Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Асылбек Жаңбырбай: МӘЛИКА (поэма)

16.02.2016 214

Асылбек Жаңбырбай: МӘЛИКА (поэма)

 

12746177_550395011788319_589202321_n.jpg


                       Олар (періштелер) Алланың разы болған 

                       кісісіне ғана шапағат ете алады.

                                                                      

(Әнбия сүресі, 28-аят.)

 

 

1. Пейіш перзенттері


 

Әлқисса, Алланың құдіретінің, жалпы жаратылыстың қатпар-қатпар құпиясын пендеуи есепке салып, жүз пайыз деп алатын болсақ, біз соның бір пайызын түсінсек түсінген шығармыз. Қалған тоқсан тоғызы – Жаратушының өзіне ғана мәлім тылсым дүниесі. Оның ішінде махаббат та бар. Керек десеңіз, он сегіз мың ғаламның (бұ да «пендеуи есеп» болуы мүмкін) баршасын «бір пайыздық» махаббатпен жаратқан. Әуелде Алланың махаббатын оятқан Нұр еді. Ол – Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) Нұры. Дүниенің басы – сол Нұр. Құранда: «Алла – көктер мен жердің нұры…» немесе «Нұр үстіне – нұр. Алла қалаған кісісін өз нұрына бөлейді…» – деген (Нұр сүресі, 35-аят). Нұрдан нұр туады. Қазақта «Нұрдан жаралған» деген түсінік ежелден бар...


 

 



«Бісмілләдан» бастайын Кәләм басын,

Бір Алланың Нұрынан жаралғасын.

Баяндайын Жұмбақ Қыз оқиғасын,

Бәйіт етіп қалдырған тарам жасын.

 

Тарам жастың тамыры – тым тереңде,

Тасқындаса сыймайды мың кемерге.

Шын соқырға ағысы көрінбейді,

Естілмейді дабысы шын кереңге.

 

Тарам жастың тарихы – тым көнеде,

Тасқындаса көл болар мың кемеге.

Төзім неме шыдамас солқылына,

Толқынына шыдамас діңке неме...

 

Мөрленулі маңдайға бес күн сынақ,

Өз тағдырын алмайды ешкім сұрап.

Қапаланған біз түгіл, Пайғамбар да,

Өтер-кетер дүниедей көшкін шұбап.

 

Сын сағаты жазылған тірі адамға,

Ауырлыққа әлсіз жан шыдаған ба?

Жеті көкте күңіренер періштелер,

Жер бетінде жетімдер жылағанда.

 

Алыса алмай қулармен, ептілермен,

Жетімдер бар езгі мен тепкі көрген.

Қайырымсыз қоғамға қайран қанша,

Жат атанды талайы... кетті де елден.

 

Есін білмей ауырған сәбилер көп,

Сірә, біздің келешек – фәниге ермек.

Балалардың арманы орындалса,

Бабалардың әруағы зар илер ме ед?!.

 

Туа біткен пейіштің перзенттері,

Айтпау керек оларды «кем» деп тегі.

Құдай ісі – пенденің жұмысы емес,

Қиын білем нәсіптің тең жетпегі.

 

Өксік оты өзегін өртеп туып,

Өспейді олар ойын мен ертек қуып.

Шөлдейді тек жүрегі мейірімге,

Жасамайды сондықтан тентек қылық.

 

Көрсеңдер де тірліктің күйбеңдерін,

Жылатпаңдар Тәңірдің сүйгендерін.

Әлди болу – бесікте бел жатқанда,

Әлди болу – емшекке тигенде ерін.

 

Неткен қорлық қос бақыт бұйырмаса,

Неткен қорлық көз жасы тыйылмаса!

Жаңа Дәуір, шеккенім – баяғы азап,

Мықты болсаң адамның миын жаса!

 

Бар мәселе – жүйкенің ақауында,

Кей аурудың білмейсің атауын да.

Ақталғанда не дейсің «соқыр» қызға?

Ақталғанда не дейсің «сақау» ұлға?

