп, амалсыз біреуін жолай қимағандай домалатып кетті.


– Қысылма, балам, «жаман ат – бірден, жақсы ат – екіден» деген. Ала бергін, – деді Әбекең.


Той дастарқанының бірінші кезегін осылай тәмәмдап, сиыршылап орнымыздан тұра бастадық.


– Әй, балалар, бытырамай тұра тұрыңдар, той болған соң, ойын-сауықсыз бола ма?! – деп Әбекең тағы бір ойының ұшығын шығарды.


– Мына шолағың цирк көрсеткелі жүр ме? – Құсыман әлі де бағанағы өзіне айтылған сөздің қарымтасын қайтарудың әлегінде жүрсе керек.


– Үлкен кісі ғой, естіп қалса ұят болар. «Шолақ» атанайын деп шолақ болды дейсің бе? – деді Ештай. Үнінде үлкен кісіге тән салмақ бар. Құсыман шамданды.


– Әй, көсемторы, өзіңді мақтаған соң, сойылын соғып тұрған шығарсың. Бір мақтаншақты бір мақтаншақ жақтамай қайтсін.


– Саған дауа жоқ шығар, – деді Ештай жылы жымиып.


– Қане, менің жауынгерлерім, көйлектеріңді шешіп тастап, сонау тұрған түйе тасты көрдіңдер ме? Соның қасына барып, сапқа тұрыңдар. Мен жоғары көтерген қолымдағы орамалды түсіргенде бермен қарай жүгіріңдер.


– Мынауыңыз жаяу бәйге ме? Е, оған біз не үшін ала өкпе боламыз? Бәйгеңіз болса мына Ештайға бере салыңыз, ақыр ол алдына жан салмайды.


– Апыр-ай, бала-ай, әкең момын сияқты еді, сен самаржақ кімге тартып туа қалдың екенсің? Жігіт намысы тұрғанда қай атаңда шаппай бәйге бергенді көрдің? Сен жүгірмесең, басқалар жүгіреді. – Әбекең Құсыманның бетін қайтарып тастап, қалтасынан қос басты ақ бәкісін шығарды.


– Міне, – деді ол, — міне, бас бәйге! Қане, тартыңдар.


– Жоқ-ә, менің айтпағым «екінші бәйге бола ма?» дегенім ғой. Содан дәмеленіп көрер едік.


– Әй, өлмегір-ай, – дейді Әбекең осы қызылкөзден құтылайын дегендей, – бар ғой, екінші бәйге неге болмасын?! – Сонан соң, ол екінші бәйгеге не берерін ойланғандай, біраз мүдірді.


– Сарала қамшыңызды, – деді балалардың бірі.


– Болсын қалағандарың.


Бұл кезде қырмандағы астық бастырушылар да келіп, түскі шәйға жайғасқан болатын.


– Оу, Әбеке, мыналарды жаяу бәйгеге түсірейін деп жатқаннан саумысыз? – деді Тұрлыбек қарт келіп. – Әй, Әбеке-ай, сенің де шығармағаның жоқ-ау.


Біз түйе тасты бетке алып бара жатқанда Әбекеңнің «Е, әлі емшек сүті езулерінен кетпеген ойын балалары ғой...» дегенін естіп қалдым.


Ештай көмбеге жеткенше тағы да маған жаяу жарыстың тәсілдерін үйретумен болды: «Анау орта жолдағы бүргенді сайға жеткенше өзіңді көп қинама. Еркін, бірқалыпты сілтеп отыр. Бәрі алдыма түсіп кетті деп егеспе. Өкпең тез өшеді. Бүргенді сайдан шыға бере күшіңді сал. Қалайда екінші келуің керек. Сонда сарыала қамшыны иемдендім дей бер.


Тұп-тура былтырғы ақылы. Күннің батып, таңның атуы қандай шындық болса, бірінші бәйгені де өзінің алатыны сондай шындық сияқты. «Менің қарамды негізге ұстап, жылдамдығыңды мөлшерге ал. Әшірәліге абай бол. Әбекең: «Асықты жілігі ұзын жігіт» деп бекер айтады деймісің. Жер жақын, алғашқы екпінмен алып кетуі мүмкін...» Ол өте бір үлкен құпияны айтқандай мені оңашалап, күбірлеп келеді. Былтыр күзде де осылай оқытқан. Бірақ ақылы қонғанмен, о баста қонбаған жүйріктік өнер қайдан келсін?! «Тезек теріп», жұрттың соңынан сөреге іліккенмін.


Желаяқ бала


... Өткен күздегі Октябрь мерекесі болатын. Ештайдың екі-үш күн бойы есі кетіп, жарысқа қатты даярланғаны. Мені ауыл сыртындағы қара жолға ертіп апарып, біраз жедел даярлық жасағанбыз. Құмдауыт топырақтың ішінен ешкішекті тауып алып, күс-күс табанға жағып, қолдан келген «ырым-жырымның» да парызын түсіргенбіз. «Ешкішекті табанға жақса, адам жүйрік болады екен» дегенді де шығарып жүрген Ештай.


Той өтетін күні екеуіміз ерте тұрып, тағы бірден қара жарыс салдық. «Жолдас, сен ұзаққа сілтейтін жүйріксің, кеудең кең» деп қолпаштаған соң, мен де біраз дәмеленіп жүрмін ғой, өзімше.


Балуан түсіріліп, көкпар тартылып, аударыспақ ойындары өткен соң, тойды басқарып жүрген Ақтай бастық: «Балалардың жаяу бәйгесіне қатысушылар ортаға шықсын» деп жар салған. Мен жеме-жемге келгенде тайқиын дедім. Өз өнерімнің шамасын мөлшерлесем керек.


– Жо-жолдас, жарамайды оның. Қатар құрбыдан қалған біздей жігіттерге жараспайды, – деп қолқаласын Ештай. «Жігіт» деген сөз қамшы болды ма, нар тәуекелмен мен де ортаға шықтым.


Айдаушы болып тағайындалған Қайырхан шал атқа мініп, жиырмаға жуық ши борбайды алдына салды. Мәреміз атты кісі аяңмен сүт пісірім жүретін құс фермасының тұсы. Онда да дәл бүгінгідей мәреге жеткенше талмай оқытқан. Бәріміз қатар-қатар тұрған соң Қайырхан шал:


– Ал, балалар, жолдарың болсын! – деп айтар-айтпасы мұң екен, бәріміз бәйге аттарындай зымырап жөнелдік. Ештайдың бүгін ғана емес, кеше күні бойы миыма құйған «дәрісі» ұмытылып, мен де жан сала ұмтылғам. Тапырақтап қуып жеткен Ештай қолымнан ұстай алды.


– Әй, асықпа дегенім қайда? Босқа өкпеңді өшіресің ғой.


– Аналар кетті ғой, – дедім мен бір топ болып, бір-бірімен салғыласып бара жатқан тобырды нұсқап.


– Ұзамайды, – деді ол, – белгілі ғой.


Артымыздан да өкшелеп келе жатқан бір-екеудің танауының пысылдарын тұп-тура желкемнен сезіп келем. Ештайдың «асықпасына» көнем деп, жайшылықта шаңымды қауып жүретіндер де алдымызға түсті. Сөйтіп келе жатып, алқына бастағанымды сездім. Бағанағы қарқынның бірі жоқ, қара саным үзіліп түсіп барады. Кеудем де біреу бір кесек шоқ тастап жібергендей лапылдап, өртеніп барады. Басқа балалар да арындарынан айрылып, бір-бірлеп бытырап кеткен. Жанасалай шапқан Қайырхан әрқайсымызды демеп қояды.


– Өй, екеуің бір-біріңді жетектеп мұнда жүргенде әлгі Қоспанның Әшірәлісі Шаштөбеге жетіп қалды, – деп хабарлады бізге. Ол кісі айтқандай Ештай мені шынында қолтығымнан алып демеп келе жатқан. Алғашқыдай емес, тынысым түзеле бастағандай, аяқ алысым да бірқалыпты ырғаққа түскен.


– Өй, сен жүгіре берсейші, – деймін Ештайға. – Аналар ұзап кетті ғой.


– Қайда барар дейсің? Шаштөбеден әрі қарай қамшы салсам да жетермін.


Келіскен жерге жете бере ол: «Ал жолдас, барыңды енді сал» деп, жүгірісін жылдамдата түсті. Мені демеп емес, сүйреп келе жатқандай. Оның жолын байлағым келмеді ме, әлде біреудің сүйреуімен күн кешкен мынау тірлігіме намыстандым ба, әйтеуір қолымды жұлқи тартып, босатып алдым.


– Айда, тарт! – дедім. Құр атқа міне шапқандай мойнын ішіне салып алып, Ештайым тапырақтай жөнелсін. Аяқ алысына таң қалып келмін. Түйенің желгеніндей бір түрлі тайраңдап жүгіреді екен. Бойы менен сәл аласалау болса да, май топыраққа түскен жалаң аяғының ізінен байқап келемін, жүгіргендегі адымы кең екен. Оның үстіне аяқ алысы да тым ширақ. Мәреден жаңа шыққандай. Қайырхан атамның сау желіп бара жатқан атынан қалысар емес. Әне-міне дегенше қалың шиге еніп, көзден таса болды. «Апыр-ай, Әшірәлілерге жете алар ма екен, сәл ертерек жіберуім керек еді» деп ойладым. Өзім сол баяғы сар желіспен орта тұста бірқалыпты келе жатқам. Бір бұрылыста жүгіруді қойып, аяңға түскен Құсыманды қуып жетейін.


– Өй, бәрібір бізге бәйге жоқ, өкпемізді өшірмей-ақ, асықпай барайық, – деген сөзі онсыз да демім бітіп, діңкем құрып келе жатқанда ем бола кетті. Мен де арынымды азайтып, аяңға түстім. Артымыздан қуып жеткендерді үгіттеп көріп едік, бірлі-жарымы ғана келісіп, тізгін тежеді.


– Қойғандары суып бара жатса, ұмтылыңдар, – дейміз Құсыман екеуіміз өзіміздің шешімімізге әбден риза көңілмен.


Біз тойлы жерге жеткенде жұрт басқа бір ойынның қызығына түсіп кетіпті. Жаяу жарыстың болары болып, бояуы сіңген сияқты, тіпті, біздің о баста санатқа қосылып, жарыс жолына шыққанымызды да ұмытқандай.


– Әй, жолдас, саған не болды? – Аяғыңды ауыртып алған жоқсың ба? – деді арып-ашып жеткен бізді қарсы алған Ештай.


– Менен жүйрік шығатын емес, – дедім сүлесоқ. Босқа шаршап, сонша жерге алаөкпе болып барғаныма «сен кінәлісің» дегендей үнімде азын-аулық ызғар да жоқ емес.


– Кім келді, бірінші боп, кім? – деді Құсыман. Ештай жауап беруге асыққан жоқ. Балағы жырым-жырым көнетоз шалбарының мешкей қалтасына қолын көмейлете сұғып жіберіп, қызыл-жасыл домалақ конфеттердің бір уысын алып шықты.


– Бәйгенің сарқыты ғой, балалар талап қойды, сендерге деп әрең іркіп қалдым, – деді. Үнінде бір түрлі насаттанғандық белгісі байқалады. – Әшірәлі де недәуір жүгіреді екен. Құлахан апамның фермасының тұсында әрең қуып жеткенім.


– Екінші болып сол келген шығар? Оған да конфет берді ме бәйгеге? – Құсыман өзіне тиген он шақты конфеттің қалған бір тобын аузына тоғытып жіберіп, көптің ішінен әлдекімді алақтап іздей бастады. Шамасы, Әшірәлінің бәйгесінен де сыбаға дәмететін сыңайы бар. Ештайдың аузынан «иә» деген сөз шығуы мұң екен, ол кідірмей-ақ көптің ішіне сүңгіп кетті.


– Жолдас, бүгін конфетке тоюдың төте жолын айтайын ба? – деді Ештай бір жаңалық ашқандай. – Давай, қалаға тарттық. Білесің бе, онда той түс ауа қызады. Қазір тартып кетсек, аудан тойының жаяу бәйгесіне үлгереміз.