 

Жасамадың қарудан басқа затты,

Айдап жатсың соғысқа жас талапты.

Ойлағаның – тек ақша, алтын, мұнай,

Мен көрмедім дәл сендей ашқарақты.

 

Тозып бітті жұмыр жер қасіреттен,

Қандай пәле ғасырды тасыр еткен?!

Өз қаныңа тұншыққың келмесе егер,

Қалдырайық зәузатқа Қасиеттен...

 

Қуанбайық тойғанға кәуапқа лық,

Обал біліп жүрейік, Сауап танып.

Көз жасы аздай, төгілген су үшін де –

Тартыламыз ақырда жауапқа анық.

 

Басқардық-ау Сананы тұрмыспенен,

Сол себепті көбейді қылмыс деген.

Ондай-ондай бұрын да болған дейді,

Күнәлі істі сол кезде түнде істеген.

 

Түзелер ек өткеннен тәлім алсақ,

Азықты тек ойлай ма тәнің аңсап?

Жаны нұрлы  адам да аз болмаған,

Сексен сегіз сәруардың бәрі бар шақ.

 

Құдай білмек кінәң мен күнәңді де,

Құдай білмек күдік пен күмәнді де.

Тәмсіл болып бағзыдан бізге қалған,

Алқаңызға айтайын бір әңгіме...

 

Куфа шәрі – бір отар қой ұрланған,

Табылмапты тірі жан мойынға алған.

Баукеспе кім – аттаған ала жіптен,

Сақтай гөрсін харамға тойынғаннан!

 

Шайтан соққан пендеге Иман – арзан,

Ой қонбаса сорлайды миға маржан.

Татармын деп байқаусыз арам дәмді,

Ет жемеген жеті жыл – Имам Ағзам...

 

Ұрлық та көп бүгінде, қарлық та көп,

Мұңлық та көп бүгінде, Зарлық та көп.

Жиналармыз түбінде Мақшар Таңда,

Қиналармыз түбінде қорлықта боп.

 

Сәби саттық шетелге тізілдіріп,

Мөлтеңдеген көз жасын үзілдіріп.

Бостандықта жүрміз деп мақтанамыз,

Босатпайды бірақ та Ұзын Құрық.

 

Заман жетті ақырғы – қара басқан,

Күн жарықта Қазағым сан адасқан.

Оңармын ба жеті жыл аш отырсам,

Бұйырар ма таза су, адал астан?..

 

Тәуір екен ұрысы бұрынғының,

Қазіргілер – нақ өзі жырындының.

Мал не бопты, тәйірі, садақа ғой,

Бұрымдының көзін-ай, Тұлымдының.

 

Жаралмаған жан едім етім безден,

Ұмытылмас Ұят бар – бетімді езген.

Мен сол Қызды көремін көк көйлекті,

Аспан дейтін тұңғиық жетім көзден...

 

 

2. Қыз жоғалған


 

Әлқисса, жан әртүрлі деңгейде өмір сүргенімен, алғашқыда пәк күйінде жаратылған. Кейін балшықтан жасалған денеге кіргеннен соң топырақтың әсерінен әлсізденіп, төменшіктеп, жерге тартыла беретін болды. (Физикада оқытылған «тартылыс күшін» есімізге түсірейік.) Бұл нәпсі деп аталады. Ал жанға рухани азық керек. (Ол үнемі аспанға ұмтылады. Өйткені, Отаны – жұмақ). «Жын мен адамзатты өзіме құлшылық қылулары үшін ғана жараттым» (Зәрият сүресі, 56-аят). Рухани азық Алланың осы жарату мақсатында жатыр. Ол – құлшылық қылу. Жан – мәңгілік, ешқайда жоғалмайды. Түптің түбінде Аллаға қайтады. Сонда (мақшар күнінде) жанның жұмаққа баруы үшін рухани азық есепке алынады...

        


 

Таңға жақын жоғалды зым-ғайып боп,

Арғы бетке өткізген түн қайық па ед?