– Қо-о-ой, – дедім сенімсіздеу үнмен. – Үлгермейміз ғой, үлгерген күнде де онда жаяу бәйгеге жоғары кластың балалары түсетін шығар. Олардан оза алар ма екенсің?


Айтарын айтсам да, қаланың тойын көруге ынтығып-ақ тұрмын. Қозы көш жерге жаяулап жету де оңайға түсетін емес. Ақыры үлкен тойды көруге құмарлық дендеді.


– Тәуекел! Кеттік! – Тағы бір өзіміз сияқты төрт-бес жалаң аяқты ілестіріп алып, бір той тарқамай жатып, екіншісіне аттандық. Қара жолдың шаңын бұрқыратып, Сарыбұлаққа іліге артымыздан бір топ атты қуып жетті. Біздің ауылдың ауданға аттанған тойшылары.


– Аға, бізді ала кетіңіздерші, аудандағы жаяу бәйгеге қатысайық деп едік. – Тағы да Құсыман пысықтық көрсетті.


– Әй, сен ауылдың жарысында жарытқаның шамалы еді,жаяу бәйгеге қатысып «жаяу» келгеніңді көріп едік қой. Анау Сайысқанның ұлы айтса бір сәрі. Міне, мұны «біздің желаяғымыз мынау» деп қосуға болады. Кел, алдыма мінгес, сені апарып қосайын жарысқа, – деп, мана айдаушы болған Қайырхан қария Ештайды өзіне шақырды.


– Мыналарды да бір-бірден мінгестіріп алыңдар. Қызық көрсін, – деді ол серіктеріне қарап.


Атқа мінгескен соң, аяғымыз суып, адам боп қалдық. Қаланың бергі шетіндегі тойшы халықта қисап жоқ, қарағұрым.


– Балуанға түсіруді мыналар бастап жібермесе не қылсын, – деді үлкендердің бірі атын тебіне түсіп. Сонан соң, – бірақ колхоздан келетіндерді тосса керек қой, – дегенді айтты.


– Ата, әне жаяу бәйгенің балалары бері қарай шықты. Қараңызшы, бір топ болып қозғалды. – Ештай ердің үстінен ұшып кететіндей бар денесімен алдыңғы жақты нұсқады. Айтқандайындай-ақ тойшы қара нөпірден бізге қарай бөліне шыққан шоғыр топ өңшең жаяу екен. Орталарындағы жалғыз аттысы бар. Шынында да бұл жаяу бәйге еді. Бір жақсысы, әйтеуір, бағыттары біз жақ сияқты.


Ештайдың ойын дөп басқандай Қайырхан қарт тебініп қалды.


– Қане, жігіттер, үкілеп алып шыққан жүйрігіміздің бағын байламайық.


Жарысқа түскен балалар мәреге жеткенде біз де олардың қасына келген едік. Дәл осыны күткендей Ештай аттан домалап түсті. Әй-шай жоқ, мәреде сапқа тұра бастаған балалардың ішіне қосылып кетті.


– Әй, шырағым, – деді Қайырхан оған жақындап. – Осыған арамтер болмасаң қайтеді, ішінен сен құралыптас біреуін көріп тұрғаным жоқ. Өңшең сайдың тасындай ірі балалар көрінеді, жеткізер деймісің?


– Ақсақал, баланың табаны қышып тұрса көрсін, қайтесіз? – деді біздің қасымызға келіп сәлемдескен қияқ мұрт мосқал қара. – «Шын жүйрік тай күнінде-ақ танылар болар».


Жаяу жарыстың айдаушысы болып келген мосқал қараның лебізін біздің адамдар да құптасып қалды. Тек Қайырхан қарт қана өз дүдәмәлін білдірді.


– Арнайы әкеп қосқан жүйрігіміз емес еді, тайымыздың өзінің талабына ғана тапсырдық. Барсын!


Мен осы сәтте бір ауылдың үлкендерінен келе жатқан мынау аз ғана топтың да намысқа шаба бастағанына таң қалдым.


Ештайдың жырым-жырым балағын түрінгенін күтіп тұрғандай мосқал қара қамшысын сілтеп қалды. Сол-ақ екен, біздің жігітіміздей жалақ аяқ, шалбарын сүйреп жүрген бір де бірі жоқ, өңшең жеңіл киінген балалар қатар-қатар жүгіре жөнелісті. Ауылдағы біз сияқты бірден жан ұшыра ұмтылысқан жоқ. Қос жұдырықтарымен кеуделерін қыса ұстап, бір қалыпты ырғақпен сілтеп барады. Біз де желе жортып қатар келеміз. Әзірге Ештай да солардың ырғағын бағдарлап келе жатқандай. Әттең бойының кішілігі, аяғының қысқалығы ғана жанын қинап бара жатқандай. Басқаның бір адымдағанын ол екі адымдайтын сияқты. Алдағы кемі үш-төрт шақырымдай жарыс жолының қай тұсына барғанда күш саларын мөлшерлеп келе жатқандай.


– Бас, Ештай, бас, – дейміз жөн-жосықсыз ұрандап. – «Шындықтың» намысы үшін, бас!


– Әй, шуламаңдар түге! Өзі де біледі сендерсіз-ақ. – Қайырхан шал түлкі тымағын көтеріп қойып, жанасалай шауып келеді. Біздің дабырымызды тыйып тастағанмен, өзі де үлкен дүбірлі бәйгеге тұлпарын сайлап қосқандай: «Иә, сәт, иә, сәт!», – деп күбірлеумен келеді.


– Ештай, ұста мынадан, – деді Құсыман қарап отырмай шылбырдың бір ұшын лақтырып.


– Тарт! – Қатар келе жатқан мосқал қара ақырып қалды.


– Өй, жетесіз! – деді Қайырхан қарт әлдекімнің артына мінгесіп келе жатқан Құсыманға қарап.


Бұл кезде балалар да ұзыннан-ұзақ жол бойына селдіреп кеткен болатын. Біркелкі киінген үш бала шу дегенде-ақ алдыға қатар түсіп еді, сол қалыптарымен лақтырған тастай боп, өзгелерден арқан бойы алда кетіп барады. Ештай терін жеңімен сүртіп тастап, сол баяғы сабырлы қалпынан танбаған күйі орта тұста келеді. Жол ортадан аса өкпелері әбден өшсе керек, екі-үш бала қолдарын бір-бір сілтеп қалып қойды.


– Әй, үйлеріңе тезек тере келіңдер, – деді Құсыман атқа мінгескеніне қоқиланғандай әлгілерге қарап.


– Әнәні, бағана өзіміздің де айдалада қалғанымыз есіңде жоқ, ә? – дедім Құсыманға. Оны елең қылар Құсекең жоқ, екі езуі екі құлағында, әлі де Ештайды көтермелеп, дыбыстап келеді.


Думанды жұрттың қарасы тым жақын қалды. Алдымыздан бізге қарсы шапқан бес-алты атты көрінді. Өз желаяқтарын көтермелеуге шыққандар болса керек. Демек, сөре де жақын қалған. Осыны сезгендей балалар да аяқ алыстарын ширата түсті. Алдағы үшеудің манағыдай емес жұптары жазыла бастапты.


– Өй, не қара басты, болсайшы, ана үшеуі кетті ғой, ойбай! – Құсыманның жан даусы шықты. Оған бұл жолы ешкім дау айтқан жоқ. Бәрінің де ойында осы бір хауіп бар сияқты.


– Балам, барыңды сал енді! – Қайырхан ақсақалдың даусы бір түрлі жалынышты естілді. – Иә, сәт, иә сәт! – Осыны күткендей Ештай біз білетін жүгірісіне салып, ышқына ұмтылды. Әне-міне дегенше бірнеше баланы басып озып, алдағы үшеудің соңына түсті.


– Аруақ! Аруақ! Абырой! Абырой! – Қайырханның даусы тарғылдана шықты.


– Апыр-ай, тіл-көзден аман болсын, жігерлі-ақ екен. Кімнің баласы? – деді қатарласа шауып келе жатқан мосқал қара.


– Сайысқан балуанды естуің бар ма еді? Соның тұяғы. – Шал тағы да ұран салды. Менің көзіме жас тығылды. Ештайды бірдеңе деп рухтандырғым келеді. Бірақ аузыма ештеңе түспейді. Тек жүрегіммен ғана, іштей көтермелеп келе жатқандаймын. Сөреге тас лақытырымдай қалғанда Ештай алдағы үшеудің арасына барып киліккен. Ең алдыңғы сидаң қара да мынау ойда жоқта келіп қосылған жердің құртындай қызылкөзден сескеніп қалса керек, екі өкпесін қолына ала ұмтылды. Оның көлеңкесіндей болып ізінен екі елі қалмай қойған Ештай әне-міне дегенше тізе тиістіріп алды.


– Абырой! Абырой! – деді Қайырхан бүкіл қызықшыл жұрттың назарын өзіне аударып. Бәрібір екі жүйрік салғыласқан күйі сөре сызығынан қатар өтті. Ештай өте бере-ақ көгалға ұшып түсті. Буынын ұстай алмай қалса керек. Қаракерден домалап түскен Қайырхан бірден Ештайды жерден көтеріп алып, бауырына басты.


– Асылдан қалған сынығым сол! – деді. Көзінің жиегі қызара қалыпты.


– Ақсақал, баланы жіберіңіз, кішкене жүргені жақсы. Арқасына киім жабыңыз, – деді әлдебір білгіш.


– Жолдастар! – деді шіңкілдек сары астындағы есік пен төрдей құла қасқаны ойнақтатып, шамасы, той басқарып жүрген адам болса керек. – Халайық, жаяу бәйгенің қорытындысын шығарамыз. Бірінші бәйге аудандық интернаттың сегізінші класс оқушысы Саржановқа...


– Әй, сенде ұят бар ма? Онымен иық тіресе келген қаршадай баланы қайда қоясың? Бастық болсаң, өзіңе бастық, баланың бағын байлама, бер бәйгесін! – деді манағы мосқал қара атын тебініп. – Шешіміңді айтпас бұрын төрелігін халайықтан неге сұрамайсың?!


– Ол жарысқа незәкөнні қосылған. Спесекте жоқ, – деді шіңкілдек сары ақтала сөйлеп.


Сол кезде Қайырхан барып араласты.


–Әй, шырағым, зәкөн-мәкөніңді қалтаңа салып қой. Осы жарысқа әдейі қатысам деп жаяу-жалпы жеткен жұдырықтай баланың меселін неге қайтарасың? Егер біле-білсең, осы жерде талай жаурыны жерге тимесіңді жер қаптырған, Отан соғысынан оралмаған арыс Сайысқан балуанның тұяғы бұл. Жоқ, әлде саған кешегі қан майданда елі үшін опат болған азаматтың ұрпағын шетқақпайла деп үйретіп пе еді? Ондай зәкөніңді біз де білеміз. Бер, баланың бәйгесін, әйтпесе рәйкөмнің алдына сүйреп апармасам Қайырды атым өшсін!


Шіңкілдек сары мүдірді. Жанды жеріне жаңа тисе керек.


– Балаға берсін бәйгесін, берсін! – деді жұрт жаппай шуласып.


Сарының амалы таусылды. Діңкесі құрыды.


– Онда, – деді ол бәсеңдеу үнмен, – онда бірінші бәйге «Шындық» колхозының желаяғы... пәмилесі кім еді?..


– Сайысқанов, Сайысқанов.


– «Шындық» колхозының желаяғы Сайысқановқа берілді, кәстөм-шалбар... – Ол қоржынына қол салып, су жаңа костюм-шалбар алып шықты. lшіне Ештайды қойып, екеуіміз де сыйып кетердейміз.


– Бара ғой, балам, – деді Қайырхан.


Иә, біз ол күні конфетке тоя алмадық. Бірақ мақтадан ғана тоқылған арзанқол бәйге біз үшін нар бастатқан бір тоғыздың бәйгесінен кем қуаныш әкелген жоқ. Қуанышы өз алдына «Шындықтың» аз түтіні «желаяқ бала» жөніндегі шындықты аңызға айналдырған. «Қолтығының астында қанаты бар екен» деушілер де болған көрінеді.


Мыңжылқының қазынасы


Әрине, өткен күздегі ол жарыстар мен бүгінгі жарысты шендестіріп бекер. Ол – бүкіл бір ауданның, қала берді бір колхоздың адамдарының алдында Ештайдың атағын аспанға көтерген той болса, бүгінгі – он екі-он үш баланың қол орақпен аз ғана егінді орып бітіргеніне арналған шағын ғана қуаныш. Бірақ жарыстың үлкен-кішісі болмақ емес, өйткені бәрінде өнер, қабілет, тіпті, намыс өз өресін танытпақ керек. Бұл жолы да екінші бәйге үшін барымызды салдық, өйткені«желаяқ бала» атанған Ештайдың бәйгесін шаптырмай ұстатуға бәріміздің де қол қоярымыз күмәнсіз. Ештай мені он жерден оқытса да, Әшірәлінің алдына шыға алмадым, жата қалып, жер тырнамасам, одан басқа Ештай үйреткен амал-айлалардан өнген ештеңені көргем жоқ.


Әбекең онымен де тынған жоқ. Бұлақтың жағасындағы көк майсаға апарып, екі-екіден күрестіріп, біраз қызыққа батты. Тұп-тура бір топ балуандардың жаттықтырушысы сияқты. Жыққандарымызды да көпе-көрнеу жаратпай отырды. «Пәлі, балуан деген өйтіп ырсылдап жүрсе, күрес өнерінің беделі түседі. Бұл деген сақпандай сартылдаған жылдамдықтың, мың қайлалы тәсілдің, мұқалмас жігердің өнері емес пе?! Өй, аяғыңмен шалдың екен, қолың неге бос қалды? Қап, сені қой, сенен балуан шықпайды». Осылайша бәрімізді «бракабайт» етіп тастап, бұл күнде «көзінен бұлбұлы ұшқан» қайран да сонау арыстандай ақырған кездерін еске ала берді.


Сылынып піскен той малының етін бүкіл егінші қосының үлкен-кішісі болып, еңсеріп тастаған соң, біз серуенге шықпақ болдық. Мақсатымыз сай-салада тұнып тұрған бүлдіргенге емін-еркін сұғынып, тоқ басу, реті келсе қозы көш жердегі Тасжарған өзенінің ағынды суына барып, түсіп қайту да ойымызда. Ымырт үйірілгенше қалған уақыт – өз меншігіміз, оны қалай жұмсасақ та еріктіміз. Әбекең қызып кетіп, іргетасы дұрыстап қаланбаған әңгімелерді айтып жіберетін айыбы болмаса, уағдада тұратын адам екен.


«Дұрыс, тау-тастан құламай, кешкі шайға жиналсаңдар болады» дегенді айтты.


Қалың шөптің арасынан көздің жауын алардай болып мөлдіреп тұрған қызыл маржан бүлдіргеннің қызығы да, қадірі де бір сағаттан асқан жоқ. «Тойған соң, тоқтының еті топырақ татыр» дегендей одан да көп ұзамай тайқып шықтық.


Үш-төрт белегір асқаннан кейінгі Қарағайлының терең шатқалында жатқан Тасжарғанға бару мәселесі күн тәртібіне қайта қойылғанда Құсыманның қызыл иті тағы да қыңыр шапты. «Ит өлген жерге қаңғитын жынды емеспін, ең пайдалысы мынау көк жасаңда арқаны күнге қыздырып қойып, ұйқы соғайық» дегенді айтты. Жас сорпа мен етке тойып, одан қалған жерін бүлдіргенмен нығыздап алған балалар ендігі әуірені қаламаса керек, біздің ұсынымызды қабыл алмай, қисая-қисая кетті. Мұндайда мәселе – бару-бармауда емес, өз ұсынысымыз жерде қалмау үшін, әрі «принцип» үшін Ештай екеуіміз жолға шықтық. Дәл сол Тасжарғанның суына бүгін барып бір сүңгімесек, бұдан былай асымыз батпайтындай.


Айбарлы тау өзенінің даусы тал түсте талып естілер болушы еді, екі-үш күннен бері жон жақты жүнше түтіп өткен нөсердің ісі ме, өзеннің өкіргені қозы көш жерден тым қатулы естілді.


– Мәссаған, мынауың тасып жатпаса не қылсын, біз суға түсеміз деп әуіре боп жүрсек, – дедім. Мұным менің орынсыз принциптің құрбаны болып бара жатқан уақыттың қалғанының «жанын алып қалу» үшін білдірген қарсылығымның белгісі.


– Ештеңе етпейді, түспесек те, тасып жатқан өзенді көру өз алдына бір ғажап емес пе?!


Ештайға дау айтқам жоқ. Екеуміз жарыса жүгіріп, Қарағайлы шатқалының бергі биігіне шыққанда күн де еңкейіп қалған. Сай іші алакөлеңке тартқан. Арғы жақ беткейдің бел ортасынан жоғары таман белдеулеп алған күн сәулесі бірте-бірте көз алдымызда биікке өрлеп барады.


Шатқалдың табанындағы ұйыса біткен қалың тал арасы алакөлеңке тартқандай. Арнасынан аса арқырап жатқан тау өзені жер-көкті басына көшіріп, тулаған қалпы еңіске қарай жөңкіліп барады.


– Көр де тұр, нөсер осыдан бірер сағаттай ғана бұрын жауып өткен, енді шәй қайнатым уақытқа жетпей тасқын басылуға тиіс. Әне, қарашы тасқынның алғашқы екпіні қандай болғанын да көруге болады, қазіргі арнасынан екі-үш құлаш жоғарыға ізін қалдырыпты. Мен Ештайдың сөзін бөлдім.


– Әй, анау талдың арасында ертетулі ат тұрған сияқты ғой? Көрдің бе, анау арғы беттегі шоқ талдың түбіне қарашы. Ештай етпеттеп жатқан күйі мен нұсқаған тұсқа тесірейе қалды. Жүзінде бір түрлі таңырқаған сыңай бар.


– Мынау біздің күрең төбел сияқты өзі... иә, иә сол. Бұл қайдан келіп қалды мұнда?


Екеуіміз де осы сауалдың жауабын іздегендей бір-бірімізге қарадық.


Бір кезде Ештай әлдекімнен жасырынғандай бұға қалды.


– Қуаныш, қарсы беттегі үңгірге қарашы.


– Қайсы, анау жалама қызыл жартастағы ма?


– Иә.


– Көрдім.


– Көрсең, үңгірдің жоғарғы жағына қара.


– Кісі ғой. Өрмелеп барады. – Менің даусым тым қатты шығып кетсе керек, ол «ақырын» деп қалды. Үңгірден жоғары өрмелеп бара жатқан бейтаныс адам мен біздің арамызда кемі бір шақырымдай қашықтық және мынау өзеннің гүрілі біздің сыбырымыз түгілі айқайымызды да сол кісінің құлағына жеткізбесі кәміл еді. Содан ба, мен үнімді бәсеңдетпеген күйі өз болжамымды ұсындым.


– Өй, мынау бүркіттің балапанын алып жүрген аңшыкеш біреу шығар. Әлгі Түлкіші Хасен: «Шіркін, қолыма келісті құс түсірсем, осы ферманың шал-шауқанын қойғанда, бала-шағасына түлкі тымақ кигізер едім» деп күпінуші еді, сол шығар пысықсып жүрген.


– Ол емес, – Ештайдың үні сенімді шықты. – Хасен екені рас, бірақ Түлкіші емес, Күлкіші ме деп қорқып отырмын.


– Көкеңді айтасың ба? – дедім қарап жатпай.


– Көкем емес, Күлкіші Хасенді айтамын. – Оның үні, тіпті, зілді шықты. Маған, әлде өгей әкесіне бағышталған зіл екенін аңғара алмадым.


– Әй, сол кісіге неге жүрегің жібімейді сенің? Әжептеуір-ақ кісі ғой. Оның үстіне...


– Немене, «оның үстіне?» – деп ежірейді Ештай. Мен «оның үстіне шешең жақсы көрген соң» демек едім, Ештайдың ашу шақыра бастағанын көрген соң, баяғыда ренжісуге себепші болған осы кісі жайлы пікірімді аңдап айтуым керектігі есіме оралды да, әңгіменің тігісін жатқыздым.


– Оның үстіне, өзіңді де үнемі «біздің Ештай» деп жақсы көріп тұрады ғой осы. – Ештай менің сауалымды жерде қалдырды. Өз ойының ұшығын қуып кеткен сияқты:


– Бұл үңгірде оның несі бар, ей? – деді.


Айтса айтқандай, бейтаныс кісінің жартастың басына өрмелеп шыққаннан кейінгі анық көрінген тұлғасын мен де Күлкіші Хасенге ұқсатқандаймын. Екеуіміз үнсіз жатқан күйі оның үңгірлі жартасты айналып, сайға құлағанын, одан күрең төбелге мініп, жалғыз аяқ жолмен шатқалды өрлеп кеткенін – бәрі-бәрін көріп жаттық.


Оның қарасы үзілгенде Ештай манағы сауалын тағы қайталады.


– Бұл үңгірде оның несі бар, ей?


– Ана жолғы Әбекең айтқан «Мыңжылқының қазынасы» деген үңгір осы емес пе екен? – деген менің ойыма Ештай қосыла кетті.


– Шынында осы болуға тиіс... Мүмкін, ана кісі қазына іздеп жүрген шығар... Айтпақшы, бізге бұл үңгірдің сырын Әбекең кейін бір айтамын деп еді ғой. Сұрайықшы бүгін.


Екеуіміз аяңдап, Әзімбұлағындағы қосымызға, ауылға қайттық.


– Бүгінгі көргеніміз екеуіміз ғана білетін құпия болсын.


Мұнда бір ғажап сыр бар. Біздің үйдегі кісі жаз бойы бір жаққа кетіп қалатын еді... – деді Ештай әлдебір жаңалық ашқандай. Сөйтті де: «Жүр, тезірек қосқа барайық» деді.


Үңгір құпиясы бізді қызықтыра түсті


– Бүгін басымның қаны ұстап отыр білем, егер шешелеріңнің шайынан кейін маңдайым жіпсісе, айтып беремін, – деп Әбекең әуелі біраз кергіп алды. «Маңдайы жіпсіген соң» біз екінші қайтара өтінгеннен кейі: «Айтсам айтайын, есте қалса» деп бір қойды.


Құсыман тағы да байқатпай аяқтан шалды:


– Есте қалмаған жерін ойдан қосуға болады ғой... — Мынау бүлдірер ме екен деген оймен қылпылдап біз отырмыз.


– Әй, шырағым-ай, «бұралқы сөз – күлгенге жақсы» дегенмен, әке көріп, шеше көрген адам үлкеннің алдын кес-кестемес болар! – Нені айтарын ойына түсіре алмағандай кіржиіп, аз ғана отырды да, әдеттегісіндей әңгімесін тосын бастады.


– Қызды ауылдың итін түнде шулатуға жарап қалған кезім. – Бұл жолы Әбекеңе бір бүйірден кемпірі ат қойды.


– Көріп едік қырғаныңды! – Бірақ Әбекең атысып үйренген «жауының» шабуылын елеген де жоқ, әңгімесін әрі қарай, жетеледі. – Он жетіні тәмәмдап, он сегіздің ауылына ат қойған нағыз алмас қылыштай жарқылдап тұрған кез. Кештетіп Көктекшені жайлап жатқан мына шешелеріңнің ауылына осы Тасжарғанның жолымен жортып бара жатайын.


– Иә, – дестік бәріміз де, қызық бір оқиғаның басы қылтия бастағанын сезгендей. Оның үстіне Әбекеңнің шешіліп әңгімелеуі үшін «апыр-ай-ә», «сонан соң», «бәрекелді» деген сияқты одағайлармен демеп отыру керектігін де түйіп қалғанбыз. «Қамшыламасаң ат та жүрмейді, құлақтарыңды салпитып отыра бермей, адамды демеп қоймас па?!» дегенді өзі талай ескерткен.