Қыз ғұмыры – қызғалдақ көктемі жоқ,

Күзгі мұңы түбінен жұлды-ай үптеп.

 

Арқасына талайдың батты ауыр сын,

Құдай сүйген жан ғана қатты ауырсын!

Жүріп-тұру бұйырмай... ұшқаны ма,

Қалдырыпты жалғыз тал ақ қауырсын.

 

Табу қиын жалғаннан тұрақтыны,

Көктемсіз де жайнайды Жұмақ Гүлі.

Адам өзін келсе егер өзгерткісі,

Жетеді анық Тәңірдің бір-ақ түні.

 

Бір-ақ түнде ашылып Аспанға есік,

Кереметті үлгерді ол бастан кешіп.

Молдасы айтты перімен қашқан десіп,

Жорғасы айтты албасты басқан десіп.

 

Жұрт болжайды өзінше жорамалмен:

Аты-жөнсіз жындыдай жоғалар ма ең?

Қыз бейуақта Аққуға айналған-дүр,

Пейіш атты көліне қона алар дең.

 

Артындағы қауырсын – жалғыз-ақ тал,

Ұшу шығар – тек қана жанды сақтар.

Ұйықтап жатқан қаланы оятпақ боп,

Қанатынан Нұр аңқып таң құшақтар...

 

Шаң қаптырар дүниенің шаңды жолы,

Қаңбақ қылар дүниенің қаңғы жолы.

Періштедей күнәсіз болғасын ба,

Мәлика деп атайтын барлығы оны.

 

Хақ жаратар жау ғып та, жақын ғып та,

Батыр ғып та жасайды, пақыр ғып та.

Бізден гөрі қарындас құштар еді-ау –

Сұлулыққа... содан соң ақындыққа.

 

Қарындасым дегенім – Қаламдасым,

Қаламдасым – Өлеңнен нәр алғасын.

Жазғандарын соңыра ұсынармын,

Сөзді ұғарлық оқырман бағамдасын.

 

Көрмесе де өмірдің қызығын көп,

Өзі айтатын Аспанның Қызымын деп.

Аспан жайлы Өлеңін оқығанда –

Аузы Ай боп кететін, жүзі Күн боп.

 

Жас жүректің Жырына Аспан куә,

Көкке қарап көзінен жас тамды да.

«Жетімдердің үйінде» өзек жалғау –

Тайқы тағдыр екен ғой тастандыға.

 

Тастандылар – құрсақта қағынғандар,

Тастандылар – іздеусіз табылғандар.

Тастандылар – бақыттан қағылғандар,

Тастандылар – туылмай тарынғандар.

 

Қателігі қоғамның – тастандылар,

Өмір есігін өксумен ашқан бұлар.

Топан басар жер бетін жылай-жылай,

Жылай-жылай ақыры Аспан құлар...

 

Анасыз қыз атанды ол, әкесіз қыз,

Батасыз қыз атанды ол, некесіз қыз.

Жеті күн де көрмеген жылы құшақ,

Жеті атасын білмейтін жетесіз қыз.

 

Бұл сөздерді айтуға батпай тұрмын,

Тұр-ау, сірә, саған да жақпай, құрбым.

Ең жақсы күн сол дер ем егер туса –

Сәбилердің көз жасы ақпайтын күн!

 

Сәбилердің не жетсін күлгеніне,

Енді бәрі керсінше мүлде, міне.

Маңдайымыз бақытсыз болған сайын

Жағдайымыз айналды күрделіге.

 

Жас балалар қаншама соры қалың,

Солар жайлы ойлансам торығамын.

Жанарыма жас толып жолға шықсам,

Өкіргендер – неге-дүр жолығарым?

 

Көш түзелмес тегінде – Ес түзелмей,

Уақыт шіркін суылдап есті желдей.

Ескі зар ма-ай жанымды жаралаған,

Жүрегімді жұлқыған ескі шер ме-ей?..