– Астымдағы есік пен төрдей көк жорға тура осы Мыңжылқының қазынасының тұсынан өте бере әлденеден селк етіп, секем алғандай болды. Сөйткенше суылдаған бөгде дыбысты мен де сезе қалдым. Бүкіл қарағай атаулы жапырыла құлап келе жатқандай бір үрейлі үн. Алды-артыма қараймын, дәнеме жоқ, аспанға қараймын, сізге – өтірік, маған – шын, әр қанаты түңліктей ақиық сақпаннан атқан сары жасындай сорғалаған күйі үңгірге барып шаншылды. Тура ертегідегі самұрықтай көрінді. Содан қойшы, қыранның балапанын алсам деген ойға кеттім. Үш-төрт күннен кейін жаныма Сайысқан марқұмды алып, әлгі жерге жетейін. Бала қыранды бөлеп алып шығатын көрпеше, он төрт құлаш қыл арқан даярлап келгенбіз. Жарықтық біздің келерімізді білгендей-ақ бірер күн бұрын ғана темірқанат балапанын ұшырып әкетіпті. Не керек, орнын сипадым да қалдым. Сізге – өтірік, маған – шын, ақ сөңке болып үйіліп жатқан сүйектердің ішінен суыр, қоянды айтпағанда, марқа боп қалған қозының да жіліктері жатты. Ұясын үңгірдің аузына-ақ салған екен, арғы жағы айғыр үйір жылқының тобымен қуып енгізгендей кең қуыс. Пенде шіркіннің жұмбақты дүниеге құмарлығы қанған ба, салып ұрып меңіреу тұңғиыққа кірейік. Шырпы жақсам сөне береді, бет алдымнан бір суық леп ескендей. «Мыңжылқыны айдаһар мекендейді екен» дейтін аңыз есіме түскенде өне бойымды суық тер басып кетті. Бұл бірер кісінің қолы емес екен деген ойға бекіп, кері қайттым. Ендігі ойымның бет алысы бөлек. Қазына іздеу...


Әкем марқұм өз әкесінен естіген бір әңгімені айта беретін...


– Апыр-ай-ә, ол қандай әңгіме? – дестік осынау құпиялы үңгірдің бар сыры қазір ашылардай құмартып.


– Ол кісі мынандай кепті айта беретін... Баяғыда осы өңірде Сарыбай есімді жоталы бай болады білем. Бүкіл Ертістің бойында онымен байлық таластырар бір жан болмаса керек-ті. Үйір-үйір көгалалы көп жылқысы өзенге келіп құлағанда дарияның мол суы ортайып қалады екен. Қайыры жоқ көп малдың пайдасы қайсы, Сарекеңнің ен байлығын мұралар тұяғы болмаса керек. Көздің құрты болып мыңғырағаны болмаса, көңіл шіркінге жас асқан сайын жара болған жалғыз арман – бір баланың бодауына жарамапты. Ертең көзі жұмылған соң, Қарымбайдың жер қайыстырған сансыз түлігіндей тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетер берекесі жоқ, боқ дүниені жұртынан қызғанса керек, мол малды алтын-күміске айналдырып, Қыранқала атанған осы үңгірге тыға беріпті деседі. Таба алған жан болса ала жатар, таба алмаса, үңгір түбінде қала жатар деген қыңыр есеп қой баяғы. Содан бері Қыранқала үңгірі «Мыңжылқының қазынасы» болып аталыпты дейтін әкем марқұм. Қанша жылқының қазынасы тығылғанын бір Сарыбайдың өзі болмаса, қай қазақ өлшеп, санады дейсің, әйтеуір, «мың» деген оңай санмен мөлшерлеп қоя салған да. Әйтпесе, мың емес, он мың, отыз, қырық мың жылқының қазынасы жатпасына кім кепіл.


– Сонда ол қазынаны ешкімнің іздемегені ме? – Құсыман қойған бұл сауал бәрімізідің де ойымызда отырғандай екен, «иә, иә» дестік бір ауыздан қостап.


– Е, шырақтарым-ай, иесіне опа бермеген дүниеге қызықпайтын бұл жұрттың қанға сіңді қасиеті бар емес пе қашаннан. Оның үстіне, жиған-тергенін кім көрінгеннің қолы жетер жерге тастай салар алаңғасар деймісің Сарыбайды. Айтысы, атан жілік он шақты жігіт алты ай жаз түн жамылып жүріп, қазынаны сақтайтын орын даярлапты деседі. «Үңгірге тірі жан кірсе, төбеден қойтастар құлайды екен, одан аман құтылған адамды алтын-күмісті күзетіп жатқан айдаһар жұтады екен» дейтін аңыздың өзі де ет жүректі пендеге жылдар бойы айбар болып, жолатпаса керек қой.


– Содан қойшы, – деді Әбекең әңгіме үстінде ойын жинақтауға көмектесер әдеттегі қыстырма сөзін қайталап. Саптамасының қонышынан тастамайтын кішігірім гранатадай шөлмектегі көк бұйра насыбайдан алақанына салып атып еді, астыңғы ерніне тобық тыққандай бұлтиып шыға келді. – Содан қойшы, үңгірдің ішінде тұрып, арнайы келіп, бұл мол қазынаны қалай да алуға белді бекем будым.


– Әй, барсың ба? – деп айғайлады Сайысқан марқұм құлама құздың басында тұрып. – Тоса-тоса жалықса керек. Даусы талып әрең естіледі. Салбырап тұрған қыл арқанның ұшын тартып белгі беріп едім, ол да әзір тұр екен саумалай жөнелді.


– Өй, қыраның қайда? – деді бос қайтқан дорбамды көріп.


– Ұшырып әкетіпті.


– Оқасы жоқ, бұйырмаған ғой, келер жылы ертерек қимылдармыз, – дейді күліп.


– Өкініп те тұрғам жоқ, оның есесіне бір жақсы ой келді маған. Естуің бар шығар, Сарыбай байдың қазынасы дегенді, тағы бірер жігітті қосып, соны қазып алсақ болмас па?!


Марқұмның кей мінезі бала сияқты еді. «Әбеке, көп қазына тауып алсақ не істейміз?» деп сұрайды. «Қайтушы едік, айырплан дейтін ұшатын күйме болады дейді, соның бір-бірін сатып аламыз да мына Қарағайлы шатқалынан атпен өтіп, сандалып жүргенше сонымен ұшып келмейміз бе қызды ауылға» деймін түк білмегендей болып.


– Сонымен әлгі қазына не болды? – дейді Құсыман шыдамсызданып.


– Әй, самаржақ-ай, жүйесімен айтылмаған әңгіме қиюын таппай қаланған кірпіштің көзге ұрып тұратыны сияқты естір құлақтың да айызын қандырмайды... Не деп едім, ойымды онға бөлді-ау мынау самар жақ... Иә, сонымен қойшы, ертеңіне-ақ екі-үш жігітті алып, таңертең Қарағайлыға құладық. Арқаннан жасалған баспалдақ, қайла, күрек, көсеу, шыраққа арналған бір шөлмек жер майы мен құрым киіз дегендей, қажеті болады-ау деген саймандарды ала келгенбіз.


«Әй, Әбеке, осы байлық іздейміз деп жүргенде сүйегіміздің қайда қалғанын ел-жұрт біле алмай сарсаңға түсіп жүрмесін» дескендер де болды жігіттердің ішінен. Қанша дегенмен алғашқы болып тәуекел ету кімге жеңіл дейсің, оның үстіне қыраннан, жарғанаттардан басқа мақұлықтың ізі түспеген шыңдағы қараңғы үңгір тым сұсты, тым қорқынышты еді. «Ер жігітке – бір-ақ өлім қорыққан жігітке зорлық жоқ, мен алған беттен қайта алман», дегенді айттым. Намысты ерді отқа айдасаң қашқан ба, бәріміз де нар тәуекелмен үңгірге түстік. Сізге – өтірік, маған – шын, үңгірдің тарлау көмейінен өткен соң-ақ тылсым тыныштық пен көрдей қараңғылық құшағына көмілген жер асты патшалығына енгендей болдық. Үңгірдің екі бүйірден қысқан қабырғалары кеңіп, төбесі де күмбезденіп, биіктеп барады. Тіпті бір отар қой еркін сиярдай аңғарға айналды. Үңгір аузынан екі-үш арқан бойы ұзамай-ақ сыртқы кең дүниеден келіп тұрған ала көлеңке сәулені бірте-бірте қараңғылық жұтып қойды. «Зу-зу», «шиқ-шиқ» еткен үрейлі дыбыстан құлақ тұнады. Сөйтсек үңгірді ғасырлар бойы баспанаға айналдырған жарғанаттардың үні екен бұл. Бет алдымыздан әлдеқандай бір салқын леп ескендей болады.


– Естідіңдер ме, жігіттер, судың сылдырын, – деді бір кезде Сайекең марқұм.


Айтқанындай, әлдеқайда тереңнен сылдырлап ағып жатқан жер асты өзенінің дыбысын бәріміз де айқын естідік. Үңгірдің жер табаны бір кезде құлама шыңға келіп тірелді. Әрі қарай жүрудің өзі мүмкін емес еді. Тас домалатып көргенімізде ол қаңғұр-құңғыр ұзақ домалап барып, суға құлады. «Жігіттер Сарыбай шалдың өзі де жүрек жұтқан болмаса және осы үңгірге қазына тыққаны рас болса, ол да осыдан әрі бара қоймаған шығар» дедім. Әр қуыс, әр қалтарысты қоймай тінткілеп жүріп, бір бұрышта жатқан кесек тастарды қопара бастадық. Шамасы адам қолымен үйілген сияқты көрінді. Көсеу-шыраққа деміл-деміл май құйып қойып, ал кеп қопарайық тастарды. Сізге – өтірік, маған – шын, кемі екі машинадай кесек тастарды алған соң сақтиян қыны бар күміс сапты болат кездік тауып алдық. «Иә, сәт бар екен», дестік бәріміз де шағын олжадан кейін. Сабы болмаса тот жеп іске жарамсыз болып қалған кездік бізді қанаттандыра түскендей болды. Кесек тас біткен соң қиыршық-қиыршық ешкі асығындай тастарды қаза бастадық. Жартастың асты қуысталып кетіп барады. Бір күннің мезіретінде біте қояр іс емес екенін көрген соң, ертеңінде қиыршық тасты таситын тері қап, кішкене ожау күрек әкеліп қайта кірістік. Әрине, бұл құпиямызды ауыл білген жоқ. Ол күнде әке-шешелеріміздің де көздерінің тірі кезі, «жын-пері ұялаған пәлелі» үңгірге барып жүргенімізді білсе, қайтып бұл маңға аттатып бастырар ма?


– Мен мынау өкпек желдің қайдан келіп тұрғанына таңым бар, – дейді Сайысқан ертеңіне келгенде көсеу шырақтың отын өшірердей ұлып тұрған желге таңырқап.


– Өй, ана жақтағы жер асты суының лебі шығар, – деймін мен төмендегі тұңғиықты нұсқап.


– Айдаһардың лебі болмасын, – дейді бір жолдасымыз. Сайысқан марқұм тұрғыластарынан көп зерек еді ғой. «Әй, осы үңгірдің екінші аузы бар шығар-ай, әйтпесе мына жел қайдан келіп тұр» дейді. Сөйтті де бір бүйірден соғып тұрған желді маңдайға алып жүріп кетті. Үш-төрт қадам аттамай-ақ кең күмбездің бір бүйіріндегі жанама үңгірге келдік. «Айттым ғой» деді ол өз болжамының шындыққа айналарына көзі кәміл жеткендей. Екі кісі ғана әрең сыйып жүрердей тар қуыс бірден өрге тартты. Айтқандай, біраз жүрген соң алдымыздан өлеусіреп жеткен өшкін сәуле көрінді. Апыр-ай, табиғаттың шебері-ай, тұп-тура қолмен қазғандай жанама үңгір таудың екінші беткейінен үлкен бір түйетастың бауырынан келіп шықты. Және жан баласы көрмесін дегендей шыға беріс аузына қалың итмұрын, ұшқат өсіпті. Анау құздан төмен арқан басқышпен жанды қинағаннан гөрі мынау біз үшін таптырмас төте жол болды. Үңгірге түсер жолымыз оңайлаған соң көңіліміз де бір демделгендей. Қазынаға, әйтеуір, бір күні жетерімізді сезгендей, дем алмай бір апта жұмыс істедік. Тері қаппен-ақ кішігірім төбешіктей ғып үңгірден қиыршық тас шығардық. Тауды бір бүйірлеп үңги жөнелген тар қуыс неғұрлым тереңдеген сайын жұмыс та қиындап кетті. Бұл күнгідей батареялы қол шам болса ғой шіркін, жұмысымыз өнімді болар еді. Көсеу шырақтың түтіні екі көзіңе у құйғандай жас парлатып, тынысыңды тарылтады. Қапты толтырар-толтырмаста қақалып-шашалып, тысқа қайта шығамыз.


Қазына іздеуді сол күйі доғарған да болар ма едік, үш қырлы күміс құйма табылған соң көмбеге таяп қалған шығармыз деген оймен іске қайтадан ынталана, қызу кірістік. Бір қызығы әлгі күмістің бетінде жартыкеш айдың суреті бар еді. Ал, одан да қызығы, дәл сол күмістегідей жартыкеш айдың суретін жер асты өзеніне тас домалатып көрген тұстағы құлама шыңға салынғанын көрген едік.


Не керек, сол бір апта тар қуысты үңгіп, арқан бойы тереңдеттік те, қалған шаруаны кейінге қалдыруға тура келді.


– Неге? – дестік біздер тағатымыз таусылғандай өкінішті үнмен.


– «Неге?» дерлерің бар ма? Сайысқан марқұмның үйлену тойын өткізер күн де келіп қалған еді. Оның үстіне мал жайымен көшіп-қонған жұрт емес пе, елдің алды төр жайлауға көше бастаған. Ұмытып барады екенмін-ау, үңгір қазып жүргенде тапқан әлгі үш қырлы күміс құймамызды Сайысқанның жас отауына тарту етіп бердік... Бар да шығар-ау сол әлі мына Ештайдың шешесінің сандығының түбінде...


Келер жылы ел жайлауға шыға тағы да кірісеміз деп отырғанда қу соғыс киіп әкетті де солардың ішінен көзге шыққан сүйелдей өзім ғана қайттым ғой. Одан кейін қайда... «Байтал түгіл бас қайғы» боп кеттік қой. «Осындай жерде осындай дүние жатуы мүмкін» деп былтырлар ауданнан келген бір уәкілге айтып көріп едім. «Әбеке, басқа өтірік сізге жараспайды екен, онан да соғыстағы ерліктеріңізді айта бермейсің бе?» деп өзімді келекелейді. «Әй, шырағым, өтірік айтып, бала-шағамды асырап жүргем жоқ, бар дүние болса өкіметтің кәдесіне ассын дегенім еді» дедім күйіп кетіп. Енді сендер жанды қоймаған соң...


– Біз кеше Ештай екеуіміз... – деп мен сол үңгірдің төңірегінен Күлкіші Хасенді көргенімді айтпақ болып едім, жанымда жантайып жатқан Ештай бүйірімді түртіп қалды. Онысы құпияны тісіңнен шығарма дегені екенін түсіне қойдым да, әңгіменің аяғын сиырқұймышақтата салдым. – Біз кеше, Ештай екеуіміз сол үңгірді көрсек деп едік, мыналар емес пе баспай қойған...


– Дабай! Ертең ерте барайық! – Құсыманның бұл ұсынысы бәріміздің де көкейімізге қонақтаған жай еді, бірақ әңгімені Әбекең шорт үзіп:


– Жә, болды, бүгін біраз шолжаңдадыңдар. Жетер енді, ұйықтаңдар. Ертең ерте пішеншілерге көмекке барасыңдар. Шөмеле салуға көмектесесіңдер.


Біз ұйықтай алмай, ұзақ жаттық.


– Қуаныш, – деді бір кезде Ештай. Құпиялап өте ақырын сыбырлады. – Қуаныш, Әбекең айтқан үш қырлы күміс біздің сандықтың түбінде жататын. Осыдан бір ай бұрын ғана жоғалды. Мен оның қайдан келген дүние және не үшін қажет екенін білмейтін едім.


– Жоғалғаны қалай? Сандықта жатқан затты кім алады? – деймін мен сыбырлап.


– Білмеймін. Таба алмасын білген соң, тәтем бір күні жылаған болатын. Сонда ғана ол күмістің тәтем үшін өте қымбат дүние екенін білгенмін.


Мен сол күні түс көрдім. Ештай екеуіміз алтын-күміс үйілген қазына қоймасының ортасында жүр екенбіз. Жүрген жоқпыз-ау талайлардың көңіліне құрт болып түскен, құрт болып түсіп, көздерінің құруына себепші болар тау-тау алтынды таптап, үстінде отыр екенбіз деймін...


Қазына іздеуші үшінші біреу бар сияқты


Оқудың басталуына бір аптадай уақыт қалғанда ғана біз пішеншілер қосынан босанып шыққанбыз. Ол кезде жайлаудағы ел де етекке, күзеулікке қарай жөңкіле көшкен.


– Кел, досым, бүгін екеуіміз барып үңгірді көріп, барлап қайтайық. Мүмкін, жолымыз болса, қойма туралы сыр берер бірер жайды біліп қайтармыз, – деді Ештай. Бұл ұсыныс қазына көмулі жатқан мол байлық туралы менің де делебемді қоздырған, сонау бір күнгі ойыма қайта қозғау салғандай болды. Балаларға бір сылтау айтып, екеуіміз жұрттан оңай бөлініп қалдық. Ештай қол шам, кішілеу күректі алдын ала даярлап қойыпты.


– Мені біздің үйдегі кісінің түнеукүнгі ол үңгірде не істеп жүргені таң қалдырады. Оның үстіне біздің үйдегі айдың суреті бар асықтай үш қырлы күмістің ұшты-күйлі жоғалып кетуі – осының бәрі жұмбақ. Шындығында, – деді Ештай үлкен бір шытырман оқиғаның ұшығын таба алмағандай қиналып, – шындығында мені жұмысқа алғанша ол кісі екі күннің бірінде «Аң қараймын» деп, осылай қарай құлдайтын. Бірақ қанша шығып жүрсе де, бір құр атып әкелгенін көргенім жоқ. Бірақ кешкілік арып-ашып, шаршап жететін...


Ештайдың өгей әкесі туралы айтқан пікірі мені «Ол кісі де ала жаздай қазына іздеп жүр ме?» деген ойға итермелеген еді.


Екеуіміз сиыр түстің кезінде Тасжарған өзенінен өтіп, Мыңжылқы қазынасы үңгірі жатқан жалама жартастың желкесіне шықтық. Әбекең айтқан белгі бойынша үңгірге түсер екінші ауызды да көп қиналмай тауып алдық.


Біз тар қуыстың ішіне тереңдеген сайын әлдебір тылсым дүниенің суық құшағына көміліп бара жатқандаймыз. Ертегілерде айтылатын жер асты патшалығы сияқты өзге дүние әр тасына дейін ерекше сұсты, ызғарлы.


Әлде тоңғандыкі ме, әлде қорқыныш па, иек-иегіме тимей дірілдеп кеттім. «Қазынасы да, байлығы да құрысын, қайтайықшы» демек едім, алдыға түсіп алып, жол бастап келе жатқан Ештай сол ойымды сезе қалғандай: «Қуаныш, ақыр келген соң, енді аз жүріп көрейік. Мұнда қорқатын не бар дейсің?» деді жайбарақат қана. Амал жоқ, көнуге тура келді. Ештай осы жерге жеткенше де мені біраз тәтті қиялдарға бөлеген. «Егерде тауып алсақ, сонан соң оны тиісті орынға хабарласақ, мектепті қойғанда, аудан асып, атымыз елге жайылған батыр балалар атанамыз. Мүмкін газетке суретімізді де басып жіберер» деген болатын.


Біраз жүрген соң, кең күмбезді үлкен үңгірге келіп қосылдық. Үңгірдің негізгі үлкен аузы да алыста болмаса керек, жаңағыдай емес, өлеусіреп жеткен әлсіз сәуле бар сияқты.


– Әбекеңнің айтуы рас болса, енді бес-алты қадам ауызға қарай жүрсек, олар қазған кішкене жанама үңгірге кезігуге тиістіміз. Ол кісілердің қазып жүргендері де сол. Ал жер асты өзені үңгірдің мына түп жағында болуға тиіс.


Батереямен жанатын кішкене қол шамның сәулесімен ол бүкіл жартастардың бетін сүзе тінтіп келеді. Аз жүрген соң талмаусырап жер асты өзенінің сылдыры естілді.


– Көрдің бе? – деді Ештай. Биік қабырғаға қашап салынған жартыкеш айдың суретін көрсетіп. – Біздің үйден жоғалған кішкене күмістегі суреттің белгісі дәл осындай болатын. Қандай қызық ұқсастық. Қалай болғанда да жоғалған күмістің бағдар ұстау үшін бе, әлде құлыптың кілті ме, әйтеуір бір қызметі болуға тиіс. Не бар екен, біраз барып көрейікші.


Мына құпиялы істің қызығы қанша еліткенмен біздің де әрі қарай барар жолымыз жоқ еді, бірер қадам бассақ алдымызда жер асты өзеніне қарай құлатар терең құз жатқан болатын.


– Қой, пәлесінен аулақ, екеуміз қазына іздейміз деп жүріп, сүйегімізді осы үңгірге қалдырармыз, қайтайықшы, – дедім Ештайға жалынышты үнмен. Сол кезде әлденеден үмітін үзгісі келмей тімтініп жан-жағын шолып жүрген Ештайдың үні тым қатты шықты.


– Қуаныш-ей, мынаны қарашы, – деді ол құзға үңіліп. Арқан басқыш тұр. – Ол біз іздеп жүрген қазынаның үстінен түскендей тізерлеп отыра қалып, әлденеге үңіле қалыпты.


– Ол не, не тауып алдың?


– Мынаны қарашы, – деді ол шамның жарығын тасқа қағылған темір қазыққа байланған қыл арқанға түсіріп.


– Тәуекел, жүрші, сәл түсіп көрейікші. – Ол менің қарсылығыма қарамай арқаннан ұстап төмен сырғып түсе бастады. Қолындағы жарығымен үңгір түбіндегі құзға қарай жылжыған сайын мынау жер астының меңіреу қуысында жалғыз қалып бара жатқандай бойымды үрей биледі. Ештайға жалынып көріп едім, тыңдайтын болмады. Сөйткенше, оның тағы да қуанышты үні естілді:


– Қуаныш, келші мұнда. – Әлде пендеге тән қызыққұмарлық па, әлде бойыма батылдық пайда болды ма, мен де жылжып төмен түсе бастадым. Қос қабат қыл арқанды аяқ жетер жерден бір түйіп отырыпты. Үзеңгі бауға аяғыңды салғандай баспалдақтап жылжуға ыңғайлы екен. Құрық бойы төмен түскенде аяғым жалпақ тасқа барып тиді.


– Бері қарай, – деді Ештай білегімнен тартып. Төрт қанат киіз үйдің кеңдігіндей үлкен тас ойық екен. lшінде ыбырсыған ағаш жәшік сияқты бірдеңелер жатыр. Тот басқан ескі-құсқы темір-терсектер шашылып қалған. Кезінде мыстан жасалса керек, тотығып қаракөк түске енген үлкен самауырын жатыр бір бұрышта.


– Өй, Мыңжылқының қазынасы осы болғаны ма? – деймін мен даусымды әлдебіреу естіп қоярдай ақырын сөйлеп.


– Кім білсін?! – дейді Ештай иығын қозғап. Өзі де әлдебір жұмбақтың шешуін іздегендей. Мен үңгірдің сүйірленіп барып бітетін төр жағына шамның сәулесін түсіріп едім, бұрышта сүйеулі тұрған бірдеңені көріп қасына жақындасам, сүймен темір екен.