 

Мәликаның жетім боп қалғаны аздай,

Жүруді де қойды ғой Алла жазбай.

Сал ауруы аяғын тұсаулады-ау,

Сол тұсауы кесілмей арманы азды-ай.

 

Басталмады өмірдің сапары тың,

Тағдыр оған кескен-ді қатал үкім.

Маңдай соры бес елі – бес батпандай,

Бұйырмады сондықтан баталы күн.

 

Жәудіреген жанарын мұң шылайды,

Байғұс қыздың мұңына кім шыдайды?

Фәни – сынақ, өткенге бақи – жұмақ,

Бір сынаса Жаратқан мың сынайды...

 

Айтар болсам шаттықты жыл құсы деп,

Көп қуаныш сыйлайтын құрбысы кеп.

Сырласатын екі-ақ дос – қос жетімек,

Жылу тапқандай жанына тұңғыш ірет.

 

Жайласа да жүректің сызат түбін,

Жадырайтын мұңлықтар ұзақты күн.

Көңілдері көктем боп гүл жайнайды,

Сыртта қалар баса алмай күз аптығын.

 

Аспан Қызы жырлайды Аспан жайлы,

Жасырмайды шын сөзін, жасқанбайды.

«Ақсақ» емес, оны Өлең асқақ қылды,

Сейілгендей мәңгілік бастан қайғы.

 

Шалқымалы шабыттан қанаттанып,

Аққу құстай ол ұшып баратты анық.

Тәнмен қоса, қасіретін қалдырды да,

Байыз тапты Аспанға жан аттанып...

 

 

3. Аспан хаттары


 

         Әлқисса, Алла Тағала Хазреті Пайғамбарымыздың құрметіне тағы төрт нәрсе жаратты: от, жел, су және топырақ. Осы төртеуінің ішінен нұр бейнелі Пайғамбарымыз топырақты құшады. Өйткені қарапайым пішіндегі топырақтан ғана тәкаппарлық көрінбепті. Содан да тәніміз – топырақ, жүректе ұялаған жанымыз – нұр. Тәннің қасиеті – нәпсі, жанның қасиеті – рух. Нәпсі жерге тартса, рух аспанға жетелейді. Ақынның шабыты рухтан туындайды. Яғни, өлең де – Алланың нұры (Ақ Сәуле). Өлең жеті түрлі сезіммен (кемпірқосақтың жеті бояуы секілді) жазылады. Жеті түрлі сезім жеті дарияға айналады. «Ақындарға азғындар ереді. Бірақ иман келтіріп, ізгі іс істегендер, Алланы көп зікір еткендер, зұлымдық көргеннен кейін жәрдем тілегендер бір басқа» (Шұғара сүресі, 224-227-аяттар). Ақынға аянды періште жеткізеді де, жүректегі жанға ұялатады. Сөйтіп барып өлең туады...


 

Бірінші хат


 

Хақтың аппақ нұрынан гүлдеп әмән,

Жақындайды жұлдыздар түнде маған.

Сегіз пейіш қақпасы ашылғандай,

Бейтаныс боп көрінер мүлде ғалам.

 

Мен де түнде аспанға жақын келем,

Хатшысы ғой Тәңірдің – Ақын деген.

Жүрек керек бұл сырды түсінуге,

Бара алмайсың алысқа ақылменен.

 

Түн баласы – жердегі қара сағым,

Таң атқанша жаратам жаңа сарын.

Түйсігімнің түкпірін жап-жарық қып,

Құс жолында ойнап жүр бала шағым...

 

Жанарымда жап-жасыл жаз күледі,

Періштенің есіп тұр назды лебі.

Бір бұрышта мысқылдап сайтан отыр,

Ол – тамұқтан дүреген азғын еді.

 

Азғырудан сақтайды Жыр-Иманым,

Өмір үшін күресіп құриды әлім.

Ұмытамын кей кезде ажалды да,

Жадқа мөрлеп жанымның жымиғанын.

 

Жатқан сынды алдымда алтын белес,

Суық та емес тамызым, салқын да емес.