– Әй, мынаны танып тұрмын. Ана кісі суырдың інін қазамын деп көшкенде ала келген болатын. Әлі тот та баспапты. Ұсақ тас үйінділерінің астынан сабы көрініп жатқан науа күректі де сопаң еткізіп суырып алдық. Сол кезде үңгірдің бір бүйірінің жымдастыра жиылған үлкен-үлкен қойтастар екенін көрдік. Бір адам емес бес-алты жігіт көтеріп қоя алмайтын тым кесек тастар. Бергі шетінен әлдекім сүйменмен мүжіп біраз сындырған сияқты.


– Жүр, кеттік, – деді Ештай. Сол-ақ екен, мен бірден арқанға жабыстым. Мына тылсым жер астынан жарық дүниеге тезірек жетсем деп ойладым.


Ештай екеуіміз сыртқа, кең дүниеге шыққан соң бір-ақ тыныстадық.


– Қалай, жолдас? – дейді ол түрі алабұртып. – Бір ғажап құпияның ашылуына біз де себепші болатын шығармыз. Қазына іздеуші үшінші біреудің барына да көзімізді әбден жеткіздік. Және ол қазына іздеушінің кім екенін ойлап, бас қатырудың да түкке қажеті жоқ. Ол да белгілі болды. Сондықтан екеуімізге сақтық қажет. Ал енді сенен жолдастық өтінішім болсын, бұл құпияны тек екеуіміз ғана білетін болайық. Осыған серт бересің бе?


– Серт берем! – дедім мен қолымды ұсынып.


– Байқайсың ба, Қуаныш?! – дейді Ештайдың қос жанары шоқтай жайнап. – Әбекең ағайдың соғысқа дейін ала жаздай азаптанып, қазған үңгірлері әншейін қазына іздеушілерді жаңылдыру үшін ғана жасалған алдамшы бағыт. Дайын үңгірге әр түрлі тастарды әдейі толтырған.


– Ал тауып алған сүйір күміс пен кездікті не үшін тастаған?


– Соны да білмейсің бе? – деп бетіме күле қарады. – Кездікті қазына іздеушілерді дәмелендіру үшін әдейі қалдырған. Ал еңбектерін сіңіріп, пәлен тонна болатын көмілген үңгірдегі тастарды қазып шығарғандар қазына есігін ашар кілтті ғана табуға тиіс болған. Демек, Әбекеңдер жұмыстың негізін бітіріп қойған...


– Рас-ей, – деймін мен Ештайдың қиялға бергісіз, бірақ шындыққа ұқсас болжамына таң қалып.


– Ал ана кісі осы жұмбақтың шешуін елден бұрын шешкен қу болып тұр ғой.


Мен сол сәтте өзімізді ғажап ертегінің, болмаса қиял-ғажайып оқиғалы кітаптың кейіпкерлеріне айналып бара жатқандай сезіндім.


Ү ш і н ш і б ө л і м


Суық хабар


– Қуаныш, мен мұғалімнен сұрап, үйге қайтсам деп едім. Қысқы каникулға да көп қалған жоқ қой. Тәтем болса, түнеугүні ауырғаннан әлі оңалмапты, – деді Ештай бір күні маған.


– Е, несі бар, сұра. Мүмкін, мені де босатар, – дедім мен де сүлесоқтау.


Ертеңіне екеуіміз Ғинат ағайдың алдында тұрдық.


– Ал, сенің өтінішің не? – деді ол Ештайдың айтқанын тыңдап болған соң маған қарап.


– Ағай, мені де жіберіңізші. – Каникулға да бір-ақ апта қалды ғой, – дедім дүңк етіп. Жақсы оқитын баланың еркелігіне салсам керек, үнім тым шолжаңдау шықты.


– Қуаныш, – деді Ғинат ағай жылы жымиып, — сен сабақ аяқталған соң бір-ақ қайт үйіңе. Екеуіңді бірдей жібере алмаймын. Онда басқа балалар не ойлайды?!


«Шынымен, – деп ойладым, – екеуіміздің қатар сұранғанымыз жараспас. Мен бұл жолы Ештаймен жарысқандай болмайын. Келер жолы мен ертерек кетермін».


Ондағы ойым өзіме белгілі. Сіздерден жасырып қайтейін, Ештайдың «класком» дейтін қызметіне қызғанып емес, қызығып қарайтыным рас. Сондықтан да бір аптаға болса да бастық болып көрмекпін. Себебі мұғалімнің: «Екеуіңді бірдей жібере алмаймын» дегенінен осыны ұққанмын.


– Жарайды, ағай, – дедім оп-оңай келісе кетіп. – Бірақ көктемгі каникулда алдымен мені жіберетін боласыз.


Тағы да еркелеген сыңайда айттым. Бірақ мұғалім бұл жолы мені қоштай қойған жоқ, «осымен әңгіме бітті» дегендей мұғалімдер бөлмесіне қарай беттеді.


Ертеңінде Ештай жазда өзіміз арпа оратын Әзімбұлағында қыстап отырған үйіне өгіз шанамен пішен тасып жүргендерге ілесіп, жүріп кетті. Мен тоқсанның аяқталуына дейін қалған бес-алты күн ішіндегі бүтін бір кластың озаты ретінде бір көрініп қалу дегенге ұқсас ой кимеледі ме, әйтеуір, білекті сыбанып тастап, сабаққа кірісіп кеттім. Мектепке жұрттан бұрын келемін. Бұрынғыдай томапаңдап келіп, томпиып отырмаймын. Былайша айтқанда: «Сен сабаққа неге кешігіп келдің?», «Үзіліс кезінде бытырап кетпей өлең айтамыз», «Әй, Пәленшебаев, сен неге екінші кластың апайы өтіп бара жатқанда сәлемдеспедің?» деген сияқты салмақтырақ мәселелермен айналыса бастадым. Ештайдың жұмысын ақсатпауым керек қой.


Бірақ менің «басшылық» қабілетімді Ғинат ағай байқап үлгере де алмаса керек, әне-міне дегенше тоқсан аяқталып қалды.


Жаңа жылдық шырша өтісімен мен де пішен тасушыларға ілесіп, таудағы үйге жүргелі жатқанмын. Тәтемнің өзіме арнап тығып жүретін тағамдары: сүзбеге жанышқан жарма тары, тоқ ішекке тығып кептірген қимайы, езіп ішетін майлы қара құрты – қайсыбірін айтайын – бәрі-бәріне жеткенше таң атып, күн батпастай көрініп жүрген соңғы күн. Кешкілік үйге Ғинат ағай кірді. Мейірімге толы кішкене қой көзі бұрынғыдай күлімдейді. Әлденеге мазасызданғандай жүзі тым сынық көрінді.


– Отыр, айналайын, көп келмейтін едің, қазір ағаң да жұмысынан келіп қалар, жоғары шық, – деп Әйбәт жеңгем де бәйек болып жатыр.


– Жо-жоқ, жеңгей, рақмет! Түнделетіп тауға жүргелі жатырмын ат шанамен. Мына Қуанышты үйіне барса, ала кетейін деп соғып едім.


Мен ертеңгі таңды тәңірі қолға бересің бе, жоқ па деп отырғанда, мынау жағымды жаңалық дегбірімді кетірсе керек, орнымнан ұшып тұрыппын.


– Ойпыр-ай, мына ұлдың ұшарға қанаты болмай отыр екен ғой, – деді жеңгем де менің оғаш қимылыма мырс етіп. – Жақсы болды-ау, ертең өгіз шанамен митыңдап жүргенше. Ағаңның жылы тұлып тонына оранып ал.


Жеңгем тәтеме деген сәлем-сауқатын да әзірлеп қойған екен. Әрі-беріде-ақ даяр болдым.


– Осы қазір жүріп кетеміз бе, ағай? – дедім мен бір түрлі сенімсіз үнмен.


– Иә, мен үйден біржола шықтым, – деді ағай.


– Қайным-ау, жүрісің тым суыт қой өзі? – Жеңгей де бірдеңеден секем алғандай Ғинаттың бетіне үңіле қарады.


– Жо-жоқ, көп ештеңе жоқ, – деді тұтыға сөйлеп. Әңгімені көп созбайын деді білем, менің буыншақ-түйіншегімді ұстап, далаға шыға берді. Ештеңені ұқпаған қалпы жеңгем қалды. Маған ештеңені ұғудың қажеті жоқ еді, сәл кідірсек ағайым айнып қалардай, ол кісіні өкшелей қуып, үйден мен де шықтым.


Мектептің ақжал бестісінің нағыз жүріс сұрап тұрған кезі болса керек, ауылдан шыға ауыздығын шірене тартып, айлы түнде алыстан қарауытқан тауды бетке алып, жортып келеді.


– Қуаныш-ау, менің тауға неге келе жатқанымды білесің бе? – Мен жүрдек ат жегілген шанаға отырғаныма мәз болып, ағайдың тауға түн қатып неге жортқанын да сұрамаппын. Ағай сөзін әрі қарай сабақтады. – Бүгін кешке хабар келді. Екі-үш күннен бері Ештай жоқ дейді.


– Не дейсіз? – дедім бетімді бүркеп тастаған тұлыптың сеңсең жағасын кейін серпіп.


– Үйіне барған күннің ертеңінде Ештай қоянның жымына тұзақ құрамын деп кеткен екен. Содан бері із-түзсіз жоқ дейді.


Менің жып-жылы тұлыпқа оранған тұла бойымды мынау жайсыз хабардың суық лебі қарып өткендей болды. Аузыма сөз түспей, көз алдым тұманданды. «Ештайым менің, не күйге тап болдың?! Көре алармын ба, сенің ақ пейіл дидарыңды!»


Амал бар ма, бекер-ақ жіберген екенмін!.. Өгей әкесі де сол күні өрістен оралмаған екен, отары қораға кешке өздері келсе керек.. Ол итті сол күні түнде арғы бет асып бара жатқанда шекарашылар ұстапты. Атына теңдеген екі қоржын алтын-күмісімен ұстапты. «Баланы көрген жоқпын» деген сөзінен танбай отыр дейді.


«Екі қоржын бас алтын-күміс» деген сөзді естісімен мен бұл сұмдықтың болғанына Мыңжылқының қазынасы үңгірінің себепші екенін сезгендеймін. «Мүмкін, үңгірге барып, бір қуысынан шыға алмай отырған шығар» деген көмескі үміт сәулесі көңіл түкпірінен жылт еткендей болды.


– Ағай, бірден үңгірге барайықшы, ол – сонда, үңгірде ғой, – дедім. Жас буып, сөзімнің аяғын әрең тауыстым.


– Не дейсің, қайдағы үңгір? – Ғинат ағай бетіме бүкіл денесімен еңсеріле бұрылды.


Мен жан адамға тіс жарып айтпаймыз деп серт байласқан үңгірге байланысты құпиямызды енді жан досымның өзінің басына қатер төнген сәтте жасыра алмадым. Жаздыгүнгі хикаяны түп-түгел айтып бердім.


– Қуаныш-ай, мыналарың сұмдық қой, неғып бұрынырақ айтпағансыңдар?! Жазым болып кетпесе неғылсын, әттеген-ай, әттеген-ай. – Мұғалімнің үні өкінішке толы күңірене шықты. Бар өшін ақжалдан алғандай онсыз да тақ-тақ айтақыр қысқы жолмен сар желіп келе жатқан атқа бишік үйірді. – Қуаныш, арнаулы іздеушілер тобы ауданнан да аттанды деп еді, ертерек барып, соларға көмектесейік. Аулыңа соқпай-ақ қоялық.


– Жарайды, – дедім мен.


Түннің бір уағында біздің үй қыстап отырған Қызылбел қыстауын бір бүйірде қалдырып, жонға жақын Әзімбұлағына бет бұрдық. Біздің түн баласы қой қораны айналып, жатпайтын Жетердің саңқылдаған үнін анық естідім. Түнгі таудың қойнауында қарауытып қалып бара жатқан қыстау, онда менің келуімді күтіп, қазір де көз ілмей жатқан тәтем, «Ой, жаман ұлдан айналдық сол» деп, дәйім келген бетте жерден көтеріп алып, бетімнен сүйетін әкем – бәрі-бәрі де мені сол сағынған қалыптарында сүткенже ерке ұлдарының тұстарынан суыт өтіп бара жатқанынан бейхабар қала берді. Туған ауыл, ыстық ұям – бәрінен қымбат, бірақ жан досымның бізге әлі беймәлім тағдырын анықтау борышы, тіпті, аты жаман суық сөзден мүмкін болса арашалап қалу борышы одан да қымбат еді.


Ақжал өрлі-еңісті тау жолынан қажып, сар желістен жиі жаңыла берген түннің бір уағында жылай-жылай домбыққан көзім ілініп кетіпті.


«Досым-ау, жылдамырақ қолыңды берші, мына құрдымға құлап бара жатырмын ғой, болшы тез» дейді Ештай ап-анық. Өзіміз жазда темір-терсек табатын үңгір түбіндегі тас ойықтың ернеуіне ілініп қана тұр екен деймін.


«Қазір, шыда, достым, қазір» деймін жан ұшыра ұмтылып. Бірақ мен жетіп үлгергенше ернеуге ілініп тұрған оның аяғы тайып кетті!


Хош, досым, хо-о-о-ш! Үнім бүкіл меңіреу үңгірдің ішін күңірентіп жіберді.


Ешт-а-а-й, айналайын, Еш-та-аа-ай!»


– Қуаныш, не болды, Қуаныш?! – Ғинат ағай екен. Тұншығып ояндым. Алқынып қара тер басып кеткен. Мен үндемедім. Ағай да сауалын қайталаған жоқ. Томаға тұйық отырған қалпы, бар қимылы ақжалдың божысын қағумен ғана шектеліп қалған.


Аспанға қарап едім, жұлдыздар тым алыстап кетіпті.


Балалықпен қоштасқан күн


Ауданнан, колхоз орталығынан келген адамдар да екі-үш күн бойы төңіректегі бытқыл-бытқыл жоталарды түгел сүзіп, ат сабылтса да, Ештайдан еш дерек таба алмай діңкелеп отырған кезі екен. Бірлі-жарым қарттар жағы екі сөздерінің бірінде: «Апыр-ай, от болып жанып туған бала еді, амал не?» десіп күбірлеседі. Оны тірілер санатынан шығарып үлгерген немесе тірілер санатында жоғына көздері әбден жеткендей. Мен оны қалайда жаманшылыққа қимайтын сияқтымын. «Келдің бе, досым-ай» деп кеп құшақтай алатындай. Тәтесі күзден бері науқасты болып, төсек тартып жатыр деп еді, айтса айтқандай мынау соңғы екі-үш күннің уайымы мүлде қаусатып кеткен сияқты.


– Қарағым, Қуаныш-ау, қасыңдағы Ештайың қайда? Айрылғанымыз осы ма, құлыным-ау! – деп, мені көргенде дауыс салып еді, жылауға да шамасы келмей талықсып кетті.


– Қой, жаман ырым бастама, жалғыздан қалған сыңар тұяқ еді ғой, сақтар тәңірім! – Осы үйде отырған Әбекең бригадир де сөзінің аяғын тарғылдандырып барып бітірді. Басу айтқанмен өзінің де тым басылып, күдері үзіліп отырғанын байқадым.


Бұл жақтағы жұрт Күлкіші Хасеннің қазынамен бірге ұсталғанынан бейхабар ма, әлде оның атын атауды артық санай ма, әйтеуір, ол жайлы ләм-мим демейді.


– Кішкене бой жылытып алсаң жүрелік, басқа ат ауыстырып мінерміз, – деді Ғинат ағай маған. Әбекең, тағы екі-үш ауыл адамдары және қаладан келген екі-үш милиционер бар, бір топ болып, Мыңжылқының қазынасын бетке алған кезде бозарып, таң да атқан еді.


– Күлтай сорлы бір күдігінің барын жуырда айтып еді, осының бәрі бір-бірімен шырмалып жатқан шуда жіп сияқты бірдеңе... – Әбекең ат үстінде келе жатып, тағы бір сөздің ұшығын шығарды. – Күлкіші Хасеннің қойын дәптерінің ішінен өзінің соғыстың алдында дүкіметке түскен бір кішкентай суретін тауып алыпты. – «Оның бұл әңгімеге қандай қатысы бар?» дегендей милиционердің бірі Әбекеңе таңырқай қарады. – Бұл жердегі гәп – «Сол суретті Сайысқан соғысқа кетерде өзімен бірге ала кеткен еді» дегенді айтады Күлтай. Хабар-ошарсыз кеткен адамның өзімен бірге алып жүрген суретінің Хасеннің қолына қалай түскенін ойлап, ақылы таусылады да жазғанның.


– Солай деңізші! – деді жаңағы милиционер істің байыбына жаңа түсініп келе жатқандай. – Айдың белгісі бар үш қырлы күмістің жоғалуы, Күлтайдың өз күйеуіне берген суретін Хасеннің алып келуі – бәрі де істің жайын айқындай түсіп келе жатқан сияқты.


Сонан соң ол менің түнде Ғинат ағайға айтқан әңгімемді бір айтқызды.


– Алла ғана қулар-ай, осы жердің түбіне біржола батқыр Мыңжылқының қазынасы деген пәлені айтқан күннің ертеңіне Ештай екеуіңді сол жаққа барды деп еді, сонда көрген екенсіңдер-ау әлгі көктемегір Хасенді, – деді Әбекең Ештай екеуіміздің Хасенді сол үңгір маңынан алғаш көргенімізді айтқан кезде. – О, алжастырған құдай, бұл шіркіндерге айтқан сол әңгімемнен басталған екен ғой бар сұмдық!


– Міне, үңгірге де келдік. Жотаның үстіңгі жағындағы екінші ауыздан кірмесек болмас, – деді Әбекең атын өрге қарай тебіне түсіп. – Сұмдық-ай, мынау Хасеннің атының ізі ғой. Сол ғой, содан басқа бұл қыс баласы жан баспайтын иенге кім келуші еді.


Бәріміз де Тасжарғанның бойын өрлеп шыққан жалғыз аттының ізіне үңіле қарадық. Әлі қар баса қоймаған тағалы аттың ізі ақ қағазға түскен мөрдей боп сайрап жатыр. Жотаның үстіне шыға бергенде де омбы қарды кешіп, төтелей өрлеген жаяу кісінің ізі де алдымыздан кес-кестей кетті.


– Соның ізі, Ештайдың ізі ғой, – дедім өзін көргендей, әлдебір беймәлім қуаныш кернеп.


Тобымызбен үңгірдің жоғарғы аузына келіп, тізгін тежедік.


– Қане, балам, жол білетін өзің екенсің ғой, баста. – Әбекең маған үңгірдің үңірейген аузын иегімен меңзеді. Дәл сол сәтте ол маған үңгір емес ажал аждаһасының үңірейген аузындай болып елестеген. Қызыл шұнақ сары аязды күні тұла бойымды тер буды.


– Апыр-ай, атты кісінің үңгірден кеткен ізі де сайрап жатыр. Онымен ілесе келген жаяудың қайтқан ізі көрінбейді, – дейді әлдекім. Құлағым шыңылдап, жұрттың айтқан долбар, болжамдарының бірін естіп, бірін естімеймін. Денемді үрей ызғары қанша қалтыратса да, мен аждаһа-үңгірдің ызғарлы суық демін үрлеп тұрған қараңғы көмейін қол шамның жарығымен осқылап, бір басып, екі басып жүріп келемін. «Жеттің бе, жан досым-ау! Көп күттіргенің не сонша?!» Мен әр қадам басқан сайын бір бұрылыстан Ештайдың осындай өкпелі үнін еститіндей күйде келемін. Бірақ, бірақ мені және мынау өзін неше күннен бері іздеп сарсылып жүрген тамам жұртты жүрек жарды қуандырар ондай үн естілмеді.«У-уу-уу-у-у!» Тек өңменнен өтер өкпек желдің бір қалыпты үрейлі уілі ғана үңгір ішін жайлап алыпты.


– Біз көрген тас ойық осы жарқабақтың астында. Арқан басқышты біреу алып кетіпті ғой, міне, оны байлайтын темір қазығы әлі орнында тұр екен, – дедім мен жазда Ештай екеуіміз түсетін тас ойықтың тұсына келгенде. Ештайыма, мүмкін, ең ақырғы көмегімді көрсетер жерім осы екенін біліп тұрсам да, ет жүрек шіркін әрі қарай жылжуға дауаламады. Рас, мені қорқыныш үрейі әбден дендеп алған еді. Оған қоса егер, егер... Жоқ, аузым бармайды, айтпай-ақ қойяыншы...


– Қане, арқанды әкеліңдер, әрі қарай мен түсіп көрейін, – деді Ғинат ағай да менің жайымды түсінгендей. Мұғалімнің қолына ұстаған шамының жарығы құзға қарай құлдай түскен сайын қай-қайсымыз да үн шығарудан қорқатындаймыз. Өмірімде бір нәрсені сағаттап, айлап, жылдап тосқан кездерім көп болған шығар, бірақ мұғалімнің үнін тосқан сол бір үрейлі секундтардан ауыр тосу сәті болмаған шығар, сірә. Шынымды айтсам, мен сол бір минуттарда ең алғаш рет құдайға сонша көп табына сыйындым. Ештайымның шыбын жанының аман қалуын жалбарына сұрадым. Ең соңғы үмітім, ең соңғы тілегім құдайдың бір өзіне ғана тіреліп тұрғандай сезіндім. «Құдайекем-ау, – деймін күбірлеп, – егер бар болсаң, ең ақырғы тілегімді бере көрші! Ештай мұнан табылмай-ақ қойсыншы! Өгей әкесіне өкпелеп, басқа бір жаққа кетіп қалған болсыншы. Жалынамын! Аяшы менің Ештайымды!»


– Қуатым, сәбиім-ау, қандай ғана жа-а-зы-ығың... – Сенейін бе, сенбейін бе? Не естіп тұрмын мен. Мұғалімнен кейін іле-шала төмен түскен Байысқан атамның барлыққан үні естілді. «Сабыр, етіңіз, қария, сабыр!» Ғинат ағайдың да өксік аралас үнін анық естіп тұрмын. «О, құдай, не жазып едім сонша!..» Бұл – тағы да тас ойықтан күмбірлеп естілген Байысқан атамның даусы.


– Не дейді мыналар! Шіркіндер, шынымен-ақ осылай болғаны ма?! – жалғыз қолымен төмен түсе алмайтын болған соң төменге жоғарыдан шыдамсыздана үңілген бригадирдің де торыққан үні қатар естілді. Осының бәрі қас-қағым сәтте өткендей. Мен барлығының мынау сұмдық хабарды жеткізіп жатқан үзік-үзік сөздерін естісем де, санам әлі сіңіре алмай, сене алмай жатқандай. «Ештай өлген болуы керек!!!» Бір кезде санам өздігінен осындай қорқынышты қорытынды жасауы мұң екен, даусым оқыс шықты:


– Ештайым-ау, досым, Ештайым-ау! Сен осында-а-а... Бір шетін екі-үш кісі ұстап тұрған арқанға қарай ұмтылдым. Бірақ әлдебір қарулы қол ту сыртымнан бүре түсті де, мені бауырына басты. Әлдекімдердің қыстыға жылаған үні естілгендей. Жеті қат жер астындағы қапас іші жаңғырып кетті. Үстімізден салдыр-сұлдыр тау-тас құлап келе жатқандай...


Сүт пісірім уақыт өткеннен кейін серейіп қатып қалған Ештайдың денесін екі-үш жігіт тысқа алып шыққаннан соң, мен жан дәрмен ұмтылып барып құшақтамақ едім, тағы да әлдекім ұстап қалды. Бірақ бір қолым бетіне тиіп кетіп еді, мұздай суық екен. Күні кеше ғана ең, ең жақын деген досым сол сәттен бастап менен біржола алыстап бара жатқандай болды. Мен жас буған жанарыммен оның жүзіне соңғы рет назар салып үлгердім. Дәл тірі кезіндегідей. Тек қана ашық қалған жанарында әлдебір үрей белгісі тұнып қалыпты. Байысқан атамның тау ішін күңіренткен қарлығыңқы да қажыған зарлы үні сай-сүйегімді езіп барады. Мені баурына басып тұрған Ғинат мұғалімнің жылап тұрғанын дем алысынан сезгендеймін.