Тылсым түннің сапарын таңға жалғап,

Оянармын ұйқымнан жалқындап ес...

 

 

Екінші хат

 

Жаным Аспан, аш маған құшағыңды,

Жүрегімнен арылтшы құса-мұңды.

Шырылдаған құсыңа бостандық бер,

Шешші мынау аяқтан тұсауымды!..

 

Қара жерге жарамас байланғаным,

Жұлдызыңдай келеді жайраңдағым.

Ғаршы жақта күтумен жүрген шығар,

Маңдайыма сыймаған қайран бағым.

 

Мен жаңылам кей-кейде сабырдан да,

Көкке апарар жол мәңгі жабылған ба?

Жақұт жетпес әлемде, бақыт жетпес –

Жаратқаным қасымнан табылғанға...

 

Бұл жалғыздық көңілге салад сызат,

Саған ұшып барайын қанатсыз-ақ.

Бұлт шалмасын жүзіңді бір шөкім де,

Көз тоймайтын бейнеңе қаратшы ұзақ.

 

Ақынмын деп қалайша айта аламын,

Алла жақтан қалайша жай табамын?

...Қайтарамын тек қана аманатты,

Ғұмырымды келмейді қайталағым!..

 

 

Үшінші хат

 

Жамыратқанда аспаным от-шырағын,

Жанарымды мұңданып көп шыладым.

Жұлдыздардың нұр шашып арасынан,

Жалқы елестей жылт етер жоқ сыңарым.

 

Маңдайымды құбыла жаққа бұрып,

Маздамайды-ау жүрегім ақтарылып.

Менің жаным жылап тұр көк бөрідей,

Мархабатты тілеумен Хақтан ұлып.

 

Зарын төгер бұлттанып жаралы аспан,

Ғасыр мынау – ақылдан сан адасқан.

Жапырағын жынды жел жалмап-жұлып,

Жалғыздықтан өксиді-ау жалаңаш тал.

 

Дүбірлі естің жолымен іңір кештім,

Күбірлестім, дүниеден түңілмеспін.

Масаң күйде сағымдай шыр құбылып,

Бес саусақтай бірікпес ғұмыр бес күн.

 

Таң атқанда талығам жарық іздей,

Жаратқанға жалынам зарық үзбей.

...Құс жолымен аспанға кетіп барам,

Хабаршысы ғайыптың – сары күз ғой.

 

 

Төртінші хат

 

Бәңгібастар ақын мен күзді ұқпайды,

Бұл дүниеге сыймайды біздік қайғы...

Күз екеуміз жылаймыз жалғыз-жалғыз,

Көз жасымыз Өлең боп сыздықтайды.

 

Жаурататын жанымды – жаңбыр емес,

Саулататын зарымды – қаңғыр елес.

Қосылғанда жасыма күздің жасы –

Ғашықтықтан түнімен мәңгірер ес...

 

Көңілімізбен аспан да бұлттасады,

Тығылмаққа жылы үйге жұрт қашады.

Әбілхаят суы ғой – әр тамшы жас,

Мәңгіліктің серті үшін ұрттасалы!

 

Шаһардағы жырыммен түзге сіңем,

Баһардағы мұңыммен күзге сіңем...

Ұмытады жұрт ертең өз жасын да,

Аспан ғана шығармас бізді есінен.

 

Өксік-өлең – емес-дүр мүлде шатпақ,

Аулақ кетіп барады түн бес аттап.

Күз бен Ақын жыласа жылайды тек –

Қасиет тұнған көз жасын Ділге сақтап!..

 

 

Бесінші хат

 

Суық күзге мөлтектеп сіңді жасым,

Менің қара көңілімнен түнді ұғасың.

Жәудіреген жұлдыздай бір жылт етіп,

Кірпігінен аспанның мұң құласын.

 

Сор санамды көктемнің елесі ұрды,

Қайраңдадым қираған кеме сынды.

Ыстық жасым – төгілген жапырақтар,

Жылымайтын күзге олар неге сіңді?

 

Қан ағып тұр көзімнен жас түрінде,

Жан сөйлесін жылаудың хас тілінде.

Қаңғыбас бұлт секілді сұрланып ап,

Жас сұрау бар Тәңірден – дәстүрімде.

 

Ай сәулесі сорғалап дір-дір қақты,

Ол да бейуақ оятты мұңды ырғақты.

Жанарынан аспанның Өлең үздім,

Кім шешеді жүректен Жыр-Жұмбақты?

 

Таң атады-ау тағы да тұман-тұман,

Жоғалтқанмын күлкімді нұр аңқыған.

Менің қара көңілімнен түн кетпейді,

Күзгі өксіктен жылауға құмар тұрам.

 

Қарашаның аспаны құр қабарып,

Жылу таппай жанына тұр ма налып?

...Періштем-ау, адаспай келші маған,

Қанатыңды Илаһи Нұрға малып!..

 

 

4. Киелі түн кереметі


 

Әлқисса, көне түркі халықтарының түсінігі бойынша, әсіресе қазақы дүниетанымға сай адамның жаны үш түрлі болады: шыбын жан (жоғарғы әлем), рухи жан (ортаңғы әлем)  және ет жан (төменгі әлем). Ажалды күні жетіп фәниден бақиға қайтқаннан кейін әрбір адамның шыбын жаны көкке ұшып кетеді, рухи жаны әруақ күйінде жер бетінде қалады, ал ет жаны (ит жан, тән) жерге көміледі. Жан туралы шындықты қаншама білгіміз келгенмен, қаншама ғұламалардың кітабын ақтарып оқығанмен, ол соншама жұмбаққа айналып, соншама құпиясын аштырмайды. Оның себебі Құранда айтылмыш ақиқатта: «(Ей, Мұхаммед,) сенен (адамдар) жан туралы сұрайды. (Оларға) Айт: «Жан тек Раббымның ісі (оның мән-жайын тек өзі біледі). Сендерге (ол жайлы өте) аз ілім  (мәлімет) берілген», - де». (Исра сүресі, 85-аят). Асылы, білімсіздердің  жан туралы пікір таластыруы күпірлікке бастайды...


 

Күрең сезім, күрең жыр, күрең көңіл,

Күрең күзге тағы да тірелді өмір...

Түлен де бір, түн де бір – ойды түрткен,

Таң атырып күдікпен күлем бе құр?

 

Көш түзелмей – оңбайды Жаңа Дәуір,

Бұл дүниені өзгерту – маған ауыр.

Сана дауын бір сөзбен шешу қайда,

Аспанда да, жерде де – қара дауыл.

 

Мендік жүрек – ғаламзат сығымдалған,

Сонда жатыр мәнді үміт, ұғымды арман.

Тынымды алған күрсініс бітер емес,

Жұлдыз болып төбемде мұңым қалған...

 

Жұмыр басты пендеміз безектеген,

Кезі бар ма тірліктің мезі етпеген?

Обал менен Сауапты ұқтырарлық –

Әділдік бар – «Дүние – Кезек!» деген.

 

Белгілі ғой Жалғанның дос емесі,

Адыра қалсын бақыттың бос елесі.

Бірін-бірі сүймесе бауырым деп,

Адамзаттың көгермес Көсегесі.

 

Мен тілемен сақина сау басыма,

Ақылым жетпес дүниенің саудасына.

Сүр үрсе де кенеттен Ысырафыл,

Келтіре алмас әлемді тәубасына...

 

Қозып жатыр қылмыстың арқа-басы,

Божып жатыр тұрмыстың жанталасы.

Көз құбылған бүгінде, сөз бұзылған,

Жын соққандай жүректі жаңқалашы.

 

Астамсытқан адамды Қиял – Шебер,

Қиялдаудан Ақын да зиян шегер.

Ұят қалмақ ұмыт боп – Тоят барда,

Құлқын біткен құри ма ұялса егер?!

 

Тер түрінде маңдайдан сор ағады,

Тажал сынды тағдырлар торабы әлі.

Тектен-текке ертеңге сұқтанамыз,

Топастанған өмірдің жоқ, ә, мәні...

 

Түпсіз түннің аяны – шым-шым түсің,

Біз білмейміз сол түннің тылсым күшін.

Аспан Мөрі – жұлдызды таспиық қып,

Аспан Қызы – Мәлика күрсінді шын.

 

Күрсінді шын, дұғадан көз ілмеді,

Өлген Ойын тірілтті Төзім демі.

Ғайып-Қызға айналды ол Өлеңімен,

Ғайып-Ерен бұрқырап сөзіндегі...

 

Боқырау ма бұл мәуріт, тоқырау ма,

Танытпайды түкті де соқыр аула.

Қарғалар бар қараңғы түкпірлерде –

Серт байласқан туғанын шоқымауға.

 

Терезенің алдында – жалаңаш тал,

Жел де есіріп әйнекті сабаласқан.

Кәрі ағаштан айрылмай жағаласқан

Жалғыз жапырақ қалыпты қара басқан.

 

Жалғыз жапырақ ілезде қар-қызданды,

Қыс төнгендей қалаға мәңгі ызғарлы.

Жетім жүрек секілді ол қалтырап тұр,

Мәлика да дәл солай жалғыз қалды.

 

Жалғыздарды Жаратқан жарылқасын,

Жарылқаса – бар ғалам таңырқасын.

Көптің қызы емес-дүр – Көктің қызы,

Бас орнына көтермес қабір тасын...

 

Сүттей саулап Нұр толды бөлме ішіне,

Бөлме айналды жарықтың көмбесіне.

Қос Періште көрінді – көлеңкесіз,

Сенеді Ақын Құдіреттің өлмесіне.

 

Тумысынан болғанмен аңғалақтау,

Мәликаны Сенімі алдамапты-ау.

Айналайын аңқыған Адалдықтан,

Мың жарасар тап-таза Арға мақтау!

 

Дүние-Боқтан ауысып Дүние-Баққа,

Жақындады түйсікті түн де Хаққа.

Ләм деместен сол сәтте аңырды ғой

Қыңыр қала, қырт қоғам – мүлде лақпа.

 

Қалың қарға жым болды қарқылдаған,

Ұйып тұрды сиқырлы жалқынға маң.

Тына қалды қағынған қара жел де,

Бір жылылық құрсанды салқын ғалам...

 

Мәликаның өн бойын қытықтап ап,

Арқа тұсына баратты бітіп қанат.

Қос Періште жәннатпен сүйіншілеп,

Шат-шадыман содан соң құттықтамақ.

 

Айналдырған жердегі құлды азатқа,

Сенбе мейлі, сен мейлі бұл Ғажапқа.

Аспан жаққа ұшарда Аспан Қызы –

Қарады да жымиды-ау күллі азапқа.

 

Тылсымды ұғып тек қана күз үлгерді,

Күз жанынан байқаймын Қызыр-Белгі.

Әлгі жапырақ Ақынның жүрегі екен,

Сағыныштан сартап боп... үзілген-ді.

 

Есіл ғұмыр, із-түзсіз жойылмапты ол,

Келді-кетті Қыз-Қонақ, мойындап көр.

Орнындағы жалғыз тал ақ қауырсын –

Жұпар атқан Жыр толы қойын дәптер.

 

Бірақ қайтып келер деп ел де күтті,

Көктем шықты, келмеді, жел демікті.

Жасыл Нұрдан төгіп тұр жапырақтар,

Оның тәні сол Нұрға жерленіпті...

 

Көреді адам Тәңірден жан талайын,

Не де болса, өмірден пәм табайын.

...Сапар-баян осымен тәмам, қайыр,

Атасы арзан жел сөзді қаңтарайын!

 

 

 

 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс.

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)


Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар

Ең көп талқыланғандар