– Қуаныш-ай, Ештайыңнан айрылып қалыппыз!.. – дейді ол бір сөзін қайталап. Мен оның құшағынан босадым да, аттарға бет алдым. «Тек, ауылға жетіп жығылайыншы...» деген ой билеген.


Ертеңіне менің Ештайым қыстаудың қыр желкесіндегі атам заманнан бергі қорық боп жатқан тас қорым бейіттердің шет жағынан барып, біржола орналасты.


– Жазған баланың топырағы осы жерден бұйырған екен. Рас болса, мына мелисалар баланы құзға лақтырған қаншелек Хасен деседі ғой, оның да зауал шағы алыс емес шығар, – десті ақсақалдар.


Мен әлсін-әлсін талып, ес жия алмай жатқан Күлтай шешейге қоштаспай кеттім. Тек үйге, тәтем мен әкемнің ыстық құшағына барып құласам екен деген ой келді.


Ғинат ағай мен Әбекең бригадир милиционерлерге ілесіп бірден ауданға тартты. Өзімізді ой жақтан күтіп отырған үйіме қыр жақтан жүдеп-жадап жеттім де, жығылдым.


Екі-үш күн өне-бойым күйіп-жанып ауырыппын. Есімді жиып, бетім бері қарағанда Ештайдың тәтесі Күлтай шешейдің де көз жұмғанын естідім.


Мені де бүкіл алаңсыз балалық шағыммен ерте қоштастырып, оны өз құралпастарымыздың ішінен ең келте ғұмырымен бірге менің Ештайым еншілеп кетті. Бұл қаралы оқиға сонау соғысы түскіріңнің біткеніне бес-алты жыл болса да ол салған ызғардан арылмаған бір жылының қарға адым, ең қысқа күндерінде болған еді.


Жылдың қысқы күндеріндей онсыз да тым-тым шолтиған балалық дәуреніміздің көзден бұлбұлы солай ұшты.


Эпилог немесе прологтың соңы


Астындағы жаман жабысын екі өкпеге қанша тепкілесе де жануар Байысқан шалдың базынасына әбден еті үйренсе керек, борт-борт жаман желісіне салған болады да, қайтадан китіңіне басады.


– Апыр-ай, мына жамандатқыр бүгін күн батқанша Түйеөлгенге жеткізбес-ау... – Байысқан шал Әзімбұлағының желкесіндегі қорымға жеткенше алдыма түсіп алып, үнсіз тартты да отырды. Зираттың қасына келіп, торысынан түсті де найқалып, біраз жүрді. Ештайдың басына үйілген қызыл тастың арасына сояу-сояу шөп өсіпті. Ол қайтқан жылдың жазында Құсыман екеуіміздің жалпақ тас қойып, бетіне: «Бұл жерде Отанын сатқан жауызбен айқаста жан тапсырған Ештай Сайысқанов жерленді» деп арбаның қара майымен жазған жазуымыздың орны да қалмапты. Өзіміз мектепте жүрген жылдардың мезретінде күн жеп, жел қаға бастаған жазудың нобайы тұратын еді, қазір орны да жоқ.


Байысқан шал Ештайдың басына шарта жүгініп отырып алып, аят оқуға кірісті. Мүлгіп отырған қарияның көзіне көзім түсіп еді, нұры тайған жанарының ұясы сәл қызарып, домбыға түскендей. «Е, жаңа күйбеңі көбейіп кетіп еді, көңілі босаған ғой?» деп ойладым. Жастайынан қыршын кеткен екі үйдің арасындағы жалғыз тұяғына жасар бар жақсылығым осы десе керек, құранды баяу әндетіп, ұзақ оқыды. Соңына ала қос алақанын жайды да бағанадан өзіне де, өзгеге де түсініксіз арабша сөзден енді қазақша ниетін айтуға көшті. Өз сөзі өз көңілін толқытса керек, кішкене ғана ақбурыл шоқша сақалы дірілдеп, үні бұзыла бастады. «Қайтейін, қозықаным, ерте кеттің ғой, мына жаман шалды зар илетіп. Барамын, жаным, қасыңа барамын мен де, сұрай бер тәңірден мені, құлыным. Жалғызсыратпаспын сені. Қарашы, құлыным, егіздің сыңарындай досың кеп отыр, сені ұмытпапты әлі. Бақыл бол, құлыным, топырағың торқа, жаның жәннатта болсын, әумин!»


Екі-үш тамшы мөлдір жас шоқша сақалдың ұшында дірілдеп тұрып, үзіліп жерге түсті.


«Әлде тым ерте үзілген жан достың өміріне деген жанашырлық па, әлде күні бүгінге дейін сезім атты жүрек пернесінің сағағынан кете алмай жүрген сағыныш па, әйтеуір, бір толқын жан дүниемде алас ұрады. Ағыл-тегіл мынау суық та меңіреу тастарын құшып жыласам, шіркін, ең соңғы парызым өтелердей, өз бойым да жеңілдердей көремін. Бірақ қандай пәленің келіп бөгей қалғанын кім білсін, әншейінде кино көріп отырып та жылай салатын көз жасты шығара алмай-ақ қойдым. «Экрандағы көлеңке – адамның мүлде бейтаныс тағдыры үшін ағыл-тегіл жылайтын адамның кеше ғана бөлінбес жандармыз деген досының жермен-жексен бола бастаған моласының басына араға көп жыл салып келгенде көзден жас шығара алмауы, мүмкін, жылқы мінезді адамда кездесе берер қасиет пе әлде?!»


Мен осы ойдың жетегінде тұрғанда Байысқан ата ұлын ығына ала жатқандай Ештайдың шешесіне де арнап, бөлек құран оқыды. Басқа қолынан не келсін жазған қарттың. Біз қайтадан атқа қондық. Көзімнен жастың шықпағанын сезімімнің опасыздығы деп білдім.


– Қалай, әлгі Ғинат мұғаліміңе барып сәлемдестің бе? Ойбай, облысқа көшеді екен, енестөтке мұғалім болады екен деп шуласып еді жұрт, әлі мына аудандағы мектепті басқарып отырған көрінеді ғой.


Ештайжан бірінші сыныпты тауысқанда: «Ақсақал, той жасаңыз, балаңыз болайын деп тұрған жігіт!» деп қуандырғаны әлі есімде. – Шал бетіме қарады. Ол жаңағы сауалының жауабын күткені болса керек. Мен келгелі мұғаліміме соға алмағаным рас еді. «Жайлаудан қайтарда соғамын ғой ұстаздарыма» дедім.


– Жөн, айналайын, өзі де ақылды адам ғой. Е, шырағым-ай, тірілердің тіршілігі тоқтаған ба, біз де сексенге ат тұяғын іліндірсек те, қалтаң қағып әлі жүрміз ғой. Жаманды жер де керек қылмайды білем, – деп қарт әңгіменің тағы бір қырынан келді.


Етектегі ауылдан шыққаннан Ештайдың басына жеткенше мандытып ештеңе айтапап еді, әлде ішке сыймаған мұңын шаққысы келді ме, сол бір қыршын өмір туралы әңгімеге айналып соға берді. Манағыдай торысын да көп қысамай, мимырт аяңына көндіккен сыңай байқатады. – Шіркін-ай, деймін-ау, алтынның астында қалғыр қаншелек тумаса да туғандай болған баласына қайтіп қана қол көтерді екен, тұқымың өшкір!


– Хасенді соттаған кезде ішінде қатыстыңыз ғой деймін осы?


– Болдым ғой, шырағым, болдым. Күле келіп, күңірене шығатын дәл сондай сұмды кім көрген?!


Өзімді де куәнің бірі ретінде қатыстырған сот мәжілісіндегі шарасы таусылып, амалсыз мойындаған Хасеннің сол сәттегі мүсәпір халі көз алдыма елестеді. Оның сондағы мойындау сөзін күні кеше естігендеймін. «Сайысқанмен бірге соғысқаным рас. Оның бір күні Мыңжылқының қазынасы деп аталатын үңгірден қалай қазына іздегендерін айтқаны бар. Оның әңгімесіне қарағанда, ғасырлар бойы иесін таппай жатқан ен байлықтың барына көзім жетті. Бір ұрыста оқ тиіп, қолымда жан тапсырған Сайысқанның қалтасына өз документімді тоғыттым да, майданнан тайып тұрғаным да рас. Оның әйелін адаспай табу үшін Сайысқан жанынан тастамайтын Күлтайдың суретін ала кеткенім де ақиқат. Күлтайды таппай оның сандығының түбінде жатқан үш қырлы күмісті табу да мүмкін емес болатын. Ал бұл күміс тегін дүние емес екенін өзге білмесе де, жастайынан ұста болып, темірмен айналысқан мен білген едім. Күмістің бетіндегі жартыкеш айдың суреті сілтеме жол нұсқар болса, оның өзі қазыналы есікті немесе темір сандықты ашар кілт екенін де бажайлағам. Ол ойымның дұрыс екеніне өз көздеріңіз де жетіп отыр.


Бар іс орындалып, ала жаздай тас қашап жүргенде қазынаға қолым енді жетті деген күннің ертеңіне қаршадай Ештай ізіме түсіп келіп, үңгірдің аузында жолықты. Амал қанша, ажалына көрініпті, үңгірге соңғы рет кіріп қазынаны көтеріп келе жатқанда ұшырасты. Баланы аядым, бірақ одан қазына қымбат еді, оның үстіне: «Мен бәрін де білемін, айтамын» деп тақылдады. Қаршадай баланы көтеріп апарып, жан білмейтін құзға тастау қиын болған жоқ. Міне, айтарым – осы, – деді шіміркпей. – Ал, сот ағасы, әділ болсаң, ықылым заманнан бері жан баласы аша алмаған мол қазынаны алып бердім, бір басымның амандығын сатып алу үшін осы да жетпес пе?» дегені әлі есімде.


Жұрт орнынан тұрып «өлім-өлім» деп әділ заңнан үкім сұрап тұрып алғанда аппақ шүберектей өңі қуарған күйі: «Әй, надандар-ай, ғұмырларыңда сары алтынды салмақтап бір ұстап көрсеңдер, бұлай өңеш жыртпаған болар едіңдер!» деп таусыла сөйлеген қалпы да көз алдымда.


– Әй, сен Сайысқанның қалтасына өз документімді салдым дейсің, қаза болған жауынгердің түрін қалтасындағы документтегі суретпен салыстырмай ма екен? – деп біреу сұрақ қойған. Сонда мұның: «Е, басы кесілген адамды кім танушы еді, біздің ағайындар баяғыда-ақ менің асымды беріп қойған шығар», – дегенде бүкіл зал күңіренген.


Менің ойымды қарияның сауалы бөлді:


– Жә, сонда анау үңгірден табылған әлгі мол қазына біздің әлгі Әбзел суайт айтатын аңыздағы байдың дүниесі екені рас па екен? – Қария манағыдай торыға бермей, бірдеңені білуге құмар пенде шіркінге тән сауалға көшті. Қалада оқыған, бір білсе осы біледі-ау, десе керек. Мен сол бір атақты қазына туралы естіген жайларды мөлшерледім.


– Жоқ, ақсақал, ол қазынаны ғалымдар кемі бұдан он шақты ғасыр бұрын көмілген десіп жүр ғой.


Қарт жауабыма қанағаттанбады білем, атын шаужайлап қойып: «Қой, жылдамдатайық, мына жүріспен жолда түнерміз» деді.


Мен Кімасар асуына өрлеп бара жатып, төменде Тасжарғанның аңғарында қалып бара жатқан Мыңжылқының қазынасына қарадым. Кешкі алакеуімде шынында адамның бас сүйегі сияқты болып көрінеді екен.


– Шу, жануар! «Бүгін жолда қалып, қиын болмаса жарар еді», – деп ойладым.



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар